Ортағасырлық жазба деректердегі Азия тарихы мен географиясы
22.02.2023 3553

Қазіргі тарих ғылымындағы маңызды бағыттардың бірі, біздің ойымызша, Орталық Азия халықтарының жалпы тарихы мен мәдениетіне ғана емес, этникалық тарихына да қатысты жаңа іргелі және объективті еңбектер жазу болып саналады. Тарихнаманың өзі әрқашан тарих ғылымымен қатар дамып келеді.  Бұл ғылымның көптеген анықтамалары бар. Бірақ тарихшылардың көпшілігі «тарихнама» тарих ғылымының тарихын зерттейтін көмекші тарихи пән екенін дәлелдеуге бейім.  Тарихнама тарихи шығарманы жазуда авторға, оның дереккөздеріне, интерпретациядан фактілерді ажыратуға, сонымен қатар тарихты жазу стильіне, автордың біржақтылығы мен осы жұмысты жазған аудиториясына назар аудара отырып, тарихи шығарманы жазуда ғылыми әдістің дұрыс қолданылуын тексереді.


Тарихнамалық зерттеулердің әрбір ғылыми жұмыстағы маңыздылығын ескере отырып, мәселенің жан-жақты зерттелу деңгейін талдап өтсек. Ортағасырлардағы түркі халықтарының бір-бірімен байланысқан тарихы қай кезде де түрлі саладағы зерттеуші-ғалымдардың қызығушылығын тудырып отырған күрделі мәселелердiң катарына жатады. Солардың арасында түркі дүниесінің, түркі халықтарының қалыптасуы мен дамуы мәселесі әлі күнге дейін ғалымдар арасында пікір-таластар туындатып отырғаны мәлім. Себебі, этникалық тарихи бағыттағы зерттеу жұмыстарын жүргізу ауқымы кең, күрделі процесс болып есептелінеді. Мәселен, қарастырылып отырған тақырыбымыз бойынша бір ғана толыққанды тарихнамалық зерттеулерді сипаттап, сонымен шектеліп қана қоя алмаймыз. Орталық Азияда мекендеген халықтардың этникалық тарихын араб деректері аясында қарастыру мақсатында арнайы зерттеуші-ғалымдардың, жеке дара тайпалардың тарихының зерттелу деңгейіне тоқталып, талдау жүргізуге тура келеді. Мысалы, аймақта өмір сүрген, әрі араб деректерінде қамтылған оғыз бірлестігі құрамындағы ру-тайпалардың кейінгі түркі халықтарының этникалық қалыптасуындағы алатын орнын зерттеуге көңіл бөлсек, бұл жұмыстың өзі мазмұны жағынан әрқилы болғандықтан мәселенің зерттелу деңгейі: оғыздардың этникалық тарихына, саяси тарихына, олардың миграциясына, ортағасырлардағы түркi этностарының этногенезі үдерістеріне, осы үдерістерге қатысушы этникалық топтарға, жалпы түркі халықтарының калыптасуына, этнонимдерге және т.б. проблемаларға тоқталып өту қажеттігін көрсетеді.

Аталмыш мәселелер зерттеуші ғалымдарды XYII ғасырдан бастап  қызықтыра бастаған. Ал, XYIII  ғасырда жалпы түркі халықтарын танып бiлу, олардың діни наным-сенiмдерi мен дүниетанымдарының қайдан бастау алатындығын, яғни ру-тайпалардың пайда болуы мәселелерін анықтайтын материалдар жинау, халықтың пайда болуы мен дамуы жөніндегі халық арасында тараған ауыз әдебиетi үлгiлерiн, аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандарды жинастыру жұмыстары жүргізілген.

Орта Азиядағы оғыздар мен түркімен тайпалары ортағасырлық жылнамашылардың, саяхатшылардың, географтардың және тіл мамандарының назарын ертерек аударған.  Оларға тек шығыс емес, батыс тарихшылары да үлкен қызығушылық танытты, әсіресе крест жорықтары дәуірінде. Таңдалған тақырып бойынша салыстырмалы түрде кең көлемдегі дереккөздердің ішінде араб, иран және түркі тілдерінде жазылған шығармалар жетекші орын алады. Бұл дереккөздердің көпшілігіне К.Каэн, К.Брокельманның, К.Сторидің, Х.Гиббтің , Ф.Розентальдің, Б.Шпуллердің  мұсылман тарихнамасы бойынша арнайы еңбектерінде елеулі орын берілген.

