Көзге көрінбес Көктемір
06.02.2017 2754
Қылыш шаппайтын, найза өтпейтін, оқ дарымайтын, сілтеген қылышынан қырылған, лезде жоқ болатын неткен құдіретті күші бар батыр екенін зерттеңдер деп тыңшыларына тапсырыс беріледі

Жаугершілікте ақылға келіп, еркін сөйлесуді құрғақ кеңес нәтиже бермес деуде болмай тұрмайды. Көкірекке қан қатқандай қатыгездік кекті қантөгіспен аяқтап тынады. Дүние-мүлік таланады, тұтқын адамдар құлға айналады, Ресей патшалығы құл сатудан да пайда табатыны өткен тарихтан белгілі.

Жоғарыда айтқан сірескен қазақ-қалмақтың екі жақтағы қалың қолы бірімен-бірі тең сықылды. Орыстың Бірінші Петр патшасы қалмақтар атпен жүріске берік, қаруды қолдануы да мықты деп қазақтардың шекарасына топтастырғанынан, олардың тосын шабуылынан қаншама адам өлді, қаншама бала жетім қалды, қаншама әйел жесір атанды. Қалмақтар да өлді, игілігі, тіршілігі ойсырап талқандалды. Соғыста жақсылық жоқ, жеңіс жоқ. Өлер алдындағы құлақты тұндыратын дыбысты түсініп қақтығысты кінәлайтын пенде аз, көзсіз ерлікті олжаға батуды, жерді тартып алуды қанағатсыздана ойлайды. Қазақ батырлары қақтығыстарда екі жақтың жекпе-жекке шығып жеңісті қантөгіссіз бітіммен шешуді, кең отырып ақылмен іс түйінін шешуді айтса да, әлсіздік танытты деп масайрайды. От қаруын тапқан қазақтар жаппай қантөгістікті Алла да, қалың халық та кешірмес деп түсінген деседі. Содан от қаруы Қытайдың, одан кейін Ресейдің қолына өткен деседі.

Шындығы қайсы десек те, қазақтың жаугершілікте жекпе-жекке шақыратыны тарихтан белгілі. Оған киелі батырдың жауға жалғаз шабатыны да аян. Жайық бойындағы иелік жеріне басып кіріп қожалық ете бастаған қалмақтарды Байбақты батыр Астарханға дейін қуғанда «олда, білде енді қазақ жеріне тиіспейміз» деп ант-су ішкендей болып, біраз уақыт тыныштық тапқанымен, жылдар өте қақтығыстар тоқтаған жоқ.

Екі жүз жылға тарта қақтығыс, соғыс талайдың қанын төкті. Жоғарыда айтқан екі жақтың миллионға жуық әскері соғысқанда қаншасы тірі қалары белгісіз. Бұрқ ете қалатын қырқысу қасіретті қайғымен тынады. Екі жақты талай мемлекеттік дәрежеде келісім болса да тоқтау тапқан кезі аз. Сонау 1280 жылдары Бату ханның орыс жеріне шабуылы тұсындағы су астынан тұтқиылдан шыға келіп қалың қолды жайратып салатын Китеж туралы аңыз (Кете батыр делінеді, жаулап алған жері Новгород түбінде қала салды деседі) талай ғасырларға жетсе, одан кейін халық аузында «Көктемір» батыр туралы аңыз тарап, жаугершіліктен байтақ даланы аман сақтап, «жерұйықты аңсау» арманымызға жеттік деушілер де болған.

Ресей патшалығының мақсаты – өл-тіріл, жеріңді кеңіт, отарыңа үстемдік құр, қарсыласқанын киіз қазықтай жерге сіңіріп отыр деген, көршіні қайғыға ұшырату, қорлауға өздерін кінәлімін деп есептеткен жоқ. Шекараның арғы бетінде жай жатқан бос кеңістік емес, қорғайтын батырлары бар елді түсіну қайда? Олжа іздеген арсыздық, ақылынан адасқан қаскөйлік, өзгенің қайғысынан байлық іздейтін опасыздық, үстемсіген берекесіз өр мінезі, ұрыншақ ұтылғанын білмейтін қасиетсіздік, пасық менмендік, түптеп келгенде құдайдан безгендікті кешірмейтін кекті «Көктемір» қалың қолға жалғыз өзі құйындатып тиеді екен. Жарқылдағын күнге шағылысатын қылыш, жарқылдаған дене, көз қарықтыратын отұшқын сәулелер қалың жаудың қаруын кезенуді естерінен шығарып абдыратып тастайтын болыпты. 

