Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы
08.10.2021 2581

Біз дәстүрлі түрде «Қазақ балуандары» деген циклмен алаш топырағынан шыққан әйгілі балуандар жайлы қалам тербеген едік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  жарыққа шыққан «Қазақ балуандары» деген  еңбекке негіз сүйей отырып дайындалған, бұл жазбаның шын иесі белгілі қаламгер, әйгілі спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұл. 1980 жылы грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы, 1981 жылы әлем чемпион, 1982 жылы әлем кубогының күміс жүлдегері, екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіров жайлы бұл еңбекті оқырмандар назарына қаз-қалпында ұсынғанды жөн көріп отырмыз.


Байтақ дала, тау-тас, бетеге, жусан, бір сөзбен, кең қолтық қазақ жеріне бұл хабар дүркіреп жетер сәт алда… Бұл мезетте ЦСКА футбол-жеңіл атлетика комплексінің өне бойын темірден өрген керегесі шытынап, зілтемір түндігі желпілдеп тұрады. Қуаныштан, естен айрылған бес жарым мың жанкүйердің ішінен бізге қиғаш түстік трибунадағы теңіз көкжалы адмирал мен оның немересіне көзім түсті. Шіркін, бір тілдессе! Туған немересі Олимпиада чемпионы болғандай мәз-мейрам кәрі адмирал, туған ағасы алтын алқа алғаннан да айран-асыр бала. Спорттағы соңғы әнін шырқап салып, қазақ қазақ болғалы қолын тұңғыш Олимпиада чемпионы деген мәңгі тозбас атаққа жеткізген жігітті әлгінде ғана арыстанша алысқан болгар балуаны Павел Христов бетінен сүйді. Бала жастан бауыр басқан боз кілемдегі Павел Христовтың да ең соңғы ұлы айқасы, ұлы үміті осы еді. Басқа біреу «еріннің ұшымен» құттықтар ма еді, қалай. Жігіттің жігіттігі осындай тұста ғой. Ұпайын түгеңдеген соң жер бауырлап жатып алмай, біздің, бар кеңес жанкүйерінің жанын мұрынның ұшына жеткізіп, зәре құтты алған қолтоқпақтай Жақсылық әрі әкесі, әрі ағасы, баяғының түйежүн балуаны, КСРО құрамасының бапкері Вадим Псаревтің құшағына жете құлады. Ол тік көтерген бойы мол денесін жебеше игеріп жеткен Қабден Байдосовқа берді. Одан әрі КСРО құрамасындағы марқасқалар қолдан-қолға аспанмен алып, спортшылар бөлмесіне классикалық күрес командасының «әп, бәрекелдісін» алтынмен бастаған жігіттің аяғын жерге тигізбей жеткізді. Біз қуаныштан көздің алды бозмұнар ардағымызды көруге асықтық. Имене барар тоғыз қабат торғауыт қазір бізге бұйым емес. Мәскеудің бар милициясы қақ жарылып бізге бермеген жолды, кімге береді. Мәскеу олимпиадасы басталуға үш күн қалды. Үшінші күннің түн жарымында бар әдепті жинап қойып, КСРО құрамасының бас бапкері Сапуновтың пәтеріне телефон соғайын. Биязы әйел дауысы: «Бұл күндері ол кісіні мазаламауынызды қиылып өтінемін» дейді. Пленкаға жазылған ауа-райының хабаршысындай. Қайтсін, мен секілділер аз ба дүниеде.




«Менің айтқалы тұрған сөзімді естімесе, басқа кезді білмеймін, дәп Олимпиада күндері өкініштен арыла алмайды», - деп баппен нығыздай түсемін. Сәл үнсіздік. - Мен тыңдап тұрмын.

- Мюнхеннен қалып қойды. Монреаль тұсында тағы қырсық. Атын ел-жұрты Жақсылық қойыпты. Бір жақсылық бола ма…Сіз кімсіз?

- Мен Қазақстан жанкүйерлерінің төтенше елшісімін.

