Алашорда һәм Қазақ әскерінің тарихы
18.05.2022 2641

Көпшілік қауым Алаш қозғалысынан бастап Алаш партиясы мен Алаш автономиясы және Алашорда Үкіметі туралы біршама хабардар болып үлгерді. Алайда азаматтардың арасында Алаш әскері құрылып, оның қызыл большевиктермен соғысқанынан біле бермеуі мүмкін. Соңғы жылдары алаштанушы тарихшылар Алаш әскері туралы жиі жазыла бастады. Солардың ішінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубайдың еңбегі ерен.


Ерлан Ерназарұлының айтуынша, Алаш қозғалысы – қазақ елі тарихының жарқын бір беті, ұлттық рух пен мемлекеттілік идеясының, отандық ғылым мен білімнің, мәдениет пен руханияттың жаңа сипатта қайта жаңғыруының айқын көрінісі болып табылады. Сондай-ақ ол ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстан тарихының «ақтандақ» беттері Алаш қозғалысы, Алаш партиясы және Алашорда тарихымен тікелей байланысты екенін еске салады.

«Арнаулы әдебиеттерде бұл тарихи құбылыс Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген атаумен мәлім. Қазіргі уақытта ұл тарихында Алаш қозғалысы – ұлт-азаттық қозғалыстың биік белесі ретінде қарастырылуда. Алаш қозғалысы – ұлттық жаңғыру мен төл идеяның бастауы, демократиялық мемлекет үкімет, өзін-өзі басқару және экономикалық даму институттары, халықтар бірлігі мен ұлт татулығы, дін еркіндігі мен мемлекет арақатынасы, кәсіби білім беру мен заманауи технологияларды игеру, сөз еркіндігі және рухани-мәдени төлтумалықты жетілдіру ұғымдары мен түсініктерін әлемдік өркениет кеңістігі арнасында қалыптастыруға жол ашты.

Ел тарихында өшпес із қалдырған бүкілхалықтық Алаш қозғалысы мен Алашорданың қоғамдық-саяси қызметтері және оның жетекші тобы ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси ұстанымдары мен қайраткерлік санаттағы қызметтерінің тарихи тағылымы зор.

Қазіргі уақытта қоғамымызда Алаш идеясы – тәуелсіздік идеясы деген ой-пікір берік қалыптасты. Сондықтан да қазіргі тарихи таным үдерісінде ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Алаш қозғалысына байланысты тарихи құбылыстар, оқиғалар, тұлғалар туралы қазіргі қоғамның тарихи түсінігін мен таным жадысын қалыптастыру – ел тәуелсіздігін беріктендіру талаптарымен орайласып жатқан көкейкесті міндеттермен тығыз үйлесуі заңдылық. Алаш қайраткерлерінің қаламынан туындаған шығармашылық еңбектер айтылған ой-пікірлерді дәйектеуде.

Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, Алаш Автономиясы мен оның заңды үкіметі – Алашорда және Алаш қайраткерлері туралы ғылыми дәйекті, әрі тарихи тұжырымды талданған зерттеулер Алаш қозғалысының шығу тарихы, ХХ ғасырдың алғашқы жылдарындағы Қазақстанның және оның аймақтарының қоғамдық өміріндегі Алаш қозғалысының маңызы мен тарихи орны, Алаш Автономиясы мен Алашорда үкіметінің қоғамдық-саяси қызметінің өрістері және осы қозғалыстың белсенді қайраткерлерінің әмбебап қызметтері туралы мейілінше ғылыми дәлелді тұжырымдар ұсынды», – дейді тарихшы.

Ерлан Сайлаубайдың айтуынша, Алаш қозғалысының негізін қалаушылар мен белсенді қайраткерлерінің өмірі мен қызметі және Кеңес өкіметі кезеңіндегі олардың трагедиялық тағдыры тарихнама шеңберінде жан-жақты қарастырылды. Алайда ол Алаш әскеріне әлі де болса көңіл бөлінбей отырғанын ескертті.

