Түріктер туралы Қытай деректемелерінде 1-бөлім
25.11.2021 3177

Қытай ежелден өткен тарихын қағазға түсіріп қалдырып отырған ел. Олар өз тарихы ғана емес, өздеріне ықпалы болған, шекаралас отырған елдердің тарихын да білгенінше толығымен хатқа түсіруді әдет қылған. Бұл өз кезегінде жауласса да, достасса да қарсы жағының жағдайын анық біліп, мәдениеті мен салт-дәстүріне дейін өздеріне толық таныс болуға мүмкіндік жасаған. Бүгінгі таңда осы тарихи жазбалар ашыққа шығып, жалпы оқырманға ұсынылған. Бұлардың ішінен «Қытай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» деген атпен қазақ тіліне көптеген мәліметтер аударылып басылған болатын. Біз осы кітапты пайдалана отырып, Түрік қағанатына қатысты мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.


«Түріктер ғұндардың бір тармағы. Әулет есімі – ашина. Олар өз алдына ұлыс құрды, кейін көршілес мемлекеті талқандады да халқын түгел қырды. Бірақ бір он жасар ер баланы жасақтар баласынып өлтіруге қимай, аяқтарын кесіп шалғынды иен далаға апарып тастады. Бір қаншық қасқыр үнемі ет әкеліп беріп оны асырады. Ол бала ержеткен соң қасқырмен жақындасып оны буаз қылды. Көршілес елдің ханы бұл баланың тірі екенін естіп, оны өлтіруге тағы адам жіберді. Жіберген адамы баланың қасындағы қасқырды көріп, баламен бірге оныда өлтірмекші болды. Қасқыр қашып құтылып Гаучаң (Тұрпан) елінің солтүстігіндегі тауға келді. Тауда үңгір бар еді. Қасқыр онда аумағы неше жүз шақырым келетін, төрт жағы таумен қоршалған шалғынды жазыққа кезікті, қасқыр сол араға жасырынып он ұл тапты. Олар ержеткен соң әйел алып бала сүйді. Әр қайыссының өз басшысы болды. Ашина солардың бірінің басшысы. Олар өсіп бірнеше жүз отбасы болды. Талай замандардан кейін олар бірінен соң бірі үңгірден шығып нонелерге бағынды. Алтынтауды (Алтай) мекен етіп нонелерге темірші болды. Алтынтаудың пішіні дулығаға ұқсайды, олар өз тілінде дулығаны «түрік» дейді. Осылайша бұл сөз олардың халық аты болып қалды». (Жұңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. Жоунама. Түрік баяны. 96-96 бет)

Солтүстік әулеттер тарихы

«Түріктер әсілі Пиңлияңда тұрған кірме хулар еді. Олардың әулет есімі ашина. Уей патшасы (Тағбуат патшасы) сақаларды қырғанда, Ашина 500 отбасыны бастап нонеге бағынып, Алтай тауын мекендеді де, нонелерге темірші болды» (Солтүстік әулеттер тарихы 99 ‒ бума. 87 ‒ баян түрік. 258-бет) Сүйнамада былай айтылады: «Түріктің арғы аталары Пиңлияңда тұрған аралас ғулар еді. Олардың әулет есімі Ашина. Соңғы уей әулетінің патшасы сақаларды жойғанда, Ашына 500 отбасымен нонеге бағындыда, Алтай тауын мекендеп темір қорытумен шұғылданды. Алтынтаудың пішіні дулығаға келіңкірейді, дулыға түрік депте аталады, сондықтан бұл олардың әулет аты болып қалды. Ер баланы жасақтар баласынып өлтіруге қимай, аяқтарын кесіп шалғынды иен далаға апарып тастады. Бір қаншық қасқыр үнемі ет әкеліп беріп оны асырады. Ол бала ержеткен соң қасқырмен жақындасып оны буаз қылды. Көршілес елдің ханы бұл баланың тірі екенін естіп, оны өлтіруге тағы адам жіберді. Жіберген адамы баланың қасындағы қасқырды көріп, баламен бірге оныда өлтірмекші болды. Сол тұста әлгі қасқыр құдыретше қалықтап отырып Батыс теңіздің шығыс жағына келіп тоқтады да бір тауға келіп түсті. Бұл тау Тұрпанның батыс солтүстігіне тура келуші еді. Қасқыр оның астындағы үңгірге кіріп, онда аумағы 200 шақырымдай келетін шалғынды кең жазыққа кезікті. Кейін қасқыр он ұл туды. Солардың біреуінің әулет аты ашина еді. Ол өте ақылды болғандықтанелі оны хан көтерді. Тегін ұмытпайтындығын білдіру үшін, бөрі басы айшықталған туын қақпасына іліп қойды. Ақын шад деген адам өз ұлысын бастаптаудағы үңгірден шығып нонеге бағынды. Тай ябғұның заманына келгенде бұлардың тұқымы мықтап күшейді.» (Жұңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер.2- том. 162- бет)

Былай депте айтады, олардың арғы аталары батыс теңіздің жоғарғы жағында мемлекет құрап еді. Кейін оны көршілес мемлекет талқандадыда, адамдарын ер-әйел, кәрі-жас демей түгел қырды.