XYII ғасырда ортағасырлық оғыздар мен түрікмендердің тарихы тек шығыс емес, батыс еуропалық тарихнамада да көрініс тапқан. Француз шығыстанушысы Де Эрбело бұл салада еуропалық ғалымдар арасында жетекші болды. Ол өзінің «Шығыс кітапханасында» оғыздар мен түркімендердің шығу тегі мен тарихи тағдыры туралы бірқатар араб-парсы деректерінен алынған мәліметтерді ғылыми айналымға енгізді. 

Ол қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан тәрізді Орталық Азия мемлекеттері халықтарына, олардың орналасуы мен қалаларына, басқарушы хандарына қатысты мәліметтерді жинақтаған. Автор көптеген араб, парсы деректерiн топтастыра отырып, оғыздар мен түрікмендердің пайда болуы мен тарихи тағдырына қатысты деректерді тарихи айналымға енгiзедi. Бұл еңбек бүкіл Шығысқа арналған тарихи сөздік болып есептеледi

Де Эрбелодан кейінгі оғыздардың этникалық және саяси тарихының кейбір мәселелеріне  XYIII ғасырда француз орта ғасырлық ғалымы Жан Дегин тоқталған .  Ол өзінің «Ғұндардың, түріктердің, моңғолдардың жалпы тарихы» еңбегінде Селжұқ мемлекетіне біршама тоқталып өтеді, оның құрылуында оғыз және түрікмен тайпалары орасан зор рөл атқарған.

Ағылшын ғалымы және публицисті Генри Хойл Хоуорс өзінің «History of the Mongols: from the 9th to the 19th Century» атты еңбегінде Рашид ад-Дин мен Әбілғазының деректеріне сүйене отырып, түркі тайпаларын тоқталып өтеді. Ағылшын ғалымы Р. Фрай өз еңбегінде араб жаулаушылығы және одан кейiнгi кезеңдегi қоғамдық-саяси жағдайларға мән беріп, IX ғасырдың екінші жартысы мен XI  ғасырдағы Әзербайжан территориясындағы селжұқтардың миграциясына катысты жекелеген мәселелерге де тоқталады.

Айта кетер тағы бір мәселе, халықтардағы оғыздық компонент тұрғысына келгенде көптеген зерттеулерде даулы көзқарастар орын алып жатады. Мәселен, гагауыз, әзербайжан халықтарының этногенезі тарихына тоқталар болсақ, бiр топ ғалымдар олардың шығу тегiн қыпшақтық, кумандық деп есептесе, келесi бiрi этникалық калыптасуындағы оғыздардың басым үлесін көрсетеді, ал ендi бiрi оғыздардың да, қыпшақтардың да ешқандай рөлі болған жок, олардың этногенезіндегі басты орынды ежелден осы территорияларда мекендеген жергілікті түркі халықтары иеленді дейді. Осындай тағы бір пікірді гагауыздардың «оғыз-селжұқтық» шығу тегін ұстанушы ғалымдардың қатарында болгарлық тарихшы П.Мутафчиев, сондай-ақ, Лондон университетінің шығыстанушысы Пауль Виттек те бар. Бұл теория өз кезегінде түрiк ғалымдары тарапынан да колдау тапты. Мысалы, Осман Туран, Фарук Сумер және тағы басқалары осы қатарда болды.

Ресейде шыққан араб қолжазбаларына қатысты барлық еңбектерді төрт топқа бөлуге болады: 

қолжазбаларды сипаттау (каталогтарда, мақалаларда);

мәтіндердің басылымдары (толық және үзінді, кейде аудармасы бар); 

тарихи және әдеби зерттеулер;

араб дереккөздерінің деректі материалдарына негізделген, көбінесе алғаш рет қолжазбалардан алынған Ресей мен көршілес елдердің (Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Кавказ) тарихына арналған еңбектер. 

Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Кавказ халықтарының тарихын анағұрлым толық және дәлірек қалыптастыруға деген қызығушылық араб жазба деректерінен жаңа мәліметтер табуға, орыс ғалымдарының араб қолжазбаларына бет бұруларына басты себеп болса керек.

Ортағасырлық араб-парсы тарихнамасында қарастырып отырған аймақтың халқы туралы мәліметтер, мәселен, оғыз, түрікмен тайпалары туралы алғашқы мәліметтер IX-X ғасырлардағы дереккөздерде берілген.  Бұл уақыт Мұсылман Шығыс елдерінің ғылымы мен мәдениетінің әртүрлі салаларындағы ілгері дамуымен ерекшеленеді.  Тығыз байланыста дамыған тарихи-географиялық білім саласында да үлкен жетістіктерге қол жеткізілді.  Жалпы және аймақтық бағыттағы бірқатар ірі жұмыстар жасалып, жергілікті тарихи мектептер дамып жатты.  В.В.Бартольд, В.И.Беляев және А.А.Ромаскевич, И.Ю.Крачковский, өз зерттеу жұмыстарында аталмыш мәселелерге  кеңінен тоқталып өткен. 

Ресейдің революцияға дейінгі тарихнамасында оғыздар мен түркімендер тарихы мәселелерінің зерттеле бастауы XYIII ғасырға сәйкес келеді.  Бұл бағыттағы алғашқы қадамдарды В.Н.Татищев, одан кейін М.Н.Карамзин жасады.  Оғыз тақырыбын В.Н.  Татищев Шығыс Еуропа халықтарының тарихына байланысты қарастырады. Түркі тілдерін білетін Татищев Әбілғазының оғыз тайпаларының этнологиясы жөніндегі деректерін пайдалануға үлкен талпыныс жасаған болатын .

Бұл мәселе М.Н. Карамзиннің еңбектерінде одан әрі нақтыланды.  Ол алғашқылардың бірі болып оғыз түріктерінің Ресейдің оңтүстік аймақтарының тарихында маңыздылығын атап өтті.

Кеңестік тарихнамада таңдалған тақырыптың әртүрлі аспектілерін зерттеудің басы В.В.Бартольдтың еңбектерімен байланысты болды.  Бұл көрнекті шығыстанушының еңбектері түркімен халқының ортағасырлық тарихын қайта жаңғыртудың берік негізін қалады. Дегенмен, тұтастай алғанда Бартольд еңбектері әлі күнге дейін ғылыми маңызын жоймаған құнды зерттеулер болып саналады.

Тарихи тұрғыдан алғанда, Орталық Азия тарихтың әр кезеңдерінде әртүрлі аталды.  Ескендір Зұлқарнайын Орта Азияны жаулап алғаннан кейін бұл аймақ Оксус өзенінің (қазіргі Әмудария) атымен «Трансоксиана» немесе «Трансоксания» (лат. Transoxiana / Transoxania) деп те аталған.  Кейбір ежелгі грек және латын (роман) деректерінде Оксус пен Яксарт өзендерінің аралығындағы аймақ атауының жоғарыда аталған екі нұсқасы осы атаулармен кездеседі.

 «Мавераннахр» атауы YII -YIII  ғасырларда арабтардың Орта Азияны жаулап алуы кезінде пайда болды және бастапқыда Джейхунның (қазіргі Әмудария) оң жағалауындағы кең-байтақ аумақтарды сипаттаған. Мавераннахрға сол кезеңдегі ислам әлемінің ең маңызды қалалары, сондай-ақ мәдениеті мен өркениеттері жоғары қалалар Самарқанд, Бұхара, Шаш, Нахшаб, Кармана, Ферғана, Ходжент, Кеш және тағы басқалары еңген. Түркістан қаласы Сейхунның оң жағалауында, яғни Мавераннахрдан тыс жерде болғанымен, жиі аймақпен қоса көрсетіледі.

XIX ғасырдағы Мавераннахрдың  тарихи географиясы бойынша ортағасырлық араб мәтіндерін пайдаланған зерттеушілер қатарында В.В. Григорьев, Н.И. Веселовский  де болды, алайда олардың ғылыми еңбектерінің көпшілігі өлке туралы нақты толыққанды түсінік қалыптаспай жазылған. Бірақ, солардың еңбектері Мавераннахрдың, соның ішінде Шығыс Мавераннахрдың тарихи-мәдени мұрасын кейінгілердің зерттеуіне жақсы көмек болды.

