Әбдіқадыр Сабыр: «Мультфильмнің болашағы инвестицияда»
23.11.2021 2314

Анимация – суреттің қозғалуы арқылы жасалатын өнер түрі. Оның қазақ топырағындағы тарихы, дамуы немесе бүгінгі проблемасы өте өзекті тақырыпқа айналып отыр. Себебі қазір кез келген бала мен жасөспірімнің көретін дүниесі телефондағы, теледидардағы экранда тұр. Анимациялық фильмдерді жасаудың әлемдік тәжірибеде бірнеше технологиясы бар. Бүгінгі күні оның үш өлшемді бейненің жаңадан құрылған технологиясы – 3-D анимация нарықта кеңінен қолданылады. Сол жаңадан қолданылып жатқан технологияны қазақ анимациялық фильмдерінде қазір қалай қолданып жүр, неге қазақ мультфильмі әлемдік көште кенже қалып отыр? Біз бүгін осы және өзге де сауалдарға жауап іздеу мақсатында аниматор Әбдіқадыр Сабырмен сұхбаттастық. Ары қарай сұхбатымыздың әлі жалғасатынын ескере отырып, белгілі аниматормен өрбіген әңгімеміздің бірінші бөлімін мәртебелі оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз...


- Қазақ анимациясының бүгінгі жай-күйі қалай?

