Алаш автономиясының жарияланғанын жапон ғалымдары растады – Сұлтанхан Аққұлы
Бөлісу:
30.09.20224663
Осы айда елімізге Жапонияның Хоккайдо университетінің Славян-Еуразиялық зерттеулер орталығының профессоры Томохико Уяма келіп, Астана мен Алматыда арнайы баяндама жасады. Аталған ғалым жас тарихшы Рёсукэ Оно екеуі Алаш қайраткері Райымжан Мәрсекұлының Жапония үкіметіне жолдаған хатын тауып, ғылыми айналымға енгізіп отыр. «Қазақстан тарихы» порталының тілшісі осыған байланысты белгілі әлихантанушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қарасты «Алаш ғылыми-зерттеу институтының» директоры Сұлтанхан Аққұлымен әңгімелескен еді. Әлихантанушы Алашорда үкіметінің Күн шығыс еліне жіберген хаты «Алаш автономиясы жарияланған жоқ» деген ғалымдардың тұжырымын теріске шығаратынын айтты.
– Жуырда елімізде жапон ғалымы Томохико Уяма келіп, Астана мен Алматыда арнайы дәріс өткізді. Күн шығыс елінен келген ғалым Алаш тарихына қатысты қандай тың жаңалық айтты?
– Негізі Алаш тарихын белгілі алаштанушы ғалым Томохико Уяма мен жас ғалым Рёсуке Оно екеуі кәсіби түрде зерттеп жүр. Қос ғалымның Жапония Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат тарихы мұрағатынан тапқан құжаты осыған дейінгі қолдағы бар құжаттардың жетпей тұрған маңызды тұсын аша түсетін тарихи жаңалық болды. Өйткені Әлихан Бөкейхан өзінің «Қазақ» пен «Сарыарқа» газеті және «Абай» журналында шыққан мақалаларында «Қазақ бүгін болмаса ертең өз алдына бөлек мемлекет болады» деп жазған болатын. Ал ресейлік тарихшы Дина Аманжолова мен отандық тарихшылар – Мәмбет Қойгелдиев, Асылбек Бейсенбаев бұған дейін «Алаш автономиясы жарияланған жоқ» деп ғылыми тұжырым жасағаны көпшілікке белгілі. Аталған ғалымдардың «Алаш автономиясы мойындалмаған автономия немесе Алаш республикасы басқа көрші түркі-мұсылман елдермен бірлесуді көздемеген, Тәуелсіздікке мүлде ұмтылмаған» деген тұжырымын баспасөзде нақты дәлелді дерекпен теріске шығарған болатынмын. Бірақ менің дәлелдеріме Жапониядан табылған тың дерек жетіспей тұрды.
Алаш республикасының өз алдына егеменді ел болып өмір сүргені былай тұрсын, тіпті оның халықаралық қауымдастық мойындап, шынайы ұлттық мемлекет құруға ұмтылғанын бұлтартпайтын тарихи құжатпен дәлелденіп отыр. Мәселен Алашорда үкіметі 1919 жылдың қаңтар айында Жапония үкіметінің Владивосток қаласындағы Бас консулдығына Райымжан Мәрсекұлын, ал Парижге Мұстафа Шоқайды жіберген. Мұстафа Шоқай бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысын талқылаған халықаралық бейбіт конференцияға қатысуы тиіс болатын. Бұл жиын 1919 жылдың қаңтар айынан 1920 жылдың қаңтарына дейін бір жыл бойы жұмыс істеді. Бұл туралы кейін толық айтып беремін.
Ал енді Жапониядан табылған құжат бұған дейін дәлелдей алмай жүрген тұжырымымызды толық растады. Сондықтан да бұл құжаттың Қазақ елі үшін тарихи әрі ғылыми маңызы жоғары болып отыр. Аталған құжатқа тоқталып өтсек, Райымжан Мәрсекұлының Жапония үкіметіне тапсырған 9 беттік хатында біріншіден, Алашорда үкіметі мен Алаш республикасының тәуелсіздігін мойындауды және Алаш республикасының тәуелсіздігін басқа ұлы мемлекеттердің мойындауына көмектесуді өтінген. Сондай-ақ Жапония мен Алаш республикасының арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату және әскери медициналық, қаржылай көмек сұраған хат болып шықты. Бұдан бөлек аталған хатта қазақтың өзі ғана емес, өзімен туыстас түркі-мұсылман халықтарымен бірлескен тәуелсіз ұлттық мемлекет құруды көздейтінін жазады. Осы хат көршілес және өз ішіміздегі алаштанушы ғалымдардың «Алаш автономиясы жарияланбады» деген сөзін түбегейлі жоққа шығарып отыр.
