Жоқшылар,
Сөнбей қалған шоқ бұлар!
Шоқ емес-ау, жоқ емес-ау,
Лаулап жанған от шығар.
Арқалық
Арқалыққа алғаш рет келіп тұрмыз, тұңғыш рет көрген соң, табанымыз да алғаш рет басып тұр деген сөз. Кешкі тойға дейін уақытымыз бар, осындағы Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтын тәмамдаған кешегі студент – бүгінгі білдей ғалым Елдос Тоқтарбай қызықты да шыжықты кезеңдерін айтып, қаланы аралатып жүр. Бір басынан екінші жағына он минутта салдырып өте шығатын шағын ғана қала. Совет үкіметі аяқ астынан жалп етіп құлап қалмағанда шаруасы одан сайын шарықтап кететін-ақ жер, өзіміздің тәуелсіз Қазақстанның «ұмытып кеткен» көп шаһарларының біреуіне айналғалы қашан.
Арқалықтың маған ұнағаны – тұрғындарының пейілі. Баяғы қазақтың ақжүрек дархандығы. Кездесіп жатқан кісі жөн сұрасуды, «үйге кір, қонақ болдың» астына алуды ұмытпаған. Туған өлкенің бір түйір тасы мен бір шөкім құмын сүюді осы елден үйренуге болатындай-ақ екен.
Осы сапарымыздың негізгі себепкері Елдос жиенім өзінің білім алған ордалы білім шаңырағын, тұрған жатақханаларын көрсетіп келеді. Әлгі бір сайтта белгілі ғалымның үйіндегі ғалым апайымыз менсінбейтіндей емес, Арқалық пединституты – өңірді қойып, республикаға танылған бірегей оқу ордасы. «Елу жылда ел жаңа» демекші, құрылғалы бері жарты ғасырды еңсерген құтты қарашаңырақ – талай мықтыларды қанаттандырып ұшырған, техникалық-материалдық базасы қалыптасқан, қазіргі білім жүйесінің де көшінен қалмай, өркениетке ұмтылып заманауи, креативті оқу орны.
Біздің беріден қайырғанымыз болмаса, негізінде педагогикалық институттың тарихы да, тағдыры да тым тереңде жатыр. Бұл өлкеде ғана емес, мұқым қазақ даласына білім шамшырағын жаққан ұлы ұстаз Алтынсаринның ізгі арманы да, алғашқы қадамы да бар мұнда. Осы топырақтан шыққан қазақ рухани әлемінің көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының, ағайынды Ахмет және Ғазымбек Бірімжандар, Нәзипа Құлжанова, Елдес Омарұлы, Кәрім Тоқтабайұлы, Әлмұхамет Оспанұлы сияқты арыстардың жанкешті еңбегінің жемісі бұл!
Торғайдың топжарғандары – қазақтың мақтаныштары! «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген қазақ тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысалы», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» деп ұлы Әуезов бекер жазды деймісіз?! «Біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтынын» профессор апай да ұмытпаса екен!
Тағы бір нәрсені есіне сала қояйық: Сәбит Мұқанов тақырыбына жолатқысы келмейтін профессор апай Е. Тоқтарбай бастаған ғылыми тақырыбын орта жолдан тастап кетті деп кінәлайды. Бекер! Біле білсеңіз, Е. Тоқтарбайдың «Қазақ әдебиеті тарихындағы түрмеде жазылған шығармалар және эмиграциялық кезең (Генезис. Эволюция. Поэтика)» атты монографиясы сол студенттік кезеңде, Арқалық пединститутының қабырғасында жарық көрген. Дәл осы тақырыпты жалғап, 2021 жылы мемлекеттік қолдаумен «Түрме әдебиеті: тарихы, кезеңдері және өкілдері» деген атпен басқа кітап шығарды. Енді мұны да аз десеңіз, «Абақтыда жан сөзі» деген көлемі 35 баспа табақтан тұратын түрмеде жазылған жырлар антологиясын тағы қосыңыз. Қысқартып жібергені болмаса, бұл әлдеқайда қалың, кірпіштей кітап болары сөзсіз еді. Мен білсем, бұл жанкешті еңбек! Бір институттың қыруар жұмысын атқарғанмен бірдей есеп.
