Еліміздегі ғасырдан астам тарихы бар және сирек кездесетін кітаптарға бай кітапханалардың бірі Оралда. Бұл – Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы. Кітап қоры бай. Мұндағы ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. жарық көрген, латын қаріптерімен басылған қазақша кітаптар, көлемі кішкентай, репринтті, факсимильді басылымдар, танымал адамдардың қолтаңбасы жазылған кітаптардың әрқайсысы баға жетпес мол алтынмен тең. Сирек кездесетін 16568 дана кітап қоры – 151 жылдық тарихы бар кітапхананың мақтанышы. Оның 5607 данасы революцияға дейінгі кітаптар қорына, ал 10961 данасы депозитарлық кітаптар қорына жатады. Оқырманның іздегені табылады деуге толық негіз бар, өйткені өткен тарихқа қатысты да, руханиятқа қатысты дүниенің дені осы жерге жинақталған.
Кітапхана музейі
1974 жылы облыстық кітапхананың жанынан сирек кездесетін кітаптарды сақтау секторы құрылған екен. Бүгінде кітапханада кітап мұражайы бар және ол бес бөлімнен: сирек кітаптар мен қолжазбалардан, құран кітаптары, латын графикасымен басылған қазақ кітаптары топтамасынан; миниатюралық кітаптар; танымал қоғам және ғылым қайраткерлері, ақын-жазушылардың сыйға тартқан құнды кітаптарынан және кітапхана тарихы туралы сыр шертетін әдебиеттерден тұрады. Кітапхана қорында сақталған ең көне кітап 1793 жылы шыққан «Тарихи сөздік». Одан кейінгі көне кітап – 1820 жылы Санкт-Петербург қаласындағы И.Глазунов баспаханасында басылған, 1815 жылға дейін әлем халықтары туралы ежелгі атлас пен жаңа географияны пайдалана отырып баяндайтын Аббат Миллоттың «Жалпы ежелгі және жаңа тарих» кітабы. Революцияға дейінгі басылымдар қатарында тарихшылар С.Соловьев, Н.Костомаровтың шығармалары, «Ұлы тұлғалар өмірі» сериясымен шыққан математик-ғалым Н. Лобачевский, ағылшын жазушысы Ч.Диккенстің өмірі мен әдеби қызметі туралы кітап (Петербург баспасы, 1891), француз жазушысы Эмиль Золяның өмірі туралы жазылған «Эмиль Золя» кітабы (1895ж, мұқабасында бағасы көрсетілген: 25 тиын), Пушкин, Салтыков-Щедрин, Толстойлардың шығармалары бар.
Өлкеге қатысты сирек басылымдардан: «Орал-Каспий өлкесі» өлкетанулық анықтамалығы (ГУБОНО басылымы, Орал, 1927) бар. Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шолпан Қуанышқалиқызының айтуынша, сол жергілікті мұғалімдер К.В.Данилевский мен Е.В.Рудницкий 1927 жылы жазып шыққан «Орал-Каспий» атты жергілікті табиғат, өлкенің қоғамдық-саяси өмірі туралы деректерден тұратын бұл анықтамалық күні бүгінге дейін тарихи-географиялық және этнографиялық мағлұмат пен Орал өңірінің жергілікті халық жөнінде сан алуан мәлімет беретін құнды басылым болып отыр. Сондай ақ, «Исатай Таймановтың көтерілісі» (1927 ж) туралы, латын графикасымен басылған қазақ кітаптары топтамасында Н.Байғаниннің «Ақын шабыты», И.Байзақовтың «Алтай өлкесінде», қазақ классиктерінің поэмалар жинағы, Нармамбет Орманбетұлының өлеңдері, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы поэмалар, роман, әңгімелер, өлеңдер және т.б. туындылары оқырманның танымдық қызығушылығын тудырады.
