Рауан Кенжеханұлы: Онлайн мен дәстүрлі білім беру жүйесін бір-біріне қарсы қоюға болмайды
Бөлісу:
24.11.20222831
Адамзат ақпараттық қоғамға аяқ басқалы бері түрлі даму жолына түсіп, ақпараттық технологиялармен бірге келген түрлі мәселелермен де қатар ұшырасып жатыр. Оның ішінде қазақ қоғамы да мұндай тенденциялардан тыс қалған жоқ. Сондықтан да «қайтсек, қазақ қоғамын, қазақ тілін жаңа деңгейге көтереміз?» деген мәселе ұлтын, тілін сүйетін әрбір жанның санасында дабыл қағып тұрары хақ. Осы орайда қазіргі Қазақстанның білім саласындағы, аудармадағы, қазақ тілінің қолданыс аясы бойынша элитарлық топтар арасындағы мәселелерін қаузап, Bilim Media Group компаниясының негізін қалаушы, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлымен тілдескен едік. Ендеше сол сұхбатымызды қадірлі оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
- Рауан мырза, сұхбатымызды өзіңіз басқаратын Bilim Media Group компаниясының жұмысы туралы сұрақтан бастағым келіп отыр. Аталған компанияның бүгінге дейін жеткен жетістіктері қандай, қазір қандай жобаларды қолға алып жатырсыздар? Сол туралы айтсаңыз…
- 2022-2023 жаңа оқу жылына Bilim Media Group ұжымы үлкен дайындықпен келді. Электронды білім беру нарығындағы соңғы жаңалықтарды, тәжірибелерді үнемі қадағалап отырамыз. Оны еліміздегі білім беру жүйесіне бейімдеп, тиімді форматта беруге тырысамыз. Платформадағы пәндер мен оның мазмұны үнемі жаңарып отырады. Биыл білім мазмұны ғана жаңарып қоймай, платформа әлемдік IT-индустрия талабына сай жаңа қашықтан оқыту технологияларымен, оқушы мен мұғалімге арналған көмекші цифрлық құралдармен толықты. Басты жаңалығымыз – мұғалімдер мен оқушыларға және олардың ата-аналарына арналған Bilim мобильді қосымшасын іске қостық. Бұл – мектепте де, үйде де білім алуға ыңғайлы бірегей онлайн-ресурс. Қолданбада мұғалімдер үшін онлайн курстар, электронды портфолио жасалды, онлайн вебинарлар өткізу мүмкіндігі ұсынылды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы және Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірге дайындалған курстарымыз да бар. Бұл мұғалімдерге біліктілікті арттыру курстарын онлайн өтіп, арнайы сертификаттар алу мүмкіндігін береді. Ол сертификаттардың барлығы аттестация кезінде есепке алынады. Қосымшадағы курстар Оқу-ағарту министрлігінің сараптамасынан өтті. BMG командасы педагогтар қауымының уақытын, қаржысын үнемдеп, олардың заман жылдамдығына ілесіп, кәсіби дамуына көмектесуді көздейді. Қосымшаның оқушыларға арналған функционалы да бар. Танымдық шағын фильмдер мен сапалы оқу материалдары, мектеп пәндері бойынша интерактив сабақтар мен оның тапсырмалар бар. Оқу жылы басталғалы BilimStream жобасын қолға алдық. Мұнда мектеп пәндері бойынша репетиторлар оқушыларға қосымша білім беріп әрі ҰБТ-ға дайындық сабақтарын жүргізеді. Айта кету керек, бұл мектепте өтетін дәстүрлі сабақтарға ұқсамайды. Қазір оқушының назарын ұстап тұру оңай емес. Біздің мамандар оқыту форматын барынша қызық етіп құрастырып, сабақ түсіндіруде креатив идеялар мен тәсілдерді қолданады. Сондай-ақ балаларға арналған кітаптар, қазақ тіліндегі энциклопедиялар мен дамыту ойыншықтарын ұсынатын BilimShop дүкенінде жаңа кітаптар мен өнімдер саны да көбейе түсті. Биыл Bilim Media Group балаларға ғана емес, ересектерге де арналған кітап ұсынды. Жасампаз инноватор, танымал кәсіпкер Арсен Томскийдің «Indriver. Якутиядан Кремний алабына дейін» деп аталатын кітабын қазақ тіліне аударып, бастық. Бұл кітапта Якутияның шалғайдағы бір қаласында басталған, әлемнің 45 елінде 150 миллионнан аса адам қолданатын жаһандық технологияның құрылу тарихы баяндалған. Кітапты Kitap қосымшасынан оқуға әрі тыңдауға болады.
