Әлихан БӨКЕЙХАН: жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді
30.09.2021 2787

Ретроспективалық сұхбат 

Биыл Ұлт көсемі, «Алаш» партиясы мен Алаш Орда үкіметінің негізін қалаушы Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойы. Осыған орай елордамыз астанада Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш ашылды. Аталған ескерткіштің ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси элита қатысты.



Жалпы Алаштың үш алыбына қатар ескерткіш орнатудың өзіндік себебі бар. Өйткені аталған азаматтар ұлт мұраты жолындағы күресте бір-біріне айнымас серік болды. Мысалы Ахмет Байтұрсынұлы 1929 жылы Архангелге жер айдарылғанда әбден қиыншылық көреді. Міне осы кезде Мәскеуде мырзақамақта отырған Әлихан Бөкейхан қазақ тілінің негізін қалаған азаматқа қаржылай және оның тезірек босап шығуына көмектеседі. Бұл әрине Ұлт көсемінің Алаш идеясына топтасқан серіктестеріне деген адалдығы болса керек.

Біз бүгін Әлекеңнің артында қалған құнды мұраларын ақтарып, рухымен сырластық. Ұлт көсемінің қазақтың демографиялық жағдайынан бастап, діни мәселесіне дейінгі айтқан пікірі әлі күнге дейін өз құндылығын жоймапты. 

Жуырда ғана еліміздегі халықтың саны 19 миллионға жетті. Ал жүз жыл бұрынғы қазақтың жан саны қанша болып еді және сол кездегі демографиялық ахуалға көңіліңіз тола ма?

Бәрі (*Бұл 1908-нші жылғы губернатор құзырындағы есеп) 4 миллион 499 мың 664 адам. 1897-нші жылғы есепте қазақ затынан қазақ тілімен сөйлейтін адамның саны 4 миллион 84 мың.

Бір жылғы адам баласының таза өсімі мың адамға 15 адам. Он жыл аралатып екі есеп алғанда Көкшетау оязының қазағы мыңға бір жылда 25 адам қосылып өскен. Бұған қарағанда, қазақ баласының өсімі өзге халықтардан артық болмаса кем емес, қазақ жұрты мыңға 15-тен өсіп, 1897-нші жылы орыс қол астындағы қазақ 4 миллион 84 мың деп есеп қылынса, 1913-інші жылда 4 миллион 64 мың болды. Бұл есепте Жетісу қырғыздары да бар.

Халық болған жерде дау-дамай болмай тұрмайтыны белгілі. Міне осы дау-дамайлардың біздің қазылар әділетті түрде шеше алмай жүр. Ал Сіздің Германия патшасы Вильгелм ІІ туралы жазған мақалаңыз бүгінгі біздің судиялардың әділетсіздігін еріксіз еске түседі екен..

Өткен январ басында шаруасоветінде Вилгелім өз шаруасын өз мақтап жиналыс алдына таратты. Бұл патшаның өз жерінде салған бидайы жұртта жоқ екен, патша сиырларының сүті төтенше майлы екен, пайдасыз бос жатқан батпақ сазды патша арық қаздырып, су ағызып, жақсы пішендік қылған екен. Сонымен патшаның сиыры екі есе болған екен. Сөз ақырында еті қызып кеткен бусанған көк, арендаторым жаман, шаруа білмейтін болған соң қудым деп, бір жазықсыз адамды жұрт алдында жамандап масқара қылады.

Соуст деген бір неміс патша жерін 15 жылға арендаға алған еді. Әлгі Вилгелімнің жамандағаны осы кісі. Вилгелім мені жерімнен шық деді, менің әлде болса бес жыл отыратын уәдем бар, онан бұрын көшпеймін деп, Соуст Берлин судиясына арыз берді.

Судья екі жағын сұрап, тексеріп билік етті: Соуст тағы 5 жыл Вилгелім патшаның жерінде отырсын деп. Бұл судияның билігін бұзамын деп патша малайлары немістің палата, сенатына барып еді, бұлар тағы судияның билігі дұрыс, сол билік бекілсін деді.


Соуст көршілері, қанша білікті адамдар, патшаны қасында жүрген ақылшылары адастырды, бұлай болмаса, біздің патша – Вилгелім өзін-өзі орынсыз мақтап, жазықсыз адамды жамандап сөйлемес еді деп, газетаға басты: Вилгелім патшаның бидайы шаруа қылған жұрттың бәрінде де бар, сиырының сүті кәдімгі сүт, Соуст шаруаны жақсы білетін адам, бұл туралы адасты деп.