Аңызға айналған Көктемір Ресей бекіністерін ауық-ауық шауып пысын басса, орыс купестерінің керуендерін тонағанына, оған патшалық әскерлерінің қандай да күші төтеп бере алмайтындай болғасын Орынбор губернаторлық кеңесі тыныштық сақтау келісімін жасауға кірісіп, бірақ «Көктемір жын ба, пері ме, адам ба, біліңдер» деп тыңшы жібереді. Қылыш шаппайтын, найза өтпейтін, оқ дарымайтын, сілтеген қылышынан қырылғандардың тұрған жері ойылып түсіп, ілезде жоқ болатын неткен құдіретті күші бар батыр екенін зерттеңдер деп тыңшыларына тапсырыс беріледі. Оны орындаушы жасауыл Ғұбайдолла Адгамов пен Рақымқұл Ыбыраевқа жүктеледі. Губернатор өзгенің қолымен от көсесе, өзінің қолы күймейтінін біледі, қайсақтарды шетінен бауыздап тыныштық орнатамыз, олардың дымын қалдырмай киіз қазықтай жерге тірідей сіңіреміз деген өктемдігі кектілікті қоздырып, қауіп-қатер төндіргенін іші сезсе де бас иетін түрін білдірмейді.

Сонымен Көктемірдің нағыз шындығын екі тыңшы кешірім өтінгенсіп, «сендер орыс халқын ыңыршағы айналған қайыршы еттіңдер, енді бізді де түгімізді қалдырмай тонап алғыларың келеді дей ме?» десе керек. Осылай зарланған тұста дыбыс: «Қылышты қынаптан суырып, Адгамов пен Ыбыраевтың басын бас, қолын қол етіп шауып тастаңдар, біздің жағдайымызды айтып сайрай алмайтын болсын, үстемдігінен запы болғанымыз жетеді» деген темір мен темірдің үйкелісіндей, адам даусына ұқсамайтын үнмен үй ішінен айтылған үрейлі үкім ғана, үкімнің орындалуы үшін ордадан әкетілгенде саудыраған ақша мен бастарын азар арашалап алған купестердің ұмытылмастай болып құлақтарында кетті (С. Бақтыгереев. Ойыл. Астана: Фолинат, 2008. – 80-б.).

Губернатордың қатты қауіптенген аңызға айналған Көктемір Қобданың бойында екі мың түтінмен көшіп жүретіндігі қандайда жаудың шекарадан өтіп жеріне аяғын бастырмайтын ерлік аңызы Ресейге қарсы ызалы топтың көптеп ұйымдасуына үлкен себеп болған деседі. Ұлтарақтай жерін жатқа бастырмауда талай батырлар есімі аңыз десек, «Көктемір» атанған Сапура Мәтенқызы екенін, жауынгер халқымыздың Тұмар, Зарема сияқты елін елдендіріп, жерін жерлендіріп қалың жұртына қорған болып, қол бастаған, қажетті жерінде сөз бастаған арудың даңқына кір келтірмеген Дүниежүзілік екінші соғыста Батыр атанған Әлия, Мәншүктердің Көктемір аңызынан тәлім алғаны кәдіксіз. Прометейдің қола айна деп киелідей көргені әрігіректегі сақ, сармат дейсің бе, осы халықтардың металь қоспаларынан ерекше киім дайындалды ма деп ойлауы ма екен? Қалың тобыр жауды көргенде бозғыл шаңды құйындата көтеріп, соның арасынан жасылша жайнап қарсыласын қырып салатын рухтың құдыретті күші, киенің қанша дәуір өтсе де, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыратын құдіреті деп түсінуге әбден болады. Әр үйдің аруағы болса, әр елдің, әр халықтың да аруағы, киелісі тыныштықтың қорғанына айналып жүреді.

Соғыс, қақтығыспен бүкіл елдің үрейін алатындардың өздері топырақ қабатынына Алланың көзі түзулігі мен аруақтың киесінің құдіретті күші. Гректердің жер мен көкті құдайдай көретіні, табиғаттың мейірін медеу тұтатыны рухтың мықтылығын қалыптастыратына әбден көз жеткізгендігі болар. Қазақтың «Рухы мықтының үнжұрғасы түспейді» деп ой түйгені тегін емес. Кейбір жыртқыш аң тәрізді зұлымды рухы мықтылар пысымен басады. Жаугершілікте бір адамның кеудесінен қан ақса, мыңдардың, миллиондардың, жазықсыз жандардың кеудесінен ағып тұрған қан деп есептеп соғыста жақсылық болмайды деп байсалдылық танытып кісілігін сақтайтын да рухтың мықтылығынан, ар-намыстың тазалығынан, пенденің киелі екенін ерекше түсінуден. Оған тарих көз жеткізеді...

Табыл ҚҰЛЫЯС, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)