- Қателеспесем, компанияның негізгі құрамы «Болашақ» бағдарламасының түлектерінен құралған екен. Неге?
- Біздің компанияда қазір 150-ге жуық маман қызмет етеді. Олар АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Қытай, Түркия, Ресей және басқа да сырт елдерде білім алған. Иә, арасында «Болашақ» түлектері де аз емес. Біз – қазіргі технологиялар мен білім беру мақсаттары тоғысқан жаңа салада қызмет ететін инновациялық компаниямыз. Сондықтан ілгері тәжірибені үнемі қадағалап, оларды біздің білім беру жүйесіне бейімдеп отырамыз. Сондықтан әлемдік білім нарығындағы жаңалықтармен таныс, үнемі ізденісте жүретін креатив мамандардың басын қосуға тырысамыз.
- Қалай ойлайсыз, онлайн білім беру жүйесі дәстүрлі білім беру жүйесінің орнын толықтай алмастыра ала ма?
- Менің ойымша, онлайнды дәстүрлі білім беру жүйесіне қарсы қоюға да, екеуін жарыстыруға да болмайды. Технологиялардың көмегімен білім беру жүйесін дамытуға, оның тиімділігін арттыруға болады. Онлайн құралдармен оқыту дәстүрлі оқыту жүйесімен қатар жүруге тиіс, олар бірін-бірі толықтырып, күшейте алады. Білім саласындағы кей түйткілдерді дәстүрлі жолмен жылдам шеше алмаймыз. Мәселен,білім саласына түсіп тұрған демографиялық салмақ өте үлкен. Жаңадан салынатын мектеп санын 1000-ға дейін арттыру міндеті қойылды. Алайда 1000 мектеп салудың өзі бұл мәселені түпкілікті шеше алмайды. Қазір еліміздегі 7 400 мектепте 3 жарым миллиондай оқушы білім алады. Балалардың 80%-ы – екі ауысымды, 215 мың бала үш ауысымды мектепте оқиды. Орта білім беру жүйесін толықтай бір ауысымға көшіру үшін бізге 3 мың мектеп салу қажет. Алайда бұл мәселені дәстүрлі, экстенсивті жолмен шешуге ұмтылып, жүйені жаппай керемет мектеп, білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін қыруар қаражат қажет. Ол тым күрделі және қымбат.
Бұл жағдайда білім сапасы мен қолжетімділігін көтерудің ең тиімдің жолы – технологиялар. Онлайн білім беру баланың мектепте ала алмаған, алып үлгермеген білімін толықтыруға, қосымша дағдыларды игеруге жол ашады.Әлемдік банк зерттеуіне сәйкес, қазір Қазақстандағы адам капиталы индексі – 63%. Бұл – баланың туғаннан бастап он сегіз жасқа жеткенге дейін қалыптастыруға тиіс дағдылары мен қабілеттерінің жиынтығы. Мектеп бағдарламасы аясында 39 пән бойынша 1-11 сынып аралығында балаға үйрететін дағдылар саны – 12 мыңдай. Мұнда пәндер негізінде берілетін дағдылардан басқа ересек өмірге қажет қабілеттердің бәрі кіреді. Қазақстандық білім беру жүйесі осы дағдылардың 63%-ын ғана бере алып отыр. Біз осы мәселелердің шешімін цифрландырудан, жаңа технологиялардан іздейміз. Мұндағы біздің міндет – ең озық мектептер мен ең білікті мұғалімдердің тәжірибесін технологиялардың көмегімен әр балаға жеткізу. Жоғарыда айтылған 12 мың дағдыны соңғы технологиялар көмегімен қысқа уақытта және аз ғана шығынмен цифрлық форматқа өткізуге болады.
