Чехословактар корпусы Омбыны қалай алды. 1-бөлім
16.06.2021 2637

Чехословак корпусы мен большевиктердің арасындағы қарсыласу тарихы туралы әңгімеге кіріспес бұрын, олардың қақтығысының тарихын айта кеткен жөн болар. Сонымен, Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы чех және словак халықтарының Германия мен Австрия-Венгрияға қарсы ұлттық әскери қозғалыстарын күшейткені белгілі.  Осы қозғалыстарды қолдайтын, Ресейде тұрып жатқан көптеген чех иммигранттары көптеген демонстрациялар өткізді, нәтижесінде - Ресей жағында соғысқа қатысу үшін чех ерікті әскери жасақтарын құру туралы шешім қабылданады. 1917 жылдың күзінде соғыс театрына белсенді қатысқан чехословактар корпусы Волынь және Полтава губернияларының аумағындағы Оңтүстік-батыс майданның тылында болды. Қазан төңкерісі, биліктің ауысуы және коммунистердің Германия және Австрия-Венгрия империяларымен бейбіт келіссөздері корпусты қиын жағдайға қойды. Корпус Франция үкіметінің қазынасынан қаржыландырылғандықтан, осы үкіметтің 1917 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысы негізінде чехословак корпусы оны Францияға жіберу туралы бұйрық алады.


Сонымен бірге, легионерлер үшін Францияға баратын жол Кеңес үкіметінің бақылауындағы аумақ арқылы өтті, алайда советтер оларға кедергісіз кетуге мүмкіндік берді. Чехословактар үшін ең қысқа маршрут Архангельск пен Мурманск арқылы өтетін теңіз жолы болатын, бірақ бұл суларда неміс сүңгуір қайықтарының болуына байланысты ол бағыт қабылданбады. Сонымен, чехословактарды Транссібір темір жолымен Тынық мұхитына, ол жерден су жолы арқылы Францияға жіберу туралы шешім қабылданады.

1918 жылы сәуірде одақтастан чехословак эшелондарының шығысқа қарай жылжуын тоқтатуды талап еткен Германия үкіметі чехословак қолбасшылығының барлық жоспарын шатастырды. Сыртқы істер халық комиссары Г.В. Чичерин немістердің талаптарын қабыл алады. Чехословактар ​​бұны Кеңес үкіметінің оларды Германияға және Австрия-Венгрияға беру туралы ниеті ретінде қабылдайды. Чехословак әскери делегаттарының съезі большевиктермен қатынасты үзуді талап етіп, қару-жарақ тапсыруды тоқтатып, «өз ретімен» Владивостокқа қарай жылжуға шешім қабылдайды. Сонымен, көп ұзамай қызыл әскерлер мен чехословактар арасында қақтығыстар басталады.

Тарихшы Олег Помозов өзінің «Дни освобожденной Сибири» атты кітабында чехословак корпусының большевиктердің билігін Сібірде ғана емес, қазіргі Қазақстанның солтүстік аймақтарында да құлату ісіндегі қызметіне ерекше назар аударады. Qazaqstan Tarihy порталы бұл туындыны мұқият оқып шығып, оқырмандарды ежелгі заманнан бері қазақтар мекендеген аумақта легионерлер жүргізген күреспен таныстыру қажет деп санады

Материал О.Помозовтың «Дни освобожденной Сибири» кітабында келтірілген мәліметтер негізінде жазылды

Томскіні басып алғаннан кейін, чехословак корпусының көтерілісші легионерлері Омбыға қарай ойысады. Чехословактар мен Сібір антибольшевиктік қарсылықтың біріккен күштері Омбыны 1918 жылы 7 маусымда ғана басып ала алды, ал қаланы басып алу операциясы екі аптаға созылды.

Мұның бәрі 26 маусым күні күндіз Омбы қаласының маңында орналасқан Куломзино (Карбышево) теміржол станциясына қарулы чехословактар мінген теміржол составының келуінен басталады. Қаланың кеңес басшылығы Мәскеуден келген нұсқаулық негізінде милицияның, сондай-ақ жергілікті теміржол депосының қызыл гвардияшыларының көмегімен чехословак эшелонын қарусыздандыру туралы шешім қабылдайды. Дәл сол кезде Омбыда легионерлердің айтарлықтай күші болған жоқ, оның орталығындағы теміржол стансасында бірінші дивизияның екпінді батальонының күзет ротасының күзетіндегі чехословак корпусының командирі генерал-майор В.Н. Шокоров және басқа да офицерлер орналасқан корпустың штаб эшелоны ғана болды.

