Қазақтың саятшылық өнеріндегі аса бір құштар, көңілді бөлігі құс салу. Құс салу туралы қазақта өлең де, ән де бар. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында құс салудың небір ғажайып суретін көреміз. Ерте кездерде әуелде аз ғана топтың жан бағу тәсілі болса, жүре келе саяхаттау сынды көңіл көтеру, бой сергіту тәсіліне айналып кеткен бұл өнердің ұлтымыз таризында өрнектелген мың бір қыры бар. Бұл шағын жазбамызда осы өнердің өзімізге белгілі қырынан аздап қана мәлімет бергенді жөн көріп отырмыз.
Қазақ халқының құс салып, саят құру тарихы сонау есте жоқ ескі замандардан бастау алады. Тарихи деректер мен археологиялық зерттеулерге негізделгенде, қазақтың ата-бабалары – сақтар, қаңлылар, аландар, ғұндар және ұлы юзилер түгел дерлік құс салып, ит жүгіртіп саят құрған. Тіпті ежелгі сақ көсемдері арнаулы саят құстары мен аң иттерін бағып-баулитын құсбегілер мен саятшылар ұстаған. Мұны қазақ даласындағы көптеген жартас суреттеріндегі ит жүгіртіп, құс салған саятшылар бейнесі мен археологиялық қазба жәдігерлер дәлелдейді.
Қазақ халқы алтын-күміс, дүние-мүлік секілді заттық байлықтан көрі, адамның көңілін көтеріп, жігерін тасытатын, адамдарды жан тазалығына баулып, ізгілікке, мейірімділікке, береке-бірлікке жетелейтін рухани байлыққа, яғни ат үсті ойындары мен саятшылыққа ерекше ден қойған. Сондықтан да болар, жеті қазынаның бірі емес, бақандай төртеуін – жүйрік ат, ұшқыр тазы, қыран бүркіт, түзу мылтық деп адамдардың жан дүниесін байытып, рухани қажеттілігін қандыратын жануарлар мен заттарды парасаттылықпен қосып; құда-жегжат, дос-жаран секілді адамдық өмірде ерекше құрметтейтін адамдар арасында тек сол жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы, түзу мылтық секілді саят құрып көңіл ашуға, адамның жан дүниесін байытуға қажетті сол төрт затты ғана қалауға, сұрауға жол қойып, қалған мал-дүниелерді орынсыз қалап-сұрауды әбестік, тіпті көргенсіздік санаған.
Қазақ халқының құс салу тарихына байланысты жазба деректерде де бірнеше мәліметтер кездеседі. Грек географы Страфон: «Сақтардың еркектері желге жеткізбес жүйріктерге мініп, ит жүгіртіп, құс салады», – деп жазса; ертедегі араб-парсы деректерінде: «Заманымыздан бұрынғы 4-,7- ғасырларда сақ елі Парсы, Ассирия елдеріне атқа мініп барып дипломатиялық қатынас орнатқан және жылқыны әскери істер, көші-қон қатарлыларға кеңінен пайдаланып, сайгүліктерге мініп, ит жүгіртіп, құс салған», – деп естелікке алған. Бұдан сырт Қытайдың «Ханнама», «Тарихнама» атты көне жазбаларында да осы тектес мәліметтер кездеседі.
Тарихи жазбалар мен естеліктердің және археологиялық деректердің куәсінен бөлек, әрқандай бір дәстүрлі өнердің бір күнде туа қалмайтыны, керісінше, оның бірте-бірте жаралып уақыт өте келе дамып, әрі мұрагерлік жолымен жалғаса келе бай, сан қырлы өнерге айналатыны анық. Сондықтан да, есте жоқ ескі дәуірлерде қазақ халқының ит жүгіртіп, құс салу сынды саятшылық өнерлері туралы батыс ғалымдары не айтып, шығыс тарихшылары не жазды екен деп, өзгелердің айтқанын талғаусыз малданып, өзгелердің жазған сабан кітаптарын сапыра бергеннен көрі, өткенде де, қазір де нақтылы болған және оны өз көздерімен көріп, өз қолдарымен ұстаған, сондай-ақ оны күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан құсбегілеріміз бен саятшыларымыздың материалдық құны жоғары, ғылыми мәні терең қызықты хикаялары мен деректі әңгімелеріне орын бергеніміз жөн болар. Әрине, өзге халықтар жазған тарихи жазба деректердің шынайы деректік құны болғанымен, өз кезегінде олар көбіне өздерін көтеру, ұлттық идеология тұрғысынан сыңаржақты көзқараспен жазылады да, көшпенді халықты мейілініше жабайы, мәдениетсіз етіп көрсетуге тырысады.
