Алтай-Қобда күй аңыздары
21.10.2022 3065

Сыбызғы күйлері Алтай-Қобда қазақтары арасында кеңінен тараған. Былайша аңдап қарағанда әуен өрімі бір-біріне ұқсас болып сезілгенімен, олардың әрқайсысының жеке-жеке тарихына сай, жеткізетін сезім күйі де сан алуан. Сыбызғы күйлері де әдетте халықтық және авторлық болып бөлінеді. Алтай-Қобда сыбызғы күйлерінің ежелден бергі ерекшелігі – осы өңірде мекендейтін халықтарға ортақ болып келетіндігі. Мұны көршілес, тағдырлас, өмір сүру қалпы, мәдениеті ұқсас жұрттар арасындағы өзара байланыспен түсіндіруге болады. 


Қазақтар мен батыс монғолдарға ортақ біршама сыбызғы күйлері бар. Солардың бірі парасы – «Арбиян қоңыр» күйі. Бір парасы деген себебіміз – «Арбиян қоңыр» күйі цикльдік сипатқа ие. Осы тұрғыда «Арбиянның жастық шағы», «Арбиян қоңыр» атты екі күй – бұлар жеке-дара күйлер.

«Арбиянның жастық шағы»

«Арбиянның жастық шағы» күйінің аңызы бойынша Арбиян атты ұраңқай жігіті қазақ қызына ғашық болады. Екі халықтың тегі, діні, салт-дәстүрі қарама-қарсы болса да, алдында тұрған қиыншылықтарға қарамастан ұранқай жігіті Арбиян өзінің сүйген қызына қосылып, елдің ішіне сіңіп кетеді. Арбиянның өз өмірін, жалынды жастық шағын сыбызғы тілімен бейнелеп тартқан күйі екен. Жалпы Алтай-Қобда қазақтары тарихында қазақ қызымен үйленіп, қазақ арасына етене араласып ұрпақ өрбіткен монғол ұлтты азаматтар әр дәуірде аз да болса, болғаны белгілі. Олардан тараған елге елеулі азаматтар бар.

«Арбиян қоңыр»

«Арбиян қоңыр», бұл – Арбиян күйшінің өз өмірінен алынған мұңлы-зарлы күй. Қазақ қызына үйленіп, ел ішінде біртоға өмір сүріп жатқан Арбиянның отбасында ұл бала дүниеге келеді. Көз қуанышы болып өсіп келе жатқан сол бала әкесі аңға кеткенде өзен жағасында ойнап жүріп, аяғы тайып суға құлап кетеді. Аңнан келген Арбиян баласының қайғылы ақазға ұшыраған хабарын естиді. Сонда қапаланған Арбиян беліндегі сыбызғысын алып, бір ащы зарлы әуенді ойнай бастайды. 

Бұл күй: қапияда қазаға ұшыраған баласын жоқтауы және «Болмасқа болаттай берік бол!» - деп жан жарын жұбатуы екен. Баяу екпінмен толқыта тебіреніспен тартылатын, әлдебір қимас сағыныштың ащы зары бебеулеген қамырықты күй тыңдаушысын тебірентпей қоймайды. Мынау бес күндік жалғанның бекер екенін, қуаныш пен қайғы астасып қатар жүретіндігін, тағдырдың басқа салған ісіне көнбеске амалдың жоғын сыбызғы тілімен ұғындырғандай.

«Бейжің сары»

Халық арасында кеңінен тартылып жүретін күйдің бірі – «Бейжін сары». Бұл күйдің тарихы жөнінде мынадай мәлімет бар. Мал баласының туған жеріне деген сағынышы адамнан кем емес. Бұған қатысты ертелі-бүгінгі аңыз көп. Атап айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында майдан даласынан қаншама мың шақырым жол жүріп туған жерге жеткен аттар жайлы аңыздар айтылады. Монғолиядан Въетнамға көмекке жіберілген жылқының қаншама өзендер мен тауларды, жыныс ормандарды, шөл даланы көктеп өтіп, туған өлкесіне аман жеткені туралы нақты деректер бар. Соған ұқсас, адамның досы үй жануарының төзімділігі мен туған жерге сағынышын арқау еткен аңыздың бірі «Бейжің сары» аталған атанға қатысты айтылады. 

Ертеде қазақтар Бейжіңге (Пекинге) керуен тартып сауда жасайды екен. Айлар бойы ауыр азапты жолды басып, туған жерден ұзаған сайын керуендегі сары атанның келген ізіне қарай бұрылып, аңырап боздауы ұлғая түседі. Сары атанның қашып кетуі мүмкін екенін аңғарған керуеншілер бұйдасын қазандай тасқа бастырып қояды. Керуеншілер ұйықтаған кезде, тасты күшпен аударып, босап шыққан сары атан жүгімен кері қашады. Сөйтіп ақыры туған жеріне жеткен екен. Халық күйшісі сары атанның табандылығы мен сағынышын күй тіліне түсірген екен. «Бейжің сарының желісі» – «Бейжің сарымен» желілес күй. «Бейжің сары» күйін дәл осындай аңызымен ұраңқай цууршылары да тартады. Бұл – ұраңқай-қазаққа ортақ күй.

 

«Жалғыз жігіт»

Сыбызғыда жиі орындалатын терең сырлы әузедің бірі – «Жалғыз жігіт» күйі. «Жалғыз жігіт» күйінің ат айтып тұрғандай, ертеде өзінің алад еңбегімен күн көрген бір жалғыз жігіт болыпты. 

Өзінің азғана жылқысын бағып жүрген жалғыз жігіт малымен қоса жортуылшы жаудың қолына түседі. Топты адамға әлі жетпейтінін түсінген жігіт жаудан жылқысын аралатуды сұрайды. Жаулар бақылаумен алып жүреді. Осы кезде жалғыз жігіт өзінің өткен өмірін, бүгінгі аяянышты халін сыбызғы тілімен толғап шығаран күйі екен. «Жалғыз жігіт» күйінің екінші нұсқасы – жалғыз жігіттің қолға түскенін естіген анасы мен жарының зарлап жоқтауы екен.

«Жаралы ақбөкен»

Сыбызғы күйлерінің едәуір бөлігі аңшылық тақырыбына қатысты болып келеді. Сондай күйлердің бірі – «Жаралы ақбөкен». Ақбөкен ертеде қазақ даласының көп жерінде еркін жайылған. «Жаралы ақбөкен» күйінің аңызы былай сыр шертеді.

Ертеде бір мерген әрі сыбызғышы жігіт әдеттегідей аң аулауға шығады. Оның бұл жолғы аңға шыққандағы мақсаты – мүйізі бағалы ақбөкенді ғана атып алу екен. Ақыры ол жүре-жүре, алдындағы жазықта жайылып жүрген бір топ ақбөкенді кезіктіреді. Көздегенін мүлт жібермейтін мерген ақбөкеннің ішінен көздеп тұрып біреуін атады. Алайда әлгі жараланғандай болған ақбөкен жығылып қалмай, ақсаңдай басып, қырқаны асқан қалпы аңшыға жеткізбей кетеді. Көздегенін құлатып келген аңшы бұл жолғы сәтсіздігін аңның киесіне балап, қатты қапа болады. Сөйтіп мерген сыбызғыға ақбөкеннің жүрісін, өзінің көңіл-күйін қосып осы күйді тартқан екен.

 

«Жорға аю»

Қазақ пен ұраңқай сыбызғышылары мен цууршылары сызылта орындап келе жатқан, домбыра-сыбызғы дуэтінде сәтті шығатын бір күй – «Жорға аю»

«Жорға аю» күйі туралы аңыздың сорабы да бірнеше түрлі. Солардың біріне алып күштің иесі аюдың жанкешті әрекеті арқау болған.

Аю – Алтайды мекендеген халықтар, соның ішінде қазақтар үшін де осы таудың иесі, алып дию күштің иесі болып есептеледі. Аюға қатысты аңыздар Алтайдың төрт тарабында өте көп кездеседі. Алтайдың Қобда бетіндегі қазақтар арасында тараған «Аю» биі – кеңінен тарамаса да күні бүгінге дейін жетіп отыр. «Жорға аю» күйінің шығуы туралы аңыздың да бірнеше нұсқасы бар. 

Алтайдың арыны қатты өзенінің бір аралына апан салған аюдың қонжықтары сонда өсіп жатады. Аю жем іздеп тауға шығып кеткенде қатты нөсер жаңбыр жауады. Өзеннің суы көтеріліп кеткендіктен, апанды шайып кету қаупі туады. Қауіпті сезген аю апанға қарай жорғалай құйғытып келе жатып, суға ағып бара жатқан қонжықтарын көреді. Жандәрмен тасқын суға қойып кеткен аю жалдай жүзіп жүріп, қонжықтарын өлімнен құтқарып қалады. Аюдың осы жанкетші әрекетін алыстан бақылаған аңшы «Жорға аю» аттты күйді шығарған екен.

 

«Жұбату»

Сыбызғы үні – адамның көңіл күйінің тамыршысы. Сыбызғы әуені адамды бірде мұңға батырса, бірде жадырата сергітеді. Өмірге деген құштарлықты оятады. «Жұбату» күйі де адам баласының басына түскен бір қиыншылық жағдайды сейілтуден шыққан екен.

Ертеде бір ханның жалғыз баласы болыпты. Баласы желкілдей өсіп келе жатқанда жастай қайтыс болады. Жалғыз ұлының қазасына қайғырған хан құсаланып жатып қалады. Қайғыдан басын көтере алмай жатып қалған ханды уатып, көңілін аулау үшін небір аузы уәлі, сөзі дуалы ел ағалары, би-шешендер сарайға келіп, уату сөзін айтқанымен, ханның жүрегіне жетіп, санасын сергіте алмайды. Сонда ел ішіндегі бір атақты сыбызғышы: «Ханның басындағы қайғысын сейілту менің қолымнан келер, тәуекел!» - деп сыбызғысын беліне қыстырып алып ордаға барады. Ханның ордасына енген сыбызғышы еппен басып келіп сәлем бергенімен, сәлемін алмайды. Осы кезде сыбызғысын қолына алып күй тарта жөнеледі. Хан күйді тыңдап түрлі ойға батады. Күй аяқталғанда, көз жасын сүртіп, басын көтереді. Сыбызғышыға ризашылығын білдіріп, құрметтейді. Сөйтіп ханның басын көтертіп, қайғысына тоқтау болған бұл күй тарихта «Жұбату» деген атпен қалыпты.

«Кербез қыз»

Сыбызғы күйлерінің тақырыбы сан алуан. Мұнда өмірдің қатпар-қатпар сырлары жатыр. «Кербез қыз» күйі – сол өмірдің өзінен түйген қорытындының жемісі, бір сәттік көңіл құбылысының айнасы.

Ертеде бір байдың үш ұл, бір қызы болыпты. Алтауы да келбетті, көрікті болған екен. Бай үш ұлына ел ішінен таңдап жүріп өздеріне лайықты қалыңдық айттырып, қосады. Енді бойжетіп келе жатқан қыздарын құтты орнына қондыруды ойлапты. Үлкен екі қызын ұзатқанымен, аяғының сылтымасы болғанына қарамастан, байдың кенже қызы жігіт таңдап отырып қалады. Небір менмін деген жігіттердің бетін қайтарып тастайды. Бір күйші жігіт те кенже қызға сөз салады. Ақыры күдерін үзіп, өз жөнін табады. Жылдар өткенде байдың аулына келген күйші жігіт бұл күнде әр тайып,кәрі атана бастаса да кербездігін танбаған қыздың қылығына таңдана отырып «Кербез қыз» күйін тартқан екен дейді.

«Өрелі кер»

«Сыбызғы – жылқының азаны» демекші, сыбызғы күйлерінде жылқының үні, жүрісі, т.б. сипаттар аса мол кездеседі. Сондай кйүлердің бірі «Өрелі кердің» шығу тарихы былай екен. Сыбызғысын бебеулеткен бір күйші жігіт болыпты. Ол жалшылықпен күнін көреді екен. Әлгі жалшы жігіттің бір өрен жүйрік әрі тайпалған су жорға кер аты болған екен. Жалқы жігіттің жалғыз аты талай бәйгелердің алдын бермепті. Жігіттің кер тұлпарына талай бай-бағланның көзі түсіп, мол ақысын беріп сатып алмақ болса да, жігіт көнбепті. Ақыры жігіттің бірбеткейлігіне бола ішіне қан қатқан зорекер байлардың бірі жігіттің шаңырағын ойрандап, кер атты күшпен тартып әкелуге бір топ жігітін жұмсайды. Бұлардың аттанғанын жалғыз жігіт те естиді. 

Жасанған жаудан құтылудың жалғыз амалы қашып құтылу деп шешкен жалқы жігіт өрелеп жайылтып қойған кер атын іздеп шығады. Ауылдың маңын тінте сүзіп кездескен қойшы-қолаңшыдан: «Өрелі кер көрдің бе?, Өрелі кер көрдің бе?» - деп сұрай береді. Қойшы өрелі керді көрмегенін айтады. Қалыңдығы: «Өрелі кер мұнда тұр, өрелі кер мұнда тұр!» - дейді. Ақыры өрелі керді ұстап алып, жау келіп қалғанда аяғындағы өресін алуға да аял қылмай, мінгесе қашады. Сөйтіп өрен жүйрікпен қуғыншыларға жеткізбей, құтылып кетеді. Жаудан алыстап кеткен соң ғана ат басын тартып, кер аттың өресін шешіп алады. Жау кеткен соң біртіндеп аулына оралады. Өрелі кердің ғаламат жүрісіне, шабысына риза болған жігіт «Өрелі кер» деген күй шығарған екен. Қоңырқай майда үнмен тартылатын «Өрелі кер» күйінің үш түрлі нұсқасы белгілі.