ХІХ ғасырдың аяқталар шегі мен ХХ ғасырдың басында Ресей дәргейіндегі түркі халықтарының арасында түркілік идея туысқан әрі тағдырлас халықтар үшін зор үміт сәулесі болды. Сол сәулеге жан дүниесімен иланған жанның бірі, алаштың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабай еді.
1920 жылдың сәуір айында Жоғары Ұлттық мәжіліс ашылады. Сол күні Түркия әлемге өз егемендігін паш етіп, сондай-ақ ұлт-азаттық соғысын жеңіспен аяқтап шын тәуелсіздігімен қауышты. Бұл қазақтардың да қуанышын еселей түсті. Осы жеңістің лебін Мағжанның «Түркістан» поэмасынан айқын сезуге болады. Поэма буырқанған поэзиялық шабытпен жазылған. Шығарма түркілердің тарихы, қаһармандары мен ақындарына тола. Олар өз заманында дүниені дүбірлеткен түркілердің өзендері мен көлдері, таулары мен дөңдері жеке бір сұлулық символдары. Осындай ғаламат мемлекеттің тұлғаларға толы тарихын жиырма бес шумаққа сыйғызған ақынның шеберлігі мен терең білімін атап өтуге тиіспіз. Тұран жұртының тарихын алақанымызға салғандай сұлу бейнелеген. Мұндай тарихы барына кеудесін мақтан кернеген ақын, шабыттанып қазақ халқына бүй дейді:
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?-дейді.
Бұл тек түркінің баяғы отаны Алтайды еске алу емес. Мәңгілік бейненің артындағы ой – бұл ерлікке, әдебиетке, осынау шексіз байлыққа кейін ие болатынның бірі сенсің, уа, халқым, деп өлеңнің қуатты, екпінді, әсерлі рухымен қазақтарды жігерлендіреді.
Мағжан өлеңдерінің тематикасы өзеннің саласын көз алдымызға әкелсе, қазақ халқының тағдыры сол өзендер құятын теңіздерді елестетеді. Түрік тақырыбы да осы жерден басталмақ. «Оралға» өлеңінен бастап барлығы, айналып қазығын тапқан аттай қазақтардың тағдырына негізделген және соның қамын жейді. Кейде кеңес айтады: «Бірігіңдер ержүрек түркінің балалары, дұшпанды басындырмай жолын кесіңдер, тізгінді қолға ал «Орал» тауы». Кейде қазақтардың атынан аласұрып сөйлеген батыр сияқты жігерін жанып, белін бекем бууға серт береді: «Бiр барқылдақ жалпылдаған төбеттен, Қорқар болсам, жұтсын менi қара жер!». «Қазақ тілі» өлеңінде: Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа, Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм! – деп сенеді.
Мұның жалғасы әрі түйіні іспеттес бір өлеңі бар. Ол – «Тез барам» туындысы. Түйін деуге әбден лайық бұл өлең, жоғарыдағы ойлардың бәрін қамтыған бір батырдың атынан тіл қатады. Ол: «Тірілтейін алып атам аруағын, Тазартайын Сарыарқамның топырағын» деп жар салады. Бұл өлеңдегі лирикалық кейіпкердің айырмашылығы, кеш болмай тұрып жұмыстарын реттеген, нақты мақсат пен істің адамы болуы.
30 жылдарға таман Совет одағында түркі (түркішілдік) мәселесі бұрынғыдай қызығушылық тудырмады. Біраз уақыттан кейін Түркістанның дербестігі бөлшектенді.
Түрікшілдікті жоққа шығару Ресейде қарапайым бір оқиғадан басталады. 1920 жылдың 20-26 қаңтарында Ташкент қаласында Түркістан коммунистік партиясының V өлкелік конференциясы өтеді. Онда Түркістан мұсылмандар ұйымының төрағасы Т.Рысқұлов баяндама жасайды. Ол аймақтың ұлттық ерекшелігіне сай партия ұйымының атын өзгертсек, коммунист мұсылмандардың төңкеріс барысында рөлі нығайады деген ойға келеді. Егер өлкенің атын түгелдей жойсақ, жабайы шығыс халықтарының Совет одағына деген қызығушылығы арта бермек деп сөзін жалғайды. Сөйтіп күтпеген ұсыныс тастайды. Ұсынысында Түркістан Коммунисттік партиясы бұдан былай «Түрік халықтарының коммунистік партиясы» және Түркістан да «Түрік Совет республикасы» болып аталсын деген идея айтады.