Жоғарыда келтірген деректер негізінде қазақтың құс салу өнері тым ертеде қалыптасқан дәстүр екенін аңғарамыз. Алайда нақты қай кезеңнен басталғаны бізге белгісіз. Ел арасында айтылып жүрген аңыздар – бұл өнердің тым ескіден келе жатқан, қазақтың тұрмысына сіңіп кеткен өнер екенін ғана аңғартады. Сол аңыздардың көбі қазақтың саят құстары туралы түсінігі мен аң аулау, құс салу өнерінің әр түрлі қырларын ашып көрсетеді. Сондай аңыздардың бірі былай басталады.
Ерте заманда жалайыр тайпасынан шыққан атақты құсбегі әрі саятшы Шора деген кісі болыпты. Жұрт оны құстың тілін білетіндіктен «Құс пірі Шора», «Әулие Шора», «Құсбегі Шора», «Саятшы Шора», «Жалайыр Шора» деп атаған екен. Оны алғаш құс салып саят құрған жаңа талап жастардан тартып, қырық жыл құс салып сат құрған қарт құсбегілерге дейін пір тұтып, айтқанын айтқандай, дегенін дегендей орындап отырған.
«Бай болатын кісіден малсақ туады, кедей болар кісіден жалтақ туады» дегендей, Шораның Күлайым деген бір қызы да асқан құсбегі, әрі құс сыншысы болған екен. Бір күні оның Сімет деген біртоға, момын күйеуі:
– Әй, Күлаш, мен қатты зерігіп жүрмін, бүгін атамның ауылына барып үлкен кісіге сәлем беріп, қайтарда баптап отырған құстарының біреуін сұрап алып осында әкеліп саят құрайын, – депті. Оған риза болған Күлайым:
– Мен де көптен бері айтайын деп жүр едім. Барсаң барып кел. Бірақ әкемнің өзі берген құсын алма, өзің таңдап ал, – дейді. Сімет оған күліп:
– Әй, Күлаш-ай, қайдағыны айтады екенсің, құстың бәрі құс емес пе, оның бірінен бірі жорғасы бар деймісің? Әйтеу қолыма тиген біреуін алып келсем жетпей ме, – дейді. Оған Күлайым:
– Әй, момыным-ай, аттан аттың жорға, аттан аттың жүйрік болатыны секілді, құстардың да небір ұшқыры, небір қыраны болады. Сонықтан әкем саған «Таңдаған құсыңды ала ғой» деп құс баптайтын үйіне ертіп кіргенде төрде отырған алтын тұғыр, күміс томағалыларға қарамай, есік жақтағы жаман тұғырда отырған екі сары құстың бірін ал, басқасын берсе алма. Болмаса мұнда келген соң олардың бабын таба алмай жігерің жасып, меселдең қайтады, – деп күйеуін әкесінің ауылына аттандырып жіберіпті.
