Петр Иванович Крепак 80-ге келеді
15.07.2021 3103

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Qazaqstan Tarihy порталы егеменді мемлекет құруға күш салған адамдар туралы баяндауын жалғастырады. Осыдан бір ай бұрын өзінің сексен жылдық мерейтойын Еңбек министрі қызметін атқарған, сондай-ақ Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының депутаты болып еңбек еткен Петр Иванович Крепак атап өтті. Петр Ивановичтің өмірі мен қызметі туралы Qazaqstan Tarihy порталына зерттеуші Асқар Дайырбек әңгімелеп берді.


Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еңбек министрі қызметін атқарған, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақырылымының депутаты Петр Иванович Крепак 80 жасқа толды.  Петр Иванович студенттердің үкіметтегі тағылымдамасын ұйымдастыруды өзінің бүкіл өміріндегі іс деп санайды, оның барысында жүздеген студент Қазақстан Республикасы Парламентінің қабырғасында тағылымдамадан өтіп, мемлекеттік қызметпен тәжірибе жүзінде таныса алды.

Петр Иванович Крепак 1941 жылы 22 маусымда Украинаның Житомир облысында дүниеге келген. Жас кезінде Павлодарға келген. Еңбек жолын ерте бастаған, ұсату цехында жұмысшы болған. Ағаш өңдеу комбинатында ағаш жылжытушы, слесарь, құрылысшы болып жұмыс істеген. Комсомол белсендісі ретінде Петр Крепак Екібастұз қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Павлодар облысы облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысына дейін өсті. Петр Иванович көп жылдар бойы кәсіподақ қызметін атқарды, ал қайта құру жылдары құрылыс және өнеркәсіптік құрылыс материалдары жұмысшылары кәсіподағының республикалық комитетін басқарды. Петр Крепактың өміріндегі қоғамдық қызмет негізгі жұмысымен қатар жүрді – Петр Иванович өмірінің жартысын құрылыс саласындағы жұмысқа арнады және «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағына ие болды.

1990 жылдың 24 сәуірінде Петр Иванович Крепак Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақырылымының депутаты болып сайланды. Бұл Қазақ КСР тарихындағы соңғы және Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірінші шақырылым болды. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігі туралы декларациялар, тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері, Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы дәл осы уақытта қабылданған болатын.

Ресейде Жоғарғы Кеңес таратылғаннан кейін 1993 жылдың соңында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі таратылды.

1994 жылғы маусымда Петр Крепак Қазақстан Республикасының Еңбек министрі болып тағайындалады. Петр Иванович министр лауазымын жас мемлекет бәрін басынан бастап құрып жатқан кезде, тек экономикалық дағдарыс қана емес, сонымен қоса Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қоғам өмірінің барлық саласындағы дағдарыс кезінде атқарды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бағытын жақтаушы болған Петр Крепак өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқара білді. 1996 жылғы қарашада Петр Крепак Еңбек министрі қызметінен босатылды, ал министрліктің өзі 90-жылдардың ортасында жүргізілген министрліктерді қайта құру аясында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі болып қайта құрылды.

2004 жылы КИМЭП әлеуметтік ғылымдар факультетінің базасында Петр Иванович Крепак жыл сайынғы студенттік үкіметтік тәжірибені ұйымдастырды, оның барысында жоғары курс студенттері Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенатының қабырғасында бір айдан астам тағылымдамадан өтіп, заң шығарушы билік кабинеттерінде жұмыс істей алды, заң жобаларын әзірлеу мен қабылдаудың куәгерлері болды, Мемлекеттік қызметпен етене таныса алды. Тәжірибеден өтушілерді іріктеу конкурстық негізде жүргізілді, ол мемлекеттік қызметке қабылдау емтиханынан айтарлықтай ерекшеленбеді және оны комиссия өткен жылғы практиканттар арасынан өткізді.  

Байқаудың адалдығы мен қатаң іріктеу студенттер үшін тағылымдаманы сапалы әрі қызықты етті. Дана тәлімгер ретінде Петр Иванович студенттерге мемлекеттік қызметтің қызықты, бірақ өте жауапты және маңызды іс екенін көрсетті. Тағылымдаманың арқасында жүздеген студент Парламенттің, кейіннен Қазақстан экономика министрлігінің де қызметімен танысты. Петр Крепак тағылымдаманы ұйымдастыруға бүкіл жан-тәнімен кірісті. Петр Крепактың бастамасымен және қолдауымен тағылымдамадан өтушілер «Қазақстан Республикасының Жастар Парламенті» қоғамдық ұйымын құрып, Мәжілістің қарауына бірқатар заң жобаларын ұсынды. Халықаралық ынтымақтастық аясында Петр Крепак қазақстандық студенттерге, оларды зор ықыласпен қарсы алған Омбы облысының әкімшілігіне тағылымдама ұйымдастырды.

Өмірінің ең жарқын бетіне арнап Петр Крепак «Устремленные в будущее» кітабын жазды. Ол – тәуелсіз Қазақстан жастары, олардың арман-мақсаттары, күнделікті өмірі мен қуаныштары туралы. Ол – тағылымдаманың шежіресі іспетті.

Петр Иванович Крепак «Құрмет белгісі» (1981 ж.)орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін», «Ерең еңбегi үшiн», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Петр Иванович үшін ең үлкен марапат – оқушыларының алғысы.

Петр Крепакқа мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз!