Қара өлең – қазақ тарихының айнасы
06.10.2020 5223

Қазақ халқының рухани әлемін барша жазықтығымен тереңдігінде айқын көрсеткен, әліде көрсете алатын бір құдірет болса, ол – ауыз әдебиеті. Мақал-мәтелдерінен бастап жұмбақ-жаңылтпаштарына дейін, жыр термелерінен бастап шешендік сөздеріне дейін, ертектерінен бастап аңыз әңгімелеріне дейін, тұрмыс –салт өлеңдерінен бастап эпикалық қиса-дастандарына дейін сала-сала болып желі тартып жатқан бітім-болмысы таң қалдырмай қоймайды. Қазақ ауыз әдебиетінде жалған сөзуарлық пен жалған дидактикадан гөрі тарихи-әлеуметтік өмірдің рухани айнасы болу міндеті басым жатады.

Осы уақытқа дейін әр түрлі ғылым-зерттеушілеріміздің, тарихи-әдебиетшілеріміздің жол-жөнекей ауызға алып өткені болмаса, арнайы әңгіме арқауы болмай келе жатқан ауыз әдебиетіміздің бір қызық саласы бар.


Ол – қазақтың қара өлеңі. Күні бүгінге дейін халқымыз ең мол тұтынатын, күні бүгінге дейін тоқтаусыз туындап жатқан әдеби-фольклорлық бір жанр болса, ол–кәдуілгі қара өлең. Қара өлең өмір-тіршілігіміздің барлық саласын, сезім-түйсігіміздің барша қасиетін әсерлі көрсетіп келе жатқан икемді де өміршең жанр. Өкінішке орай, қара өлеңнің не жанрлық ерекшелігі неменесе тарихи тек-тамыры, көркемдік қасиет бітімі кейбір қысқа-қайырым пікірлерде еске алғаны болмаса арнайы көңіл бөлініп зерттелген емес.

Сонымен бұл зерттеу жұмысымыз жоғарыдағы аталған халық болмысының аққайнары қара өлеңге арналады. Бұл арада ерекше ескере кететін жайт бар. Ол авторлық өлең бір адамның толғанысы, қара өлең бір халықтың толғанысы. Халық айтса қалып айтпайды. Бір автор, бір халықтың клеткасы ғана. Ол мыңдаған автор тудыратын үлкен қайнар. Ендеше қара өлеңге жекелеген адамның ойымен бағам жасау, арғы-бергі жағын барлау өте қиын. Бірақ қиын екен деп бағамдамауға, зерттемей қоюға да болмайды.

Осы мақаланы жазу барысында алдыңғылардан тәбәрік болып қалған зерттеулердің көмегі көп тиді. Сол зерттеулерді басшылыққа ала отырып біз біріншіден, қара өлеңнің бұрнағы заманнан бергі зерттелуіне тоқталдық. Қара өлең туралы ғылыми тұжырымдар білдірген ғалымдар арасындағы пікір қарама-қайшылықтарына тоқталдық. Әр ғалымның айтқан пікірін ой сарабынан өткіздік, дұрыс-бұрыстығын білуге ұмтылдық. Қара өлеңнің жанрлық ерекшеліктеріне де жекелей тоқталдық. Фольклор синтетикалық жанр. Сондықтан қара өлеңді фольклордың басқада жанрларынан екшеп алу үшін, әр жанрға тереңнен байыптау жасай отырып, қара өлеңнің өзіне ғана тән жанрлық элементтерін ашу керек те болды.

Қара өлеңнің көркемдік ерекшелігін, ол қалай айтылады, оның басқа фольклорлық мұралардан ой айтуында, көркемдік бейнеленуінде, образдық жүйесінде, композициясында қандай айырмашылық бар екенін назарға ала отырып, жекелеген көркемдік ерекшеліктерін де анықтауға тырыстық.