Қайыра айтсақ, алғашқы білім қоңырауы соғылған қазақ мектептерінің кейінгі жүлге-жүлгесі бүгінгі Арқалық пединститутына барып жалғасары кәдік. Сондықтан да басынан небір нәубетті кешірсе де, анығында Торғай облысы әлденеше рет ашылып-жабылып, институтқа қара бұлт үйірілгенде де әлденеше рет бордай тозып кетуден аман қалған талайлы-тағдырлы мекеме бұл. Сонысымен құнды да қастерлі!
Қош, Арқалықты аралап жүріп, Елдостың студенттік шақтарын еске алып, бірге оқыған Нұрдәулет және Батырлан есімді достарымен танысып жүргенімізде күн ауып, кеш батқанын аңғармай қалыппыз. Qyr balasy қоғамдық қорымыздың белсенді мүшесі, «жас періміз» Данияр Ихсанның ғұмырда бір болатын үйлену тойына қатысып, белгілі ахметтанушы әрі ақын Серікбай аға Оспанұлымен және біздің ардақты ұстазымыз, айтыстың ақтаңгері Айбек аға Қалиевпен бір дастархан басында шүйіркелесіп қалдық.
Арқалықтың ақ таңы қарсы алған алғашқы жарқын күніміз осылай өтті.
Аманкелді
Торғай елі – «Ахаң мен Жахаң» атанған қос арыстың елі. Ақындар мен батырлар шыққан өлке. Ғалымдар туған ғаламат мекен. Даңқтылар дүбірлеген дала. Алаштың ту тіккен бір ордасы. «Алаштың өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты, табаны – Торғай» деп айтулы жазушы Әнес Сарай тегін айтпаса керек.
Елордадан шығарда Елдос бауырым «Не Ахаң еліне, не Жахаң туған жеріне барып қайтармыз» деп бір әңгіменің шетін шығарған. Осы ойымызды естісе керек, алдымен үйіне құтты қонақ деп сыйлап шақырған ақын Айбек ағамыз «өзім жол бастап, алып барайын» дегеніне қатты риза болдық. Енді ше, күні кеше алдында шәкірт болып дәріс алған студентіміз екеуміз де. Есімі жалпақ ел түгілі, алты алашқа жалпай жайылған ақтаңгер ақын, осы Торғай атырабының әдебиеті мен мәдениетінің білгірі, одан қалса, институттың дүрдей деканының «ұлық болсаң, кішік бол!» деген қарапайымдылығына таңдай қағып, бас шайқадық.
Бидайыққа баратын болдық. Сүйріктей сұлу ақ Toyota-ға мінген бесеуміз түс аумай аттанып кеттік. Бесеу дегенім: тізгінде Айбек аға, Елдос, Батырлан, Асылхан және мен. Жолай сөздің тиегі ағытылды. Трассаның екі жағындағы тарихи оқиғалар өткен орындар мен тұлғалар тағдырын ұстаз мен Батырлан таныстырып келеді. Көп өтпей-ақ қырқа белге көтеріле бере тізгін іріктік. Сөйтсек, біз Кейкі батыр бабамыздың басы арулап қайта жерленген кесенеге тоқтаппыз. 2017 жылы Тасты ауылына жақын жерде бой көтерген бұл кесене жайлы естіп білгеніміз болмаса, көріп, жолымыздың түскені осы.
Кесене ішіне еніп, аруақты ердің басына арнайы құран бағыштадық. Қиын-қыстау заманда елін ертіп, әділетсіздікке қарсы шыққан ердің салауатын іштей оқып, қайталап шықтық.
1916 жылғы Торғай соғысының аты аңызға айналған батыры, құралайды көзге атқан даңқты мерген Кейкі Көкембайұлы ақпен де, қызылмен де сыйыспай өткен ердің сойынан еді. 1922 жылы қуғында жүрген жерінде қызыл әскердің қолынан жазымға ұшыраған, басын шауып алған қанқұйлы жендеттер айғақ-дәлел ретінде мергеннің басын Орынборға жөнелткен, ұзақ уақыт Санкт-Петербургтегі Кунсткамераның антропологиялық қорында сақталып келген.
«Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегендей, ел-жұрт, ұрпақтарының сұрауымен ел билігі араласып, Ресей Федерациясы басшылығымен келісе отырып, 2017 жылы батырдың басын алдырып, арулап, осы кесенеге қайта жерлеген болатын. Сары кірпіштен өрілген, шығыс стиліндегі бірнеше қырлы, жаңа кесененің биіктігі 15 метр, күмбездің төбесінде жарты ай бекітілген сүмбісі бар. Жан-жағы аласа кірпіштен қоршалып, үстіне үшкір темірлер орнатылыпты. Ал батырдың аталас туысы Әубәкір Қылышбайұлы мергеннің бас сүйегі ерте ме, кеш пе, елге келетінін сезіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өз бастамасымен кесенесін тұрғызған екен. Сол ескерткіш-белгі сонау тұста, 500 метрдей жерден анық көрініп тұр.
Арқалық пен Торғай арасындағы елді мекендер мен тарихи орындарды жайлы деректерді көліктің артқы салонындағы үш дос кезек-кезек әңгімелейді. Түйесі тоқтап шөккен жерде жерленген бағаналы биі Құтан әулие, жаудың бетін қайтарған Үрпек соғысы, жазира даладағы алақандай Құмкешу, осы өңірде жерленген Күмісбай әулие, Баймағамбет әулие, Игісін, Мұханбетжан ұсталар жайлы айтылды. Құмкешуде көп аялдамай, бірер суретке түскен соң, «Бидайық 88» белгісінен шұғыл оңға бұрылып, тастақты жолмен шаңдата жөнелдік.
Бұл жолдың тасты, шаңды болғанына қарамастан, көңіліміз көтеріңкі. Үкімет тақтайдай тегіс жол салып, көтермеген көңілімізді өзіміз көтеріп келеміз. Әркім өз басындағы қызықты оқиғаларды айтып ауыз жиғанша болған жоқ, Қызбелге қарай бұрылатын жол қиылысындағы «Асқар күзегі» белгісіне келіп қалыппыз. Жол жиегінде қоршауы бар, ортасында үлкен тас орнатылған белгіге тоқтап, ондағы жазуларды оқып, естелік үшін деп суретке түстік.
Асқар күзегі – алаш арысы Міржақыптың кіндік қаны тамған жер. Күзеу-күзекке есімі берілген Асқар – Жахаңның туған ағасы. Ел арасында беделді, уақытында айтқаны орындалған би болған екен. Арнайы білім алмаса да, өздігінен ізденіп, орысша оқып үйренген, сауатты, көзі ашық, заманының аужайын сезіне алған алғыр һәм ауқатты жан болыпты деседі. Совет билігі орнағаннан кейін басынан қиқу кетпеген, қуғын-сүргінге көп ұшыраған тұлға. Қазақ мемлекетінің азаттығы жолында барын аямаған адам. Алаш қозғалысының тілеулесі, қайраткері болған өзге де Алаш қайраткерлерінің тағдыры сияқты Асқардың ғұмырының соңы да аянышты аяқталған.
Асқар күзегі біздің көзімізге басқа жерге қарағанда су жиналатын, нулы жерге ұқсады. Белгісінің айналасының жасылдығына қарап осылай ой түйдік. Осындай жерде 1885 жылы дүние есігін ашып Міржақып келді дегенге кім сенбес.
Тастағы жазуда Міржақыптың әлемге жайылған әйгілі «Оян, қазақ» өлеңінің бір шумағынан соң, «Асқар күзегі – мадияр руының атақонысы. Алаш көсемі Міржақып Дулатұлының (1885-1935) кіндік қаны тамған жер» деп бедерленіпті. 2007 жылғы 7 шілдеде ескерткіш-белгіні арыстың ұрпағы Бақберген Қасымұлы орнатқан екен.
Бидайық
Біз көп тұрмастан, сапарымызды жалғадық. Негізі жетуге тиісті межеміз – Бидайық ауылы. «Енді қанша жол қалды?» деп осы өңірдің баласы Асылханнан сұраймыз, ол болса: «Мына бір қырдан кейінгі ауыл» дейді. Бақсақ, онда ауыл жоқ.
Қызбелден өткеннен кейінгі жол жолға ұқсамады. Жүрісіміз тіпті баяулады. Сағатына 20-30 жылдамдықпен тасбақаша ілбіп келеміз. Өйткені жолдың сапасы сын көтермейді, еш күрелмеген. Грейдердің бетіндегі үшкір де кесек тастар қаттырақ жүруге мұрша бермейді. Онысымен қоса ойдым-ойдым тұстары екі аттаған сайын кездесе береді. Көлік салоны толы адам, ақ toyota-мыздың асты аласа, жерге тиер-тиместей болып жай басып келеміз.