- Төтенше елші, өзіңіз де тыныш ұйықтаныз, өзгеге де маза беріңіз,-деп қаһарланғанмен Сапуновтың даусы бәсеңдеу шықты,- бүгінгі бақылау айқасында Жақсылығыныз Шумаковты аямай бүктеді. Ертең онысынан таймаса, бірінші нөмір Үшкемпіров. Сіз менің қалімді түсініңіз, төтенше елші, сізге оң қолыңыз қымбат па, әлде сол қолыңыз. Екі қолдың біреуі кесілу керек. Екі қол да менікі. Қош, сау болыңыз. Телефонның трубкасын тегершікке қоймай ойланып қалдым. Сапунов жолдас, сіздікі өте дұрыс, қабырғадан сұрақ қойған, жаны ышынған бізде де қандай кінә бар. Бип-бип, бип-бип…

Екі күн қалды. Кешке шейін дел-сал күй. Шаруа қуып кеткенде ғана бір сәтке ұмытылды. Көзге қораш, қолтоқпақтай Жақсылық Үшкемпіров сонау Мюнхен олимпиадасына каңдидаттардың бірі болды. Ол жолы сәті түспеді. Бармады. Әлі барады ғой, болашағы сайрап жатыр алда деп көңіл жұбаттық. Төрт жылды араға салып Монреаль олимпиадасы келді. Оңда да сәтсіздік. Бара алмады. Мінеки, Мәскеу олимпиадасы. Тағы да белгісіздік. Кеш бату оңай болғанмен, КСРО олимпиадалық комитетінің түнгі он бірде басталатын күнделік шаруа кеңесін күту қиянның қияметі. Түннің бір мезгілінде Жақсылықтың боз кілемге бірінші боп шығатынын естідік-ау, әйтеуір. «Қуырдақтың көкесі түйе сойғанда». Жарыс басталар келесі күннің кешінде баспасөз орталығында таратылған классикалық күрес жеребесіне қарап кеп қалғанда, Жақсылықтың тағы бір «тозақтың отына» түскенін жан жүрегімізбен ұқтық. Түске дейін әлемнің әлденеше дүркін чемпионы румындық Константин Александру, ал түс қайта Еуропа біріншілігінде Жақсылық тісін қышырлатып, қапылыста кеткен Роман Керпач. Барлық спортшыға дем сағатта та мінездеме беретін АСУ-дан алған сипаттама да күпті көңілді онан сайын өрекпіткен. «Константин Александру 1958 жылдың 17 сәуірінде дүниеге келген. 1978 -1979 жылдардағы әлем чемпионы, 1977-79 жылдардағы Еуропа чемпионы. Айқасқанда құйынша үйіреді, батыл, техникасы мінсіз. Жүйкесі аса мықты». Осыдан кейін шын жанкүйердің кірпігі айқасып көрсін. Айтып айтпай не керек, күткен күн келді. Ентігіп жетсек, еңселі сарайдың төсінде тізілген төрт күрес кілемі гүрс-гүрс. Күні бүгінгідей көз алдымда. Константин Александру сұңғақ, жаурынды. Білектің де, санның да бұлшық еттері ойнап тұр. Жақсылық жатағандау. Салған беттен қарсыласын ішке қаусырды да, оң жамбасқа тастап жіберді. Тілеулестері қойсаңшы: «Ойбай, Жақсылық, байқа!» деп шу ете қалды. Жұрт сөзі дарығаңдай осыдан соң ұзақ арбасып жүріп алды екеуі де. Бірінші кезеңнің соңғы секундтарыңда Константин иықтан асыруға оңтайланып келіп-ақ қалып еді, іргеде өзінің байсалды балпан түрімен тұрған Қабден Байдосов, сонау елуінші жылдары жауырыны жерге тимейтін жігіттеріміздің бірі, бүгінгі бапкеріміз баж ете түсті. Өзі де сақ жүрген ғой, Жақсылық шіреп тұра қалды. Екінші кезеңге Жақсылық буырқана келді. Апай-топай үш ұпай алды. Бұл кезеңде Александруға бір де ұпай ұстатпады. Айқастың бітуіне 2 