Әр ұлттың экраны – өлшегіш барометрі болмаса да, айнасы іспетті. Сол айнадан кім қалай өзін көрсете алса, сол деңгейде қоғамдық пікір қалыптастырады. Халықтың болмыс-бітімі, дүние танымы һәм өмірлік ұстанымын сол қалпында көрсету де шеберлікті талап етеді.
Экран бетіне белгілі бір топ қана шыққанымен, оның ар жағында халық атты телегей теңіз жатқанын әрдайым есте ұстау шарт. Дегенмен, азшылықтың көпшілікке ықпал етіп, өзіне сендіру мүмкіндігі осы айнаның тұтқасын ұстаған мамандар қолында екені осы уақытқа дейінгі тәжірибе дәлелдеді. Соның нақты көрінісі біз тақырыбымызға арқау етіп отырған алпысыншы жылдардағы қазақ теледидары. Заманның қай бағытпен жылжып жатқанына қарамастан, ұлттық мүдде көрініс табатын бірнеше бағдарламсы көрермен жүрегіне жол тапты.
1964-1984 жылдар аралығында қазақтың танымал ақын, жазушы, ғалым, өнер қайраткерлерін телеэкранға шығарып, шығармашылық бейнелерін сомдаған «Сұхбат» бағдарламасы кең етек алды. «Ақиқатқа жетудің жолы – диалог» депті хакім Сократ. Адамның болмысына үңіле отырып, көп алдында сырын айтқызу талант пен талғамды қатар қажет етеді. Атақ пен мансапты аяққа тастап, көп алдына шыға бермейтін шығармашылық адамдарын телебағдарламаға қатыстырудың өзі бір жетістік дер едім .
Әдебиетте Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтан бастап Шөмішбай Сариевке дейін, театр өнерінде Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұловтан бастап Құдайберген Сұлтанбаеқа дейін, сурет өнерінде Әбілхан Қастеевтен бастап Салихитдин Айтбаевқа дейін, кино өнерінде Шәкен Аймновтан бастап Сатыбалды Нарымбетовке дейін, сәулет өнерінде, ғылым саласында, мемлекеттік істе болған талай майталман қайраткерлер туралы жазып, олармен ой бөлісіп, пікір алмасты. Оған әлемнің отызға жуық елінің даңқты ақын, жазушы, өнер қайраткерлерін қоссақ бұл тізім ұзара түседі. Әдебиет пен өнердің өзекті мәселелерін қозғаған телехабарлар, шынайы телеөнер туындысы болып саналатын ондаған қойылымдар сақталмады. Ең өкініштісі сол. Бірақ осының бәрін ізсіз кетті деуге болмайды. Қазір сақталып қалған «Сұхбат» сериясынан көрсетілген хабарлар көрермендердің қай ұрпағына болса да қажет екені сөзсіз.
Тікелей эфирге шыққаннан кейін кез келген адам өзінің ішінде бұғып жатқан құпиясын боямасыз айтып береді. Кеңес үкіметі кезіндегі бағдарламалардан «сұхбат» жанрын сирек кездестіретінімізде сондықтан. Ашық әрі шынайы дүниені көру үшін телеэкранда әңгіменің орны ерекше екенін ғалымдар әлдеқашан айтып қойған. Сұлтан Оразалы жүргізген «Сұхбат» хабарының қоғамдық һәм тағлымдық мәнін ашу үшін, бұл жанрдың сыр сымбатына қанық болғанымызды хош көріп, ғалымдар еңбегіне жүгінсек .
Журналистикадағы, оның ішінде телевизиядағы кез-келген мазмұндағы, кез-келген тақырыптағы бағдарламалар белгілі бір формаға салынып беріледі. Бұл формалар хабардың мақсатына сай, тақырыбына орай қалыптасып, «жанр» деген ортақ атауды иемденгенін жақсы білеміз.
Телепублицистикада, жалпы публицистикадағыдай, жанрлардың үш ірі тобы қалыптасқаны белгілі, олар: ақпараттық, талдамалы және көркем-публицистикалық жанрлар. Жанрлардың бұл бөлінісі хабарлардың атқаратын функциясына, мақсаттарына байланысты болса, біз телевизиялық жанрларды басқа қырынан қарастырып, жіктеп отырмыз. Ол – хабарлардағы аудиалды, яғни сөйлеу мүмкіндіктерінің қолданысы деңгейіне байланысты талдау.
Экрандық өнерде күшті байланыс құралы – сөздің маңыздылығына күмән жоқ. Телевизия арқылы айтылған сөздің ерекше сипаты бар. Телеэкраннан «тірі» сөз естіледі, оны айтушы экрандағы адам көрерменнің сұхбаттасына айналады. Ол ақпарат берумен шектелмей, көрерменге әңгіме айтады, «сұхбат» жүргізеді. Сондықтан телевизияда еркін сөйлейтін, еркін әңгімелесе алатын адамдарға сұраныс үлкен.
Қазір адамдардың, оның ішінде шығармашылық қызметтің өкілдері – журналистердің және олармен әңгімелесуші басқа мамандық иелерінің сөзіне, сөйлеу шеберлігіне негізделген электронды бұқаралық ақпарат құралдарының дәуірі келді. Электронды бұқаралық ақпарат құралдарының осы ерекшелігіне, яғни адамдардың сөзіне сүйену ерекшелігіне сай оларда жанрлардың екі түрі, екі тобы: монологтық және диалогтық жанрлар тобы қалыптасқан. Қоғамдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың барысы телевизиядағы осы екі топ жанрлардың одан әрі дамуына да ықпалын тигізді.