Басқа деректерде:

Түріктердің арғы аталары ғұндардың солтүстігіндегі сақ елінен (索国) шықты. Олардың ұлыс басы Абам бек деп аталды. Олар 17 ағайынды еді, оның бірі Иді Нішида еді, ол қасқырдан туды. Абам бектер тумысынан өте ақымақ болдыда ұлысы жойылып кетті. Ал Иді Нішиданың табиғаттың өзгерісін сезе алатын өзгеше қасиеті бар еді. Ол күн жәйлатып, жаңбыр жауғызып, жел соқтыра алатын. Ол екі әйел алды, оны қыс пен жаз тәңірінің қыздары дейді. Оның бірі жүкті болып төрт ұл тапты. Бірі аққуға айналды, енді бірі Чатша судың бойынан мемлекет құрды. Біреуі Аба суы мен кем өзендері арасында қырғұр (қырғыз) деген мемлекет құрды. Енді бірі Чатшас тауын мекендеді. Бұл оның үлкен ұлы еді, бұл тауда Абам бектің ұрпақтарыда болды. Олар көбінде аш-жалаңаш жүруші еді. Үлкен ұлы от шығарып олардың бойын жылытты, асырады әрі барлығына қолғабыс тигізді.

Осылайша олар үлкен ұлды қошеметтеп өздерінің билеушісі етіп сайлап, оған түрік деген атақ берді. Негізгі аты Нағды түрік шад еді. Нағды түріктің 10 әйелі болды. Балаларының барлығы шешелерінің әулетінің есімімен аталды. Ашина оның кіші әйелінің баласы. Нағыд түрік өлгеннен кейін он әйелдің балалары өз ішінен біреуді таққа отырғызуды ұйғарды. Олар бір бәйтеректің түбіне жиналып, «Кім осы бәйтерекке қарай ең жоғары секірсе сол таққа отырады» деп уәделесті. Ашина жасының кішілігіне қарамай бәрінен биік секірді. Сонан бауырлары оны «ақын шад» деген лауазыммен таққа отырғызды. Айтылуы әр түрлі болғанымен аңыздың түйіні түріктердің арғы тегі қасқырдың тұқымы дегенге саяды. «Ашинадан кейінгі қағанның аты Түмен (Бумын). Оның тұсында ұлысы күшейіп, әр түрлі жібек кездемелер сатып алып, Кіндік қағанатпен қарым қатынас жасай бастады. Датұңның 1-жылы (545 жыл) Тәйзу Жоу Уінди патша Жю Чуандық Ху Анақбанданы елші етіп жіберді. «Бүгін ұлы қағанаттан елші келді, енді еліміз көркейетін болды» деп олардың ел жұрты қатты қуанды. 12-жылы (546 жыл) түменде жергілікті өнімдерін тарту етуге елшісін жіберді. Осы кезде телектер нонелердің үстінен аттанды. Түмен өз жасақтарымен тосқауылдан оларды талқандап, 50 мыңдай отбасыны бағындырды. Олар күшейген соң нонелерден қыз айттыруға жаушы жіберді. Бұған қатты ашуланған ноне қағаны Анағай кемсіткен әрі балағаттаған жауаппен: «Сен менің темірші құлым бола тұра, бұлай сөйлеуге қалай батылың барды?» деп арнайы елші жіберді. Шамырқанған Түмен оның елшісін өлтіріп тастады да, нонелермен арадағы қатынасты үзіп, бізге қыз айттыру талабын білдірді.

Тәйзу қабыл алып, Уей әулетінен Бақуат ханшаны ұзатты. Сол жылы Уей Уінди патша өлді. Түмен елші жіберіп, көңіл айтып, бата оқырына 200 жылқы айдатты. Уей Фейдидің заманы 1-жылдың (552) бастапқы айында Түмен нонелердің үстінен әскер аттандырып, Хуайхуаңның терістігінде оларды ойсырата жеңді. Анағай өзін өзі өлтірді. Оның ұлы Әміречін Чи патшалығына қашып барды. Қалған ел жұрты Анағайдың әкесінің інісі Теңчікүсті таққа отырғызды. Осыдан кейін Түмен өзін «ел қаған» деп атады. Бұл ежелгі ғұндардың тәңірқұтымен бірдей. Өз әйелін қатұн деп атады. Бұлда ежелгі әтшеге тура келеді. Түмен өлгеннен кейін оның ұлы Қара таққа отырды. Қараның лауазымы Іссық қаған, олда Теңчікүсті Оқияның солтүстігіндегі Мүгырат тауында талқандады. 2-жылы Қара сарайға 50 мың жылқы айдатып елшісін жіберді. Қара өлген соң оның орынына Іркін Мұқан қаған деген лауазыммен таққа отырды». (Жұңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер.2- том. 99-100 беттер)

