Шығыстың қыраны - Жұмабай Шаяхметов
19.08.2022 4576

ЖҰМАБАЙ ШАЯХМЕТОВТЫҢ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖЕҢІС ТЫЛЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ (мемлекет қайраткерінің туғанына – 120 жыл толуына арналады)

Қазақ халқының тарихында аттары алтын әріппен жазылған ірі тұлғалар өзінің лайықты орынын алуда. Бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында халқымызға бұрын болған есімдерді қайтару үдерісі толық жүргізілуде.


Елімізде жаңа мұрағаттық деректердің ашылып, ғылыми айналымға енгізілуі кеңестік Қазақстанның бұрынғы басшылары туралы көбірек мәлімет алуға мүмкіндік беруде. Бұл мақалада Жұмабай Шаяхметовтың тарихымыздың аса ауыр және күрделі кезеңі – екінші дүниежүзілік соғыс   жылдарындағы қызметі сипатталып отыр. Көптеген архив құжаттарын зерттеу, белгілі отандық және ресейлік ғалымдардың еңбектерін, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, Жұмабай Шаяхметовтың жақын қызметтестерінің, туыстары мен замандастарының естеліктерін зерделеу көрсеткендей, сол мәліметтерде оның санқырлы мемлекеттік және қоғамдық қызметі, туған халқына шексіз адалдығы, жұмысқа толық берілгендігі, тұрмыстағы қарапайымдылығы, айналасындағыларға адал ниеттілігі неғұрлым ашық сипатталған. Ол бүкіл экономика мен мәдениет, ғылым мен білім саласының бірталай талантты басшыларын лайықты тәрбиелеп, қызмет бабында көтеріп, олардың халық пен мемлекет алдындағы борышы мен жауапкершілігін арттыруға қажетті талап қоя білді. Алайда ұзақ уақыт бойы Ж.Шаяхметов туралы ешқандай ақпарат берілмеді, оның есімін билік басындағылар ешқайда айтпауға тырысып бақты, бұл оның өмір жолындағы кейбір оқиғаларға байланысты болған еді. Дегенмен, еліміздің тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына орай, ұлттық тарихымызға деген бетбұрыс, Жұмабай Шаяхметовқа, мемлекет қайраткері, кеңестік Қазақстанның көрнекті басшыларының бірі ретінде қызығушылық орын алды.

Жұмабай Шаяхметов отан тарихында лайықты орны бар, өткен ғасырда кеңестік Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік-мәдени дамуына елеулі үлес қосқан белгілі мемлекет қайраткері. Оның ұзақ жылдары бойы республикамыздың ең жоғарғы басқару жүйесінде еңбек етіп, сегіз жыл Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарғаны жұртшылыққа мәлім.

2022 жылғы 14 тамызда, Жұмабай Шаяхметовтың туғанына 120 жыл толу қарсаңында, «Омбы қазақтары» қоғамының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлескен «Ашық әңгіме» (Открытый разговор) атты   ғылыми конференция өтті өтті. Конференция Қазақ КСР-інің экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан еліміздің белгілі мемлекет және партия қайраткері Жұмабай Шаяхметовтың (1902–1966 жж.) өмірі мен қызметінің негізгі тұстарын талқылауға арналды.

Конференцияның жұмысы Жұмабай Шаяхметовтың Қазақстан тарихы кеңестік дәуірінің белгілі тұлғасы және мемлекет қайраткері ретіндегі өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерін талқылауға арналды. Қатысушылар атап көрсеткендей, Ж. Шаяхметовтың өмірінің көп бөлігі И.В. Сталин мен Н.С. Хрущевтің әміршіл-әкімшілдік жүйесінің қалыптасуы мен орнығынуына байланысты аса күрделі және қайшылықты кезеңіне тұспа-тұс келді.