Алаштанушы ғалым, журналист Сұлтанхан Аққұлұлы
Сондай-ақ аталған құжат мұстафатанушылардың «Мұстафа Шоқай Парижге өзінің саяси қызметін жалғастыру үшін кетті» деген тұжырымын үзілді-кесілді теріске шығарады. Бұған дейін жазған өз мақалаларымда «Мұстафа Шоқай өзінің саяси ұстазы Әлихан Бөкейханның тапсырмасы бойынша Еуропаға кетті» деп жазған болатынмын. Ұлт көсемі шәкіртіне Үлкен Түркістан немесе Ұлы Түркістан империясының Алаш идеясының жалғасы екенін Еуропа елдеріне насихаттап, түсіндіруді тапсырады. Жапон ғалымдары тапқан құнды құжат осы тұжырымды толық растайды. Мұстафа Шоқай 1919 жылдың ерте көктемінде Грузия мен Түркия арқылы Франция астанасы Парижге аттануының басты мақсаты – Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен кеткенін дәлелдейді.
Мұстафа Шоқайдың 1919 жылы Гурзияға барып, онда біраз уақыт кідіріп қалғанын жақсы білеміз. Ол Парижге 1921 жылдың жазында бір-ақ жетті. Мұның көпшілік біле бермейтін үлкен бір себебі бар. Өйткені 1919 жылдың қаңтар айында Парижде басталған халықаралық бейбіт конференцияға сол кездегі Ресейдің бірде-бір үкіметі яғни, Ленин жетекшілік ететін Совет үкіметі мен Адмирал Колчактың Омбы үкіметі Париж конференциясына жіберілмеді. Сондай-ақ Ресей империясы кеңістігінде өмірге келген ұлттық, жерлі автономиясы немесе ұлттық дербес мемлекеттердің өкілдерін конференцияға қатыстырмады. Сол себепті Мұстафа Шоқай Парижге қарай жолға шығып, бірақ Грузияда едәуір уақыт кідіріп қалуға мәжбүр болды.
Ал Париж бейбіт конференциясының басты мақсаты – бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысын шығарып, сол соғыста жеңілген мемлекеттерге армия ұстауға шектеу қою болатын. Бұдан бөлек аталған конференция халықаралық жағдайды өзінің бақылауында ұстау үшін бүгінде біз Біріккен Ұлттар ұйымы ретінде білетін Ұлттар лигасының жарғысын мақұлдап, бекітті. Міне, сол Ұлттар лигасы 1921 жылы Парижден Женеваға көшкен болатын. Бір қызығы ОГПУ-дің 1922 жылы жазған баяндамасында «Алашорданың Ұлттар лигасындағы өкілі Мұстафа Шоқай» деп жазылады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, 1922 жылы Мұстафа Шоқай Әлихан Бөкейхан тарапынан берілген тапсырманы орындап, Ұлттар лигасында Алашорда үкіметінің яғни Алаш республикасының ресми өкілі ретінде тіркелгенін байқаймыз.
– Қызық дерек екен. Райымжан Мәрсекұлының Жапония елшілігіне баруы Совет үкіметінің Алаш қайраткерлерін «Жапонның шпионы» деп айыптап, соттауының тегін болмағанын көрсетіп тұр ғой...
– Иә. 2016 жылы «Әлихан Бөкейханның 25 жылдық жоспары» деген тақырыпта орыс тілінде көлемді мақала жазған болатынмын. Ұлт көсемін жапонтанушы және оның жақын үзеңгілестерін «Жапонияның тыңшысы» деп айыптауы нақақ болса да, оның астарында бір негіз болғанын осыдан көреміз. Өйткені Райымжан Мәрсекұлының 1922 жылдың қазан айында қытай шекарасынан асып, Шығыс Түркістанға бас сауғалап кеткенін білеміз де, одан кейінгі тағдыры бізге беймәлім болып келді. Алайда 1938 жылы Райымжан Мәрсекұлы НКВД тергеушілеріне берген жауабында «Әлихан Бөкейхан маған тыпсырма берді» деп атап көрсетпейді. «Оған өз бетімше бардым» деген желеу айтады.
