Мәңгілік ұғым-түсінігі – барша адамзатқа ортақ қазына. Оның негізінде саналы-санасыз тіршілік иесінің өмірге, қоршаған ортаны игеруге құштарлығы жатыр
Мәңгілікке ұмтылған арман-мақсаттың нышанына, ескерткішіне Египет пирамидаларын, мәңгі қала Рим тәмсілін, суға батпайтын, отқа жанбайтын батырлар жайлы тарихқа дейінгі аңыз-ертегілерді жатқызуға болады. Біздің пайымдауымызша, әлемдік және дәстүрлі діндердің бастау-бұлағында да мәңгілікті бейнелейтін түпжаратушы тұр. Оның есімі – Тәңірі, Құдай, Алла, Бог, т.б.
Демек, байырғы түркі қоғамында дүниеге келген қысқа да нұсқа «Мәңгі Ел» ұстанымы, біріншіден, арғы бабаларымыздың адамзат өркениетіне, оның ақыл-ой қазынасына қосқан айрықша интеллектуалдық үлесін айшықтаса, екіншіден, адамдардың әрқайсының һәм баршасының мүддесін, әрекетін, ұрпағының сабақтастығы мен жалғастығын жарасымды үйлестіруге септесетін әмбебап формуласы. Үшіншіден, осынау кемел пайым-тұжырым қазақ жерінен, Ұлы дала елінен ешқашан табан аударған емес. Ол Қорқыттың ажалдан қашқанынан тартып ақын Ж. Молдағалиевтің: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген өлең жолдарымен санамызға шегеленген. XVIII ғасырда Әбілқайыр ханның: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден ешқашан айрылмайды», ХХ ғасырда Ә. Бөкейханның: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» дегенінен де мәңгілікке нық сенім еседі.
2014 жылдың басында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ХХІ ғасырдағы Қазақстанның ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел» деп жариялады. Осылайша кемел келешекке байсалды қадамдар жасау үстіндегі тәуелсіз Қазақстанның көздеген заманауи мақсат-мұраты артта қалған ғасырлар құндылығымен сабақтасып, жалғасып жатқаны, біз Еуразия түркілерінің қара шаңырағын ұстап қалған мұрагері болып табылатынымыз ресми дәйектелді.
Байырғы түркілерден жеткен «Мәңгі Ел» ұғым-түсінігінің мәні мен мазмұнын анықтап алу бүгінгі және болашақтағы ғылыми танымның нәтижесін дәйектеу бағытындағы бірінші қадам болып табылады. Біздің ойымызша, Күлтегін, Тоныкөк, олардың үлкен-кіші замандастары «Мәңгі Елді» идея ретінде де, манифест ретінде де тасқа басқан жоқ. Бұл ұғым-түсінікке халық пен тұлғаның, билік пен мемлекеттің пайда болғаннан соңғы демі таусылғанға дейінгі тағдыр-тәлейін сиғызды. Жарық дүниені қамтуы жағынан идеядан да, манифестен де әлдеқайда ауқымды. Өйткені идея дүниетанымның, ғылыми, көркем, т.б.с.с. ақыл-ойдың сүйенетін іргетасы, тірегі болса, манифистің мәнін жоғары билік немесе танымал күш тарапынан жарияланған бағдарламалық мәлімдеме құрайды. Орхон мұраларынан бұл екеуінің де белгілерін көруге болады. Дегенмен «Мәңгі Ел» сөзтіркесін бірінші кезекте тұжырымдама (концепция) мәртебесімен қабылдағанымыз жөн деп білемін. VIII ғасыр тұрғысынан келгенде, концепция дегеніміз - уақыт пен кеңістікке, үдеріс пен құбылысқа, бар мен жоққа, көк аспанның астындағы, қара жердің үстіндегі тыныс-тіршілікке тұтас көзқарас жүйесі.