Көлемі кіп-кішкентай кітаптар да ерекше назар аудартады. Кітапхананың шағын басылымдарды жинақтаған қорында 300-ге тарта осындай кітаптар сақталған. Олардың көпшілігі үлкен кітаптардың кіп-кішкене көшірмесі, сондай-ақ ерекше әсем безендірілуімен тартымды. Ең қызықты кітаптардың бірі «Пермь мұражайларының көркем коллекциялары» сериясымен шыққан, жиырмадан астам фарфор бұйымдарын насихаттайтын үздік шеберлердің қолтаңбасымен илллюстрация жасалған «Насихаттаушы фарфор» миниатюрасы. Әлемнің географиялық атласы (1986 ж) да осы жерде. Көлемі 2 см болатын И.С.Тургеневтің орыс және француз тіліндегі өлеңдер жинағы, Пушкиннің үш томдық шығармалар жинағы, сонымен қатар әлем классиктерінен Уильям Шекспир, Роберт Бернс, Дейл Карнеги, Бальмонт шығармаларының жинақтары табылады.
1966 жылы «Жазушы» баспасынан «Ұлы ақындар кітапханасы» сериясымен қазақ тілінде басылып шыққан Абай, Сағди, Шандор Петефи, Ғабдолла Тоқай, Фридрих Шиллер, Адам Мицкевич сынды ақындардың өлеңдер жинағы енгізілген. Сонымен қатар 2000 жылы «Жеті жарғы» баспасынан жарық көрген 3 тілде жазылған Қазақстан Республикасының Конституциясы миниатюралық кітабын да оқырман осы жерден көре алады.
Кітапхана тарихы білгенге қызық
151 жылдық тарихы бар бұл кітапхана тамырын өткен ғасырлардан тартады дедік. Дәлелмен сөйлейік. Ресейдің губерниялық қалаларында алғашқы көпшілік кітапханалар ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында пайда болғаны белгілі. Деректерге қарағанда, 1821 жылы Орал әскери училищесінің негізі қаланып, бірақ көп ұзамай оның ғимараты өртеніп кеткен екен де, арада он жыл салып қайта ашылғанда онымен бірге шағын кітапхана ашылған. 1833 жылы ел ішінен қаражат жиналып, әскери мектепке жүздеген кітап сатып алыпты. 1858 жылы кітапханада орыс және шет тілдеріндегі 5000 томнан астам кітап пен журнал болған. Алғашқы жылдары кітапхана тек қайырымдылық есебінен және үйге кітап беруге арналған ақша салымы бойынша жұмыс істеген (жылына 4 рубль), бірақ 1863 жылы жазылушылардан төлем алынып тасталғандықтан, кітапхана амалсыз әр түрлі «бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырып, лотерея ойнатып, концерт, спектакль өткізіп, сол арқылы күнелткен.
Сол замандағы Орал казак әскерінің атаманы А.Д.Столыпиннің бұйрығымен кітапхана осылайша жастарға кітап оқуға мүмкіндік беретін көпшілік орынға айналады. Деректерде кітапхана жұмысының дамуында Әскери мектептің қамқоршысы, кітапқұмар Меркурий Кузьмич Курилиннің еңбегі аталады. Ол кісі жаңа кітаптарды сатып алып, жүйелеп, ұсыныстар тізімдерін жасап отырған. Осы кезеңнен бастап кітапхананың міндеттеріне оқу әдебиеттерін алу және тарату ғана емес, сонымен қатар азаматтарды ресейлік және еуропалық мерзімді басылымдармен таныстыру да кірген.
