Билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты орнату қажет - тарихшы
22.02.2022 2608

Адамзатты рухани құлдыраудан сақтайтын басты жолдың бірден бірі – білім. Келешектің мықты іргетасын қалау мақсатында жастар білімді, білікті, бәсекеге қабілетті іскерлігімен ғана биік жетістіктерге жететіні анық. ҚР Президентінің Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзіне қатысты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері Анар Тылахметова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy тілшісі.


Биылғы Барыс жылы тәуелсіз ел болғалы тарихымызда болып көрмеген үлкен сынақтан бастау алды. Еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне, тыныштығы мен бірлігіне қауіп төнді. 2022 жылдың 2-қаңтарынан басталған Қазақстандағы бейбіт түрде наразылық танытқан шерулердің арты әлдебіреулердің қараниет, жымысқы әрекеттерінің нәтижесінде үлкен қақтығыс пен дүрбелеңге ұласты.

2022 жылдың 11-ші қаңтарында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты тақырыпта тәуелсіздік тарихымызда күрделі әрі қатерлі кезеңге тап болуымызға байланысты салмақты ойларымен бөлісті. Ел басына түскен сынақты күндерді біртұтас ел болып еңсере білгендігімізге ерекше тоқталып: «Еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет» – деп, өткен күндердің ауыртпалығы мен қиындықтарына нақты баға бере білу бүгінгі күннің басты міндеті ретінде атап өтті.

Мемлекет басшысы қаңтар айындағы оқиғалардың туындауына еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға қатысты келелі мәселелердің түйіні толыққанды шешілмей, тұрақтап қалғанына байланысты халықтың бейбіт шеруге шығуының басты себептерінің бірі болғандығына назарын аударды: Ол мемлекеттік органдар жұмысының тиімсіздігін қатты сынға алды. Билік құрылымдары өкілдерінің азаматтардың қажеттіліктерінен айтарлықтай алшақтауынан, халықтың өміріне, олардың ұмтылыстары мен қажеттіліктеріне қатысты қате көзқарас қалыптасқандығы жөніндегі қоғамды жайлаған дерттің атын атап, ашық айтты.

Президент аталған мәселе төңірегінде, яғни билік пен қоғам арасында қалыпты диалог, азаматтардың өтініш-тілектеріне жедел әрі тиімді шешу сынды ойларын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында да мәлім еткен еді. Халық мүддесін қорғауда – «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» – деп ел алдындағы нақты міндеттерді саралап та берген еді.

Мемлекет басшысы осы жолғы Парламент мәжілісінің мәлімдемесінде де шенеуніктер мен азаматтар арасындағы диалогтың мүлдем жоқтығын, мемлекеттік орган басшылары мәселелерді шешуден бұрын халықпен тілдесе алмайтын күйге жеткенін, сондықтан да халықтың алдына шығуға жасқанатындықтарын да мінеп өтіп, үкімет мүшелеріне өңірлерге жиі шығуына, ал сол өңірлердің әкімдеріне жергілікті тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп тұруды әдетке айналдыру керектігін міндеттеді.

Мемлекет басшысы Парламент мәжілісінің отырысындағы сөйлеген сөзінде қоғамдағы орын алған келесі мәселе – әлеуметтік теңсіздік көрсеткіштерінің белең алуына да қатысты сын айтты. Жылдан-жылға ушыққан теңсіздік мәселесі қоғамдағы мүліктік жіктелу салдарына себеп болып отырғандығын, осыдан барып халық арасындағы табыс көздерінде алшақтықтың пайда болғандығына тоқталып, шешілу керек мәселелердің үлкенін меңзеп, үкімет мүшелеріне құлаққағыс етті.

Қоғамдағы экономикалық негізді келеңсіз жағдайларды атап өтіп қана қоймай, президент Қ.Тоқаев қоғамды сауықтыру жолында еңсерілу керек тапсырмаларды да айқындап берді. Ол экономиканы әртараптандыру арқылы тұрақты жұмыс орындарын, оның ішінде өңдеу өнеркәсіптерін ашу керектігін бүгінгі күннің басты бағыттардың бірі ретінде атап, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керектігіне ерекше тоқталды. Осыған байланысты Қ.Тоқаев үкіметке «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбек ақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларына ілік беретіндей жағдай жасалатын болды. Осындай мемлекеттік бағдарламалар жоспарлы түрде қолға алынса, еліміздің жастары жұмыспен қамтылып қана қоймай, олардың жаңа мамандықтарды игерулерімен қатар біліктіліктерін арттыруға мүмкіндіктері туындайтыны сөзсіз.


Әрине, биліктің назарынан жастарға қолдау көрсету, өскелең ұрпаққа сапалы және қолжетімді білім беру, жұмыспен қамту жақтары тыс қалмағаны қуантады. Дегенмен, жастар саясаты саласының басым бағыттарының бірі ретінде – қолжетімді баспана бағдарламалардың қатарын ұлғайту жұмыстары жан-жақты қарастырылып қолға алынса, деген тілек. Бүгінгі ақпараттық қоғамдағы жастардың ақпарат көздерімен ұтымды жұмыс жасау бағытында, ақпаратты тиімді пайдаланудың әдіс-тәсілдеріне, қолдану мәдениетіне баса көңіл аударуымыз қажет деп санаймыз. Сонымен қатар, жастарды жұмыспен қамту барысында еліміздің әр өңірінде жаңа өнеркәсіп орындарын ашу жағы қарастырылса деген ой. Адамзатты рухани құлдыраудан сақтайтын басты жолдың бірден бірі – білім. Келешектің мықты іргетасын қалау мақсатында жастар білімді, білікті, бәсекеге қабілетті іскерлігімен ғана биік жетістіктерге жететіні анық. Сол себепті, Қазақстанның өркендеу жолында еліміздің әрбір азаматы елмен бірге «жұмылған жұдырықтай» бірлесе еңбек етіп, ел ертеңі үшін аянбай қызмет ету қажет.

Президентіміз Қ.Тоқаевтың алдыңғы және биылғы үндеулерінде ұсынып отырғандай халықпен тиімді кері байланыс нақты орнатылса, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнайтыны күмәнсіз. Қазіргі таңда билік өкілдері халықпен қарым-қатынасты орнатып қана қоймай, ел арасында туындаған негізгі мәселелердің жедел әрі тиімді шешілуі үшін, қоғамға қажетті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сынды ұйымының жұмысын жандандырып, бойына қан жүгіртсе игі.

Қоғамда орын алатын ашық диалог нәтижесінде көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелердің ұтымды жолы табылып, жаңа бастамалар мен мүмкіндіктерге жол ашылады деген сенімдеміз. Мемлекет тарапынан еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жоспарлары өз уақытында шешімін тауып, тиянақты іске асырылады деген үміттеміз. Ел мүддесі үшін жүктелген салмақты міндеттерді жұмыла атқарып, жауапкершілікті сезіну – бүгінгі күннің басты міндеті.