«Алаш Автономиясының ресми үкіметтік құрылымы – Алашорданың 1917-1918 жылдарғы қызметінде ең маңызды әрі шешуші мәселе деп қарастырылған жайт – Алаш милициясын (болашақ мемлекеттік әскери құрылым) құру және оны тұрақты сипатқа көшірту болды. Қазақ әскері мәселесі және оның тарихы ұлттық тарихымызда ең аз қамтылған тақырып десек қателеспейміз. «Қазақ» газеті шыға бастаған уақыттан бастап қазақ әскері мәселесіне қатысты мақалалар бір сәтте толастаған емес. Қаһарлы 1916 жылғы ұлт-азаттық сарындағы қозғалыстар қазақ әскері мәселесін тарих сахнасына тағы да алып шықты. Қазақ даласын дүбірлеткен қарулы көтерілістер патшалық Ресей империясының қазақ өлкесінде жүргізген отарлау саясатының озбырлығына қарсы күрестің ең серпіндісі болғанымен түпкілікті жағдайда патшалық жазалаушы әскери құрылымдарға өтімді соққы бере алмады. Оған соғыс жағдайына бейімделген арнайы әскери құрылымның және оның тиесілі жабдықталу негіздерінң болмауы басты себеп болды. 1916 жылғы көтеріліске қатысты Алаш қозғалысы жетекшілерінің ұстанымдарының айқындалуына ұлттық әскердің болмауының шешуші фактор ретінде ықпал еткені сөзсіз.

Алаш қайраткерлерінің өткен ғасырдың оныншы жылдарынан бастап ұлттық әскерді патшалық Ресейдің әскери құрылымы санатына ілігу арқылы жүзеге асыру жолдарын қарастыруының тарихи астарын 1916 жылдың тарихи жағдайлары көрсетіп берді. Егер тарихымызған тереңірек үңілсек 18 ғасырдың соңғы ширегі-19 ғасырдың өн бойындағы отарлау саясатынан туындаған жағдайларға қарсы қарулы күрестің барлық дерлігі өкінішке орай жеңіліспен аяқталған. Сыртқы елдер тарапынан ресми мойындалмаған қазақтың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлының әскер құру ісі қазақ даласының шектеулі аймақтарын ғана қамтыды. Дербес саяси биліктің пен ұлттық бірегейліктің болмауы салдарынан төл әскер құру мүмкіндігінің өте шектеулі болуы және жаңа ғылыми-техникалық жетістіктерге қол жеткізуден күштеп шеттетілуі жеңілістер себебін түсіндіріп береді. Патшалық Ресейдің әкімшілік-территориялық басқару жүйесіндегі қазақтар тарихының астарына жаңаша көзқараспен терең үңіле қарасақ осы жағдайларды айқын аңғарамыз», – дейді ол.

Ерлан Ерназарұлы 20-ғасырдың екінші он жылдығының екінші жартысында әлемдік масштабта орын алған тарихи-саяси өзгерістер Ресей империясын барынша шарпығанын айтады. Оның соңы империяның түбіне жеткен сыртқы және ішкі соғыс қимылдарына жол ашып берді.

«Әскери-саяси өзгерістерге бастаған бұл жол Қазақстан сияқты отарлық аймақтарға жаңа тарихи мүмкіндіктер берді. Оны Кавказ өңірі және Орталық Азия халықтарының да тарихы көрсетті. Қазақ хандығынан кейін халқымыздың біртұтас ұлт ретінде бірігуі және жерін жинақтауы үдерісі патшалық Ресей тұсында әртүрлі аймақтық сипаттағы басқарылымдарға бөлініп кеткен қазақтарды жерімен қоса бірі тудың астына қайта жинақтаудағы түрлі аспектілердегі ішкі-сыртқы қайшылықтарға қарамастан Алаш қозғалысы қайраткерлері тарапынан асқан табандылықпен жүргізілді. Оның түпкілікті нәтижесі бүгінгі Қазақ елі мен жері екені барша қазақстандықтарға түсінікті тарихи жайт.

