Бөрібай Кәртен: Шындықты мойындай білу – ұлт мәдениетінің деңгейі
Бөлісу:
30.11.20222645
Тарих – алып мұхит. Оның тереңіне бойлап, құлаш сермеген де, жағасына ғана барып, кері қайтқан да тарихшылар жетерлік. Біздің қоғамда тарихи сана көп жағдайда рулық, ағайындық, туыстық деңгеймен қалыптасатыны жасырын емес. Әрине, өз тарихы мен танымын білу – әр ойлы азамат үшін парыз. Дегенмен өз тарихынан идеал тарих жасап алатын жасанды тарихи білім түптің түбі құрдымға кететінін мына жаһанда болып жатқан процесстер дәлелдеп те келе жатыр. Шын тарих қай тарих? Біздің қазақ тарихында әлі қандай шындықтар айтылмай жүр? Осы және өзге де маңызды тақырыптар жөнінде біздің порталымыздың тұрақты жазарманына айналған белгілі тарихшы Бөрібай Кәртенмен сұхбаттасып, көкейдегі біраз сауалға жауап алған едік. Ендеше сол сұхбатымызды қадірлі оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз!
– Бөрібай мырза, әңгімеміздің әлқиссасын мына сауалдан бастағым келіп отыр. Тарих дегеніміз не, тарих деп нені ұғынасыз және тарихтың миссиясы қандай болуы керек?
– Тарих – әр дәуірдің жәйі. Таратыңқырап айтсақ, халқымыздың бағзы заманнан бері кешіп келе жатқан тұрмыс-тіршілігі, бастарынан өткерген саяси-әлеуметтік ахуалы, түрлі оқиғалары. Мұның жақсы, жаман жақтарын біліп-тану келер күніміз үшін өте керек. Қателігі болса содан сабақ алып, ұнамды тұстарын үлгі ету, ұлттың кәдесіне жарату. Тарихтың қызметі осылай болуы тиіс деп ойлаймын.
– Әлкей Марғұланның жазбаларында Сегіз сері Мұхаммедқанапия Баһрамұлы Шақшақов екені және оның қай жерде дүниеге келгеніне дейін мәліметтер бар. Ал сіз «Сегіз сері – ойдан құрастырылған ертегі-қиялдың кейіпкері» дейсіз. Осы жөнінде тарқатып айта аласыз ба?
– «Сегіз сері» өмірде болмаған. Бұл турасында 2000 жылы «Ана тілі» газетінде сын мақаламыз жарық көрді. Сонда ақ-қарасын жан-жақты ашып айтқан ек. Қ. Биғожин дегеннің ойдан жасап шығарған кейіпкері екенін анықтап бергенбіз-ді. Өтіріктің орын алу себебіне тоқталып өтейік, былай болған: 1960-70 жылдары ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қорына ел ішінен фольклорлық мұраларды жинап тапсырушылар еңбегіне мемлекет арнайы қаржы бөлген. Ақшаға қатты қызыққан Қаратай Биғожин де халық арасынан ескі заман «туындыларын» жинай бастайды. Бірақ басқа жолмен. Басқа әдіспен. Ол «халық өлең-жырларын» өзі шығарады жанынан. Жанкісі жырау боп. Жанақ ақын боп. Біржан сал, Көкбай Жанатайұлы, Нұржан Наушабайұлы тағы басқалары боп. «Шығармаларының» кейіпкері қып «Сегіз сері» дегенді алады. Сыр бойы мен батыстағы Ырғыз өңірі арасын жайлайтын қазақтар арасында туған, үзіндісі С. Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабына енген «Мақпал – Сегіз» атты дастаннан. Бұрмалап. «Сегіз серінің» «атасы» «Қожаберген» «жырау» дегенді және ойлап табады. Биғожин осы «ақын бабаларына» өзі жанынан құраған күлдібадам «Қыз Жібек» «жырын», «Елім-ай» «дастанын» таңады, солар шығарды деп. Мерзімді басылымдар арқылы насихаттайды. Сонымен қатар халық мұралары мәтіндерінің кейбір тұстарын өзгертіп бұзып, немесе оған шатпақтап шумақ қосып, бәлен деген өлеңнің, жырдың бастапқы нұсқасы осылай еді деп те жіберіп отырған. Өтіріктің әуелгі өріс алуы осылай. Жақсы білетіндер Қаратай Биғожин туғаннан кемтар кісі-тұғын деп куәлік береді (Қараңыз: Қ. Омаров. Жалған ойға жармасқан топ. // «Қазақ әдебиеті» газеті, 29. 06. 2007 жыл).