Монологтық жанрдағы бағдарламаларда тележурналист ақпаратпен бөліседі, ойлары мен көзқарастарын, зерттеу нәтижелерін студияда отырып жеткізеді. Жаңалықтар бағдарламаларын, телешоу мен телекомментарийді, корреспонденцияны, очерк пен эссені, монологтық жанр ретінде қарастыруға болады.
Қазақстан телевизиясының тәуелсіздік кезеңіндегі дамуын, телевизиядағы жанрлардың өзгерісін зерттеуші Г.Бакенова телевизиялық бағдарламаларды талдау нәтижесінде төмендегі қорытындыға келгенін баяндайды.
- телевизияның монологтық жанрлары сөйлеуші және бұқара аудиториясы жүйесінде жүзеге асады; телекөрермен бұл жанрдағы бағдарламаны көру кезінде диалогтық бағдарламалардағыдай, өзін үшінші жақ ретінде сезінбейді, яғни ол екеуара әңгімені бақылаушы емес, ол эфирден айтылып жатқан әңгіменің тікелей өзіне бағытталғанын сезінеді; бірақ телевизиядағы монологтық бағдарламалардың үлесі диалогтық жанрдағы бағдарламалардың үлесіне қарағанда азайып келеді, себебі телекөрермендер эфирде жүріп жатқан динамикалы, пікірталасты, көптеген көзқарастардың қақтығысын тамашалағанды көбірек ұнатады. Телекөрермендердің арасында жүргізілген сауалнамалар аудиторияның үлкен бөлігі эфирден журналистің жеке сөйлегенінен, комментариінен гөрі интервьюлер мен әңгімелерді тыңдағанды қалайтынын көрсетті;
- телевизиядағы диалогтық жанрлар тобы одан әрі жедел дамып келеді; олар салмақты сипаттағы әрі көрерменнен салыстырмалы түрде «қашықтықта» жүріп жатқандай көрінетін, көрермен тек бақылаушы рөлінде болатын телевизиялық әңгімеден бастап (мысалы «Қазақстан» арнасының бұрынғы құрамы тұсындағы «Күлтөбе» телебағдарламасы), полемикаға, дискуссияға құрылған, бұқара аудиториясын тікелей қатыстыру арқылы жүретін пікірталасқа дейін (мәселен, студияға қосылған микрофон арқылы, студиямен орнатылған тікелей байланыс телефондары арқылы жүзеге асатын «Общественное мнение», т.б телебағдарламалар) түрленеді; телевизияның диалогтық бағдарламаларында бейнелеуіш құралдардың барлық спектрі, мысалы, семантикалық, лексикалық-стильдік, пролингвистикалық және экстралингвистикалық факторлардың барлығы қолданылады.
Интервью баспасөз мәжілісі, «дөңгелек үстел» басындағы әңгіме, шоу бағдарлама секілді дилогтық жанрларда бағдарлама әзірлеу арқылы телевизия өмірдің құнды диалогына араласады.
Телевизиядағы диалогтық бағдарламалардың негізінде екі немесе бірнеше адамның әңгімесі, тіпті пікірталасы, ой жарысы жатыр. Диалогтық бағдарлама журналистің ғана емес, басқа сала маманының да пікір бөлісіне, эфирден сөйлеуіне негізделеді.
Журналист ақпаратты маңызды оқиғаларға қатысуы, құжаттармен танысуы, мерзімді басылымдардағы, радиотелехабарлардағы, интернеттегі мәліметтермен танысуы, ал ең бастысы, адамдармен араласуы, олармен әңгімелесуі, оларға сұрақ қоюы арқылы алады. Адамдар бір-бірімен диалог арқылы, яғни екі немесе бірнеше адамдардың әңгімелесуі, бірінің сұрағына екіншісінің жауап беруі арқылы қарым-қатынасқа түседі.
Телевизиялық журналистикада диалог арқылы жасалатын жанрлар бірнешеу, олар - интервью, әңгіме, дискуссия (пікірталас), баспасөз мәжілісінің телевизиялық версиясы және ток-шоу.
Ең алдымен, интервью жайлы айта кетсек, интервью жанры диалог арқылы қарым-қатынастың нәтижесінде жазылады. Бұл жанрдың атауы ағылшын тіліндегі «interviw» - кездесу, әңгімелесу деген сөзінен алынған.
Интервью – журналистің саяси қайраткерлермен, қоғам қайраткерлерімен, спорт, өнер т.б салалардағы адамдармен маңызды мәселе жөнінде әңгімелесуі. Интервью сөзінің ағылшын тіліндегі мағынасына үңілсек, интерпрофиксі өзара әрекет дегенді білдірсе, viw – пікір, көзқарасты білдіреді. Яғни, интервью – пікір, көқарас, факті, мәліметтермен алмасу.
Интервью барысында жауап бергеннен гөрі сұрақ қою жеңіл деп ойламау керек. Интервью бірлескен шығармашылық нәтижесінде дүниеге келеді, оның сәтті шығуы интервью алушыға байланысты. Интервьюер әңгімеге алдын-ала әзірленіп, тиісті әдебиетпен танысуы, кейіпкердің айналасындағы адамдармен әңгімелесуі, сұрақтарын дайындауы тиіс.