Бумын қаған (Түмен) түрік қағанатының негізін салушы. Оның кезінде Ноне қағанаты әбден әлсіреп құлауға шақ тұрды. Бұрын нонелерге бағынып кейде дербес ел болып жүрген қаңғалар (теле тайпалары) бумынның тұсында нонелерге қарсы соғысқа аттанды. Жолда оларды Бумын бастаған түріктер тосқауылдан соққылап, жеңіп, 50 мың түтінін өздеріне бағындырды. Телені бағындырған соң түріктердің қуаты өздерінің қожасы нонелерден асып түсті, сол себепті олар нонелердің тамырын басып көру үшін олардан қыз айттырды. Анағай түрікті менсінбей боқтап қайтарғандықтан, оның елшісін өлтірді. Былайша айтқанда олардан тәуелсіз елге айналды. Онан олар көршілес Батыс тағбуаттармен құдаласып екі ел бірігіп нонелерді жоймақ болды. Тағбуаттар келісіп түріктерге қыз берді. Дипломатиялық ұтысқа шыққан соң түріктер нонелерге шабуыл жасап оларды ойсырата жеңді, Анағай өзін-өзі өлтірді. Бұл шайқас тарихи маңызға ие, осыдан соң ноне қағанаты ыдырап түрік қағанаты құрылды. «Ел қаған (Бумын) өлген соң орынына інісі Ай қаған отырды, кейін олда ауырудан қайтыс болды. Оның орынына баласы Шатуды емес інісі Сідіні таққа отырғызды, ол Мұқан қаған деп аталды». (Сүйнама. 49- бума. Түрік. 162- бет)

555 жылға дейін нонелермен түріктер арасындағы соғыста түріктер жеңді, оңтүстікке тағбуаттарға қашқан нонелерді тағбуаттар ақсүйек тұқымдарынан 3000 адамды түріктердің қолына салды, түріктер оларды қырып тастады. Түріктердің мәнсап аттары, саяси атаулары нонелермен бірдей, түріктер нонелердің ел билеу үлгісін қабылдаған. «Ұстыңғы түріктер орнатты. Табғач заманы... Олар түрік билеушісі Нұр қаған бұдан ары қарай барлық(?)... Ол шабуылдады. Осыдан кейін игі иеміз Мұқан қаған, игі Мұқан тегін... Және содан берісодан былай бүкіл әлемді құтқарушы атанды. Бұдан былай игі иеміз М ( )...ол тәңірден өтінді. Сүйтіп. Шад, апа, тарқандар, құрқапындар, тұдындар, бектер... Игі иеміз... Ағам Мұқан қаған мына атақ даңықпен силанды... Игі иеміз... Қаған аш халықты тоқ етті... Деген атақ берілді. Ол осы атақпен қоян жылынан бастап аталды. Сүйтіп игі ағзам Бумын қаған таққа отырды... Жарлық етті. Ұлы... Үшін игі ағамыз Таспар қаған оратылсын! Сүйтіп... Игі иеміз таспар қаған немерелерінің ішінде талантты кім бар? Деп қайғыра қапаланды... Халық арасында, құрықапындар ортасында кім бар?.. Сол күні атты әскерлер олжа бөлісті... Ол осы сөзді қабылдаған соң... Екі билеуші ағзам... Ол білікті... Халықты тоқ етті... Әскерлер... Ол өтінді... Ол андалар еді... Ол көптеген игі істер жасады. Сөйтіп... сол игі істерін халық мақтап марапаттап... Халық ортасында сондай бір азамат барма? Сүйтіп игі ағзам Мұқан қаған... Содан соң Бөке тарқан, Мақан тегін...» (Орхон ескерткіштерінің толық атласы. Мырзатай Жолдасбеков. Қаржаубай Сартқожа ұлы. Бұғыты кешені. 52- бет)

Бұғыты кешенінде 551- 582 жылға дейінгі түркі қағанаты тарихы туралы деректер сақталған. «Жоғарыда көк тәңір, төменде жазық жер жаралғанда, екеуінің арасына кісі баласы жаралылған. Кісі баласының үстіне ата-бабам Бумын қаған, Істеми қаған отырған екен. Таққа отырып түрік халқына , еліне, төресіне тұтқа болған «Ю уін цы Датұңның 4- жылы (542 жылы) алтын шашақты, көгілдір таңбалы санаткер абыз санатында Сүйжоу дуанының жұмыстарын атқарды. Әр жылы өзен суы қатқанда түріктер шапқыншылық жасап халықты тонайтын» (Жоунама 27- бума. Юүн цы. 93- бет)