Қара өлеңнің көркемдік өрнегін, қара өлең поэтикасын зерттеу – қазіргі фольклортану саласында да әлі де болса кең өріс тауып, жан-жақты сөз бола қоймаған мәселе. Бұған байланысты ғалым С.Қасқабасов: «Бізде қазақ фольклорының поэтикасына арналған үлкен зерттеу жоқ. Тіпті, фольклорды былай қойғанда, қазіргі әдебиетіміздің поэтикасы жайлы еңбектер өте аз...» деген пікірі де бар. Мұның өзі бір жағынан поэтика мәселесінің бүгінгі таңда да ең актуалды, әрі күрделі проблема екенін танытса, екінші жағынан, белгілі бір мұра, иә жанр төңірегінде зерттеу жүргізу қазақ фольклортану ғылымының аса бір ділгір мәселесі екендігін дәлелдейді. Осыған байланысты қазақ қара өлеңін арнайы зерттеп ең тұшымды ғылыми пікір білдірген ғалым Б.Уахатов: «фольклордың әрбір жанрына қатысты поэтикалық ерекшеліктерді зерттеу өз алдында бір тың жатқан үлкен мәселе» деп атап өтеді.

Қара өлеңнің тарихи генезисін анықтау барысында осыған дейінгі жарық көрген, тақырыпқа қатысты әр түрлі мақалалар сараланды. Қара өлеңнің ұлт фольклорындағы алатын орны мен өзіні тән құрылымдық, мағыналық, көркемдік ерекшеліктері зерттеу жұмысының   негізгі нысаны болды.

Зерттеу жұмысының негізгі дерек көздері ретінде «Бабалар сөзі» сериясымен «Фолиант» баспасынан шыққан жүз томдық шығармалар жинағынының, қара өлеңге қатысты 70, 71 томдары болды. Содан бөлек ғалым, этногрофтанушы Ақселеу Сейдімбектің «Мың бір маржан», Бекмұрат Уахатовтың «Қазақтың халық өлеңдері», Оразақын Асқардың «Қара өлең» еңбектері ерекше назарға алынды. С.Қасқабасов, З.Ахметов, Қ.Жұмақанұлы, С.Ақатаев, Б.Бабажанның т.б қара өлеңге байланысты түрлі зерттеу еңбектері жүйелі пайдаланылды.

Қара өлеңнің өзіне тән жанрлық ерекшелігі мен көркемдік сипатын анықтау және өлеңдердегі айтылатын ойдың құндылыған, тереңдігін, өміршеңдігін, бойына біткен барша құнарын табуға ұмтылу тақырыбымыздың негізгі темірқазығы болды. Тақырыпты ашу үшін алдымызға төмендегідей міндеттерді негізгі мақсат қылдық.

– Қара өлеңнің құрылымдық сипаты, мағыналық ерекшеліктері, көркемдік әдіс-тәсілдері туралы ғалымдардың пікірлерін салыстыра отырып, ортақ байлам жасау;

– Қазақ фольклорында кездесетін әр жанрдың ерекшеліктерін саралай отырып, қара өлеңнің өзіне ғана тән жанрлық сипатын анықтау;

– Қара өлеңде ұшырасатын басқа да жанр элементтерін саралау;

– Қара өлеңнің көркемдік ерекшеліктерін айқындау;

Қара өлеңді талдап, тану негізінде біріншіден, қара өлең тарихы мен теориясын сөз ететін Б.Уахатов, О.Асқар, А.Сейдімбек т.б. ғалым зерттеушілердің еңбектері мақаламыздың негізін құрады. Екіншіден, фольклортану ғылымындағы көрнекті ғалымдарымыздың тұжырымдары мен ой-түйіндерін негізге алдық. Тағы да бір ерекше ескере кететін жайт, өлең поэтикасын зерттеуде іргелі еңбек болып саналатын А.Н.Веселовскийдің «Историческая поэтика» жұмысындағы аталатын жекелеген көркемдік әдіс-тәсілдердің жасалу жолдары, қара өлеңнің поэтикалық қалыбын анықтауда назарға алынды. Әдебиеттану ғылымының әдебиет теориясы, фольклортану саласы басшылыққа алынып, осы саладағы ғылымның көрнекті өкілдері: М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин, С.Қасқабасов, З.Қабдолов, С.Қирабаев, З.Ахметов, Б.Уахатов, О.Асқар, А.Сейдімбек, С.Ақатай сияқты көрнекті ғалымдардың зерттеу еңбектері де мақаламыздың тақырыптық-идеялық, көркемдік-эстетикалық мәселесін тереңдете түсті.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізінде. Қара өлеңнің көркемдік, стильдік ерекшеліктеріне, көркемдеу әдіс-тәсілдері мен жанрлық жүйесіне жүргізілген ғылыми-зерттеу еңбектер басшылыққа алынды.