Өкінішке орай, жоғарыда айтқанымыздай, Ж. Шаяхметовтың өмірі мен қызметі кеңестік және кеңестен кейінгі Қазақстанда бірқатар себептер бойынша академиялық зерттеулер нысанына жатқызылмады, солардың қатарында қолданбалы сипатындағы архивтік құжаттарды зерттеуге қол жеткізу және оларды ғылыми айналымға енгізу мәселелері де көпке дейін шешілмей келді. Сол себепті өткен кезеңдегі Қазақ КСР-інің басқарушы лауазымдарында болған қазақ халқы өкілдерінің қызметін және олардың қоғамды жаңғырту жөніндегі кеңестік жобаларды іске асырудағы рөлін зерттеу қажеттігі қазіргі кезде орынды туындап отыр және қазір бұл жұмыс барынша іске асырылуда.

Мен осы мақаламда Ж. Шаяхметовтың Екінші дүниежүзілік cоғыс жылдарындағы қызметіне қысқаша шолу жасауды жөн көрдім. Жұмабай Шаяхметовтың республикалық деңгейдегі саяси және мемлекеттік қызметі Екінші дүниежүзілік соңыстың басталуына небәрі бір жыл қалғанда, яғни 1938 жылғы шілде айында, Алматыға келгеннен кейін басталады. Ол сол жылы, 36 жасында, Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясының II съезінде Орталық комитеттің мүшелігіне, ал сол Орталық Комитеттің бірінші ұйымдастыру пленумында ОК-ның үшінші хатшысы болып сайланады. Бірінші хатшы - Николай Скворцов, екінші хатшы болып Сәлкен Дәуленов сайланады. Ж.Шаяхметовке негізгі қызметіне қоса, Тамақ өнеркәсібі, Қаржы, Денсаулық сақтау, Коммуналдық шаруашылық наркоматтарының (министрліктерінің) және ЛКЖО – Лениндік Коммунистік жастар одағының жұмысына жауап беру міндеті жүктеледі [1]. Осы қызметті атқару барысында ол қысқа мерзім ішінде партия қызметінің стилі мен әдістерін жылдам меңгеріп алып, өзін дарынды, әрі мықты ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Осы қызметті атқару барысында ол қысқа мерзім ішінде партия қызметінің стилі мен әдістерін жылдам меңгеріп алып, өзін дарынды, әрі мықты ұйымдастырушы ретінде таныта білді.

1939 жылғы маусымда Ж.Шаяхметов Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, тікелей ауыл шаруашылығы, атап айтқанда, мал шаруашылығы мәселелерімен айналысады. Соғыс басталар алдындағы жылдары республиканың ауыл шаруашылығында елеулі табыстарға қол жеткізіледі: егіс алқаптары кеңейіп дәнді дақылдардың өнімділігі жоғарылайды, мал басы едәуір көбейеді [2].

1941 жылғы ақпанда Ж. Шаяхметов шешуші дауыспен Бүкілодақтық КП(б) XVIII партия конференциясына қатысады, Сол кезде Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан. И.В. Сталин осыған байланысты елдің қорғанысын күшейту мақсатында КСРО-ның шығыс өңірлерінің, соның ішінде Қазақстанның өнеркәсіп базасын нығайтуға назарын аударады, кейін бұл шара Ұлы Отан соғысы барысында маңызды рөл атқарады. Сол кезеңде одақтас республикалардың орталық партия комиттері мен облыстық комиттердің өнеркәсіп пен көлік салаларына жетекшілік ететін хатшылар институты құрылған болатын.

