Көрермен рух беретін қойылымдарды іздейді
28.02.2023 1696

Жуырда Астанадағы Жастар театрында оралдық  «Алтын Орда» театры Сырым батыр қойылымын қойды. Бұл қойылымның ерекшелігі – ойнағандар кәсіби актерлер емес. Екіншіден, осы қойылым арқылы өнерге қолдау көрсете алатын азаматтар барын білдік. Театр ұжымының Астана қаласына сапарлауына Дат ұрпақтары, белгілі кәсіпкерлер Берік және Ерік Бисенғалиевтер демеушілік жасаған (айта кетелік, қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті – "Esil University" директорлар кеңесінің төрағасы Берік Бисенғалиев Қажығали Мұхаметқалиұлының "Тар кезең" романын орыс және ағылшын тілдеріне тәржімалау жобаларын да қаржыландырған болатын). Елорда төрінде алғаш сахналанып отырған «Сырым батыр» тарихи қойылымнан кейін Дархан Мыңбай ағамыз: «Сырым батырды ең алғаш әр заманда тәуелсіздік тұрғысынан қарап, осы Астана төрінде халыққа көрсетіп жатқаны шынын айтқанда жетістік деп айтуға болады» деген болса, ҚР президенті сыйлығының лауреаты, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қыдыр ағамыз: «Өнер көрсеткен ұжымға алғысымыз шексіз.  Өйткені өте күрделі тақырыпты таңдап алған, қазақ тарихындағы үлкен тұлға Сырым Датұлы. Өкінішке орай, Сырым Датұлының бейнесін көрермендер көрген жоқ еді, бүгін міне қауышып,  өте қуанышты жағдайда отыр» – деп пікір білдірді. Біз  Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актеры әрі режиссері, Бөкей Ордасы ауданының Құрметті азаматы,  ҚР мәдениет саласының үздігі Әбуов Самал Қадерұлымен осы қойылымға қатысты әңгіме өрбіткен едік.


Бұл қойылым Қажығали ағамыздың тарихи драмасы  желісінде әзірленген екен, сценарийін жазған да өзіңіз екенсіз. Тарихи драманы қоюдың қиындығы неде?

- Бұл қойылым расында да, өзім ойлағаннан артық, халықтың қызу қолдауына ие болды. Бабамыздың ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен әрі батыр Сырым Датұлының 280 жылдығына арналғандықтан, ел тарихындағы елеулі ерекше оқиға  болғандықтан,  тарихи драманы сахналау оңай емес, қиынның қиыны.

 

- Екі жазушы бірігіп пьеса жазған ба? деп қалады екен, осы жағын түсіндірсеңіз…

- Қалың оқырманға түсінікті болу үшін бірден айтпағым, екі жазушы бірігіп еш уақытта пьеса жазбаған.  Бұл жерде тек жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Сырым Датұлы» тарихи драмасы мен өмір жолын жиырма төрт жыл зерттеген жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» тарихи романының желісі бойынша  Сырым батырдың ел арасындағы шешендік сөздерінен жинақтап сахналадым. Неге бір автормен жұмыс жасамады деген сұрақтар туындауы мүмкін. Тарқатып айтатын болсам, бұған дейін менің ұстазым ҚР еңбек сіңірген қайраткері режиссер Мұрат Ахманов ағамыз белгілі драматург Рақымжан Отарбаевтың «Сырым батыр» тарихи драмасын толық сахналаған болатын. Мен тура сол бағытпен,  қайта қайталауды жөн көрмедім.  Өйткені әр режиссердің  өз көзқарасы, өз қолтаңбасы бар. Сырым батырдың батырлығын ғана емес, бала кезден, тұлғаға айналғанға дейінгі ерекшеліктерін жан-жақты көрсетуге тырыстым.  Бұл қойылым мен үшін ғана емес, жалпы көрермен үшін, батырдың ұрпағы үшін қуанышты үлкен тарихи сәт болды. Бұл дұрыс әңгіме, өйткені тарихи драманы халық алдына шығару оңай болмады.   Қойылымды қолға алмас бұрын,  батырдың өмір жолын біраз терең зерттеп, Сырым  аудандық тарихи өлкетану мұражай директоры Ойшыбаева Айнагүл Мағауияқызымен жолығып, құнды деректер жинап, үш ай дайындық жүргіздік. Нәтижесінде ең алғаш Орал қаласында Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында көрермен назарына 2022 жылы19 желтоқсан күні Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК жанындағы қалалық «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер театрымен сахналап көрерменге тарту еттік.