- Білім берудегі ең өзекті мәселе «теңсіздік» екенін, елімізге инклюзивті білім беру жүйесі керек екенін айтасыз. Қарап тұрсаңыз, қазір ата-аналардың көбі баласын жалпы білім беретін мемлекеттік мектептерден гөрі ақылы, оқыту ақысы қымбаттау мектептерге бергенді жөн санайтын секілді. Егер бұл процесс қатты қарқын алса, мемлекеттік мектептердің «тағдыры» не болмақ? Айтайын дегенім, жекеменшік, ақылы мектептердің көбеюі мемлекеттік мектептерге деген сенімсіз көзқарасты қалыптастырмай ма?
- Білімнің сапасын көтеру – тек мемлекеттің жұмысы емес. Ол – барлығымызға ортақ міндет. Себебі қазіргі білім беру сапасы тез жетілдіруді талдап етеді. Қала мектебі мен ауыл мектебі, жеке және мемлекеттік мектеп, халықаралық және жергілікті мектептегі білім сапасындағы айырмашылық қоғамдағы теңсіздікке әкеліп жатыр. Біз «бай байи түседі, кедей кедейлене береді» дегенді жиі айтамыз. Оның түп тамыры білім беру саласында жатыр деп ойлаймын. Біз бәріне ортақ жақсы, сапалы білім беру жүйесін қамтамасыз ете алмасақ, онда білім беру жүйесінен шыққан теңсіздік барлық салаларға, соның ішінде, әлеуметтік теңсіздік пен топтардың өзара түсініспеушілігіне алып келеді әрі түрлі қиындықтарға соқтырады. Сол себепті білім беру саласына жоғары деңгейде көңіл бөлу, оның мәселелерімен жүйелі түрде айналысу мемлекеттің ғана шаруасы емес, қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде кәсіпкерлердің де міндеті деп санаймын. Жекеменшік мектептер көбейсе, мемлекеттік мектептер әлсірейді немесе назарсыз қалады дегенмен келісе алмаймын. Керісінше, жекеменшік мектеп саны көбейсе, мемлекеттік мектептерге түсіп жатқан асыра салмақ азаяр еді, екі және үш ауысымда жұмыс істейтін мектептер азайып, толық күн білім мен тәрбие беретін мемлекеттік мектептердің де жағдайы жақсарып, білім сапасын арттыру мүмкіндіктері өсер еді.
- Әлеуметтану ғылымында қоғамды әлеуметтік мәртебесіне қарай жіктегенде екі негізгі ұғым барын айтады. Бірі – аскриптивті, яғни табиғи жолмен, дүниеге келе сала берілген мәртебе және екіншісі – тұлғаның өзі қол жеткізген мәртебе. Енді сіз ғылымға бет бұрған, біраз лауазымды қызметтерде болған Кенжехан Матыжановтың баласысыз ғой. Сіздің отбасында көрген, түйген дүниелеріңіз қазіргі тұлғалық, әлеуметтік болмысыңызға қалай әсер етті деп ойлайсыз?
- Мен ғалымдар отбасында дүниеге келдім. Әкем – әдебиеттанушы, фольклорист, анам – ұстаз, тілші-ғалым. Сондықтан менің қазақ тілін, қазақ тіліндегі мазмұнды дамытумен айналысуым заңдылық сияқты. Өз мамандығым лингвист емес, бірақ маған тіл төңірегіндегі кез келген мәселе жақын, тілге қатыстының бәріне қызығамын. Бұл қызығушылық бала кезден басталды. Дастархан басында үнемі осы тақырыптар сөз болатын. Үйге келген қонақтардың да айтатын әңгімелері тілді дамыту, қолданыс аясын кеңіту төңірегінде өрбіп жататын. Біз ойын баласы болсақ та, сол кезден бастап тілге деген құрметті, ана тіліміздің алдындағы міндетті түсініп, түйсініп өстік…
- Қазақстандағы бірегей жобалардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы еді. Сіз сол жобаның басы-қасында жүріп, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры да болдыңыз. Аталған жоба неліктен тоқтап қалды? Және әлемдік озық оқулықтарды аударған кезде қандай түйткілдерге тап болдыңыздар?
- Иә, Ұлттық аударма бюросы 4 жылда «100 жаңа оқулық» жобасы аясында 100 оқулықты аударып, қазақ тіліндегі гуманитарлық ғылымға мол жаңа білім әкелді. Философия, әлеуметтану, психология, дипломатия, дінтану, лингвистика, семиотика, педагогика, интернет психологиясы, мәдениеттану, антропология, журналистика, экономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық, интеллектуалдық құқық, кинотану, театртану, шығыс философиясы, көшбасшылық, медиа, этнография секілді бағыттарды қамтыған оқулықтар 10 000 дана, жалпы миллионнан аса таралыммен еліміздегі 132 оқу орнына тегін жеткізілді.Жоба тоқтап қалған жоқ, ол өз межесіне жетті. О баста мақсат етіп қойылған 100 оқулық қазақ тіліне аударылды. Ал аудармадағы түйткілдерге келер болсақ,біз жүгіне қоятын, кез келген сұрағымызға жауап табатын не бір институт, не бір орталық болған жоқ. Салалық сөздіктер негізінен ғылыми ұғымдарды қолдану контексін ескермей құрастырылған, тартынбай, сөздіктегідей ала беруге келмейді. Ол сөздер ғылыми мәтінде, сөйлемнің ішінде кездескен кезде өз қызметін қалай атқарады дегенге мүлде назар аударылмаған. Сондықтан терминком бекіткен аударма да, институттар шығарған салалық сөздіктер де біз арқа сүйейтін сенімді көмекші құрал бола алмады. Жобаға таңдап алынған кітаптардың барлығы – әлемнің ең үздік университеттерінің оқу бағдарламасына енген, бірнеше рет басылған аса құнды оқулықтар.Академиялық аударманың өз ерекшеліктері бар. Оны пәнді білетін, терең түсінетін, әрі екі тілді де жақсы меңгерген ғалымдар жасауға тиіс. Пәнді білетін, оны кітаптың түпнұсқа тілінде оқып түсіне алатын және түсінгенін қазақ тілінде сауатты, ұғынықты етіп жаза алатын маман табу өте қиын. Ондай адамдар аз. Сондықтан да түрлі мамандардың басын қосып, оларды ортақ мақсатқа, жұмыла еңбек етуге шақырудан басқа амал жоқ. Әлбетте, аудармашы, ғылыми редактор және әдеби редакторлар арасында пікір-талас болды. Ғалымдар ғылыми дәлдікті айтып, мұндай кітаптарды оқу үшін адамға дайындық керек екенін алға тартады. Мұндай мәтіндер баршаға бірдей түсінікті болуы шарт емес дейді. Ал әдеби редакторлар аударма мәтіннің жатық, оқуға жеңіл болуын талат етеді, көркемдік тұрғыдан жоғары талап қояды. Осындай пікір-таластар арқылы ортақ бір шешімге келуге тырыстық.
- Жоба барысында отандық аударма саласынан қандай кемшін тұстарды анықтай алдыңыздар? Әсіресе дамыған мемлекеттермен салыстырғанда ғылыми, танымдық материалдарды аудару процесі бойынша әлі де кешігіп жатқанымыз байқалды ма?
- Ғылыми аударма саласының өзіндік ерекшелігі мен қиындығы бар екенін жоғарыда айттым. Сондықтан ғылыми аударма ісі жолға қойылған елдердің тәжірибесін мұқият зерттеп, әлемдегі аударма ісінің озық тұстарын алуға тырыстық. Аударма тілін жатық, ұғынықты ету мақсатында аударма ережелері мен қағидаларын дайындап, бекіттік. Бұған дейін ғылыми әдебиетті ағылшын тілінен қазақшаға тікелей аудару жоқтың қасы еді. Негізге алуға болатын қалыптасқан жұмыс үлгісі жоқ еді. Сол себепті ғылыми мазмұнды байытып, аударма сапасын жаңа деңгейге көтеруге ниетті жанашыр ортаның ойы, ұсынысы мен пікірін тыңдадық. Иә, біздегі аударма ауқымы әлі де жеткіліксіз. Себебі әлемде жыл сайын, ай сайын, күн сайын қаншама жаңа кітап, жаңа мазмұн жасалып жатыр. Олардың өз тілімізге аудару әлемдік талқыдан сырт қалмай, дамыған, өркениетті елдерге ілісе алуымыз үшін керек. Аударма ісі – біздің қоғам және ұлт ретінде өсуіміз үшін ауадай қажет. Біз әзірге әлеммен таласа алатын мазмұн шығармаймыз, білім беру әдістемесі мен мазмұны, ғылыми негіздер мен технологиялардың, тіпті күнделікті көріп тыңдайтын кино мен музыкамыздың басым бөлігі сырттан келеді. Оның барлығы бізге, негізінен, өзге тілде жетіп жатыр.
Мұны шектеу, тежеу мүмкін емес. Бірақ біз осындай мазмұндық алыс-беріске өз тілімізде қатысып, өз мүддемізді қорғай білуіміз қажет. Бұл – көзге көрібейтін күрес, қажет десеңіз, майдан. Ең оңайы – қажет тілді меңгеріп, керегімізді сол тілде емін-еркін тұтыну. Бірақ көп ұлттар соған алданып, жұтылып, жоқ болып кетуде. Өткен заманды ғана емес, қазіргі өмірді де дәл сипаттар күші, келешекке қажет мазмұны болмаса, тіл қуатынан айырылады. Тіл жоғалса, ұлт та болмайды. Ұлт болмаса, мемлекет те қажет болмай қалады. Сондықтан да қазақ тіліндегі осы өмірге қажетті, сапалы мазмұн қалыптастыру – біз үшін ең маңызды мәселенің бірі. Ал оны тез шешіп, қоғамды басқа сапалық деңгейге шығарудың ең төте жолы – аударма. Аударма арқылы әлемнен алып қана қоймай, өзіміз де көп дүние бере аламыз. Түптеп келгенде, ұлттың қуаты сол ұлттың жасап шығарған, адамзаттың ортақ қорына салған мағына, мазмұнымен өлшенеді.
- Қазақ қоғамында маңызын жоймаған, күні бүгінге дейін өзекті болып келе жатқан бір мәселе бар, ол – қазақ тілінің мәселесі. Жасыратыны жоқ, қазақ қоғамында жүріп, кейбір жоғары білімді дейтін азаматтармен әңгімелескенде «ағылшын тілі – ғылымның тілі», «орыс тілі – көркем аударманың тілі» деген сияқты қоғамда әбден орнығып алған таптаурындарды жиі естимін. Меніңше, осы тәріздес әңгімелердің астарында қазақ тілінің болашағына деген сенімсіздік, оның тағдырына бейжай қарайтын ұстаным бар. Және сол ұстанымды насихаттаушылар негізінен орыстілді билік өкілі һәм өкілдері сияқты көрінеді де тұрады. Сіздіңше қалай? Бұған кім кінәлі деп ойлайсыз?
- Иә, элитаның рөлі өте маңызды. Саяси және іскерлік элита қазақ тілінде жатық сөйлемесе, заңдар қазақша жазылып, соттар істерді қазақша қарамаса, біздің алға жылжуымыз қиын болады. Одан бөлек мәдени элита бар, оның да ықпалы өте зор. Жаңа мән мен мағына туғызатын, мазмұн құрастыратын, қоғамдағы процесстерді, болып жатқан өзгерістерді адамдарға ана тілінде түсіндіре алатын, терең ойлайтын, сол ойын ұғынықты, әдемі жеткізе алатын, тегеурінді зиялы орта қажет. Қоғам, мемлекет, экономика жайлы мұндай маңызды талқы әзірше қазақ тілінде жоқтың қасы. Кім кінәлі дейсіз бе?! Өзіміз кінәліміз. Тиісті талап қоймаймыз, қажетті дәрежеде еңбек етпейміз. Не істеу керек деген сұраққа әркімнің өз жауабы бар. Мен жаппай аударма қажет дермін, басқалар тағы бірдеңе керек дер. Сол жауаптардың барлығы дұрыс. Тек соны жасау керек.
- Сұхбаттасып, сұрақтарыма жауап бергеніңізге көп рақмет!