Нығымет Мыңжани – Қытайда туған қазақтың белгілі тарихшы ғалымы, қоғам қайраткері. Ол 1922 жылы 22 наурызда Тарбағатайдың Толы ауданындағы Күп деген ауылда дүниеге келіпті. Қазақ тарихына ден қоя бастауы сонау 1943 жылы «Шыңжаң газетінде» жарияланған «қазақ тарихының дерегі» мақаласынан бастау алады. Содан бастап соңғы жарығы сөнгенше қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосып, фольклор мен тарихқа қатысты көптеген еңбектер жазып қалдырды. Ғалым «Қазақ тілінің тарихына шолу», «Қытайдағы қазақтар», «Қазақ ұлтының тегі және қазақ атауының төркіні мен мағынасы», «Ислам дінінің қазақ халқына таралуы және оның ықпалы», «Дюани лұғат-ат түріктің қазақ тілімен қатынасы», «Қазақ тілі мен әдебиетінің тұлғалануының және дамуының төрт сатысы» қатарлы мақалалар жазды. «Қазақ шежіресін» құрастыруға қатысып алғы сөз жазды. «Қазақ ру-тайпаларының таңбалары мен ұрандары», «Қазақтың мифтік аңыздары» атты зерттеу еңбегін қазақ мифологиясын зерттеуде тыңнан соқпақ салды десе де болады. Біз бүгін оның «Қазақтың қысқаша тарихы» атты көлемді еңбегіндегі қазақ астрономиялық түсінігі туралы бөлігіне тоқталғымыз келді.
Ол «Қазақтың қысқаша тарихын» 1987 жылы жариялады. Кітап көп өтпей қытай тіліне аударылып басылды. 1992 жылы Қытайдағы аз санды ұлт тіліндегі таңдаулы кітаптарды бағалауда мемлекеттік 1-дәрежелі жүлде алды. Лондонда шығатын «Орта Азия хабарлары», Түркияда шығатын «Түркия мәдениеті» журналдары бұл кітап жөнінде шолулар басты, АҚШ-тың Кембридж университеті авторға хат жазып құттықтады. Германияның Мюнхен радио станциясы кітапты тарау-тарауымен тұтастай радиода оқып таратты. Қазақстанда шығатын «Жалын» журналы да бұл шығарманы бірнеше санында жариялаған болатын. Кейін Алматыдағы Жалын баспасынан «Қазақтың көне тарихы» деген атпен, соңғы кейбір тараулары қысқартылып басылып шықты. Кітаптың соңғы тарауларының бірі «Қазақ халқының аспан әлемі туралы түсініктері және байырғы қазақ күнтізбесі» деп аталады.
Осы бөлімде автор өз тәжірибесіндегі мол мағлұматтармен қатар зерттеп, іздеген материалдарды негізге ала отырып қазақ халқының астрономиялық түсініктері туралы баяндайды. Нығымет Мыңжани өзі дәстүрлі қазақ қоғамында туып-өскен, халықтың шаруашылық тұрмысымен бала күнінен таныс адам екенін ескерсек, автордың қазақтың аспан денелеріне байланысты түсініктерінің қалай пайда болғаны туралы толғанысының – біз айтып жүргендей аңыздар мен мифтерден көрі көкейге қонымды тұрмыстық себептің басым орын алғанын түсінуге болады. Үлан-байтақ кең далада мал бағып, күндерін кең табиғат құшағындағы мал өрісінде, түндерін жұлдызды аспан астындағы мал күзетінде өткізген қалың қазақ, табиғат құбылыстарын бақылаудан туған халықтың көпжылдық тәжірибелерін қорытып, жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсініктер мен білімдер жинаған. Яғни өмір салты қазақтың астрономиялық көзқарасын қалыптастырады. Табиғат құбылыстарының айналып келіп отыруын – күн мен түннің, жыл мен мезгілдердің, ай жаңалануының айналып келіп отыруын мұқият бақылап, есептеп ұғынудың қазақ халқының шаруашылық өмірі үшін орасан зор тұрмыстық маңызы болды. Қазақтар осы есеп арқылы жайлауға қай уақытта көшу, күзеу және қыстауға қай уақытта келу, қой мен қозыны қай уақытта қырқу, қашан күйекке алу, қай мезгілде көктеуге барып мал төлдету, соғымды қашан сою, егінді қай мезгілден бастап салу, шөпті қашан шабу сияқты шаруашылық мезгілдерін белгілеп отырды.