Шығыс Мавераннахрды зерттеу жұмыстарының ілгері ұмтылуы Мавераннахрдың мәдени өмірі туралы жалпы мәліметтерді эссе түрінде баяндаған орыс ғалымы жоғарыда аталып өтілген В.В.Бартольд болды.

Ол «Тюрки: Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии» еңбегiнде XI ғасырдағы оғыздар билiгiнiң қыпшақтарға көшуін аймақтың жаңа билеушiлер қолына шоғырлануына, ал оғыздардың өз қонысынан ығысып, батысқа жылжуына себеп болған оқиға ретінде қарастырады. В.В. Бартольдтің Енисей мен Тянь-Шань қырғыздарының тарихына қатысты жеке-жеке тоқталған «Қырғыздар»  деп аталатын тарихи очеркiсінің де маңызы зор. Ол өзінің «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью» және басқа да еңбектерінде Орталық Азиядағы түркі халықтарының саяси жағдайына тоқтала келе, олардың этнологиясына, әсіресе ислам дінінің жай-күйіне, халықтардың тұрмыс-тіршілік өзгешеліктеріне қатысты ортағасырлық деректерге сүйене отырып, құнды мәліметтер береді . Ол көптеген шығыс деректерін салыстырып, түркілердің этникалық құрамына қатысты көзқарастарды талдайды.

Сондай-ақ, Г. Саблуковтың еңбегімен аударылған ортағасырлық дерек болып есептелінетін Әбілғазы Баһадүрдің «Түрікмен шежіресі» атты еңбегінің де маңыздылығы сөзсіз.

Орталық Азия қалаларын зерттеуді А.Ю.Якубовский жалғастырып, медина мен сауда-қолөнер маңының әртүрлі әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы теорияны алға тартты.

А.Ю.Якубовскийдің қала аумағының даму кезеңдері туралы идеясы шығыс тілдеріндегі жазба дереккөздерді пайдаланбаған осы аумақты зерттеген археологтарға зор септігін тигізді.

1930 жылдардың аяғында С.Л.Волин Шығыс Мәуереннахр туралы мәліметтерді қамтитын араб деректеріне жүгінді.  С.Л.Волиннің атқарған жұмыстары IX-X ғасырлардағы Орталық Азия тарихына қатысты мәліметтерді қамтитын сол кездегі барлық дереккөздерден жан-жақты мәліметтер алуға мүмкіндік берді.  С.Л.Волин жасаған басқа жарияланбаған аудармаларды алғаш рет 1960 жылы В.С.Храковский басып шығарды.

Орталық Азиядағы археологиялық зерттеулерді А.Н.Бернштам әрі қарай жалғастырған.  Бернштам көп жағдайда археологиялық әдебиеттерде, әсіресе тарихи топографияға қатысты толық емес мәліметтерді нақтылай алды.  Одан кейін Орталық Азиядағы археологиялық зерттеулерді П.Н.Кожемяко жалғастырды. Кожемяко жүргізген аймақтағы қалаларды анықтау жұмыстары Шығыс Мавераннахрды зерттеуде маңызды орын алады.

 «Өзбек ССР тарихы» (Ташкент, 1955 ж.) этноодақтық республика құрамына енген аумақтардың тарихына арналған алғашқы ірі жинақталған еңбек болды.  III бөлімнің (феодалдық құрылыс) 2-9 тарауларының авторы Ю.Якубовский еді.  Еңбекте араб дереккөздерінің аудармалары алдыңғылардың еңбектерінен алынып қосылған. Әлеуметтік-экономикалық қатынастар, мәдениет және этногенез мәселелері жұмыстың айтарлықтай бөлігін құрайды.

 О.Караевтың деректанулық монографиясында IX-XII ғасырлардағы араб авторларының мәліметтері тексеріліп, нақтыланып, қайта аударылған.  Сонымен бірге қырғыздар мен қырғыздарға қатысты бұрын беймәлім болған бірқатар жаңа деректер анықталып, сарапталған . IX-XII  ғасырлардағы араб авторларының карталары бойынша қырғыздардың қоныстануы туралы материалдар алғаш рет қамтылған.

П.Г.Булгаков, Б.А.Розенфельд және А.А.Ахмедовтың бірлескен «Мұхаммед әл-Хорезми» (М, 1983) еңбегіндегі «Китаб сурат әл-ард» атты бесінші тарауда Шығыс Мәуереннахр туралы мәліметтер берілген.

Әт-Табаридің еңбегі кең көлемде ғылыми түсіндірмелермен толық ағылшын тіліне аударылса, оның кейбір бөліктері батыс және шығыс тілдеріне қайта-қайта аударылып тұрған. В.И.Беляев Орта Азия мен Закавказье туралы осы ат-Табари деректерінің жинағын жасауды көздеп, ат-Табаридің Хорасан мен Мавераннахрға қатысты бөлімдерін аударды, бірақ олар оның көзі тірісінде жарық көрмеген еді.

Диссертациялық жұмысқа арқау болған деректердің аударылып шығуы, тарихнамалық тұрғыда зерттелу деңгейінің біршама орнығуы жұмыстың жан-жақты зерттелуіне өзіндік септігін тигізді. Аталмыш зерттеулердің қатарына «Материалы по истории киргизов и Киргизии», «Материалы по истории туркмен и Туркмении» және Ф. Асадовтың аудармалық жұмысымен жарыққа шыққан «Арабские источники о тюрках раннего средневековья» , М. Кожобеков пен Т. Абдиевтың жинастырған, 

В. А. Ромодин жауапты редакторы болған «Кыргыздардын жана Кыргызстандын тарыхый булактары» сынды қажетті деректердің топтамасынан және кейiнірек жарыққа шығарылған «Қазақстан тарихы араб деректемелерінде»  сияқты жинақтардан ортағасырлардағы Орталық Азияда мекен еткен халықтардың территориялық тұрғыда орналасуы, этникалық құрамы мен саяси жағдайлары, олардың қалалары туралы мәліметтерді ала аламыз.  Бұл жинақтардың құрамында 20-дан аса араб-парсы авторлары мен саяхатшыларының еңбектері (дереккөздері) қамтылған.

Бұлардың қатарында, егер жеке атап өтетін болсак, Әл-Истахридің «Китаб масалик ал-мамалик» атты еңбегінде оғыздардың территориясы, шекарасы, олармен көрші орналаскан тайпалар туралы мәліметтері қамтылған . Сонымен қатар, қырғыз,  тоғыз оғыз, ғұз, қимақ сынды тайпаларға тоқталар болсақ, олардың әрқайсысының бір-бірімен ұғынысатыны, тілдік ортақтығы және олардың этникалық тұрғыдағы жақындығы, туыстығы, ислам дінін қабылдап, мұсылман болғандары туралы деректерді де кездестіре аламыз. 

Әл-Масудидің «Китаб ат-танбих ва-л-ишраф», әл-Макдисидің «Ахсан ат-такасим фи-марифат ал-акалим» сынды деректерінде оғыз-түрікмендердің қалалары туралы жазбаларды таба аламыз, әл-Идрисидің «Нузхат ал-муштак фи ихтирак ал-афак» деп аталатын еңбегі және сол сияқты тағы да басқа деректерге тоқталып өтуімізге болады .