Мұқан қаған кезіндегі ұлы түрік қағанаты

«Іркіннің бір аты Иеңді, ол ерекше жаралған жан еді. Бетінің жалпақтығы бір чыдан асатын. Екі беті қып –қызыл, көздері жалт- жұлт еткен өте жанарлы еді. Қайратты да қатыгез болды да, жаугерлік жорықпен көп айналысты. Теңчүкіске шабуылдап оны жеңді(нонелер). Теңчыкүс аман қалған адамдарымен қашып келді. Іркін батысқа Абдалды күйретіп, шығыста қытайды үркітті, солтүстікте қырғұрды (қырғызды) өзіне қосып алды, шегара бекінісінің төңірегіндегі елдерді жасқап өзіне бағңынуға мәжбүр етті. Іркін заманында ұлысы мықтап күшейді. Сонан елшісін жіберіп Теңчыкүстің көзін жоюды сұрады. Тәйзу бұған мақұл болып Теңчыкүстан құлдай 3000 адамды жиып алып оның елшісіне тапсырды, оларды Чимін қақпасының сыртында қырып салды. 3-жылы (556) жылы Іркін тұйғұндарға тұтқиыл шабуылдап оны талқандады. Миңдидің 2- жылы (558) Іркін елші жіберіп жергілікті бойымдардан сый ұсынды. Баудиңнің 1- жылы (561 жылы) тағы да үш мәрте елші жіберіп жергілікті өнімдерін тарту етті.»(102- бет) «Ол кезде жоу әулеті чи патшалығымен соғысып жатқан еді. Арада қақтығыс толастамаған соң сырттан көмекші болу үшін олармен одақтасуға тура келді. Іркін уей әулеті Гүңди заманында –ақ өзінің қызын тәйзумен атастырған еді. Бірақ некелік шарт бекімей жатып тәйзу қайтыс болып кетті де, Іркін басқа қызын Гаузуға атастыруға келісімін берді. Алайда қалың мал алып үлгірмей чи патшалығыда оның қызына құдалық сөйлесіп елші жіберді. Іркін олардың тартуына қызығып бұрынғы сөзінен айнығысы келді. Дәл осы кезде патша Лияңжоу дуанбасы яң жиян мен бөрібасы Уаң чиңдерді құдалықты бекітуге жіберді. Уаң чиңдер уәдеге опа, іске әділдік керек екенін ұғындырды. Осылайша іркін чи патшалығы елшісінің талабынан батыл бас тартып құдалық шартын бекітті. Осылайша ол шығысқа жорық жасау тілегін қайталай білдірді... 3 – жылы сүй сұлтаны Яң жұңға 10 мың әскерді бастап түріктермен бірге чи елінің үстінен аттануға жарлық шығарды. Яң жұңның әскері шилиңнен асқанда Іркін өзінің 100 мың атты әскерімен бұларға келіп қосылды. Келесі жылдың басқы айында Жиняңда чидің билеушісін қоршауға алды, бірақ жеңген жоқ. Сонан Іркін әскерлерін еркіне жіберіп мейлінше тонатып кері қайытты.»(104- бет). Осы соғысқа қатысқан Яң жұңның өмір баянында Мұқанмен бірге Дарту, бөке қағандарда қатысқан, ондаған күн қар толассыз жауып, үскірік аяз болған. Түріктер 700 шақырым аумақта тонаушылық жасап, мал біткенді айдап кеткен, қырғын аса ауыр болған екен.

«Сол жылы Іркін тағыда тарту- таралғысымен елшісін жіберіп екінші рет шығысқа жорық жасауға өтініш білдірді. Патша Яң жұңға Оқиядан аттануға, Ал жин сұлтаны юүн ху(юун санбей) ды Лояңға барып онымен тізе қосуға бұйырды. Ол жолы юүн ху жеңіліп Іркін кері қайытты. Тиян хының 2- жылы (567 жыл) Іркін тарту таралғымен тағыда елші аттандырды, чін сұлтаны юүн чүндер келгенде Іркін чи патшалығынан әлі үмітін үзе қоймап еді. Сол кезде өзгеше бір жел тұрып күн күркіреді. Сосын ғана қызын юүн чүндерге қосып жіберуге келісімін берді.» (Жұңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том. 104- бет)