Ұлы Отан соғысы еліміз үшін өте күрделі кезең болды. Бұл жылдары Ж.Шаяхметовтың мықты ұйымдастырушылық қабілеті ашылды. Ол соғыстың нақ алғашқы күні 1941 жылғы 22 маусымда Алматыдағы А.М.Горький атындағы саябақта 25 мың адам жиналған митингіде сөз сөйлеп, бүкіл қазақстандықтарға арнап мынадай үндеу жасады: «Бүгінгі таңда біздің барлық кәсіпорындарымыз – зауыттар, фабрикалар, кен ошақтары мен кәсіпшілік орындары жұмыстарын соғыс жағдайына орай қайта құруға тиіс. Олардың әрқайсысы мықты қорғаныс қамалына айналуы керек. Біздің әрқайсымыз Отан алдында өзімізге үлкен жауапкершілік міндеттеп, жоғары сана-сезім, қырағылық, жанқиярлық, ерлік пен батырлық, жауынгершілік пен жинақылық таныта біліуміз қажет» [3].

Шұғыл қабылданған шаралар негізінде Қазақстан соғыс майданының сенімді арсеналына айналды. Жұмабай Шаяхметов КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қазақ КСР-і бойынша Уәкілетті өкілі болып тағайындалып, оған қорғаныс іс-шараларын үйлестіру, соның ішінде Гурьев-Орск мұнай құбырын салуды, металл сынықтарын жинауды қадағалау міндеті жүктелді. Бұған қоса. Ол Қызыл армия жауынгерлеріне жылы киім-кешек жинау жөнінде Республикалық комиссияның төрағасы міндетін атқарды. Сонымен қатар ол Қазақстанға соғыс кезінде КСРО-ның батыс өңірлерінен көшіріліп әкелінген азаматтарды, эвакуацяланған қоғаныс кәсіпорындарын, ғылыми-зерттеу институттары мен мәдени-ағарту кәсіпорындарын, олардың жұмысшылары мен қызметкерлерін, отбасы мүшелерін республика аумағында орналыстыруды ұйымдастырды.

Ж. Шаяхметовтың тікелей қатысуымен соғыстың бірінші күндерінен-ақ Қазақстан территориясында әскери құрамалар мен бөлімдер жасақталды. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып 316-шы атқыштар дивизиясы құрылды. Соғыс барысында барлығы 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктар мен батальондар, әртүрлі әскери жасақтар құрылды. Соғыс жылдары 1 196 164 қазақстандық әскер қатарына шақырылды. Жасақталған әскери құрамалар мен бөлімдер құрамы жағынан көп ұлтты болды. Өнеркәсіп орындарында жұмыс істеу үшін 670 мың адам мобилизацияланды.

Соғыстың алғашқы кезеңі өте ауыр соқты. Осындай жағдайда Қазақстанның рөлі біршама өсті. Соғыс қара, сирек кездесетін және түсті металлургия, көмір және мұнай өнеркәсібінің өнімдерін көптеп шығаруды талап етті. Қазақстан эвакуацияланған мекемелерді қабылдады. 1941-1942 жылдары республикаға 220-дан астам зауыттар мен фабрикалар, цехтар мен артельдер көшірілді. Бұған қоса, Қазақстанда 1941-1945 жылдары 240 өнеркәсіп орындары салынды. Қазақстан 85% қорғасын, 35% қалайы, 75% полиметалл рудаларын беріп отырды. Соғыс жылдары Қарағанды шахтерлары 34 миллион тонна көмір өндірді. Мұнай өндіру 39 %-ға өсті [4].


Ауыл шаруашылығы да соғыс қажетіне бейімделді. Соғысқа шақырылғандардың үштен екісі ауыл шарушылығы еңбекшілері екендігіне қарамастан, көптеген колхоздарда еңбекшілердің 80%-ын әйелдер құрады. Қолхозшылар еңбекте ерлік көрсетті.

Қазақстан тұрғындары танкілер, самолеттер, сонымен қатар тұтас эскадрилья құрастыру үшін қаражат жинады. Қазақстандықтардың майдан мұқтажы үшін өз еріктерімен өткізген қаражаты 4700 миллион сомды кұрады. Бұдан басқа, майданға 2,5 миллионға жуық жылы киімдер, 1600 вагон сыйлықтар жөнелтілді.