- Қазақ анимациясының бүгінгі жай-күйі жайлы айтар болсақ, мемлекет тарапынан, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қомақты қаржылар бөлініп жатыр. Соңғы жылдары да бұл қарқын тоқтаған емес. Бұл қаржылар қандай жобаларға бөлініп жатыр, қандай мультфильмдер іске асты, олар қаншалықты өз-өзін өтеді, ақтады? Міне, дәл осы сауалдар басқа мәселеге мұрындық болып отырған жайы бар. Егер жалпылама айтсақ, қазақ анимациясының ақырын келе жатқанын, әлі де біраз дамуы керек екенін көріп отырмыз. Жылына тек 10 шақты мультфильм емес, кемі 50-ге тарта анимациялық фильмдер түсірсек, мұны қазақ анимациясының дамуына жасалған алғышарттар деп ой түйер едім. Сіз менен «қазақ анимациясының бүгінгі жай-күйі» жайлы сұрадыңыз. Осыған орай мен мына бір қызық жайтты айтқым келіп отыр. Әлемдік нарықтың мультфильм нарығында біз алпауыт санайтын Ресей Федерациясының анимациялық фильмдері 100-ден 1 пайыз ғана орын алады. Бұл оның әлемдік деңгейдегі орны... АҚШ, Қытай, Жапония елдерінің анимациялық фильмдер нарығындағы үлес салмағы басқа елдермен салыстырғанда едәуір басым. Енді қараңыз, «мультфильм жақсы дамып жатыр» деген, ғасырдан астам тарихы бар деген Ресейдің өзі әлемдік нарықта бір-ақ пайызбен ғана жұмыс істеп жатыр. Ал енді Қазақстанды әлемдік нарықпен емес, Ресейдің ғана нарығымен есептеп көрейікші... Біз сонда Ресейдің анимациялық фильм нарығының өзінен біраз артта қалып қойғанымызды байқаймыз. Бұл жерде «халық саны бізден көп, жағдайды да ескеру керек» деген секілді сылтау айту жараспайды. Мемлекет дегеніміз – оның территориясында 1 миллион адам тұра ма, 100 миллион адам тұра ма, бәрібір мемлекет. Егер ол мемлекет анимациялық фильмдерді(мысал ретінде, басқа өнер түрі де болуы мүмкін) қолға алды ма, онда оған өте жоғары деңгейде қолдау көрсетіп, менеджерлік тараптан, продюсерлік тараптан мән беруі керек. Кез келген жобаның, әсіресе толық метражды жобалардың қайтарымы болуы керек. Бізде көбіне 10 минуттық мультфильмдер түсіріледі. Өкінішке қарай, толық метражды мультфильмдер фестиваль үшін түсірілетіндей көрінеді. Мысал үшін айтайын, «Қазақ елі» мультфильміне қателеспесем, 350 миллион теңге бөлінген екен. «Мұзбалаққа» 170 миллион теңге бөлінген. Мұның бәрі – ашық дереккөздерде бар цифрлар. Бірақ бұл жерде салық мәселесі де бар. Былайша айтқанда, қаржының жартысына жуығы сондай қосымша салықтарға кетуі мүмкін. Егер кино туралы заңға өзгеріс енгізіп, осындай салықтардан босатуды қолға алсақ, одан да сапалы дүниелер шығар ма еді... Бұл мультфильмдер не десек те, жасалды. Әріптестерім үшін, елім үшін қуанамын. Бірақ сапа жағынан бөлек, бұған кішкене болса да, сыни көзбен қарап көрейікші. Нарық жағынан қарастырар болсақ, «олар қаншалықты пайда әкелді?» деген сауал өзінен-өзі туындайды. Жұмсалған қаржының қанша пайызы кері қайтты? Ақша бөлініп, қаржы құйылғаннан кейін қайтарымы болуы керек қой. Егер бұл мультфильмдер қайтарылмайтын болса, 10 минуттық мультфильмнің өзіне 30-35 миллион кетеді екен. Ал жылына 10 мультфильм түсіріледі десек, шамамен 300-350 миллион кетіп отырады. Оған толықметражды анимациялық фильмдерді қоссаңыз, миллиардтарды оңай есептей аласыз. Бірақ содан 1 теңге болсын кері қайтарылды ма? Мәселе осыған ғана келіп тіреледі. Мультфильмнің әр түрлі техникасы, стилистикасы болады: жай қимылдайтын, қағазбен қимылдататын, пластилинмен, 3D-мен қимылдататын. Мен сондықтан әріптестерімнің жұмысына ол жағынан ешқандай сын айта алмаймын. Олардың жасап жатқан техникасы, стилі, тәсілі бөлек. Бұл – бір жағынан кемшін тұстары айтылар болса, тек кәсіби, шығармашыл сын. Ал мемлекеттік тұрғыдан қарайтын болсақ, жоғарыда айтылған мәселелер мені қатты толғандырады. Яғни, егер бір жобаны жүзеге асыруға қаржы бөлінсе, «ол қаншалықты сатылымға ие, қалай саудаланады?» деген сұрақтар бізді мазалауы керек. Бізде көбіне кез келген өнердің маркетингтік жағы қалыс қалып қояды. Әрине, халық көрмейді емес, мультфильмді көреді. «Фестивальге барып келді, неше түрлі жүлделер алды!» дейді. Бірақ сол атақ, даңқ-дәрежеден біз не ұтып отырмыз? Эмоцияны, мақтауды ысырып қойғанда, шын мәнінде ол бізге пайда әкеліп жатыр ма? Мысалы, осы дүние біздегі спорт саласында да бар. «Футбол, футбол» деп, қаншама миллиардтар құйылып отыр. Дегенмен нәтиже жоқ, бөлінген қаржы жай ғана ауаға ұшып жатыр. Егер осы жүйені әлі сақтап қалар болсақ, кім көрінген келеді де, тіпті анимация саласына «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» адам да мемлекеттен тапсырыс алып, ақшасын алып жүре береді. «Мемлекеттің беделін көтереміз, баланы патриоттыққа тәрбиелейміз» деп, жалпы халықтық емес дүниелерді түсіре берсек, алға баспаймыз. Мемлекеттік бедел фестивальдерден орын алумен шектелмейді. Сіздің туындыңыз ешқандай пайда әкелмесе, ол ешбір беделге жатпайды. Сапалы, құнды дүние жасасаңыз, демек ол қымбат тауар ғой. Сіз оны міндетті түрде сата аласыз. Және «бедел» дегеніміз шынайы пайда әкелгенде ғана бағаланады. Бізде кейбір адамдар бәрі тек қазақы болуы керек деп ойлайды. Менің туындыларыма да «персонаждарыңыз басқаша» дейтін нәрселер көп айтылады. Тіпті мультфильмде рулық, тайпалық түсініктерді көрсеткісі келіп, өресі сол деңгейге түскендерді де көріп жүрміз. Осыны айтсақ, «ауылдағының аузы сасық» демекші, жұртқа жеккөрінішті болып та жүрген жайымыз бар. Алайда ондай адамдарға уақыт шығындағанша, өзіммен-өзім болғаным ұнайды. Қазірге дейін айналысып келе жатқан ғылыми жұмысым балалар теелвизиясына тікелей қатысты. Құдайға шүкір, көз алдымызда біршама ұрпақ өсіп келеді. «Олар нені қалайды, мен оларға қалаған дүниесін қалай бере аламын?» деген нәрсені жиі назарда ұстаймын.