Телевизияның теориясы мен тәжірибесін зерттеуші Г.Кузнецов бастаған авторлар тобының пікіріне сүйенсек, телевизиялық интервьюлер мақсатына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Яғни, хаттамалық, ақпараттық, интервью – портрет, проблемалық және интервью – анкета.
Қазақстан телевизиясы тәжірибесіндегі танымал тұлғалардың бірі, сондай-ақ телевизия теориясын қалыптастырушы белгілі ғалым Марат Барманқұлов та өзінің «Телевидение: деньги или власть?» оқу құралында интервью жанрын және оның телевизияда неғұрлым көп кездесетін түрлерін зерттейді. М.Барманқұловтың пікірінше, интервьюлерді интервью беруші сипатына және интервью алушының сипатына қарай жіктеуге болады.
Интервью берушілер сипатына қарай интервьюлердің: интервью – пікір, интервью – ақпарат, интервью – эмоция және интервью - әлеуметтік сауалнама аталатын түрлері бар.
Ақпарат алудың диалогтық тәсілі арқылы жүзеге асатын тағы бір жанр – әңгіме. Әңгіме интервьюден бастау алады. Сыртқы бейнелеріне қарап оны интервьюден бірден ажырата алмайсыз. Олардың арасындағы ролі журналистің ролі мен функциясына байланысты. Бір немесе бірнеше тақырып төңірегіндегі пікір алысуға негізделген телевизиялық әңгімеде журналист интервьюер (интервью алушы) емес, әңгімеге қатысушы, әңгімелесушімен қатар өз пікірімен де бөлісе алатын «қонақ күтуші» ролін де атқарады. Телеәңгімені жүргізушіні «модератор» деп атау қазіргі телевизия тәжірибесіне енді. Себебі, телеәңгімені жүргізуші тақырып төңірегіндегі әңгімеге студия қонақтарының барлығын тартып, сұхбаттың еркін өрбуін қадағалайды.
Телеәңгіме – тележурналистиканың қоғамдық қызыққа негізделген, көбінесе пікірталасқа ауысатын ерекше жанры. Оған әңгіме барысында талас тууы, даудың тиісті дәлелдер арқылы шешілуі тән. Автор тақырыпты таңдайды, қатысушыларды белгілейді. Хабардың жүруін жоспарлайды. Сырттай қалыпты, орнықты көрінетін әңгіме шын мәнінде қозғалысқа, қысымға толы болуы заңдылық.
Телевизияда тағы бір жанрдың диалогтық түрі – дискуссия кеңінен таралып келеді. Бұл бүгінгі өміріміздің стиліне сәйкеседі. Себебі, мәселелерді шешу жолдарын іздеу, мәселе жөнінде қоғамдық пікірді қалыптастыру үшін түрлі көзқарастағы адамдардың пікірлерімен, көзқарастарымен алмасуы тиімді болып табылады.
«Дискуссия» сөзі латын тілінен алынған «зерттеу», «әңгімелеу» деген мағынаны білдіреді. Теледискуссия көрермендері түрлі пікірлердің қақтығысуына куә болады, сол арқылы өзіндік пікір қалыптастырады. Теледискуссия тақырыбы көрерменге таныс болуы, яғни әлеуметтік мәнді, шешімін таппаған мәселе болуы керек. Дискуссияға қатысушылар бөлек отырады, студиядағы көрермендер олардың әңгімесіне, пікірталасына куә болады. Теледискуссияның жүргізушісі қатысушылардың пікір алысуын қадағалайды, оның әңгіме тақырыбын білуі шарт. Жүргізуші оған қоса қиыннан жол тауып шығардай тапқыр болғаны тиімді. Себебі пікірталас барысында әңгіме ауаны кез келген тақырыпқа ауысуы мүмкін.
«Сұхбат» бағдарламаса телевизиядағы алғашқы журналистердің бірі болғанмен, оның тележурналистік шеберлігі 70-80 жылдары жарқырай көрінген еді. С.Оразалиннің әдебиет және өнер шеберлерімен ұйымдастырған телевизиялық кездесулері, терең ойлы сұхбаттары көпшіліктің есінде қалған. «Сұлтан жасаған «Сұхбат» хабары халқымыздың біртуар перзенттері Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ш.Айтматов, С.Бегалин, І.Есенберлин, Т.Ахтановтармен ел, жер, әдебиет, қоғам өмірі төңірегінде өрбіген, - деп жазады Қ.Тұрсынов өзінің «Көгілдір экран құпиясы» атты еңбегінде.
Сұлтан Оразалиннің интервью алмас бұрын өзінің болашақ кейіпкерімен бірлесіп, эфирге, ұзақ, жауапты дайындық жасайтыны жайлы да белгілі.
Өмір мәселелерін азаматтық өлшеммен бағалайтын сыншыл журналист өзінің телевизиялық хабарларында да осы үрдісті пайдаланған. С. Оразалы жүргізген «Сұхбат» хабары қазақтың озық ойлы интеллигенциясының арасында саяси ептілік қалыптастыруға ықпал етті. Сол ептілікке икемделген сұхбат беруші қоғам келеңсіздіктерін өз басына ашық қауіп төндірмейтін де, хабардың тағдырына кері әсер етпейтін де түрде айтатын. Хабарда ұлттық мұрат-мақсат сараланып, пікірлер түйінделетін. Сипаты жағынан «Сұхбат» ағартушылық сипатта, көтерген мәселесі жағынан проблемалық және сыни бағытты ұстанған екен. Қ.Тұрсыновтың ойынша, «Сұхбат» телесұхбатында деректерді талдау жүзеге асып, философиялық толғаныс байқалатын.