Қара өлең мәтінін негізінен салыстырмалы талдау, жинақтау, тұжырым жасау, тарихи-генетикалық талдау әдістері жүйесімен жүзеге асты. Өлеңнің жанрлық даралану, тіл ерекшелігі, форма мен образ сипатынан жүйелі-кешенді және тарихи-салыстырмалы әдістер аясына негізінен салмақ сала отырып зерттелді.

Бұл еңбегімізде халқымыздың фольклорлық мұрасы қара өлеңнің идеялық-көркемдік, стильдік ерекшеліктері, көркемдеу әдіс-тәсілдері мен жанрлық жүйесі анықталды. Қазақтың қара өлеңі: жанр, стиль, көркемдік тұрғыдан жүйелі талданды. Қара өлең мәтінінің теориялық сипаты талданып, фольклортану ғылымындағы және қазіргі қазақ әдебиетіндегі алатын орны бүгінгі тәуелсіз көзқарас тұрғысынан жаңаша қарастырылды; Қазақ әдебиетіндегі жүйелі зерттелмеген поэтика мәселесі екенін ескере отырып, осы олқылықтың орнын азда болса да толтыру үшін, жеке ғылыми тақырып алынып, қара өлең поэтикасына талдаулар жасалды; Қара өлеңнің құрылымы, мағыналық ерекшелігі, жіктелімі, түрлері, жанрлық сипаты туралы айтылған ғалымдардың пікірлерін жинақтай отырып, айтылған ойлардың дұрыс-бұрыстығын анықтауға ұмтылыстар жасалды. Қара өлеңнің өзіне тән жанрлық ерекшеліктері сараланды; Қара өлең мәтініндегі халық дүниетанымы, ойы, мақсаты, арман-аңсары, мақсат-мүддесін, біз тани алмай жүрген барша тереңдігімен, биіктіктерін білуге талпыныстар жасалды.


Қара өлең құрылысы, өлшемі туралы ең әуелі нақты пікірлер айтқан зерттеуші ғалымдар - Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Қ. Жұмалиев, Б.Уахатов, З. Ахметов, А. Сейдімбеков, С. Ақатаев, А. Оразақын - әр кезеңдерде қара өлең туралы құнды еңбектер жазды.

ХХ ғ. 50-80 жылдар аралығында қара өлең туралы құнды пікір айтқан адамдар – М. Әуезов, З. Ахметов, Б. Уахатовтар еді.

Осы саладағы тың ізденістердің бірі А.Н.Веселовскийдың «әр түрлі халықтар фольклорындағы мотив ұқсастықтары образды формулалар қоғамдық жайдың біркелкілігінен туып, қалыптасқан. Көркемдік ойлау жүйелерінің бір сарынды, ұқсастығын, психологиялық әрі тұрмыстық өмірдің бірдейлігімен түсіндіруге болады» деген ойын басшылыққа ала отырып Бекмұрат Уахатовтың 1983 жылы жарық көрген «Тұрмыс-салт жырларын тарихи-салыстырмалы тұрғыдан зерттеу» еңбегі өте құнды дүние болып саналады. Бекмұрат Уахатов аталған еңбегінде: « А.Н.Веселовский, В.М.Жирмунский, В.Я.Пропп, Б.Н.Путилов нақтылы зерттеу жұмыстарында жалпы методологиялық міндеттер мен жаңалықтарды шебер пайдалана білген. Біздің алдымызда тұрған аса жауапты да күрделі парыз- аталған ғалымдардың осы методологиялық зерттеу тәсілін қазақ топырағына сіңіріп, күнделікті іс-тәжірбиемізде соны жетілдіре беру» – деген болатын.

