Қазақ халқының ауыз әдебиеті аса бай. Батырлар жыры мен лиро-эпостық жырлар – сонау есте жоқ ескі замандардан бері жинақталып, өзіндік қалыптасу сатысынан өтіп қазіргі дәуірге жетті. Ақпараттың пайда болуы мен оны сақтап жеткізу, қабылдау, сақтау, қоғамның оны қабылдау құлқы мен уақыт ағымы – үнемі өзгеріске түсумен келе жатыр. Осыған байланысты фольклорлық жанрларға деген сұраныс, ықылас, оларды тыңдау, сақтау мәселесінде де түрлі проблемалар туындап отырғандығы белгілі. Нақтырақ айтқанда түрлі ақпарат құралдары мен олардың ақпарат беру жылдамдығы мен мүмкіндігі артқан сайын, оны қабылдап тұтынушылардың да талғамы көлемдіден шағынға қарай бағыт алғанын көреміз.
Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарына дейінгі кезеңде, яғни ақпарат құралдары дамуы соншалықты қарқын ала қоймаған тұста қазақ қоғамында көлемді эпостық жырларды жатқа айтатын, кітаптан оқып беретін және оны тыңдайтындардың қарасы әжептәуір көп болғаны белгілі. Екі мыңжылдық тоғысынан бергі кезеңдерде байланыс құралдарының дамуы, технологиялық орасан жетістіктердің әркімге қолжетімді болуы – адамдардың ақпаратты қабылдау ерекшелігіне үлкен әсер етті. Бұл дегеніміз – қариялар баяғыдай қыстың ұзақ кештерінде жастарға қисса-дастандарды оқытып тыңдамайды, таңды таңға ұрып ұзақ-ұзақ дастандарды жырлайтын жыршыларды тыңдайтын адамдар азайды деген сөз. Қазақ даласының алыс түкпір, шеткері өңірлерінде немесе Қытайда, Монғолияда, Өзбекстан немесе Түркменстанда тұрып жатқан, ұлттық өнердің дәстүрін сақтаған бірен-саран жыршылар бәз-баяғыдай ұзақ-сонар жыр-дастанды жатқа жырлап, ел алдында өнер көрсетіп жүрген де болар, бәлкім. Қалай десек те ертеден жалғасып келген бұл ізгі дәстүр өзінің жіңішкеріп барып үзілер шағына жетті деуге болады. Термелер, дастандар сайысы әрбір жерде өткізіліп жататындығынан да хабарымыз бар. Қалай болғанда да аудитория тым көп емес. Мұны ұлттық фольклорымыздың тарихындағы аса бір үлкен трагедиялық жағдай деп те қабылдауға болмайды. Жыр-дастандарды тыңдағысы немесе оқығысы келген адамға қазіргі заманда ғаламтор желісіне қосылған ұялы телефон немесе электронды кітап кез клеген уақытта жап-жақсы көмекші бола алады. Демек әр дәуірдің өзіне тән талғамы мен талабы бар. Ең бастысы: ұлттық фольклорымыздың жауһарлары біржола жойылмаса, ұмытылмаса болғаны. Осындай ұмытылмауға тиіс фольклорлық қазынамыздың бірі – тек қазақтар арасында ғана емес, түркі халықтарының біразына ортақ ғажайып туындылардың бірі – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры түркі халықтарының біршамасына белгілі деңгейде ортақ дегенімізбен, оның туып-қалыптасқан ортасы – қазақ жері екендігіне дау жоқ. Себебі, аталған жырда аталатын жер-су атаулары қазақ даласында қазірге дейін бар, дастандағы басты қаһарман Қозы мен Баянның мазары да осы қазақ даласында, Аягөз өңірінде болған себепті, өзге бауырлас халықтарға қарағанда қазаққа анағұрлым етене жақын болуы тиіс. Қазақстанда «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының 1500 жылдығы 2002 жылы кең көлемде атап өтілген болатын.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының қай дәуірдің туындысы екендігі туралы сұрақ фольклортанушы ғалымдарды әрқашан ойландырып келген болатын. Олардың кейбіреуі бұл жырды түркі дәуіріне әкеліп тіресе, келесі бір зерттеушілер орта ғасырларда шыққан деп есептейді. Анығында көптеген әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдардың зерттеуі бойынша «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының мың жарым жылдан астам тарихы бар туынды. Қазақ халқының қалыптасу тарихы жолындағы алғашқы белестердің бір болушы түркештер дәуірі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында көрініс тапқан делінеді. Бұл кезеңде қазіргі күнде дербес ұлттарға айналған кейбір түркі халықтары ол заманда ортақ бір шаңырақ астында, түрлі тайпалардың атауымен өмір сүріп жатқан болатын.