Сімет атасының ауылында бірер күн аялдап, атасымен бірге саятқа шығып көңіл көтереді. Қайтарында атасы одан бұйымтайын сұрайды. Сімет атасына құс салып саят құрғысы келіп жүргенін айтып, бір құс сұрайды. Атасы қатты қуанып, оны құс баптайтын үйіне ертіп апарып:
– Ал, балам, талабыңа нұр жаусын! Мына құстардың ішінен таңдағаныңды ал, – деп құстардың арасына кіргізіп жібереді. Сімет әйелінің айтқаны бойынша есік жақтағы жаман тұғырда отырған сары құсты алып шығады. Оны көрген шора: «Мына күйеу балам да мен сияқты құс танитын нағыз саятшының өзі болғалы тұр екен», – деп іштей таңданып:
– Әй, балам, анау төрдегі алтын тұғырлы, күміс томағалы құстардың бірін алмай, неге жаман сарыны алдың? Мұны қой да, ана төрде отырған алтын томағалы қараны ал, – дейді. Сімет сәл әрі-сәрі болып тұрады да, атасына шынын айтады:
– Әй, атам-ай, қалың құстың қайсысы жақсы, қайсысы жаман екенін мен қайдан білейін. Есік жақтағы жаман тұғырда отырған екі сарының бірін ал деп Күлайым айтқан соң алып шықтым ғой мұны, – дейді. Құс пірі санын бір салып:
– Әй, қу қыз-ай! Мұны саған сол алдырған екен ғой... болды, болды, ала ғой. Бірақ есіңде болсын, балам, жемін уағында беруді ұмытпа, шабыты келіп тілегенде аяқьауынан тартып кедергі болма. Болмаса басыңа бәле тауып аласың, – деп қос қыранның біреуін күйеу баласының қолына қондырып жібереді.
Күлайым айтса айтқандай Сімет әкелген сары құс ерекше қыран болады. Сімет оған бірнеше күнде 4-5 алдырып көңілі әбден толады. Атасының айтуы бойынша уағында жемін беріп, тілегенде дереу қоя беріп саятшылықтың қызығына әбден батады. Сөйтіп жүрген күннің бірінде саятшы серігі құлап, Сімет құсын сол маңдағы біреудің үйіне тастап, жолдасын оташыға апарып қайта оралғанша екі күн өте шығады. Үшінші күні қайтып келсе бүркіті шабыт шақырып тіленіп отырғанын көріп, оның жем жеген-жемегенін ұмытып, анадай жерге апарып томағасын тартып қоя бере салады. Сары құс самғап аспанға көтеріледі. Бірақ әбден ашығып ашуға булыққан оның көзіне жерден ілерлік ештеңе түспей, сорғалап келіп Сіметті екі бүктеп астына басып алады. Үй иелері оны ажырата алмай Шораға кісі шаптырады. Тізгін ұшында жеткен Шора келе сары құсқа шүйлігеді:
– Әй, Сары шұнақ, мұның не? Иеңді алғаның қай сасқаның?! – деп зекіп оған таяй берген екен, сары құс Шораны танып пыштақтап, шеңгелін босатыпты. Оның ызалы пыштактаған даусынан Шора бар мән-жайды түсініпті. Сосын күйеу баласына:
– Қателік өзіңнен екен. Менің айтқанымды неге ұмыттың? Енді бұл саған қол болмайды. Екеуіңнің араңа өшпенділік кірді. Енді мұны өзім алып қайтайын, болмаса басыңа қатер төндіреді, – деп құсын алып кетеді.
Осы тектес Жалайыр Шора туралы тағы бір аңыз бар. Онда Шора құстарға баға береді. Бір жылы құсбегі Шораның ауылында ұлы думан той болады. Тойда жер-жерден келген игі-жақсылар бір әредікте төбе басына шығып өткен-кеткеннен әңгіме қозғап отырады. Бір кезде олардың төбесінен бір бүркіт қалықтап өте шығады. Алқа қотан отырғандар ішіндегі бірнеше саятшы бүркітке кезек-кезек күн сала қарасып:
– Ойпыр-ай, мына құс нағыз қас қыранның өзі екен, қараңдаршы самғауына, қанат қағысы біз көрген құстардан бөлекше екен... Шореке, қане, сіз бағаңызды айтыңызшы, анау қандай құс? – деп Шораға қарапты. Шора:
– Мен білсем, бұл құс балапан кезінде аңнан шошынып жүрегі шайлыққан, бұл күндері тек өлексемен жан бағып жүрген «аң алмастың» дәл өзі. Байқаймын сол құрғырдың оң жақ көзі ақаулы, тіпті соқыр болуы да әбден мүмкін, – депті. Бірақ Шораның сөзіне отырғандардың ешқайсысы да илана қоймапты. Сол жерде бірнеше қызуқанды жігіт орындарынан тұрып, Шораға:
– Шореке, оң көзі соқыр деп кесіп айта аласыз ба? Әлде бізді ұстап әкеліп тексермейді деп әншейін ойын қылып тұрсыз ба? Аспандағы құстың сау-сау емесін жерде тұрып қалай білесіз? – деп қадала кетеді. Оған Шора:
– Сенбесеңдер бірнешеуің барып құсты ұстап әкеліңдер. Айтқаным жалған болса, мына астымдағы Бәйге қара мен үйде баптап отырған он жеті қыранымды сендерге берейін, – депті.
