«Жүсіпбек Аймауытов – қазақ әдеби тілінің жүлде бермес жүйрігі, терең ойлы, нәзік сезімді, ұшқыр қиялды, кең құлашты, нағыз классик жазушы» , – деген еді Қайым Мұхаметханов.
Шындығында да Жүсіпбектің суреткерлік қуаты өте жоғары. Біз назарға алып отырған «Ақбілек» романында суреткердің шебер қаламынан туындаған кейіпкерлер әдеби көркемдікпен қатар өз кезеңіндегі қазақтың алмағайып халін де жете танытады. Бұл кезең тұтас Ресей көлемінде 20 миллионнан астам адам қаза тапқан, ел ішін аласапыранға салып, ауыр күйзеліске түсірген азамат соғысы кезеңі болатын. Соғыс Қазан төңкерісінен кейін большевиктер билікке келген тұста басталды. Ал Қазақстанда Совет үкіметімен қатар мемлекет басқару жүйесіне альтернатива ретінде Алашорда үкіметі құрылды. Қазақ жеріндегі саяси тартыста Алаш қайраткерлері Дутов, Анненковтер бастаған ақтарға сүйенуді жөн көрді. Өзге де Ресей өңірлері секілді қазақ даласы да ақтар мен қызылдар арасындағы соғыс майданына айналды.
Тарихи деректерге қарасақ, 1916 жылы басталған ұлт-азаттық көтерілістен бастап патша әскері қазақты басып-жаншуді, тонауды әдет етіп қалған сыңайлы. Ал азамат соғысының алмағайып жылдарында басқыншылық тіпті күшейді. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының негізгі сюжеттік желісі осы кезеңді негізге алады. Сондықтан да осы романнан отарлық кезеңнің, оның тектеусіз кеткен азамат соғысы кезеңінің дәл картинасын көреміз. Әуелі баяу шеңгелдеген патшалық отарлық, одан кейінгі «Он алтының зары», енді азамат соғысы – қазақ қоғамында түрлі мінездерді өмірге әкелді. Шебер суреткер Жүсіпбек Аймауытов осындай аласапыран кезеңде жасай оытырп, өз шығармаларында дәуір сипатын көрсете білді.
Роман алғаш басталған беттегі ауылды ақтардың төрт әскері ғана басып алып, Ақбілекті барымталап әкететін суретіне назар салайық. Ғажайып Алтай суреті. Өзен-суы, тау-тасы. Осындай ғажап жерді мекендеген шағын ауыл. Кешкі бейбіт шақ, бақташылар малын қоралап, ауыл ішінде әлде бір кілегей тыныштық ұйып тұрған сәт. Мамырбай байдың бір малайы асығып-аптығып кіріп келеді. Сөзін тұтыға жеткізіп, зәресі зәр түбіне жетіп шошып тұр. Бар айтатыны: «Келіп қалды, келіп қалды... көкпен-көк... өңкей орыс...» деген үш тіркес қана. Елдің ойран-топырын шығаруға осы үш-ақ тіркес жетіп артылады. Осы үш-ақ тіркесте адам айтқысыз үрей, қорлық жатады. Ал Мамырбай: «Жина, ұмтыл, қаш, тығыл!» деген төрт-ақ сөзбен пәрмен беруге шамасы келеді. Басқа айла да, ойланып отырар мұрша да жоқ. Қаптап келген «көкпен-көк өңкей орыс» тілге келмес топан су сынды, қаулаған өрт сынды. Тек қашу керек, тығылу керек. «аясаңшы, бейуаз ек қой...» деп жалынады тағы. Осының өзі еш амалдың жоқтығынан дерек беріп тұрады. «Қызыңды тауып бер» деп Мамырбайдың бәйбішесін, Ақбілектің шешесін соққының астынан алып, дүрелейді. Қиналғанымды білсе Ақбілек төзбес деп бейшара ана қыңқ еткен дыбыс шығармай оған да шыдайды. Ал сонда осының бәрі көз алдарында болып жатса да ешбір адам атылып шығып ара түсе алмайды. Тұтас ауыл сөз асырып сөйлемейтін ақ жаулықты ана, байдың бәйбішесі, сұлу Ақбілектің шешесі. Қару асынған төрт орыс келіп, жұртты бір жерге қоралай үйіп алып, тек бәйбішені сабап жатыр. Романның осы тұсын сыдыртып оқып өте шықпай, оқи отырып ойланыңызшы, қандай ауыр қорлық. Неткен төзім.