Жұрттың бұл сөзі Вилгелім патшаның құлағына түскен соң, Соусттен кешірім сұрап аяғына жығылды, сотқа барғандағы шығын деп 120 мың маркі (1 марка 47 тиын) Соусқа ақша төледі. «Ер жігіт қыз мінезді, бала жүректі» деген осы.

Патшадан именбей, шаруаның пайдасына шешім шығарып берген Берлин судиясы шынын да ер екен. Алайда Ресейде ел қамын жеген ерлер халықты ағартамын деп жер аударылып, тіпті абақтыға жатты ғой. Мәселен өзіңіздің үзеңгелес достарыңыз Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы жарты ғұмырын түрмеде өткізді...

Осы ХХ ғасыр басында үкімет мұжыққа дүре салуды қол қылып шығармақ болғанда, адам баласынан озған, күн жоғалмаса аты жоғалмайтын Лев Николлаевиш Толстой «Русскиеведмости» газетасына хат жазып жария қылды. Сол Толстойдың жазған хаттың аты «Ұят» еді. Осы хат атын өзге сөзге аударсақ, мағынасы мынау: «біз адам емес пе едік, ұят біздің белгіміз емес пе еді? Осы жалғыз белгіден айрылып, ана төрт аяғына сиынған аталарымыздың ауылына қайтқанымыз ба?» болады

ХІХ ғасырдың аяғында бірнеше адамдарды үкімет асып өлтірмек болғанда, орыс философы Владимир Соловьев жұрт жиып сөйледі: «Адам баласын асып өлтіру христиан жолынан тысқары» - деп. Осыны шаруа қылып айттың деп үкімет В.Соловьевты Петербордан айдады.м В.Соловьевтың қылған ісі, ғұмырындағы мінезі, Л.Н.Толстой мен Г.Н.Потанинде ғана бар.

...Орысқа газета, журнал шығарып жол ашқан А.Н.Радищов (А.Н.Радищов 1749-1802 жылдары) абақтыға жабылып, 10 жыл Сібірге айдалған. Осы Радищев замандасы, тағы орысқа газета, журнал шығарып Еуропа жолын ашқан Н.И.Новиков Шлиссельбург деген зор қиын абақтыда15 жыл отырған.

Бауырым, Ахмет, Мирякуб!! Сен екеуіңнің абақтың Радищев пен Новиков абақтысы.

Орыс жазушысы М.И.Салтыковтың «Түзулік пен шошқа» атты мақаласы бар. «Түзулік! Сен күн бар дейсің, рас. Иә, мен көрмеген күнді сен қайдан көрдің?!» - деп, шошқа түзулікті балтырдан алған. Сонда түзулік айтқан: - шошқа, сені құдай жаратқанда, жоғары қаратпай жаратқан, сен күнді осы себеппен көрмейсің, - деп.

Сен екеуің істі күнді көре көретін жұртқа атқарып тұрсыңдар ғой, балтырды басқаға беріңдер.

Демократияның айрықша белгісінің бірі сайлау болып саналады. Алайда біз сайлауды әлі күнге дейін дұрыс мағынасында түсіне алмай жүрген тәріздіміз...

– Қазақ сайлауы жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз, малшыдан бақса үйде отырып шаруасын қараған адам болмас. Сайлау жылы жұрттың көбінің мінгені – біреудің арқасы жауыр, құйрығы шолағы, қыдырып ішкені – біреудің қымызы, жатқаны – біреудің үйінің арты. Сайлау жылы қазақ ғұмыры осымен өтеді.

...Еуропа жұртының сайлауы халыққа тегіс үлкен бір той. Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол, адам аспас асқар бел, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады. Сайланған адамы халық қызметшісі, һәр орынға сайланғанда мынау білгіш, мынау шешен, мынау көсем, мынау әділ деп һәр қайсысын өз орнына сайлайды.

Ал біз қайтеміз? Төрдегі басын есікке сүйреп, арқасын жауыр, құйрығын шолақ қылып, атының майын параға беріп, біздің адасқан сорлы қазақ міне болыс, міне би, міне старшын, міне елубасы дейді. Қазақтың бұл ісі жүрмейтін сағат салған, атылмайтын алты-атар мылтық асынған, күштінің көлеңкесінде намаз оқыған секілді, құдай қарғағандық. Мұнда да не кінә бар: үлгісіз, өрнексіз өскен, ақшаға сатылған елубасылары тас салған соң қарақшыға да түспекші емес?