Сонымен қатар, Қазақстанға ғылыми және шығармашылық қоллективтері эвакуацияландырылды. Алматыға Москва және Ленинград киностудиялары, 20-ға жуық ғылыми мекемелер және аттары әлемге әйгілі И.П.Вернадский, В.А.Обручев, А.М.Панкратова, А.А.Скочинский, т.б. сияқты академик-ғалымдар көшірілді [5].

Соғыс Қазақстанның ауыр өнеркәсібінің дамуына жақсы әсер етті. «Қазақстанда екі жүзден астам көшіріліп әкелінген кәсіпорындар индустрияның – машина жасау, станоктар шығару, оқ-дәрі өндірісі, химия өнеркәсібі және қара металлургия сияқты жаңа салаларының пайда болуына негіз болды. Ал республиканың жеңіл, тоқыма және тамақ өнеркәсібі 50-ден астам эвакуацияланған кәсіпорындармен толықты. Сонымен қатар республиканың жеңіл және тамақ өнеркәсібінің жаңа салалары: кондитерлік, ет-консервісі, балық-консервісі, тоқыма, мақта тоқу, тон тігу өндірістері іске қосылды. Жеңіл өнеркәсібінің тігін, тоқыма, тері илеу, аяқ киім шығару салалары едәуір дамыды» [6].

Соғыс жылдары Өскемен қорғасын-мырыш зауыты, Балқаш түсті прокат зауыты, Жезқазған марганец комбинаты, Шығыс Қоңырат молибден руднигі және т.б. кәсіпорындар мен кен байыту фабрикалары іске қосылды. Осылардың барлығының өндіріске енгізілуіне Ж. Шаяхметов көп еңбек сіңірді. Жауға атылған 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасын мен мыстан жасалды. Танктердің, ұшақтар мен кемелердің бронды (болат) сауыттарының құрамында қазақстандық марганец болды.

Сол жылдары Кеңес Одғының орталық газеті «Правда» өзінің бас мақаласында былай деп жазды: «Хорошо бьются казахи на фронте, хорошо работают для фронта их отцы, матери, жены в тылу. Казахстан могуче подпирает фронт всеми богатствами своей земли, всеми сокровищами своих гор»[7].

Ұлы Отан соғысының өте ауыр жылдарында Жұмабай Шаяхметов үлкен түсіністікпен және тығыз байланыста Қазақстан Компатиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Николай Александрович Скворцовпен бірге жемісті жұмыс істеді. Бұл жөнінде Шаяхметовтардың отбасылық архивінде сақталған Н.А.Скворцовтың Қазақстанның бірінші басшысы қызметінен босатылғаннан кейін Жұмекеңе 1945 жылғы 5 тамызда жазған хатында жазылған. Онда былай деп айтылған: «Привет, дорогой товарищ Шаяхметов! Почти 1/6 всей своей не многолетней жизни я прожил в Казахстане, а какие это были годы, это могут понять и почувствовать только такие мои друзья и товарищи как Вы, с которыми я рука об руку добросовестно, не считаясь со здоровьем боролся и трудился на благо нашей Родины, для родного казахского народа, для его дальнейшего благосостояния и счастья. А сколько было трудностей и невзгод, особенно в годы войны. Да, есть чем вспомнить нашу совместную работу и дружбу. Где бы мне не пришлось работать, куда бы не забросила меня судьба, я всегда и всюду буду с благодарностью и с чувством гордости вспоминать наш родной и близкий моему сердцу Казахстан и казахский народ, Вас, моих друзей и товарищей, и прежде всего тех, которые все эти долгие семь лет плечом к плечу работали со мной»[8].