Осы кездерде мені «осы біз елміз бе?» деген ой тербетеді.
Ел болсақ: Алаштың табаны болған Торғай елін аздырмай, жерін тоздырмай жарқыратып ұстамаймыз ба? Ұшқан зымыраның, құлаған қалдықтарың ауаны ластап болды емес пе? Киігің ол қырылып жатыр. Адамың, туған халқың, айналайын ел-жұртың өлместің күнін кешіп отыр! Алаштың көсемі Әлихан бабамыз: «Өзін-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу, шеберлік болмайды». Шеберлігі – саясаттағы ұсталықты айтқаны. «Не нәрсені келістіріп істейді» деген жоқ па Ахмет атамыз да. Оқу оқып болдық, бәріміз білімдіміз, көзіміз ашық. Ал саясаттағы жүйріктік, ұсталық қайда? Арыстар осыны меңзеп отыр.
«Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден,
Еңсең неге түсті мұнша, елім-ай!» деп торығады ғой Міржақып атам.
«Қателеспе, елде жазық жоқ» дейді бір ойды қуалап екінші ойым.
«Ел болмаса, сонда кім? Олар қайдан шығыпты?»
«Олар да осы елден шыққанымен, жаны да, жаны да басқалар ғой. Отаршылдық қамытынан құтылмаған сорлылар бар әлі» деп түйеді екінші ойым.
Олардың қашан оңалып түзелетінін Міржақып атамыз да күтіп, үміттеніп, армандап кеткен сияқты. Осы «Елім-ай» өлеңінде:
«Түзелесің қашан, жұртым, оңалып,
Тіл алмасаң кетпеймісің жоғалып?» деп келіп,
«Сол күніңді көрсем – мені арманым,
Жоқтамас ем өзге тілек қалғанын» деп күтеді болашақты.
Үміт қой бізді өлтірмейтін! Үміт!
Үміт – сөнбейтін шоқ. Үміт – лаулап жанатын от!
Ел ертеңіне Алаш арыстары сияқты үмітпен қараймыз.
Жолдың жасалатынына да үмітпен қараймыз! Ауыз судың тартылып, байланыстың орнайтынына да үмітпен қараймыз! Халық игілігіне құлша жорғалап қызмет қылатын билік адамдарының болуына да үмітпен қараймыз!
Сонымен не керек, арасы он шақырымдай болатын екі қырқадан асқан соң барып бұлдырап Бидайық көзге шалынды ғой.
Қайран, Бидайық!
Міржақыптың ауылы жайлы қайраткердің өмірі жайлы оқыған кітаптардан алғаш кезіктірдік, талай мәрте оқыдық, білдік. Арыстың туған жерін көрсек шіркін деп талай армандадық. Сол тәтті арманымыз орындалып, үкілеген үмітіміз желпілдеп келе жатырмыз ғой.
Өз басым Алаш тұлғаларының ішінде Міржақып Дулатұлын кумир тұттым. Зәудеғаламда біреу бізден «қай заманда болғанды қалар едің?» десе немесе «кімдердің дәуірінде болғың келеді?» десе, біз пақыр Алаш кезеңін айтар едік, сол заманға тап болсақ, Міржақыптың немесе Сұлтанмахмұттың жанында жүрер едік деп те қиялдағанбыз.
«Мен – біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп, тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам – мен сенікі,
Пайдалан шаруаңа, жараса, Алаш» –
деген Міржақыптың сөзін ұран етіп жүрегімізге таққанбыз.
Содан болар, міне, Міржақып жылынан тұп-тура жүз жылдан соң туған мені сол ұлы арман жетелеп, дәл отыз жеті жасымда Бидайық ауылына алып келді. Екі жігіт Міржақып басының шырақшысы Нағашыбай Бірмәновты ертіп келуге үйіне жөнелді де, басқамыз атамыздың зиратына қарай жүрдік.
