Бұл шығарма туралы Жиенғали сын жазып, оның кемшіліктерін, роман дәрежесіне жете алмағанын, егер қайта құрып өңдесе баспаға ұсынуға болатынын атап көрсетті. Тілепбергеновтың пікірінше, көркем әдебиет халықтың айнасы, онан әркімнің өз басындағы мінін көріп, ар-намысы оянып, адамшылық пен адалдықты ойлап өзінен өзі түзелуіне көмектесуге тиісті. Әдебиет бәрінің мінін бетіне басып, көзіне көрсетеді. «Көркем сөздің ішіндегі, - дейді ол, - ең жақсы қызмет ететіні – халықтың мінін жасырмай көрсететіні – роман». Романда бір оқиға сөйленеді, яғни халықтың келіспеген мінездерінің көбі бір оқиға арқылы көрсетіледі. Әсіресе бірнеше сабаздардың басында тудырып (бірнеше кейіпкерлердің басында – Х. Б.), әлгі мінездерді оқушының көз алдына келтіреді.
Жазушының ойын, мақсатын оқушы тек романдағы оқиғалар мен кейіпкерлердің қылықтары арқылы ғана білетін, ойланып табатын болсын деп көрсетеді Жиенғали. Ол романда адамның мінез-құлқын, болған оқиғаны көрсетумен қатар, жаратылыстың суреті (пейзаж), мезгіл, үй тұрмысы, киім мен тамақ және адамның өміріне байланысты басқа құбылыстар мен қимылдар да суреттелуі керек екенін ескертеді. [10, 106-б]
Ал бұл пікірлердің Әлихан Бөкейханның 1914 жылы «Қазақ» газетінің 48 санында «Арыс ұлы» деген бүркеншік атпен жарық көрген «Роман не нәрсе?» деген мақаласымен үндесіп жатқанын байқаймыз. Онда: «Романның ішкі мағынасы: тіршіліктің жарық һәм күңгірт жағын бейне өзіндей етіп суреттеп, адамның өзіне көрсету. Роман – адамзаттың өмірін, дәуірін бұлжытпай көрсетуші баға жетпес айна. Роман суреттеп көрсетеді: я бір адамның, я бір нәсілдес, бір тілдес халықтың өмірін, яки бір қалыптағы заманның қатардағы жамиғатын, я қилы-қилы замандарда болып өткен халықтардың өмір халын.
Романның асыл мақсаты: адамзаттың мінез-құлқын түзетпек, кемшілікті, қараңғылықты адамзаттан қумақ. Мұнан мұрат, ол адам баласына үйретінді үлгі, тәрбие бермек.
Осы кезде роман адамды жоғары, төменге бөлмей, шетке қақпай, талғамай сынап жазып отыр, яғни роман көпке бірдей болып, роман – һәркім өз керегін алады, өз мінін я артықшылығын табады. Осы заманда романда жазылады: тұтас халықтың, буын-буын елдің, патшалықтың, мәжілістің жайлары, адамның білім-өнерін, шаруа тұрмысын.» [11,5-том, 254-б], - делінеді. Шәкәрімнің бағалауынша ат жалын тартып мінген шағынан «жатса-тұрса елдің қамын ойлаған, өзге жұрттың қатарына қалай қосам деп қайғы жеген» Алаштың Әлиханының әдебиет турасындағы пікірі де өзінен кейінгі жастарға үлгі болған.
«Романды түсініп оқыған адам, әлгі айтқанның бәрін көреді. Сондықтан роман өмір айнасы.» [11,5-том, 255] , - деп кесіп айтқан бағасы «Қазақ» газетін жиі оқитын, әр өздері де мақала жариялап тұратын Жиенғалидың да санасына тура пікір ретінде қабылданғаны анық.
Байқағанымыздай жас сыншы Жиенғали Тілепбергенов «таптық көзқарастың жаршысы» емес, қайта әлем әдебиетінде кеңінен өріс алған сыншыл реализмшілдіктің қуаттаушысы екенін аңғарамыз. Жоғарыда келтірген әдебиет жұрттың сынын көрсетуі керек, адамның жақсы-жаманын сөзбен емес, шынайы суретпен беру керектігін айтқаны әрине сыншыл реализмшілдікті аңғартып тұр. Бұдан біз «Садақтың» әлемдік әдебиетті үлгі тұтқанын байқаймыз. Ал бұл жолда да нұсқаушы «Қазақ» газеті болғанына шүбә айта алмаймыз. Себебі сол тұста әлем әдебиетіндегі классиктердің аудармалары ең көп жарық көрген де «Қазақ» газеті. Оның көбін аударған Әлихан Бөкейхан. Ал «Қазақ» газеті «Ғалия» жастарының жастанып оқитын басылымы болғанын жоғарыда айтып өттік. Әдебиеттегі тіл мен стиль туралы да Жиенғалидың пікірін жоғарыда аталған әдебиет арқылы саралаймыз.