Осынша қорлыққа көндірген не мінез деп ойлап көрдіңіз бе? Автор «Ақбілек» романына тірек болған оқиғаны 1921-1923 жылдар аралығында Алтайда жүргенде естіп-біледі. Оқиға мөлшермен 1918-1920 жылдар арасында болса керек. Осы көрініс отарлық басып-жаншу, азамат соғысы жылдарындағы бұлап-тонау қазақ мінезін бұзып, өзгеше бір кепке түсіріп жібергендігінен көрініс берсе керек. Ауыл адамдары да көз алдында талай адамды орыс солдаттарының тектеп-тергеусіз атып кеткенін көрген, енді артық қимыл жасаудың өзі өлімге тікелей бастайтын жол екенін анық ұғынудан туындаған қорқыныш, содан пайда болған көнпістік болса керек. Ақбілекті барымталап кетерде анасы алысып, жібермеген соң оны да атып кетеді. Сұраусыз, айыпсыз ата салады да, жайына жүре береді.
Роман осылай жалпы жұрттың қорқақ, көнпіс халін бір танытып өтеді де, әрі қарай жекелеген кейіпкерлерге ауысады. Жүсіпбек өзі алғаш қазақ тіліндегі психология оқулығын жазған адам ретінде осы ғылымнан да көп хабары болғанын, адам мінездерін жіктеп талдауды, тануды жақсы білетінін былайғы шығармалары арқылы да танытқан. Сондықтан оның «Ақбілек» романындағы кейіпкерлеріне берген мінездемесі арқылы азамат соғысы жылдарындағы қазақ мінездерін дәл, нақты аңғаруға болады деп білеміз. Автор қасіретті тағдыр иесінің қилы жолын негізгі сюжеттік линия ете отырып, оның айналасындағы сан түрлі образдарды қаттап қалдырады.
Мұнда біздің назарды өзіне тартқан бұл күнде негізінен жоққа тән, сол дәуірдің исі аңқыған қара қазақ баласы, жалпы қарапайым ел ішіндегі бұзығы мен тұзігі, қуы мен сұмы, қорқағы мен момынының тағдыры. Бұлар бірігіп жалпы қазақ тағдырын береді. Олардың бойынан бірде байырғы қазаққа тән аңқаулық, адалдық менмұндаласа, бірінен жаңа кезең әкелген аяусыздық, опасыздық белең береді. Былай қарасаңыз арғы қазаққа тән жайсаң мінездер мен заман тудырған жандайшап адам арасындағы тартыс және екеуінің араласуынан пайда болған тұрлаусыз, қорқынышты бір мінездер кездесіп қалады. Енді осы мінездерді бір-бірлеп тілге тиек етейік.
Осы жерде Ақбілектің айттырған жігіті Бекболат пен Орыс офицеріне берілетін мінездеме бар. Бұл екі кейіпкерді де өз ауызымен сөйлетеді. Күйеу жігіт сауықшыл, ойсыз сері. Ақбілектен айырылып қалғанына ел-жұртын кінәлайды. Ал орыс офицері өзі қылған қылмысты өзі ақтайды. Астамси отырып, қазақ надан, білімсіз, орыссыз ел бола алмайды, айтқанымызға көніп, айдағанымызға жүрсін дейді. «Балшабектер билікті алып, қор еткен соң қашып жүрміз, бізге де қызық керек» деп, ол қызықты қазақтан алмағанда қайдан алмақпыз деп қылмысын заңдастыра сөйлейді. Осы образ арқылы тұтас орыстың қазаққа деген көзқарасын, патша саясатын ашып көрсетеді. Кезінде бұл қазақтың ата-бабасы бізді де солай қорлаған, қолынан келсе әлі де аяғысы келмейді, тек қолынан келмейді деп Алтын Орда кезіндегі орыстың бағынышты болған тұсын еске алады. Офицердің сөзі арқылы 1916 жылғы әскер мәселесін де қозғай кетеді. Осы жерде автор әскер мәселесі кезінде Алаш қайраткерлері ұстанған жолдың дұрыс екенін де жасырын аңдата кетеді. Қалай дегенде де отаршыл орыс билігінің қазаққа қатысты пікірін бір адам арқылы сәтті бере білген.
