Зияда Ижанов – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, аудармашы, зерттеуші-ғалым. 1929 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында (бұрынғы «Тереңөзек») туған. «№13 ауыл Аламесек ауыл кеңсесінің қамтуындағы «Ақарық» кеңшарында (бұрынғы «Көкпая колхозы) Жантілеуұлы Ижанның отбасында дүниеше келгенмін» (З.Ижанов «Асыл мұра» к. «1941-1945 соғыс жылдарындағы менің өмір жолдарым». 347-356 бет, қолжазба 5 мамыр 1995 жыл)
1950 жылы Қызылорда пединститутын бітірген. КСРО және Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері. 1941-1946 жылдары Тереңөзек ауданы, "Көкпая" колхозында, 1992-1995 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағатында, 1995-2004 жылдары ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында, ҚР ҒА Тарих және этнология институтында, ҚР Президентінің мұрағатында еңбек етті. Зияда Ижанов ҚР ҒА-ның тарих және этнология институтының қолдауымен «ҚаҺарлы 1916 жыл», «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің 85 жылдық шежіресін жарыққа шығарды. Сондай-ақ ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты шығарған «Әуезов және мұрағат» жинақтары мен «Махамбет» кітабынан тәжірибелі мұрағатшының қолтаңбасы анық көрінеді. Қызылқоға ауданының энциклопедиясын құрастыруға да сүбелі үлесін қосты. ҚР Президенті мұрағаты шығарған «Қазақстан халық комиссарлары» деген еңбекті орыс тілінен қазақ тіліне тәржімалаған да Зияда Ижанов болатын. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталып, КСРО және КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері атанды, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі болған[1].1
2004 жылдан бастап "Ана тілі" газетінде тілші, сол жылдың мамыр айынан бастап "Өлке" баспасында жауапты редактор болып істеді.
400-ден астам мұрағаттық зерттеу мақалалары мен "Ащы сабақтар" кітабының авторы. Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының тарих және этнология институты шығарған "Қаһарлы 1916 жыл", "Егемен Қазақстан", "Казахстанская правда" газеттерінің 85 жылдық шежірелері, Қазақстан республикасы ҰFA-ның тарих және этнология институты мен Қазақстан республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты шығарган "Әуезов және мұрағат" жинақтары мен "Махамбет энциклопедиясы", "Қызылқоға ауданының энциклопедиясы" құрастырушылардың бірі.
Қазақстан республикасы Президенті мұрағаты шығарган "Қазақстан халық комиссарлары" деген көлемді еңбекті орыс тілінен қазақ тіліне аударған. 1941-1945 соғыс жылдарындағы "Ұлы Отан соғысындагы ерлік еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
Зияда ИЖАНОВ – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Көптеген зерттеу мақаланың авторы. Көбіне «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Егемен Қазақстан», «Нарын таңы», Маңғыстау», «Қазақстан мұғалімі», газеттеріне және де «Ақиқат», «Туған өлке», «Бала би» журналы да жазып тұрды. Зияда Ижанов 1950 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп, алғашқыда сол кездегі Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданы Амангелді атындағы орта мектепте мұғалім болып бастап, оқу ісінің меңгерушісі, директоры болып қызмет атқарды. Одан әрі 1953 жылы туған өлкесі Қызылордаға табан тіреп, Жалағаш ауданында партия қызметіне белсене араласа бастады. Іскерлігі арқылы 1953-1991 жылға дейінгі аралықта Жалағаш аудандық партия комитетінде нұсқаушы, саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, үгіт-насихат бөлімінің, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі секілді қызметтерді атқарды. Ал, журналистикаға еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап бет бұрды. Дәлірек айтқанда 1991 жылдан бастап Жалағаш аудандық мұрағатшылар қоғамының төрағасы қызметіне кірісіп, өңір тарихындағы тың деректерді баспас бетіне шығара бастады.