Жас сыншы романның тілі мен стилі туралы да сөз етеді. Оқушыны тарту үшін сөз кестесі болуы шарт, яғни сөз сапталуы, сөйлем құрылысы онша ұзын, рабайсыз болмай, жинақы тізбектеліп отырсын, ел арасында айтылып жүретін сөздер бұрмаланбасын, бөтен тіл болмай, жеңіл сөздер қолданылсын. [10, 106-б] Бұл Абай айтатын «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» дейтін қисынмен келіп тұр. Мейілінше түсінікті, жеңіл сөзбен жазу сол кездегі бізде ғана емес, бірталай Шығыс елдерінің әдебиетінде белең алған ағым. Сол арқылы жаңа әдеби тіл өмірге келді. Ол тілмен еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін түсініп оқи беретін болды. Қазақ халқының әдеби тілі негізінен ауыз әдебиетінен келді. Ал ауыз әдебиеті аты айтып тұрғандай жалпыға түсінікті ауызекі сөзбен өрілді. Әдебиеттің өзіндік көркемдік дәрежесінің өсуіне қарай қазақ әдеби тілі де ғасырлар бойы өсіп, дамып мол қазыналы тілге айналды. Әдебиетіміз ауызша болғандықтан ауызекі тіл де солай дамыды. Сондықтан ауызекі тілмен әдебиет жасау бізде әуелден қалыптасқан сара жол еді десек қателеспейміз. Тек кітаби тіл деп аталатын араб, парсы сөздері аралас келетін, көбінесе хат жазғанда, ескі ақындар, шежірешілер қалам тартқанда қолданылатын түсініксіз ауыр тіл қазақ әдебиетінде үлкен рөл атқара алған жоқ. Тіпті үлкен қолданысқа түсіп, қазақ ортасына дендеп ене де алмады. Себебі ол тілді тек оқығандар ғана түсінді.
Осы ретпен енді жас сыншының сын туралы пікіріне келсек, онда былай делінеді: «Басылып шыққан әдеби шығарманы сынау, оның кемшіліктерін көрсету, тәуір жақтарының ішкі сырын жарқыратып оқушылардың алдына жайып салу мәдениетті жұрттың әдеті. [10, 105-106-б]». Бұл жолдарға қарап әдеби сынның рөлін жете таныған жастың бұл бағытта да әлемдік озық әдебиетті мақсат тұтқанын байқау қиын емес.
Жалпы алғанда, журналдың бағыты мәдени-ағартушылық сипатта болды. Оның маңызы өз сөзімен айтқанда «шәкірттерді әдебиетпен таныстырды, қолдарын қаламға үйретті, өнеге берді». [10, 109-б] Бұл туралы журналдың дерлік әр санында басылған «Сөз басы» деген секілді тақырыппен беріліп отыратын алғы сөз сипатындық мақалаларда жиі-жиі қайталанып айтылып отырды. «Өнер-білім керек. Одан да керегірегі тәрбие. Қанша оқысақ та, тәрбиеміз кем болса, қасиетіміз аз» [11, 255-б], - деген Әлихан сөзіндегідей «Садақ» жастары да өздерінен кейінгі келген жастарды мейілінше озық тәрбие беруге, және елдеріне қайтса да сондай озық тәрбиеші болуға баулыды.
Журнал өз оқырмандарының деңгей-сипатын ескере отырып оқу-ағарту ісіне баса көңіл бөлген. Журналдың 1917 жылғы бес анында жарияланған «Мұғалімдік туралы» деген екінші бір үлкен мақаласында прогресшіл педагогиканы және озат ағартушылық идеяларды насихаттады. Алдымен ол медресе бітіріп шығатындарға «бұрынғы алдаушы, сатылғыш арамза молдалардың ізіне түсіп кетпеуді» айтады. Екіншіден, жаңа әліппемен төте оқытатын мұғалім балаларға мейірімді қарап, білім негіздерін және жазуды бірге үйретуге, жұрт алдында тәртіпті, ұстамды болуға тиістігін ескертеді. Сондай-ақ, Тілепбергенов мұғалім тек балаларды оқытумен ел арасында мәдени-ағарту жұмыстарын, атап айтқанда сауаттандыру, газет, кітап оқып беру, мұғалімдер дайындайтын курстар ашу сияқты шараларды жүзеге асыруға тиіс екендігін, бұл жаңа, халықтық мұғалімдердің ардақты борышы екендігін жазады. [22, 47-б] Міне бұл «Садақ» ұстанған тәрбие жолы болатын. Барша мұңы қайтсем елімді өзге жұртқа теңеймін деген арыстардың бұл жолдағы ізденісінде әрине адасулар да болды.
