Жетісу және Семей облыстарының қорғандары. 2-бөлім
19.08.2021 2697

Павлодардан Семейге дейінгі пошта жолы Ертіс өзенінің оң жағалауымен өтетін. Станциялар, яғни казак станицалары, көбінесе өте тік және биік жағалауда орналасқан. Өзеннен 10 верст қашықтықта бүкіл оң жағалау казактарға тиесілі болды, бірақ ол жерде халық аз қоныстанды. Осы он верст жолақтан шығысқа қарай кең дала созылып жатты. Казак жерлерінің шекарасынан шамамен жүз верст жерге созылатын бұл аумақта мүлде қоныс болмады және мал шаруашылығы үшін керемет жайылым болды.


Одан әрі қарай Томск губерниясы шаруаларының қоныстары басталатын. Ойпатты жерден көбінесе құмды далаға ұласатын Ертістің сол жағалауы Ақмола және Семей облыстарының қазақтарына тиесілі болды. Мұнда қорғандар тек оң жағалауда ғана орналасты. Омбы мен Павлодар арасында олар топырақтан жасалған құрылымдардың түріне жататын және олардың саны салыстырмалы түрде аз болды. Бастапқыда қорғандар жеке-дара немесе шағын топтармен шашырай орналасты, одан кейін Омбы жағынан келе жатқанда Павлодарға дейін екі станция қалған кезде, олардың саны едәуір өсетін. Әсіресе соңғы Черноярск станциясы мен қала арасында қорған көп болды. Тастармен араластырып немесе таза тастан салынған қорғандар тек Павлодардан асқасын, аққулы станциясынан басталатын. Үймекпен және ормен қоршалған олардың бірі әсіресе биік болды. Одан әрі қорғандардың үлкен тобы Грачевская мен Черемуховская станциялары арасында орналасты. Мұнда олар Ертістің жағасында орналасты, барлығы дерлік дөңгелек пішінді, бірақ көлемі шағын (диаметрі 4 -тен 5 сажынға дейін және одан да аз) болды. Олардың құрылысының жалпы түрі келесідей болды: жақтаулары пішіні мен көлемі әртүрлі тастармен жерге төселген, биіктігі 1 -ден 1,5 аршынға дейінгі дөңгелек қорған немесе шеңбер түріндегі тығыз топырақ үйіндісінен тұрды; ортасында таспен ғана жасалған шұңқыр тәрізді ойық болды. Кейде бүкіл қабір Ертістің оң жағалауының төменгі террасасынан алынған тастардан тұрды. Бұл көбінесе Алтайдан мұзбен келген тастар немесе сол жердегі биік жағадан құлаған жергілікті әктас пен тақтатастар болды. Осы шағын тас қабірлердің арасында қазақтардың жаңа қабірлері де кездесетін. Олар астынан ағаш қимасы көрініп тұратын шағын тас үйіндісімен ерекшеленетін.

Черемуховская станциясынан жол қарағайлы орман арқылы өтетін. Долон станциясына дейін (20 верст) қорғандар болмаған. Долон станциясынан Белокаменская станциясына дейін (25 вер.) жолдың алғашқы бөлігі құмды дала мен орман арқылы өтті, сол себепті қорғандар болған жоқ, бірақ 15-16-шы верстте ол қайтадан тік жағаға көтерілетін, сол жерде едәуір тас молалар кездесетін. Жазықта кездесетіндерін санамағанда, жолға жақын маңда жиырма шақтысы кездесетін. Есепке алынған қорғандардың пішіні жоғарыда сипатталған қорғандарға ұқсас болды, бірақ тастарының түсі тек ақ түсті болды, өйткені тастар алынған Белокаменская станциясының жағасы кварц массасынан тұратын. Жалпы, семейлік тас қорғандар, жетісулықтармен салыстырғанда, көлемі жағынан әлдеқайда кіші болды және олардан әлдеқайда жас болуы да мүмкін.

Белокаменск станциясынан кейінгі Глуховская станциясында, жайылым шегінде, тастарсыз қарапайым жер қорғандары болды.

Семейге баратын соңғы екі станция не қорғандары жоқ ойпаң жерлерде, не оларды анықтау қиын көшпелі құмдарда орналасқан. Шөгінді құм топырақтың бетін қатты өзгертті, оның байырғы қабатын едәуір тереңдікке дейін жауып, сонымен бірге үлкен шөгінді жоталар мен төбелерді құрады. Семей маңындағы құм Ертістің сол жағалауындағы даладан желмен әкелінді. Сонымен, өзеннің арғы бетінен желмен ұшырылып әкелінген құм ауа қозғалысында жылдам екпіндерді ұстап тұрған биік қарама-қарсы жағалауға барып шөкті. Егер бұған қарсы тиісті шаралар жасалмаса, бұндай құм шөгінділер археологиялық ескерткіштерді ғана емес, жаңа құрылыстарды да жауып тастар еді.

Семейдің арғы жағында, Ертістің сол жағалауында қорғандар болған жоқ. Алайда зерттеуші Н.А. Абрамов «Известия Имперского Археологического Общества» еңбегінің 8-ші томында бұл жерде «қалаға қарама-қарсы бетте, слободка маңында» біршама қорғандар болған деп жазған. Ертіс даласын жақсы білетін Семей тұрғындарының айтуынша, қорғандардың негізгі жолағы Семей мен Сергиополь арасындағы жолда емес, Қарқаралыға барар жолда болған. Олардың айтуынша, Қарқаралы даласында қорғандар өте көп болған. Сергиополь жолына келер болсақ, алғашқы үш аралықта қорғандар мүлдем байқалмаған. Олар Семейден кейінгі төртінші станция, Жертат станциясына шамалы жетпей (21 верст) және одан үш верст асқасын пайда бола бастайды. Бұл жерде, жолдың оң жағында он қорған орналасқан.

