Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған конференция өтті
22.01.2016 2263
2016 жылдың 14 қаңтарында ҚР Ұлттық мұрағаты ғимаратында«Мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуының қазақстандық жолы: нәтижелер, жетістіктер, болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

2016 жылдың 14 қаңтарында Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты ғимаратында Мемлекет тарихы институты, ҚР Ұлттық мұрағаты мен Жас тарихшылардың республикалық қауымдастығы бірлесіп, «Мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуының қазақстандық жолы: нәтижелер, жетістіктер, болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып, Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары — қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласы аясында өткен іс-шараға ҚР Парламентінің депутаты К.Н. Бұрханов, мемлекет қайраткері және Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Т.Ы. Сүлейменов, ҚР Ұлттық мұрағатының директоры М.О. Әбсеметов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі В. Салахов, Украинаның Қазақстандағы елшілігінің өкілі П.В. Токарь және жетекші отандық ғалым-тарихшылар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, орта мектеп мұғалімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

 Конференция төрағасы, Мемлекет тарихы институтының директоры Б. Аяған конференция жұмысын бастай отырып, жиылған жұртты осынау мерейлі уақиға — Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізіліп жатқан іс-шарамен құттықтап, конференцияның өткізілуіне демеу болған Ұлттық мұрағат басшылығы мен жалпы ұжымына алғысын білдірді. Қалың қатысушыға конференция құрамы мен қонақтарын таныстырып өткен соң, конференцияны өткізудің ұсынылған мақсаттарынан бөлек шара ұйымдастырушылары, ең алдымен, тәуелсіз еліміздің 25 жылдығы аясында өткізілетін іс-шараларға бастау болуды көздегенін басып айтты.

 «Мемлекет тарихы институты биылғы жылды ерекше атап өтуді көздеп отыр. Бұйыртса, алда Институт ұжымы „Халық тарих толқынында“ бағдарламасы аясында 6 жаңа туындыны жарыққа шығармақ. Басты мақсат — бастау салу» деген Б. Аяған келешекте мұндай келелі кездесулер жалғасын табатынын атап өтті. 

Бұдан кейін сөз алған мұрағат басшысы М. Әбсеметов тарихта әр халықтың ел болу үшін таңдаған өзіндік жолы бар, ал еліміздің жолы — бұл тәуелсіздік жолы, 25 жыл бұрын басталған жол емес, ата-баба арқалап, жаумен мың алысып, ұрпаққа аманат етіп жеткізген еркіндік жолы екенін айтты. 

«Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы кейбіреулердің мемлекетіміз енді ғана даму жолын бастап отыр деген бұрыс пікірін қалыптастыруда. Бүгінгі Қазақстан — тарихи тамыры тереңнен бастау алатындықтан жемісті де қалыптасқан мемлекет. Өткен жылы біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Бұл кез келген Қазақстан азаматына керек болды. Себебі біздің мемлекеттілігіміздің қайнары тереңде», — деді депутат К. Бұрханов. 


Сонымен бірге, халық қалаулысы «Қазақ» атты ұлттық мемлекеттің тарихын тарқата отырып, көршілес мемлекеттермен салыстырғанда ерте қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуына қарағанда, қазіргі Ресей Федерациясы император І Петрдың дәуірінен Орыс мемлекеті, оған дейін Мәскеу княздығы болған, ал «Қытай» атауы тек 1911 жылғы революциядан кейін қолданыла бастаса, Қазақ хандығы 550 жыл бұрын пайда болды. Тарихтың өзі біздің ерте мемлекет болып жетілгендігімізді айғақтады деді ол. 

Конференция кезінде, сондай-ақ, Мәңгілік Ел идеясының ұлтты ұйыстырудағы маңызы мен рөлі, тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты, Қазақстанды жаһандық жаңартудағы Президенттің рөлі, Елбасы мен мемлекеттің интеллектуалды әлеуетінің қалыптасу сабақтастығы, қазақстандық бірегейлікті нағайтудағы Тұңғыш Президенттің рөлі және т.б. өзекті мәселелер төңірегінде баяндамалар тыңдалды.

 Конференция аясында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» атты ҚР Ұлттық мұрағаты қызметкерлерінің дайындаған құжаттық көрмесі өтті. Көрмеде мұрағат қорынан алынған ел тәуелсіздігінің бастауынан кейінгі кезіне дейінгі Қазақстанның дамуы мен тұрақтану тарихын айқындайтын құжаттар қойылды. Егемен елдің алғашқы заң жобалары, Қазақстан ордасын көшіру туралы тың деректер көрерменнің көзайымына тартылды. Елбасының өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін құнды құжаттар бейнебаян мен көркемсурет түрінде ұсынылды.

 Конференция соңында «Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясына» мүшелікке қабылданған ғалымдар мен мектеп мұғалімдерін марапаттау рәсімі өтті. Айта кетелік, Академия — 2009 жылғы 16 маусымда ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғалымдарының бастамасымен құрылған одақ. Академияға мүшелікке қоғамдық ғылымдар аясында еңбек етіп келе жатқан таңдаулы жетекші-ғалымдар қабылданады. «Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясы» қоғамдық бірлестігі мүшелігіне «Алтын белгілі» және «Күміс белгілі» кеудеге тағатын белгімен қоса куәлік тапсырылады.