З.Ахметовтың кітабын оқып отырып түйер ойымыз . Халық поэзиясының жаны – сөз, сөз өнері, сөздің бейнелі, суретті кестесі десек, бұл ауыз әдебиетіне эстетикалық терең, нәзік сезім дарытатын көркемдік құралдардың бірі. Бейнелі сөздерді алсақ, олар ақындық, эстетикалық сезімнің, дүниені образды, бейнелі түрде танып-білетін және танытатын, көрсететін көркем ойдың бір нышаны іспетті. Оны автор былай тұжырымдайды: «Өлең жырлардағы бейнелі, өрнекті сөздер әлде қандай бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуестіктен емес, эстетикалық сезімнен, образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қабылдаудан тұрады. Өлеңге, өлеңмен жазылған шығармадағы әрбір суретке , әрбір сөзге поэзиялық сәулет, поэзиялық нә, көрік беретін нәрсе- ақындық ой-сезімнің тереңдігі мен көркемдігі. Өлең сөз кестесіндегі, поэзия тіліндегі көп ерекшеліктерді дұрыс түсіну үшін ақындық ойдың , көркем ойдың ерекшелігін, дүниені әсемдік жағынан түсінудің өзгешілігін білуіміз керек нәрсе»-дейді. Әрбір бейнелі сөз – әдеби шығарманың көркемдік түрін түгелдей алғанда бүтіннің бөлшегі. Ол сөз кестесіндегі көркемдік жасаушы көп әшекейдің бір кішкене айшығы ғана. Солай бола тұрса да поэзия үшін бейнелі сөздердің, көркем баламалардың маңыздылығы ұшан-теңіз. Тегінде өлең тілі, сөз бейнелілігі айтайын деген оймен, шығарма мазмұнымен тығыз байланысты болады. Өйткені тіл де, тіл өрнегі – тұспал сурет, балама бейнелер де – бәрі-бәрі де халық өмірінен, шаруа-кәсібінен, әдет-ғұрпынан бастау алады. «Бейнелі сөздердің көркем баламалардың маңыздылығы әдеби шығарманың мазмұнын ашуға, ондағы айтылатын ойды әсерлі етіп жеткізуге қаншалықты себі тиетіндігімен білінеді. Поэзияда не нәрсені болсын көбінесе жалпыға түсінікті, күнделікті өмірде неғұрлым көп ұшырасатын, халық ұғымына әбден сіңіскен ұғымдармен салыстырады.

Салыстыру, теңестіру дегеніміз ойлау, сезінудің нәтижесі болғандықтан , оған негізделіп жасалған астарлы мағынасы бар көркем бейне оқушының ой-сезімін қозғап, күшті әсер етеді. Салыстыру негізінде айтылған көрсетілген жайларға жалғаса туатын ой-сезім, сурет, елес өзінен-өзі өрбіп өздігінен пайда болып жатқандай көрінеді. Және сол салыстырудың негізі болған ой неғұрлым өткір, терең болса,көркем сезім неғұрлым нәзік , күшті әсерлі болса, салыстырмалы бейненің, балама, тұспал бейненің оқушының жан-жүйесін тебірентіп, сезімін оятып, тұтандырып, ұшқындатып тұратын қуаты да соншалық зор болады.

Ғалым бейнелі сөдердің түрлері – теңеу, метафора, метонимия, аллегория, эпитет, символ – екі нәрсені, екі құбылысты бір-бірімен салыстыру, шендестіру, бірінде бар ұқсас қасиеттерді екіншісіне балап, тұспалдап көрсету арқылы жасалатынын айтады. Эпитет, теңеу, метафора, метонимия, аллегория, символ секілді бейнелеу, көріктеу тәсілдері екі нәрсені тура, тікелей салыстыру түрінде жасалады., не болмаса, екі нәрсенің арасындағы жалғастық, ұқсастық ескеріліп, соның негізінде ауыспалы, астарлы мағынасы бар бейнелі сөз туады.

З. Ахметов нағыз поэзиялық көркемдік шеберлікті аңдататын өнер – халықтық өлең-жырлары болса, халықтық тілдің тұнығынан екшеп алынған небір асыл сөздерді, суретті сұлу өрнектерді сол өлең-жырлардан таба алатынымызды атап өтеді. Автор бұл ретте халықтық поэзияның тіл кестесіне әбден орнығып, тұрақтап қалған эпитет, теңеу, метафора, символ сияқты сипаттау тәсілдерін нақты мысалдармен саралап береді. Ол үшін ұлттық сөз өнерінің рухын барынша дәл әрі айқын етіп ажарлай түсетін ұғымдарды мысал етеді.

