Қазақ байлары: Қаражан бай
17.05.2021 2358

XX ғасыр басындағы біраз қазақ байларының өнер-білімді қолдап, жаңалыққа жаршы болғанын айтып келеміз. Семейде «Абай» журналын шығаруға қаржы бөліп, қазақ даласына алғаш рет телефон аппаратын әкелген. Қаражан бай туралы әр түрлі тақырыпта бірқанша мақалалар бар. Соның ішінде Еркін Рахметуллиннің «Алашорда меценаты – Қаражан Үкібаев», Үсен Тортайдың «Меценат пен шүлеңгер», Т. Қазбалиновтың «Абай» журналын ашуға қаржы берген Қаражан» және М. Кенемолдинняң «Қаражан Үкібаев кім?» мақалаларын атап өткен жөн.


Қаражан Үкібаев (1868-1931) - Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаған, әрі Мәскеуден бірінші гильдиялы көпес құжатын алып, ақпан төңкерісіне дейін қалтасы қалың, аса бай миллионерлердің бірі. Өзі бұрынғы Шыңғыстау өңіріндегі Саржал елді мекенінде дүниеге келіпті. Әкесі Үкібай асқан бай адам болған. Оның 11 мың жылқысы болған. 

Қаражан Үкібаев ХХ ғасыр басында Қоянды жәрмеңкесінде сауда-саттық жасаған. Сол жәрмеңкеде Ресейдің «ақша сандығы» Ботов дейтін мал сатып жүрген ірі көпес, бірінші гильдиялы саудагермен Қаражан бидің танысуының сәті түседі. Ботов «Александр Невский»аттыжолаушы таситын пароходын сатып алып жолаушы тасуда мардымды пайда таба алмай жүрген екен.Семейде Қ. Үкібаевпен кездескен соң ет тасу кәсіпкерлігіне ауысады. Қаражанның еті өмірі бұзылып көрмепті. Содан соң ол Үкібаевқа құпияңды ашсаң, ақша төлеймін дейді. Қаражан етті қалай бүлдірмей сақтау құпиясын айтады. Бұл үшін Ботов Үкібаевқа 1,5 млн рубль ақша төлепті. Сол кездегі баға бойынша ең қымбат жылқы 10 рубльден аспайтын.

Қаражанның заманында өзімен қатарлас дәулетті кісілерден озық болуына осындай ет сақтаудың технологиясын білуі бір себебін тигізген болар. Себебі ол кезде қазіргідей тоңазытқыштың жоқ кезі еді. Ұзақ уақыт еттің бұзылмай балауса (орыс. свежий) қалпында тұруы саудагер мен көпес үшін аса маңызды.

Ия, Қаражан және басқа да байлар тарихта өткен. Олардың арасында төрт түліктен бөлек басқа да кәсіптің сырын игерген іскер азаматтар аз кездеспеген. Бұл тақырыпта алдағы уақытта әліде ізденіп,зерттеу нысанын байыта түсеміз деген ойдамыз.

Қаражан Үкібаев 1906 жылы Семей қаласына тұңғыш рет 100 нөмірлік телефон станциясын өз қаржысына сатып алып орнатты. Оны Үкібаев АҚШ-тың дарынды инженері, тұңғыш рет телефонды ойлап тапқан Александр Бэллден (1847-1922) кабелімен қоса телефон аппаратымен бірге алған болатын.

Қаражанның Семейде мал соятын екі қасапханасы (бойня) болды. Оның бірі қаладағы №3 атвобазатұсында оң жағалауында, екіншісі Семей ет-консерві комбинаты тұрған жерде болды. Мұнда ірі қарасы мен қой бар жылына 1,5 миллион бас мал сойылады екен. Қаражан жомарт кісі ғой. Ол сойылған қойдың бас сирағын, өкпе-бауыр, ішек-қарнын союшыларға тегінберіп отырған. Семейде осындай мал сою ісімен 500 қазақ шұғылданды. Олардың тұрмыс жағдайы да жақсы болды, жалақыны да өз уақытында төлеп тұрды.