Көк күмбезді, төрт бұрышты, алдыңғы қасбеті ұлутастармен қапталған, екі метрден асатын есігі, екі жағында екі терезесі бар кесене ішінде Алаштың арыс азаматы Дулат баласы Міржақып атамыз жатыр. Аруағына бағыштап құран оқыдық, дұға қайырдық, рухының пейіште болуын тіледік. Өмірі арпалысқа толы, азапты күндер мен мазасыз түндер кешкен қайраткер атамыздың дәм-тұзы сонау Карелия жерінде таусылғанымен, арада елу жеті жыл салып барып туған топырағымен қауышқаны белгілі. Белгілі болғанда бұл жайлы мектеп оқушысы кезімізде қолымызға түскен журналист Қайсар Әлім ағамыздың «Мұңды сапар» кітабы арқылы танысқанбыз. Алайда оқу бір басқа да, көзбен көрудің, қолмен ұстаудың, сол жерде тұрып сезінудің табиғаты мүлде басқан екен ғой.
Кесене іші салқын, жарық әрі аппақ. Әктаспен жаңартып боялғаны байқалады. Екі тұсына қарлығаш ұя салыпты. Қарлығаш – адамға дос құстың төресі, ұя салу – достықтың, мейірімнің көрінісі.
Кесене мен музейдің арасы жақын. Ортасына егілген ағаш жайқалып өсіп тұр. Жалпы қоршау іші суарылатыны, гүлдердің өсіп тұрғаны, арнайы құрал-жабдықтардың болуынан күтімді екенін аңғарғандаймыз.
Айбек ағамыз 2016 жылы журналистерді бастап келгендегі кесене мен музейдің күйінен өзгеріп кеткенін айтады. Осы сәтте шырақшы ағамыз да келіп жетті. Музейге кіріп, қонақтар қалдыратын қолтаңбаға сөзімізді жазып, атамыздың тұлғасына, шығармашылығына қатысты мұралармен, естеліктермен таныстық. Музей ғимараты екі қабаттан тұрады екен: астыңғы қабатында Міржақып атамыздың Карелиядағы зиратына қойылған белгі, мүрдесін әоар әкелген қалы кілем, бюст, фотосуреттер мен құнды кітаптар қойылса, үстіңгі қабатында алаш көсемінің қызы Гүлнар апамыздың жеке заттары, картиналар, қайраткердің туыстары мен ізбасарлары жайлы ақпараттар топтастырылған екен.
Шырақшы Нағашыбай ағамыз музей үйінің сырты да жаңа кірпішпен қапталып, әдемі болып қалғанын айтты. Бұған Міржақып атамыздың ұрпағы Ерлан Сатыбалдиевтер мен аталас туысы Бақберген есімді қазақтың көмектескенін жеткізді. Жахаңның басына тек ақын-жазушылар, руханият өкілдері ғана емес, еліміздің барлық аймағы бойынша әр түрлі сала мамандары келіп, тағзым етіп жатады екен.
Осылай деген Нағашыбай аға бізді сөйлеткен жоқ, өзі ақтарылып сала берді. Аузын ашса, жүрегі көрінетін дала қазағы үйге жүрдің астына алды. «Ертерек айтқанда қой сойып қарсы алатын едім» деп бәйек боп жатыр.
– Отыз қойым болған, келген қонақтың алдына тарттым бәрін. Ауылымызға кеп қалған екенсіңдер, ғалым жігіт екенсіңдер, сендерге қойым табылады, жүріңдер, – деді.
– Рақмет, аға. Келген адамның бәріне қой соя берсеңіздер, не қалады? Мұныңыз болмайды. Әркім өзі үшін келеді ғой. Сіздің оларды күтуге, асты-үстіне түсіп жатуыңызға ешкім ештеңесі кетпейді. Сондықтан бізге әуре болмаңыз, шай ішеміз де кетеміз, – дедік біз де.
Шынында да шырақшы Нағашыбай ағамыз отыз жылдайғы еңбегі үшін бір тиын да ақы алмапты. Ақы алмақ түгілі, өз қалтасынан шығындала береді екен. Алыстан қонақ келді, Міржақып атамызды іздеп келді ғой деп қойын жайратып тастайды екен. Бір жолы отыз адам келе жатырмыз деп хабар айтып, онысы он сегіз болып түскенде қыңқ етпей көтеріп алған ғой. Соны жайбарақат әңгімелеп тұр сабазың!