Ал 1870 жылы қарашада Орал казак әскерінің бас атаманы генерал-лейтенант Н.А.Веревкин Орынбор генерал-губернаторына Әскери көпшілік кітапханасын ашу туралы өтініш жасап, кітапхананың жастардың білім алуына өте қажет екенін жеткізеді. Веревкин кім десеңіз, 1869 жылы шыққан жаңа ереже, оған қарсылық танытқан Кіші жүз қазақтарының көтерілісі, Орал мен Торғай көтерілісіне қатысты деректерде аты аталатын атаман. (тарихи деректерде үй басы салығын жинау, мысалы, адайлардан 3 рубльден 50 тиын тұратын кибит алымын алуға байланысты ереже ауылдардың табанды қарсылығына ұшырайды. «Уақытша Ережені» қабылдамай қайсарлық көрсетушілерге қарсы әрі Елек комиссиясына көмекке Ембі постындағы күшке қоса екі зеңбірегі бар 200 казак жіберілді. Сол кезде Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Крыжановский мен Орал облысы әскери губернаторы Н.А.Веревкин қарсылық көрсетушілерге Жем өзені бойындағы жайлаудан айырылатындығын ескертіп, қорқытқан делінеді). Сол Веревкиннің жергілікті халыққа жасаған бір жақсылығы осы. Ол кітапхана ашу туралы сұрай отырып, оған рұқсат етілген жағдайда 1858 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әскери училище кітапханасының кітап қорын есепке алу қарастырылған «Кітапхана туралы ережені» де ұсынады. 1871 жылы 24 қазанда Әскери көпшілік кітапхананың ресми ашылуы болады. Әскери кітапхана тек Әскери-шаруашылық басқармасы бөлген 1500 сомның есебінен ғана емес, сонымен бірге жеке қайырымдылық есебінен, сол замандағы бай казактар Хохлачев пен Карпов сыйға тартқан алты мың рубльдік қол сұғылмайтын капиталдан алынған сыйақы есебінен жүргізілген. Кітапхана қоры Әскери училищенің кітаптары негізінде құрылып, қоры 4750 томды құраған. Кітапхананың директоры есаул Акутин болды. М.Кондрахин кітапханаға француз тіліндегі 1289 томды сыйға тартқан, одан бөлек әскери кітапхана 30-ға жуық журналға жазылған, олардың арасында жергілікті «Уральский военный вестник», «Уралец» сияқты басылымдар болған. Кітапхана өзінің алғашқы күндерінен бастап Орал қаласының тұрғындарына оқу залында әдебиеттерді тегін пайдалануға мүмкіндік берген, ал үйге ақылы түрде беріп отырған.1909 жылдың қаңтарында кітапхана қорында шамамен 15000 том кітап, ал шотында 9000 рубльден астам ақша болған.
Алайда Азамат соғысы басталып, кітапхана қорлары мен жеке коллекцияларға орасан зор зиян келген. Көптеген басылымдар жойылып, бірқатары аштық пен суықта пеш жағуға пайдаланылған. Қаланың зиялы қауымы сол кезде жергілікті «Красный Урал» газетінің 1920 жылғы 28 мамырдағы санында: «Бізде кітап жоқ, кітап аштығы соншалық, халық бұқарасы оянып, кітапқа шөлдеп, білімге бар күшімен ұмтылды» деп жазған. 1921 жылы губерниялық кітапхана Орталық қалалық кітапхана болып қайта құрылып, Қызыл Армия жауынгерлері мен командирлеріне мәдени қызмет көрсетуге, сауатсыздықты жоюға, қала халқына қызмет көрсетуге белсене қатысады. Арнайы мәліметтерге қарағанда, сол кезде орталық кітапханада кітаптарды пайдаланудың шарттары мынадай болған: айына 3 сом және депозит ретінде 5 сом. Кешіктірілген кітаптар үшін айыппұл белгіленіп - әр күн үшін алтынмен 5 копеек төленген. 