Бұған желпінген жігіттер жүйріктеріне мініп, құстың соңынан кетеді. Бұлар ертесі сәске мезгілде құсты ұстап алып келеді. Айтса айтқандай құстың оң жақ көзі соқыр екен. Бұны көрген жұрт таңданып:
– Ойпыр-ай, Шореке! Сонда бұл құстың оң жақ көзі соқыр екенін қайдан білдіңіз?! – деп сұрапты. Шора сонда былай түсіндіріпті:
– Көңіл қойып, зерделеген адамға оның не қиындығы бар. Кеше осы құс төбемізден ұшқанда өздерің сұраған соң қарап тұрсам, ұшуы сылбыр, және сол қанатын екі қаққанда оң қанатын бір рет қана қағып барады екен. Сылбыр, баяу ұшқаны жерден жемтік іздеп жүргенін аңғартса, сол қанатын көбірек қаққаны – оң көзі көрмеген соң оң жағына қарай бұрылып, қарайлай беретінін аңғартқан болатын, – депті.
Осы тектес тағы бір аңызда, тағы да осындай бір үлкен жиында жұрт аспанда қалықтап ұшқан бүркітке тамсанып, Жалайыр Шорадан баға беруін сұрапты. Сонда Шора:
– Бұл ешқандай да қыран емес, бұл бүркіт біткеннің ішіндегі «Сасқалақ сары» дейтін ең қоянжүрек қорқағы, – депті. Мұнымен біраз жұрт келіспей, біразы мүмкін деп қостап, тағы бір жағынан қызық көріп дауласа кетіпті. Содан Шора сөзін дәлелдеп:
– Маған иланбасаңдар, бір тобың атқа қонып, айқай-шу көтеріп, сол құстың астына таман барып айнала шабыңдар, қалай ұшарын білмей алдарыңа топ ете түседі, – депті.
Айтқан жерде қырық шақты жігіт атқа қонып, шаба жөнеліпті. Құстың астына барып ұрандата айғайлап, шулап айнала шапқан екен, құс шынымен топтың тура ортасына топ ете қалыпты.
Шора туралы бұл аңыздар тұтас қазақ құсбегілерінің тәжірибесінің жиынтығы болса керек. Себебі, Шораның құстарды таратуы деген аңызда ол бүкіл қазақ даласның шығысынан батысына дейінгі құстарды түгел атайды. Және Жалайыр Шора есімі де өте бертінгі есімдердің біріне ұқсайды. Тек аңыздардың тамыры тереңде жатса керек. Осы Жалайыр Шора саят құстары ішіндегі бүркітті төрт түрге бөліп таратады. Бірінші түрі, қанды көз қара немесе кескен терек; Екінші түрі, қаусырма немесе доғал-шөгел; Үшінші түрі, Шапшаң сары немесе жанбау сары; Төртінші түрі, кекшіл шекір немесе Оралдың орауызы. Шора осы бүркіттердің мекені мен түр-тұлғасын суреттеп, әр қайсына бөлек-бөлек баға береді. Саяншылар арасында, құстар: «Аспанда ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады» дейді екен деген аңыз қалған. Бұның өзі Жалайыр Шора саятшылық өнердегі жиынтық кейіпкер екенін аңғартса керек.