Негізі ол Алашорда үкіметінің мүшесі емес, Семей облыстық қазақ комитетінің төрағасы болатын. Дегенмен де Семей облыстық земствосының төрағасы бола тұра, оған Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның тарапынан «Жапония үкіметімен келіссөз жүргіз» деген тапсырма берілуі мүмкін. Әйтпесе оның өз бетінше жапондармен келіссөз жүргізуге баруы мүмкін емес еді. Негізі Райымжан Мәрсекұлымен бірге Алашорда үкіметінің құрамынан кем дегенде екі адам келіссөзге баруы мүмкін. Оның ішінде екінші тұлғаның аты-жөні кім екені белгісіз болып тұр. Жапония сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан табылған құжатта оның аты-жөні аталмайды.
Алайда Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның орынбасары міндетін атқарған Әлімхан Ермековтың жапондармен жолыққаны туралы толық мәлімет бар. Райымжан Мәрсекұлының айтуынша, ол Омбыдағы Әлихан Бөкейханға барып, өзінің жапон үкіметіне хат тапсырғанын баяндаған кезде, Ұлт көсемінің «Дәл қазір Жапон үкіметінің қолдауына сүйеніп отырмыз» деген сөзі бар. Соған қарағанда жапон үкіметімен жалғыз Райымжан Мәрсекұлы ғана емес, оның ішінде Әлихан Бөкейханның да белгілі бір дәрежеде байланысы болған. Дегенмен де Совет үкіметінің Алаш арыстарын «Жапонның тыңшысы» деп айыптауы ойдан шығарылған. Алайда қазақ қайраткерлері Алаш республикасының ұлттық тәуелсіздігін халықаралық қауымдастыққа мойындатуға бар күшін салғанын осы құжаттан көре аламыз. Ұзын сөздің қысқасы, Алаш қайраткерлерін жапон үкіметінің тыңшысы болды деп айыптауға ешқандай негіз болған жоқ. Өйткені Алашорда үкіметі Совет үкіметі алдында ешқандай міндеті жоқ егеменді Алаш республикасы болатын.
– Жапондардан бөлек АҚШ ғалымдары Алаш тарихына қызығып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі. Алпауыт елден шыққан қай ғалым Алаш тарихын жете зерттеп жүр?
– Біріншіден, ХХ ғасырдағы Алаш ұлт азаттық қозғалысын Америка, Франция, Ұлыбритания сынды алпауыт елдердің ғалымдары зерттеген. Оның ішінде Оксфорд университетінің Орталық Азияның зерттеу орталығы ауқымды жұмыс жүргізді. Мәселен олардың ішінде Америкалық Марта Олкот Алаш тарихына қатысты көптеген мақала жазып, көзге түсті. Бірақ шет елдік ғалымдардың бірде-бірі Алаш республикасы мен Алашорда үкіметінің тарихын терең зерттемеген. Өйткені олардың қолында Алаш тақырыбын терең зерттейтін нақты құжаттар болған жоқ. Совет үкіметі тұсында мұрағатта сақталған құжаттарға олардың қолы жетпегеннен соң бұл тақырыптың шет елде зерттелуі кенжелеп қалды. Сондықтан да олар Алаш қозғалысы деп емес, қазақ зиялыларының қозғалысы деп айтып, жазып жүр. Тіпті олар Алаш деген терминді ауыздарына алмайды. Өкінішке қарай батыс ғалымдары өз зерттеуінде Алашорда үкіметі, Алаш авономиясы немесе Алаш республикасы деген терминдерді мүлде пайдаланбайды.
Егер біз тың деректердің негізінде Алаш автономиясы деп емес, егеменді Алаш республикасы туралы ағылшын тілінде көлемді еңбек жазсақ, бүкіл батыс ғалымдары үшін үлкен жаңалық болар еді. Өйткені бұған дейін Дина Аманжолова мен Мәмбет Қойгелдиев өз еңбектерінде «Алаш автонмиясы ресми түрде жарияланған емес. Тек қана Алашорда үкіметі болды» деп жазғаны көпшілікке белгілі. Алаш республикасының құрылғанын қолдағы тарихи құжаттардың негізінде заңдық, мемлекет және құқық теориясы тұрғысынан жазатын болсақ, мемлекеттің болу, болмауы немесе жарияланған, жарияланбағаны аса маңызды болмай шығады. Мемлекет болудың алты бірдей шарты бар. Оның ең біріншісі жер яғни міндетті түрде өз территориясы болуы керек. Екінші азаматтығы, үшінші әкімшілік-территориялық бөлігі, төртінші салық жүйесі, бесінші заңнамалық базасы болу керек. Міне осы шарттың бәрін Алаш қайраткерлері орындаған болатын. Алаш автономиясының құрылымында осы шарттың бәрі бар. Сондықтан Мәмбет Қойгелдиев пен Дина Аманжолова айтқандай, Алаш автономиясының жариялану, жарияланбауы басты талап емес.