Ғасырлар жүзінде көптеген өзгерістерге ұшырап, әр заманның түрлі бояуларын бойына қондыра отырып бүгінгіге жеткен трагедиялы ғажайып ғашықтық жыры – қазақ ауыз әдебиетінің таңдамалы да көркем туындысы. Өзге туыстас түркі халықтары әдебиетіндегі сан-алуан, ірілі-ұсақты жырларды есептемегенде «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» тек қазақ тіліндегі нұсқаларының өзі жиырмаға жуық екен. Және олардың көлемі мен құрылысы, көркемдік сипаттары да тиісінше сан-алуан болып келетінін көреміз. Аталған жырдың осыншама сан алуандығы жалпы ауыз әдебиетінің халықтық, көпнұсқалылық сипатына тән құбылыс екендігі белгілі. Дегенмен бұл нұсқалардың осылай қалыптасу себептері мен мазмұндық, пішіндік айырмашылықтарын зерттеу де өзекті әрі қызықты. Он бес ғасырдан бері қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан лиро-эпостық жыр бүгінгі күні сахналық қойылым ретінде де театрлар репертуарынан орын алып келе жатыр. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» драмасы – мәңгілік махаббаттың символы ретінде қаншама буын көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде.
Ауыз әдебиеті жанрлары – әр халықтың фольклорында әрқилы қалыптасқан. Солардың ішінде көбіне ортақ сипат – ең аз дегенде бір немесе бірнеше эпостық туындылардың болуы. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ әдебиеті, қазақ фольклоры – аса бай. Қазақ ауыз әдебиетіндегі қазіргі заманға дейін жетіп сақталған көлемді, шағын эпостық туындылардың жалпы саны – академик Мәлік Ғабдуллиннің атап көрсетуінше төрт жүзден асады екен. Бұл – өте көлемді рухани мұра екендігі сөзсіз. ХІХ ғасырдан бастап қазақ халқының ауыз әдебиетін, соның ішінде эпостық жырларын ел арасынан жазып алып жинастыру, сақтау, салыстыру жұмыстары қолға алына бастаған. Бұл жұмыс ең әуелі ресейлік ғалымдардың атсалысуымен жүзеге асқанын атап өткен жөн. Бірнеше ғасыр бойы өмір сүрген дербес Қазақ хандығы ХҮІІІ ғасырдың өн бойында ыдырап, мемлекет иесі қазақ халқы бұдан әрі Ресей патшалығы мен Манж Шың империяларының боданына айналды. Бағынышты бодан халықтың жан дүниесін, мінез-құлқын жақсылап зерттеп, мызғымастай басып-жаншу үшін оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, әдеби мұраларын, шаруашылық жүргізу қалпын т.б. танып білу керек еді. Бұл үшін іргелі зерттеу экспедициялары қажет еді. Осы мақсатты лайықты деңгейде атқарып шығу үшін империялық билік зерттеу экспедицияларын жасақтады. Ол экспедициялардың арнайы дайындықтағы мүшелері қазақ арасына шығып, алуан түрлі материалдар жинады. Сонымен қатар патша билігі жергілікті халықтан шыққан белгілі зиялы қауым өкілдерін де бұл іске тиімді пайдаланып отырды. Бұл – қаржылық жағынан да, жинақталатын материалдардың сапалылығы жағынан да тиімді болды. Осындай іске жұмылдырылушылардың қатарында Мұса Шорманов, Абай Құнанбайұлы, Шыңғыс Уәлиханов сияқты ел-жұртқа кеңінен танымал, белгілі адамдар болды. Қазақ фольклорының інжу-маржаны «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры да осы дәуірде жинақтаушылардың назарына алғаш ілініп, бірнеше нұсқада тапсырылған туындылардың бірі болды. Батыс пен шығыс әдебиеттеріндегі әйгілі ғашықтық жырлары «Ромео мен Жульетта», «Фархад пен Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүннен» еш кем соқпайтын, бірін-бірі шын сүйген арманшыл екі жастың асқақ махаббат жолындағы күресін сонау ерте заманның өзінде айшықты тілмен келісті кестелеп көркемдеп бергендігі – қазақ халқының сөз құдіретін жете түсінген халық екендігінің айқын көрінісі.