Ф.М.Асадовтың «Орта ғасырлардағы түркілер туралы араб деректері» жинағындағы деректердің қарастырып отырған тақырыбымыз бойынша маңызы жоғары.  Автор араб тіліндегі сирек кездесетін ортағасырлық деректерді және оларда қамтылған этникалық тарихи мәліметтерге шолу жасап өткен: Ибн әл-Факих әл-Хамаданидің «Елдер туралы хабары», Әбу Усман Әмір ибн Бахр әл-Жахиздiң «Түркілердің және халифаттың басқа да әскерлерінің артықшылықтары туралы әл-Фатх ибн Хаканға хабары» және тағы басқа еңбектер жазған. Шығармада Орта Азияны мекендеген тайпалар туралы мәліметтер бар. Сондай-ақ, ол сауда жолдары мен әртүрлі елді мекендер арасындағы қашықтықты да сипаттап өтеді. Онда Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін Ұлы жол бойында орналасқан қалалар мен елді мекендер тізімделіп көрсетілген. Деректердің ішінде Ибн Хордадбектің шығармасы негізінен халифаттың пошта қызметі және байланыс мұрағаттарына негізделген. 846/47 жылғы автордың «Китаб әл-масалик ва-л-мамалик» еңбегі қыпшақтар, қырғыздар, түріктер, қимақтар, оғыздар және Қазақстан мен Орта Азияның басқа да тайпалары туралы құнды мәліметтерді қамтиды. Оның түркілер туралы мәліметтерінің көпшілігі және оның ішінде жиі келтірілетін түркі тайпаларының (тоғыз-гуз, оғыз, қарлұқ, кимек, қыпшақ, азқыш, түргеш, т.б.) тізімі YIII- ғасырға тиесілі болса керек.  Әл-Якуби (IX ғасыр) мен Кудам ибн Жафардың (X ғасыр ) шығармалары Ибн Хордадбек шығармашылығына жанрлық жағынан жақын .

«Арабские источники о тюрках в раннее средневековье» атты деректер жинағындағы Ибн әл-Факихқа тиесілі «Елдер туралы хабар» атты шығармасынан түркілер мен олардың шекаралық орналасуы жайында мағлұматтарды кездестіруімізге болады. Ол жерде тоғыз оғыздар – түркілердің арасындағы аса үлкен тайпа деп сипатталады және тоғыз оғыздар, ғұздар, қимақтар әміршілер болып келеді, бұлар көптеген аймақтарды өздеріне қаратып, сол жерлерге иелік етеді деп көрсетіледі. Жаңбыр тудыратын тас пен оғыздар жайындағы мәліметтері қызықты дерек болып есептелінеді.

Әбу Усман Амр ибн Бахр әл-Жахиздің «Түркілер мен халифаттың басқа да әскерлерінің артықшылықтары туралы әл-Фатх ибн Хаканға хабарынан» атты дерегінен Орта Азия аймағында мекендеген ру-тайпалардың тарихына қатысты мәліметтерді кездестіруге болады .  Сонымен қатар, тоқталып өтетін тағы бір  деректің қатарына - «Таварих ал-Салджук» (Селжұқ руының жылнамасы) еңбегін жатқыза аламыз. Аталмыш деректе қамтылған оқиғалар 1194 жылмен аяқталады, шығарма Ануширван ибн Халидтің жазбасымен толықтырылып, Имад ад-дин Мухаммад ибн Халил ал-Исфаханидің авторлығымен бізге дейін жеткен. 

Ахмад ибн-Фадлан ибн-Аббас ибн-Рашид ибн-Хаммадтың еңбегінен оғыздар туралы қызықты мағлұматтарды көре аламыз. Ал, 1331-1334 жылдары Анадолыға саяхат жасаған ибн-Батуттаның шығармасында оғыздардың Кіші Азия жеріне енуiмен байланысты этникалық құрамы туралы мәліметтер қамтылған.

Қырымға дейін жеткен және Дунайды жайлаған көшпелілерге қатысты жазбалар араб, византиялық және батысеуропалык деректерде кездеседі. Мәселен, солардың арасындағы оғыздар аталмыш деректерде түрлі атала бастайды, орыс деректерінде көбіне печенегтер деп көрсетілген. Осы тұста, печенегтердің әлемдік аренада пайда болуы тарихына арналған 

В.Г. Васильевскийдің «Византия и печенеги (1048-1094)» атты еңбегінде олардың Византиямен арадағы жаугершілік кезеңіне сипаттама бере отырып, оғыздар туралы әңгімелейді және бұл жердегі бізге қажетті мәлімет автордың оғыздардың өзге түркі тайпаларымен туыстас екендігіне назар аударуымен байланысты. Ол көптеген зерттеуші ғалымдардың түркі тайпаларының арасындағы жақын туыстық байланыстарға көңіл аудармай келгендігін, әсіресе, әртүрлi түркi - тайпаларының арасындағы туыстық байланыстарды көрсетудің орнына, бірін – Түрік, ал екіншілерін ерекшелеп көрсету мақсатында – Тюрк деп атау олардың арасындағы байланысты алшақтата түсетін үлкен қателік деп назар аударады. Сөйтіп, печенектер мен уздар (оғыздар), қыпшақтар бұлар Түрік селжұқтары немесе Түріктер сиякты бiр халық деген қорытындыға келеді.