«Садақ» материялдарында идеялық тұрғыдан қарағанда бірен-саран ала-құлалық болғанын да айтпай кетуге болмайды. Редакция ұжымындағы жастардың сол кездегі саяси өмірдегі өзгерістерді түгел жаңалық деп қуана қарсы алғаны да бар. Бұл кінәсі де, күнәсі еме, саяси өрелерінің саяздығы деп білу керек. [22, 47-б] Оның үсіне ел ішінен аулақта болуы, тек орыс ортасында ғана болып, жоғары мәдениетті аңсаушылықтары өздерінің халқының барша қиыншылығын тек қараңғылықтан ғана көріп, Патша үкіметінің зорлығын білсе де, тұтас мемлекеттік, ұлттық тәуелсіздік ұғымына толықтай сенім арта алмағандықтары, Алаш партиясы бастаған ұлы мұратты жете түсіне алмағаны мәлім.
Сонымен қорыта айтқанда «Садақ» қолжазба күйінде болса да қазақ баспасөзі тарихынан өз орынын алатыны даусыз. Біріншіден, қалам ұстаған медресе жастарына жазу мектебі рөлін атқарды, екіншіден, қазақтың көркем әдебиеті кадрларының өсіп-жетілуіне ықпал етті. [22, 47-б]
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы. – 1995.
2. Пірманов Ә. Қапаева, А. Қазақ интеллигенциясы. – Алматы. – 1997.
3. Жұртбай Т. Ұраным – Алаш. Түрме әфсанасы, 1, 2-том. – Алматы: Ел-шежіре. – 2011.
4. Әшкеев Н. «Ә.Бөкейхановтың ұлттық мемлекет құрудағы ұстанған негізгі принциптері» // Ақиқат. – 2002. – №3.
5. Журтбай Т. «Движение Алаш» (сборник материалов судебных процессов над алашевцами) том 1. – Алматы: Ел-шежіре. – 2011.
6. Жәдит және Алаш: ұғымдар мен терминдер сөздігі. – Астана. – 2011.
7. Субханбердина Ү. Дәуітов С. Сахов Қ. «Қазақ» газеті. – Алматы. – 1998.
8. Кәкішев Т. «Ғалияда» оқыған қазақтар // «Егемен Қазақстан» газеті. – 2008. – 30 тамыз.
9. Рақымқызы Р. Талаптыға жол нұсқаған «Ғалия» // «Алаш айнасы» газеті. – 2009. – 22 сәуір.
10. Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – Алматы: ҚМБ. – 1964.
11. Бөкейхан Ә. Шығармаларының толық жинағы, 5-том. – Астана. – 2010.
12. Асылбекұлы С. Қазақ прозасының қалыптасуындағы баспасөздің рөлі// Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2008. - №8.
13. Сәдуақасұлы С. Үш томдық шығармалар жинағы. – Астана. – 2013.
14. Қамзабекұлы Д. Руханият, Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: Білім. – 1997.
15. Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы, 1-том. – Алматы: Ел-шежіре. – 2013.
16. Жұмабаев М. Балапан қанат қақты// «Жас Алаш» газеті. – 2011. – 16 тамыз.
17. Сейфуллин С. Тар жол тайғақ кешу. – Алматы. – 2009.
18. Қамзабекұлы Д. Алашқа тыныс болған «Жас азамат»// «Ана тілі» газеті. – 1994. – 14-сан.
19. Қазақ-қырғыз жастарының ұйымдарына // «Сарарқа» газеті. – 1918. – 8 шілде.
20. Аймауытов Ж. Газет, журнал оқушыларға // «Сарарқа» газеті. – 1919. – 20 ақпан.
21. Тайшыбай З. «Жас азамат» – Алаш ұранды жастардың газеті// http://old.abai.kz/node/40315 .
22. Аллаберген Қ. Нұсқабайұлы Ж. Оразаев Ф. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008 жж.). – Алматы. – 2009.
23. Кәкішев Т. Сандалтқан «Садақ». – Астана. – 2002.
24. Қамзабекұлы Д. Түсініктер// Қошке Кемеңгерұлы шығармалары, 1-том. – Алматы. – 2013.
25. «Садақ» қолжазба журналы. 1914 – 1918 жж.
26. «Жас азамат» газеті. 1918 -1919 жж.