Күлдір де күлдір кісінетіп...
Бүгінгі таңда тарихшылар мен археологтар жылқының ең алғашқы қолға үйретілген жері деп Қазақстанның солтүстік өңірін нақты тұрақтандырған. Жылқы бұдан 5500 – 6000 жыл бұрын алғаш қолға үйретілген. Және қымыздың дүниеге келген кезеңі де сол тұсқа жатады. Бұны археологтар Ботай қоныстарынан табылған қыш тостақтан алынған май жұғыны арқылы анықтаған екен. Батыс ғалымдары жылқыны қолға үйрету – сол кезең үшін самолет жасағанмен бірдей болды деген пікір айтады. Осы дата бойынша қарасақ көшпенді ата-бабаларымыз жылқымен бірге 60 ғасыр өмір сүрген екен. Олай болса жылқы туралы түсінік пен білімнің бастауы да қазақ даласында екені анық болғаны. Осы 60 ғасырлық тәжірибеде бабаларымыз жылқыға қатысты қаншама атаулар, ұғымдар жасап шығарды. Сонымен қатар жылқы туралы білімге де молынан ие болды. Бұл ғасырлар бойғы тәжірибе жемісі. Бұл мақаламызда осы тәжірибеден бүгінге жеткен аздаған түсінікті ортаға салып отырмыз.
Ақын Ғафу Қайырбеков: «Жылқы – қазақ даласының екінші аты. Осыншама даланы меңгеру үшін, осыншама шалғайлықты қаусыру үшін тек аттың ғана жалы мен белі, тұяғындағы желі керек болды, бабаларға»,– деген екен. Расында да, сағымға шыланып, бұлдырап жатқан ұшы-қиыры жоқ сайын даланың төсінде жүзіп өткен қазақтың тарихын жылқысыз еске алу мүмкін емес.
Қазақ батырлар жырында, ертегіде жылқы екінші кейіпкер. Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Қамбардың Қарақасқасы, Кендебайдың Керқұла аты мен Төлегеннің Бозжорғасы батырлардың басты тірегі болған. Сосын, жыршылар мен ертегішілер ер қанатын қалқайған қара тастай етіп суреттеуге тырысқан. Бұл батырдың көркі атымен екенін аңғартады. Бірақ шын тұлпардың тұрқы сұлу болмаса керекті. Мысалы, Ер Тарғынның тарланы былай суреттеледі: Томаға көз. Еріні етектей, қас албасты қабақты. Шықшыты оралып жатқан түбектей. Құлжа мойын. Жалы күлтеленген жібектей. Құйрығы қынаптан шыққан қанжардай. Жауырыны сыпыра шапқан тақтайдай. Омыртқасы отаудай. Тар мықын. Кебеже қарын, кең құрсақ. Сүбелі жері тастан соққан қорғандай. От орнындай тұяқты деп келеді.
Сәбит Мұқанов: «Гректер жылқыны суреттей алған жоқ, ал қазақтың жылқыны суреттеуі – шын мәніндегі поэзия» деген екен. Бұл бар ғұмыры, тірлігі, тіршілігі, ерлігі мен өрлігі жылқымен тікелей астасып жататын қазақ баласы ғана айта алатын пікір. Қазақтың күйі мен жырына арқау болған «Кербезкер», «Қара жорға», «Бестай», «Бозжорға», «Тепеңкөк», «Топайкөк», Ақанның «Құлагері» мен «Маңмаңгері», Біржанның «Телқоңыры», «Бурылтайы» мен «Керкекілі», Кененнің «Көкшолағы» мен Ерғалидың «Шайтанқарасы» осының тірі куәсі.
Алуан-алуан жүйріктің ішінен, төрт аяқты жануардың арасынан тұлпарды тану, қазақтың өзінен басқа ешкімге берілмеген ерекше қасиеті. Жақсы аттың сынын Абай:
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ...
– деп сипаттаса, Ілияс Жансүгіров:
Сіңірлі, жер соғарлы, аяғы тік,
Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік.
Шашақты, шақпақ етті, аласа ұршық,
Құндыздық қалай біткен құйрыққа дөп?
– деп, Құлагерді көруге келген сыншылардың біреуінің аузына сөз салады.
Мықты сыншылар тұлпар болар жылқыны құлын кезінде таниды екен. Олардың пайымдауынша, жылқының жүйрігі негізінен қулық биеден туады. Құлынның тұяғы қалың, кішкене бақайы жуандау, тік әрі қысқа болып, табаны шұңқырлау келеді. Сауыры жұмырланып, қолтығы кеңдеу, саны етті, қол еті де білеуленіп сыртқа теуіп тұрады. Басы етсіз, көзі жанарлы, мінезі момындау болады. Жас кезінен айғырмен тістеспейтін сақ келеді де, үйірінен бөлек жайылады. Жалы сұйықтау болғанымен әр талы қатқыл, қайратты келеді. Жүйрік үшке бөлінеді екен:
Қарғыншыл – ұшқыр жылқы. Мұның көбінесе жүрдектік қасиеті ғана бағаланады.