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырынан өзге де көптеген лиро-эпостық туындылар қазақ әдебиетінде баршылық болса да, шетелдік зерттеушілер мен жиһангездердің назары көбінесе осы туындыға ауып отыруы да аталған эпостық туындының мазмұндық, идеялық, композициялық құрылымдық тұрғыдағы озықтығына қатысты болды деп пайымдауға болады. Атап айтқанда «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының көркемдік кестесіне ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің ең ірі классиктерінің бірі, ақын Александр Пушкиннің де ықыласы ауғаны белгілі. Еуропалық астанадан арнайы ел-жер көрмекке, анығында Еділ-Жайық өңірін дүр сілкіндірген Емельян Пугачев бастаған казактар көтерілісі жайында материалдар жинамақ масқатта аттанып, осы сапарында кең байтақ қазақ даласына келген А.С.Пушкин осы ғажайып эпостың мазмұны мен көркемдік мәніне тамсана ден қойып «шынайы махаббаттың символы» деп бағалағандығы белгілі. Ол жырдың мазмұнымен аударма арқылы танысқаннан кейін трагедиялық поэма жазуды жоспарлағанымен үлгермеген делінеді. 1833 жылы Орынбор сапарында А.С.Пушкин осы өңірдің байырғы тұрғындары қазақ халқының салт-дәстүріне, ауыз әдебиетіне қызығушылық танытып, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жазып алады. Пушкинтанушыларлардың атап көрсетуінше ақын мұрағаты ішінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының бір нұсқасы сақталған. Оны қандай ақынның айтуынша жазып алғаны бізге беймәлім. Белгілісі – бұл жырды А.С.Пушкинге жазып беруші – орынборлық инженер К.А.Бух екен.
Орыс, Еуропа зерттеушілері ХҮІІІ ғасырдың соңы, ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан-ақ «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырына көбірек көңіл аудара бастаған болса, аталған жырды алғаш рет қазақ арасынан жазып алған адам фольклор зерттеуші И.Беленицин. Ол жырды 1825-1827 жылдары Баянауыл маңында хатқа түсірген. Ол жырды жазып алып, ел астанасы Петербургке апарады. Ресейлік зиялы қауым осылайша қазақ халқының тамаша ғашықтық дастанымен танысады.
Аталған жырды алғаш жинақтап зерттеушілердің бірі – ресейлік ғалым Г.Саблуков. Ол 1830 жылы бұрынғы Семей губерниясына қарасты Көкпектіде әлдебір аты белгісіз қазақ жыршысының аузынан аталған лиро-эпостық жырды жазып алған. Сонымен қатар жоғарыда атап көрсеткендей, жергілікті қазақтар арасынан ғылыми экспедиция жұмысына тартылған омбылық Әбдіуәли Дербісәліұлы осы өңірдің аты бізге белгісіз жыршыдан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жазып алған. Бұл жазбаны әйгілі ғалым И.Н.Березин 1834 жылы Санкт-Петербургтегі Шығыстану институтының қолжазба бөліміне тапсырған екен. Және де 1841 жылы қазақ арасында жүрген А.Фролов деген тілмаш «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының бір нұсқасын қағазға түсірген.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын ел арасынан өз қолымен жазып алып, зерттеу жасаған ғалымдардың бірі – Қазан университетінің профессоры, әйгілі миссионер ғалым Н.И.Ильминский. Ол 1860 жылы Қостанай қаласының аты бізге беймәлім тұрғынынан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының көлемді нұсқасын жазып алып, Қазандағы мұрағатқа тапсырған. Осы тапсырылымның толық нұсқасы бірнеше рет, атап айтқанда 1878, 1890, 1894, 1896, 1905 жылдары Қазан қаласында араб қарпімен басып шығарылып, қазақ және басқа да түркі халықтары арасында сатылымға шығарылған. Сонымен бірге М.Путинцевтің 1865 жылы «Военный сборник» журналының 12 санына жариялатқан «Семейден Қапалға дейін» атты жолсапар жазбасында жырдың орысша аударылған қысқаша нұсқасы берілген. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жырлап таратушылардың бірі – Жанақ Сағындықұлы. Профессор И.Н.Березиннің «Түркі хрестоматиясы» («Турецкая хрестоматия») атты кітабына «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының Жанақ ақын жырлауына ұқсас бір нұсқасы енгізілген.