минут, 20 секуңд қалғанда, жұрттың бәрін «ах!» дегізген оқиға болды. Әлгіңде ғана ішке жұлқи тартқан Константиннің құрсауына ілікпей шыққан Жақсылық кілемге отыра кетті. Залдың арғы бетінде сілейіп тұрып қалған бір қыз, үш жігітке көзім түсті. Кең сарай түгел қалшиып қатып қалды десек те әсірелеу емес… Сіңірін созып алған. Кілемнің шетіндегі Александру да мойынды ырғап қойып, үңіле қарайды. Ептеп жымиғандай болады. Біздің арам пиғылымыз болар, бәлки. Мұндай тұсты кім пайдаланбасын?! Шіркін, айта беретін спорттық мінез осындайда ғой. Жақсылық ары да лақтырды, бері де лақтырды. Күмәнсіз жеңді.Біз қазақстандықтардың жеңіске дәмесі бар басқа жарыстарға зауладық. Боз кілем, кешкі жарыс. Еуропа біріншілігінде жолын кескен Роман Керпачтан тағы да көресіні көрмесе неғылсын. Таңертенгі жарыста венгр Ференц Шереште кеткен кекті Роман Жақсылықтан алуға тырыспағанда не бітіреді?! Жағдайдың қалай шиыршық атқаны Жақсылық пен оның бапкерлеріне де белгілі. Созылған сіңір қалай? Александру аса шаршатып кеткен жоқ па? КСРО кұрамасының балуандарының кілемге бастап шығар бапкері Қабденнің қабағының салыңқы тұрғаны қалай? Сұрақ, сұрақ, тағы да сұрақ. Күпті көңіл. Соның бәрін, бар тұман, бар мұнарды шайдай аштырған Жақсылықтың өзі. Кілемге аяқ аттасымен жай оғындай атылды. Қолға ұстатпас сусыған сынап та теңеуге олқы. Электрон сағат 1 минут 2 секунд, есеп 10:0, айналып кетейін қолтоқпақтай баланың пайдасыңда. Кілем үстінде небір ғаламатты көрген Роман Керпачтың сасқаны сонша 4 минут 30 секунд өткенде ғана 1 ұпайға әзер ие болды. Электрон сағат шоқтай жайнап 7 минут уақытта 12:1 деген есепті көрсетіп, жанкүйердің жанына жаз орнатады. Енді бар-жоғы екі минут айқас. Жеңіс қолда десек, Вадим Псарев пен Валерий Резанцевтің тас мүсін сұрына қарап еріксіз іш жиясың. Күрес өнерінің білгірлерінің қанын ішіне тартып алғаны бекер болмады. Бар-жоғы 36 секунд (бір, екі, үш… отыз алты санап шыққанша) ішінде апай-топай есеп 13:10. Жанкүйер қауым ес жиғызбаған Жақсылыққа да, осынау сұрапылдан соң еркіндеп, еліріп кеткен Романның ерлігіне де тәнті. Мұңдай жекпе-жек қайта айналып келместей барын салған қос балуан төреші ысқырығы құлақ түбінен шырылдатқанда әрең естіді. Олимпиаданың бірінші күні. Осыншама шиеленіс, осыншама эмоция. «Мұңдай жеребені жауға да тілемеспіз. Біздің шаш осылай ағарды, бауырым» дейді пілдей балпаң Валерий Резанцев соңынан қуып жеткенімізде. Сезім мен көңіл күйге «бұл қалай?» - деп сұрақ қойып, қақпалауға келмей қалатын сәттер болады. Тышқан жорғалатпайтын бөлмеге көз қиығымды бір тастау бойды билеп алды. Тәуекел, кеттім. Жеттім-ау, әйтеуір. Бергі бөлмеде ет қыздырып, өздерін-өздері жұлып жеген КСРО балуандары, Жақсылықтың достары. Түпкі бөлмеде спорт күртешесін бүркеніп, жүн телпекті милығына түсіре киіп, бұрышта қос бүктеліп Жақсылық отыр. Әлгіндегі қабыландай қарулы, жолбарыстай епті, сесті батыр қолтыққа сүңгіді де кетті.