Зор ұлттық мақсат пен мүдделер жолында Алаш Автномиясы мен оның құзырлы билік иесі – Алашорда үкіметінің тарихи қызметі бұрыңғы Ресей империясы кеңістігінде пайда болған барлық деректер саяси күштермен қарым-қатынас жасаудан түзілді және өлкедегі ішкі жағдайлардан туындалған мәселелерді шешуге бағытталды. Қазақ өлкесінде 1917-1919 жылдары елеулі түрде саяси роль атқарған Алашорда қозғалысы қайраткерлері бүкіл Ресей кеңістігін қамтыған үдемелі әрі өзгермелі қоғамдық-саяси өмірде саяси биліктің тарих сахнасына бірінен соң бірі көтерілген Уақытша Үкімет (наурыз-қазан 1917 жыл), Сібір облыстық советі (Сібір автономиясы, желтоқсан 1917 жыл-қаңтар 1918 жыл), Уақытша Сібір Үкіметі ( қаңтар-қазан 1918 жыл), Самара Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (Комуч, маусым-тамыз 1918 жыл), Уфа директориясы (қыркүйек-қараша 1918 жыл), Колчак үкіметі (қараша 1918 жыл-желтоқсан 1919 жыл), Кеңес Өкіметі (наурыз-сәуір 1918 жыл және сәуір 1919 жыл-наурыз 1920 жыл) сияқты ресейлік саяси күштермен байланыстарға баруға мүдделі болды», – дейді тарихшы.

Ерлан Ерназарұлы осы кезде Алаш арыстары Қазақстан халықтарының мүдделері тұрғысында дербес саяси күш ретiнде келіссөздер жүргізгенін айтады. Алаш қайраткерлерінің түпкілікті пікірінде Алаш автономиясы Алаш партиясының жобалық бағдарламасында көрсетілген бірінші бапқа сәйкес жаңадан құрылатын (Құрылтай жиналысында) Ресей демократиялық федерациясы құрамында болуы міндетті шарт болған.

«Осы саяси көзқарастарын ресейлік саяси күштермен байланыстарында ұстанып бақты. Бұл ұстаным 1920 жылдар Кеңестік билік жүйесіндегі Қазақ автономиясының қалыптасуына ықпал етті және оның территориялық аумағын барынша сақтап қалуға бастама болды. Алаштық ұстанымның қуатты пәрмені большевиктіктер тарапынан еріксіз қабылданып қазақтың біртұтастығына автономиялық статус берілді.

Алаш қозғалысының қайраткерлерінің белсенді әрі тікелей араласуымен 1917 жылдың көктемінен бастап жаппай құрылған ұлттық қоғамдық құрылым – Қазақ комитеттері болды. Қазақстанда Уақытша Үкіметтің әкімшілік-мемлекеттік құрылымдары және алғашқы ұлттық қоғамдық-саяси ұйым – Қазақ комитеттері қатар құрылды.

Алашорда қозғалысы қайраткерлерінің 1918-1919 жылдары Қазақстан өңірлеріндегі қызметінің баянды жағының бірі – өзін-өзі басқару принципіне негізделген Земство мекемелерінің қызметін қалыптастыру арқылы халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу болды. Ресейлік азамат соғысы жылдарында қазақ жеріндегі ірілі-ұсақты қалалық елді мекендердің бейбіт өмірін қамтамасыз еткен осы халықтық басқару жүйесі болды. Әлі де болса саяси ықпалға ие болып отырған Сібірлік әскери-саяси сипаттағы мемлекеттік құрылымдар – Уақытша Сібір Үкіметі және Колчак үкіметінің Қазақстан жеріндегі билігіне белсенді араласу және жергілікті жердегі ұлттық демографиялық басымдықты осы саясатта батыл қолдану Алашорданың орталық және облыстық комитеттерімен қатар Қазақ комитеттері әрі Земстволар арқылы жүргізілді. Ондағы басты мақсат Алашорданың ұлттық-территориялық масштабтағы билігін қамтамасыз ету және оның әскери санаттағы жағдайын қалыптастыра отырып күшейту болды. Алаш әскері мәселесі тұғырлы мақсат-міндет болды және оны шешуде Земстволық ұйым басты рөл атқарды. Әр аймақтағы Земстволық жүйеде Қазақ комитеті атынан енген алашшыл азаматтардың басымдықта болуы жергілікті жерлерде Алашорда үкіметінің ықпалын күшейтті және Ресейлік саяси күштердің олармен санасуына мәжбүр етті. Оны Алаш кейін қазақ полктерінің құрылу тарихынан айқын көреміз», – дейді ол.