Академик Әлкей Марғұлан: «...қолжазбаларды, Сегіз серінің өмірбаянын қадағалап жинаған кісі Қаратай Биғожин. Оның бір данасын Қаратай маған да әкеліп тапсырды», –деп жазған еді «Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер...» деген мақаласында. Бұл 1983 жылы «Жұлдыз» журналының 9-санында жарық көрді. Айта кету керек осы еңбегінде Ә. Марғұлан басқа да үлкен қателіктер жіберген-ді...
Халқына берерін беріп, санасы салыққан, сексеннің сеңгіріндегі қарттың алданып қап Қ.Биғожин дейтіннің сол өтірігі бойынша «Сегіз» атты «сері» болған деп жазып жүргені – осы. «Сегізтанушылардың» айғақ қылып жүргендері де – осы, Марғұлан жазды деп. Өтіріктерін қорғау мақсатында аталған беделді адамның есіміне сүйеніп бетбақтырмайды. Құйтырқысын білмегенсін қайдан ұқсын, ел ойлайды шын екен деп... Қ. Биғожин қарапайым жұртты, өзінің бірге туғандарын, жерлестерін, т.б. өстіп айрандай ұйытып, сендіріп тастаған.
«Сегіз сері» жайындағы өтірікке Білім министрлігі мен ҰҒА ғалымдары нүктесін қойған-тын. (Қараңыз: ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімі (27.11.2006 жыл. № К–1514 /. «Ана тілі» газеті. № 5. 1.02.2007; «Жұлдыз» журналы. № 3. 2007; «Қазақ әдебиеті» газеті. № 5. 2.02.2007 жыл; Қараңыз: ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғалымдарынан құрылған Тексеру комиссиясының қорытынды – сараптамасы (6.02.2007 жыл, № 056/35 - 0325). «Қазақ әдебиеті» газеті (№ 29. 20.07.2007 жыл.) Өкінішке қарай, елді адастыратын осы жалған нәрсені бір рудың төңірегінен аса алмай жүрген санасы қортықтар, таным-білімі кемдер ауық-ауық қоздатып қояды.
– Қайбір жылы қоғамда үлкен резонанс тудырған дүниелердің бірі – Бекболат Тілеухан орындап жүрген «Елім менің» әні Ғарифолла Құрманғалиевке тиесілі деген әңгіме еді. Бұл туралы әнді тани алатын, әнді бір кісідей білетін маман ретінде не айтар едіңіз?
– Құрманғалиевтердің куәлік беруінше Бекболат Ғарифолла әулетімен 1989 жылдан бастап араласа бастаған. «Үйімізге келіп жүргенінде отбасымыздың бірінің рұқсатымен архивті қараған Бекболаттың «Елім меніңнің» қағазға түсірілген нотасын сұраусыз алып кеткенін кейін осы әннің нотаға түсірілген тағы бір данасы басқа құжаттардың арасынан табылған соң бір-ақ білдік» дейді келіні Ләйла.
Ақиқатына келсек,«Елім менің» әнінің мелодиясы Ғарифолла Құрманғалиевтің жеке архивінде сақталып келген нотадағы әуеннің құрлымын, дыбыстық өлшемдерін, стильдік қолтаңбасын тағы басқаларын еш өзгеріссіз, айна-қатесіз қаз-қалпында қайталайды. Сондай-ақ, қағазда «Курмангалиев» «77» деп сиямен таңбалаған қолы да тұр.