Қазіргі Украинаның Херсон облысында дүниеге келген шығыстанушы, этнограф ғалым Н.Н.Пантусов өзінің «Орта Азияның ескі дәуірі» атты еңбегінде өз көзімен көрген Қозы мен Баян мазарына, жырға қатысты біршама деректерді баяндайды. Бір айта кетерлігі: Пантусов жинақтаған нұсқада Қодарды қалмақтың батыры еді дегенді айтады. Бұл – ХҮІІ ғасырда ноғайлар мен қазақтарды екіге жара, Еділ-Жайық бойына келіп орныққан қалмақтардың әсері болса керек. Н.Н.Пантусов 1872-1908 жылдары қазақ даласына келіп, Жетісу облысы әскери губернаторының кеңсе меңгерушісі, Жетісу облысы мен Құлжа ауданы бойынша оқу мекемелерінің меңгерушісі, Түркістан генерал-губернаторлығының айрықша тапсырмалар жөніндегі шенеунігі қызметтерін атқарумен қатар, қазақ, ұйғыр тілдері мен әдебиеті туралы, тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер туралы мәліметтер жинақтап, оларға сипаттама жасайды. 1898 жылы ол Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесіне арнайы келіп зертету жүргізіп, сипаттама жазып, жырдың үлгілерін жинайды.
Қазақ даласында туып-өскен белгілі әдебиет зерттеуші, жиһангез ғалым, әрі Шоқан Уәлихановпен бірге оқыған досы Г.Н.Потанин де «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын зерттеуге үлкен үлес қосқаны белгілі. Ол қазақ даласының әр өңірінен жырдың бірнеше нұсқасын жазып алған. Ол аталған жырды Еуропадағы махаббат символы болып танылған әйгілі Ромео мен Жульеттаның ғашықтық оқиғасымен теңбе-тең дәрежедегі туынды деп бағалайды. Г.Н.Потанин сондай-ақ «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жинаумен, олардың басына қойылған кесенені зерттеумен қатар, жырдағы суреттелетін жерлерге де мән береді. Яғни ол Көктайымен шапқылап, Қозы мен Баянның ортасындағы хабаршы дәнекер ретіндегі Айбас ердің жүріп өтетін жолы мен қараулықтың символы Қарабайдың тоқсан мыңды қырып-жойып айдап өтетін көшінің сорабын, жырда айтылатын Су аяғы құрдымды қазақ даласының аумағынан бағдарлайды. Ол бұл жолды Қарабайдың Аягөзден Су аяғы құрдымға көшу бағыты деп қарастыру керек деген қорытынды жасайды.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жинақтап зерттеуде орыс-неміс ғалымы В.В.Радлов та зор үлес қосты. Түркі руналық жазуын алғаш оқып кілтін тапқан ғалым 1866-1907 жылдар арасында Санкт-Петербург қаласында жарық көрген өзінің «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» деген 10 томдық еңбегінің үшінші томын қазақ әдебиетіне арнап, 1870 жылы шыққан осы томына «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының бір нұсқасын енгізген. Ол жырды қазақ және неміс тілдерінде жариялатқан.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жинақтап, қазақ тілінде алғаш бастырушылардың бірі – Петербург университетінің профессоры Березин Илья Николаевич (1818-1896) болды. Ол өзінің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры бойынша жинақтаған дүниелерін 1876 жылы «Түрік хрестоматиясы» деген кітабына енгізіп басып шығарған.