«Сұхбат» телеинтервьюлер циклын жүргізуші, қазіргі тілмен айтқанда, интервьюер Сұлтан Оразалының шығармашылық шеберлігі телекөрермендер тарапынан да жоғары бағаланған. 80-90 жылдары мерзімді баспасөз беттерінде «Сұхбат» хабары жайлы оқырман мен көрерменнің пікірі үзбей беріліп, автордың жетістіктері де, кемшін тұстары да айтылып жатты. «Қалғып кеткен қоғамдық сана қайта оянып, сарғая бастаған қоғамдық ой қайта сілкінді. Халық рухы бойын тіктеп түрегелді. Енді көңілді қажаған көп сұраққа жауап іздеп, елді қажытқан қиындықтармен бітіспес күрес басталды».
«Сіздердің «Сұхбат» атты хабарларыңыз – халықтың көкейінен шығып жүрген игі бастамалардың ең абзалы. Мұндай көңілді қозғап, жүректі тербейтін, мыңдармен тілдесетін бетпе-бет сырласу, ой тербеуден келетін пайданы белгілі өлшемге сыйғызудың өзі мүмкін емес. Ел-жұртқа аты ардақты, зиялы, абзал адамдарды миллиондармен сырластырудың моральдық, этикалық ықпал-күші орасан зор» (Жамбыл облысы Сарысу ауданының Ленин атындағы мектер мұғалімдері) дейді көрермен ризашылығы.
Ал хабардың деңгейі оның авторы мен жүргізушісінің шеберлігіне, позициясына байланысты екені белгілі. Хабарды басқаруы, жүргізуі жөнінде автордың өзі: «Сұхбатты» жүрзізгенде шама-шарқымша біраз жағдаятты ортаға салуға тырыстым. Әр хабары өткен сайын қуанатынмын дейді.
Өз кезегінде «Сұхбат» циклі халыққа тез танылды. Осы бағдарламадан үйренгендер де, еліктегендер де болды. Бұл бағдарламадан кейін арада он шақты жыл өткен соң Мәскеуде орталық телевизияда «Телевизионные встречи» деген жаңа бағдарлама шыға бастады. Ол бағдарламаның жүргізушісі эстон журналисі Урмас Отт соның алдында ғана Алматыға келіп, «Сұхбат» хабарын көріп кеткен болатын. Сол хабар үшін Урмас Отт өз елінде көптеген сыйлықтар алыпты.
Қорыта айтқанда интервьюер, модератор және шоумен мамандықтары – қазіргі телевизиядағы терең білімді, тапқырлық пен өткіртілділікті, жедел реакцияны, адами тартымдылықты, сондай-ақ әдептілік пен жауапкершілікті талап ететін маңызды қызмет түрлері. Олар жүргізетін, әзірлейтін бағдарламалар – телеарналардың бетке ұстар, аса маңыз берілетін терең интервьюерлері, салмақты әңгімелері, қызу дискуссиялары, динамикалы ток-шоулары. Сондықтан телевизиядағы диалогтық бағдарламаларды жүргізуші шығармашылық қызметкерлерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Интервьюердің, шоуменнің және модератордың кәсіби біліктілігіне, қоғамдық және әлеуметтік жауапкершілігіне телеарнаның беделі, рейтингісі, жекелеген жағдайларда материалдық потенциалы мен мүмкіндіктері де тәуелді.
Диалогтық телебағдарламалардың интервью, әңгіме, дискуссия, ток-шоу секілді түрлері барын анықтаған болатынбыз. Телевизияның диалогтық жанрларының бұл түрлерінің өзіндік ерекшеліктері, сипаттарына қарай оларды жүргізушілердің атауы да, жұмыс ерекшеліктері де, олардың кәсіби шеберлігіне қойылатын талаптар да әртүрлі болып келеді. Интервьюер, шоумен және модератор – қазіргі телевизиядағы ең маңызды, жауапты, беделді шығармашылық қызметкерлері. Мәселен, портреттік немесе проблемалық интервью алу шебері – «интервьюер» аталса, телеәңгімені, теледискуссияны жүргізушілерді телевизия тәжірибесінде «модератор» деп атау қалыптасқан. Телевизияның қызықты әңгімеге, қозғалысқа құрылған жанры – ток-шоуды жүргізушілер «шоумен» деген атаумен белгілі.
Сонымен, интервьюер, шоумен және модератор. Бұл – телевизия журналисінің үш түрлі мамандануы, үш түрлі жұмысы. «Ойлы, талапшыл интервьюер, жылдам және өткір тілді шоумен, салмақты модератор. Бұл үш түрлі алуанның бірін таңдау журналистің табиғи темпераментіне, мінез-құлқының ерекшеліктеріне байланысты» - деп есептейді телевизия жайында зерттеу жүргізуші орыс ғалымдары. Бірақ экрандық жұмыстың осы үш түрініңде негізінде адамдармен қарым-қатынас жатыр. Оларға тән тағы бір маңызды белгі бар. Интервьюер, шоумен және модератор өз пікірімен бөлісу, өз пікірін негізгі ой ретінде ұсынудан аулақ. Олардың жұмысындағы осы белгісі телевизия қызметкерлерінің тағы бір тобы – комментатор мен шолушы жұмысынан ерекшелейді. Егер студия қонағымен әңгімелесіп отырған шолушы (мәселен, «Кинопанораманы» жүргізуші Е.Рязанов) мәселе жайлы ойларымен еркін бөлісетін болса, интервьюер мен шоумен өздерінің ерекше ойлау үлгісін сұрақты әбден ойластырылған, ерекше формада қоюымен байқалады: қарапайым көрерменнің ойына келмейтін ерекше сұрақ өзіне нақты, толық, маңызды жауап алуға қабілетті формада қойылады. Ал модератор өзімен әңгімелесушілердің бірінің өзіне қолайсыз тақырыпта сөйлесуден қашқақтағанына қарамай, табандылық пен реттілік танытуы арқылы-ақ үлкен нәтижеге қол жеткізеді.