Бекболат Тілеуханов иемденіп, «өзім шығардым» деп жүрген «Елім меніңнің» мелодиясын Ғарифолла Құрманғалиевтың орындауында 1977 жылы бетпе-бет тыңдап отырып, нотаға түсірген келіні Қабылқайырқызы Ләйла екен. Дауға айналған бұл шығарманың феномен әншінің Алматы қаласынан 1979 жылы жарық көрген «Әнші дауысы» атты жинағына енбей қалу себебі мына жағдайға байланысты болыпты: ұстаздың авторлық әндерінің топтамасы «Жалын» баспасына 1975 жылы тапсырылған. Бірақ түрлі сылтаулармен созып келіп, 70-жылдық мерей тойына орайластырылып, кеш шығарылады. «Б. Тілеуханов сұраусыз алып кетіп, өз авторлығына меншіктеген, нотаға 1977 жылы түсірілген «Елім меніңнің» мелодиясының аталған кітапқа енбей қалуы осы жайтқа байланысты еді» дейді келіні.
Құрманғалиева Ләйла Қабылқайырқызы турасында аз-кем мәлімет бере кетейік. Ол Құрманғазы атындағы өнер консерваториясының «фортепиано» факультетін 1971 жылы бітірген. Мамандығы бойынша консерваторияда, эстрада-цирк өнері студиясында, Чайковский атындағы музыка училищесінде, Т. Жүргенов атындағы театр академиясында ұстаздық еткен. Қайынатасы Ғарифолла Құрманғалиевтың жоғарыда аталған «Әнші дауысы» аталатын жинағындағы әндерді түгелдей нотаға өзі түсіріп, дайындаған.
Бұл жайында Ғарифолла келіні Ләйламен жүргізген сұхбатымды бірқатар сайттар орыс тіліне аударып, жариялады.
«Елім менің» деп ат қойып, айдар тағылған өлеңнің әуені турасындағы бұл шындыққа қазір күллі қазақ қанық.
– Адамның жеке басын әспеттеп, жеке басына табынған тарих түбі құлдырай ма, әлде ол қалыпты жағдайға айналып кете ме?
– Адамның жеке басына табыну – халықтың дамуын тежейді. Өсірмейді, дамытпайды. Қазақтың психологиясына совет өкіметі сіңіріп тастаған жаман әдет бар, содан әлі арылар түрі жоқ, бір басшының тұсында жақсылық көрсе соны мейрімі түсіп, сол жасағандай қабылдайды. Президент, әкім дегендердің халықтың қожасы емес, бар болғаны делдалдық қызмет атқаратын басқарушы-менеджер екенін ұғар емес. Осыны толық зерделемейінше, түсінбейінше лауазымына қарап, құлдық ұратын жағымпаздық мінезден құтылу қиын болар сірә!
Сондай-ақ, ақынға, әншіге, жазушыға ессіз құлай табыну – тек біздің қазақта ғана. Бұлардың қайсыбіреулерін тіпті «пұтқа» айналдырып жіберген. Біріне сын айтылса «ойбай-аттанға» басады. «Өзің соның деңгейіне жетіп ал!» дейді. «Қазақ үшін өзің не істеп ең?» дейді. «Қызғаныштан көре алмай отырсың» дейді, т.т.
Айтылған сын ұнамаған шығар, не кемшілігі, артық кеткен тұсы болған шығар. Бірақ соны әдеппен дәлелдеп көрсетуі керек емес пе, бірақ бұлай етпейді. Жәй қазағың тұрыпты, ел таныған ақындарың мен жазушыларыңның сиқы осындай! Бір-бірімен салғыласу.
Жалпы пікірді тыңдай білу, ондағы айтылған сынды, шындықты мойындай білу – ұлт мәдениетінің деңгейі деп ойлаймын. Сөз еркіндігі, демократиясы дамыған елде дарындылықты, даналықты бір адамның бойына таңып, онысын өзгелерге мақұлдатамын деп біздегідей әлекке түсіп жүрмейді...
– Осыдан бір 10 жыл бұрын «Елім-ай дастанының бұрмаланған нұсқасын оқулықтан алып тастау керек» дедіңіз. Мұнда сіз аталған дастандағы жыр жолдарын біраз сынап та алыпсыз. Демек Көшебе Қожаберген жыраудың өзі қолдан жасалған тұлға ма? Оған қоса Қожаберген жыраудың насихатын жасаған ғалымның бірі – Тұрсынбек Кәкішев еді. Сонда Т. Кәкішевтің Қожаберген жырауды ұлықтауына не себеп болды деп ойлайсыз?