Өткен ғасырларда «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын зерттеуде сібір казагынан шыққан семейлік педагог, этнограф Алексей Николаевич Белослюдовтың да зор үлес қосқаны тарихтан белгілі. А.Н.Белослюдов пікірлес ғалым Г.Н.Потанинге жазған хатында мынадай мәліметтерді кездестіреміз: «Сіздің Қозы Көрпеш туралы жазған хатыңызға көп ой бөлдім, ол туралы әрбір ауданға хат жазып сұратып жатырмын, іске асатын түрі бар. Бұл аңыздың нұсқасы неғұрлым көп болса, соғұрлым маңызы аса бермекші, Экспедицияға шығып бара жатырмын. Қозы Көрпеш жырын Балқаш төңірегінен, оның мұнарасы тұрған Аягөз бойындағы қазақтар ортасынан жиып алсам деймін... Семейге таяу жерде оның. жаңа нұсқасы табыла қоймады, бәрі Катанаевтың нұсқасына ұқсас. Қозы Көрпештің кешеніне екі рет бардым, онда мүсін тастар бүтіндей жоқ. Кешеннің бір жақ бүйірін артиллерист нысана ғып атқан, ол қазір бұзыла бастаған. Марқұм ағамның (Виктор Николаевич) маған айтуынша, Қозы Көрпештің екі мүсін тасын Германияға алып кеткен». Айта кетерлігі, бұл хатта ағам деп отырған Виктор Николаевич Белосюдов та Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесіне зор қызығушылық танытып, олардың кескіндемесін салумен айналысқан адам екен. А.Н.Белослюдовтың хатындағы мәліметке қарағанда еуропалық ғалымдар да Қозы мен Баянның махаббат жырына, олардың басына тұрғызылған кесенеге ертеден қызығушылық танытқаны анық.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жинақтау мен зерттеуде қазақтың тұңғыш кәсіби ғалымы, фольклортанушы, әдебиеттанушы Шоқан Уәлихановтың ерекше орны бар. Ол өзінің нағашысы Мұса Шорманов пен әкесі Шыңғыс сұлтан Уәлихановтардың ел арасынан ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтау ісіне бала жасынан қанық болып өседі. Шоқан Уәлиханов туып-өскен Сырымбет өңірінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жырлайтын ақын, жыршылар көп болған. Жасынан жырды құлағына құйып өскен ол ержетіп, мемлекеттік қызмет бойынша қазақ даласын аралаған кезде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың мазарына баруды жоспарлайды. Шоқан Уәлиханов 1856 жылы көктемде Ыстықкөлге сапары барысында Аягөз өзенінің оң жақ жағалауындағы Қозы мен Баянның мазарына таяп келгенімен, толассыз жауған жауын мен саз-батпақтың салдарынан бұл жолы дәл жанына жете алмай кетеді. Шоқан Уәлиханов кейіннен Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазарына қайта айналып бірнеше рет келіп, кешенін, онда тұрған мүсін тастарды тереңірек зерттеп, сызба нұсқасын қағазға түсіреді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында патшалық биліктің қазақ даласындағы үні болған баспасөздер де «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын насихаттауға өз үлесін қосты. Атап айтқанда «Дала уәлаяты газетінде», «Торғай газетінде», «Ақмола ведомосында», «Нива» журналында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры туралы қазақша және орысша әдеби деректер әр жылдары жарияланып отырған.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырына ерекше мән беріп, алғаш рет қазақшадан орысшаға барынша көркемдеп аударған – қазақ даласында туып-өскен ақын, аудармашы, журналист Тверитин Георгий Николаевич (1889-1921) болды. Қазіргі Ақмола облысы Бурабай ауданы жерінде, Щучье казак станицасында туып-өскен ол қазақ тілін қажеттілікке сәйкес болған болуы керек, ерте үйренеді. Ол заманда казак отбасылары бала бағушы, күтуші ретінде қазақ әйелдерін үйлерінде ұстайтын болған. Сондықтан да казак-орыс атанған сословие өкілдері ес біліп тілі шыға салысымен қазақ тілін игеретін болған. Бес жасында қазіргі Бұланды ауданындағы Вознесенскіге ата-анасымен көшіп келген Г.Н.Тверитин қазақ балалары оқитын мектепте оқып, қазақ тілін тамаша меңгереді. Тобыл қаласындағы семиранияда білімін жалғастырған ол алғашқы туындыларын жаза бастайды. Білімін жетілдіру үшін ел астанасы Петербургке аттанып, онда ақындықпен шұғылданады. 1913 жылы И.В.Тверитин: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын орыс тіліне көркем аударуды бастайды. «Менің аса сүйетінім – қазақ ортасына көп тараған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры. Осыны өлеңмен айтып берсем деген талабым бар. Өйткені, бұл өзінің тарихи негізін өте әдемі сақтаған көркем аңыздың аса бір ғажайып түрі», - деп аталған жырға деген өзінің ықылас-құрметін танытқан ақын жырдың бір ғана емес, көптеген нұсқаларын іздестіріп, жинақтап, салыстырулар жасай отырып аударады. Аягөздегі Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесіне дейін барып, көзбен көреді. Ақыры көп еңбектенудің нәтижесінде аталған жырды өлеңмен көркем аударып шығады. Ол өзінің аудармасын Г.Н.Потанин және басқа да қазақ тілінің білгірлеріне жолдап, пікірлерін сұрайды. Дегенмен көзі тірісінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының өзі аударған нұсқасын жариялатып үлгермейді. 1921 жылы туберкулезден қайтыс болады. Тек 1927 жылы ғана Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасовтың алғысөзімен Қазақстанның астанасы Қызылорда қаласында жарық көреді.