Куломзиноға 6-шы полк батальондарының бірі, шамамен 600-ге жуық легионер келеді. Олар 160 винтовкамен және бір пулеметпен қаруланған болатын. Кеңес үкіметімен жасалған 1918 жылғы наурыздағы Шартқа сәйкес чехословактардың әрбір эшелонына осындай қару - жарақ жиынтығын ұстауға рұқсат етілді. Алайда ресми рұқсат етілгеннен басқа, шетелдік әскерде тағы да тығып қойылған қару-жарақ та болды. Легионерлер кеден оларды шығысқа өткізетін шығар деп ойлады, бірақ олар қателесті. Омбы атқару комитеті басшылығының қолында: «бірде-бір чехословак Омбыдан әрі қарай өткізілмесін,  ал эшелондар толығымен қарусыздандырылып, кейін қарай жіберілсін»,- деген Мәскеудің қатаң бұйрығы болды.

Чехословактардың одақтастары оларды Владивосток арқылы Ресейден Еуропаға шығаруға уәде берген еді. Архангельск арқылы әлдеқайда жақын болар еді, алайда ол жерде орыс қызметіне өткен легионерлерді немістер оп-оңай қолға түсірулері мүмкін болатын, ал чехословактар бірнеше ғасырлар бойы немістердің құлдығында болғандықтан, олардан керемет қорқатын. Оның үстіне немістер бір кездері Үштік одақтың қызметінде болған барлық легионерлерді сатқындық жасағандары үшін қолға түсіріп, дарға асамыз деп қорқытты.

Чехословактар Куломзинода қаруды тапсыру туралы үзілді-кесілді талап алғаннан кейін, небәрі 30 винтовка ғана тапсырып, содан кейін сібірлік машинистерді өздерінікіне алмастырып, Омбыдан 70 шақырым жерде орналасқан Марьяновка станциясына қарай жылдам шегініп кетеді. Қызылдар отрядын басқарған Петр Успенский олардың соңынан қуып береді, алайда тосқауылға түсіп, өлімші болып жарақаттанады. Отрядының едәуір бөлігі де командирімен бірге қаза болады. Андрей Звездов бастаған қызыл гвардияшылар отряды Марьяновкаға келгенде, легионерлер ол жерде жоқ еді, бұл кезде олар батысқа қарай, Маскаленки шағын стансасына қарай шегініп кеткен.

Омбы депутаттар кеңесінің мүшесі Александр Карловтың естеліктеріне сәйкес, 26 мамырда кешке, Успенский отрядының Марьяновка станциясында жеңіліске ұшырағаны туралы алғашқы хабар түскен кезде Батыс Сібір Атқару Комитетінің төрағасы Владимир Косарев, жағдайдың маңыздылығын түсініп, жедел түрде қала жұмысшыларының активін жинауға бұйрық береді. Бұл актив негізінен қалалық пролетариаттың ең көп өкілдері - теміржолшылардан тұрды. Косаревтің өзі жақын маңдағы сібірлік қалалармен байланысып, олардың басшылығына чехословакиялық легионерлер бағынбағаны және Кеңес өкіметі өкілдеріне қарсы қару қолданғаны туралы ескерту үшін телеграфқа аттанады.

Томскімен және Новониколавескімен байланыс жасау мүмкін болмады, шығыстағы қалалармен телеграф байланысы 26 маусым таңертең үзілген болатын. Омбыдан батысқа қарай телеграф байланысы әлі де жұмыс істеп тұрды, Владимир Косарев Александр Карловпен бірге чехтардың Есілкөл, Шумиха станцияларын, сонымен қатар Омбыдан жүз шақырымда ғана орналасқан Маскаленки станциясының басып алынғаны туралы хабар алады. Алайда батыста Омбыға ең жақын Петропавл қаласы әлі де болса, кеңес үкіметінің қолында болды. Косарев теміржол вокзалының телеграфына кездейсоқ түсіп қалған Петропавл қалалық кеңесі төрағасының орынбасарымен сөйлесе алды, ол станциядағы чехтардың бір нәрсеге қобалжулы екендіктерін, ал негізінен бұларда бәрі де тыныштығын хабарлайды. Оған Куломзино, Марьяновка, және Петропавлға жақын маңдағы станцияларда орын алған жәйттер туралы қысқаша айтып беріп, легионерлерді қарусыздандыруға жылдам шара қолдануға бұйрық береді.