1923 жылдың ортасына қарай кітапхана қоры 3293 дана кітап болса, 1925 жылы кітап саны 11 034 томға жетіп, қазақ бөлімінде 300-ге жуық кітап болған. Губерниялық кітапхананың кейбір жетістіктері оның жұмыс өнімділігінің көрсеткіштерінен көрінеді: 1925 жылы кітап шығарылымы 42985 томды құраған, абонементтің орыс бөлімде 1077, қазақ бөлімінде 277 оқырманы болған. Кітапханаларды әдебиетпен қамтамасыз ету үшін 1934 жылы кітапхана коллекторы ашылып, республикалық оқу-ағарту халық комиссариатының 1935 жылғы 2 сәуірдегі бұйрығымен облыс орталығында облыстық кітапхана ретінде құрылады. «Өлкелік кітапханалар туралы уақытша ереже» бекітіліп, облыстық кітапханалар облыстың негізгі кітап сақтау қоймаларына айналып, анықтама және облыстағы барлық кітапхана жұмысын үйлестіретін библиографиялық және әдістемелік орталықтар ашылған. 1939 жылы КСРО-да кітапхана ісінің дамуына елеулі үлес қосқан Н.К.Крупскаяның есімі берілген. 1941-1945 жылдары кітапхана қызметкерлері ҰОС жылдарында госпитальдар мен әскери шақыру бөлімдерінде кітапханалық қызметін жалғастырған. 1947 жылы кітапхана бүгінде тарихи-сәулеттік ескерткіш саналатын Карев үйіне көшіріліп, содан бері осы ғимаратта халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Жаңа заман кітапханасы
Кітапханада оқырманға ғылыми көпшілік, оқулық, өндірістік, анықтамалық, ақпараттық-библиографиялық болсын, бірнеше салалық бөлімдер қызмет етеді. Сан ғасырлық тарихы бар құнды мәдени мұра құжаттары, сирек кездесетін кітаптар, кітапхана қорындағы электронды жаңа технологияға сай құжаттар, өлке тарихы, мәдениеті туралы әдебиеттер жинақталып, сақталып, жылдан жылға толықтырылып отыр. Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шолпан Қуанышқалиқызы Уразаеваның пікірінше, кітапхана қызметіне сандық технологиялар енгізу оқырмандар үшін аса тиімділігін көрсетті. Оқырмандарға электронды басылымдарды жеткізу, аудан, ауыл тұрғындары ақпаратқа жедел қол жеткізуі үшін интернетке қосу, кітапханалардың жеке сайттарын құру, түрлі ақпараттық порталдар қызметін ұсыну жолға қойылған. Әлемнің 116 елінен 60 мың пайдаланушыға қызметін ұсынып отырған Қазақстан Ұлттық электрондық кітапханасының игілігін облыс оқырмандары да көріп отыр. Облыстық кітапхана мемлекеттік электронды кітапханалық қор – ҚазҰЭК жобасына 2008 жылдан бастап мүше болып кіргендіктен, бүгінгі таңда электронды кітапхана қорына өлкенің тарихына қатысты 500 дана әдебиет жүктелген, сонымен бірге кітап қорын сақтау, әсіресе, сирек кездесетін құнды кітаптардың сандық көшірмесін жасап, сақтау ісі алға басып келеді. Нақты айтқанда, «Элар План Скан» көшірме аппаратымен барлығы 5323 дана әдебиет цифрлық форматқа көшірілсе, оның 507 данасы өлке тарихына қатысты деректер.
«Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық кітапханасы электронды каталог құруда қазіргі ИРБИС автоматтандарылған кітапханалық бағдарламасымен жұмыс жүргізіп келеді. Бұл автоматтандырылған жүйеге көшуіміздің басты себебі – Батыс Қазақстан облысы Ресеймен шекаралас орналасқандықтан шекаралас аймақ кітапханаларымен бірлесе жұмыс істеп, бірыңғай кітапханалық кеңістік құруымыз керек. Осы бағытта Самара, Орынбор, Саратов, Астрахан және Волгоград облыстарының кітапханаларымен ортақ шығармашылық ынтымақтастықта интеграциялық сипатта жұмыстар жүргізіп келеді. Сонымен қатар өңіріміздегі екі ірі оқу ордасы – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті де ИРБИС автоматтандырылған жүйесімен жұмыс істейді» дейді кітапхана басшысы Шолпан Қуанышқалиқызы.