Қазан төңкерісіне дейін шыққан еңбектерінде ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы өзінің еңбектерінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры туралы тоқталып, бір нұсқасын жазып алған. Патша билігі құлап, Қазан төңкерісі нәтижесінде Кеңес Одағы құрылған кезеңнен бастап фольклорлық туындыларды зерттеу ісі жоспарлы түрде қолға алынды. Бұл кезеңде қазақ халқынан шыққан белгілі зиялылар өнімді жұмыс істеген болатын. Қазақ халқының сан ғасыр бойы сақтап, жинақтап, жетілдіріп, байытып келген әдеби, музыкалық, этнографиялық мұраларын жинақтап, сақтау үшін Қазақстанда Академиялық Орталық коллегиясы мен Түркістан Республикасының халық комиссариаты жанындағы қырғыздың (қазақтың) ғылыми комиссиясы; Қазақ Оқу комиссариаты жанынан қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы кұрылды. Аталған қоғамдар құрамына белгілі ғалымдар, әдебиеттанушылар мен өнертанушылар, музыкатанушылар ақындар мен жазушылар, журналистер, мұғалімдер мен аспиранттар қамтылып, тиісті қаражаттар бөлініп, қазақтар тұтаса өмір сүретін өңірлерге ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Осы сапарлар нәтижесінде ел арасынан жинақталған әдеби шығармалар «Қазақ өлкесін зерттеу» деген ғылыми журналда жариялана бастады. Олардың ішінде аса үздік деп танылған үлгілері Түркістандағы халық музейіне қойылды.
Қазақ фольклористикасы ғылымын алғаш қалыптастырып дамытуда Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов т.б. отандық ғалымдар ерекше еңбек сіңіргенін атап өткен жөн. Осының айқын дәлелі ретінде Мұхтар Әуезовтің 1927 жылы «Әдебиет тарихы» деген кітабы жарық көреді. Өз еңбегінде халық әдебиеті үлгілерін сыршылдық салт өлеңдері, батырлар әңгімесі, ел поэмалары, тарихи өлендер, ертегілер мен аңыздар, айтыс өлеңдері және зарзаман ақындары деген бөліктерге бөледі. Бұл – қазақ фольклорын классификациялаудың алғашқы нұсқаларының бірі болып саналады. Аталған кітаптың бір тарауы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының мәнісі» деп аталады. Мұхтар Омарханұлы жыр туралы мынадай анықтама береді: «Бұл жыр белгілі дәуірде қазақ елінің салт-санасы, кәсібі, елдің қандай жағдайда болғанын білдіреді». Автор бұл кітапқа енген «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының Семей уезі, Тобықты елінен және Жетісу жерінен жазып алынған үш нұсқаны ала отырып, олардың сюжетіне салыстырулар жасайды. Жырдың негізгі кейіпкерлеріне әдеби мінездеме берумен қатар ондағы ілгерінді-кейінді жырлаушылардың енгізген өзіндік жаңалықтары туралы да қарастырып өтеді.
Кеңес дәуіріндегі толымды лиро-эпостық жыр 30-жылдарда бұрынғыдан да қарқынды зерттеле бастады. Жазушы, зерттеуші ғалым Мұхтар Әуезовтің жинақтауы бойынша 1936 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» Жанақ Сағындықұлы жырлаған нұсқасы баспадан басылып шықты. М.Әуезовтің айтуынша, Жанақ нұсқасы 1924-1925 жылдар шамасындағы фольклорлық экспедиция барысында Бақанас бойындағы керей руынан шыққан белгілі ақын, жыршы Уәйіс Шондыбайұлының аузынан жазылып алынған екен.