– Жазушы Мұхтар Мағауин Қожаберген жыраудың жаңа өзің атап өткен «Елім-ай» дастанымен, өзге де шығармаларымен танысқан, мұндай шалдыр-шатпақтарға көп бас қатырмай сөздің тоқетеріне былай көшеді: «... Қожаберген атына қатысты басқа бір нұсқалар кейінгі кездің жамауының астында қалған. Аршып алу мүмкін емес. Сөйтіп Қожабергенмен қоштастым», – депті әлгі «толғау-жырлардан» біржола түңілген ол (Қараңыз: М.Мағауин. «Мен». Ғұмырбаяндық хамса.// «Жұлдыз».№8, 1998 жыл).
«Қожаберген жыраудың» жасанды кейіпкер, жасанды ақын екенінін дәлелдейтін басқа да айғақтар келтірейік. Бір жылдары 7-класқа арналған «Қазақ тілі» оқулығына Қожаберген жырау шығарды делінетін «Баба тілі» деген өлеңсымақты енгізді. Әлдекімдердің жанынан шығарып «Көшебе Керей Қожабергенге» теліген осы шатпақта былай делінеді:
Баба тілін қадірле,
Болашақтан түңілме.
Айналайын боздақтар,
Аралас тілге үңілме!
Бұған сенсек, қазақ тілінің мүшкіл жағдайы бұдан бірнеше ғасыр бұрын, дәлірек айтсақ, хандық дәуірде басталған, совет өкіметі тұсында емес.
Өлеңнің келесі шумағында:
Миды оят, жамиғат,
Қазақша алтын, жезіңді,
Қазақша жазбай жүргенді,
Түзет құрып тезіңді, – дейді.
Дүбәра тіркестерге құрылған бұл шатпақтарды шәкірттерге өлең деп ұсынған ғалымдарға айтар сөзіміз жоқ, көркемдік сапа тұрғысындағы бар таным-түсінігі осы болса?! Одан кейін былай дейді әлгі өлең мәтінінде:
Хат жазыссаң өзара,
Жетілдір, қазақ, сөзіңді.
Жат алдында ез болмай,
Берік ұста өзіңді...
Бұдан әрі сөз қозғаудың өзі артық, оған тұрмайды! «Баба тілі» аталатын шатпақ фольклорлық тіл үлгілеріне һәм ондағы баяндалған жайлар ХVIII ғасырдағы қоғам шындығына ешқандай жанаспайды. Көркемдіктен жұрдай, сын көтермейтін дүмблез дүние. Міне, осындай күлдікөмеш, жалған дүниелер мектеп қабырғасында насихатталды...
Біз мұны жан-жақты талдап, көлемді сын мақала жазған едік, оларды «Елім-ай» «дастаны» – былық пен шылық», «Елім-ай» «дастаны» – қойыртпақ!» деген атаулармен бірнеше сайттарға жария қылғанбыз, ықылас танытушыларға кез-келген уақытта оқып, танысуына еш кедергі жоқ.
«Сегіз сері», «Қожаберген жырау» сияқты өтіріктерді ашық қолдап, қолдау көрсеткен – Тұрсынбек Кәкішев. Әрине, оның бұл әрекеті тек бір рудың төңірегінен аса алмай қалған тар шеңбердегі санасына, ақсақалға тән парасаттылығының кемдігіне тікелей байланысты еді...
– Жалпы қазақ жырларын, дастандарын зерттеп қарасаңыз, көшірме дүниелерді де көп байқауға болады. Мәселен, Мұхтар Мағауин жазған «Қобыз сарынындағы» Асан қайғынікі делінетін «Таза мінсіз асыл сөз..»-дің Юлия Жадовскаянікі екенін журналист Сауытбек Әбдірахманов дәлелдеп берген болатын. Одан бөлек Махамбет пен Ақтамберді жыраудың өлеңдерін қарасаңыз да, ұқсастық өте көп. Сонда төл авторды қалай анықтауға болады? Әрі осы секілді өзіңіз тағы қандай мысалдарды білесіз?