Жоғарыда жазып өткендей 400-ден аса зерттеу мақала жазған. Әсіресе публицистика бойынша ұмыт қалған есімдермен тарихи оқиғаларды тізіп, мақалаға айналдырған. Оның ішінде көп журналистің тісі бата бермейтін өткен ғасырдағы көтерілістер туралы жазғаны ерекше. Зияда Ижановтың қолжазбалары негізіндегі құрастырылған 8 томдық кітаптар жинағы бар. Сол 8 кітаптың бірі «Жаралы жылдар» кітабында жазылған «1916 жылғы көтеріліс қазаққа керек пе еді?» мақаласында теріс үгіт-насихаттың кесірінен ереуілге шығып қырылып қалғандығы, қазақтардан окоп қазу үшін әскер алуының пайдалы екендігін және сол үшін газеттерге мақала жазған Алаш арыстары туралы айтылады. Зияда Ижанов ел мен жер мәселесін көп зерттеп, көпке ой салған мақаласы да бар. Ол «Егемен Қазақстан» газетіне 2002 жылы, 24 сәуірде жариялаған «Қостанай уезі Челябі қалай өтіп кете жаздады? атты жарияланымы. Ол жерде Астрахан губерниясына қараған Бөкей Ордасының халқына қысым жасау арқылы орыстаныдру, Сібірге Павлодарды қосу, Орынбор губерниясына бағынышты қазақ және башқұт жерлерін бөлу, 1919 жылы Челябі (қазіргі Челябинск) облысын құрып оған Торғай облысына қараған Қостанай уезін қосу мәселесін жазған. Мақалада башқұртпен қазақ зиялылары жер үшін қалай тартысқандығы жазылған. Жалпы Зияда Ижановтың қолжазба және түрлі газет-журналда жарияланған мақалалары негізінде ұрпақтары 9 томдық кітап шығарған еді. Олар: «Жаралы жылдар», «Тәркілеу қасіреті», «Ащы сабақтар», «Аласапыран», «Асыл қазына», «Асыл мұра», «Аламесек» және «Мангишлак» деп бөлінді. Кітаптарда мақалалардан бөлек мұрағат құжаттары мен төте мен латын әліпбиінен аударған қолжазбалары бар. Зияда Ижановтың мақалалары негізінен тарихи танымдық және мұрағаттық құжаттар боп бөлінеді. Жазған мақалалары «Жаралы жылдар» мен «Асыл қазына» кітабына енгізілген. Зияда Ижановтың оқыған адамға біраз мәлімет беретін, қазақтың кейбір хандары туралы көзқарасты өзгертетін мұрағат негізінде жазылған танымдық мақаласы бар. Ол мақала 2003 жылы 19 маусымда «Ана тілі» газетінде жарияланды. Атауы: «Құнарлы топыраққа түскен дән немесе Бөкей ордасындағы мектептердің карта бетіндегі мән-мағынасы қақында»[. Мақалада Бөкей ордасындағы халыққа өз қаражатымен мектеп салған Жәгір хан мен оның ұрпақтары айтылады. Жарияланым басы «Тарихқа зер салсақ Қазақстанның жас ұрпаққа білм беру ісінің тұсауын алғаш кескен Жәңгір хан екендігіне ешкім дау айтпаса керек. Бірақ отаршыл әкімшілік оның ұсынысына бірден қолдау көрсетпеді. Сондықтан Жәңгір қалайда қараңғылықта қалмасын деп өз құзырындағы әрбір 170 үй есебінен Уфа, Қазан, Орынбор діни оқу орындарына қазақ жастарын жіберіп, Ішкі ордағы 139 молда даярлаған» - деп басталады.