- Аға, менің зарығып күткен Олимпиадам. Бұл жолы тозақтың отына мың түсіп шығармын. Бірақ бақытымды ешкімге бермеймін. Қазақстанның үлкен тойына үлкен сыйсыз қатыссам көр де тұрыңыз.

- Мына мықты сөзуар екен ғой, - дейді достары оның кіжінгенқазақшасын көңілмен ұғып.

Тегістік ауылының сәлем хатын қалтасына салып алып, Мәскеуді шарқ ұрып жүрген ауылдасыңды көріп едім. Хат қолыңа түсті ме? – деймін адырнадай жүйкені жібітпек ниетпен.

-Алғаным жоқ. Білемін ғой аға, олардың тілеуін… Сөзінің соңын бітірмей ойланып қалды. Жүзіңде майда толқын жыбырлайды. Бауырыма құшырлана қыстым да, бөлмеден сусып шыға бердім. Бұл салмақтағы айқастар бейне бір құйын. Роман Керпачты еркін ұтқан Ференц Шереш Павел Христовқа қолды болды. Ал сойқанның сойқаны боларсың деген Павел Христовты Константин алып ұрды. Бірінің жолын бірі кескен кілең мықты. Ақтық айқасқа Павел Христов пен Жақсылық Үшкемпіров шықты. Павел де жолы ауыр, не бүгін, не ешқашан деп ернін жымқырған ер. Ол үшін де Мәскеу олимпиадасы соңғы ұлы дүбір. Күткен күн. Жанкүйерден әділетті халықты табу қиындау болады. Өзіміздің Жақсылыққа да, осы күндері мінсіз өнер көрсеткен болгар балуанына да құрмет тең. Төбеден құлаған саумал жарыққа төсін төсеп, сұлық жатқан «В» кілемі ортаға төреші шыққанда да «жандана» қоймаған. Екі бұрыштан екі қабылан ырғып шыға келгенде құлпырып кеткеңдей. Павел Христов кешегіден де қабілетті, кешегіден де жауырынды. Әйтеуір, бізге басқалардың бәрі Жақсылықтан бітімді, Жақсылықтан иықты көрінеді де тұрады. Болгар балуанының мамандардың айтуында, ең мықты құралы ішке өту. Туғаннан күреспен ауызданатын қазағың да бұл тәсілге осал соқпас. Жақсылық оның өз қаруын өзіне сайлап келіпті. Аңдысу атымен жоқ. Екі дүркін ішке өтіп сүріндірді - екі ұпай. Тағы да тықсыру. Бірінші кезеңде Жақсылық ұпайдың сегізін алып, Павелге біреуін ғана бұйыртты. Екінші кезең. Христов келе кірісті. Қылпылдап отырған «Спорт» газетінің редакторы, спорт аталғанда ес-тұстан адасатын абзал азамат Сматбек Төребеков: «мына табло да цифрларды жылтылдатып шығара береді екен» деп түк кінәсі жоқ техникаға кіжінді. Есеп - 8:6. Павел Христов партердегі Жақсылықты ашы ішекше созады. Қолға дұрыстап іліксе тулақша көтеріп, сылқ етіп тастап, ойнақтап шыға бермек. Бір жақсысы қарсыласы кілемнің құйтырқыларын шым-шытырық формуладай білетін батыр. «Осы еркелеуің де жетер» дегендей, бір кезде Жақсылық атылды-ай дерсің. Бар-жоғы бір секундта үш әдіс жасады. Зал бір мезетте «уһ» деп демін алды. 7 минут. Есеп - 11:6, зал түгел: «Жақсылық, еңді иықтан қаға бер, қоян-қолтыққа барма!» - деп айқайлайды. Ал Жақсылық адамның зәре-құтын алып, қайта-қайта қолын қолтыққа салады. «Амалдап емес, атойлап жеңемін!» Айтпаса да шеберлікпен саңқылдап тұр. Үш күнгі қиямет-қайым айқас қазақ халқына бұрын-соңды болмаған сый тартуға таяп қалды. Бір халықтың тұңғыш Олимиада чемпионы! Оны ойлауға Жақсылық та бапкерлері Псарев пен Резанцевте де, еркін күрестен тұнғыш қарлығаштардың бірі Қабден Байдосовта да мұрсат жоқ. Жанды машина АСУ-да оны әзірге біле бермейді. Жерге аяғы тимей, қолдан-қолға өткен Жақсылықтың соңынан біз шабайық. Қуану мен жылау!? Арасы жер мен көктей кереғар сезім бір кеудеге сыйып тұр. Бәріне бұрын үлгеретін теледидардан да бұрын жетіпіз. Жақсылық, айналайын, Жақсылық! Қолтоқпақтай бауырым-ау, жылама?!

- Неге жыламайын, айтыңдаршы, жұртым. Ылғи жолым ауыр, кейбіреуге доғаша иіліп өзі келіп жататын жеңіс, табыс, абырой-атақ уысыма түсіп тұрады да, алақанымды ашсам, зым-зия жоқ болады. Сөйтсем, осыған бастап жүр екен ғой… Қызық, Олимпиада чемпионы! Алдағы уақытта біздің ауылда да сансыз көп болады олар. Бірақ, әттең, басқа бір тұлғасы келіскен қазақтың нар көтерер жігіті бастаса қайтер еді, мен бастамай бұл тізімді…

Бір сағаттан кейін анталаған, тағаты таусылған журналистердің қалың қолының талапай сұрағын тыңдап, мезетте жауап беруге Мәскеу олимпиадасының классикалық күрестен тұңғыш чемпионы, қазақ халқының Олимпиаданың алтын алқасын таққан тұңғышы - Жақсылық Үшкемпіров КСРО гербі жарқыраған той костюмімен ұршықтай ойнап шыға келді.Жақсылық… ТАСС. Жақсылық… Франс-пресс.

- Жақсылық… Пренса Латина, Эн-Би-Си, Рейтер агенттігі… Бірнеше сағаттан кейін Алматы депосындағы түнгі күзеттегі апасының жүрек жарылар хабарды естуінің өзі бір хикая. Кең-байтақ Қазақстан Жақсылық жеткізген жан сүйсінтер жаңалықты түн ортасыңда «сүйіншілеп» құс жолымен алып бара жатты. Бұл түнде, келер күнде ауа-райын бақылаушылар хабарында: «республиканың барлық өңірінде ала бұлтсыз, шайдай ашық…»