Автор осы жерде қазақтардың аспан әлемін бақылау арқылы қол жеткізген екі түрлі пайдалы бағытын атап өтеді. Оның бірі уақытты дәл тану болса, бірі бағыт-бағдарды тура айыру, яғни біріншісі календарлық есеп мақсатында болса, екіншісі географиялық карта рөлінде қолданылған. Бұл екеуінің де маңызы аса жоғары болды.
«Бұл есептен жаңылу, оларды ауыр шығынға ұшыратты. Мысалы: күйек дәл уағында алынбаса – ерте алынса, суықта туып, төл шығындайды, кеш алынса, қой қысырап қалады. Яки төл кенже қалып, жетіле алмайды. Міне, бұл уақыт есебін мұқият білуді, табиғат құбылыстарының айналысын бақылап отыруды қажет етті. Табиғат құбылыстары: айналаны, жұлдызды, аспанды бақылаудан туған, халықтың көп жылдық тәжірибесінде жинақталған астрономиялық түсініктер мен білімдер негізінде байырғы қазақ күнтізбесі жарыққа шықты. Шетсіз-шексіз кең далада мал бағу, үдере көшу, жолаушы жүру, түнқату, жоқ қарау және аң аулау төрт жағын анық айыруды, қараңғы түндерде жұлдызды аспанға қарап бағыт-бағдарды белгілеп, өткел, суат, қоныс, құдықтарды дәл табуды үйретті»,-дейді.
Ал осы қателіктерді жібермеу үшін, төлді уағында төлдетіп, қыстауға уақытында жетіп алу үшін, көшкенде, аңға, жорыққа шыққанда адаспас үшін осы екі бағыттағы астрономиялық бақылаумен айналысқан есепшілер болған. «Қазақ арасында тәжірибе метеорологиясымен және уақыт есебімен шұғылданатын арнаулы есепшілер болды. Олардың білім тәжірибелері атадан балаға мұра болып қалып отырды. Есепшілер көптеген ұрпақтардың білім тәжірибесін жинақтап, жылма-жыл байқау жүргізіп, күн райын болжады». Олар қазақ халық күнтізбесінің толық жылын белгіледі, маусымды жұмыс кездерін, жайлауға көшетін, қыстауға қонатын, күйек алатын, жүн қырқатын, шөп шабатын уақыттарды белгіледі, қыстың қандай болатыны туралы болжам жасады.
Сондай-ақ автор бұрынғы есепшілердің күн райын болжау тәсілдері туралы да қысқаша мәліметтер бере кетеді.
«Есепшілер: жаздағы ыстықтың орнына қыста аяз келеді, жаздағы жаңбырдың орнына қыста қар жауады, жазғы шілдеде шыжыған қатты ыстық болса, қыста қаңтарда қатты аяз болып, онан соң күн жылынады деп есептеді. Әр айдағы ауа райының шұғыл өзгеретін кезеңдерін – амалдарды есептеп, жұртқа ауа райын алдын ала хабарлап отыратын болды.» дегенді айтады.
Н.Мыңжанидың пікірінше, қазақ қауымы негізгі планеталардың бәрін жақсы білген. Оны олар жайында өлең-жыр, сан алуан аңыздардан да білуге болады. Қазақтардың жұлдыздарға қойған аттары да өздерінің малшылық өмірінен алынды. Қазақтар жұлдызды аспан картасын темірқазықтан бастады. Осыдан кейін қазақтардың жұлдыздар мен олардың рөлі туралы түсініктеріне біршама мысал келтіреді.
Темірқазық – қазақтардың түнде жол жүргенде бағыт беталысын бағдарлайтын астрономиялық компасы. Оның маңындағы екі жұлдыз «ақ бозат», «көк бозат» деп аталды. «Жеті қарақшы» (жетіген жеті қарт) қазақтың мал күзеткен күзетшілерінің астрономиялық сағаты еді. Күздің ұзақ таңында күзетшілер жеті қарақшыға қарап алмасты. Қыста кешкі шолпан (сары жұлдыз) туған кезде қойды қораға әкелді. Меркурийді қазақтар «Таң шолпаны» деп, кейде «кіші шолпан» деп атады. Юпитерді «Есек қырған», Марсты «Қызыл жұлдыз», Близнецті «қол жұлдыз», Сириусты «сумбіле» деп атады. Бұлардың жай-күйін, орнын, қозғалысын жақсы білді.