Қашағаншыл – көбінесе жылқышылар мінеді. Аз қашықтыққа жылдам шабады, үйірді қайыруға, асау ұстауға ыңғайлы. Басты қасиеті ылдым-жылдым, шапшаң бұрылады, тез қимылдайды.
Жүйрік – бұл енді бәйге аты. Тынысы кең, делдиген танауына кішкене баланың жұдырығы сиып кетеді дейтіннің нағыз өзі.
Жылқының сұлуы түркімен жылқысы – ақалтеке. Өте әсем, басы ашаң, бота көзді, мойыны ұзын, тік, шоқтығы биік, ұзын арқасы жұмсақтау, жоны ұзын, сауыры сәл түсіңкі, аяқтары ұзын, жіліншіктері жіңішке, жөні тақыр, бақайлары дөңгелек. Артқы аяқтары көбіне қайқылау, терісі жұқа, жалы жұмсақ. Жылқы малының ақсүйегі десе болғандай. Алайда, күтімді көп тілейтін, жайылымға қырсыз, суыққа төзімсіз бұл жылқының түрін бабаларымыз тек сән үшін ғана мінсе керек. Ал, қашқанды құтқармайтын, қуғанға жеткізбейтін, үстінен апталап-айлап түспесең де шаршамайтын қазақтың жауынгер жылқысының денесі ерекше шымыр, ауа-райының құбылмалығына төзімді, жем-шөп талғамайды, жыл бойы тебінде жүрсе де күйін бермейді. Тұрқына келер болсақ, басы үлкен, сағағы кең, көзі кішілеу, мойыны жуандау, тұрқы орташа, шоқтығы онша биік емес, көкірегі кең, қабырғалары ұзын келеді. Арқасы берік, шабы тар, аяқ сіңірлі (сіңірлері білеуленіп тұрады), жуан, сүйекті, тұяқтары кішілеу. Ал, шабысына:
Найзағай сынды байғұсың,
Шабатын еді-ау аспандап, – деген жолдар ғана сай келеді.
Күнде мінсең – тулақ
Әдетте, қай елде болмасын, жылқы малын жасына қарай құлын, жабағы, тай, тайдан кейін еркегі құнан, ұрғашысы байтал, дөнен, бесті, алты жасар ат деп жалпылама жіктейді.
Жылқының басы – айғыр. Содан кейін барып еркек малды екшелей бастаймыз. Жасамалы – 3-4 жастан асқаны. Сәуірік – 3-4 жасқа дейін піштірілмеген әрі үйірге салынбағаны. Құр айғыр – өмірі жүген-құрық тимей, әбден семіргені. Бұзғыш – айғырдан шыққан биеге еріксіз шауып жүріп, «құлынын» ағызып жіберетін айғыр. Шақар – өз үйіріндегі биелерді місе тұтпай, басқа айғырдың бауырындағы үйірін шайнасып жүріп тартып алатын айғыр. Шартық – екі енінің бірі піштірілмей қалған айғыр. Сыңар ен – бір ені жаратылысынан болмайтын айғыр. Азбан – алты жасында піштірілген жылқы. Бірақ, әдетін қоймайды. Оқыранып, үйірінің есін шығарғанымен, бұрынғыдай биелердің күйітін қандыра алмайды.
Ат – піштірілген еркек жылқы. Сақа – 11-12 жасар ат. Шиарқа – көп міністен арқасы жауыр болған ат.
Күнде мінсең – тулақ.
Аптада мінсең – қунақ.
Айдында мінсең – ат.
Жылында мінсең – тұлпар, – дейді екен жылқышы қазақ.
Мес ат (мәстек) – тоқ-аштығы білінбейтін, жуан денелі, қарынды ат. Мықыр – шоқтықсыз келген тапал мініс жылқысы. Қазанат – бойшаң, денесі ірі, әлді, жұмыр, құйма тұяқты мініс жылқысы. Негізі, қазақ жылқысының екі түрінің бірі жабы болса, екіншісі осы қазанат.
Көптеген шығармаларда, «Аста, бәйгенің алдында келген көк дөнен, арда емген тұлпардың өзі екен...» немесе «Бай қонақтарына қысыр емген тай сойыпты» деген жолдар кездесіп жатады. Сондағы, арда емген деп құнанына дейін енесін еміп, ақ жілік болған жылқы баласын, қысыр емген деп айғырдан шығып, құлын тастаған биенің әлі еміп жүрген былтырғы құлынын айтқан екен. Сонымен қатар, өз енесімен қоса телінген енесін де еміп жүріп, бір жастан асқан жылқыны тел тай десе, былтырғы кеш туған құлынды кенже деп атайды.