Біздің халық дүниеден өткен азаматтың кемшілігін жасырып, тіпті оның ұлтқа еткен сатқындығы болса да кешіруге тырсады. Бұл қаншалықты дұрыс? Қандайда бір тұлғаның ұлтқа қарсы жасаған әрекетін тарих сотына салуға бола ма?

Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн тауашағына көз жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Қазақтың көбі оны шежіре деп айтады. Бұ заманның ғалымдары тарих ең оңды мұғалім деп түсінеді. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кім қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып білуге тиіс болады... Бұл кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс.

Желтоқсанның 5 мен 13 аралығында (1917 жыл) Орынбор қаласында өткен екінші қазақ-қырғыз құрылтайында Кадет партиясынан шығатыныңызды ресми түрде мәлімдедіңіз. Сіздің ықпалды партиядан шығуыңызға не себеп болды?

Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұрдша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді. Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз алаш ұранды жұрт жиылып, Ұлт автономиясын тікпек болдық. Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді; молла үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Руханиісаяқастыболады. Жалование алғанмоллаларүкіметкежетекшілболып, еріпкетеді. Біздің қазақ-қырғыздың ісін көркейтетін болсақ, үкімет ісінен бөліп қойған жөн болады. Оны орысша "отделение церкви от государства" дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды. Осы үш жол айырылғалы биыл ашыққа шықты. Мен сонан соң қазаққа Алаш партиясын ашуға тырыстым. Мұны мен шілдедегі жалпы қазақ съезінде айтқан едім.

Айтпақшы "Алаш" партиясының біртұтас ұлттық ұстанымдарында "Жер, жер және жер. Жерсіз отан жоқ", сондай-ақ "Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек" деген екенсіздер. Жалпы бұдан өзге алдарыңызға қандай мақсат қойып едіңіздер?

– ...Қазақтың байырғы жерін қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді. Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек... Ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру. Бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болыпк иілуі керек...

– Байқағаным, мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігіне жете назар аударған сияқтысыздар. Осы мақсатқа жету үшін зауыт, фабрика салу қажет емес пе?

– Зауыт ісі жұрттың жалпы, шебер, көнбіс, ұста болуына байлаулы. Қазақ білетін атақты Зингер киім машинасы Америкадан келеді. Мұны біздің Ресейде істеуге қызмет атқаратын жұрт шеберлігі кем. Зауыт ісі мәдениет дәрежесіне байлаулы. Біздің қазақ анық білетін саудаға келелік. Сауда өнері де мәдениет дәрежесіне құл. Мәдениеті кем жұртта саудалық алдау, ұрлықтан қылдай жіңішке болып айырылады. 50-60 жыл бұрын біздің қазақ жерінде бір шай бір ат, бір түйе болған. Мұның ұрлықтан артық – кемі қанша. Орыс көпесі шығарған бірмақал бар: "Алдамасаң, сатпайсың". Бұл мақалға біздің қазақ саудагер де құл. Мәдениет жалпы жұртқа жайылса, сауда тәртібі ұрлықтан шығады. Жұрт жалпы ұсталыққа айналғанда, зауыт, тәрбие қылу ісі жақсы дүкенге айналады. Біздің Ресейде мәдениет төмен. Жақсы нәрсе шығаратын зауыт, фабрика жоқ. Істеген ісі сарт шегесі, сартбөзісияқты. Жақсы киім жақсы нәрсе ұстайтын адам бұларды Англия, Бельгия, Франция, Германиядан алғызады. Бұлардың саудасында ұрлық, ісінде қаяу жоқ, Зингер машинасы қалпы.

...Біздің қазақтың көп терісі Тумен, Макаржа арқылы Вяткаға барып, былғары болып бізге қайтады. Үй іші – қатын, бала болып былғары илейді. Біздің қазақтың үйшісі, ұстасы қалыпты. Бір жағынан ағашын кесіп, егінін сала жүріп, былғары да илейді.

– Мынадай бір кілтипан бар сияқты. Мәселен. болашақ ұрпақ «Әлихан Бөкейхан ұлы жүзді бөліп тастады» демес үшін Түркістан қазағының жайына назар аударғандарыңыз жөн болар еді?