Одан әрі мақалада «Ханның белсенділігі, ислам діні бойынша молда даярлау іc ікөбейіп бара жатқандығы патшалық Ресейге жақпағасын Жәңгір хан: (әрі қарай кітап негізінде) «Заман аунап барады. Жатыңмен жақыныңдай сөйлессең ғана бастырмассың. Ол үшін оның тілін білген абзал»,-деп 1841 жылы 6 желтоқсанда Хан ордасында ашылған мектепте мұсылман діні, арифметика, тарих, география т.б пәндермен бірге орыс тілін оқуды да енгіздірді», - дейді. Одан әрі Жәңгір ашқан мектепте оқып, елге пайдалы болғандар туралы: «Жәңгір хан өзі өмірден өткенше мектепті жөндеу, оқушыларға қажетті оқу, жазу, сызу құралдарының қаржысын, мұғалімдердің еңбекақысын хан есебінен төледі. Жыл сайын оқушыларпдың емтихандарына қатысуды, олардың білім дәрежесін, мұғалімдердің сабақ беру сапасын анықтауды, оқушылардың дәптерін алып тексеруді дағдылы іске айналдырды. Жәңгірдің бұл ісінен үлгі аларлық-ақ. Жәңгір сепкен дән құнарлы топыраққа түсті, Кезінде Жәңгір хан мектебінде оқып Орынбор, Саратов, Уфа, Саратов, Санкт-Пеербург қалаларындағы университтер мен гимназияларға, Неплюев атындағы кадет корпусына барған оқушылардың ішінен білікті де білімді мамандар, мемлекет, қоғам қайраткерлері өсіп шықты. Олардың қатарында: күйші Дәулеткерей Сығайұлы, ақын Шәңгерей Бөкейұлы, генерал-лейтенант Ғұбайдолла Жәңгірұлы, Орыс императорлық қоғамының мүщесі Ш.Уәлиханов пен Семенов Тянь-Шансийдің досы, ғылымға еңбегі сіңгені үшін күміс медальмен марапатталған тұңғыш қазақ Мұхамедсалық Бабажанұлы, дағыстандықтарға «Әліппе» жазып берген Мақаш Досұхамедұлы, Тарғын, Қалмақ, Қамыс-Самар бөлімдерінің билеушісі О. Атаниязұлы, Меңдіғали Мұқашұлы, Мұқанғали Шынтемірұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Ғұмар Қараш сынды әйгілі тұлғалар бар» - деп жазады. Зияда Ижанов қарапайым ғұмыр кешкен. Атақ-даңққа ұмтылмаған. Сөйте тұра қалдырған мұрасы шаш-етек.
Көбі ағартушы Ыбырай Алтынсаринді ағартушы-педагог деп таниды. Бірақ орның заңгер-судья болғанын айта бермейді. Зияда Ижанов 1996 жылы №12, «Ақиқат» журналына жарияланған «Алтынсарин – білікті заңгер» [2] атты мақаласында: «Ы.Алтысарин кең жұртшылыққа тек педагог, тарихшы, этнограф ретінде ғана танымал болғанымен, оның Торғай уезінде төрт рет сот қызметін атқарғандығын екінің бірі біле бермейді. Ара-тұра кей еңбектерде «Торғай уезінде сот қызметін атқарды» деген қысқа жолдар ғана ұшырасып қалатыны болмаса, бұл туралы басқа ешбір нақты дерек айтылмайды. Таяуда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорынан Торғай уезінің бастығы А.П.Яковлетің Ыбырай Алтынсарин тұлғасының жаңа қырларын айқындап, айшықтай түсетін, 1875 жылғы 24 қпанда Орынбор генерал-губернаторы мен вице-губернаторына оны сот қызметіне тағайындауға ұсыну жөнінде жазған хаттары табылды» деп жазады. Біз тілге тиек еткен автордың тарих саласы бойынша жазған дүниесі өте көп. Тағы бір назар аударалық дүние жоғарыда қозғап өткен Ыбрай Алтынсарин туралы болмақ. Бір кездері Ыбырайды туған ауылдастары түсінбей орыстармен көп араласқаны үшін оны «кәпір» деп айыптаған кездері де болған. Зияда Ижанов ол туралы да жазды. 2003 жылы 13 ақпандағы «Ана тілі» газетінде жарияланған «Шоқынды», «крест тақты», «әй кәпір» деп...» [3] аталатын мақаласында Ыбырайды ақтап жазған мақаласы юар. Ол жерде:Жақында біз Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінен (К-372, №2і 23 б,) Ы.Алтынсариннің бұрын еш женрде жарияланбаған төрт шумақ өлеңін таптық. Өзінің жөнсіз «шоқынды», «кәпір» деген желауыздарға ағартушы қатты қапаланып, ішкі назасын өлеңмен төгіпті:
...Аласы ағайынның алаңдатты,
Көре алмай көп ішінен жамандатты.