«Іркін өлген соң оның інісі Таспара қаған деген лауазыммен таққа отырды. Іркін кезінен бастап мемлекеті күшейген соң олардың хуашиялықтарды келемеж ету ойы болған еді. Сарай олармен құдандалық шартты сақтауға тырысып, оларға жылына 100 мың топ торғын- торқа, асыл кездемелер беріп тұрды. Түріктердің астанада тұрғандарын аса си құрметпен күтті. Олардың сарай есебінен киім киіп, ет жейтіндерінің өзі мыңға жетіп отырды. Чи патшалығыда олардың шабуыл жасауынан қорқып қазыналарын сарқұып бітті. Таспара бұған масаттанып: «Күнгейдегі екі ұлым маған деген адалдықтарынан айнымаса еш нәрседен тарықпаймын» дейтін. Жияндінің 2-жылы (573 жылы) Таспара елші жіберіп сайгүлік силады.» (Жұңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том.104- бет)

«Мұқан қаған 20 жыл ел биледі, ол өлгеннен соң орынына баласы Төремен емес, інісі Таспара қаған деген лауазыммен таққа отырды.Таспара қаған Шатуға Нибар қаған деген лауазым беріп мұқым шығыс жақты билетті. Өзінің інісі Нұқтан қағанның ұлын Бөрі қаған етіп батыс жаққа қоныстандырды. Сол кезде Таспардың қол астында неше жүзмың оқшысы бар еді. Кіндік қағанат одан шынымен именуші еді» (Жұңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том. 163- бет)

Тұйғынды жою соғысы

«Бұл кезде Мұқан қаған тұйғынға шабуылдау үшін Лияңжоуға аттанды. Тәйзу Шы ниңды әскерімен оларға қосылуға бұйырды. Қосын Фанхыға барғанда, тұйғұндар сезіп қалып қашып кетті. Мұқан қаған әскерін бірнеше топқа бөліп оларды қууға, Көккөлде тоғысуға жарлық түсірмек болды. Шы ниң оған: Шоу дүн, Хы жин қамалдары тұйғындардың апаны, егер осы екі тамырын жұлсақ, өзге ұлыстар өздігінен ойрандалады. Ең әбзалы осы деді. Мұқан солтүстік жолмен Хы жінға, Шы ниң шудунға аттанды... Шу дүн тұйғұнның ежелгі астанасы, онда қазына кеніштер аса мол еді. Тұйғын әміршісі Хыжінға қашып кетті де күнгей жорық ханын неше мың адаммен қорғанысқа қалдырды... Күнгей жорық ханы тірідей қолға түсті, тұтқындалқған ерлер мен әйелдер және олжаланған мүліктер түгелдей түріктерге табыс етілді. Мұқан қаған Хы жінді алып тұйғын ханын тұтқындады әрі мол асыл бұйымдар олжалажы» (жоунама. 28- бума. Шы ниң. 94-95- беттер)

Чи патшалығы жойылғаннан кейін Диңжоу дуанбасы, Фан яң ханы Гау шауи Маидан түріктерге қашып барды. Таспара Гау шау и ді чи патшасы етіп көтерді, кек аламыз деп оның бұрынғы адамдарында шақыртты. Шюанжыңның 1- жылы (578) сәуірде Таспара южоу дуанын шауып халқын қырды.Баған Лю шиүң әскерімен соғысты, бірақ жеңіліс тауып қаза болды. Алты алаймен солтүстікке жорық жасаған Гаузу патша жолда өлді де әскері жолдан қайтты. Сол жылы қыста таспара шегара аймаққа шабуыл жасап, Жю чуанды қоршауға алды. Дашияңның 1- жылы (579 жыл) Таспара құдалықты қалпына келтіруді талап етті. Патша Жау ханы юүн жаудың қызын Мыңділдә ханша деген атпен оған атастырды, елші жіберіп Гау шау иді астанаға айдатып келуді тапсырды. Таспара оны қабылдамай баяғысынша Биң жоу дуанына шабуыл жасады. Дашияңның 2- жылы(580) Тарту- таралғысымен елші жіберіп ханшаны алдырды. Бірақ Гау шау иды тапсырмады. Патша өз лебізін жеткізуді Хы ройға тапсырды, осыдан соң Гау шау и астанаға апарылды» (жоунама 50-бума. 104- бет)

«Даниң 2- жылы желтоқсанның 19- күні жоу сардары яң жүң түрік Ашина мұқан сияқтылардың 200 мың жасағымен Хыңжоудан үш бағыт бойынша аттанып бұқарамен ұлықтарды өлтірді және айдап кетті. ... 28- күні патша Жиняңға келді, 29- күні жоу әскерлері биңжоуды қоршауға алды әрі тай санғұн Дашиуды неше түмен әскермен барып түріктерді қарсы алуға жіберді... 3- жылы көктем айы бірінші күні жоу әскері Биңжоу қамалының іргісіне шеп құрды. Қамалдың батысында соғыс болды, жоу әскері мен түрік әскері ойсырай жеңілді. Адамдар мен аттардың өлігі неше жүз шақырым аумаққа дейін жәйрап шәшіліп жатты. Пиңияң ханы Дуан жюн бұйрық бойынша оларды үлкен қорғанның сыртына дейін қуып тастап кері қайтты. Күз10- қыркүйекте патшазада чау Наниян ханы, Ян дүңпиің ханы болып мтағайындалды. Сол айда түріктер южоуға шапқыншылық жасап үлкен қорғанға кірді. Олар талан- таражылық жасап кері қайтты... 21 күні түріктер Южоуға шапқыншылық жасады.» (Жүңго жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. Солтүстік чинама7- бума. 7- билік Учың патша баяны. 76-бет)