– Екінші жалпы қазақ-қырғыз съезі бүкіл Алаш баласын біріктіріп өз алдына автономия етуге қаулы қылды. Бұл туралы Түркістан қазағымен келісу үшін Алашордасы 5-ші ғинуарда Түркістан шаһарына Сырдария облысының съезін шақырады. Съезге болыс басы бір өкіл келсін. Мұстафа һәм жолдастары бұл съезді 10-шы ғинуарда шақырған еді. Оны өзгертіп 5-нде болсын делінді. Түркістан қазақтарымен сөйлесуге Алашордадан Бақтыкерей Құлмановты, Міржақып Дулатовты һәм Тұрағұл Құнанбаевты жібереді. Уақыт шұғыл, мәселе зор болғандықтан шақырылған өкілдер съезге айтылған күннен қалмай келулері керек.

Саясаттан руханиятқа ойыссақ. Жалпы Сіздің алғашқы абайтанушы екеніңізді білеміз. Сіздің Абай ақынның жақындарымен араласқаныңыз рас па?

Кәкітайдың әкесі – Ысқақ ақын Абайдың інісі. Кәкітайдыжасынансүйіп, Абай қасынаертіпбаулыған. Кәкітайорысшажаза да, оқи да білген, Абай білетін Европа жазушыларымен Кәкітай да таныс болған еді. Ыждағаттылық арқасында сөзге ұста болды. Топта орысша сөйлеуге қысылмайтын. Сөз білетін еді.

Мен депутат болып сайланып шыққан жылы Семей қаласының орыстары бізді клубқа қонақ қылғанда, орыс шешендеріне Кәкітай жауап та қайырған еді. "Біз Михаэлис пікіріндеміз. Солардың шәкірті Әлиханды сайлағанымыздың себебі – осы" деп. Абайдың тәржіме халін жазған да Кәкітай. Осы екі істен-ақ Кәкітайдың білімі оқушыларға білініп қалар.

Әуелі Кәкітайды 1900-жылы күзді күні көрдім. Қасқырдың бөлтірігіндей тоғыздағы баласы Біләлді гимназияға беремін деп Семейге келген-ді.

Абай Құнанбайұлы өлеңдерінің құндылығын ең бірінші байқап, оны шығаруға себепкер болған екенсіз. Бір қызығы арада 100 жылдан аса уақыт өтсе де, ұлт ақының ұлылығын танымай отырған секілдіміз. Сіз неге Абай өлеңдерін кітап етіп шығаруға ниет еттіңіз?

1904-жылы Абай марқұмның өлеңдерін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылғы апрельдің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді...


5 майда қазаққа саясат ісін кеңесуге мен Семейге бұғып бардым. Параходта, Кәкітаймен бірге жүрдік. Содан бері саясат ісінде бір одақ болдық. Январ басында, 1906 жылы Семейге хабар келген, Керекуден Семейге шыққан мені ұстасын деп. Марқұм Омарбек пен Кәкітай һәм өзге аты теріс достар мені қашыртпақ болып, маған қарсы үш атпен "Б"-ды жіберген. Бірақ мен Тұзқалада ұсталған едім. Бірақ мен ол күні "Б"-ға жолықсамда қашпақ емеспін. Егер мен қашсам онда қырға отряд шығып, қазақты қор қылмайма?

Мені Тұзқалада күзетке алып, қарауылға бір қазақ-орыс қойып, мені ұстаған орыстар бір үйге тамақ ішуге кетті. Сонда жиылып келіп, Тұзқала кісілері "Қашырайық, қаш" деді. Мені ұстамас бұрын маған Керекуден "С" қуып келді, қашайық деп. «Керегі мен болсам, мен қашпаймын, абақтыда бір кісі жатқаны жұрт қор болғаннан ыңғайлы болар» дедім "С"-ға. Омарбек пен Кәкітай (өзге достар бұға тұрсын) іс жолдасқа осылай болатын.

Діни мәселе қай заманда болмасын айтыс-тартыссыз болған емес. Мәселен жуырда Ғұмар Қараштың Құрбан шалуға қатысты жазған мақаласы қоғамда қызу талқыланды. Жалпы зекетті молдалардан бөлек шәкірттерге беру керек деген қаншалықты дұрыс?

