Шетел қазақатарының арасында театр, кино, музыка, кескіндеме секілді өнер саласында да өзіндік қолтаңбасын қалтыра білген тұлғалар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі белгілі өнер тарланы Қибатдолда Жұмапиұлы.
Сонымен қатар ол Моңғолия қазақтарының арасынан тұңғыш рет Моңғол халық республикасының халық артисі атағын тұлға.
Қибатдолда Жұмапиұлы 1921 жылы Қытай халық республикасының Алтай аймағына қарасты Көкбай деген елді-мекенде дүниеге келген. Сегіз жасында отбасымен бірген тағдырдың жазуымен кіндік қаны тамған жері Алтай өңірінен біржолата қоныс аударып, Қобда бетіне келіп қоныс табады. 1930 жылдары үдере көшпен жұртпен бірге Қобда бетіне ауып келген Жұмапи ақсақал басында бұл жерге үйрене алмай біраз қиналады. Алғашында Қызыл қайың (Улаанхус) деген жерде тұрады. Ақыр соңында жылжи көше отырып, Дэлүүн одан Хужирт деген елді-мекенде тұратын туыстарын тауып көшіп барады.
Жастайынан еңбекке араласып өскен Қибатдолда келген бойда әкесі Жұмапиұлына қолғанат болып жұмысқа араласып кетеді. Белгілі өлкетанушы-зерттеуші Мекебай Кәкенұлының айтуынша Қибатдолда Жұмапиұлы сол жерде жүріп өзінің өнерге құмарлығын байқатады.
«Қибатдолда ағамызды моңғол жұрты Қибаш деп еркелетті. Орта шаруа Жұмапи ағамыздың жалғыз ұлы Кибаш Керей руының ішіндегі Жәнтекей руынан тарайды. Соның ішінде Секел әулетінің Тотпанақ ұрпағы. Жасынан пысық, өнерге құмар, шаруаға мықты Қибаш Алтай асып келе жастай жұмысқа араласады. Нағашы жұрты Төлек ауылы да ежелден әйгілі домбырашы, әнші өнерге құмар болғандығы, жас Қибашқа да әсерін тигізбей қоймайды. Жастай домбыра ұстап жиын тойларды ән айтып жұртшылыққа таныла бастайды. Жалпы Қибаш атамыз сол кездегі заман талабы бойынша ауыл молдасынан сабақ алады. Ескі оқу бойынша өте жақсы оқып құранға түсіп құран аударатын, жаназа шығаратын дәрежеге жетеді. Қибаш басқа ешбір мектеп оқымаса да, өз талабымен арабша, кирилше, ескі моңғолша ұйғырша хатқа жүйрік ешкімнен де кем емес саутты адам болатын. Кезінде дінге тиым салған заман талабына сай молдалықты қойып, басқадай қоғамдық еңбек істейді», - деп жазады өзінің «Өмір - өзен», «Көңіл - көл дария» атты зерттеу еңбектерінде.
Мекебай ақсақалдың айтуынша, Қибатдолда 17 жасында Улаанхус сұмынындағы жергілікті артельге жұмысқа орналасады. Кейін Бай-өлке аймағындағы өндіріс орындарының бірінде кілтші, сатушы болып жұмыс істеген.
Қолы босай қалса домбырамен ән айтумен болады. Жұртқа енді танылып келе жатқанда соғыс басталып кетіп, 1942-43 жылдары әскер міндетін атқаруға аттанып Ховда аймағындағы двизияға ауысып сонда тізгіншілер даярлайтын 6 айлық курс оқып тізгінші мамандығын иеленеді.
Өнерге құмар жігіт қолындағы қара домбырасын ешқашан жанынан тастамайды. Ақыры бұл қасиеті оған үлкен мүмкіндіктер ашып, 1944 жылы Улаанбаатардағы әскери ансамбльге музыкант болып орналасады.
1945 жылы әскерден босап аймағымызға оралған ол сол жылы Аймақтық клубқа музыка мұғалімі болып орналасып, 9 жылдай жемісті еңбек етеді.
1954 жылы Цагааннуур жалғастыру базасының клуб меңгерушісі қызметіне ауысады.
1955 жылы аймағымызда жаңадан салынған Мәдениет үйіне қызметке орналасады. Мәдениет үйінің белді дарынды әншісі, домбырашысы болады. Домбыра ғана емес мандолин, гитара, шағын гармон т.б. музыка аспаптарын ойнай білген. Сондай-ақ молғолдың ұлттық музы-касы хуучир, шанзы аспаптарын шебер меңгерген. Сол жерде табан аудармастан 40 жыл қызмет етіп, зейнетке шығады.
«Қибаш 1943 жылы әскер қатарында жүргенде партия мүшелігіне қабылданады. Қибаш аса дарын иесі. Ешбір мектептен арнайы музыкалық білім алып, нота үйренбесе де құдайдың берген талантының арқасында және өзінің ізденгіш, алғырлығымен көптеген шығармалары асқан шеберлікпен орындай білген тұлға.