Соғыс жылдарының қиындығына қарамай, республиканың үкімет пен партия басшылары мәдениет саласына назар аударуды да ұмытпады. Мәселен, 1941 жылғы қараша айында Ж.Шаяхметовтың қолдауымен Алматы қаласында бірегей архитектурасымен және акустикасымен ерекшеленген Абай атындағы Опера және балет театры ашылды. Ал 1942 жылы республиканың көркем фильмдер шығаратын дербес киностудиясы құрылды. Соғыстың нағыз арпалыс кезінде, 1943 жылғы желтоқсанда халықтың отансүйгіштік рухын көтеруге арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Алматыда 1944 жылы Жас көрермендердің театры ашылды.

Сол қиын-қыстау кезеңнің өзінде Ж.Шаяхметов Қазақстан әйелдерінің күнделікті өндірістік, шаруашылық, ғылыми және мәдени тұрмыстағы қыруар еңбегі мен орасан зор әлеуетін жақсы түсінетін, бірақ олардың, әсіресе шалғайдағы қыз-келіншектердің республиканың жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндіктері жетіспейтін. Бұл мәселені одақтық мемлекеттік деңгейде шешу мақсатында ол И.В.Сталинді Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар институтын ашуға көндіреді. Сөйтіп. 1944 жылғы сәуір айында құрылған институтта мыңдаған қазақ қыздарының тегін жоғары білім алуына жол ашылады.

Ж.Шаяхметовтың бастамашылығымен сол жылдары Алматыда Шет тілдер институты, Дене шынықтыру және спорт институты, Мемлекеттік консерватория, Қарағанды тау-кен институты, Шымкент химиялық-технология институты, бірқатар педагогикалық техникумдар құрылады. Ұлттық кадрлар үшін КСРО-ның жетекші жоғары оқу орындарына квота бөлінеді. Сол квота бойынша жыл сайын республика мектептерінің екі мыңға жуық түлектері негізінен Мәскеу мен Ленинградтың жоғары оқу орындарында білім алды. Студенттерге оқу орындарына барып отыруға жолақысын өтеуге және басқадай материалдық көмек көрсетуге назар аударылды.

Ж.Шаяхметов Қазақ КСР Ғылым академиясын құрушылардың бірі болып табылады. Оның ұсынысы бойынша 1941 жылы Қаныш Сәтбаев Қарсақбай мыс балқыту комбинатының бас геологы болып істеп жүрген қызметінен Алматыға Геология ғылымдары институтының директоры лауазымына ауыстырылады, ал 1943 жылдан бастап – бір мезгілде КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының директоры болып істейді. Республика басшыларының қатысуымен 1946 жылғы 1 маусымда Абай атындағы Опера және балет театрының ғимаратында Қазақ КСР Ғылым академиясының ресми түрде ашылуы өткізілді. Екі күннен кейін 3 маусымда Академияның бірінші жалпы жиналысында Қ.И.Сәтбаев оның алғашқы президенті болып сайланады.

1964-1967 жылдары Қазақ КСР Ғылым академисының президеті болған Шапық   Шөкиннің жазуынша: «Әділеттігін айту керек, сол кезде ғылымға зор мән берілетін, тіптен соғыс кезінде аспиранттар әскерге шақырылудан босатылатын, ал олардың майданда жүргендері үйлеріне қайтарылатын. Ал 1946-1950 жылдары барлық академиктерге мемлекет есебінен ғылымға сіңірген еңбектері үшін тегін дербес саябақтар сыйлыққа берілген болатын. Алматыда Горький (қазіргі Жібек жолы) атындағы көшеде ғалымдарға арналған үлкен тұрғын үй салынған еді [9].