«Шоқынд», «крест тақты», «әй кәпір» деп,
Аузына келгенін айтып бақты...
Надандық «қандай «қызық» қарап тұрсаң,
Көңілі соқыр көрмейді көзге ұрсаң,
Көңілі соқыр көрмейді көзге ұрсаң,
Бабын қалай табарсың бұл қазақтың,
Басқа тебед жаныңды құрбан қылсаң.
Бар айыбым баласын оқытқаным,
Орыстың біліміне тоқытқаным,
«Білімсіз кеңлмейді керегең» деп,
Айтқанымнан атандым «кәпір-залым»...
Білдірген де сен едің білім жолын,
Шалқыған жалындац боп көкірегім,
Қаларсың өзің жанып, өзің сөніп,
Ғұмырдың аяқтасаң текірегін...
Сирек кездесетін қолжазбалар бөлімінде сақталған құжатқа қарағанда, Қазақ КСР Ғылым академиясы 1947 жылы арнайы экспедиция ұйымдастырып, Торғай өңірінен Ыбырай Алтынсариннің мұралары мен оған деректерді жинаған. Бұл ғылыми экспедициясының құрамында ақын Мариям Хакімжанова да болған. Жоғарыдағы өлеңді де М.Хақімжанова жазып алған. Өлең толық емес. Бұл жөнінде М.Хакімжанова былай дейді: «Өлеңнің басы, аяғы жоқ. Айтушының есінде қалғаны осы». М.Хакімжанова бұл өлеңді Меңдіқара ауданы, Қарақоға ауылы кеңсесіне қарасты «Күзек шоқ» колхозында тұратн Ахмет Жансақалұлының айтуынан жазып алған. Ахмет Жансақалұлы мұны кезінде Жақып ақынның (руы – Балта Керей) айтуынан жаттаған екен. Жақып ақын 1941 жылы соғысқа аттанған да, қайтып оралмаған.
Зияда Ижанов қазақтың данышпаны Абайдан да айналып өтпеген. Әсіресе 2000 жылдың 8 желтоқсанында жарияланған «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Абайдың қолтаңбасы» [4] мақаласы тіптен өзекті. Толығырақ тоқталып өтейік: «Жақында біз Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан (ҚРОММ 369 қор, 1 тізімімдеме,871 іс) Абайдың өз қолтаңбасын таптық. 1903 жылы 25 сәуірде сол кедегі Семей уезінің шенеуніктері Навроцуий және тағы басқалар Абайдың үйіне тінту жүргізіп, артынан акт жасапты. Міне, осы актының соңынан Абайдың өзіне қол қойғызыпты. Акт орысша жасалғандықтан Абай да өз қолын орысша қояды.
Абай өз қолын «Ибр. Кунанбаев» («Мих. Лермонтов» деген сияқты) деп қойған. Және қол қойғыштар секілді фамилиясының соңын шиырып тастапты». Осы сынды тың деректі жариялау арқылы халыққа баспасөзбен тарихын түгендеп бергендей болды. Зияда Ижановтың тағы бір маңызды мақаласының бірі «Әліпби туралы мұрағат құжаттары не дейді? (Құжаттар сөйлейді)»[5] атты 8 беттен тұратын 2000 жылы 7 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаласы бар.