Келесі кейіпкер Ақбілекті ұстап берген Мұқаш бейнесі. Ол «Әкесі Тойбазар, өзі Мұқаш болғалы ауызы аққа, ауы атқа жарымаған...» «таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жарбақтау, кірпі шаш, қырыс маңдай, қара сұр жігіт» күйінде пайда болады. Ес біле есікте жүрген, «құнсыз, сараң, былық, жаман» Төлеубайдың қозысын баққаннан көзі ашылмаған, қорлықтың неше түрін көріп есейген, жұрт қылған балалыққа, ойынға, жігіттікке тамсанумен күн кешкен, қор болып жастығын өткізген Мұқаштың жүрегіне қан қатады. Ал Бәдіғұлдың жылқысын баққаннан бастап ұрлықпен, сұмдықпен мал тауып, өз санасындағы «ел қатарына» қосыла бастайды. Мамырбайдың ұлымен қастасып, тісін басып жүріп, кек алудың ретін тапқан түрі сол – бейуаз Ақбілекті орысқа ұстап беру болды. Ол адам баласына сенбейтін, махаббаттанбайтын, қоғам өзі жасап шығарған заманының азғыны. Деген күннің өзінде онда біраз болса да елден ұялатын, өзін өзі айыптайтын ардың, адамдықтың ұшқыны бар. Бірақ, ол да тұрлаусыз, әдет еткен иттігінен арыла алмас бейшара еді. Онысы үшін тағар айып та жоқ, оның көргені, білгені сол – кек қуу, қулық, сұмдық қылу болатын. Кінәсі – өскен орта, өз заманының мойынында.
Тағы бір кейіпкер, Ақбілекті алып кеткен соң ел адамдары жиылып, мұны кімнің қылғаны жайлы талқыласады. Сонда әркім өзінше пәтуа айтып, анау-мынау десіп даурығысады. «- Бір келсе бұл іс Құрбан қажылардан келеді, партия болған соң аяй ма? –деп, мына жақтан бір құлаауыз қоя берді.-Сен қайдағы жоқты айтады екенсің. Елдің партия боп жүргені құр бүгін бе? Бұл өзі елдің салтында жоқ нәрсе ғой...Өзі де бала ұстап отырған адам, құдай жүзін көре ме? – деп, ақсақалды, қасқыр көзді кісі оны тежеп тастады.» Тағы бір «Көк тұмсық, тарғыл беттің» негізсіз сөзін тағы сол «Қасқыр көзді көне адам» аяқ бастырмайды. Қысқа ғана осы бір көріністегі «қасқыр көзді көне адам» – ендігі жерде дәрменсіздене бастаған, бұрынғының ел бірлігін, берекесін күзеткен дуалы ауыз, асыл адамдарының бір типі. Елдің күні нашарлап, бұрынғы жақсылар елеусіз орынға түсе бастаған бір тұс осы мезгіл екені аңғарылғандай.