Орыс ғалымы П.В. Голубовский IX-XI ғасырларда печенегтердің Азиядағы оғыздардан бөлініп, Еуропаға тарағанын, бұл печенегтердің шыққан тегі қаңлылар екенін айтады. Ал, XI ғасырда оғыз тайпалары оңтүстікке жылжып, билеуші ​​әулет селжұқтар деген атқа ие болғанын,  XYI ғасырда осылай көшкен қаңлылардың бір бөлігі кейін Осман түріктері деп аталғанын да сипаттайды.

Оғыз мәселесіне жіті назар аударғандардың ішінде В.А. Гордлевский, А.Ю. Якубовский, С.П. Толстовтарды да жатқыза аламыз.   

В.А. Гордлевскийдің еңбегінде қаңлы атауын түсіндіретін деректер қамтылған. Ал, белгілі бір тайпа атауының мағынасын талдау оның нені білдіретінін түсіндіріп қана қоймай, сонымен қатар туыстық байланыстың бар-жоғын анықтауға да өз септігін тигізеді. Бұл олардың тарихында этногенетикалық сабақтастықтың да орын алатынын дәлелдейді. Осы процесті жалғастыра отырып, С.Г. Агаджанов алғашында мақалаларын, кейін  «IX-XIII ғғ. Орта Азиядағы оғыздар мен түркмендер тарихының очерктері» атты еңбегін жариялады.

Өз зерттеулерінде араб, түрік және парсы жазба деректерін кеңінен пайдалана отырып, С.Г. Агаджанов  IX-XIII ғасырлардағы оғыз-түрікмендер тарихына тоқталып өтеді.  Бұл еңбек оғыз атауының деректер беттерінде алғаш рет пайда болуынан бастап, моңғол жаулап алғаннан кейінгі кезеңге дейінгі, яғни  бұл этноним тарих беттерінен жойылғанға дейінгі аралықты қамтиды. Сондықтан, автордың бұл еңбегі Қазақстан, Орталық Азия және Шығыс Еуропа тарихында маңызды рөл атқарған Сырдария оғыздары туралы  жан-жақты қамтылған маңызды зерттеу болып табылады. Оғыздардың шығу тегі туралы жарияланған еңбектерге және ортағасырлық тарихи-географиялық деректерге тарихнамалық талдау жасалып, шолулар да берілген.  Осы себепті, С.Г.Агаджановтың оғыз, түрікмен және селжұқтар тарихын зерттеудегі еңбегі ерекше маңызға ие. 

Аталмыш еңбегінде ол оғыздар мен түрікмендердің таралу аймағына, олардың саяси әрі қоғамдық құрылымдарының басты сипаттарына, IX-XIII ғасырлар аралығындағы оғыздар мен түрікмендердің тарихи тағдырына қатысты зерттеулер жүргізген.

А.Ю.Якубовскийдің 8 ғасырдан XY ғасырға дейінгі түрікмендер тарихы қозғалған еңбегінде алдыңғы орта ғасырлардағы оғыздардың әлеуметтік-экономикалык жағдайы, шаруашылық өмірі және рулық тайпалық құрылымы туралы ауқымды мәліметтер қамтылған.

С.П.Толстов Сырдария оғыздарына қатысты ауқымды тарихи-археологиялық материалды ғылыми айналымға енгізіп, өзінің «Ғұздар (оғыз) қаласы» атты еңбегін жариялаған. Ол бұл зерттеуінде Сыр бойындағы оғыздардың қоныстары мен қалаларының сипаттамасын беріп, X-XI ғасырдың басындағы оғыздардың шығу тегі туралы да өз көзқарасын білдірген .

Бұл жұмыста автор зерттеудің екі бағыты бойынша қорытынды жасайды.  Оның бірі Арал маңындағы түркі халықтарының шаруашылық тарихына арналса, екіншісі оғыздардың этникалық тарихына қатысты бірқатар мәселелерді ашуға талпыныс жасалынғандығын көрсетеді.