Ол күміс көмей әнші, шебер домбырашы ғана емес көптеген пьесаларда басты рөлде ойнаған адуынды артистердің бірі болған. Қазақтың қара домбырасында халық әндерін ғана емес әр-түрлі композиторлардың шығарма әндерін нақышын келтіре орындаумен бірге Тыва, Захчин, Дөрвөд, Халқа, Орыс, Поляк ұлтының әр қилы әндерін орындаған. Қибаш ағамыз ән салғанда, көрермен қауым ол кісіні сахнадан түсірмей бірнеше рет қайталататын болған», - деп атап өткен ол дарын иесінің орындау шеберлігіне де тоқталып өткен.
«Қибаштың ән орындау шеберлігі әсіресе күлдіргі әндерді көп орындайтындығында бол-ды. Мысалы: Моңғолың халық әні «Ганган хул», тываның халық әні «Дыңғылдай», қазақтың халық әндерінің қандайы болса да шебер орындайтын. Қазақтың «Он алты қыз» әнін ел аймаққа танытты. Қибаш сахнаға шыққанша бәйге атындай тықыршып тоқтай алмайтын. Ішінен киген күрең қызыл кестелі күміс шапан, күміс белбеуін буынып, сыртынан кестелі үлкен қара шапанын желбегей киіп, басында бөрік, қолында үкілі домбырасын ұстап күлімсіреп шыға келгенде көрермен қауым ду қол шапалақтап қарсы алып ән орындауын 2,3 қайтара қайталатып сахнадан жібермей отырып алатын Қибаштың өнерін бағалаған ақын Б.И-машхан былай деп жырлап еді.
Қибаш отыр игіліп
Сал жігіттей киініп
Дүйім халық қол соғат
Айтқанына сүйініп.
Театрдың өнер бригадасын бастап Қибаш бармаған аймақ, сұмын жоқ. Сонда, әлгі Моңғол ағайындар «Қибатдолда гуай бар ма?» деп сұрайтын, «Бар» десе қандай тығыз шаруасы болса да уақытын қиып, консертін тамашалайды екен», - деп жазады.
Тағы бір айта кетерлігі, Қибатдолда Жұмапиұлы сазгер ретінде де танылған тұлға. Зерттеушілер ол кісінің елуден аса музыкалық шығармалары болғанын айтады. Сонымен қатар, артына біраз күй қалдырған. «Ол кісі 50 ден аса әндердің сөзі мен музыкасын жазумен қатар көлемді әлде неше күйлердің авторы болған екен. Қибаш, Монғолияның барлық аймақ, сұмын елді мекендерде ойнап өз өнерін тамашалатумен қатар Москва, Ленинград, Киев және Тыва АССР-інде ойнап шын өнер иесі екендігін танытқан. Иә, Қибаш ағамыздың өнер саласындағы үлкен еңбегін еліміз өкіметі үлкен сый құрметпен бағалады», - деп атап өткен М.Кәкенұлы өзінің зерттеулерінде дарын иесінің шыққан биігі мен бағындырған белестері, алған марапаттарына тоқталған.
Зерттеушінің айтуынша, Қибаш ақсақалды моңғол мемлекеті қатты құрметтеген. «Бай-өлке халқы ғана емес жалпы моңғол жұртшылығы Қибаш ағамызды төбелеріне көтерді. Өкімет басшылары ағамыздың өнерін зор бағалап, сыйлықтан жауын жаудырды. Яғни көптеген марапаттарға ие болған адам. «Алтын жұлдыз» ордені, «Еңбек құрмет» медалі, мерекелік медалдар «Бид ялав» медаль және әскери, көпшілік ұйымдарының сый марапатына ие болған адам. Аймақ депутатына әлде неше рет сайланған. Аймақтық партия комитетіне мүше, белсенді қоғам қайраткері болды. 1960 жылы ел астанасы Улаанбаатарда Бай-өлке аймағының өнері мен мәдениет 10 күндігі өтті. Сол шарада ағамызға МХР-ның халық артисі деген атақ берілді. Бұл расы керек, Моңғолиядағы күллі қазақ баласы үшін үлкен болды. Өйткені, қазақ затынан бұл елде мұндай атақ алған адам болмаған еді.
Қибаш 5 ұл, 5 қыз өсірген ардықты әке, немере сүйген аяулы ата. Құдай қосқан қосағынан ертерек айрылса да ол кісі жасымады. Үнемі қайраттанумен болды. Өмірін сәйкестіре білді. Балаларын ешкімнен кем болдырмай өсірді. Балаларының қамымен 1993 жылы Қазақстан еліне қоныс аударды. Онда барыпта домбырасын тастамай ондағы қандас туыстарға өнерін көрсетіп талантын танытты. 2003 жылы Көкшетау өлкесінде дүниеден қайтты. Атамекенімізге мәңгі ұйқыға кетті», - дейды Мекебай Кәкенұлы.
Материал өлкетанушы-зерттеуші Мекебай Кәкенұлының «Өмір - өзен», «Көңіл - көл дария» атты зерттеу еңбектері негізінде дайындалды