1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында өткен екінші жалпы қазақ-қырғыз құрылтайында бүкіл қазақ-қырғыз халықтарының өкілдері Алаш республикасын неге автономия деп атады? Сондай-ақ автономияның аты Қазақ немесе Қазақ-қырғыз деп емес, Алаш деп не үшін қойылды? Мысалы ХХ ғасырдың басында Сібір облыстық қозғалысы болған. Облыс дегеніміз Ресей федерациясының құрамындағы дербес мемлекет болса, ал автономия дегеніміз бүкіл мемлекеттік нышандары бар өзін-өзі басқаратын мемлекет деген сөз. Алаш автономиясы деген сөз болашақ та құрылуға тиіс Ресей федерациясындағы басқалармен тең құқылы субъекті деп жарияланған болатын. Сол себепті Украина, Әзербайжан және Башқұрт секілді ұлттық жерлік автономия болып құрылған мемлекеттер Ресейді федерация ретінде қалыптастыруға тиіс болатын. Яғни, автономия деген сөзді бүгінгі тілмен айтсақ, дербес мемлекет, дербес республика болып саналады. 1922 жылы Совет одағын 4 славиан және закавказзия республикалары қалыптастырғаны белгілі. Алаш автономиясы Украина, Ресей, Башқұрт, Әербайжан секілді тағы да басқа халықтар секілді дербес мемлекеттердің бірі болуы керек болатын. Сол себепті Алаш республикасы автономия болып жарияланды.
Автономияның Алаш деп аталуының себебі ол қазақ деген сөздің баламасы болып саналады. Аталған атау кезінде Жошы ханның ұлық ұлысын жасақтаған алты алаштың басын біріктірген термин. Алаш идеясы – Ресей империясының отары болуға мәжбүр болған түркі-мұсылман халықтарының басын біріктіруді мақсат етті. Алаш идеясы – Мұстафа Шоқайдың Еуропада насихаттап келген Ұлы Түркістан идеясының мазмұны, түбірі болды. Тіпті Алаш партиясының бағдарламасын алсақ, «Реті келсе басқа түркі-мұсылман халықтарымен, реті келмесе қазақ өз алдына дербес автономия болады» деп нақты жазылған. Алаш республикасы Ресей империясының отарлығында отырған бүкіл түркі мұсылман халықтарының басын біріктіруді көздеген идея болды. Осы арқылы бұрынғы ұлы Тұран немесе Түркістан империясының немесе Жошы ханның ұлысын қайта жаңғыртуды көздеді. Мемлекетті Алаш республикасы деп атаудың ең басты сыры осында жатыр.
– 27 желтоқсан күні Әлихан Бөкейханның атылған күні ғой. Осыған байланысты кейбір адамдар «Ұлт көсемінің атылған күні саяси репреция құрбандарын еске алу күніне айналуы керек» деп айтып жүр. Түркияны қарасақ, Ататүріктің бір қалаға келуі немесе білім саласына қатысты баяндама жасаса, сол күн мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіледі. Біз неге Әлихан Бөкейханның ату жазасына кесілген күнін аза тұту күні ретінде атап өтпейміз? Бізде бұдан да басқа тарихи деректер көп қой. Біз неге өз тамырымызды Алашпен байланыстырмаймыз?
– Мен бұл ұсынысты осыдан екі-үш жыл бұрын 31 мамыр жаппай қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған конференцияда бір емес, бірнеше рет айтып едім. «Біз жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін ұлт азаттық қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтың атылған күніне орай бекітейік. Ал 31 мамыр күнін 1929-1933 жылдары қолдан жасалған ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп бекітейік» деп ұсынғанмын.
Биылғы жылдың 31 мамыр күні Алжир мұражайында өткен халықаралық конференцияда осы ұсынысымды тағы да айтып өттім. Бұл игі бастаманы жұрттың басым бөлігі қолдап отыр. Бірақ ол біздің жоғары биліктің құлағына жете қойған жоқ. Өйткені бүгінгі саяси биліктің ондай нәрсеге көңіл қойып, жүзеге асыратын уақыты да, ниеті де жоқ. Мәселе осында.
– Биыл елімізде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатыр. Ұлт ұстазы мен өзіңіз зерттеп жүрген Әлихан Бөкейхан ерекше достық қарым-қатынаста болған. Мәселен Ахаң жер аударылып Архангельскіге барғанда «Қыр баласының көмегі арқылы жан бағып жатырмын» деп жазады. Бұл кезде Алашорда үкіметі тарқағанына 10 жылдан асып кеткен. Бір қарағанда бір-біріне көмектесуге міндетті де емес секілді. Соған қарамастан Әлекең ұлт ұстазына қол ұшын созып тұрған. Мұның сыры неде?
– Өткен жылы Ресейдің Красноярск өлкелік мұражайынан Әлихан Бөкейханның 1904 жылы Григорий Потанинге жазған хаты табылды. Аталған хатта Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлына байланысты «Егер Ахмет бұдан да терең білім алса, онда ол қоғамға пайдалы, көрнекті қоғам қайраткеріне айналар еді» деп жазады. Орынбор мұғалімдер семинариясын бітіріп, алты жыл Торғай өңіріндегі бастауыш мектептерде, қазақ және орыс училищесінде сабақ берумен айналысады. 1902 жылдан кейін Торғай облысы Халықтық училищесінің директоры Алектровтың қарамағында іс басқарушысы болып еңбек етеді. Осы кезде Ахметтің болашағынан Әлихан Бөкейхан зор үміт күтеді. Негізі Әлекең қарапайым мұғалімнің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болуына ықпал етті.
Мәселен Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетіне жетекшілік етіп, аталған басылымның ықпалды болуына себепші болды. Негізі аталған басылым 1905 жылдың желтоқсан немесе 1906 жылдың қаңтар айында Семей қаласында жарық көруі тиіс болатын. Ол кезде Ахмет Байтұрсынұлы газетке жетекші болар ма еді, болмас па еді, кім біледі? Мүмкін ол кезде Әлихан Бөкейханның өзі газеттің бас редакторы болар ма еді? Дума депутаты болып сайланғаннан кейін орнына Ахаңды тастап кетерме еді? Бірақ ол кезде Ахаңның қоғамдық қызметкер, қайраткер ретіндегі тәжірибесі аздау болатын. Әйтсе де Ахмет Байтұрсынұлы 1905 жылғы әйгілі Қарқаралы құзырхатын жазуға мұрындық болған еді. Ахаңның біртіндеп қоғамдық жұмыстарға араласуына Әлихан Бөкейхан мұрындық болды. 1903 жылы Омбы қаласында танысқаннан бастап Әлекеңнің қамқорлығымен Ахаң бүгін біз білетін тұлғаға айналды.
1914 жылы «Қазақ» газетінде шыққан бір мақаласы үшін басылымға қомақты айыппұл салып, соның салдарынан газет жыбылып қалудың аз-ақ алдында тұрады. Міне осы кезде басылым жабылып қалмау үшін Ахмет түрмеге отыруға мәжбүр болады. Әйтсе де Әлихан Бөкейхан Самара қаласынан Орынборға келіп, айыппұлды төлеп Ахаңды түрмеден шығарып алады. Осы оқиғаға байланысты Әлекең «Қазақ» газетінде «Ұят-ай» деген әйгілі мақаласын жазады. Аталған мақалада «Айналайын, Ахмет, Міржақып! Сендердің отырған түрмелерің Григорий Потанин мен Александр Радищев секілді орыс қайраткерлері отырған түрме. Сендер «Түрмеге отырдым» деп қайғырмаңдар. Өйткені Ресей тарихында халық мүддесі үшін күрескен адамдардың ішінде түрмеде отырмаған бірде-бір қайраткер жоқ. Сендердің отырған түрмелерің Григорий Потанин мен Александр Радищевтің түресі» деп жұбатады.
1905 жылы Қарқаралыдағы саяси митингіден кейін Жақып Ақбаев сынды қоғам қайраткерлері қудалана бастағанда, Әлихан Бөкейхан Омбыдан жедел хат жолдап, Қарқаралы митингісіне қатысқан Ахмет Байтұрсынұлы секілді азаматтарды қорғап қалады. 1932 жылы Ахаң Архангельскге жер аударылған кезде, Әлихан Бөкейхан халықаралық қызыл крес ұйымының Мәскеудегі жетекшісі Екатерина Пешкова «Ахмет Байтұрсынұлы орыстың Константин Кирил, Мефодий және Чернишевський секілді тұлғасы» деп оны жоғары бағалайды. Осы арқылы Әлекең Ұлт ұстазын Архангельскедегі айдаудан құтқарып қалады. Сондықтан Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлын ғана емес, сонымен қатар өзінің артынан ерген барша Алаш арыстарын шамасы жеткенше қорғап, қолдап жүрді.