– Асан Қайғыныікі деп жүрген «Таза мінсіз асыл сөз...» деп басталатын шағын толғауды Сауытбек Абдрахмановтың «Юлия Жадовкаяның өлеңінің аудармасы» деп басылым бетінде жариялағаны есімде. Бірақ мұны әлі нақтылау керек тәрізді. Солай екен деп қоштай салудың реті жоқ, қарсы уәж де айта алмайын. Бұл туралы пікір айту үшін жан-жақты зерделеп, сонан соң ғана ақ-қарасын анықтауға болады...
Ескерте кетер жайт, хандық дәуір поэзиясын зерттеген ғалым М. Мағауин Алматы қаласында «Жазушы» баспасынан 1971 жылы жарық көрген «Алдаспан» атты еңбектің 243-бетінде: «Таза мінсіз асыл тас» – Ұзақ толғаудың алғашқы жолдары. Осы кітапты құрастырушы 1968 жылы жазушы Ілияс Есенберлиннен алған. Тұңғыш жариялануы», – деген мәлімет берген.
Хандық замандағы жырауларды кейінгі ақындар үлгі тұтқан. Олардың кейбір жыр-жолдарын өздерінің толғауларында қайталаған. Бұл – сол дәуірдегі қалыптасқан дәстүр-тін. Әрине, өзінен бұрынғылардың сөздерінің үзіктерін ой-толғамдарына жәйдан жәй қоса салмаған. Қазтуған былай дейді:
«...Жатып қалған бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер,
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас
Қайран менің Еділім,
Мен салады, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!..»
Ал Махамбет бүй деп толғайды:
«...Жатып қалған тайлағы
Жардай атан болған жер.
Жабағылы тоқтысы
Қой болып, қора толған жер.
Аш-арығым тойған жер,
Жылаған бала қойған жер.
Шортаны қара бақандай,
Бақасы сары атандай,
Балдырғаны білектей,
Баттауығы жүректей,
Қымыздығы күректей,
Сонасы қоңыр үйректей –
Ондай қоныс маған жоқ,
Құдайым қылды – амал жоқ».
Аңдап қарасақ, Махамбет айтпақ ойын Қазтуғанның пікірімен үндестірген. Осы арқылы туған жерінің қадір-қасиетін баян еткен. Әрине, бұл жерде номад жырауды сөзбе сөз көшірмеген. Ұқсастыра пайдаланған. Ойын ажарлай түсу үшін, бекіту үшін. Түрлендіре, құбылтып.
Мұндай сарындастық тек Махамбетте ғана емес, өз кезегінде Махамбетті үлгі еткен Базар жырауда да кездеседі. Бұған да дәлел ұсынайық.
Махамбет:
«Бұл дүниенің жүзінде
Айдан көркем нәрсе жоқ –
Түнде бар да, күндіз жоқ,
Күннен көркем нәрсе жоқ –
Күндіз бар да, түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ –
Тілде бар да, дінде жоқ.
Көшпелі дәулет кімде жоқ –
Бірде бар да, бірде жоқ.
Азамат ерлер кімде жоқ –
Еріккен күні қолда жоқ.
Заманым менің тар болды –
Тура әділдік биде жоқ.
Бәрін айт та бірін айт,
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да менде жоқ».
Базар жырау:
«Айдан ару нәрсе жоқ,
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен ару нәрсе жоқ,
Күндіз бар да, түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ,
Ол тілде бар да, дінде жоқ.
Көшпелі дәулет, көп бейнет,
Біреуде бар да, бірде жоқ.
Іздегенмен таппайсың,
Өзі түгіл бұл кезде
Талайдың орны мүлде жоқ.
Ғалымның сөзін тұтпасаң,
Жәһилдің жолын ұстасаң,
Көретін шырақ шілде жоқ.
Іздемей-ақ әр жерден
Табылар талай жамандар
Бір жерге басы қосылған,
Екі жақсы елде жоқ.
Тұлғасын көріп көз тойған,
Туымына жұрт ден қойған
Төресін бұрмай тура айтқан,
Төбедей билер төрде жоқ...», – дейді.