Ж.Шаяхметов соғыс жылдарының өзінде Қазақстанның индустриялық әлеуетінің дамуына көп мән берді. 1944 жылы ол бір топ жастарды майданнан қайтарып алу мүмкіндігіне қол жеткізіп, оларды Теміртау қара металлургия зауытын салуға аттандырды. Жұмекеңнің бастамашылығымен еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін жалғастырған Мойынты-Шу темір жолы іске қосылады. Сол жылдары Өскемен Су эелектр станциясы, Қаратау таукен-химия зауыты, Жамбыл суперфосфат зауыты, Екібастұз көмір разрезі, Састөбе және Қарағанды цемент зауыттары, Шымкент мақта-мата комбинаты, Алматы тоқыма фабрикасы және көптеген т.б. салынады. Бұған қоса, Ж.Шаяхметов соғыс жылдары эвакуацияланған кәсіпорындар негізінде өнеркәсіптің жаңа салаларын құруды қолдады, бұл үшін Қазақстанға сол мезгілде қоныс аударған КСРО ғалымдарының, академиктері мен прфессорларының, конструкторлары мен жетекші университеттері оқытушыларының ғылыми және интеллектуалдық әлеуеті барынша пайдаланылды.

Жұмабай Шаяхметов соғыс жылдары өзінің бірталай жиналыстар мен митингілерде сөйлеген жалынды сөздерімен, баспасөз беттерінде жарияланған терең мазмұнды мақалаларымен қазақстандық жауынгерлердің әскери рухы мен патриотизімін қолдап, оларды жігерлендіруге барынша күш салып отырды. Мәселен, ол «Қазақ халқы – Ұлы Отан соғысының белсенді қатысушысы» деген мақаласында былай деп жазды: «В час, когда грозная опасность нависла над нашей любимой Родиной, когда гитлеровская армия отъявленных бандитов вероломно напала на страну Советов, казахский народ, вместе с другими народами Советского Союза, поднялся, как один, на священную Отечественную войну. Трудящиеся Казахстана все свои силы, все неисчерпаемые ресурсы республики полностью поставили на службу Великой Отечественной войне. Многих своих лучших сынов казахский народ отправил на передовые позиции действующей армии против германского фашизма, дав им боевой наказ: биться за освобождение своей Родины от гитлеровских бандитов до последней капли крови, до последнего вздоха, возвращаться домой только с победой» [10].

          «Быстро, по-военному собрать и отправить на фронт теплые вещи!» деген 1941 жылғы қазандағы мақаласында Ж. Шаяхметов былай деп жазды: «Міне 20 күн бойы Алматы ауданы колхозшыларының бастамасы бойынша Қызыл армия жауынгерлеріне арнап жылы киімдер жиналуда. Патриоттардың бұл бастамасы кеңінен орын алуда. Толық емес деректерге сәйкес олар 26 мың пар пима, 30 мың дана құлақшын, 11 мың дана мақтадан тігілген кеудеше, 12 мың дана шалбар, 25 мың дана қой терісінен тігілген тон, 117 мың кг жүн және т.б.» Ол бұдан әрі атап көрсеткендей, «Қызыл армия үшін жылы киімдер жинау – бұл қайырымдылық емес, бұл – үлкен мемлекеттік іс. Майдан үшін жылым киімдер жинап тапсыру арқылы кеңес халқы Қызыл армияға герман фашистерімен күресінде қомақты көмек көрсетіп отыр. Міне, сондықтан да бұл іске бүкіл республика халқы жұмыла кірісуі керек [11].

            Алматы қаласында 1941 жылғы 6 қазанда өткен партия белсенділерінің (активінің) жиналысында ол облыстық және аудандық әскери комисариаттарды, сондай-ақ кеңестік, партия және қоғам ұйымдарын азматтарды әскери іске үйрету жұмысымен айналысуға шақырды. Соның арқасында әскери дайындықтан өткен азаматтардың барлығы, оның пікірінше, даңқты Қызыл армияның қуатты резервін құрап, әскери батальондар, полктар мен дивизиялардың құрамына барып қосылауға дайын болады [12].