Қ.Үкібаевтың үйі Ертістің сол жағалауында, қазіргі топографиялық техникум орналасқан тұста тұрған. Мұнда Кеңес Одағы орнаған соң почта жұмыс істеді. Көпестің үйі Қызыл қарағай (лиственница) бөренелерінен салынған. Өрт болған жағдайда оның сыртқы қабығы ғана жанып, іші үнемі аман тұрады екен. Осы үйдің астында үлкен жертөле (подвал) болған. Онда көпестің қымбат заттары сақталған.

Ұлының айтысынша бұл үй 1956 жылы бұзылған. Қаражан Үкібаевтың сол үйде телефоны тұрыпты. Соған көпес «аузымен тыңдама, құлағымен сөйлеме…» деп атау беріпті. Өйткені бұл телефонның сөз айтатын және оны тыңдайтын тұтқалары өте ұқсас және екі бөлек болыпты. Бұл аспаппен сөйлескендер жағы соны жиі шатастырады екен. Ол Зайсан уезін, қант қызылшасы зауыты және гидроэлектростанциямен сым тартуды өз міндетіне алады. Соған орай Алтай тауына телефон бағаналарын әзірлейтін екі бригада аттандырады. Олардың дайындаған діңгектері бір ғасырға жуық өтсе де әртүрлі сайларішінде жиналған күйінде бертінге дейін жатты.

Қаражан бұл жерде 1909 жылы болған. Көпестен жарты ғасырдан кейінірек мен де болдым.

ГЭС салынбақ Қалжыр өзені биік тауларды жарып өтіп, құздардан құлап түсіп, сарқырып ағады.

Қаражан Үкібаев осындай терең шатқалдың бір жағынан екінші жағына тездетіп шығу үшін мөлшері 200 метр биіктікте темір трос арқанмен байланыстырған аспалы көпір салдыртты. Оның үстінен адамдар арбамен өтеді. Биіктігі сондай, төмен қарасаң басың айналады. Ондаған жылдар бойы күтімге алынбаған иесі жоқ көпір майланбай тат басып, тозып кеткен екен.

Бір ғасыр мерзім өтсе де сол көпірдің жұрнағы әлі бар. Оны жұртшылық «Қаражан байдың көпірі» деп атайды.

Қалжырдың таудан шығып, жазыққа бет алған жерін қазақтар «Алқым» деп атайды. Бұл жерде де Қаражан Үкібаев болған. Оның пайымдауынша су қоймасы жасалғанда телефонның ағаш діңгектерін ГЭС-ке дейін сайлардан ағызып әкеліп іске жарату көзделіпті. 1907 жылы Семейден пароход магнаты Латиф Садыкович Мусин (1864-1916) баржамен Нұр-Зайсан көлі арқылы Қара Ертіспен Евгеньевка (қазіргі Боран елді мекені) селосына жеткізілген цемент пен құрлыс құралдарын қоржындарға салып, түйе керуендермен Алқымға жеткізіліп, тау етіп үйген. Кейін оның үсті қатып тасқа айналған. Сол жерде таудың тасын уатып бетон жасауға әзір әр түрлі сұрыпталған тастар да толып жатыр. Оны көрген көлденең адамдар бұлар қайдан келген деп таңырқасып қарайтын.

Семейдің көпестері жұртшылыққа өте қайырымды, кез келген адамға көмегін аямайтын кісілер болды. Кейін келген Совет үкіметі оларды жамандап-жамандап іске алғысыз етіп тастады.

Мен сол ГЭС және Қант завоты салынбақшы жерлерді осы бүгін көрсете аламын. Ол Семейден 720 шақырымдай қашықтықта.

Қаражан бай туралы тағы бір зерттеуші А. Сіләмовтың деректерінде өзгеше мәлімет кездеседі.

...ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында Семей көпестері акционерлік қоғам құрғандығы белгілі. Осы ұйымға кіруші көпестер 1907 жылдың соңына қарай түрлі сауда түрлерін жүргізген. Соның бір мысалы олар арзан қант алу жолында Зайсан уезінің Алтай тауы етегінде жүз мың гектарға жуық көп пайдаланылмаған жерге қант қызылшасын егуді жоспарлаған. Ертіс пароходының магнаты Латиф Мусин құрылыс материалдарына барлық керек-жарақты өз пароходымен, баржаларымен жеткізуді мойнына алған. Сол жерді Семеймен байланыстыратын телефон жүйесі туралы сөз болғанда: «Оны мен өз мойыныма аламын. Ұзындығы 600 шақырым жерге телефон діңгектерін орнатып, сымын өзім тартамын», – деген Қаражан Үкібаев. Сол сөз айтылып, дереу іс басталған. Семейден арнайы төрт бригада құрған Қаражан Үкібаев оларды керек-жарақпен қамтамасыз етіп телефон діңгектерін әзірлеуге Алтай тауына аттандырған. Бұлар 300 шақырымға жетерлік бағаналарды екі жылда әзірлеген. Енді осы ірі жобаны іске асыратын маманды іздестірген. Құрылыстың бастығы болып Варшава қаласынан инженер Казимеж Жолкевский шақырылды. Ол өзіне көмекшіге Петербургтің тәжірибелі құрылысшы инженері Александр Николаевты таңдады. Осы істі тындыру мақсатында Балтық өңірінен маман жұмысшылар алдырылды. Мұндай жобаны орындау, аяқтау үшін кем дегенде 7 жыл қажет болатын. Сол жұмыстардың едәуірі атқарылғанда бірінші дүниежүзілік соғыс басталады, көп құрылысшылар майданға тартылып, құрылыс толық аяқталмай қалады.

Қаражан байдың жасауға бел буған ісіне мән беріп қарап өтсек. Иә, бүгінде мұндай істер мемлекеттік деңгейде жасалып жатыр. Күнімізде мемлекеттік деңгейде жасалынатын істі, сол заманда ауқатты бай өз мойына алды. Міне, осындай байларды қазақ «жарты патша» деп атайды.

Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаған, әрі Мәскеуден алған бірінші гильдиялы көпес құжаты бар Қаражан Үкібаев Октябрь революциясына дейін қалтасы қалың, аса бай миилионерлердің бірі саналды. Өзі бұрынғы Шыңғыстау (Қазіргі Абай) ауданында Саржал деген елді мекенде дүниеге келіпті. Оның әкесі Үкібай шылқыған байлардың бірі болған. Оған ұзын саны 11мың жылқы біткен екен. Солар жайылымға шыққанда Шыңғыстау өңірінен асып, Ақертістен өтіп, Бесқарағай жерлеріне дейін тебіндепті.

Қаражан бай туралы деректі зеттеушілер Т. Қазбалиновтың «Абай» журналын ашуға қаржы берген Қаражан» және М. Кенемолдиннің «Қаражан Үкібаев кім?» деген атпен «Абай» журналында шыққан мақалалары негізінде ықшамдап алып отырмыз.

Сол жылқының 8 мыңға жуығы кілең ала болыпты. Сондықтан Ырғызбайлар мен Көтібақтар жағы «Ала жылқы ұрланған немесе барымтадан келген малдың белгісі» - депті. Үкібайдың елі Құлық екен. Ол бұл сөзге қатты ызаланып, ала жылқы мініп жүрген болса, бай менің табынымнан ұрлап мініп жүрсің деп пәле жауып тартып алады екен.

Мұхтар Әуезовтің «Абай» романында Бәшей дейтін арқар ататын аңшы бар. Ол өмірде болған адам. Шамасы 1888 жылдар болса керек. Бәшей Семейдің орыстарына үш қабан шошқа атып беріп, сыйлыққа бір мықты ала атқа ие болады. Соған қоса оған оқ-дәріл молынан тиеді. Сол атты Қарауылға жетектеп алып бара жатса Медеу деген жерде Үкібайдың жылқышылары оны қуып жетіп, бұл жылқыны сен біздің табыннан ұрлағасын деп тартып алып кетеді. Бұған қатты қапаланған аңшы Семейге келіп, Үкібайға ақшалай айып салдыртады.

–              Бір елміз ғой, бір-бірімізді мұқатқаннан не шығады? Бір жақсы сауын биені құлынымен тегін сыйлаймын. Әкет мына екіленген орыстарыңды депті Бәшейге Үкібай. Сонымен аңшы мен бай бітімге келіп, кейін жақсы қарым-қатынаста жүрген.