Эрамыздың 563 жылы Жоу патшасы (тағбуаттар) түріктермен одақтасып Жинияңды қоршауға алады. Бұл соғыстада түріктер беті қайтып шегініп кеткен делінген. «Хычиңнің 3-жылы (564 жылы) күзде түріктер 100 мыңға тарта адам дуан шегарасына арандатушылық жасады... 565 жылы Мұқан тарту таралғымен елші салды.» (Жұңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том. 81-бет) «лю сычиң мінезді де байсалды, іске аса ұқыпты болғандықтан Шияу шиңненде жоғары тұрушы еді. Оның үстіне төрт рейдің тіліне жүйіріктігі жағынан өз заманының алғабасары еді. Хужоу патша Лю шы чиңге «нирвана» ны түрікшеге аударуды, аударып болған соң оны түрік қағанына табыс етуді тапсырды» (Солтүстік чиннама 17- баян. Лю шычиң. 83- бет)

«Жияндының 6- жылы (577 жылы), жаз сәуірдің 23 –күні түріктер Южоуға шапқыншылық жасап, ұлықтармен бұқараны өлтірді» (Жоунама 6-бума. 6-билік уди патша-2. 87-бет). Жасақтың, салықтың және малдың санын алғанда ағашқа кертіп белгі салу жолымен есептейді. Алтын ұшты жебемен балауыз мөрді куәлік үшін пайдаланады. Олардың жаза заңы бойынша бүлік шығару, кісі өлтіру, біреудің әйелін зорлау, бекітілген аттың тұсамыс, шідерін ұрлау өлім жазасымен жазаланады. Біреудің қызын зорласа оған заттай айып төлейді немесе оны сол қызға үйленуге мәжбүр етеды. Ұрып адамды зақымдағандар зақымның ауыр жеңілдігіне қарай заттай құн төлейді. Ат немесе басқалай зат ұрлаушы сол ұрлаған нарсенің құнын он есе етіп қайтарады.

Өлген адамның мәйіті киіз үйге жайғастырылады. Балалары, немерелері, туыс- туғандары ер- әйел кәрі демей, құрбандыққа жылқы, қой шалып, етін аруаққа атап, есіктің алдына жайады да атқа мініп үйді жеті айналып шығады. Сонан үйге кірерде беттерін теміртекпен жыртып дауыс қылады, сонан қанмен жас қоса төгіледі. Жоқтау рәсімі осыны жеті рет қайталағанда барып аяқтайды. Сонан кейін күннің сәтін талдап өлген адамның тірісінде мінген атын, тұтынған мүлкін өзімен бірге өртейді дебелгілі бір мезгілде жерге көмеді. Көктемде және жазда өлген адамды ағаштар мен өсімдіктер жапырағы сарғайғанда немесе түсе бастағанда, ал күзде және қыста өлген адамды гүлдер бүршік жара бастағанда жерлейді. Жерлеу кезінде өлген адамның туыстары дәл өлген күндегідей тасаттық беріп атпен шабады, беттерін жыртады. Қабыр басына құлыптас орнатылып, қада тас қағылады.

Қойылатын тастың саны өлген адамның тірі кезінде өлтірген адамының санына қарай болады. Құрбандыққа шалынған қой мен сиырдың бастары түгел қадаға ілінеді. Бұл күні ерлерде әйелдерде бір киерлерін иықтарына іліп қабыр басына жиылады. Егер сол топтан жігітке бір қыз ұнаса, ол қайтып барған соң қыз үйіне құда түсуге адам жібереді. Бұндай жағыдайда қыздың ата-анасы көбінде қарсы болмайды. Әкесі, ағасы, әкесінің аға- бауыры қайтыс болғанда, баласы, інісі және аға-бауырының баласы өгей шешесіне, жеңгесіне үйлене береді. Тек үлкендердің өздерінің баласы іспетті адамдардың жесірімен шатысуына болмайды.