Қазақтың көрнекі ақыны, әдбиет зертеушісі Сәкен Сейфуллиннің ұлттық фольклорды зерттеу, жинақтау, бастыру ісіне қосқан үлесі зор. Ол – қазақ халқына өз атауын қайтаруға ерекше еңбек сіңірген тұлға болуымен қатар, Қазақ АКСР-і Комиссарлар Советінің басшысы қызметіндегі лауазымды қызмет атқарған уақытында А.Затаевичтің қазақ даласын аралап, ән мен күйлер жинауына жағдай тудырғандығын да атап өткен жөн. Сәкен Сейфуллиннің фольлортанудағы еңбектерінің өзі бір төбе. Атап айтқанда 1931 жылы «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары», 1932 жылы «Қазақ әдебиеті. Билер дәуірінің әдебиеті» деген екі бірдей кітабы жарық көрген. Аталған еңбектің бірінші кітабында Сүйінбай, Шортанбай, Орынбай, Тоғжан, Майкөт, Жамбыл, Құлмамбет қатарлы бір топ ақынның толғаулары, айтыстары берілген. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин «ноғай», «ноғайлы» сөздерінің қолданысына, олардың шығу тегіне талдау жасай келе, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырына тоқталып, бұл эпосты ол ноғайлы дәуірінің жыры деп атап көрсете отырып, жырдың құрылымына байланысты өзінің сыни ойларын да білдіреді.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жинақтап, зерттеуге үлес қосқан отандық ғалымдардың бірі – академик, жазушы, ақын, фольклортанушы Сәбит Мұқанов. Сәбит Мұқановтың құрастыруымен 1939 жылы «Батырлар» атты фольклорлық жинақ басылып шығып, аталған жинаққа «Едіге батыр», «Шора батыр», «Қамбар батыр», «Ер Сайын», «Ер Тарғын» және «Қозы Көрпеш-Баян», «Қыз Жібек» жырлары қамтылған. Бұл – Кеңес Одағы аумағында саяси қуғын-сүргін басталған күрделі кезең болатын. Сондықтан да кейбір жыр-дастандар бұл жинаққа «байшылдық сипатына» қарай енгізілмей қалуы түсінікті еді. Аталған кітапты құрастыру барысында автор қазақ халық әдебиетіндегі дастандарды жанрлық тұрғыда топтастыру мәселесіне көңіл бөледі. Ол дастандарды а) әдет-ғұрыптан туған поэмалар; ә) ерлік, батырлықтан туған поэмалар деп екіге бөледі.
Қазақ ауыз әдебиетін зерттеуге зор үлес қосқан ғалымдардың бірі – филология ғылымдарының докторы, академик, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин. Ол «Қобыланды батыр жырын зерттеудің ғылымдық мәселелері» атты ғылыми диссертация дайындап, қорғау мерзімі жеткен кезде соғыс басталған себепті еңбегін ұстазы Сәбит Мұқановқа аманаттап тапсырып, майданға аттанады. 1947 жылы аталған еңбегін қорғайды. Мәлік Ғаболллаұлы тек Қобыланды батырға қатысты мәселелерді ғана қарастырып қойған жоқ. Қазақ фольклорын, оның ішінде эпостық жырлардың жанрлық сипаты, мазмұндық ерекшеліктері, көпнұсқалылығы т.б. мәселелерге кеңінен тоқтала отырып, жіктемелер жасады. Аталған жұмыстың нәтижесі ретінде 1958 жылы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген оқулығын жазып ұсынды. 1964, 1971 жылдары оқулық пен хрестоматиясы қайтадан өңделіп, толықтырылып үшінші рет басылды. Орта мектеп оқушылары мен арнаулы орта, жоғары оқу орындарында білім алушылар аталған оқулықтан қазақ фольклоры жайлы ұғымдар мен түсініктерді игерді. Оқулық қазақ фольклорының бірнеше тараулары бойынша құрастырылды. Кітаптың «Лиро-эпостық жырлар» деген бөлімінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры беріліп, оның нұсқалары, жырдың зерттелуі, Жанақ нұсқасы, сюжеттік құрылысы, этнографиялық сипаты, Қарабай мен Сарыбайдың және Қозы мен Баянның образдары, Қодардың қатыгездігі, жырдың көркемдік ерекшеліктері жан жақты ашылып, терең талданады. Академик Мәлік Ғабдуллиннің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры жайындағы пікірлері мен талдаулары ешқашан өз маңызын жоймақ емес.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының көркемдік кестесі турасында ХХ ғасырдың ортасында қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті тұлғалары: академик Қажым Жұмалиев, Әлкей Марғұлан, профессорлар Есмағамбет Ысмайылов, Ысқақ Дүйсенбаев және Әуелбек Қоңыратбаевтар толымды пікірлер білдіріп, теориялық ғылыми еңбектер жазып қалдырғаны белгілі. Бұл да болса аталған туындының көркемдік ерекшелігін, маңызын танытатындығы анық.