- Сіздіңше, мультфильм патриоттық тәрбие беру құралы ма? Маған кейде(жеке пікірім бойынша) «Баланы тәрбиелеу» деген сөз тіркесінің өзі ұнамайды... Себебі бұл сөздің өзі баланы индивид ретінде қалыптастырудың орнына «біреудің көшірмесі» қылып жасап шығуға үйрететін сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

- Бұл сауал – жаһандық, шындап келгенде, біздің ұлттық түсініктерге тікелей қатысты, маңызды сауал. Иә, мультфильм – қайткен күнде де экран арқылы баланың санасына сіңетін тәрбие құралы. Осы тұрғыдан балаға тәрбие қалай беріледі дейтін болсақ, әуелі әлеуметтік жағдай ауызға ілігеді. Себебі көңілі жабырқау, қарны аш балаға қанша жерден ақыл айтып, жөнге салуға тырыссаңыз да, ол оған бас ауыртпайды. Бұл – менің ата-ана ретіндегі жеке пікірім. Ал өнер хақында сөз болғаннан кейін, маман ретіндегі ойым сан алуан. Меніңше, кез келген көрермен мультфильмнің қалай жасалатынын біліп, сол өнер түрінің мәдениетінен хабардар болуы керек. Содан барып зиятты ұрпақ өсіп-өнеді. Ал патриоттық тәрбие мәселесіне келер болсақ, Отанға, туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншіліктің болғаны әр уақытта дұрыс. Алайда біз осы бір терминді әсірелеп, көп айтамыз деп, негізгі мәннен ауытқып кеткен сияқтымыз. Мысалы, кез келген медальдің екінші жағы барындай, патриотизмнің екінші жаман жағы бар. Ол – фашизм. Фашизмнің «патриотизммен» синоним, тіпті егіз ұғым екенін көбіне біле бермейміз. Негізінде тәрбие берудің ең биік шыңы – қажет кезінде баланың деңгейінде ойлай білу. Тәрбиенің озық үлгісі ешқашан «сөз» болған емес, ол – тек іс. «Сен олай етпе, былай етпе» деп, бірақ айтқан сөзге қарсы әрекет ету, жалпы баланы бағынышты қылуға тырысу дұрыс емес. 60-70 жылдары АҚШ-та есірткі саудасы өршіп, неше түрлі қылмыстар көбейіп, нәсілшілдік тым қатты қозып кетті. Сол кезде АҚШ билігінің, Президент әкімшілігінің ойлап тапқан әдісі экранға өтті. Киномен, мультфильммен көзін ашқан балалар мен жасөспірімдерге «Мен американдықпын!» деген ұран енгізді. Сөйтті де, «Біз әлемдегі үлгілі халықпыз, біз нәсілге бөлінбейміз» деген мәндегі месседж тастады. Мұны мультипликаторлар да «идеология» ретінде пайдаланды. Байқап қарасаңыз, кез келген Американың тарихына қатысты фильмде АҚШ-тың жалауы желбіреп тұрады. Дәл осы элемент бірте-бірте әдетке, кейіннен тәрбиеге айналды. Тарихи жанрдағы американдық фильмдерді көрсеңіз де, жеңімпаз тек Америка екенін көре аласыз. Меніңше, аталған оқиғалардың өзегі – тек Еркіндікте. Мамандарға деген, мамандардың еркіндігіне деген басқару жүйесінің бар екені әрі халықпен дер шағында санаса алатыны байқалады. Бұл жерде нарық қалыптасқан. Мәселен, «Жан»(Душа), «Коконың құпиясы»(Тайна Коко) секілді мультфильмдерге 30-40 миллион ақша құяды делік. Сөйтеді де, оны коммерциялық жағынан талдайды. Бұл бізге қаншалықты пайда әкеледі? Яғни, бизнес ретінде оның максималды пайда әкелуі мен тәуекел ететін тұсы бар. Соның бәрі ұжымдық талқылаудан өтіп, кіріс пен шығысқа баса мән беріледі. Біз білетін атақты «Дисней, Дреам уоркс» компаниялары бар ғой. Барлығы да өз қалталарын ойлайды. Сөйтіп мультфильм нарығында бәсеке пайда болады. Бәсеке бар жерде сапаға жұмыс істеу басталады. Жоғарыда «АҚШ-тың жалауы» деп айтып қалдым ғой. Оның патриотизмге қатысы болғанымен, ол 3-ші не 4-ші планға ғана шығады. Басты нәрсе – әр туындының ой саларлық, бәлкім мотивациялық идеясы немесе «американдық мінез». Енді бұл жағынан Қытай мен Ресей елдері де қалыс қалып жатқан жоқ. Мененджерліктің, продюсерліктің дамуы аталған мемлекеттерде жемісін беріп отыр. Ащы болса да айтайын, таныстық, туыстық, жерлестік түсініктер біздің кез келген салада құлдырауға әкеліп