Қазіргі кездегі «Латын әліпбиіне» көшу ісі, қазақ тілінің табиғатына кереғар болмайтын жұп-жұмыр әліпби жасау қарқын жүріп жатыр. Дегенмен, осы мәселені осыдан 20 жыл бұрын Зияда ағамыз алғашқылардың бірі болып көтерген екен. Мақалада өткен ғасырдағы ұлттың сүт-қаймағы болған зиялылардың «Латыншылар» және «Арапшылдар» болып екіге бөлінгендігі, тіпті, Араб әліпбиін қорғаушылар: А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, М.Жұмабай, Ж.Аймауыт, Е.Омарұлы, С.Сәдуақасұлы болса, латын әліпбиін қолдағандар қатарында: Н.Төреқұлов, Т.Шонанов, Ә.Ермеков, Ғ.Тоқжанов, Н.Нұрмақов, Қ.Тоқтабаев, О.Жандосов, Малдыбаев және т.б болған екен.
Сондай-ақ мақалада араб әліпбиінің ыңғайсыздығын теруде ғана емес, экономикалық, қаржылық жағынан да тиімсіздігін алға тартқан екен. Ал латын әліпбиіне қатысты көбіне оның «дамыған еуропа елдері қолданады және де дамуға ұмтылған елдер де латын әліпбиіне көшіп жатыр» дегендей талас-тартысты жақсы жеткізе білген. Оған қоса «Орыс графикасына қалай көштік?» дейтін тақырыпшасында «Кеңестік орыс графикасына көшу мәселесі шұғыл түрде бас-аяғы бір ай шамасында, дәлірек айтқанда 1939 жылдың 20 желтоқсаны мен 1940 жылдың 15 қаңтары аралығында шешілді. Осы аралықта Қазақстан Республикасының барлық аудандарында, облыстарында, ірі ұйымдар да латындандырылған қазақ жазбасын орыс графикасына көшіру жөнінде партия, комсомол, кәсіподақ ұйымдарының активтері өткізілді. Оны ұйымдастыруға орталықтан арнаулы өкілдер жіберілді. Осы жылдың 4 қарашасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Латындандырылған қазақ жазбасын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Қазақ КСР Халық Комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары И.Шәріповтың баяндамасын талқылады. Сөйтіп, бас-аяғы 5-6 сағатта 7 адамның сөз сөйлеуімен заң қабылданды» - делінеді. Автор соғыс тақырыбын да айналып өтпеген. 2005 жылдың 5 мамырында «Ана тілі» газетіне жазған «9 мамыр – Жеңіс мейрамы ма, әлде қасіретті күн бе?» [6] мақаласында жеңіс күні деп тойлап жүрген мейрамның қарағанғы тұсын көрсетуге тырысқан. Мақаладағы «Сталиннің әділетсіздігі» бөлімінде» «Қазақтардың ерлігі, батылдығы, батырлығы ертеден-ақ әлемге әйгілі болған. Қазақ даласын аралаған атақты саяхатшы Карпини: «..Бұл даланың халқы жау көрсе-ақ, тарпа бас салады да оқ жаудырады, қырып жоймай тынбайды. Мұны жұрт біліп қойсын» деп күнделік дәптеріне ескертпе жазған. Осы ескертпе орыс генералдарының санасына қатты сіңсе керек, қазақтарды 1812 жылғы Наполеонға қарсы соғыска, 1877-1878 жылғы Орыс-түрік, 1905 жылғы Ресей-жапон соғыстарына қатыстырып, жауларына қарсы салған. Олар ерліктерімен көзге түскен, марапатталған. Екінші дүниежүзілік соғыстын ауыр күндерінде И. Эренбург «Отан үшін» газетінде «..Қазақтар кең далада атпен жүруге дағдыланған.