Ал үркер жұлдызы туралы кеңірек тоқталып өтеді. Үркер жұлдызының қазақтар үшін әрі астрономиялық әрі метеорологиялық мәні болды деген пікір айтады автор. Жыл мен күнтізбе осы үркер жұлдызына қарап зерттелді. Қазақтар үркердің аууынан күн райы өзгереді деп білді. Әр айдағы үркер мен айдың тоғауында, әр айдың өларасыңда ауа райы өзгеріп, жауын-шашын болады: егер бұл екеуі ашық өтсе, жалпы алғанда, ол айда жауын-шашын аз болады. Жазғытұрым үркер іргеге жақындаса, көктем шығуының белгісі, «үркер жерге түспей жер қызбайды» десті. Мамырдың аяғы мен маусымның басында күн көкек зодиагінің белгісіне еніп, үркер көрінбей кеткен кезде, қазақтар: «үркер жерге тұсті» дейді. Қазақ есепшілері: үркер осы бетімен жерде қырық күн жатады, мұны жылдың өте ыстық кезі – «қырық күн шілде» деп атайды. Осы қырық күн – жылдың ауа райының шешуші кезеңі, егер үркер суға түссе, жаңбыр көп болады. Құрғаққа түссе, аңызақ жел көп болып, қағыр-қуаңшылық балады; үркер тасқа түссе, шіліңгір қатты ыстық болады деп ұйғарады. Осы қырық күн өтіп, үркер қайта көтерілген соң, өсімдіктің тамыры тереңге бойламайды: дән ала бастайды деседі.
Қазақтар Орион шоғыр жұлдыздарына ерекше көңіл бөліп, оны әр алуан аттармен: «арқар жұлдыз», «үш арқар», «таразы», «шідер жұлдыз» деп атады. Шілденің аяғында «таразы жұлдыздың» тууы жаздың өтіп, қатты ыстықтың қайтқандығын аңғартады. Қазақ есепшілері: бұл жұлдыздың шығуына қарап: «Таразы туса таң салқын, бидай, тары піседі» деп тұжырымдайды. Қазақ елі Сириус шоғыр жұлдыздарын «сүмбіле» деп атайды. Сүмбіле туған соң жаз аяқталып, мал тынышын алатын шыбын-шіркей кешікпей жоғалады. «Сүмбіле туса су суыр» деген сөз егін орып, отын-су жинап, жылы үй дайындап, қыстың қамын ойлауды аңғартады. Қазақ қауымы аспан әлемін бақылау арқылы «құс жолы», «құйрықты жұлдыз», «ақпа жұлдыз» және «кемпірқосақ» жайында жақсы білді. Бұл жөнінде сан алуан аңыз-әңгіме туғызды.
Қазақтардың ай есебі бойынша да автор қысқаша мәлімет беріп өтеді. Қазақ есепшілері жылдың айларын дұрыс есептеу үшін айдың қозғалысын үнемі бақылап отырды. Олар бір жылды он екі айға, айдың тууына, толысуына, солуына қарай бір айды үш ондыққа бөлді. Қазақтар жыл мезгілдерін күннің үркерге қарағандағы жайына қарай да белгілейді. Күн көзіне негізделген жылдың астрономиялық айларын қазақтар «жұлдыз» деп атады. Бұл жердің, айдың он екі фазасына сәйкес он екі зодиактық шоғыр жұлдыздардың санын еске салады. Қазақтар дүниенің төрт жағын күн көзінің күндізгі жайына қарай «күн шығыс», «күн батыс», «оңтүстік», «солтүстік» деп атады. Ерте заманнан келе жатқан мүшел жылы есебінің қазақ өмірінде үлкен мәні болды. Қазақтар уақыт есебін осы мүшел жылы бойынша жүргізді. Әрбір жыл хайуан атымен; тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз деп аталды. Мүшел жылы жиырма екінші наурыздағы «наурыз» мейрамында ауысады.
Яғни осының өзі қазақ күнтізбесінің мұсылманша күнтізбеден бөлек екенін аңғартады.