Интервьюер, шоумен және модератор жұмысына ортақ сипаттар, олардың жалпы сипаттамасы осындай. Енді осы үшеуінің жұмыс ерекшеліктеріне, оларға қойылатын талаптарға жеке-жеке тоқталайық.
Интервьюер – өз алдына жеке журналистік мамандық. Әрине, кез-келген журналист интервью алады. Кез-келген репортер оқиға куәгеріне, сарапшыға, танымал адамға сұрақ қояды. Бірақ біз зерттеп отырған интервьюер қатардағы репортажды, видеосюжетті әзірлеуші емес. Ол портреттік немесе проблемалық интервьюлаушы «шебер».
Портреттік және проблемалық интервьюдің ақпараттық интервьюден үлкен айырмасы барын білеміз. Ақпараттық интервью қысқа әрі нақты болады, мұнда интервью берушінің психологиялық мінездемесі екінші кезекте қалады. Портреттік интервьюде керісінше, ең маңыздысы – кейіпкер психологиясы. Проблемалық интервьюде – кейіпкердің проблеманы шешудегі ролі. Интервьюлердің бұл түріне әзірлік, оны жүргізу әдістемесі де басқаларға қарағанда ерекше. Интервью – портрет 30, тіпті 60 минутқа дейін созылады, яғни кейіпкер бейнесінің ашылуы қанша уақыт пен күшті талап етуімен байланысты ұзақтықта әзірленуі мүмкін.
Жалпы алғанда «сұхбат» жанрының күрделі әрі қоғамға қажет екенін жоғарыдағы ғалымдар пікірінен байқау қиын емес. Ал осы саланың сарабдал маманына айналған Оразалин бағдарламасы да өз кезегінде үлкен маңызға ие болды. 1980-1981 жылдар аралығында көрермендер «Сұхбат» циклін жоғары бағалап, алдыңғы қатардан орын беріпті. Қазақ елінің түкпір-түкпірінен келген толассыз хаттар легі шығармашылық ұжымына серпін бергені де анық байқалады. Сөзіміз дәлелді болу үшін сол кездегі редакцияға түскен хаттардан бірер мысал келтіріп көрелік .
« Ш. Айтматовпен «Сұхбатты» көру үшін өзімді шақырған әрі өзім басқаруға тиісті тойға бармай , сол хабарғы ықылас қойдым . Рахмет сіздерге! Ғабиден ақсақалмен әңгіме де ғажап ! Бұл хабарларды көркем дүние ретінде болашақ ұрпаққа сақтау керек деп ойлаймын» (Ә. Мейірбеков. Шымкент облысының Жетісай ауданы) .
Осындай отты мадақтардың жалыны шарпып кеткен «Сұхбат» циклінің қоғамдық һәм тағлымдық мәнін халық өз кезегінде бағасы арқылы түйіндегеніне көзіміз жетіп, көңіл тойды. Бұл жанрға бір тармақ беріп, кең жайыла сөйлеп отырғанымыздың сыры осы. Телепублицист еңбектерін шағын мақаламызға сыйғызу мүмкін емес, бірақ барынша тақырып мәнін ашуға көмектесетін деректерді дерлікпей теріп жатырмыз .
Қазіргі кезде архивте сақталған «Сұхбат» бағдарламасы жас мамандар үшін өз көмегі мен ықпалын тигізуде. Әрине, телеэкран уақыттың ығына қарай жаңарып отыруға тиісті дүние, дегенмен алдыңғы толқынның анық бағдарымен жол салған жас журналистердің мүмкіндігі жоғары болады. Тыңнан түрен салып, естен кетпес бағдарламаны қолтаңбасының бір бөлігі ретінде қалдырған телепублицист шығармашылығының қоғамдық маңызы зор. Кез келген бағдарламаға жоғарғы талғаммен қарайтынын да өз сөзінен аңғаруға болады.
Қазақтың бойына қан жүгіртіп, делебесін қоздыратын «айтыс» атты синкретті өнердің көгілдір экрандағы жобасын тұңғыш жасаған да осы кісі ед. Бұл адамға тән үлкен қасиет, әр істе өзінің тың идеясымен тұңғыш боп атануы. Сұлтан Оразалиннің биік талғамын «айтыс» өнеріне берген бағасынан-ақ шамалай аламыз .