жатқанын бәрі біледі. Соның кесірінен қазақ анимациялық фильмінде де өте талантты бола тұра анимациядан қол үзген жандарды да көрдім. Байқап отырсаңыз, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда біз сөз қозғап отырған мәселенің мәніне жетпей тұрып, тайпалық санада жүрген азаматтардың көзін ашуды ойлауымыз керек. Ол үшін «Тайпалық-рулық деңгейді қой», «қазір әлем жаһандық мәселемен бас ауыртып жатыр, бойыңдағы құлдық саналардан арыл» деп көбірек үн қатуымыз қажет. Егер мультфильм жобаларына инвестиция құйылар болса, онда олар өз-өздерінен түзеліп кетер еді. Бізде қаржыландыру көзі мемлекеттік болғаннан кейін әрі оның сұрауы да жоқ болған соң, осындай төмен санадағы адамдардың ықпалы жүре береді. Мұны бәріміз де білеміз және тайпалық деңгейдегі адамның өзі де біледі. Бірақ ешкімнің мойындағысы жоқ. Бізге қазір анимация саласына инвесторлар көбірек тартылуы керек. Сосын оның салығын да мейлінше азайтқан жөн. Ол үшін инвестицияға қатысты, меценаттыққа қатыста арнаулы заң жобасы әзірленуі керек. Мысал үшін айта кетейін, Қытайдың анимациялық нарығында жұмыс істеген Тұрдыбек пен Тілек секілді, қазіргі күні елімізде мультфильм жасап жүрген бауырларымыз бар. Солар айтады, Қытайда прайм-тайм кезінде қытайлық мультфильм мен шетелдік мультфильм қатар келсе, шетелдік анимацияны тоқтатып қояды екен. Бұл да бір қызық жайт. Бізде өзіміздің «Мұзбалақ», «Қазақ елі» мультфильмдері сол прайм-таймда көрсетілсе, өз-өзін ақтар ма еді? Бұл да бір проблемаға басқа қырынан қарауға септігін тигізеді. Біз қазақ анимациясына жанымыз ашыса, әуелі сапаға, одан соң коммерцияға түбегейлі ден қоюымыз керек. «Ана туынды фестивальде жүлделі болды, мына туынды белгілі бір орын алды» деген сөздер алға шықпауы қажет. Әлемдік нарыққа біртіндеп болса да, ілесуге талпыныс жасауымыз керек, онсыз болмайды. 90 жылдардың ортасында я аяғында біздің «Қазақфильм» киностудиясына немістер келген екен «біз сендерге тапсырыс берейік, сендер соны жасап отырыңдар» деп. Сөйтсек, біздікілер(менің әріптестерім де бар оның ішінде) «кеңестік будан» әлі айыға қоймаған болса керек, «бізге шетелдің дүниесі керек емес, біз өзіміз бөлек дамимыз» деген сыңайдағы псевдопатриоттық жауап қатқан екен. Сөйтті де неміс мамандармен байланыс орнатпады. Бәлкім, сол кездерде олармен тығыз байланыс орнатқанда, біріншіден, тәжірибе жинақталар еді. Екіншіден, қазір әлемдік нарыққа шығудың жолын қарастырып отыратын едік. Үшіншіден, кәдімгі қызу жұмыс басталып кетер еді. Ал қазір ше? Сол тоқтаған күйі тоқтап тұрмыз. «Қазақтың салт-дәстүрін тек қазақ түсінеді, шетелдіктер бізді түсіне бермейді» деп көкіген ауыз өнер тек жеке халықтың емес, жалпы адамзатқа тиісті екенін түсіне бермейді. Мәселен, Димашты Димаш қылып тұрған оның қазақылығы емес, әуелі даусы ғой. Бізде елеусіз қалған әнші кейіннен әлемді мойындатады деп ешкім ойламады. Бұл дегеніміз бізде әлі де болса адамға, өнерге, білім-ғылымға, жалпы кез келген салаға немқұрайдылық барын айғақтайды. Димашты мысал етуіме де себеп жоқ емес. Өйткені біздің елде де әлемдік көшке ілесетін, одан қалыспауға тырысатын мықты аниматорлар бар. Қаншама жастарды көріп жүрмін. Ал солардың үлкен аниматор, режиссер, мультипликатор болуына қандай көмек жасап отырмыз? Жоқ, ешқандай көмек болмай отыр. Енді бір байқағаным, қазір мынадай құбылыс бар. Әрине, әркімнің сенімі, нанымы – жеке мәселесі, оның ішіне біздің қатысуға құқымыз жоқ. Бірақ соңғы уақытта үлкен өнер жасағысы келетін сол талантты жастардың туындыларынан діни таным-түсінікті тықпалап қалуға деген құлшыныс байқалады. Оның қай деңгейде радикалданғанын не басқа екенін білмеймін. Дегенмен сондай тенденция бары рас.