 

 

- Өзіңіз Сырымның толық образын шығара алдық деп ойлайсыз ба?

- Кез келген тұлғаның қандай да болмасын толық образын жасау мүмкін емес. Дегенмен өскелең ұрпаққа батырдың батырлығын,  ақынның ақындығын ақ қағаз бетіне түскен нұсқаны, сахналық көркемдеу арқылы,  режиссерлық ой толғаныспен, актерлық шеберлік арқылы жеткізу біздің парызымыз.

 

- «Алтын Орда» театры туралы кеңірек айтып берсеңіз. Бізді қойылымға шақырған кезде актерлері кәсіби емес дегенді қадап айттыңыз, бұл қойылым кезінде көріне  ме?

- Орал қалалық Мәдени ағарту бірлестігі жанынан құрылған «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры Алтын Орданың 750 жылдығына орай 2020 жылдың​ 28​ ақпанында қолға алынып жасақталған болатын. Мақсаты – балалардың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру, дарынды балаларға қолдау көрсету, шығармашығын дамытуға ықпал ету, жас ұрпақтың ой-өрісін дамыту ,​ театр өнеріне қадам басқысы келетін жас буынға жол ашу. 2021 жылы 20 наурызда А.Атымтаеваның «Кім патша?» ертегісімен шымылдығын ашты. Содан бері балаларды театр өнеріне баулып келеміз. "Мәдени-ағарту бірлестігі"МКҚК директоры Серiк Тоқмамбетов,  директордың шығармашылық жұмыстары жөніндегі орынбасары Бекей Қанатов, театрдың көркемдік жетекшісі Әсемгүл Төлепберген репертуарға баса көңіл бөлiп келеді. Осы уақытқа дейін жеті балалар қойылымы мен екі тарихи драманы сахналап үлгердік.  Өнерпаздар түгел рөлмен қамтылып көрермендер қошеметiне бөленіп, әр балаға қуаныш пен ұмытылмас сәттер сыйлап келеді. Соның ішінде ең ауқымдысы, өте күрделі қойылым осы  «Сырым батыр» тарихи драмасы. Ия, өте дұрыс айтасыз,  актерлар кәсіби емес дегенді алдын-ала қадап айттым.  Өйткені бұл қойылымда әр түрлі маман иелері өнер көрсетеді.   Сондықтан кәсіби маман иелері, бұл қойылымды сынауға емес,  сахнадағы төгілген тер, еңбекті қолдаса екен дедім.  Негізгі басты мақсатымыз тұғыры биік тұлғаны ұлықтау.

 

 

- Шығарма кейіпкерлері яғни қойылымдағы актерлерге тоқталып өтсеңіз, олар театр құрамына кіргенге дейін де сахнаға шыққан адамдар ма? Осы өнер сапары оларға қалай әсер етті?

- Сұрағыңыз өте орынды. Ия, бұл мәдени ағарту бірлестігінің қызметкерлерінің кәсіби актерлық білімдері болмаса да, театрға деген махаббаттары зор, рөлді жанымен сезінеді. Жастардың өнерге талпынысы өте жоғары. Шындығында қазақтың кез келген баласы дарынды. Бұл дала театрынан тек ынтымақтастық, ауызбіршілік талап етіп, асықпай сабырлықпен  түсіндіріп жұмыстандым. Бұл тарихи драмада әр қайсысының сомдайтын рөлі ерекше, себебі тұлғалар. 

Атап айтсам, Жоламан Еркін – Сырым батырды, Алижан Тұрғали – бала Сырымды, Серік Тоқмамбетов – Малайсары биді, Марат Халиолла – Бөкен биді,  Арсен Нұфтығалиев – Қаратау биді, Ринат Есқақов – Қаракөбең биді, Қанағат Жанболатұлы – Қойгелді биді, Дархан Жайтуғанов – Атақозы биді, Азат Мыңбаев – Нұралы ханды барынша шынайы сомдады. Сондай ақ, (Нұралы Ханның қызы) Әсемгүл Нұрлан, Медет Қабдығалиев, Ерген Нұрлан, Анарбек Сатыбалдиев, Райымбек Самигуллин, Нұрсұлтан Қалешов т.б өз рольдерін өз деңгейінде сомдап шықты.