Қазірдегі қайсыбір авторлар Қаражан Үкібаев 1917 жылы күзді күні тәркіленіп, 1918 жылы сотталып кетті деп жазады. Жарайды, бұндай сөйлеу жөн-ақ дейік. Сонда Бекетғазы Қаражанұлы Үкібаев 1919 жылы Саржал селосында дүниеге келген. Өзі әкесінің ауызынан түсіп қалғандай кісі болған. Авторлар осыны ескермей ме?

Кешегі қолы ашық, жақсы кісі атанған Қаражан Үкібаев та қызыл империяның құрбан болды.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 1918 жылы «Абай» атты журнал шығаруға Қаражан Үкібаевқа қаржы жағынан көмектесуін сұрап барыпты. Миллионер бай Мұқанға журналды шығарсаңыз болды, оған қанша қаражат керек, үнемі беріп отырамын, - дейді.

Семейде ХХ ғасырдың басында бес баспахана жұмыс істейді. Солардың бірі «Ярдам» деп аталды. Мұны ауызға алудың өзіндік себептері бар. Осы баспаханада Шәкәрім Құдайбердиевтің шығармалары басылып көпшіліктің қолына тиді.

1971 жылы жарық көрген Әбусағит Мұсылманқұлұлы Жиреншинннің (1913-1975) қазақ кітаптарының шығу тарихы жөніндегі монографиясында «Ярдамнан» қандай кітаптар шыққаны толық айтылады. Оның тізімін қайталауды жөн көрмедік. «Ярдамды» қазақшаласақ, бұдан «жәрдем» деген сөз шығады. Осы баспахана кітаптарын көпшілікке тым арзанға беріп, кейінде банкротқа ұшырады.

Семей жұртшылығы «Ярдамды» әлі ұмытқан жоқ. Оның игілігін халық көрді.

Бұл баспахананы 1911 жылы Семейдегі өзара ағайынды кісілер Сыдық Исмайлович, Сұлтан Исмаилович, Хасен Ибрагимович Нығматуллиндер ұйымдастырады. Олар өз қаражаттарынан ортаға салып, 1910 жылы Томск қаласынан баспахана жабдықтарын сатып алады.

Қазіргі Семейдің нақ ортасында екі қабатты «Дана» сауда үйі тұр. Бұл ғимарат бұрын «Семей универмагі» деп аталатын. Ол 1966 жылы салынып іске қосылады. Бұдан бұрын осы объектінің орнында бірінші гильдиялы көпес Сыдық Исмаилович Нығматуллиннің екі қабатты ғимаратта орналасқан сауда дүкені тұрды. Оның үстінгі қабатында киім-кешек, астынғысында азық-түлік сатылатын. Осы айтылған дүкеннің ауласында цех тәрізді тағы бір үй болды. «Ярдам» баспаханасы деп осыны айтады. Оның ішінде қорғасын, қола қоспалары балқытылып әрпі бар қалыптарға құйылып жатты.

Семейдегі сол «Ярдам» баспаханасы 1916 жылы банкрот деп жарияланды, баспахананы 11мың сомға Қаражан Үкібаев сатып алды. Айтылған заманда 2 сом 58 тиынға базардан семіз жылқы алуға әбден болатын.

Қаражан Үкібаев «Абай» журналын қаржыландырып, кейін осы журналды өзі сатып алған баспаханада шығармақшы да болыпты. Ресейде азамат соғысы жүріп жатты. Содан Қаражан Үкібаев осы немен аяқталар екен деп әліптің артын бағып отырыпты. Семейде Совет өкіметі 1920-1921 жылы нық орнағанда Қаражан Үкібаевтың дүние-мүлкі түгелімен тәркіленді.