            Фашистермен соғысу майдан мен тылдың бірлесіп орасан зор іс-қимыл жасауын талап етті. Қазақстан тылынан соғыс жылдары майданға тиісті әскери құрамалар үздіксіз аттандырылып отырды. Партия мен кеңес органдарының басшылары майданға аттанған әскерлерді салатанатты түрде шығарып салып, оларға рухани қолдау жасап, жеңіске жетуге тілек білдіріп, жігерлендіріп отырды. Мәселен, 1942 жылғы 2 мамырда генерал-майор И.В.Панфилов атындағы дивизия жауынгерлері мен командирлерінің жиынында сөйлеген сөзінде Жұмабай Шаяхметов былай деді: «Вы сыны казахского народа, готовитесь встать в ряды действующей армии, чтобы на полях сражений вместе с другими народами Советского Союза защищать свою родную страну. Помните, что вы представляете собою казахский народ в великой семье народов СССР. Перед вами стоит священная задача – свято хранить славные традиции свободолюбивого казахского народа, беречь его честь, следовать примеру подлинных патриотов нашего народа Исатая Тайманова, Амангельды Иманова и других. Вы должны беспощано громить проклятого врага, уничтожать его живую силу и технику. А для того, чтобы успешно громить проклятого врага, нужно выработать в себе смелость, храбрость, мужество и отвагу. Недаром в красноармейской песне поется: «Храброго пуля боится, смелого штык не берет». И еще вам наш наказ: соблюдайте строжайшую железную дисциплину и организованность, ибо без дисциплины не может быть победы» [13].

Сөйтіп, мен осы мақаламда Ж. Шаяхметовтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызметінің кейбір кеңдеріне тоқталып өттім. Қазақстан халқы үстіміздегі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығын атап өтті. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев айтқанындай, бұл біздің ортақ тарихымыздағы маңызды дата. Осы күнгі бейбіт өмірге қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет жағдайында өмір сүріп жатқанымызға сол соғысқа қатысып, қасықтай қаны қалғанша отаны үшін «жан алып – жан берген», аталарымыз бен әкелеріміздің, аналарымыз бен әпкелеріміздің қосқан үлесі орасн зор және олар ешқашан ұмыт қалмауға тиіс [14]. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарына ең ауыр сын болды. Бұл соғыста 27 миллион адам құрбан болды, жарты миллионға жуық адам әскери трибунал сотына тартылды. Олар Отанын сатқаны және қорғаудан бас тартқаны үшін айыпталды. Республиканың әрбір төртінші тұрғыны майданға және өнеркәсіптік жұмысқа тартылды. Олардың көпшілігі туған жеріне қайтпады. Сонымен қатар, соғыс кезіндегі Н.А.Скворцов Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, А.Қазақбаев, т.б. сияқты Қазақстан басшылары, осынау күрделі кезеңде, әскери-мобилизациялық жұмыстарда, республиканың экономикалық және басқа да салаларын басқаруда, Қазақстанды берік майдан арсеналына айналдыруда жоғары ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсете білді.

Жоғарыда аталған конференцияға қатысушылар баяндамаларында Жұмабай Шаяхметовтың өмірі мен қызметінің басқа да аспектілеріне жан-жақты сипаттама берді. Сонымен бірге олар өз сөздерінде Қазақстан тарихының кеңестік дәуірін зерттеуде және әртүрлі ұлтқа жататын сол кезеңде басшы қызметтерде болған дарынды тұлғалардың, әртүрлі бағыттағы қоғамдық-саяси қайраткерлердің рөлін көрсетуде жаңа ғылыми тәсілдер мен теориялық-әдістемелік негіздемелер әзірлеу қажеттігін атап көрсетті. Әкімшіл-әміршілдік жүйесінің қалыптасқан және орныққан кезеңіндегі тұлғалардың рөлін зерттеудің қазіргі қазақстандық қоғам мен ғылымға ерекше маңызы бар, өйткені бұл идеологиясыздандыру, тоталитарлық режимннің мұрасын бұзу және одан бас тарту, отаршылдықтан кейінгі кеңестік сипаттағы синдромды еңсеру, сондай-ақ кеңестік және кеңестен кейінгі қоғамдарды зерттеу процестеріне тығыз байланысты болып отыр.