«Айтыс» хабары да қиындықпен жарық көрді. Тек айтарым, айтыс – теледидар үшін таптырмайтын олжа, егер әлемдік телеөнерге ұлттық үлес қосқымыз келсе, осы айтыстың төңірегінде ізденуіміз керек. Ал қазіргі
Ж. Ерманов иелік жасап жүрген телехабарлар өте қарабайыр, талғамсыз, ауылдың «әлеуләйінен» ұзап кетпеген, жұртты жиып алып, болымсыз сөзге ыржалақтаған ойсыз адамдарды экраннан жиі-жиі көрсетумен тынатын, ақындарының өресі де болымсыз туындылар. Іздену жоқ , әзірлік жоқ айтары да шамалы. Жақсы істі қор қылудың үлгісі осы болар. Теледидардағы айтыс мүлде басқаша жасалуы керек. Ол айтыс өнерінің барлық түрін қамтып, теледидардың техникалық мүмкіндігін, өзіндік ерекшелігін ескере отырып, режиссердің батыл шешімін қажет етеді. Қазіргі ұйымдастырылып жүрген айтыстың түрі ауыл сахнасына, той-думанға жарағанымен, телеэкранға мүлдем келмейді. Бір қалыптан аумайтын хабарлар жұртты мезі етіп, жақсы өнерден жирентіп алуы мүмкін. Сондықтан әрбір айтысқа қатаң талап қойып, нағыз сөз маржанын теріп алғанда, оны түр жағынан да байытып, көркемдік сапасын арттырғанда, айтыс арқылы нағыз телетуынды жасағанда ғана бір нәтижеге жетуге болады.
Телепублицист тудырған бағдарламалардың бәрі үлкен талғаммен дүниеге келгенін өз сөзінен байқадық, иландық
Ал енді біз мысалға алып отырған талғам дегеніміз не осы ? Сол сұрақтың жауабын іздеп көрейік. Белгілі жазушы, публицист Таласбек Әсемқұлов өзінің «Талғам – эстетикалық ар ұят» деген мақаласында:
«Осы талғам деген не?
Менің ұғымымда талғам – адамның эстетикалық ар-ұяты. Әрине күнделікті өмірдегі, тұрмыстағы ар-ұяттан айырмашылығы, талғам – ерекше тәрбиеден, қалыптасудан өткен ар-ұят. Одан ары баратын болсақ, талғам – сананың дамыған ең нәзік түрі. Кеше ғана басымыздан өткен, бүгінде тарих еншісіне айналып бара жатқан қоғамдық формацияда басқаға орын болса да, талғамға орын жоқ еді. Кеңестік жүйе талғамы жоқ, тұтас адамзат нәсілін тәрбиелеп өсіріп шығарды. Бұл жерде мен Батыс әлеуметі бұл тарапта бізден үстем шықты деп отырған жоқпын. Дегуманизация, масскульт – бүкіл әлем мәдениетіне тән құбылыс. Талғамсыз адам – бүкіләлемдік тұлға.
Егемендік – ең әуелі сананың егемендігі, ментальдік құбылыс. Біз егемендік алдық, еркіндікке жеттік дейміз. Бірақ бұрынғы штамптардан, комплекстер мен синдромдардан ой өлкеміздің әлі арылмағандығын… білмейміз. Басымыздан кешкен сол заман, соның низамдары бізді әлі күнге дейін етегімізден тартып жібермей тұрғандығын сезбейміз. Біз осы дүниетанымымызбен жаңа заман өнеріне, мәдениетіне пікір айта аламыз деп ойлаймыз. Бірақ әлеуметтік пікір, талғам толықтай аласталған заманнан, пікірсіз, талғамсыз қоғамнан келген, біз, әрине, жаңа аспан астында туған жаңа ұрпақтың өнеріне пікір айта алмаймыз.
Ал айта алу үшін біз ең әуелі өнер мен әдебиетке, жалпы рухани мәдениетке деген утилитарлық көзқарастан, яғни мәдени құбылыстарды олардың келтіретін нақты пайдасы тұрғысынан бағалау дағдысынан арылуымыз керек» дейді .
Бұл пікірге біздің еш алып қосарымыз жоқ . Бір адамның ойын ақиқат деп тану мүмкін емес, алайда біз жұмысымызға арқау етіп отырған тұлға талғамына жақындау үшін осы мысал жеткілікті. Таласбек Әсемқұлов бүгінгі ахуалды алға тарта отырып, сананы бұғауда ұстаған қоғамнан келген біз, тәуелсіз өнердің талғамына баға бере алмаймыз деп ашық айтады. Ал Сұлтан Оразалин «айтысқа» өз бағасын беріп, биік шыңға шақырады. Төл туындымызды әлемдік мұраға қосуды үндейді. Бұл сөзіміздің қазақ ұлты алдында үлкен тағлымдық мәні бар екенін дәлелдеу үшін Үнді өкіліне сөз беріп көрелік. Адамзаттың Рабиндрант Тагоры өз кезегінде былай депті:
«Әр халық өзінің тағдыр-тауқіметін әлем алдында айта алатын болуы керек. Егер ол халық төрткіл дүние үшін ештеңе бере алмаса мұны ұлттық қасіретті қылмыс деп бағалау қажет, бұл өлімнен де сорақы және оны адамзат тарихы кешірмейді. Әр ұлт өзінің ең асыл қасиеттерін адамзатқа ортақ қазынаға айналдыруы тиіс. Өзінің ғана жеке мүддесін жеңіп, оны сыртқа шығару арқылы бұл халық өзінің рухани мәдениетінің салтанатына бүкіл адамзатты шақырады».
Қазақ үшін «айтыс» өнерінен асқан қандай асыл қасиеті болу мүмкін. Хас өнерді телепублицист әлем мұрасына қосайық деп отырған жоқ па? Бұл ойы іске асқан кезде, Рабиндрант Тагор айтып отырған өлімнен күшті қасіреттің алдын аламыз. Осы тұлғалар арасындағы рухани келісім мен үндестік, немесе ойдың бір жерден шығуы қоғамдық һәм тағлымдық мәнді қалыптастыра алмайды деп қалай айтамыз. Адамдар ойының бір тараптан таралуы тоталитарлық жүйені немесе ақиқатты меңзейді. Сұлтан Оразалы айтқан бүгінгі «айтыс» ақиқатын қолға алғанда қазынамыз қазығын бекем орнатар ма еді, кім білсін.