Осы тұтас көзқарас жүйесі, құрамдас бөліктерінің бәрінің мәні бір ауыз «Мәңгі Ел» сөзіне сиғызылған. «Мәңгі ел» тұжырымдамасы дүниеге келген VІІІ ғасырда байырғы түркілер саяси, экономикалық, әлеуметтік, өркениеттік дамудың биік шыңына көтерілген еді. Бұған Күлтегін тасындағы: «Тәңірі жарылқап, құтым бар үшін, нәсібім бар үшін өлімші халықты тірілттім. Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым. Ығыр (болған) елдікті, ығыр (болған) қағандықты игі қылдым. Төрт тараптағы халықты бағындырып, бейбіт қылдым. Жаусыз қылдым. Бағынып менің қоластыма кірді. Ісін-күшін берді. Осындай төрді басқарып інім Күлтегін өзі бұл дүниеден өтті» деген жолдар айғақ-дәлел бола алады. Империялық шалқыған көңіл 753 жылы орнатылған Тариат (Теркін) мәтінінде де тұр. Онда: «Алдыңғы күн шығыстың [елі], одан соң ай туар жақтың халқы, [дүниенің] төрт бұрышының халқы күш-қуатын берер, [ойы] бөлек жауым болмады. Жайлар жайлауым, егін алқабым сегіз Селеңгі, Орхон, Тоғла суы (дария бойы), Телдү, Қарға, Борғу ол жерлермен, сулармен көшіп-қонып жүрдім» делінген екен. Осындай пайым-тұжырымды Тоныкөк тасындағы жазудан да оқуға болады: «Бұл түрік халқына жарақты жау келтірмедім. Шұбырған аттыларды жүргізбедім. Елтеріс қаған иелік етпесе, оған еріп мен өзім иелік етпесем, ел де, халық та жойылар еді. Иелік еткендіктен, қасиетті еліме иелік еткендігім үшін, ел де ел болды, халық та халық болды».
Сонымен, тағдыр анықтағыш ұлы идеологема геосаяси факторлардың мемлекет мұратына жегілген немесе дөп келген дәуірінде, халықтың әл-ауқаты жоғары ортада, елішілік бірлік пен татулықтың салтанат құруымен түзілді. Өз кезегінде ұлттық қауіпсіздігі бекем, сыртқы саясаты мен халықаралық байланыстары көрегендікке, парасатқа жүгінген, әскері сақадай сай мемлекетте оның қоғамға, мемлекетке, азаматтарға қуат беруші артықшылығы да, мүмкіншілігі де зорая түседі екен.
«Мәңгі елді» ұлықтаған Орхон ескерткіштерінде, яғни Бумын, Күлтегін, Тоныкөк замандарында мемлекеттің, тіпті империяның тағдыры халықаралық ахуалдан, яғни экономикалық, сауда-саттық, дипломатиялық қатынастардан гөрі соғыс қорытындысымен шешіліп жататыны көзге түседі. Алайда Күлтегін жазуындағы: «Қаракөлде соғыстық», «Ізгіл халқымен соғыстық», «бір жылда бес жолы біз соғыстық», «төртінші рет біз Чүш басында соғыстық», Тоныкөк жазуындағы: «сары алтын, ақ күміс, қыз-қырқын, иір түйе, ақық қазына есепсіз келіп жатты. Елтеріс қағанның білік иесі, алып иесі болғаны үшін Табғачпен он жеті рет соғыстық. Қытайға жеті (рет) аттандық. Оғызға бес (рет) аттандық» деген мәліметтерден соғысқұмарлықты, бөтеннің жерін жаулап алу саясатын емес, елді сақтаудың, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, бәсекеге қабілетті биіктен көрінудің қам-қарекетін көргеніміз жөн. Соғыс пен мәңгілік ешқашан қабыспайды. «Бейбітшілікті аңсасаң, соғысқа даярлан», деген емес пе халық даналығы.
«Мәңгі ел» – арғы бабаларымыздың ұлы интеллектуалдық серпілісі. Күлтегін жазуында «Мәңгі» сөзі бес рет қолданылған. Қандай жағдайға байланысты қолданылғанына назар аударумен де мәні мен маңызына көз жеткізе аламыз.