Келесі бес станцияда - Казыл-Мүлік (26 верст), Арқат (26,5 верст), Алшан-Адыр (24 вер), Ұзын-Бұлақ (24,5 верст) - 127 верст бойында ешбір қорған болмаған. Қорғандардың келесі тобы Еңірекей мен Алтын Қалат станциясы арасында болған. Осы аралықтың жартысында, жолдың оң жағында, сегіз үлкен, әдемі қорған тұрған. Осылайша Сергиополь қаласына дейін және одан әрі Аягөз өзенінің бойымен 40 верст жерге дейін созылған жаңа қорған орталығы немесе некрополис басталды. Алтын-Қалат станциясынан Сергиопольға дейін (26 вер.) 11-ші верстада жолдың дәл жиегінде төрт тас қорған орналасқан. Сергиополь мен Орта Аягөз станциясы арасындағы 19-шы верстада осындай ескерткіштердің едәуір тобы кездеседі. Олар Аягөз өзенінің жағасындағы биік алқапта, гранитті тау жотасының артында орналасқан. Мұнда екеуі өте үлкен, екеуі таза тастан салынған қырық қорған болды. Тас қорғандардың биіктігі 5-8 аршынды құраған. Басқа қорғандар топырақпен тасты кезектестіріп қаланған. Олардың кейбірінің төбесі тегіс (диаметрі 10-15 аршин) болған, шұңғыма тәрізді шұңқыр болмаған. Орта Аягөз станциясынан Талды-Құдық станциясына дейін 29 верст болды. Қорғандар аз мөлшерде болса да, Аягөз өзенінің оң және сол жағалауында да кездесіп отырған. Оларда шұңғыма тәрізді шұңқырлар көп болмаған. Олар балшықтан үйіліп жасалған, сыртына шөп қаптап өсіп кеткен.

Келесі 200 верстте қорғандар тағы да болмаған. Бәлкім, олар тек жол бойында ғана болмаған шығар. Түркістан мен Ташкент епископы Неофит (1822-1910) бір кездері Қапал мен Сергиополь арасында, Аягөз өзенінің оң жағында, жолдан жеті верст қашықтықта, Боран мұнарасына ұқсас көне тас мұнараны көргенін айтқан. Бірақ өзеннің төменгі ағысын кешіп өту мүмкін болмағандықтан, ол оны жанына барып көре алмаған.

Батыс Сібірдің әр түрлі аймақтарындағы қорғандарды зерттегенде, олардың шашыраңқы болмағанын және жеке оазистерді бейнелейтін аймақтарға топтастырылғанын байқауға болады. Мүмкін, мұндай орталықтар тұтас рудың немесе өлгендерді алыс жерлерден әкелетін аймақтың зираты ретінде қызмет еткен шығар. Осы мақсатта ең әдемі ғана емес, сонымен қатар не таулармен, не өзен-көлдермен қорғалған жерлер таңдалды. Мүмкін, ішінара осы себептен де пошта жолы Аягөз өзенінен шығып, Балқаш көлі мен Алатау жотасы арасындағы жазық дала алқабына бет алғаннан кейін, жоғарыда аталған кеңістікте қорғандар болмаған шығар.

Алатау жотасының солтүстік жағындағы ең жақын жолақ Жетісудың осы бөлігіндегі ең құнарлы және әдемі аймақ болды. Маусым айының соңына дейін қар басып жататын таулар мол суды қамтамасыз етті және дала аймағындағы өте ыстық ауа температурасын жұмсартатын. Сондықтан да орыс қоныстары осы жерге орналасып, бай слободалар өсті. Әрқайсысында мыңнан астам орыс халқы бар Лепсі мен Сарқан слободаларын мысалға айтуға болады. Дәл осындай жағдай ежелгі отырықшы халықты да қызықтырған. Лепсіде қызмет еткен Қапал уезінің бастығы Троицкийдің айтуынша, Сарқан ауылынан 30 немесе 40 верст жерде үлкен тас қаланың қирандылары болған, олар шамамен екі шаршы шақырым жерді алып жатқан. Бұл мекен жолдан шеткері, тауға жақын орналасқан. Қазақтар оны Арап бидің қыстауы деп білген. Мұнда Троицкийдің айтуынша, қола мен мыстан жасалған пышақтар мен грек шамдарына ұқсас балшықтан жасалған шамдалдар табылған. Сарқан қаласында тұратын Ақсу пошта станциясының қараушысының айтуынша, сол аймақтың тауларында қиыршық тастар мен шаршы кірпіштермен үйіліп тасталған үлкен шұңқырлар табылған. Бұл жерде бір кездері белгісіз адамдардың ежелгі зауыттарының құрылыстары болған деп болжап, шаруалар мұндай шұңқырларды зауыттар деп атаған. Бұл археологиялық ғимараттардың іздері болуы мүмкін. Лепсі уезінде де қорғандар молынан табылған. Абакумов станциясының жанында да қорғандар болған.

Қапал жазығында, қалаға 8 верст қалғанда, жолдың сол жағында, тауға қарай қорғандар пайда бола бастайды. Бұл жерде көбісі көлемді 30 шақты қорған болған.

Үлкен қорғандардан басқа алқапта тағы да көптеген молалар шашырай орналасқан. Абрамовтың айтуынша, қаланың шетінде сұр тақтатасты тастармен жабылған үлкен қорған болған, бірақ осы жерлерге орыстар келе бастаған 1847-1848 жылдары бұл қорған түбіріне дейін сырылып тасталған.