З. Ахметов зерттеулерінің аса бір қызықты тараулары халық өлеңінің құрылысына, жүйесіне, өлшем-өрнектеріне, оларды түрлендіріп қолдану үлгілеріне арналған. Ол ұтымды, шебер қолданылған әрбір сөз, әрбір буын, бунақ, дыбыс өрнектері өлеңге бейне бір жан бітіріп, әуезділік береді, келісімді, ширақ ырғақ дарытады, сөздің үнділігі мен әуенділігін, әсерлілігі мен көркін күшейтеді дейді. Осы секілді автор он бір буынды өлең мен жеті-сегіз буынды жыр өлшемдерін, халық поэзиясында шумақты, тармақты, ырғақ, ұйқасты түрлендіріп қолданудың небір тамаша үлгілерін ұтымды деректермен дәлелдеп берген. Сөз өнерінің поэтикасын зерттеуде академиктер Ф.Е. Корш, В. Гордлевский, А.Н. Веселовский еңбектерінің бағасы аса зор. Соның ішінде тарихи поэтиканың теориясына арналған А.Н. Веселовскийдің «Из введения в историческую поэтику», «Из истории эпитета», «Психологический параллелизм и его формы в отражениях поэтического стиля», «Три главы из исторической поэтики» деген зерттеулері күні бүгінге дейін өз құнын жоғалтқан жоқ. Бұл туралы белгілі өлеңтанушы ғалым З.Ахметов : «Тарихи поэтиканың негізгі принципті тапсырмасы көркемдік тәсілдерінің бейнеленуін, айтылуының заңдылықтарын анықтау. Бұл тапсырма көптеген халықтардың фольклорлық мұрасын зерттеу арқылы жүзеге асады. Тарихи поэтиканың негізгі міндеті жекелеген элементтерді: психологиялық паралелизм, қайталау, эпитет қана емес поэтикалық жүйесін толықтай білу. Тарихи поэтиканы зерттеуде тарихи-салыстырмалы әдістің қызметі өте ерекше, ол әр халық фольклор элементтерінің қалыптасуын ұғындырады» дейді.

Қайта кейінгі жылдарда тарихи поэтика проблемаларын қарастырып, сөз еткен бірталай зерттеулер А. Веселовский еңбегін басшылыққа алып, соны ілгері дамытып келеді. Соның бір айқын мысалы М. Горький атындағы дүниежүзі әдебиеті институтының фольклористері шығарған «Фольклор. Поэтическая система» (1977) атты мақалалар жинағы. Бұдан басқа жекелеген авторлар – Б.М. Соколов пен В.Я. Пропп, Н.И. Кравцов пен С.Г. Лазутин, А.М. Новикова мен Н.И. Колпакова, Б.Н. Путилов пен В.П. Аникин, В.М. Гацак пен М.П. Штокмар, Л.А. Астафьева мен В.М. Сидельников, Б.П. Кирдан мен Е.М. Мелетинский, В.И. Еремина мен В.В. Митрофанова еңбектері фольклор поэтикасын зерттеуге жаңа бір белес болып табылады.

Қазақ халқының ХІХ ғ. өмірін, тұрмысын, жөн-жосық, жол-жоралғыларын, ауыз әдебиетін жинап, зерттегендер, негізінен, орыс ғалымдары, орыстың атақты саяхатшы этнографтары екені белгілі. Соның ішінде А. Левшиннің «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» деген еңбегінің мәні ерекше. Бұл кітап кезінде төрт жүз дана ғана болып басылған. ХІХ ғ. І ширегінде өмір сүрген қазақ халқының тарихынан, көне замандағы ақын-жыраулардың өнерінен, ауыз әдебиетінен берілген ең алғашқы жазба деректер осы кітапта болған.