Егер түркі халықтары біріксе, оның салдары қандай болмақ? Бұл туралы Мәскеу көп ойлана бастайды. Ымырасыз дау-дамай көбейеді. Белсенді болып көрінгендердің әрқайсысы жалған сөздермен шовинистердің әдейі шамына тиеді. Кейбіреулері «Азиялылықтар орыстарды Түркістаннан қудалауды, ығыстыруды қалайды» деп бақырып шақырды. Кейбір шектен шыққандар «Қаратеңіздің ар жағындағы Түркия, Орта Азия мен Қазақстан бірігудің табалдырығында» деп ұлтты аяғынан тұрғызуға тырысты. Соңында жағдай бақылаудан шығып «пантүркизмге» қарсы соғыс жарияланды.
Бұл оқиғалар іске аспаса да, өмірі таяқ жеп келген Мағжан «түрікшілдік» кінәсімен айыпталады.
Ақын жүрегіндегіні жырға қосады, құр бос сөздер жазбайды. Мағжан «Алыстағы бауырыма» деп түріктерге үн қатқанымен басқа ұлттарға дұшпандығы жоқ. Оның бар ойы қаналған, езілген халықтарға сүйеу болмақ.
М.Жұмабаевтың әдебиетімізде алғаш қалам сілтеген түрік тақырыбының халықаралық маңызы жоғары. Бүгін тәуелсіздігін алған Қазақ елі Түркиямен ынтымақтастық ішінде және екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастар уақыт өткен сайын нығайған заманда Мағжан жайлы зерттеулер ұмытылмауы тиіс. Бір кездері ақын түрік бауырларымызға «...Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта, Қайғыдан қан жұтамыз...» деген болса, қазір құдайға шүкір дейміз, жағдай өзгерді. Тәуелсіз мемлекеттер неліктен жыласын? Шынында да бүгінгі ахуалдарды көріп қуанбау мүмкін емес. Бұдан кейінгі арманымыз бен жалғыз тілегіміз – екі жақтағы қуанышымыздың ұзаққа созылуы. Мұны айта отырып, осы тәуелсіздік таңындағы жарқын күндерді көрмей кеткен, бірақ бұл жолда жанын құрбан еткен арыстарымызды қайғырып еске алуымыз қажет. Батыс пен Шығысты тең көрген Мағжанның жалғыз мұраты бар еді: Әлемді жаңарту, адамзаттың пиғылын түзету мен әсемдікке бояу. Ақынның «Жер жүзін топан басса екен» деген өлеңі осындай өлеңдер қатарында.
Мағжанның ойлары мұнымен шектеулі емес. Ол бір ұлттың, өз елінің пайдасын ойлаумен тоқтамайды. Оның саналы отансүйгіштіктік ойларынан шыққан армандары, мақсаттары өте асқақ. Өз халқы жайлы сөз қозғағанда, оның тарихта жүріп өткен сүрлеуін еске алады және бүгінгі күнмен салыстырады. Мұнымен де тоқтамай жалпы түрікшілдік идеясына келеді. Түркі тектес халықтардың болашағынан зор үміт күтеді. Жалпылай шығысты асқақтатады. Ақынның «Пайғамбар», «Күншығыс», «От» тағы басқа бірнеше өлеңінде игіліктің барлығы шығыстан келгендігі, батысты торлаған қара бұлттарды тек шығыстың арайлы шұғыласы ғана сейілтетіндігі түсіндірілген. Ақынның бұл өлеңдерінде туып-өскен жеріне, Шығысқа деген алып махаббаты, перзенттік, патриоттық сезімдері айқын көрінеді. «Күншығыс» өлеңінде:
Қисық көзді Күншығыс,
Бұл тұруың қай тұрыс?