Мына қымбатшылық қысқан, қой соймақ түгілі қара судың өзі сатулы заманда ешбір есепсіз қонақ күту, келімді-кетімді кісіні жақсылап қарсы алып, ақ дастархан жайып, бір шәугім шай берудің өзі қаншалықты жұмыс?! Тек құдай оңдағаны, былтырғы жылдан бері Міржақып ата ұрпақтарының ұйытқы болуымен жалақы тағайындалып, елу мыңның үстінде еңбекақысын алып отыр екен.
Ағамыз өзінің басындағы проблеманы айтып отырған жоқ, елдің жайынан мыналарды айтты: Бидайықта небары 13 түтін қалыпты. Жыл сайын халық көшіп жатыр дейді. Жолы нашар, тіпті жоқ деуге болады, интернет мүлде тартылмаған, байланыс ұстамайды, ауыз суы да өзекті мәселеге айналған. Кезінде дүркіреп тұрған совхоздан түк қалмады десе кімді сендіргендейсіз.
Дастархан үстінде Міржақып атамыздың өміріндегі белгісіздеу деректер сөйленіп отырды. Осы Бидайық өңірінен сталиндік репрессияға ұшыраған азаматтар жайлы Нағашыбай аға айтты. Біздің тарапымыздан Гүлнар апамыздың Халима Бекмахановамен түскен суретін тілге тиек ете отырып, Міржақыптың мұғалімдік қызметі басталған Зайсан өңірі, ондағы Бидахмет Бобкин, Бекмұхамед Сатыбалдыұлы, оның ұлы Адамбектің Алаш офицері болуы, басқа да Алаш тұлғалары жайлы мағлұматтарды сөз еттік.
Ескі президенттің кезінде ешкім есіне де алмаған, жаңа Қазақстанда да жатты жарылқап жатқанда ұмытылған мамандық иелері – өлкетанушылар, шырақшылар. Мардымсыз жалақыға ғұмырын өткізген, десе де ұлт тарихына махаббатымен берілген Нағашыбайдай жанкешті, көнтерілі, еңбекторы қазақтарды басқармада отырған шенеуніктер, әкімдік қызметкерлері елеп-ескеруі керек. Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешіп беріп, көрген-түйгенін ұрпақ кәдесіне жаратуы тиіс.
Біз шырақшы ағайдың ақ, алғаусыз көңіліне және шынайы әңгімесіне разылық көңілмен қайыр-қош айтысып, Қызбелге қайта шығып кеттік.
Қызбел-Ошағанды
Қызбел тұсындағы Қоңыраулының көпіріне жеткенде кеш түсіп, қас қарайып кеткен болатын. Ауылдан өте бере оңға қарай кілт бұрылып, Ошағанды ауылына тұмсық тіредік.
Бұл ауылда біз экспедициямыздың бір мүшесі, асаба Асылханның үйіне тоқтадық. Бидайыққа қарай кеткенімізді білетін ата-анасы ет асып, дастархан жайып күтіп отыр екен. Ел ішіндегі жайттар, шөп науқаны, оқу жайы айтылған бұл әңгіме де қалжың аралас қызықты шығып жатты. Үйіне екі айдан аса келмеген Асылханды алып келгеніміз біразға дейін жыр болды. Найманның қызына үйленген Асылхан ініміз маған күйеу болып шықты, әкесі Рамазан ағамен танысып, құда болып, жарасып қалдық.
Ас-су ішіп алған соң, Ошағанды ауылында түнеп, жолға таңертең ерте шығуды ұйғардық.
Аманкелді
Сағат 11-ге он минуттай уақыт қалғанда аудан орталығына жеттік. Орталықтағы Амангелді Иманов атындағы мемориалды мұражайға барсақ, қалың адам күтіп отыр екен. Мұнда Айбек ағамыз шоқпаршы Нұрлыбек Рәбілұлының аманатын тапсыруы қажет екен.
Бұл аманат – шоқпаршының өз қолынан шыққан «Кейкі батыр» деп аталатын шоқпарды музейге табыстау. Шоқпар деп жалпылай атап жүргеніміз болмаса, сол шоқпардың әрқайсысының да атауы болады екен-ау. Күршімнің тумасы Нұрлыбек Рәбілұлы 187 шоқпар жасап, жыл сайын оны елдегі белгілі тұлғаларға сыйлап келеді.