Кеңестік зерттеушiлердi кызыктырған тақырыптар катарындағы түркі халықтарының этникалық шығу тарихы, ру тайпалардың пайда болуы, этнонимдердiң түсiндiрмесі сияқты мәселелер төңірегінде жоғарыда аталып кеткен А.И. Бернштам, А.Н. Кононов  және тағы басқа ғалымдар да өз зерттеулерiн жүргізді.

С.М. Абрамзонның «Қырғыздар және олардың этногенетикалық және тарихи-мәдени байланыстары» атты еңбегінде орта ғасырдағы қырғыздардың этникалық құрамын, тарихи-этногенетикалық байланыстарын зерттеуге қатысты көптеген мәліметтерді қамтитын деректердің айналымға енгізілгенін байқай аламыз.  Этногенездің маңызды аспектілерінің бірі этникалық атаумен де тығыз байланысты екені белгілі.  Бұл тұрғыда Петров сияқты көптеген ғалымдардың «қырғыз» этнонимінің шығу тегі туралы зерттеулері мен болжамдарын атап өтуге болады.

Сыр бойын мекендеген қаңлылардың бір бөлігі оғыздар келгеннен кейін өз мекенінде қалса, екінші бөлігі қоныс аударғанын айта келе, қаңлылардың қалған бөлігі оғыздармен араласып, сіңісіп кеткендiгi туралы В. Юферев сипаттап өтеді.

Біз зерттеп отырған тақырып бойынша этнограф, орыс шығыстанушы, археолог, Санкт-Петербург Ғылым академиясының академигі В.В.Радловтың еңбектерінің де маңызы зор.  Радлов көне түркі жазуын, оның тарихын зерттеп, грамматикалық құрылымы туралы құнды пікірлерін ұсынған.  Оның кейбір құнды еңбектері: «Ұйғырлар мәселесі туралы (Құдатқу билиг» басылымының алғышарттарынан) («К вопросу об уйгурах (Из предисловия к изданию Кудатку Билиг)»), «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» және тағы басқалары. Ол өзінің ғылыми еңбектерінде түркітанудың барлық салаларын дерлік: диалектология мен лексикографияны, текстология мен салыстырмалы тарихи фонетиканы, көне түркі, араб және ұйғыр ескерткіштерін, түркі халықтарының этнографиясын, фольклорын, тарихы мен археологиясын қамтыды. Тарих және этнография саласындағы еңбектерінің ішінде: 1) Орталық Азия мен Сібірдегі түркі тілдес халықтардың көне тарихы; олардың этнографиясы;  археологиясы мен мәдениетінің даму жолдары; 2) аңшылық пен көшпелі халықтардың даму ерекшеліктері, әсіресе түркі халықтарының тайпалық құрамын анықтау сынды мәселелері алдыңғы қатарға шығады.

В.В.Радловты көрнекті фольклортанушы ретінде атын шығарған «Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері» атты X томдық еңбегі болды.  В.В.Радлов өз зерттеулерінде ру-тайпалардың құрамы, тұрмысы, шаруашылық және отбасылық, діни-ғұрыптық түсініктері туралы құнды мәліметтер жинаған.

Белгілі орыс тарихшысы және шығыстанушы, этнограф Н.А.Аристовтың көптеген еңбектері негізінен Орталық Азияның кейбір халықтарының тарихы мен этнографиясына арналған.  Ол 1897 жылы Петербургте жарық көрген «Түрік тайпалары мен халықтарының этникалық құрамы туралы жазбалар және олардың саны туралы мәліметтератты кітабында түркі тайпаларының этнонимдері туралы көптеген маңызды мәліметтерін келтірген» .  Онда, мысалы, Кіші жүз керейттерінің этникалық шығу тегі туралы мәліметтер де бар. Дегенмен, бұл ақпарат нақты деректермен расталмайды, гипотеза ретінде ұсынылған.

Араб деректерінен Орталық Азияға қатысты мәліметтер аударылып, тарихшылар мен археологтар арасында кеңінен пайдаланылып жатты.  Бірақ жеке тарихи-мәдени аймақ ретінде қарастырылатын Орталық Азия туралы араб жазба деректерін арнайы зерттеу жұмыстары, әсіресе этникалық тарих бойынша толыққанды аяғына жете алған жоқ.