Серпіл енді, алыбым! – деп шығыс халықтарына дауыстап, ойларын әйгілі «Пайғамбар» өлеңінде жалғастырады:
Күншығыстан таң келеді – мен келем,
Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренемін.
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!
Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры!
Қап-қара түн. Күңіренеді түн ұлы.
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:
Мен келемін, мен – пайғамбар, Күн ұлы.
Бұл жерде ақын тебіренісінің тегеурінді күші қаншалықты сезілсе, Шығысқа, оның перзенттеріне деген сүйіспеншілігі мен мақтанышы да соншалықты жарқын көрініс тапқан.
Мағжан осы сияқты өлеңдерінде замана шындығын, халықтың басынан өткен тарихи жағдаяттарды баяндайды. Ол Шығыстың, оның ішінде түркі халықтарының өткен тарихына көз жүгіртеді. Бір замандары атақоныс болған жерлерді еске салады. «Түркістан» поэмасынан мұны көре аламыз:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой, –
деп басталатын өлең жолдары тарих парақтарына жетелейді. Ежелде Тұран аталған бұл аймақты қоныстанған ұлы бабаларымыздың өмірін көз алдымызға әкеледі. Ақын Тұранның топырағы мен суын, көлдері мен шөлдерін, бұлақтары мен өзендерін, Арал теңізін, Ыстық көлін, Жейхун мен Сейхун дарияларын, Тянь Шань, Памир Алтай тауларын өте сұлу суреттейді. Отаны Тұран болған ер түріктердің төрешілерін, қаһармандарын, ғұламаларын, ел билеген хандарын еске алады. Солайша бірлікте өмір сүріп, жерін жауға бермеген түркі әлемі, қазіргі таңда бірнеше мемлекетке бөлініп отыр.
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? – деген Мағжан, қазақтарды ер түріктердің мұрагері санайды.
Мағжан «Тұран», «Түркістан» деп жырлаған поэтикалық бейнелерде Шығыс әлемі және тұтас түркі дүниесімен мақтан ететінін жырға төккен. Шығыстың және түркі әлемінің өткен тарихына көз салып, ондағы қаншама ерлікке толы, бейбітшілік құшағындағы күндердің мейманы болады. Ол кезеңдерді өз кезеңімен салғастырады. Біраз нәрсе көңіліне қаяу түсіреді. Бір кездері Тұранды жайлаған Ер түріктің бірлігі әлсірепті, әрқайсысы жеке бір мемлекет, бөлек бір халық болған екен. Шығысты мадақтаған өлеңдерінде түркі тектес халықтарды бірлікке шақырады. Сонда ғана батыстан келген зұлматтарға, қауіп-қатерге, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы төтеп беру мүмкін екендігін түсіндіріп бағады. Оны ақынның «Орал тауы» өлеңінен көре аламыз. Өлеңнің кейіпкері – «Орал» тауы. Ол Мағжанның суреттеуінде барша түркі дүниесінің символы.
«Бір күнде сенің иең түрік еді,
Орын ғып, көшіп, қонып жүріп еді.
Қорықпайтын таудан, тастан батыр жүрек
Қойныңа жайыменен кіріп еді.
Қарашы төңірекке мойын бұрып,
Алтай, Орал бойында тұрған түрік.
Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ
Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп.
Оралдай атамекен жерлеріне,
Қасиетті атаның көрлеріне
Аузы түкті шет елдер ие болып,
Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне.
Атамыз бізді өсірген қайран Орал,
Мойның бұр, тұңғышыңа қайтып Орал.