Келіссөздер аяқталғаннан кейін, 27 мамырда сағат 3-4-те Косарев пен Карлов Омбы-Орталық станциясының теміржол клубына барады, онда оларды жергілікті теміржолшылардың партиялық және жұмысшылар активі, сондай-ақ бірнеше күн бұрын Мәскеуден келген А.И. Окулов, Р. П. Эйдеман және А. Я. Нейбут жолдастар күтіп отырған еді. Алғашқы екеуі латыштар мен Пермь жұмысшыларының қызыл гвардияшылар отрядын басқарды. Косарев жиналғандарды Петропавл және басқа станциялармен жүргізген келіссөздері туралы хабардар етті. Көп ұзамай бүлікші легионерлердің Новониколаевскіні де басып алғандары, және олардың енді теміржол бойымен Омбыға қарай жылжып келе жатқаны туралы, Каинскіні де (Куйбышев) басып алған сияқты деген хабарлар келе бастайды. Теміржолдағы шынайы жағдайды білу үшін омбылық большевиктер алдымен батысқа, кейін шығысқа әуе барлауын жүргізу мақсатында Эйдеманның латыш атқыштарында бар аэропланды пайдаланады.

Мәскеуден келгендерге Омбы жұмысшы, солдат және шаруалар депутаттары кеңесінің басшылығы соңғы жағдайларға байланысты құрылған әскери-оперативтік штабты басқаруды ұсынады. Оның төрағасы ретінде Алексей Окулов, барлық әскердің бас қолбасшысы ретінде Роберт Эйдеман тағайындалады, ал олардың штабы Омбы стансасының теміржол вокзалының екінші қабатында орналасады. Дереу қорғаныстың екі шебі құрылады, Марьяновскийдің командирі ретінде сол жерде тұрған Андрей Звездов тағайындалады, ал Новониколаевскийге командир ретінде Черепанов жіберіледі. Соңғысына екпінді топ ретінде венгр Карой Лагети бастаған жергілікті әскери тұтқындарға арналған лагерьлерден жиналған интернационалист жауынгерлер отряды беріледі. Қосымша күш ретінде Соловьев басқарған Пермь қызыл гвардияшылар отрядының бір бөлігі Марьяновск майданына жіберіледі. Эйдеманның латыштары большевиктердің күзеті және соңғы резерві ретінде Омбы совдепі жанында қалады.

27 мамырда Косарев бастаған әскери-революциялық штаб Омбыда әскери жағдай жариялайды. Сол кездегі большевиктер басшылығының басты міндеттерінің бірі - бұл шаһардың өзінде де, оның айналасында да ересек жастағы ер адамдар арасында жұмылдыру жүргізу болды. Алайда бұл іс-шарадан ештеңе шықпады. Социалистік революцияны қорғау қажеттілігі туралы ұранға қарамастан, шаруалар қайтып қолдарына қару алғылары келмеді. Омбы жұмысшылары да Қызыл әскер қатарына жазылуға асықпады. Әскери-революциялық штабтың төрағасы В. М. Косаревтің естеліктеріне сәйкес, төтенше жағдайдың алғашқы күндері тек бір жарым мың қосымша сарбазды жұмылдыру мүмкін болды. Содан кейін бұл бір жарым мың адам екі майданға бөлінеді: жартысы Марьяновкаға, ал қалғандары - сібірлік ерікті офицерлер мен бірге азаматтық жасақтар келіп қосылған чехословактар отрядтары жылжып кеткен батысқа қарай бет алады.

28 мамырда батысқа қарай чех әскерлері орналасқан жерге капитан Гануштың жалпы басшылығымен большевик Залман Лобков бастаған бейбіт делегация жіберіледі. Сол күні Есілкөл станциясында (Омбы мен Петропавлдың ортасында) екі тарап бітімгершілік туралы келісімге алдымен 2 күнге қол қояды, содан кейін оны 4 маусымға дейін ұзартады.