Жұбанның қолтаңбасы
Жұбан ақын осы кітапханадағы кітабына: «Мен осы кітапханаға өмір бойы қарыздар болып өтетін адамның бірімін. 1936 жылы алыстағы ауылдан келіп, оның қасиетті табалдырығын аттағанда мен бір ғаламат жарқын дүниеге, ертегілер әлеміне кіргендей болдым. Осында әдебиеттің небір нұрлы бұлағынан сусындап, сол арқылы ақындық қияға қанат қақтым, осының залында алғашқы өлеңдерімді жаздым. Мың сан рахмет! Мен осынау мәдениет ордасына зор табыс тілеймін, халықты білім бұлағынан сусындата берсін» деп жүрекжарды қолтаңбасын қалдырған екен. Ақын Орал ауыл шаруашылық техникумында оқып жүріп, көп уақытын кітапхананың оку залында өткізгендіктен осылай тағзым етсе керек. Бүгінде кітапхана ақын атында. Ақынның абзал жары Софья апай кітапханаға ақынның жеке заттарын беріпті. Оның ішінде шежірелі суреттер де жетерлік.
Бүгінде оқырмандарға ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында ашылған Жұбан залы «Қазақтың қыран перзенті», «Жанұям алтын бесігім», «Азат етем жерімді», «Ғасырдың ғажайып тұлғалары», «Достар, достар», «Жолдас қазақ! Дос қазақ! Бауыр қазақ!», «Туған ел құшағында», «Мен мың да бір тірілдім» экспозициялардан тұрады.
Кітапханашылардың өлшеусіз еңбегі
Кітапханашылар біздің қоғамда соншама үлкен құрметке ие деу қиын. Басқасын айтпағанда алатын айлықтары да көп емес. Бірақ, ол заманда да, бұл заманда да руханиятқа қызмет етушілерде мігір болған емес. Олар соғыс жылдарында да тыным көрмеген, бүгінгі таңда да таным көкжиегіне, жалпы игілік жолында жалықпай қызмет етеді.
1941 жылы маусымда Қазақ КСР Оқу Халық Комиссарының халық ағарту, саяси-ағарту мекемелерінің барлық қызметкеріне арналған «Барлық жұмысты әскери жолмен қайта құру туралы» үндеуі шыққан. Осы үндеуге байланысты кітапханашылар үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және санитарлық қорғаныс мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әскери іс-қимылдары бойынша әскери бөлімдерге, еңбек ұжымдарына, госпитальдарға, әскерге шақыру учаскелеріне дәріс оқыған. 12 жылжымалы бөлім ұйымдастырып, газет витриналары, плакаттар, жауынгерлік парақтар, кітап көрмелерін әзірлеген. Оның бәрі үлкен еңбек. Өйткені, деректерге қарағанда, кітапхананың штатында осы жылдар ішінде 11 адам болған, түскі асқа үзіліс алмай, екі ауысыммен жұмыс істеген. Ел басына күн туған сын шақта кітапхана қызметкерлері оқырмандарға қызмет көрсету мен үгіт-насихат жұмыстарынан бөлек картоп жинауға, егіс науқанына, астық жинауға барып, мал санағына атсалысып, ағаш кескен. Тәртіп қатаң, кідіріс жоқ. Соның өзінде тек 1945 жылы кітапхана 150 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсетіп, 250 мың кітап пен журнал оқырман қолына тиген.
«Білімі мен біліктілігін кітапхана жүйесінің одан әрі дамуына арнап, мәнді де мағыналы қызмет атқара білген Лидия Губанова, Гүлжан Жұмақаева, Роза Исатаева сынды кітапхана басшыларының өнегелі ісі мен еңбек жолы жас мамандар мен өскелең ұрпаққа үлгі. Бүгінде жоғарыда аты-жөндері аталған майталман мамандардың ізін жалғап, жас кадрлерге бағыт-бағдар беріп, кітапхананың жаңа заманауи келбетін қалыптастыру жолында қызмет атқарып жүрген М.С.Бикбау, А.Т.Бекжанова, Н.А.Сағынова, А.Б.Жұмақаева, Н.А.Фирулская, М.Ш.Қабашева, С.С.Ерғалиева, З.У.Нарудинова, А.Ө.Қуатова, А.Т.Нурсапина, Д.Бекқарнаева, Г.Б.Батырханова, Е.Ж.Төлешова, И.Т.Жұмақаев сынды тәжірибелі кітапханашылардың еңбегі де оң бағаға әбден лайықты», – дейді Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шолпан Қуанышқалиқызы.