Телебағдарламаның халық көңілінен шығып, қоғамдық мәнге ие болуы сол ұлттың болмысына терең бойлап, керегін көрермен бойына дарытуында жатыр. Бұл ретте көп ізденісті қажет ететін ептілік, тапқырлық керек. Қашанда көпті білген емес, керек нәрсені білген адам озатыны белгілі. Телепублицист шеберлігі сол, өз кезегінде халыққа не керек екенін жақсы білді. Халықтың төл туындыларының тамырына балта шауып, орыстандыру саясатын жүргізген кеңес үкіметі қазақы атауларымызды жоқ қылып жібере алмаса да, тырысып бақты. Сол қысылтаяң шақта жарық көрген 25 сериялы «Қымызхана» әзіл-сықақ отауы – Қазақ телевизиясының ең шоқтығы биік туындыларының бірі болып саналады. Атының өзі қазақы дүниетанымнан туындаған бағдарламаның шығуына сол кездегі Орталық теледидардан көрсетіліп, әбден мәшһүр болған «13 орындықты» кабачоктың» әсері тигені анық байқалады. Бірақ бұл сыртқы әсер ғана. Өзіміздің төл туындымызды жасау үшін автордың көп ізденгені сүйіспеншілікті тудырады. Тіпті бұндай бағдарламаны түсіріу үшін, оқиға өтетін тұрақты орны мен белгілі кейіпкері қандай болу керек деген сұрақтың өзі үлкен жауапкершілікті жүктейді. Автордың айтуы бойынша, бұл бағдарлама идеясының дүниеге келуіне өзінің туған жері Аягөз базарында көрген қымызханалар әсерін тигізіпті. Өткір әзілімен танымал болған «Қымызхана» телеспекталі туралы Сұлтан Оразалы былай дейді: «Қымызхана» төңірегінде дау-дамай жиі кездесетін. Шымбайға батып кететін кейбір өткір әзілдерді жайдақтаған кездер де болды. Тіпті: «Қазақта қымызхана деген болған емес, оны қайдан шығардыңдар, мұны «Сыраханадан» алғансыңдар», - деп дауласқандар да табылды. Сол кездегі Теледидар және радио жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары А.Шманов марқұм менің қымызханаға байланысты айтқан әңгімелерімді мұқият тыңдаған соң, Орталық комитетке барып, оларға ұзақ түсіндіріп, «Қымызхананың» атын бекітіп қайтқаны есімде. Жалпы ол кезеңде туындаған әрбір шығарма қатаң бақылаудан өтетін еді. Оның астарында сол баяғы қазақты мәдениетінен алшақ ұстау, ақылсыз қылып көрсету саясаты жататын. Осы құбылысқа заң аясынан алшақ кетпей, қарсы тұрған сатиралық бағдарлама «Қымызхана» болды. Төл туындымыздың қоғамдық атқарған мәні мен тағлымдық маңызына жақындау үшін бағдарламада орын алатын сатира сырына қанық болғанымыз абзал.
Сатира мен юмордың күштілер қаруы, тәрбие құралы екенін айтпас бұрын, олар туралы жалпы мағлұмат бере кетейік.
Сатира терминнің шығу тарихын, этимологиясын әркім әр түрлі түсіндіреді. Біреулердің айтуынша, ежелгі гректер жүзім өсірушілердің, жүзім шарабын жасаушылардың шарабын – Дионистің ән салып, би билеп, күлдіріп көңілдендіріп жүретін жол серіктерін «заіигоз» деп атаған. «Сатира» атауы сол сөзден шыққан.
Екінші бір зерттеушілердің пікірінше, бұл терминнің тарихы латынның «Заіига» - «смесь» - аралас, әр нәрсенің қосындысы, «всякая всячина» - анаумынау деген сөзінен басталады. Кейінірек ежелгі Рим әдебиетшілері сынап – мінеуші , әшкерелеуші сипаты бар шығармаларды «Заіига» деп атаған.
Қазір «Сатира» атауы әр түрлі мағынада қолданыла береді. Біреулер оны әдебиеттің бір тегі (род) деп түсіндіреді. 1941 жылы шыққан «Шетел сөздерінің сөздігінде» «Сатира – болмыстың жағымсыз құбылыстарын ащы күлкіге айналдыратын көркем әдебиеттің тегі (род)» делінген. Енді біреулер сатираны нақты бір өмір елестерін , болмыс сәттерін суреттеп, жазып, айтып берудің әдіс – тәсілі ғана деп түсіндіреді. Мысалы, сатираны көп зерттеген, бұл түрдің үлкен теоригі Я.Эльсберг : «Сатира – болмысты әдебиет пен өнерде көрсетудің бір әдіс тәсілі » дейді. «Үлкен совет энциклопедиясында» да осы анықтама берілген.