– Маңдайының терін сыпырып тапқан малдары зекетке толса, зекетке шығарған малдарын, пітір-уәжіп садақаларын молдаға беріп, жарықтықтардың батасын алу, оларды басқа айлардағы істерінен гөрі артықша қызмет ету һәм өздерінше пақырлардың халдерін қайғырып олардың тұрмыстарына өздерінің садақаларымен жеңілдік беру бар. Оның үстіне опат болған жақынын, туғандарын осы (Рамазан айы – С.Ж) айда ескеру бар. Бұлары қарындастық ретімен қарағанда өте қолайлы істерден. Бірақ түптеп тесе қарап тексеріп келсек зекет, пітір һәм басқада уәжіп садақалардың берілетін кісілері жалғыз молдалар ғана болмаса, тақсыр, қойшы-қолаң көрші яки бірер шәкірт мұғалімдер ғана болып шықпайды. Пақыр, мұқтаж жалғыз бұлар ғана емес, өзіне-өзі жетпей, қысқа жіп күрмеуіне келмей мұң-мұқтажы көп, ұлттығын сақтау үшін тіршілік ретіндегі ғылымға сусаған халық пақыр, мұқтаж. Пақырлық, мұқтаждық деген нәрселер шаруа мінез, күн көру турасындағы адам баласының ділгерлікке түсіп дағдарып тұруынан ғибрат. Бұл дағдарыс бір кісінің, бұрып айтқанда бірер молданың басында ғана емес, бүтін халықтың – ұлттың басында. Әсіресе, біздің қазақ сияқты білім-өнерден құралақан, оны берерлік білім жұрттарынан да бос тұрған, оқушылары аз, болғандарының қалтасы жоқ болған халық нағыз мұқтаждықтағы пақыр халық болады. Мұндай пақыр халықтың оқу-білім жұрттарын көбейтуге тырысып, оқушыларын арттырып мұқтаждығын шығаруға қызмет еткен кісілер, байлар құдайшылық, адамшылық істерін екі дүниеде де өтеген зор сауапты болады.

–       Бұл туралы Құран Кәрімде нақты не деп жазылған?

– Құран кәрімдегі баян етілген садақа орындары да осы негіздерге құрылып айтылған:

1) Құрандағы айтылған «пақыр» деген сөздің мағынасы бір кісінің, болмаса көптің мұқтаждығын шығару деген сөз. Бұған ұлт мұқтаждығы да кіреді. Мұны шығарам  деген ұлтқа не керек? Сол керегін жетілдіру үшін Алла тағала «садақаларында мұқтаж болған адамдарға беріңдер» деп көптің қамын ойға салып айтқан

2)  «Ибн ассубилге» беріңдер деген. Бізше жол баласы. Бұған мұқтаждық  халдегі жолаушылар мен нақақсыз туылған балалар (бұл бізде жоқ), шаһарлы жерлерде  көп болады, анасы асыраушысы болмағандықтан тапқан баласын көшеге тастап кету реті кіреді. Бұлай туған балаларды да тәрбие етуді жұрт үстіне міндетті қылып артқан. Бұл ұлттың мұқтаждығын көздеуде ақылды негізбен құрылған бір жол. Сондықтан бұл реттен қарағанда да садақалардың ұлт мұқтаждығын шығару үшін қойылған жұрттарға ұсталынатындығын көрсетеді.

3) «Фи субил-аллаға» беріңдер деген. Бұған оқу жолындағы  барша шәкірттер мен ұлт мұқтаждығын өтейтін орындар кіреді.

4) «Уа алғараминге» беріңдер деген. Бұл бұрыш басып сасып тұрған адам. Бұған садақа беріп көтеріп жіберуде де зор мағына бар. Қысқасы, қалай ойласақ та садақаларды Алла тағала адам баласын ділгерліктен шығару үшін беруге бұйырған. Халық та сол ділгерліктегінің бірі. Бесінші реттен көрсетіп, мұны да айтып өтейік. Алла тағала Құран кәрімде пайдалы орынға өздеріңнің сүйген нәрселерің мен малдарыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар деп бүтін адам баласын шын көңілімен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады. Егер ұлт ісінің керегі болмаса, ол ұлт ісіне мұндай уәжіп һәм зекет сияқты садақаларды ең сүйген малдарыңнан беріңдер деп қызықтырмас еді. Мұнан көрініп тұр, сүйген малдарынан садақа шығару бір кісіге ғана емес, бүтін ұлт ісіне екендігі. Әр нешік мұндай парыз, уәжіп-садақалар бір кісінің пайдасына ғана емес, бүтін ұлт пайдасына беріледі. Ол ұлт пайдасы мектеп, медрессе сияқты жұрттар салып, бала оқыту секілді істерде табылады.

P.S. Әлихан Бөкейхан айтқан ойлар арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзінің өзектілігін жоймағанын байқауға болады. Сондықтан да біз Алаш арыстарының ой-толғамдарына назар аударып, бабаларымыздың сөздеріне байыппен қарауымыз керек секілді.