1917 жылғы 5-13 желтоқсан арасындағы Орынбор қаласында өткен ІІ–ші Жалпықазақ сиезі Ресей федерациясы құрамында Алаш автономиясын құру жөнінде шешім қабылдады. Сиез Алаш автономиясы, елдік құрылым негіздері, Алашорда үкіметінің құрылымы, Алашорда рәміздері, Бүкілресейлік Құрылтай Жиналысына даярлық және федерация туралы келелі мәселерді талқылап арнайы шешімдер шығарды.

«Ұлттың құқықтық-демократиялық дамуы бағытындағы іс-шаралар легі де қарастырылды. Сиез шешімдеріне сәйкес Алашорданың негізгі мақсаттары мен міндеттері түзілді. Іргелес аймақтарда қалыптасқан саяси жағдайлар, Алаштың қайраткерлеріне әскери-саяси сипаттағы өмірдің шым-шытырман қойнауынан қазақ қоғамын сүріндірмей алып шығу міндетін жүктеген еді.

Сиез демократиялық ұстанымдар тұрғысында уақытша Ұлт Кеңесі немес «Алашорда» үкіметінің төрағалығына Ә. Бөкейханов өзімен бірге сайлауға түскен Б. Құлманов пен А, Тұрлыбаевтан көп дауыс жинап (40 дауыс) өтеді. Ал Б. Құлманов пен А. Тұрлыбаевтан тиісінше 19 және 20 дауыс жинаған болатын.

Сиез қаулысында Уақытша Ұлт Кеңесі «Алашорда үкіметі» құрылымын Алашорданың саяси орталығы – Семей қаласы болсын деп ұйғарылады. Жаңа өкiмет құрамына 25 орын белгiленедi. Олардың он бесi сиез қаулысымен сол күнi сайланып, он орын басқа ұлт өкiлдерiне қалдырылады.

Түркістан өңіріндегі қазақтарға және Түркістан Мұхтариятына қатысты мәселелер түйіні шешімін тапқанша кідіріс жасаған Алаш қауымы ендігі сәтте батыл саяси қадамдар жасауға кірісті», – дейді ол.

1918 жылдың қаңтар айының 28-де «Сарыарқа» газеті арқылы Екінші Жалпықазақ сиезі қаулысына сәйкес ұлттық-территориялық Алаш автономиясы мен Уақытша Ұлт Кеңесі «Алашорданы» ресми тұрғыда жариялады. 1918-1919 жылдары Алашорданың Орталық және Семей облыстық комитеті қаланың Жаңа-Семей бөлігінде орналасып, өз қызметтерін бастайды. Семей қаласының бүгiнгi Жаңа-Семей бөлiгi 1917 жылдың шiлдесi мен 1927 жылдың 8 қазаны аралығында ресми түрде Алаш қаласы аталған.

 


Дәйексөз

Міржақып Дулатұлы

«Әскеріміз болмаса, қазынамыз болмаса біз автономия ала алмаймыз. Автономия алмасақ жұрт бола алмаймыз. Қайтсек жұрт боламыз дегенді ойласақ, жауап біреу-ақ: Әскеріміз болса ғана жұрт боламыз.