Олардың тұрақты мекені жоқ, бірақ әр қайыссының өзіне тиеселі жері болады. Қаған Өтукен тауына қоныстанған. Оның ордасының есігі шығысқа қаратылады. Бұл күннің шығуына көрсеткен құрметі болса керек. Ол жыл сайын өзінің мәртебелі адамдарын бастап, аталарының үңгіріне барып құрбандық шалады. (? Алтай тауында?) Ал мамырдың ортасында басқаларды жинап апарып көк тәңіріне тасаттық беріп табынады. Өтукен тауына 400-500 шақырым жерде басына ағашта, шөпте өспейтін биік шоқы бар. Оны Буат тәңірі дейді, бұл қытай тілінде жер құдайы деген мағынаны білдіреді. Олардың жазуы хулардікіне ұқсайды, жыл қайырып, күн есептеуді білмейді де, жердің неше рет көктегеніне қарап жыл есебін шығарады. (Жұңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том. 102- бет)

Сүйнамадан толықтырулар:

«Ет жеп ақ ішеді. Теріден тігілген, жүннен тоқылған киім киеді. Қару жарақтан мүйіз нақышты садақ. Атқа мықты, садақ тартуға шебер. Тәбиғатынан жауыз, Жазуы жоқ. Жорыққа немесе барымтаға шығу үшін айдың толуын күтеді. Көз шығарса айыпты қызын береді. Қабыр үстіне үй тұрғызылып оның ішіне өлген адамның бейнесі және оның тірі кезінде өткерген шайқастары туралы суреттер салынады. Егер ол бір адам өлтірсе бір тас қойылады, кейбіреуінде ондай тастар жүзге тіпті мыңға жетеді. Ерлер Чупу дейтін ұтысты, әйелдер тепкіш тепкенді ұнатады. Қымызды мас болғандарынша ішеді, даурығып өлең айтысады. Жын шәйтән дегендерден қорқады. Аруақты силайды, бақсыға сенеді. Соғыста өлгенді даңық, ауырып өлгенді намыс санайды. Олардың салты жалпы ғұндармен бірдей.» (Жұңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том. 163- бет)

Солтүстік әулеттер тарихы 99-бума. 87- баян. Түрік «Зинақорға ақтау жазасы (еркектік мүшесін кесу) немесе белін үзу жазасын береді. Көз шығарса айыпты қызын береді, егер қызы болмаса әйелінің дүние мүлкімен құн төлейді». (Солтүстік әулеттер тарихы99- бума. 87- баян. Түрік) Тоғыз қасиетті сан, тоғыз оғыз, тоғыз өрліг, тоғыз шашақты ту... 9 ай 9 күн...

Сүй патшалығы кезіндегі деректер

«Кайхуаңның алғашқы жылы(581) 5- тамызда патша дүңжиң сарайының күшін жойғанын жариялады. Түрік Аба қаған сарайға елші салып жергілікті өнімдерін тарту етті... Түрік ішбара қаған елші салып жергілікті өнімдерін тарту етті» (Сүйнама. 1-бума. Гаузу патша. 105- бет) Аба қаған бірнеше ай ғана қаған болған. Оның орынына Ішбара қаған болған. «Кайхуаңның 2- жылы (582 жыл) 17- сәуірде Тай санғұн Хан сыңшу Житоу тауларында түріктерді жеңді. Аға баған Ли Чұң Хыбей тауларында түріктерді жеңды.15- маусымда түріктер ұлы қорғанға кірді. 13 маусымда аға баған Ли Чұң Ма и да түріктерді жеңді. 15 желтоқсанда түріктер Жоупанды шапты, Жорық тобенайы Даши Жаңру оларға қайтарма шабуыл жасағанымен түріктерден жеңілді.» (Солтүстік әулеттер тарихы 99-бума. 87-баян. Түрік. 87-бет)

Бұддизм

«Чи патшалығында Хұй лин дейтін шырамана бар еді. Түріктер оны тұтқын ретінде елдеріне ертіп барды. Ол таспараға: Чи мемлекетінің бай әрі күшті болуы олардың бұдданың жолын ұстануынан деді. Оның үстіне ебеп- себеп, випака сияқты адамгершілік қағидаларына саятын дінни тағылымдарды ұғындырды. Таспара оның уағызына иландыда ғибадатхана салғызды әрі Чи патшалығына елші жіберіп»жиңмиң», «нирвана», «Хуаян» сияқты дестрлермен «ондық тиымдар» ды сұратты. Таспара ауыз бекітіп тиымдарды орындады, бұдхананы айналып тәуәп етті. Тіпті кейде ішкі өлкеде тумағанына өкінді.» (Солтүстік әулеттер тарихы. 99-бума. 87-баян. Түрік 164-бет)