Шығармадағы аса бір ғажап кейіпкер: «Етегін кірмен зерлеген, төбесін үкі сәндеген, басында үкі ақ тақия, қолында шәңгіш асасы, асасының өн бойы шығыршық, кепшік, сылдырмақ, ұшы қозыжаурын, мойнында хұсыр тәспісі, танауы таңқиған, омырауы аңқиған, кеңірдегі сорайған, жіліншегі сидиған, саусақтары сыпсиған, үркек малша оқшиған, бес тал сақалы шоқшиған, шынжау етті, шың бетті, жағына пышақ жанитын, бір көргеннен танитын Іскендір» дуана. «Бармаған жері, баспаған тауы жоқ», ел кезген, ешікімге зияны жоқ, сенгіш, адал бір бейбақ. Дуана дегеніміздің өзі осы. Автор дуананың жалпы мінез-құлқын, киім киіс, жүріс-тұрысын барынша толық берген. Аймауытовтан артық ешкім айтпаған шығар, айта да қоймас. Дуана да қазақ қоғамының баяғыдан келе жатқан бір кейіпкері. Өзі елеусіз, көбінесе балаларға ермек болатын, болмысы бөлек жан баласы. Кейбір зерттеулерге сенсек, дуаналық (диуаналық) – сопылық ағымның бір тармағы. Қазақ көшпенді халық болған соң мешіт, медіресе болған жоқ. Молдалар киіз үйде бала оқытты. Ал арғы тарихта Қазірет Сұлтан Қожа-Ахмет Яссауидың шәкірттері шариғатты ел ішіне осылай диуана бола жүріп жайған деседі. Оның өзі араб уағызшыларыныкі секілді құран-хадис емес, өлең-жыр, ертегі-аңыз форматында айтылған көрінеді. Бүгінгі күнде халық мұрасы ретінде қалып қойған «Миғражнама» секілді дастан-жырлардың алғашқы таратушылары осы диуаналар болған деседі.
Келесі бір бөгенайы бөлек, айырым көзге түсетін кейіпкер «– Мен Тақырдың Жылтыры деген жігіт боламын, – деп, Тақырдың Жылтырын білмейтін қазақ жоқ тәрізді, «Жылтыр» дегенде езуін қисайтып, басын бір шұлғып тастаған, өз атын мардамсып атағаны көрініп тұрған» Жылтыр. Осы үзіндіге қарасақ, ол сәл ақылсыздау сияқтанады. Бірақ, келе-келе, оның асқан қу, алаяқ екенін, мынасынан сәл мақтаншақтығының бар екендігін байқайсыз. Елге екі ауыз әмір бергеніне соншалық мардымсып, төресініп, қайда барса ойранды салғаны, енді келіп, қамауға түскен тұста, бір шетте жүріп, алыс-жақынды сөзбен жайпап, тынымсыз ор қазған опасыздығы – оның ешқандай да адамшылдығының жоқтығын, нағыз кесапат кейіпкер екенін ашып тұр. Бұл енді бір қазақта ғана емес, күллі адамзатқа тән шығар. Абай бұндайларды «пысық» деген категорияға жатқызады. Автор мұны да артық-кемсіз дәл берген.
Романда мінсіз де емес, артық жағымсыз да емес бір кейіпкер: «Жоқ қуып, дау сеуіп, ел кезе беретін, өзі кедей болса да, еті тірі» Әлдекей. «Бұл Әлдекей ескіше бірталай сауаты бар, ескі сөзді көп білетін, «Мың бір түн», «Қырық уәзір», «Тотының тоқсан тарауы», «Алтыбармақ», «Қысасыл әнбиелерді» жатқа соғатын шежіре кісі еді. Жасында Байшуақтан бір жаман жығылғаны болмаса, балуан, домбырашы, әнші, тасбапшы, сылқылдаған бозбала болған, қалжыңға да ұста кісі еді. Бұл күнде насыбайы, қалжыңы, ескі сөзі, «ондай қыл, мындай қыл» деген ойыны болмаса, өзге өнерінен жұрдай болып, дау қуып, ет аңдыған, екі күрек тісінен айрылған, саптамасының қонышы салпылдаңқырап кеткен сұқымдау шал еді.» Осы шал Абай сөзінен де біразды білетіні байқалады. Әр сөзін мысалдап арыдан қозғайды. Автор мұнда «еті тірі» деген тіркесті қолданады. Неге десеңіз, ол жұрттан көрі білері, айтары бар, соңына қалар сөзі де бар қарт. Яғни, Алла берген ақылды, есті далаға қалдырмаған. Жасында абырой қуғанға ұқсайды, қартайғанда да ол үміттен құр жаяу емес. Десе де, негізгі мақсат қарын қамына көшкен, аты басқа болғаны болмаса, ол да бір тіленші. Мұндай қарттардың біздің алғашқы қазақ жазушыларына таптырмас қазына болғаны анық. Дау қуғыш, байды жағалағыштығы болмаса, әдемі кейіпкер. Оның осынша шежіре, еті тірілігіне қарамастан керексіз, құнсыз кепке түскені де – ендігі жұрттың тағдыр-талайы басқа жаққа ауғанын, өмір салты мен құндылықтардың енді өзгере бастағанын аңғартып тұрса керек.