Бірақ, керек болса олар жер бауырлап, еңбектей біледі, жүгіре біледі, өрмелеп тауға шыға біледі. Батпақтардан кешіп өтеді. Оларды еш нәрсе тоқтата алмайды», -деп баға берді. Шындығында, Екінші дүниежүзілік соғыстың ең отты, ең қауіпті, ең шешуші Мәскеу, Сталинград, Ленинград, Курск доғалары секілді қырғын шайқастарға Қазақстаннан жасақталған құрама, дивизиялар салынды, Беларусь, Украина мен Балтық бойын, Қырым мен Кавказды жаудан тазартуда, Берлинді, Рейхстагты алуда да қазақстандыктар асқан ерліктер көрсетті. Тіпті «Ресейдің тағдыры осы жолы шешіледі», - деп Мәскеуге ұмтылған немістердің қарулы күшін тойтарған кім? Оларды омақастырған қазақстандыктар емес пе? Олардың ерлігі бүкіл әлемге әйгілі болған жоқ па? И.Эренбург айткандай, оларға Ленинградтың батпағы да, солтүстіктің бораны да, Кавказ бен Қырымның, Балқанның таулары да тоқтау болмады. Кеңес Одағының басқа республикалармен салыстырғанда, Қазақстан қызыл армияны соғыс қару-жарағымен, оқ-дәрімен жарақтандыруда, киім-тамақпен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқаны үшін кезінде бірнеше рет Мемлекеттік қорғаныс комитетінің туларын жеңіп алды. Солай болса да, қазақстандықтардың бұл еңбегін, көрсеткен жәрдемін, майдан төрінен көшірілгендер мен еріксіз атамекенінен жер аударылғандарға жасаған ұшан-теңіз қамқорлығын И.В. Сталин Жеңіс күндері сөйлеген сөздерінде, халыққа арнаған үндеуінде елеуcіз, ескерусіз қалдырды. Тек Қазақстан Республикасы ғана емес-ау, сол кезде КСРО кұзырына қараған ұлт республикаларының Екінші дүниежүзілік соғыска қатысып, қосқан үлесін жоққа шығарды. Бұл соғысқа славян халқы, оның ішінде тек орыс халқы қатысып, ерлік көрсетіп, бір өзі жеңіске жеткендей көрсетті. Сөзімізді дәлелдеу үшін бір-екі нақты дерекке жүгінейік. 1945 жылы 9 мамырдағы бүкіл Кеңес Одағының халқына арналған үндеyінде: «.. Өздерінің тіршілігін және өздерінің тәуелсіздігін қорғаған славян халықтарының неше ғасырлық күресі неміс басқыншыларды және неміс зорлықшыларды жеңумен аяқталды» деп тарихи ескі жараларды қайта қаузаумен қатар, тек славян халқы ғана жауымен айқасқан етіп дәріптеді. Екінші, сол жылы 24 мамырда И.В. Сталин Жеңіс күніне арнап қабылдау өткізді, арнайы конақасы берді. Сонда орыс халкының денсаулығы үшін бір емес, екі рет тост көтерді. Соңғы сөзді арнайы өзі сұрап алып былай деді: «...Мен ең алдымен орыс халқының денсаулығына тост көтергім келеді. Өйткені, орыс халқы әрдайым ақ ниетті, жауынгер ерліктің иесі больп келеді». Зияда Ижановтың негізгі тақырыптық бағыты – тарихи-танымдық. Мұрағат саласында жұмыс істегесін көп жылғы жиған-тергені бойынша мақала етіп қалың жұртшылыққа ұсынды.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. З.Ижанов. «Құнарлы топыраққа түскен дән немесе Бөкей ордасындағы мектептердің карта бетіндегі мән-мағынасы қақында». // «Ана тілі». – 2003. -19 маусым
2. З.Ижанов. «Алтынсарин – білікті заңгер»// «Ақиқат». – 1996. - №12
3. З.Ижанов. «Шоқынды», «крест тақты», «әй кәпір» деп...»// «Ана тілі». – 2003. - 13 ақпан
4. З.Ижанов. «Абайдың қолтаңбасы» //«Қазақ әдебиеті». - 2000. - 8 желтоқсан
5. З.Ижанов. «Әліпби туралы мұрағат құжаттары не дейді? (Құжаттар сөйлейді)» //«Қазақ әдебиеті». – 2000.- 7 шілде
6. З.Ижанов. «9 мамыр – Жеңіс мейрамы ма, әлде қасіретті күн бе?». «Ана тілі» газеті. - 2005. - 5 мамыр