Алайда, бұл бейбіт тактика қате болды және нәтижесінде Омбы үшін шайқаста қызылдардың толық жеңілуіне әкелді. Біріншіден, Омбы большевиктері Томскіден де, Мәскеуден де көмек күте алмады, екіншіден, олар шығыста да, батыста да бүлікші чехословактармен күресуге мәжбүр болды. Оның үстіне шығыс бағытта капитан Гайданың бөлімдері үздіксіз шайқасуға мәжбүр болды. Омбының батысында, қарсыласудың бастапқы кезеңінде артиллериядан артықшылығы бар большевиктер сол артықшылықты пайдалана алмады және легионерлерге бірнеше күн ішінде алдыңғы қатардағы бөлімдерін тек адам күшімен ғана емес, қару-жарақпен де толықтыруға мүмкіндік берді. Бұл кезде чехословактар ​​Челябинск, Қорған, Петропавл сияқты үлкен қалаларды басып алып, ондағы ресейлік әскери қоймалардың мүлкінен пайда көріп те үлгерген еді.

Петропавлда, Омбыдан айырмашылығы, ірі теміржол шеберханалары болған жоқ, сондықтан консервілеу зауыты қаладағы Кеңес өкіметінің басты пролетарлық бекінісіне айналды, оның аумағында Петропавл большевиктері 500 жұмысшыдан тұратын қызыл гвардияшылар отрядын құра алды. Қалада қызылдардың жалпы саны 800-ге жуық жауынгері болған. Оларға әскери старшина В. И. Волков бастаған жергілікті астыртын ұйымның казак офицерлерінің шағын отряды және теміржол станциясындағы Чехословак корпусының батальоннан аспайтын легионерлері қарсы тұрды. Осылайша, соғысушы тараптардың күштері шамамен тең болды. Қызылдар артықшылығы қару-жарақта болды, ал бүлікшілердің артықшылығы күтпегендік факторында болды.

Алайда, көтерілісшілер бұл артықшылықты пайдалана алмады, олардың шабуылы қандай да бір себептермен кешіктіріледі, ал Петропавл совдеп басшылығы 26 мамырда кешке Омбыдан тиісті ескерту алып үлгереді. Большевиктер қалада қоршау жағдайын жариялап, өздеріндегі барлық күштерді жұмылдырады. Темір жол желісі бойынша чехословактардың іс-әрекеттерінің алдын алу үшін бір вагон адам жолдарды бұзуға жіберіледі. Содан кейін чехтер Омбы маңында, сондай-ақ Челябинскіде және басқа қалаларда болған қарулы қақтығыстардың мән-жайы түпкілікті анықталғанға дейін оларға қарсы ешқандай қысым көрсету шараларын қабылдамауды сұрап, атқарушы комитетке делегация жібереді. Петропавл совдепі олардың тілегін қабыл алады.

Шамасы, бұған Петропавлда орналасқан майор Гинэ бастаған чехословак корпусы жанындағы француз әскери миссиясы мүшелерінің легионерлердің адалдығына кепілдік беруі әсер еткен болса керек. Миссия басшысы Есілкөлде басталған бейбіт келіссөздер туралы естіп, кеңес өкіметінен чехословактар мен қызылдар арасындағы қарулы қақтығысты реттеуге қатысу үшін оған және оның жолдастарына қаладан шығуға рұқсат беруін сұрайды. Өз кезегінде майор Гинэ Петропавл теміржол вокзалында орналасқан легионерлердің өздерін жақсы ұстайтындығына және миссиямен алдын-ала ақылдаспай ешқандай заңсыз әрекетке бармайтынына уәде берді.  Шетелдіктер ретінде француздардың сөзіне сеніп қалады да, қаладағы қарулы жұмысшыларының бір бөлігін қайтарып жібереді. Алайда, қызылдар аяусыз алданып қалады.

31 мамырға қараған түні Петропавлға қаланың екі жақ шетінен шабуыл жасалады. Штабс-капитан Жактың басшылығымен чехословактар ​​теміржол вокзалынан - консерві зауыты бағытында, ал жергілікті астыртын әрекет етушілер - 60 адам - ​​қаланың Подгорная бөлігінен орталыққа, әкімшілік ғимараттарына қарай қозғалады. Түнгі екі операция да сәтті өтіп, консерві зауыты да, қалалық атқару комитеті де шабуылмен басып алынып, қалада жаңа билік орнайды. Шабуылшылар жағынан төрт-бес адам ғана қаза табады, ал қорғанушылар тарапынан болған құрбандар жайлы мәлімет аз, дегенмен чехословактар қаланың сыртына шығарып атып тастаған 22 интернационалист-венгр туралы мәлімет бар, ал қалған «большевиктерді» казактар алдымен дүрелеп, кейін жергілікті түрмеге апарып жапқан.