А. Левшин бұл еңбегінде қазақ өлеңдерін жанрлық жағынан: батырлық (эпос және тарихи жырлар) деп, тұрмыс-салт жырлары, лирикалық өлеңдер деп үш топқа бөледі. Әрине, ол қазақ өлеңдердің әдейі арнайы зерттемеген. Тек әдет-ғұрыпқа, жөн-жосыққа байланысты жазып алған бірлі-жарым өлеңдері болмаса, бұл мәселе төңірегінде жүйелі сөз қозғамаған адам.

М.В. Готовицкий 1889 жылы «О характере киргизских песен» деген еңбегінде қазақ өлеңдерін мазмұн жағынан эпикалық, лирикалық және драмалық өлеңдер деп үш топқа бөлді және соның «ең мол бөлігі лирикалық өлеңдерден тұрады». Лирикалық өлеңдер табиғатты сипаттап, сүйіскен жастардың жолығысқан жерін, олардың айырылысу мен аһ ұрған күйінішін көрсететін көптеген қысқа өлеңдерден құралған. Барлық шығыс поэзиясы секілді қазақ өлеңдерінде де теңеудің атқаратын ролі ерекше. Бірақ бұл парсы поэзиясындағыдай орынды-орынсыз тықпалап, шектен шыға қолданылатын метафораға ұқсамайды. Қайта қазақ өлеңдерінің өзге текстері тәріздес лирикалық өлеңдердің ерекше белгісі – оның ешбір боямасыз, қарапайымдылығында. Сонымен қатар, ол қазақ өлеңдерінің өз ерекшелігін ашып көрсету үшін оны араб, өзбек өлеңдерімен салыстырады, қазақ өлеңдерінің ешбір қоспасыз, табиғи таза күйінде сақталуы сол халықтың ұлттық тұтастығынан деп біледі.

Қазақ өлеңдерінің мелодиялық ерекшелігін баяндайтын тағы бір еңбек Р.А. Пфеннигтің мақаласы. Бұл екі мақала «Этнографическое обозрение» журналының үшінші кітабында «Две статьи о киргизских и сартских народных песнях» деген ортақ атпен басылған.

Р.А. Пфенниг «қазақ өмірінің ең мәнді деген құбылыстарының бәрі қалай болғанда да, өлеңмен байланысты өтеді. Қазақ халқы үшін өлеңнен бағалы, өлеңнен мәнді ештеңе жоқ. Ол өлең шығарғыштығы жағынан өзімен қатар тұрған қай халықтан болса да артық. Қазақ өлеңдерінің формасы-ақ оның өлең құрудағы тамаша, шексіз сезімталдығын дәлелдейді. Қазақтар табиғаты жағынан нәзік сезім мен түсінікке бөленген»   деген лебіз білдіреді.

С.Г. Рыбаков 1909 жылы Орыс географиялық қоғамының мәжілісінде жасаған баяндамасында қазақ өлеңдерінің байлығын айтып, соның ішінде әдет-ғұрыпқа, салтқа байланысты туған шығармалардың көптігін ескерткен және лирикалық, эпикалық, дидактикалық өлеңдерді сипаттайтын біраз пікірлерге тоқталған. С.Г. Рыбаков, М.В. Готовицкий, Р.А. Пфенниг, т.б. зерттеушілер қазақ өлеңдері түстікте – өзбек, иран, парсы, терістіктік пен батыста – орыс халықтарымен араласып тұрса да, әрқашан өзіндік өзгешелігін, ұлттық сыр-сипатын жоғалтқан жоқ деген қорытындыға келеді.

Қазақ өлеңдерін жинап-теру жұмысына ерекше мол еңбек еткен ендігі бір ғалым академик В.В. Радлов – қазақ халқының ән құмарлығына қайран қалған, соның ән салғыш, өлең шығарғыш өнеріне тәнті болған адам. Қазақ өлеңді ұнатса, оны «ертегі дүниесінде айтылатын әлдеқандай ғаламаттығы үшін емес, онда өз өмірі, өз сезімі, өз арманы суреттелгені үшін» ұнатады деп жазады ол. Радлов жинаған қазақтың салт өлеңдері мен бата, бақсы сарыны секілді жырлары әлі де сол қалпы әдебиетші-фольклористер үшін де, тілші, этнографтар үшін де әсте таптырмайтын, сирек ұшырасатын материалдар.