Осы бас қосуда көтерілген ғылыми зерттеуге байланысты проблемаларының маңыздылығын ескере отырып, кеңестік Қазақстандағы әміршіл-әкімшілдік жүйесінің қалыптасуы мен орнығу кезеңінің ерекшеліктеріне байланысты мәселелер кешенінің күрделілігін назарға ала келе, Жұмабай Шаяхметовтың Қазақстан тарихының аса күрделі кезеңіндегі Қазақ КСР-інің басшысы болған ерекше тұлға ретіндегі орнының маңыздылығын көрсете отырып, сондай-ақ Қазақстан тарихының жалпы бейнесі мен Қазақстан халқының ұжымдық зердесін қалыптастыру үшін сталиндік және сталиндіктен кейінгі кезеңдер тарихының күңгірт беттерін толықтыру және түсіндіру қажеттігін алға тарта отырып, мынадай ұсыныстар жасағым келеді. Қазақ КСР-інің көрнекті басшысы Жұмабай Шаяхметоватың 120-жылдық мерейтойының (2022 ж.) жақындап қалуына байланысты кеңестік кезеңдегі басқару аппаратын қалыптастыру тарихы және Ж.Шаяхметовтың ұлттық кадрларды даярлаудағы рөлі бойынша республикалық деңгейде тиісті іс-шараларды жүзеге асыру – деректі фильмдер шығару, тақырыптық хабарлар ұйымдастыру, тарихшылармен сұхбаттар өткізу;    Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына кеңестік дәуірді, әсіресе 1930-1960 жылдарын (Ж. Шаяхметов белсенді қызмет атқарған кезең) зерттеу бойынша дүниежүзілік жетекші орталықтармен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді күшейту; Ғылыми қоғамдастыққа Ж.Шаяхметовтың кеңестік Қазақстан тарихындағы рөлі туралы отандық басылымдарда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында жариялымдар әзірлеуге қызу кірісу қажет деп ойлаймын.

Әдебиеттер:

1. Ашимбаев Д., Хлюпин В. Казахстан: история власти. Опыт реконструкции.-Алматы: Credos, 2008, с. 407.

2. РГАНИ, Ф.5, Оп. 98, Д. 38987, Л.14.

3. Казахстанская правда, 22 июня 1941 года, экстренный выпуск.

      4. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, «Аруна» баспасы, 2006

      5. Е. Қуандық, Қазақстан тарихы. Алматы, 2009

6. Козыбаев М. Казахстан-арсенал фронта. - Алма-Ата: издательство «Казахстан», 1970, С.283-284.

7. Газета «Правда», 6 февраля 1943 года.

8. Письмо Н.Скворцова Ж. Шаяхметову. Личный архив Шаяхметовых.

9. Чокин Ш.Ч. Путь национальной академии наук: (воспоминания и размышления).-Алматы: Гылым, 1996, С. 21.

10. Ж. Шаяхметов. Казахский народ − активный участник Великой Отечественной войны.// Большевик Казахстана. - 1941. - Сентябрь − №10. С.8-10.

11. Ж. Шаяхметов. Быстро, по-военному собрать и отправитьна фронт теплые вещи! // Большевик Казахстана . - 1941. - Октябрь. №11. С.10-11

12. Ж. Шаяхметов. Из выступления на собрании партийного актива«Резервы фронта готовить по-военному!» //Большевик Казахстана. - 1941. – Октябрь. №12. С.9-14.

13. Выступление Шаяхметова Ж. на митинге бойцов и командиров 8-ой Гвардейской им. генерала-майора Панфилова дивизии и резолюция митинга. // АП РК. Ф.708. Оп.6/1. Д.447. Л.1-11.

       14. Н.Ә.Назарбаев, «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы.

Талғатбек Әминов, 

Мемлекет тарихы Институтының

аға ғылыми қызметкері, профессор