Базар әуелі Махамбетті қайталай келіп, ойын одан әрі басқаша өрбітіп әкетеді. Бұдан дәстүр мен сабақтастықты көреміз, сонымен бірге жырға жаңа өрнек-түр де енген...
– Тарихқа рулық, жершілдік көзқарастың еніп кетуі аса қауіпті ме?
– Әрине, зиянды. Қазақтың санасы рулық сатыдан ұлттық деңгейге әлі толық көтерілген жоқ. Мұның нақты бір дәлелі – әр рудан «би», «батыр», «жырау», «күйші», «қолбасшы» жасаудың қалыпты жағдайға айналуы. Соларға ас беру, рулық шежіре жазу, көшеге есімін алып беру, ескерткіш орнату сияқты тірліктің соңында. Қазақтың басымы мұнан өзгеге бас қатырғысы жоқ. «Бәлен деген атамыз түген болған еді, мынау соның жерленген жері» деп ақ-қарасын анықтамай-ақ белгісіз молаларды әй жоқ, шәй жоқ иемденіп, кесене тұрғызған жайттар да орын алып жатыр. Аққа қарамен таңбаланған тарихи деректерді бұрамалап, ондағы есімдері ұқсас адамдарды өзінің атасына немесе бабасына айналдыра салу – осы күні қазақ үшін түк те қиын емес... Күлбілтелемей ашығын айтсақ мұның бәрі ұлттық ортақ мүддеге ұйыстыратын мемлекеттік идеологияның жүргізілмеуінен һәм бақылаудың жоқтығынан болып жатқан жағдайлар...
– Тарих ғылымы қазіргі уақытқа лайықты, дамыған мемлекеттерге қарап бой түзейтіндей қандай тақырыптарға басымдық беруі қажет?
– Бұны таразылап жауап беру керек сияқты. Тарих ғылымы тек батырларды, билерді ғана зерттеумен, соларды насихаттаумен шектеліп қалмауы тиіс деп ойлаймын. Жаратылыстану ғылымдарында болып жатқан жаңалықтарды да қамтығаны жөн ғой...
– Ән мәтіндерін терең зерттеп, бірнеше мақала жаздыңыз. Әннің мәтініне қарап отырып, оның мазмұны қай дәуірге, қай уақытқа тиесілі екенін оңай табуға бола ма?
– Иә, халық әндерінің, терме-толғаулардың мәтіндеріне шама-шарқымша шолу жасағанмын-ды. Бұл мұралар – тілдік қорымыз. Этнопедагогикамыздың, тарихымыздың энциклопедиясы...
Отарлық саясаттың тоқпағына байланысты көптеген әндердің сөздері совет өкіметінің үстем идеологиясына ыңғайластырылып қайта жаңартылып жазылған... Айтса ұзақ.
Кейбір әуендердің бір шумақтары қайсыбір өзге әуездердің сөздерін айна-қатесіз қайталайды. Бұдан ұққаным бағзыда әр орындаушы өздеріне ұнаған, көңіл-күйіне үндесетін өлең мәтінін әнге қосып, сонда баяндалған дүние туралы пайымды не әлденеге қатысты сезімді тыңдаушысына жарлаған тәрізді. Содан сол әуенге берік байланып қалған болар деп жобалаймын. Бұл жайында кеңінен бөлек баяндаған дұрыс болар...
– 30 жыл бойы бірінші президент Н. Назарбаевтың басқаруымен тұтас кезең өтті. Одан кейін міне, формалды түрде болса да, Қ. Тоқаевты 7 жылға сайладық. Айтыңызшы, біздің отандық тарих осы басшыларға және олардың басқарған кезеңіне байланысты әділ, нақты бағасын бере ме? Және Қазақстанның пропагандаға ұрынбаған әділетті тарихы қашан жазылуы мүмкін?
– Бұларға қазірдің өзінде баға беріліп қойды. Алда да беріледі... Таза, әділетті тарихтың жазылуы қазақтың өзіне, мәдениетінің деңгейіне тікелей қатысты. Қазіргі рулық санадан ұлттық деңгейге көтерілуге талпынбаса тарихқа әділ көзқарас ешуақытта болмайды. Бұған әлгінде басындағы сұрақта жауап берілді.