Қосылып батыр түрік балалары
Таптатпа, қолын кесіп, тізгінге орал»,-деп түркілердің бұрынғы өмірін аңсайды. Ақынның бұл аңсары біріншіден, шынымен іші ашып, бауырлық сезімінің күшейгенін көрсетсе, екіншіден түркілердің бірталай қателікке бой алдыруы ақынды жабырқатады. Төбесі көк тіреген ақбас шыңдары, қалың нулы қарағайы мен жан-жануарлары, қойнауы алтын мен алмасқа толы байлығы тасыған Орал тауы.
Мағжан тау табиғатын сұлу суреттеген. Өлеңде «ер түрік» дегені, түркі әлемі: түрік, қазақ, қырғыз, татар, башқұрт және басқа халықтарды жинақтап сипаттауы. Бір кездері ұлан-байтақ даланың cәні болған осыншама халықтың бүгінгі жағдайы қандай? Мағжан оны былай жырлайды:
«Оралдай атамекен жерлеріне,
Қасиетті атаның көрлеріне,
Аузы түкті шет елдер ие болып,
Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне» деп тарихи ақиқатты жайып салады. «Ауызы түкті шет елдер» дегені орыстар мен орыс билігі. Солардың қысымымен бір кездердегі маңғаз Оралдың да жүзі семді. Өлеңінің соңын барлық түрік ұлысын бірлікке шақыра отырып аяқтайды:
Анамыз бізді өсірген қайран Орал,
Мойның бұр, тұңғышыңа қайтып Орал.
Қосылып батыр түрік балалары
Таптатпа, қолын кесіп, тізгінге орал.
Өз халқының, түркі әлемінің басындағы қайғылы, азапты хәлін шерлі суреттеген Мағжан, өлеңдерін негізінен оптимист ораммен тәмамдайды. Ақынның шабытқа толы жігерлі кейіпкері өте ержүрек, не болса да айтар сөзін бүкпейді. Жүсіпбек Аймауытов 1923 жылғы «Мағжанның ақындығы туралы» деген мақаласында: «Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жағымды болуына Абай да ден қойған. Абай да сөздің мағыналы, екпінді болуына мән берген. Бірақ дауыстап оқуда, сөздің сыртқы формасын әрлеуде Мағжаннан артық ұтымды шыққан қазақ ақыны болмаған. Олай болса ақындық жағынан Абайдан кейін әдебиетке жаңа толқын әкелген, шәкірт тәрбиелеген, мектеп қалыптастырған Мағжан екені даусыз» деп жазады [.
Жас кезінен орысша оқып, орыс әдебиетін терең білген Мағжан, қазақтың жыр әлеміне өзіне тән ерекшелігі, жаратылысындағы сонылығымен кірді. Бастапқыда шарпыған сезімін, жанып сөнген алапат құштарлығын жастық шағы сыйлаған батылдықпен жеткізуге талпынған Мағжан, бертін келе біртіндеп толысып, ұлттық тақырыптарға бет бұрды. Ол қайғылы, мұңды сезімдерін ғажап бір шабытпен дауысы жеткенше айғайлап, ішкі күйзелісі мен тұтанған кектің лапылын байланыстыра отырып жырға қосты.
Бұл кездер оның қазақ халқының бір туар тұлғалар Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлынан сабақ алып, жазушылық өмірдің жаңа белесіне қадам басқан дәуір еді. Ұстаздарының тәрбиесі сезімтал рухында көтерілген дауылды һәм өз мақсатын терең ұғынуына көмекші болды.
Азамат! Анау қазақ ханым десең,
Жұмақтың суын апар, жаным десең.
Болмаса, Ібіліс бол да у алып бар,
Тоқтатам тұншықтырып қанын десең
Екінің бірі, басқа жол жоқ!
Мағжан 1938 жылғы қанды қырғында жазықсыз айыпталып, өлім жазасына кесілді. Шығармалары көпшілік оқуға тыйым салынды.
1938 жылы елін, жерін шексіз сүйгені, еркіндік пен тәуелсіздікті жақтағаны үшін жазықсыз айыпталған ол түрікшіл терең ойлары, идеалдары, еңбектері және тебіреніске, асау толқындарға толы жүрегі барда, түркі әлемінің ұлыларының бірі болып қалары айдан анық.