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының озық сипаты қазақтың заманауи жазба әдебиетіне де игі әсерін тигізді. Халықтық лиро-эпосқа негіздей отырып жазылған Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясы 1939 жылы сәуірде жазылып бітеді. Төрт перделі, жеті суретті трагедия алғаш 1940 жылы Қазақ академиялық драма театры сахнасында қойылып, көрермендерге ұсынылады. Бұдан соң орыс және басқа да бұрынғы КСРО құрамындағы бірнеше халықтар тіліне аударылып, сахналанды. Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасы қазақ драматургиясындағы ерекше құбылыс болып қабылданып, жазылғаннан бері отандық театрлар сахнасында берік орын алып келе жатыр. Аталған драманың негізінде Қалибек қуаншыбаев атындағы елордалық қазақ драма театры 2022 жылы маусым айында режиссер Гүлнәз Балпейісованың сахналауымен «Баян сұлу-Қозы Көрпеш» атты қойылым көрермендерге ұсынған болатын. Бұл қойылым – фольклорлық туындыны заманауи сахналаудағы батыл эксперименті ретінде қабылданып, көрермендер, театр сыншылары тарапынан лайықты мақтаулармен қатар қатал сын да молынан айтылуда. Қалай болғанда да «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры негізінде жазылған спектакльдер әрқашан халықтың сүйіп көретін драмалық туындысы ретінде қазақ сахнасындағы режиссерлік шешімі заманға сай түрленіп өмір сүре бермек.
Бұрын-соңды әдеби зерттеулерде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының тек қазақ тілінде ғана 16 нұсқасы бар делінеді. Мұның өзі де нақты қорытынды емес. Бүгінгі күні ҚР Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қолжазбалар қорында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының 21 нұсқасы сақтаулы тұр екен. Сондай-ақ аталған жырдың бірнеше нұсқасы «Бабалар сөзі» қазақ фольклорының жүз томдығына енгізілген болатын. Қазақ даласының барлық өңірлерінде кеңінен тараған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын көпшілікке таратып, өзінше құлпыртып, жаңғыртып жырлауда Жанақ, Шөже, Бекбау, Сыбанбай, Қоңқабай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Дандыбай, Белгібай, Қатпа қатарлы ақындар мен фольклор жинаушылардың есімдері ерекше аталады.
Тұжырымдай келгенде, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын зерттеу жұмысының өзі үш ғасыр бойына жалғасып, осы ауқымда еңбек сіңірген ғалымдар мен зерттеушілердің тізімі де біршама санды құрайтынын атап өткен дұрыс. Лиро-эпостық жырлардың ең көрнекті мысалы ретінде күні-бүгінге дейін қарастырылып, оқытылып келе жатқан «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» осы заманғы оқырманға тиімді әдіс-тәсілдермен оқыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Әрине бұл тек осы жырға ғана қатысты емес, жалпы қазақ әдебиетінің проблемасы.
Мақаламыздың басында атап өткеніміздей «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры тек қазақ халқына ғана меншікті әдеби туынды емес. Бұл жыр алтайлықтар, башқұрттар, қырым және барабы татарлары арасында да біршама таралған. Сонымен қатар аталған жыр румын татарлары мен ноғайлары арасында да бар екендігі мәлім болып отырғанына қарап, эпостың шығу уақыты ерте түркілік дәуірге тән екендігін бағамдауға болады. Және де бұл эпостың түркі тектестер арасындағы таралу аумағы орасан кең екендігін атап өткен дұрыс.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында аталатын жер-су аттарының өзі Аягөзден басталып, Шудың жиегі Бетпақдала мен Арқаны көктей өтіп, сонау батыстағы Су аяғы құрдымға дейінгі орасан үлкен аумақты қамтиды. Және бұл негізінен қазіргі қазақ даласы екендігін ескерген жөн. Бұл турасында арнайы тоқталатын боламыз.