Таспара қағаннан кейінгі бұлғақ

«Он жыл ел сұраған Таспара ауруы асқынып өлер шағында: " Туыстық жақынтығы жағында әке мен баладан жақыны болмайды деп естуші едім. Ал менің ағам жақыным деп өз баласына тартпай тақты маған беріп кетті. Мен өлсем сен Төременге жол бер " деді. Таспара өлген соң ел біліктілері тақты Төременге ылайықтады, бірақ оның шешесінің тегі қара халықтан болғандықтан, ел-жұрты оған мойынсал болмай, шешесінің ақсүйектен болғанына бола Әміреге көбірек ықылас танытты. Шату бәрінің соңынан келіп орда ұлықтарына: "Егер Әмірені отырғызсаңдар, онда аға-бауырларыммен оған қызмет етемін, егер Төременді отырғызсаңдар, мен өз шегарамды сақтап , өткір найзаммен оған төтеп беремін " деді. Шату өте батыр және абыройлы адам еді. Ұлықтар оған қарсы келе алмай әмірені таққа отырғызды. Таққа қолы жетпеген Төремен Әміреге мойынсал болмай, әр кез оған адам жіберіп, тіл тигізіп , қарадай соқтығып тұрды.Оны бағындыра алмаған әміре тақты Шатуға берді. Әмірлер қағанның төрт ұлының ішіндегі ақылдысы осы Шату деп , оны ел күлік шад баға Ішбара қаған деген лауазыммен таққа отырғызды.ол Өтукен тауын мекендеді. Әміре шені кішірейтіліп екінші қаған деп аталдыда Тоғыла суын мекендеді.

Төремен Ішбараға: "Мен өзіңдей қағанның баласымын, әр екеуімізде әкенің мұрасына ие болуға хақылымыз. Қазыр сен шексіз құрметке ие болдың, мен ғана мәртебеге ие бола алмадым, бұл қалай? " деді. Ішбара онан қауыптеніп оны Аба қаған етіп тағайындады да, қарасты елін өзіне қайтарып берді. Ішбара батырлығының арқасында халқынан зор қолдау тапты. Терістік рейдің барша ұлыстары оған бағынды. Гаузу таққа отырған соң ішбараға салқын қарай бастады, терістік рейлер бұған ызаланды. Дәл осы кезде Иыңжоу дуанбасы Гау бониң бүлік шығарды. Ішбара оның әскерлерімен бірге Линиүй бекінісін басып алды. Патша олардан сақтану үшін шегара бекінісін жөндуге және ұлы қорғанды биіктетуге жарлық шығарды және белді қолбасыларын южоу, Биңжоу дуандарынан аттандырды. Ішбараның әйелі Ю үін жаудың қызы мыңділдә ханша елі жойылыптөркінінің оты өшкеніне қайғырып Сүй әулетінен қайытсем кегімді аламын деп ертелі –кеш Ішбараның құлағына ызыңдай берді. Осылайша, ол бүкіл елін аттанысқа келтірді де жалпы 400 мыңәскерді соғыс күйіне келтірді. Соған орай патша баған Фың и ды ібір көліне барып орналасуға, Ланжоу тобенайы чы ли чаңшаны Линяуды қорғауға, баған Ли Чұңды Южоуды қорғауға орналасуға, Да ши жаңруды Жоу пәнді қорғауға жарлық шығарды. Бірақ бұлардың бәрі түріктерден жеңілді. Осылайша Ішбараның жасағы му шия, Шымын бағыттарынан кіріп, У уей, Тиян шүй, Ән диң, Жин чың, Шаң жюн, Хұңхуа, Ян ән аймақтарын шауып тігерге тұяқ қалдырмай барлық малын айдап кетті. Патша қапаланып мынадай жарлық шығарды: ... Түріктердің бекіністерімізге бағыттаған шапқыншылығы толастамады. Олар ұлықтарымыз бен бұқарамызды қырғындамаған ай мен жыл жоқ дерлік...Жаужақтың атаманы бесеу, олар аға- бауыр, әке- көке ара бақталас, ішкі жақта берекесіз. Шығыс рейді құрап отырған тайпалар оларға ызалы, батыс нұмдарда кекті. Ал түріктің солтүстігіндегі қидандардың бұларға көптен бері азуы басулы. Датру қаған жючуанға шабуыл жасағанда ұдұн, парсы, абдал үшеуі бірдей бүлік шығарды. Ішбара таяуда жоупанға шабуыл жасағанда олардың қоластындағы бақа, шоғырла ұлыстарыда дүмпіліс жасады. Өткенде Ликей шадты коей мен мүркет тас талқан етті...Осыдан кейін хыжиян ханы яң хұң, баған Ду лу жи, Доу рүңдиң, сол қол атарман Гау жиүң, оң қол атарман Иүй чиңзы бәрі бес қолбасшы болып тағайындалып, әр қайыссысы өз әскерлерімен түріктерге лап қойды. Бұларға Ішбара қаған Аба және Тамған сынды екі қағанын қойды, бірақ олар жеңіліп кері қашты. Осы кезде оның елінде аштық басталып, астық орынына сүйек талқанын ішті. Оның үстіне індет таралып көп адам сонан қырылды" (Солтүстік әулеттер тарихы, 99-бума. 87-баян. Түрік)

(Жалғасы бар...)

Пайдаланған әдебиеттер: "Жұңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер" 2-том