Наурыз – жыл басы
17.03.2021 2708

Қазақ халқында күнтізбелік жыл Күн мен түннің теңесуімен тұспа-тұс келетін Наурыздан басталады, осылайша 12 жылдық циклдің әр жылы наурыздан наурызға дейінгі аралықта есептеледі.

Наурызды тойлаудың дәстүрлері мен маңызы XIX ғасырдың соңында баспасөзде де сақталған. Мысалы, Ю. Казбеков "Туркестанские Ведомости" газетінің 1875 жылғы 4 ақпандағы алтыншы нөмірінде "Цикловой год у киргизов и других народов Средней Азии" мақаласында қазақтар күнтізбесінің ерекшелігін, соның ішінде күнтізбелік жылды қазақтар Наурызды тойлаудан бастағандығын атап өткен.


Этнографтың пікірінше, Орталық Азия халықтарының таңғажайып ерекшеліктерінің бірі – 12 жылдық кезеңге сәйкес келетін жыл қайырудың ерекше тәртібі. Кезеңдік жыл қайыру Ю. Казбековтың пікірінше, бір кездері Құлжадан Қытай шекарасына дейін және Қашғарға дейінгі Орталық Азияның зор аумағында орналасқан ұйғыр деген түркі халқының атымен «ұйғырша» деп аталған. Қазбековтен айырмашылығы, профессор Григорьев пен ен-Ремюд 12 жылдық циклді жыл Орталық Азияға Қытайдан әкелінген деп санайды. Қалай болғанда да, бұл хронология мұсылмандыққа дейін шыққан.


Азиялық хронологиядағы он екі жылдық цикл ондағы жылдардың әртүрлі жануарлардың атымен аталуымен ерекшеленеді. Жыл басы Тышқан, ал жыл соңы Доңыз жылы деп аталады. 12 жылдық жыл атауы келесідей:  

1. Тышкан.

2. Сиыр.

3. Барыс.

4. Қоян.

5. Ұлу.

6. Жылан.

7. Жылқы.

8 Қой.

9 Мешін.

10. Тауық.

11. Ит.

12. Доңыз. 

Қазақтардағы сияқты Орта Азияның басқа халықтарында да циклдік жыл көктемгі күн мен түннің теңесетін кезі – Наурыздан басталады, осылайша, циклдің әр жылы Наурыздан Наурызға дейін аралық болып саналады. 

Әр қазақ өзінің жылын санаудың орнына, туған жылының циклдік атауын ғана есінде сақтайды. Егер біз кез-келген қазақтан: «қай жылы тудыңыз?»,- деп сұрар болсақ, ол циклдық жылын, мысалы Қой жылы деп жауап береді. Бұл ретте туған күні есепке алынбайды. Сондықтан цикл бойынша бір жылы туғандар, мейлі бірнеше күннен кейін, мейлі бірнеше айдан кейін туған болса да, өзара құрдас боп саналады. Түйе бойына сеніп, жыл басы болғысы келгендігі туралы тәмсіл бапрлық Орта Азия халықтарында бар. Алайда түйенің құлағына кіріп алған тышқан оған бұл мәртебені бұйыртпаған екен. Осы себептен, Шығыста түйе асыл жануар болып саналғанымен, жыл Тышқан жылы болып аталады.

Сондай-ақ, Ю.Қазбеков әр қазақтың өзінің ерекше он екі жылдық циклі бар екенін атап өткен, ол оның туған жылынан бастап саналады, мысалы, егер кімде-кім қой жылы туылса, онда оның циклы келесі қой жылына дейін есептеледі. Циклының бірінші жылына келу мүшел деп аталады, демек бірінші мүшел жас он үш жаста болады, одан әрі қарай 12 жыл қосылып отырады, келесі мүшел жас – 25, одан кейін 37 және әрі қарай.

Ерекше оқиғалар да циклдық жылмен белгіленеді. Мысалы, Торғай мен Орал облысының қазақтары (бұрынғы Орынбор ведомствосы) Қоян жылын – 1856 жылды әлі де ұмытқан жоқ. Сол жылы қатты қарлы борандар мен көктайғақтың, жұттың салдарынан мал көптеп қырылып, қазақтардың көп бөлігі бишара халге түсіп, ал кейбіреулері тіпті қайыршы да болып кеткен.

Кейбір мұсылман тарихи кітаптарында барлық хронологиялық оқиғалар циклдік жылдармен есептеледі. Орта Азияның аңыздарында циклдік жыл қайыру сонау Адам атадан бастау алады деп айтылады: «Құдайдың өсиетін бұзған Адам, жұмақтан қуылған кезде, Иеміз мұсылмандардың сенімі бойынша пайғамбарларға Құдайдың еркін жариялап, оның құпияларын ашатын Жебірейіл періште арқылы Адамға уақытты дәл есептеу үшін шеңбер жібереді. Ол Адамға осы шеңберді 12 бірдей бөлікке бөл деген Құдайдың өсиетін жеткізеді. Әр бөлікті жылға бөледі, ал жылдар бір-бірімен шатаспас үшін, шеңбердің әр бөлігін түрлі аңның атымен атайды».