1. «Өтікен жерінде отырып, керуен жіберіп отырсаң, онда мұңың жоқ. Өтікен жынысында отырсаң, мәңгі ел тұтып отырар ең сен», делінген ескерткіште. Осы тектес қағидатты Білге қаған, Теркін мәтінінен де оқимыз. Мұндағы Өтікен – түркілердің астанасындай қасиетті жері. Байырғы түркілер өз мемлекетінің астанасын ерекше құрметтегенін әсте кездейсоқтыққа балауға болмайды. Ол – мемлекетшіл сана мен рухтың ажырағысыз серігі. Ендеше, мәңгілікке тірек боларлық орда керек екен. Ең кереметі – «Мәңгілік Ел» идеясы да Қазақстанның жаңа Елордасы Астанада паш етілді ғой.
2. Күлтегін жазуы былай дейді: «Нендей бір айтар сөзім болса, мәңгі тасқа бастым. Мұны көріп біліңдер, түрік халқы, бектері, бөдке (таққа) кіріптарсыңдар ғой, жұртыңмен бірге жаңылғышсыздар ғой сіздер». Бұл қағидаттан екі қорытынды шығаруға болады: бірі – билік пен билеуші мемлекеттің даму стратегиясын, ішкі және сыртқы саясатын анықтағанда қателікке жол бермеу керектігін, екіншісі – билік пен халық арасындағы ынтымақ, түсіністік мәңгіліктің кепілі екенін баса көрсету. Осынау ұстаным қазіргі Қазақстан үшін бейтаныс емес.
3. Көреген Күлтегін былайша толғанады: «Мен мәңгітас тіктім (тұрғыздым). Табгач қағаннан бедізші келтірдім. Бедіз еттім. Менің сөзімді бұзбады». Демек, мәңгіліктің негізінде материалдық, геосаяси, әскери фактор ғана жатқан жоқ екен. Бұрмалаудан, әсірелеуден ада, ақиқатқа суғарылған тіл мен сөз, руханият пен идеология, тұжырым мен теория мәңгілікке жетелейтініне бабаларымыздың күмән-күдігі болмаған. Бұл қағидат бүгін де өз күшінде. Елбасымыз қабылданатын барлық шешімдердің прагматизмі мен эволюциялылығын талап етуде. «Мәңгілік Ел» идеясын жариялаған «Қазақстан - 2050» Стратегиясында: «Экономикада, саясат пен әлеуметтік тұрмыста ешбір секіріске, жөнсіз сынақ пен авантюраларға жол беруге болмайды. Айналамыздағы әлем қалай тез өзгеретін болса, еліміз бен қоғамымыз да солай жылдам өзгеруге тиіс», - дегені бәріміздің есімізде.
4. Күлтегін жазуында мынадай жолдар бар: «Көңілдегі сөзімді (бастырттым) ... [...] он-иелік ұрпағыңа, кірмелеріңе дейін бұны көріп біліңдер. Мәңгі тас тоқыттым». Бұл тұжырымның мәнісі, біздіңше, мынада: ұрпақтар жалғастығы қаншалықты маңызды болса, этникалық, рухани, идеологиялық, тілдік, т.б.с.с. құндылықтардың сабақтастығы одан бір мысқал кем емес. Бұлар мәңгіге айналғанда халықтың ғұмыры ұзарады, әркімнің және баршаның бәсекеге қабілеттілігі шыңдалады. «Біз» және «оларды», жақсы мен жаманды айыра білетін елдің мәңгілігі негізделеді. Осы орайда тәуелсіздік жылдары жүзеге асқан ұлттық тарих, мәдениетті қолдау жылдарының, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының, қазіргі «Ұлт жоспары: 100 нақты қадамның» маңызын тағы да мойындайсың.
5. «Мәңгі Елге» қатысты аманаттталған Күлтегіннің соңғы өсиеті: «Бұл киелі жер еді. Қазір де киелі жер. Осындай киелі жерге мәңгі тас тоқыттым, жаздырдым. Бұны көріңдер, осылайша біліңдер». Тобықтай түйіні, біздің ойымызша, мемлекет үшін де, халық үшін де мәңгіліктің қасиетті көзі – жер дегенге саяды. Жер – бұл табиғат, экономика, байлық, өмір салты, геосаясат, руханият. Осылай болған және бола да береді.
Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы «Мәңгі ел» тұжырымдамалық идеологемасының жаңа әлемдегі, жаңа тарихи дәуірдегі заңды жалғасы. Кім Отанының, ұрпағының, ісі мен есімінің мәңгілік болғанын қаламайды? Ешкім де! Америкада да, Африкада да солай. Жұмыр басты пендеге мәңгілік өмір бұйырмаған. Бірақ қамшының сабындай қысқа өмірінде адам терең ақыл-ойымен, шебер қолымен мәңгілік құндылық түзе алады. Басқасының бәрі – көмір де, темір де, тау да, тас та көмекші құрал ғана. Сенімді серігі – толағай интеллектуалдық ізденіс пен серпіліске сүйенген ұлттық идея. Адамға және адамдар қауымдастығына қатысты болғандықтан ұлттық идеяның тарихи орнын, оның кешегі, бүгінгі, ертеңгі болмыс-бітімін анықтау үшін алдымен «ұлт» ұғым-түсінігіне тоқтала кеткен жөн.
Ғалымдардың пайымы бойынша, «ұлт» (латынша - nascor) термині Ежелгі Римде аз халықтар деген мағынада қолданылған екен. Бүгінде «ұлт» терминіне берілген анықтамалар қисапсыз көп. Бірінде этникалық қауымдастықты білдіретіні талданса, келесінде мемлекеттің барша халқы мағынасында түсіндіріледі. Мемлекетті «ұлт» терминімен сипаттайтындар бар. Демек, Біріккен ұлттар ұйымы, ағылшын тілінен аударғанда, Біріккен мемлекеттер ұйымы мағынасында қолданылады.
Жинақтай айтсақ, ұлттық идея сөзтіркесі тарихи ахуалға қарай этностың немесе мемлекеттің көздеген мұраты дегенге саяды. Бір қарағанда, «мақсат», «мұрат» сөздері мағыналас тәрізді. Екеуінің айырмашылығын түсіну үшін «бірінші», «тұңғыш» сөздерін салыстырсақ жетіп жатыр. Парқы мен нарқы жағынан «тұңғыш» «біріншіден» қымбатырақ, ыстығырақ, биігірек. «Мұрат» сөзі де мағынасы жағынан «мақсаттан» маңыздырақ, жүрекке жақынырақ. Қайткенде де, мұратсыз ұлт та, мемлекет те жер бетінде болған емес.
«Мәңгілік Ел» идеясы мемлекет құраушы халықтың сан ғасырлық құндылығын ұлықтауын, көпұлтты, көпдінді ахуалымызды, бірде-бір этносқа қандай ғана болмасын басымдық берілмейтінін меңзейді. Сөйтіп, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын, межесі мен мәресін айқындайтын іргетасқа төл тарихымыздың қойнауында қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа аманатталған, бәсеке мен сынақтардан шыңдалумен бүгінге жеткен бабалар арманы қаланды. Енді не істеу керек?
Біріншіден, Президент дәйектеген ұлттық идея болашаққа ұлы серпіліс болғандықтан оған конституциялық мәртебе беру – уақыт талабы. Ата Заңымыздың преамбуласына, тіпті тарау-тарауына енгізумен идеяның жасампаз құдіреті ашылады. Экономикалық, идеологиялық, саяси пікіралуандығының өзекті ұйытқысы орнығады.
Екіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын зерттеуде, насихаттауда, оқу үдерісіне енгізуде самарқаулыққа жол бермеу керек. Бұл істен барша зиялы қауым, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ тыс қалмауына Парламент пен Үкімет, Президент әкімшілігі назар аударғаны, реті келсе жағдай жасағаны абзал.
Үшіншіден, заманауи ұлттық идеямызды балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға, студенттерге, жастарға жеткізу үшін бар күшті салған артықтық етпейді. Осылардың санасына, өмір салтына сіңген құндылық пен сенім «Мәңгілік Ел» орнатудың қозғаушы күші болары күмәнсіз.
Төртіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын ғылыми тануды қазақстандық кәсіпкерлер, бизнесмендер, бай-бағландар қолдауының маңызы зор. Олар ғалымдармен ынтымақтасуы арқылы мәселені тереңінен зерделеген еңбектердің дүниеге келуіне септессе, нұр үстіне нұр. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бюджетке алақан жая бермей, бір мезгіл өзі де қаражат тапқанының айыбы жоқ.
Бесіншіден, болашағы жарқын ұлттық идеямызды Қазақстандағы барлық этностар мен аймақтарға жеткізу атқарылар іс-шараның бір парасы ғана. Ол әлемдік ақпараттық, ғылыми кеңістіктерден ойып тұрып өз орнын алуы керек.
Соңғы үш ғасырда қазақ даласында дүниеге келген озық ұлттық идеяның бірде-біреуі отарлау және коммунизм елесінің теориясы мен практикасына шыдас бермегендіктен жасампаз миссиясын толық атқара алмай, тарих қойнауына кірген еді. Есесіне Кеңестік тоталитаризмнің таптық-партиялық қатыгез идеясы тұлғаларымызды баудай түсіріп, Қазақстанды өркениет әлемінен жыраққа әкете жаздады. Қазақ елінің мәңгілігіне, гүлденуіне қызмет ететін идея енді туды. Мұның сыртында «Мәңгілік Ел» идеясы дүниеге келгеннен кейін Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Қазақ елі», «Ұлы дала Елі», «Нұрлы жол», «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» тәрізді стратегиялық, этномемлекеттік ұғым-түсініктерді елдің ішкі-сыртқы саясатына, теориясы мен практикасына енгізді, Қазақ хандығының 550 жылдығын әлемге паш етті.
«Мәңгілік Ел» идеясының салтанаты бәрімізді байлық иесіне айналдырмайды. Әрине, байлар, орташалар бүгінгіден әлденеше есе көп болары сөзсіз. Бірақ әлеуметтік жіктелу сақтала береді. Менің пайымымша, ХХІ ғасыр ортасына қарай біз «ақылды» ортада өмір сүретін күнге жетеміз. Үй, жабдық, жол, көлік, киім, оқулық – бәрі «ақылды» болғандықтан, бақылауды күшейтіп, жауапкершілікті ілезде анықтауға мүмкіндік беретіндіктен адамдарды адамдық қалпынан шығармайды. Бұл кедейлер, кембағалдар, қылмыскерлер, жемқорлар жоғалады деген сөз емес. Қайшылықтар, кемшіліктер орын ала береді. Шешімі де табылып жатады. Мәселе «ақылды» ортаны түзуге, әсіресе ғылыми қамтымды экономиканы, жоғары өңделген өнімдер шығаруды қалыптастыруға, білім мен ғылымның тиімділігін арттыруға өздік төл олжа сала білуімізде, сол жолға шыңдап түсуімізде, сөз бен істің бірлігінде. «Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек»! Осылайша ғана «Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуға тиіс».
Сарыарқаның төріндегі жаңа астанамыз ұлттық тарихты, дәстүр мен тәжірибені әлемдік деңгейдегі жетістіктермен көмкеріп, оның іргесін қалаушы Елбасымыздың көздегені билік те емес, байлық та емес, атақ-даңқ та емес, тек халқының қамы, нұрлы болашақ екенін толық дәлелдеді.
Интеллектуалдық ұлы ізденіспен түзілген «Мәңгілік Ел» өздігінен, автоматты түрде биік технологияларды, материалдық игіліктерді, әлеуметтік инфрақұрылымды алақанымызға салмайды. Оның миссиясы – қоғамның бар саласындағы адам факторын ізгілікке, жасампаздыққа жегу. Ендеше еліміздің ілгері өркендеуіне септесетін ұлы жобалар мен бастамалардың, идеялар мен бағдарламалардың алтын діңгегі бола беретініне сенеміз.
Ханкелді Әбжанов
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі