1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық және оның салдары: зерттеудің жаңа дереккөздері, мәселелері мен болашағы
07.10.2022 3984

2022 жылғы 6 қазанда ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы  ашаршылық және оның салдарлары: зерттеудің жаңа дереккөздері, мәселелері мен болашағы» тақырыбында республикакалық ғылыми-теориялық конференция өткізді


6-қазан күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қабырғасында «1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық және оның салдары: зерттеудің жаңа дереккөздері, мәселелері мен болашағы» атты Республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияның негізгі мақсаты Тарих институтында жүргізіліп отырған АР09259227 «1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық және оның салдары (жаңа архивтік және жазба материалдар негізінде)» тақырыбындағы ғылыми жоба аясында зерттеу нәтижелерінің аралық қорытындысын жасап, көпшілік қауымға таныстыру. Сонымен қатар 1921-1922 жж. ашаршылық мәселесіне қалың оқырманның көңілін аудартып, оның ауқымы мен салдарына, пайда болуының алғышарттарына, билік өкілдері мен ұлттық интеллигенцияның аштықпен күрестегі орны мен рөліне, шетелдік қайырымдылық ұйымдардың қызметіне, т.б. өзекті мәселелерге тоқталу. 

Алқалы жиынға Республикамыздың белді ғалымдары, жоба орындаушылары, тарих институтының қызметкерлері, отандық тарих мәселесіне қызығушылық танытқан оқырмандар атсалысты. Сондай-ақ, арнайы шақырылған шетелдік ғалымдар: Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімі Тарих институтының директоры (РФ, Новосібір қ.), тарих ғылымдарының докторы, профессор Рынков Вадим Маркович, Алтай Мемлекеттік университетінің шығыстану кафедрасының меңгерушісі (РФ, Барнаул қ.), т.ғ.д. Лысенко Юлия Александровна, Украина Ұлттық Ғылым академиясының М.С. Грушевский ат. Украин археография және деректану институтының (Украина, Киев қ.) аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Грибовский Владислав Владимирович пен П.П. Ершов атындағы Ишим музей кешенінің (РФ, Ишим қ.) ғалым хатшысы Крамор Геннадий Андреевич қатысып, өз ойларымен бөлісті. 

Алқалы жиынға қатысушылар бірауыздан 1921-22 жж. ашаршылық мәселесінің әлі күнге шейін 1931-1933 жж. зұлмат аштықтың «көлеңкесінде» қалып келе жатқандығын, тарихта өзінің әділ бағасын ала алмағандығын, жүйелі түрде зерттелмей қалғандығын алға тартты. Мәселен, Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор А.Т. Қапаева ашаршылықтың орын алуының негізгі себебін тек ауа райының қолайсыздығынан, климаттың қаталдығынан іздеу дұрыс емес екендігін, сол кезеңдегі большевиктік өкіметтің жүргізген саяси-экономикалық реформаларының да ықпалы зор болғандығын мәлімдеді. Кеңес билігі реформалық үдерістерді жүзеге асыру барысында жергілікті қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігін, ауыл шаруашылығының даму сатысын ескермеуі ашаршылықтың кең етек алуына әкеп соқтырғанын мәлімдеді. 

Ал Ресей ғалымы Рынков В.М. өз баяндамасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Ресей патшалығының ісшараларына тоқталып өтеді. Баяндамашының көзқарасы бойынша ІІ Елизавета заманынан бастап ашыршылықтың алдын алуға бағытталған азық-түлік науқандары жүргізілген. Ол артық өнімдерді сақтайтын арнайы қорлардың құрылуымен сипатталады. «Алайда, бұл науқандардың технологиялық тұрғыда әлсіздігі, ұйымдастыру жұмысындағы кемшіліктер кесірінен және кеңес билігінің келуінен кейін жоғарыда аталған шаралар өз міндетін лайықты деңгейде атқара алмады», – деген қорытынды жасайды. 

Украин зерттеушісі Грибовский В.В. 1921-22 жылдардағы ашаршылықтан ең көп зардап шеккен украин мен қазақ халқы екендігін айта отырып, неге бұлай болғандығы жөнінде сауал тастайды. Бұл сұрақтың жауабы ретінде большевиктік биліктің жүргізген саясатын, оның бюрократиялық жүйесін, аштыққа ұшыраған халықтарға гуманитарлық көмек көрсетудегі ұлттық және таптық ерекшеліктеріне қарай бөлу принциптерін қолдаған биліктің іс-әрекетінен іздейді. 

Конференция барысында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, осы уақытқа дейін жасалған зерттеу нәтижелерін талқыға салды. Жиын соңында төмендегідей қарар қабылданды:

ХХ ғ. 20-ж. орын алған гуманитарлық апатты әрқырынан зерттеу мақсатында ғылыми айналымға жаңадан түскен құжаттарды басшылыққа ала отырып, жаңа концептуалды-методологиялық ұстанымдарды әзірлеу;Архивтік құжаттар негізінде 20-ж. ашаршылықтың хронологиялық шеңберін қайта қарау, яғни 1917 жылдан бастап, 1924 жылды қоса алғанда;Украин, Ресей ғалымдарымен бірлесе отырып, большевиктердің әртүрлі аудандарда және ұлттық мемлекеттерде жүргізген азық-түлік диктатурасына талдау жасап, ұқсастықтары мен ерекшеліктерін зерттеу;Ашаршылық уақытында бас сауғалап, жанын аман алып қалу мақсатында шекара асып кеткен көшпелілердің санын, кейінгі тарихын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын күшейту.

Аталмыш ашаршылық мәселесіне көпшіліктің назарын аудартып, «ақтаңдақ» тұстарына шынайылық сәулесін түсіру мақсатында АР09259227 «1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық және оның салдары (жаңа архивтік және жазба материалдар негізінде)» атты жоба орындаушылары келесі жылы жоба аясында ашаршылыққа қатысты ғылыми айналымға енбеген, шетелдік және отандық архивтердің деректері негізінде құжаттар жинағы мен ұжымдық монография жариялауды жоспарлап отырғандығын мәлімдеді. 

 

 

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы 

Тарих және этнология институтының

Ғылыми қызметкері Қ.М. Мурзаходжаев