Ұрқия – қазақ түсінігіндегі жақсы жеңге. Оның обалшылдығы, жаны ашығыш, түсінгіштігі есті, тәрбиелі әйелге тән өзгеше сипат береді. Оның да өз тағдыры бар. Қазақ қоғамы бала таппаған әйелді қабылдай алмайды, сыртынан өсектеп, күндейді. Оның сыртында ұрпақ сүю – ол үшін де арман. Осының бәрі жанын қинап жүргендіктен, қиналған жанды ол да жақсы түсінеді. Дәстүрлі қоғамға тән, әрі көнпіс, әрі саналы, есті қазақ әйелі.
Торшолаққа мінген Қойтеке – қазақ қоғамындағы бақсыз, қорғансыз бейшара. Оның көз жасы, оның мұңы, оның қуаныш-күлкісі ешбір елеусіз, әсерсіз. Оның өлімін автор замананың сұрын, келбетін аша түсу үшін кірістіргендей. Бұл да жасында Мұқаштың көргенін көріп, есейіп келе жатқан екінші Мұқаш еді. Автор бұл кейіпкерді өлтіру арқылы бұрынғы қазақ қоғамындағы Мұқаш секілді бейшара, азғын, бірақ аз да болсын қазақы мінезі бар, өткен өмірге тән, дәстүрлі қазақ қоғамының төл кейіпкерін құрбан етеді. Бұл – ендігі азғындықтың мүлдем басқаша өрістейтінін, қазақ ортасының мүлдем жаңалана бастағанын аңғартқандай.
Шығарма соңына қарай, Ақбілектен туған, Ұрқия асырап алған орыстың ұлы яғни, аралас қанды Іскендірді су жағалап ойнап жүрген көп бала құмға жығып кетеді. Бұл жерден де бір жетімдік, қаққы көргендей нышан байқатады. Осы арқылы автор ендігі қоғамның азғыны осы екі ұлт мәдениетінің буданынан туады деп көрсетіп бергендей болады. Қойтекенің өлімі мен Іскендірдің өмірі бір-бірін толықтырып тұрғандай. Ақбілек жеңгесіне «Іскендір деп неге қойдың, орыстар Александр дейді ғой» деп жатады. Бұл арада автор орыс пен қазақ қаны араласып кеткен кейіпкер арқылы қазіргі екі тілді жұрттың кейпін алыстан аңғарғандай сезіледі. Бұл қазаққа ендігі зауал осындайлардан дегісі келгендей. Қалай деген күнде де алапат суреткердің осы жерде символға ұрынбауы мүмкін еместей сезіледі. Тек бұл ғана емес, Ақбілектің аңдаусызда бұрынғы орыс офицерін көріп қалып, жасып, көзін алып қашатын тұсы да – қазақ баласының орыс алдындағы төменшік, жасқаншақ кейпін аңғартқанындай сезіледі. Тіпті бүкіл отарлық кезең, советтік кезеңде де тұтасымен қазақтың көзі орысша имене қарап өткендей әсер етеді. Ол аз десеңіз бүгінгі таңдағы тәуелсіз елдің өзі орыс тілі мен орыс билігінің ықпалынан бір құтыла алмай келеді. Жүсіпбектің шеберлігі де сол осының бәрін Ақбілектің жанарына сидырып бере салғанында.