- Біздегі мультфильм саласының нарыққа бейімделе алмауына не себеп?

- Бұл жөнінде жоғарыда біраз айтып, талқыладым деп ойлаймын. Бірақ тағы да толықтыра түсейін. Жалпы әлемдік экономика нарықтан, яғни, базардан тұрады. Біз сол базарға әлі күнге дейін өте алмай, үйрене алмай келеміз. Өздеріңіз көріп жүрсіздер ғой, «никелодеон» болсын, «ник джуниор» болсын, «картун нет уорк», «карусель», «ти джи» – солардың баршасында үлкен құрылым бар. Олар арнаулы мониторинг жүргізіп, мультфильмнің сапасын, оның артындағы қаржылық мәселелерді жіті назарда ұстайды. Одан бөлек оның балаға деген психологиялық әсері де сөз болады. Сондықтан олардың тәжірибесі бізге ауадай қажет. Мұны қолға алсақ, күнделікті халық ауыз әдебиетінің, қиял-ғажайып ертегілердің желісімен түсіріп жүрген туындыларымыз басқаша дамиды. Мәселен, қазақ мультфильмінде орныққан батырдың образына да бұл ғасырда жаңаша сипатта беруге болады. Әлемдік нарыққа бейімделу үшін ең болмағанда олардың тапсырыстарын орындайық, сонда бізде мамандар да көптеп қалыптасады. Мен бұл саланың кәсіби маманы ретінде, бұл салада ғылыми жұмыспен айналысып жатқаннан кейін анимацияның ғылыми бағыт алғанын, ғылыми түрде жұмыс істегенін қалаймын.

- Қазір елімізде тарихи тақырыптағы мультфильмдер мен мульт сериалдар көбейіп келе ме? Мемлекет балалар анимациясына қай деңгейде көңіл бөліп отыр?

- Шымкенттегі «Сақ» студиясы Отырар, Ордабасы, Түркістан, Қазығұрт, Бәйдібек ата туралы мультфильмдер жасап жатыр. Әрине, тарихи тақырыпта мультфильмдер түсірген дұрыс. Бірақ бізде қазақтың тарихы рулар мен тайпалардан тұратынын ескергеніміз жөн. Өз руынан шыққан адамға қатысты кітап шығару, тарихи фильм немесе тарихи мультфильм түсіру көп жағдайда басқа рудың үстінен қарағандай қылып көрсету басым десек, артық айтпаған болар едім. Әрине, жеті атаңды білу, қанның тазалығын сақтау деген секілді мәселелер бір жағынан орынды шығар. Десе де әлемнің алдыңғы қатарлы елдері басқа планетаны зерттеп жатқан кезде біздің тайпалық деңгейге өтуге тырысуымыз – өкінішті жағдай. Физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаевтың өзі «біз технократтық мемлекет болуымыз керек, сонда ғана дамимыз» дейді. Меніңше, бұл – өте орынды пікір. Кейде ойлаймын, «біз неге осы тарихи персонаждарды бетперде қылып ұстай береміз?» деп. Неге қарапайым нәрселермен-ақ мультфильм түсірмеске? Мысалы, жапырақ туралы, қарапайым бұлт туралы, жансыз заттар туралы да туынды жасауға болады. Бұл жерде не туралы түсіруден бұрын мәселе оны қалай жеткізуде болып отыр. Және осы жағдай тек отандық анимацияда емес, біздегі біраз өнер саласында жиі ұшырасады. Одан бөлек, мына нәрсені де қоса айтқым келеді. Қазақта балаларға арналған әндер өте көп. Бірақ соның бірде-біреуі есте қалмайды. Себебі бізде балаларға арналған жөнді ән жоқ, әуен жоқ. Сол себепті кейде балалар әдебиеті, балаларға арналған шығармалар дегенде «балаларға арналған» деген сөзді ұға бермейтін секілдіміз.

                                                                                               Жалғасы бар...