Қаражанның Семейде мал соятын екі қасапханасы (бойня) болды. Оның бірі қаладағы №3 автобаза тұсында оң жағалауда, екіншісі Семей ет-консерві комбинаты тұрған жерде болды. Мұнда ірі қарасы мен қой бар жылына 1,5 миллион бас мал сойылады екен. Қаражан жомарт кісі ғой. Ол сойылған қойдың бас сирағын, өкпе-бауыр, ішек қарның союшыларға тегін беріп отырған. Семейде осындай мал сою ісімен 500 қазақ шұғылданды. Олардың тұрмыс-жағдайы да жақсы болды, жалақыны да өз уақытында төлеп тұрды.

Қаражан бай туралы алғашқылардың бірі болып жазған жазушы Тоқтарбай Қазбалинов өз зерттеу мақаласында кейіпкердің баласымен жолығып оның ауызынан айтылған мынадай деректі келтіреді: «Осыдан 10 жыл бұрын Бекетғазы Қаражанұлы Үкібаевқа «Абай» журналы қайта тірілді, оның редакторы Ырысхан Мусин дедім. Ол балаша қуанып қалды. Мен бас редактор жөнінде де бірталай мағлұмат бердім.

–              Бұл иісі қазақ рухын сыйлағандық, - деді ақсақал ойланып,

–              Мұхтар мен Жүсіпбек Қаражан Үкібайұлына барғанда қандай әңгіме болды, – дедім қарияға.

–              Қареке,-дейді Мұхтар көпеске: – мына Жүсіпбекке маған сенгендей сеніңіз. Ол талай сыннан сүрінбей өткен азамат. Өз замандастары алдында өте беделді. Әңгіме осымен бітіпті де Қаражан Аймауытовқа жылы жүз танытып, достық пейілін білдіріпті», -дейді зерттеуші Тоқтарбай Қазбалинов.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 1915 жылы аяулы досы, ұлы Абайдың дарынды інісі Кәкітай Ысқақұлы кенеттен ауырып қайтыс болғанда «Қазақ» газетіне жазған қазанамасында «Мен абақтыдан шыққан соң бір түн Қаражан үйінде бірге болып, мені Қарқаралыға Омарбек, Кәкітай шығарып салып, қош айтысқан жерде құшақтасып жыласты» деп еске алатыны бар. Бұл арада ол патша үкіметіне қарсы петицияға қол қоюына байланысты 1908 жылы Семей түрмесінде қылмыстық жазасын өтеп қайтқан жайды, сонда Абай елінен Шәкерім, Кәкітай, Турағүлдың амандық сұрай келіп, біраз күн көңіл көтергендерін айтады. Демек, Семейдің атақты бай-көпесі Қаражан Үкібаевтың тәуелсіздік мұрат еткен Алаш идеясымен таныстығы ерте кезден басталады екен.

Семейдегі бірнеше сауда дүкендері мен тері илеп, жүн түтетін өндірістік цехтардың, мал соятын қасапханалардың, сондай-ақ қырдағы есепсіз мыңғырған малдың иесі Қаражан Үкібаевтің «Океан» базары аумағындағы Свободная, 50 көшесінде орналасқан, әуелде мектепке деп, одан соң облыстық қазақ соты мен уездік Земство басқармасына берген жаңағы көк шатырлы, биік қақпалы үлкен ағаш үйі кеңес үкіметі уақытында мектеп-интернат ретінде берінге дейін пайдаланылып келді. Алайда, бұл манда 1970 жылдардың соңына қарай көп қабатты тұрғын үйлердің қауырт салына бастауына байланысты бұзылып тасталды.

