Біздің мемлекетіміздің тарихында биыл бір елеулі дата бар – осыдан 100 жыл бұрын, 1920 жылдың тамызында Қазақ АКСР-і құрылған болатын. Алайда осының алдында бір жыл бұрын большевиктер қазақ даласында кеңестік мемлекеттілік орнатуға әрекет жасаған еді. Qazaqstan Tarihy порталы Қазревком құрудың кейбір аспектілері туралы тоқталады.
Халық комиссарлары кеңесінің басшысы В.И.Ленин «Қырғыз өлкесін басқару бойынша революциялық комитет туралы» декретке қол қойғаннан кейін 1919 жылдың шілдесінде алғашқы әрекет жасалды. Тұңғыш большевиктік саяси ұйымның басты мақсаты қазақ даласында жылдамдатып әскери-азаматтық басқаруды ұйымдастыру болды. Неге әскери басқару? Кеңес үкіметін орнату процессінің қандай жағдайда жүргізілгенін есімізге түсіріп көрейікші. Аяусыз азаматтық соғыс пен интервенция аясында жүріп жатқан саяси процесстер Ресей мен Қазақстан территориясын дүр сілкіндіріп тұрған кез болатын. 1919 жылы Семейдің сол жағалауында орналасқан Алаш қаласы орталығы болған Алаш автономиясы позициясының әлі де болса мықты болғанын ескеру керек. Бұл ретте Кирревкомды маңызды саяси орган, билік құралы деп айту қиын еді, өйткені сол жағдайда кімнің қолында әскери билік пен армия болса, нақты билік соның қолында болатын, бұл жағдайда билік Түркістан майданының басшысы М.В. Фрунзенің қолында болатын. 1919 жылдың аяғында Түркістан майданы жалпы саны 114 мың адамды құрайтын 3 атқыштар, 4 кавалерия дивизиясынан тұрды. Владимир Ильич Ленин шебер саясатшы әрі басқарушы болды. Оның «Жер туралы», «Бейбітшілік туралы», «Жұмысшы-шаруа үкіметін құру туралы» Декреттері жұмысшылар мен шаруалардың негізгі тобын оның жағына шығаруы кездейсоқ емес. Оның 1914 жылы жазылған «Ұлттың өз тағдырын шешуі туралы» іргелі мақаласын да еске түсірген абзал. Оның идеясы бойынша кез-келген қаналған халық пен ұлыс саяси ұйым құруға, өзінің мемлекет сипатындағы территориалды-дара құрылымын құруға, Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы құрамында жеке республика немесе автономия құруға құқылы болатын.
Совнарком басшысы В.И.Ленин «Қазақстандағы жағдайды назарынан тыс қалдырмады» деп атап өтеді Әліби Жангелдин. Ол Қазақстанның партия және кеңестік қызметшілерінен қазақ халқы үшін не істелгені туралы, әсіресе ағартушылық бағыттағы мәселелер мен осы халықтың коммунистер мектебін құру жөнінде ай сайын есеп талап етіп отырған. Қазақ халқы үшін басқарудың стандарттық қағидаттарының жарамайтындығын В.И.Ленин жақсы түсінген. Бұл жерде қадамды терең ойланып барып мұқият жасау керек болатын. Себеп – қазақ территориясының феноменінде болатын. Большевиктер Украина, Беларусия территориясында ықпал жүргізу үшін күресте еш қиындық кездестірген жоқ, өйткені бұлар отырықшы өңірлер еді, шаруашылық жүргізу үлгісі де жалпы ресейлік үлгіге ұқсас болатын. Ал Қазақстан аумағында басқаша жасау керек болды. Ленин тіпті «Малшы шаруаларға көмектесу керек. Соғыс шаруашылықты бұзды. Насихат керек» деп жазды. Сондықтан да большевиктер Қазақстанның кең даласында көшіп жүруге мүмкіндік берумен шаруашылықтың көшпелі үлгісінің сақталуына жол берді. Кейін, декреттердің бірінде қазақтарға көшіп жүруге рұқсат беріліп, егер олар өз губерниялары аумағынан шығып кеткен жағдайда, оларды жазаламауға нұсқау да берілді. 1919 жылғы 10 шілдеде В.И.Ленин Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару бойынша Революциялық комитет туралы Декретке қол қойды. Онда Қазревкомның өлкені жоғары әскери-азаматтық басқару ретінде құрылғаны жазылған. Декретте оның мақсаты және Кеңес үкіметінің саяси органының міндеттері анықталды. Біріншіден, бұл контрреволюция мен интервенцияға қарсы күрес, яғни өзінің саяси жаулары мен оппоненттеріне қарсы. Екіншіден, бұл өлкеде мемлекеттік, шаруашылық және мәдени құрылысты жүргізу үшін жағдай жасау. Үшіншіден, Қазақстанда Құрылтай съезін өткізуге дайындық. Қырревкомның ықпал ету аясы өте шектеулі еді. Оның қарауына Астрахань губерниясы, Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары кірді. Осылайша большевиктер билігі қазақтар тұратын барлық жерлерді қамтыған жоқ, ол тек қана Кеңестердің тұрақты ұяшықтары орналасқан өңірлерге ғана тарады. Қазревком төрағасы болып ұлты поляк, 1902 жылдан бері Компартия мүшесі, алғашқы кеңес комиссары С.Пестковский тағайындалды. Ревком құрамына В.Лукашев, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, М.Тұңғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді. Кейіннен ревком құрамына А. Авдеев, А. Әйтиев, А. Әлібеков, С. Арғыншиев, М. Сералин, С. Сейфуллин, В. Радус-Зенькович және басқалары да кірді. Қазревком мен оның органдары жергілікті жерде Қазақ даласында Кеңес билігін ұйымдастыру және нығайту, ұлттық зиялы қауымды кеңестік құрылысқа тарту бойынша жұмыстар жүргізді. Большевиктер алдында ең бастысы өзін ұлтшыл-патриоттық қозғалыстармен әскери қақтығысудан қорғау міндеті тұрды. «Алаш» қозғалысын большевиктер әскери тұрғыдан гөрі, идеологиялық тұрғыдан өзіне қарсы қауіпті бәсекелес ретінде көрді. Қазақстан мен Орта Азияда «Алаш» партиясының ықпалы өте қатты еді. Большевиктер мұндай мықты бәсекелеспен тіресе алмас еді, сондықтан 1920 жылдың 9 наурызында Қазревком Алаш Орданы жою туралы шешім қабылдайды. Қазревком мәдени құрылыс саласында да елеулі жұмыстар жүргізді. Қазревкомның органы «Ұшкын» газеті шығарылды, жаңа мектептер ашылды, өлкенің бірқатар қалаларында жергілікті халық үшін педагогикалық кадрларды дайындау үшін мектептер жұмыс істей бастады.