«Ақбілек» романы қатпары қалың, сыры терең, XX ғасыр басындағы алғашқы қазақ романдары ішіндегі ең бір шоқтықтысы десек артық айтқандық емес. Жалпы шығарма қазақ қара сөзінің шұрайлы қорын орынды жұмсап, сәтті жазылған. Дегенмен де шығарма соңына қарай автордың дәуір ауқымына қарай ығысқаны, замана желіне сәл иілгені аңғарылады. Соңғы тарауды өз сөзімен баяндаудан бас тартып, Ақбілектің аузынан беруінің өзі де кейіпкер тағдырына, әсіресе қазақ жұртының таным өзгерісне түсуіне деген қарсылығын байқатады. Яғни кейіпкерді өз сөзі арқылы «совет үкіметінің арқасында» көңіліндегі бақытқа жеткендей етіп көрсетсе де, автор көңілі қоңылтақсып тұрғандай.
Осы романдағы Ақбілектің прототипі Дәриға Әбішқызы деген адам 1956 жылы өмірден қайтқан. Ұрпақтарынан жеткен деректер бойынша романда жазылғандай «совет үкіметінің арқасында» Ақбілек бақытқа жетіп, теңдік ала алмайды. 1928 жылдардағы байларды кәмпескелеу кезінде байдың ұрпағы деп қудалайды. Осындай қиын кезеңде Дариғаның елі амалсыз Қытай жеріне ауып барады. Онда да бақытты өмір күтіп тұрмайды, Дүңген төкерісі кезінде дүңгендер күйеуі Өтеуліні кескілеп өлтіріп, туыстарының қорғауымен Дариға тірі қалған бала-шағасын ертіп қайтадан бері қашып өтеді. Жолда бір қызынан айырылады. 1941 жылы Әмірқұмар атты баласы соғысқа кетіп сонда өледі. Әмірқұмардан Мұрат атты ұл қалады, оның ұрпақтары қазір де Шығыс Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқанға ұқсайды. Дариға өзі көзі ашық, жұртқа қайырымды жан болыпты, қолдан келгенше жастарды оқу-білімге бастапты. Тұрған жерінде оқулықтар алдырып, мектеп ісіне көмек қылыпты.
Жүсіпбек «Ақбілектің» жазылу барысы бойынша Мәшһұр-Жүсіпке жазған бір хатында: «Екі жарым ай болды. Үйден түзге шықпағаныма. Не істеді десеңіз, «Қылауытта» жатып бір роман жазып бітірдім. Бар ойым, ынтам, рухым, сол романға кетіп, тап жынды кісідей болыппын, досты, жолдасты, құрметті қымбат ағаны ұмытып кете жаздаппын», – депті. Бұл роман алғаш рет 1927-1928 жылдары «Әйел теңдігі» журналында бөліп-бөліп жарияланған. Автор өз кейіпкерінің 1923 жылдар шамасына дейінгі өмірін ғана арқау етіп, сол кездегі көңіл-күй бойынша, цензураға сай «советтік теңдік» аясында аяқтайды. Дегенмен жоғарыда атап өткеніміздей, автор өзінің наразы көңілін де жасырмай, аңғартып өтеді.
Соңғы қосарымыз «Ақбілек» романы бір жағынан азамат соғысы жылдарындағы ел ішіндегі аласапыран өмірді дәл суреттей білуімен құнды болса, екінші жағынан XX ғасыр басындағы енді туып келе жатқан қазақ жазба прозасының темір қазығы болатын. Әдебиеттің әуелгі мақсатының өзі адам жанын зерттеу. Осы тұрғыдан Жүсіпбек Аймауытов қазақ жазушыларына тың даңғылдың сорабын нұсқаған болатын. Алайда арадағы 70 жылдық советтік өмір мен қатаң цензура бізді ол жолдан адастырып кеткенін енді аңғарып отырғандаймыз. Біз шама-шарқымызша романдағы Ақбілектен басқа айрықша көзге түсетін бөгенайлы кейіпкерлерге ғана тоқталып өттік. Алайда романның талдануы, ол туралы пікірлер әлі де аяқтамайтынына, тіпті молая түсетініне сенімдіміз.