Қаражанның осы үйі туралы бір әңгімесінде марқұм, соғыс және еңбек ардагері Қабыш Омаров: «Ұлы Мұхаңның «Абай жолы» романында айтылатын Абайдың айнымас досы Базаралының қасындағы Әбді біздің үлкен атамыз. Базаралы мен Әбді бірге туысқан. Сол Әбдінің баласы Ақтан, ал Ақтанның ұлы Омар сталиндік репрессия кезінде Семей түрмесінде атылды. Енді осы әулеттен қалған жалғыз мен едім. Менің де жетімдік пен «халық жауының баласы» деген түртпектеуден тартпаған азабым аз болмады. 1930 жылдары Семейдегі Қаражан байдың үйінде ашылған мектеп-интернатта тәрбиелендім. Әлі есімде, бала болған соң әлгі үйдің ауласында тығылмақ ойнаймыз. Сонда оның қоймаларында ескі қымбат жиһаздар: күміспен көмкерілген болыскей кереует, жүкағаш, сандық, кресло, шкаф т.б. басқаларын шаң басып жататын. Мұны үлкендер Қаражан байдікі дейтін. Кейінен білдім, ол Алашордаға тілектес болған Абай елінің ардагер азаматы екен. Ал енді Қаражанның үйінен Ертіс өзеніне қарайғы төменде Жақия қажы үйлері болды» дейді. Шынында, рухани құндылықтарымыз секілді «тап жауының мүлкі» деген желеумен талай материалдық игіліктерміз отқа өртеліп құртылды немесе шашылып далада қалды емес пе... Сөздің реті келгенде тоқтала кетейік, осы «Океан» базары аумағында жалғыз Қаражан емес, Алашордаға пайдалануға берген Әбдірахман Жүсіпов, Александр Ерыкалов (шоқынған қазақ) сияқты бай-көпестердің де жекеменшік үйлері болды. Ахат Шәкерімұлы естелігінде: «Әкем Белгібайдың қыз дауын шешкеннен кейін, ертеңінде Жаңасемейдегі Абдрахман байдың үйіндегі алаштың кеңсесіне келіп кірді» дейтін сол Әбдірахман Жүсіповтің үйі Қаражанның үйімен қатарлас қол созым жерде тұрды. Осында Алашорда үкіметінің кеңсесімен бірге «Сарыарқа» газетінің редакциясы да орналасты. Әбдірахманның үйі де кеңес үкіметі уақытында «Қазақстан» деп атпен қонақ үй, ресторан ретінде пайдаланылып, кейінде бұзылып тасталды. Ал мұрағат құжаттарында бұрынғы Ерыкалов, қазіргі Колхозная көшесіндегі А.Ерыкаловтың екі қабатты жекменшік тұрғын үйі Алаш әскерінің штабы және госпиталі болып пайдаланылғаны айтылады.

ХХ ғасырдың тәй-тәйі, анығы 1906 жылы Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы абақтыға жабылғанда бай-бағлан Қаражан Үкібаев 2500 рубль кепіл төлеп құтқарып алыпты.

Қаражанның көмегі сонымен қатар талантты қазақ жастарына да тиді. Саржал ауылынан шыққан жас таланттар Тоқжігіттің Шаймарданы, Нақымжанның Әмізесі, өз ағасы Аймағамбетұлы Жұмжұма, Мекеш, өз балалары Тоқтағазы, Бекетқазылардың білім жолына түсіп, қалаған мамандықтарын алуға қамқоршы болады. Шаймардан Тоқжігітов (1901-1937) Шыңғыстаудағы Шаған болысының № 4 ауылында туған. Саржалдағы ауыл мектебінде оқып, сауатын ашқан. Қазақтың ірі бай адамы, меценат Қаражан Үкібаевтың тәрбиесін, қамқорлығын көріп өседі. Қаражанның қолдауымен білім алған Шаймардан Тоқжігітов қоғамдық өмірге белсене араласып, қазақ зиялыларымен тығыз байланыста болды. 1920 жылдары Семей қаласында шығып тұрған «Қазақ тілі» газетінің редакторы қызметін атқарды. Қаражан Үкібаевтың Алашорда үкіметінің қолдаушысы және белді мүшесі болғандығы ел арасындағы көнекөз қарттардан жеткен әңгімелерден белгілі. Сонымен қатар, мұрағат құжаттарындағы 1928 жылғы 27 тамыздағы қазақ байларын тәркілеуге байланысты қабылданған декреттегі Қаражан Үкібаевтың жеке ісінде оған мынадай мінездеме берілген: «Қаражан Үкібайұлы жеті атасынан бері қарай байлығы үзілмеген шонжар, шіріген бай, әрі Алашорданың маңдайына басқан байының бірі болып, Алашорданың өмір сүруіне жанын салып қызмет етті. Кеңес үкіметіне дұшпандық ниетте болып, қазақ ауылындағы кедейлерді аузына қаратып, Қаражан аты жер жарған».