Тағы біреулердің ұғымынша, сатира – жағымсыз болмыс, құбылыс атаулыны сынап-мінеп, әшкерелейтін әдеби шығарма. Мысалы, Д.Н.Ушаковтың редакциялауымен басылған «Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде » «Сатира – өмірдің жағымсыз құбылыстарын күлкілі , келемеж түрде көрсететін әшкерелеуші әдеби шығарма » деп жазылған. Сол сияқты С.М.Бондидің басқаруымен 1940 жылы басылған «Поэтикалық терминдер сөздігінде» «Сатира – қоғамдық дерттерді келемеж етуді немесе әшкерелеуді мақсат ететін әр түрлі (роман, әңгіме, фельетон,эпиграмма,т.б) әдеби шығарма » делінген. Ал А.П.Квятковский : «Сатира – болмыстығы жағымсыз құбылыстарды сынап , әшкерелеуді, күлкі етуді мақсат етіп қара сөзбен немесе өлеңмен жазылатын көркем әдебиеттің түрі » деп анықтайды.
Сөйтіп, сатираның қоғамдағы жағымсыз болмыс, құбылыстарды адам бойындағы ұнамсыз мінез-қылық, әдеп-тәртіптерді әшкерелеп,күлкіге жығу, келемеж ету ниетімен жазылатыны жөнінде әдебиет зерттеушілерінің пікірлері бір арнаға саяды, бәрі де оның осы пафосын мойындайды. Бірақ олардың бірі үшін сатира – әдебиеттің бір тегі (род), екіншісі үшін өмірдің жеке елестерін суреттеп берудің әдіс-тәсілі, үшіншісі үшін әшкерелеуші әдеби шығарма, төртінші үшін көркем әдебиеттің өзіндік түрі. Байыптар болсақ, осы пікірлердің бәрі де қате емес. Олардың әрқайсысы сатираның әр қырын, әр қасиетін айтып отыр. Шынында да, сатира – алымды да шалымды нәрсе, оның өмір сүру, көрініс табу мүмкіншілігі мол, болмыс-құбылыстарға үңілу, араласу, суреттеу жолдары да әр қилы.
Жоғарыдағы ғалымдар пікірінен кейін, «Қымызхана» әзіл-сықақ телеспекталінің өміршеңдігін жоғалтпау маңызын түсіну қиын емес. Қазақы сары қымызды сапыра отырып, адамдардың жағымсыз болмысын келемежбен көрерменге көрсететін бағдарлама халық жүрегіне сілкініс салды. «Күлкі өмір, күлдіре білу өнер» деген қағида адам баласымен қатар жасап келеді. Халықтың алдына шығып, не болса соны айтып күлдірудің бәрін өнерге тели берсек құнын төмендетіп алар едік. Хакім Абай күлкіні екі себеппен күлу керек екенін айтады. Оның бірі, жақсының жақсылығынан шарапат алып, ғибратланбақ; екіншісі, жаманның қылығына ыза болып күлу. Екі күлкінің де астарында тәрбиелік мән жатыр. Сұлтан Оразалы бағдарламасындағы өткір әзіл, ызалы күлкіге құрылған келемеж дана Абайдың айтқан күлкісімен астарлас еді. Бұл үндестіктің өзінен телепублицист бағдарламасының мәңгілік маңызын бағамдай беріңіз.
«Қымызхана» атты әзіл-сықақ телетеатры бұрын біздің өнерімізде кенжелеу қалып қойған саланы толықтыра түсті. Көрерменді күлкіге кенелтіп, көздеген нысанасына дөп тиген кездері жетерлік. Бұрынғы заманда ресторан-кафесі жоқ халқымыз «Қымызхананың» төңірегіне топталатын. «Қымызды кім ішпейді ?...» деген сұрақ осы бабалар жиылысынан қалған жұрнақ іспетті. Қара сөздің киесімен талай надандық иесінің апшысын қуырған үлкендер ұлағаты да осындай жиналыстардан қалған еді. Өнерді алыстан іздемей, біздің бойымыздан тарап жатқан болмыстан жасап шығару халыққа медет болды. Себебі әр ұлт өзінің бұрынғы болмысын іздеумен өтеді. Болмыстың өзі жоғалған сайын халықтың санасында өнер ретінде қалыптасады. Мысалды алыстан іздемей-ақ, жоғарыда айтқан «Қымызхана» бағдарламасы біздің ата-бабамыздың бір жерге жиналып, қымыз сіміре отырып құрған әңгіме-дүкені еді. Халық бұрынғы бітіміне сусап тұрған кезде тамырын дөп басқан бұл бағдарлама өнердің киесіндей сіңісіп кетті. Бұл реттегі автор еңбегін, үлкен тереңдікті талап ететін қарапайымдылық десек те болады. Жан Кокто: “Өнерсіз өмір сүру мүмкін емес, бірақ оның не үшін қажет екенін білмеймін,” депті. Орынды пікір деп ойлаймын. Халық та өзінің бұрынғы болмысының не үшін керек екенін білмейді, бірақ оны әрдайым іздеумен өтеді. Адамдардың өткенді көксей сөйлейтіні сондықтан. Телепублицист тапқырлығы сол, өнерді қай тұрғыдан туғызу керек екенін білді, және бұл қасиеті өзінен кейінгі талай бағдарламаларға мұрындық болды.
Қоғамдық һәм тағлымдық мәнге ие болып, осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған бағдарламаларға ортақ қасиет - қарапайым өнерді биік талғаммен беруінде еді. «Сұхбат» пен «Қымызхана» циклы болсын, «Айтыс» өнеріне деген талғам болсын, барлығы қазақ халқының сусындап жүрген сұранысынан туындағандай көздеген межеге дөп тиіп жатты.
Материалды дайындаған Ы. Ожайұлы