Бұл сапар біз үшін өте жемісті болды деуге болады. Енді қойылымға әркім әр түрлі көзқараспен қарайды ғойц, ал біздің мақсатымыз – қазақ елінің еркіндігі, тәуелсіздігі үшін тарихта ерекше орны бар Сырым Датұлы бабамыз ерлігін насихаттау.

 

 

-Өзіңіз бұрын Сырымның ролін ойнаған Мұсағали Бектенов туралы жазған адамсыз, осы бағытта көп еңбектенген шығарсыз?

- Орал қалалық Мәдени ағарту бірлестігінің директоры Серік Әнуарұлы осы қойылымды маған ұсынған кезде, бірден қолға алу оңай болмады... Жүз ойланып, толғандым. Тарихи драманы сахналау өте ауыр әрі қиын болды. Қан қысымым көтеріліп, «жедел жәрдем» шақыртқан кезімде болды.  Алғаш қадамымды БҚО Сырым ауданы Тоғанас ауылынан бастадым. Ол ауылға  жақын  орналасқан дөңді «Сырым шыққан төбе» дейді екен халық. Арнайы белгі орнатылған. Кезінде Сырым бабамыз жауынгерлерімен, дұшпандарын санынан жаңылыстыру үшін төбенің етегінен жоғарыға үзіліссіз көтеріліп, қайта түсіп, қайта көтеріліп орасан зор мың қол етіп  көрсеткен, – дейді мәдени ағарту бірлестігінің директоры Серік Әнуарұлы.  Сол жерге ұжым түгел барып, Сырым баба рухына құран бағыштап, құрбан шалдық. Төбеге шығып айналаға шоли қарасаңыз, расында жан-жақты көре алады екенсің.

Одан кейін Сырым ауданы, Жымпиты ауылына барып  Сырым Датұлы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагуль Ойшыбаева ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен әрі батыр туралы кеңінен әңгімелеп деректермен таныстырды. Сонымен қатар С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Мөлдір Ғұбайдуллина  «Алаш» мұражайымен де таныстырды. Ол  жерде тек тарихи деректер ғана емес, мұражайда атқарылып жатқан еңбектерді көріп, жұмыстарына  тәнті болып ерекше әсер алдым. Бұрын Сырым батыр рөлін Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актеры, ҚР мәдениет саласының үздігі Мұсағали Жайғалиұлы Бектенов сомдаған болатын.  Ағамыз осы сапар алдында қойылымды көріп, ризашылығын білдірді.

 

 

- Жалпы тарихи қойылымдарды халық қалай қабылдайды, режиссер ретінде қандай ой түйдіңіз?

- Қазір халықтың тарихи қойылымға деген сұранысы өте жоғары, себебі көрермендер рух беретін қойылымдарды іздейді. Соның айғағы кешегі Елорда төріндегі жастар театрында біраз адамның театрға сыймай, орынсыз қалуы. Біздің ел әдебиетке де, тарихқа да өте бай.  Соны  халыққа жеткізе білуіміз керек. Театр –  ұжымдық өнер. Әрбір қойылым өткен сайын, режиссер ретінде жаңа ойлар, небір тың идеялар оянып  жұмысқа деген құлшыныс артып, нағыз ізденіс пайда болады. Үлкен қойылымдармен қатар,  театрдың көркемдік жетекшісі Әсемгүл Төлепбергенқызы екеуміз балалармен жұмыстанамыз. Алдымызда әлі де талай жобалар, ауқымды жұмыстар күтіп тұр.

 

- Астанаға тағы қандай қойылыммен келмек ойларыңыз бар?

- Шығармашылық адамы ретінде, өзім жан-жақты ізденіп, дамытып отырамын. Менің негізгі жұмысым Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында. Сол ұжыммен 2017 жылы Ф. Буляковтың (ауд. Э.Мақашева)«Қысқа ғұмыр» мұңды комедиясын Астана театрында сахналап,  талғампаз көрерменнің зор қошеметіне бөленген болатын. Алдағы уақытта да жаңа қойылыммен келсем деген ойым бар.

 

- Әңгімеңізге рақмет!