Қазақтың байырғы күнтізбөсінде он екі айды бір жылға, үш айды бір тоқсанға, жеті күнді бір аптаға, бір күн бір түнді бір тәулікке есептеді. Байырғы қазақ күнтізбесінде айлардың өз аты болды: наурыз (март), көкек (апрель), мамыр (май), маусым (июнь), шілде (июль), тамыз (август), қыркүйек (сентябрь), қазан (октябрь), қараша (ноябрь), желтоқсан (декабрь), қаңтар (январь), ақпан (февраль).
Ал күннің ұзару-қысқаруы туралы келтірген мәліметтері тіпті қызық. Қазақ есепшілері күннің ұзару, қысқару құбылыстарын да мұқият бақылаған: күн тоқсанда торғай адым, қаңтарда қарға адым, ақпанда ат адым ұзарады, шілдеде шіл адым қысқарады деседі. Қазақ қауымы уақыт есебінің үркері бойынша жүргізілетін жүйесін «тоғыз есебі» деп атайды. Айдың үркерді басып өтуі «тоғыз» (тоғау) делінеді. Ай тоғағанда үркер айдың ар жағында тасада қалады да көрінбейді. Ай тоғауы үш күнге созылады: бірінші күні тоғайды, екінші күні ауыл үй қонады, үшінші күні өріп шығады, ай ақырын жылжып үркерден өткеннен кейін тоғыз аяқтайды. Тетелес келетін екі тоғыз аралығындағы уақытты қазақ халқы тоғыс айы дейді. Тоғыс айы жиырма сегіз күн (яғни жиырма жеті күн, жеті сағат, қырық үш минут) болады. Бір жылда он үш тоғыс айы келеді, бірақ жазда үркер көкжиектен төмен түсіп кететін қырық күндегі екі тоғыс көрінбейді. Тек он бір тоғыс қана бізге көрінуі мүмкін.
Тоғыс айларының аттары былай аталады: жеті тоғыс – наурыз, бес тоғыс – көкек, үш тоғыс – мамыр, бір тоғыс – маусым, жиырма үш тоғыс – шілде, жиырма бір тоғыс – тамыз, он тоғыз тоғыс – қыркүйек, он жеті тоғыс – қазан, он бес тоғыс – қараша, он үш тоғыс – желтоқсан, он бір тоғыс – қаңтар, тоғыз тоғыс – ақпан. Байырғы қазақ күнтізбесі – дәстүрлі күн тізбесін қолданды. Күн жылының айлары, күні сол кезде қайсы шоқ жұлдыздардың тұсында болса, сол шоқ жұлдыздардың атымен аталды. Сондықтан, бұл «жұлдыз есебі» деп те аталды. Жылдың басы көктемдегі күн мен түннің теңелуі (жиырма екінші наурыз) болды. Бұл күні жаңа жыл – наурыз мейрамы өткізілді.
Осы жұлдыз есебін бүгінгі календармен салыстыра отырып төмендегідей кесте келтіреді.
Ай аттары
Жұлдыздардың белгілеріне және қазіргі күнтізбе айларына сәйкес келуі
Көне түркі тілінде
Арабша
Қазақтың халық күнтізбесінде
Қозы
Жамал
Наурыз
Тоқты (март-апрель)
Үді
Сәуір
Көкек
Торпақ (апрель-май)
Ерентұз
Зауза
Мамыр
Егіздер (май-июнь)
Құшық
Саратан
Маусым
Шаян (июнь-июль)
Арслан
Әсет
Шілде
Арыстан (июль-август)
Бадай басы
Сүмбіле
Тамыз
Бикеш (август-сентябрь)
Олкі
Мизан
Қыркүйек
Мизан (сентябрь-октябрь)
Шаян
Ақырап
Қазан
Сарышаян (октябрь-ноябрь)
Иа
Қауыс
Қараша
Мерген (ноябрь-декабрь)
Ұғлақ
Жади
Желтоқсан
Ешкімүйізі (декабрь-январь)
Көнек
Дәлу
Қаңтар
Шушы (январь-фебраль)
Балық
Үт
Ақпан
Балық (февраль-март)
Бұл Нығымет Мыңжанидың «Қазақтың қысқаша тарихы» кітабындағы қазақтардың астрономиялық көзқарастары туралы бөлімінен алынды. Осы бір құнды мәліметтерді аздаған ғана қысқартулармен назарларыңызға ұсындық. Көзі қарақты оқырман өз қажетіне жаратар.