Радлов бастырған «Түркі руларының халық әдебиеті нұсқаларының» үшінші томы түгелдей дерлік қазақтың ауызекі шығармаларынан тұрады. Мұнда ол қазақтың тұрмыс-салт жырлары мен өлеңдерін «Үлгі сөз», «Бата сөз», «Ұзатқан қыздың өлеңі», «Жоқтаған жыр», «Қайым өлең», «Бақсының сөзі», «Қара өлең» деп мазмұнына қарай бірнеше топқа бөледі. Барлығы отыз алты өлең. Соның он бірі үлгі сөз, біреуі бата сөз, сегізі ұзатқан қыздың өлеңі, төртеуі жоқтау жыр, төртеуі қайым өлең, біреуі бақсының сөзі, жетеуі қара өлең. Қазақтың ауыз әдебиетіне арналған ендігі бір еңбек – Түркістан мұғалімдер семинариясының оқытушысы Я. Лютшьтың құрастырған «Киргизская хрестоматиясы». Жинақ 1883 жылы Ташкент қаласында шыққан. Жинаққа Ақмешіт, Түркістан, Шымкент, Әулиеата қазақтарының мақал-мәтелдері мен жұмбақтары, батырлық жырлары мен айтыстары, ертегілері енген. Сондай-ақ жетпіске тарта жоқтау, көңіл айту, қара өлең, махаббат өлеңдерінің үлгілері басылған. Затаевичтің белгілі «Қырғыз (қазақ) халқының 1000 әні» мен «Қазақ халқының 500 әні» – ауыз әдебиетінің алтын қорына қосылған елеулі мұра.

А. Затаевич – қазақтың музыкалық әуен өнеріне қаншалық қызмет жасаса, сөз, тіл өнеріне де соншалықты еңбек еткен адам.Оның қағаз бетіне түсіріп, хаттап алған өлеңдернің бәрінің де туу, таралу тарихы бар. Әр өлеңнің әр алуан нұсқасы болса, зерттеуші оны да құр жібермейді. Мұндай өлеңдерді бір-бірімен өзара салыстыра отырып, мазмұн, түр, әуен, ырғағындағы жаңалықтары қандай еді деген сауалға да жауап іздейді.       Г.Н. Потанин: «Қазақтардың поэзиясы мен музыкасы тығыз байланысты, өлең шығарушы, бір жағынан композитор, ол шығармасына ырғақты да, әуенді де өзі табады, – дей келіп, – қазақтар арасында ақындық творчествосы аса дамулы, ақын деген сахараға сыймайды» [ – деп жазады. Шығысты зерттеуші көп ғалымдар Ф. Корш пен В. Гордлевский тағы басқа 7-8 буынды жыр үлгісі бұрын шықты дегенді айтып келген.

Ал Т. Ковальский мен В. Гордлевскийдің пікірлеріне сайсақ, қара өлең – ең алғашқы шыққан поэзия үлгілерінің бірі. Бұған оның көркемдік кестесіндегі психологиялық параллелизм, шендестіру, әсірелеу секілді кейіптеудің ең көне түрлері дәлел.

Академик В.В. Радлов: «Төрт жолды шумақ барлық өлең формаларының ішіндегі ең бір кең тараңан түрі, барша өлеңдердің, мейлі суырып салма, мейлі тарихи өлең болсын, соның бәрінде де жалғыз төрт таған формасы қолданылады» – дегенде сол ескі, бағзы замандардан сақталып жеткен өлеңдерді жинап, екшеп, зерттеп жүріп айтқаны сөзсіз.

«Мұндай жағдайда өлеңшінің жадында жатталып қалған екі жолды өлеңнің көптеген үлгілері дайын тұрады. Ал негізгі айтар ойын үшінші, төртінші жолдарда баяндайтын болғандықтан, ол тек төртінші тармақтың ұйқасын ғана ойлап табады. Тегінде тұтқиылдан тумаған өлеңнің алдыңғы екі жолы тек үндестік үшін ғана алынады да, өлеңнің мазмұнына ешқандай байланысы болмайды», – деп жазады В.А. Гордлевский.

(Жалғасы бар)