1927-1928 жылдары жергілікті кеңес үкіметі органдары бай-кулактардың мал-мүлкін жаппай тәркіліп, өздерін бала-шағасы, туған-туыстарымен қосақтап Сібірге жер аударып жатқанда, осы саяси науқанға Алаш қаласының Қаражан Үкібаев, Ике Әділов, Мұсатай Молдабаев тәрізді т.б. ауқатты адамдары ілігеді. Зерттеуші Болатбек Нәсеновтің «Абыралы-қанды жылдары (1905-1945 жж.) 1927 жылдың 8 сәуіріндегі Семей губерниялық ГПУ-дің N44570 айыптау ісінің хаттамасында Қаражан Үкібаевтың өзін кінәлі емес деп есептейтіндігі айтылып, «Укубаев Қаражан, бай – родоначальник, 58 лет, имеет крупное скотоводческиое хозяйство, раньше не судился, при Царек. Правительстве в волуправлении» деген деректер берілген. Соған қоса мұнда Қаражан Үкібаев, Ике Әділов, Мұсатай Молдабаевтың үш жылға Қазақстаннан Сібір өлкесінің Рубцовск округына жер аударылғаны көрсетіледі. 1928 жылы 8 мамырда Қаражан мен Икенің әйелдері Мәскеудегі ОГПУ-дің басшысы Менжинскийге араша түсуін сұрап өтініш хат та жазған екен, бірақ одан ештеңе шықпаған көрінеді. Бұл хаттаманың көңілге бір түйетін тұсы, Қаражан Үкібаевтың туған жылына қатысты дерек. Ол 1927 жылы абақтыға қамалып, айтыпталып жатқанда 58 жаста болыпты (Жоғарыда Т.Қазбалиновтың дерегінде Қаражан бай 1920-1921 жж. тәркілеуге ұшыраған деп көрсетеді Р.А). Яғни, сонда Қаражан Үкібаев 1869 жылы туған болып шығады.

Ал енді оның қазаға ұшырауына келсек, Семей губерниялық ГПУ-дің шешімімен Рубцовскіге жер аударырылған Қаражан Үкібаев пен Ике Әділов қылмыстық жазаларын өтемей Шаған тауларына бой таласап қашып кетеді. Сонда Кеңес үкіметіне қарсы күресіп, Шыңғыстау көтерілісіне қатысады. «Аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей, 1930 жылы осы көтерілісті ұйымдастырушылар ретінде Қаражан Үкібаев бастаған, соның ішінде немере інісі Жұмжұма Айтмағанбетов, Рүстем Абылғазин, ағайынды Бұтабай және Несіпхан Ағыбаевтар бар, жиыны бес адам ОГПУ үштігінің шешімімен РСФСР Қылмыстық істерінің 58 және 59 баптары бойынша айыпталып, өлім жазасына кесіледі.

Кеңес үкіметінің қудалауынан Қаражан Үкібаев әулеті қырғыз жерін барып паналайды. Қаражанның кіндігінен тарайтын Тоқтақазы, Бекетқазы, Сілямқазы, Әмірқазы, Ахметқазы деген ұлдары болған. Үлкені Тоқтақазы ертеректе Петербургте финанс институтында оқыған. Соның еті тірлігімен бүкіл Үкібай әулетінің ұрпақты қырғыздың астанасы Бішкекке жиналып, бірге өмір сүрген. Тоқташ финанст техникумының директоры болып істеген. Бірақ ауырып, мезгілсіз қайтыс болып кеткен. 1960 жылдары Қаражанның екінші ұлы Бекетқазы туған жері Семейге келіп қайтқан екен. Әрине, қазіргідей емес, ол уақытта Алаш арыстары ақтала қоймаған кез еді. Елдің айтуында, әкесі Қаражанның Алашордаға берген үйін көріп, көзден аққан ыстық жасын тыя алмай, қимай кетті дейді.

Пайдаланған әдебиет:

Руслан Ақмағанбет. Құт. Байлық танымы және қазақ байлары. "BRK Press" баспасы. Алматы. 2019 ж.