Шоқпаршы жайында жазылған мақалада өнерпаз тек ағаш шебері ғана емес, таэквода спортының негізін салушы әйгілі Мұстафа Өзтүріктің шәкірті, ақын, бірнеше поэзиялық жинақтардың авторы деп көрсетеді. Күнделікті таңғы жаттығу кездерінде ағаш, талдардың түбін байқап жүгіріп жүреді екен. Бір заматта екі жұмысты қатар атқаратын аңғарымпаздық, байқағыштық қасиет бар мұнда.
Сөйтіп «Кейкі батыр шоқпары» Аманкелді музейіне салтанатты түрде тапсырылды. Енді мұны батырдың ұстаған шоқпары емес, құрметпен есімі қойылған, арналып жасалған өнер туындысы ретінде түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.
Аудан орталығынан шығып, біз Есір ауылына бардық. Мұнда біздің Батырлан Сағынтаев бауырымыздың ата-анасы тұрады. Зерек те алғыр, білімді Батырлан бауырымыз осы ауылда туып-өсіп, ер жетті. Арқалық педагогикалық институтын бітірген соң туған өлкесінен табан аудармай қызмет етіп келеді.
Өңірдегі тарихи-танымдық деректер мен фольклорлық мұралар бойынша жастар арасында Батырланнан асқан жүйрігі жоқ. Осынау рухани сапар барысында көзіміз анық жетті. Тіпті үлкен ақсақалдармен білім бәсекесіне түсер болса, қай-қайсысын да білім-білігімен жеңіп кетері даусыз ақиқат.
Қалай болғанда да Батырлан – Торғай өңірінің бағы. Мұндай талантты жастарды аудан, облыс қорғауы тиіс, сақтауы керек. Бір өзі бір институттың жұмысын атқаратын эрудит жастар елімізде көп емес қой. Елдостай досының жанашырлықпен «Түркияға оқуға кел, магистратураға түс» деп айтуын біз де қолдаймыз.
Есірді жалдап аққан Жалдаманың суына түсіп, бір сергіп қалдық. Қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбековтың туған күні бүгін, орайы келген әңгімеде Ғафу мен Сырбайдың суға түсіп, онысы кейін өлеңге айналатын хикаясын еске алып біраз тұрдық.
Арқалық
Алаш көсемдерінің бірі, ақын-журналист, тұңғыш романшы, қайраткер Міржақып Дулатұлының қабірінің басына жасаған рухани сапарымыз өз мәресіне жетті. Адам өмірінде екі қайталанбас тағылымды сапар ойдағыдай болды.
Ең алдымен мен өз атымнан ұстазым, құрметті Айбек Киікбайұлына арнайы уақытын бөліп, өз көлігімен 300 шақырымнан асатын ұзақ жолды қиынсынбай көтеріп, бізді өнегелі әңгімелерімен сусындатқаны үшін, кіршіксіз көңілі мен қарапайымдылығы үшін шексіз алғысымызды жаудырамыз.
Осы сапардың тікелей себепкері Елдос Тоқтарбай бауырыма, оның білімді де әзілқой достары Батырлан Сағынтаев пен Асылхан Сәлімжандай інілеріме көп-көп рахмет айтамыз.
Ендігі сапарымыз Торғай облысында болса деп іштей тіледік. Өйткені өзге қазақы облыстардың енші алып кеткеніндей жалғыз жұртта қалатын, жұтта қалатын Торғайдың еш жөні жоқ. «Кім не десе, о десін, Облыс болмай қоймаймын» деп жыр төккен Алаштың Айбек ақыны айтқан күнге жетейік.
Торғай – ақындар елі. Торғай – батырлар елі. Торғай – ғалымдар елі. Барлық болашағын экономика мен саясатқа қана тіреп қоймай, масылдық әкеледі деген стереотиптен арылып, «адам капиталы» дегенді ұқса шіркіндер, Торғайдың бағы ашылатын күн жақын деп сенейік.
Бұл сапар – Міржақып кесенесіне тағзым, рухына мінәжат. Мұндай адам көңілін өсіретін, жанын тербетіп, мәртебесін шыңдайтын тағылымды сапар мұнымен аяқталмаса керек. Менің ойымша, алда әлі талай рухани жорықтар мен жортуылдар күтіп тұр.
Ерлердің ісі... Ғалымдардың ісі бітер ме?!