Жылқылы ауылдарда төл басын, үйірдің алдын мама бие деп жатады. Айналаны ақ түтекке ораған боранда есі бар жылқышы, жылқы ішіндегі мама биеге мініп, үйірді алдына салып, «ауыл қайдасың» деп, тартып отырады. Демек, жылқы малының ішіндегі тегеурінді, төзімдісі де осы бие болса керек. Тайлы бие – айғырдан шықпай қалған немесе іш тастап кеткен, сол себепті, былтырғы құлыны арқылы сауылатын бие. Мес бие – жуан қарынды, денесі үлкен, күшті бие. Тел бие – құлыны өліп немесе қасқыр жеп кеткендіктен басқа құлынға телінген бие. Сақа – бес-алты рет құлындаған бие. Қулық бие – бес-алты жасында бір-ақ құлындаған. Үлкен қулық бие – міністен ерғашты болып, күш-көліктен басылып, үйірге кеш қосылған бие. Кіші қулық – тайында айғырдан шығып, құнажынында құлындағаны. Қасабалы – жеті-сегіз жасар құлынды бие. Шарланбаған – құлыны өліп, суалған семіз бие. Асау бие – үйретілмеген құлынды бие. Жылқы малы ішіндегі ең сезімтал, жершілі бошалауық бие. Қысқы мекеннен жайлауға барып немесе туып-өскен жеріне барып құлындайды екен. Құнды бие – сүтті әрі суыққа суыққа төзімді бие болса, құтымсыз – сүті аз, құлыны әлсіз бие. Құт бие үнемі ұрғашы құлын табады. Құртық – құлынды биелер арасындағы ең кішісі. Арамза бие деп мерзімінен бұрын шағылысып, қыс ішінде құлындағанын айтады. Ту бие – құлын тастаған семіз бие. Бұл туралы «Жоғарғы елге жорға бие, төменгі елге ту бие сойыпты» деп, қазақ ертегілеріндегі ханның асы суреттелетін. Тасырқаған, не тосырқаған бие – алғашқысы табаны жұқарып тозған, соңғысы үйірін бөтенсіген бие. Ашаң бие – қасқа шыдамсыз, ет алып оңалмаған, сүтсіз 7-8 жасар бие. Босаң – тез арықтайтын бие. Тоқтаған бие – орта жастан асқаны. Кәртамыс – құлынды биенің 11-14 жас аралығындағысы. Сүті қайтқан – кәріліктен, күтімсіздіктен сүті азайған бие. Исіншек – сауар алдында құлынына жасып, исініп сүтін ағызып жіберетін бие.
Қымыздың қызуы бар
Бие сүтінде қант өте көп болады. Жаңа сауылған саумалдан ұрттап көрген адам мұны бірден байқайды. Қант көптігінің тағы бір белгісі – қымыздың жылдам ашуы. Әбден ашыған қымызда 3-4 пайызға дейін таза спирт болады екен. «Көженің кенеуі болса, қымыздың қызуы бар» деген сөз осыдан қалса керек.
Қымыздың майы дәмді, ақуызы жұғымды. Оның құрамындағы аз шамада кездесетін сүт және көмір қышқылдары адамның тәбетін ашып, асқазанның жақсы жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Бие суда және майда еритін C, E, B(1), B(2), B(3) дәрумендері өте көп. Сондықтан, ол туберкулезге таптырмайтын ем. Қымыздағы лактоза сиыр сүтіндегіден 1,5 есе көп. Ал, ондағы ақуыздың 50 пайызын альбумин, қалғанын казеин құрайды. Сондықтан, қымыз асқазанды ыстап, адамның өзін әлдендіріп, тәнді жаңғыртады. Баяғыда қазақтар «жіңішке» деген жаман ауруды қымызбен емдеген екен және қан аздықтың да бірден бір емі – осы қымыз болады. Ең ақыры, қымыз денедегі адам ағзасына керексіз, артық заттардың термен, зәрмен шығуына көмектеседі.
Жылқы малына берілетін азық үшке бөлінеді: Көлемді азықтар – пішен, сабан, топан; шырынды азықтар – қызылша, сәбіз, сүрлем; күшті азықтар – сұлы, арпа, жүгері, кебек, күнжара. Осылардың арасынан жылқының сүйсініп жейтін азығы сұлы. Ал, сұлының дәмі басқа дәнді азықтардан әлде-қайда жұмсақ болғандықтан, жеңіл әрі тез қортылатынын, ата-бабаларымыз өсімдіктану тұрмақ, жануартану ғылымы пайда болмай тұрғанда-ақ аңғарған. Сол себепті, алыс жақтарға ат үсті жорықтарға аттанғанда, аттың тұмсығы сиярлықтай етіп тігілген дорбаға сұлы салып алатын болған. Және ұзақ жүрістен алқынып, шөлдеген жануарға қойдың білем құйрық майын жұтқызып отырады екен.