Алтай асқан Асан аңызы
03.05.2020 2031
(Асан қайғы Сәбитұлы хақында)

Асанқайғы туралы әдебиеттерде оны – көріпкел философ, ақын, жырау ретінде бейнелейді. Еділ бойында дүниеге келген, 1445 жылы Алтын Орда ыдыраған кезде қазақ даласына қайта оралып, Қазақ хандығын құрған Жәнібек ханның ақылшысы болған делінеді.

Қазақ тарихын зерттеуші Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» атты еңбегінде: «Асан қайғы – атақты Шыңғыс ханның тұсында болған Майқы бидің алтыншы ұрпағы» дейді.

Асанқайғының жыр-толғаулары мен нақыл сөздеріне қарағанда, Дешті Қыпшақтың Еділ, Жайық бойынан қазақ руларының ірге көтерулерін қолдамай, Керей мен Жәнібекке қарсылық білдіргені көрінеді. Асанқайғының «Жерұйық» іздеуі туралы айтылған аңыздарынан да халықтың бас құрып, ірге орнықтырып, ел болу  қамын ойлауда оған шешуші міндеттің жүктелгені байқалады.

Көнекөз қариялардың шежірелерінде Асанқайғы Сарыарқада дүние салып, Ұлытау топырағына жерленеді. Ал Шоқан Уәлиханов: «Асан ата өмірінің соңғы жылдарын Жетісуда өткізіп, Ыстықкөлдің жағасында дүние салған» – дейді. Енді бір әдебиеттерде «Қызылорда облысы, Шиелі ауданында тұрған Асан қайғы мазары «Жеті әулие» қорымына кіреді» деп жазады.

Асанқайғының «Жер ұйықты» іздеуі шын мәнінде әлі де болса нақты дәлелін таппаған аңыз іспетті. Жоғарыдағы әдебиеттер негізіне Керей мен Жәнібек тұсындағы оқиғалардан қарастырушылар көп.

Дегенменде, күллі түркі дүниесіне ортақ мекен, киелі топырақ іздеуі түркілік тұрғысынан да зерттеуді қажет ететіндей. Айталық, Түркиядағы Хасан тауы да (Хасан әулие тауы) осы Асанқайғы аңызымен қанаттасып жатады. Ендеше Асанды түркі дүниесінен іздеу мәселелері болашақ зерттеушілерге ой салса екен деген тілегіміз бар.

Енді Асанқайғының қазіргі Қазақстан аумағынан тысқары жатқан байырғы түркі жұртындағы кейбір іздерін де ел есіне салғымыз келеді.

Ұзын аққан Ертіске: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен», – депті.

Іле аңғарын бойлап Текес суынан өте бергенде желмаясының артқы аяғы суға малынған екен, сонда Асан ата арт жағына бұрылып:

– Бұл су елге тоқшылық жарататын, еске алатын су екен, – депті.

Күнес басының оңтүстігімен жүріп тоғыз тараудың Мойынкүзер жотасына барғанда, Асан атаның желмаясы болдырып босаңсыған екен, сол жерге түнеп, таңертең тұрса желмаясы бұрынғы қалпына келген екен, сонда:

– Ұзақ жолаушы бір түсіп аттанатын жер екен, – депті де желмаясын желдіріп Еренқабырғаға келіпті.

Еренқабырғаға көз тастап:

– Аяғың құлан керіш, басың құзарлы құс ұшып, аң жорытпайтын өте биік, ақбас тау екенсің, елің бір қалпында тұрмайды-ау, айқайлаған ер дауысы, асыра атқан оқ дауысы басыңнан үзілмес, бұлбұлдың көкірегін шер алған, отынға біткен орманыңды сел алған, пендеге панаң аздау болар ма екен, –  деп бұл жерге «Еренқабырға» деп ат қойыпты.

Асан ата Шонжыға келіп:

– Шыңның бауырындағы өзен екенсің, аяғың ақ ши, басың құзар шың, шыңнан түскен бір өзенсің ғой, – деп өтіп кетіпті.

Асан ата желмаясын желдетіп Баркөлге келіпті. Баркөлдің былқылдақ шымды сазын, сыңсыған орманын, қаңқылдаған қаз-үйрегі жүзіп жүрген жарқыраған айнадай көлін, тусыған қопалы, шилы алқабын, қойша өрген аңын көріп:

– Баркөлде бәрі бар жер екен, нанбасаң барып көр,- деген екен. Баркөлдің солтүстік батысынан бір құдық қаздырып ол құдықтың кісі бойы биік топырағын құдыққа қайта толтыртқызыпты, сонда құдық өз топырағына толмай қалыпты, Асан ата салмақпен бас изеп:

– Е, тамаша жер екенсің! Шөбің тазығыр, суың сортаң, адамың тымырсық, ғұмыры аздау боларма екен, кісіге жөнді сыр айтпайтын, өзі тым жауынгер, көзге ашық, көңілдегідей бәрің бар Баркөл екенсің, - деген екен, қазіргі «Баркөл» деген ат содан қалыпты.

Асан ата Үндістанға барған екен, Үндістанды көргеннен соң:

– Адамның мақұлығы, батыс-шығысты айырмайтын, аспаның мұнар, басқа түгі жоқ ыстық жер екенсің, – депті. Қайта айланып Алқабек, Білезікке келген екен.

Асан ата Алқабек, Білезікке келгеннен кейін жаугершілік заманда үркін-қорқын, қайғы-қасірет тартқан елді айдаһардай аузын ашқан теріс азу ханның шеңгелінен құтқармақ болып, Алқабек білезіктен аумақшы болып ақылгөй даналарын жиып алып ақылдасады. Өздерін сұраған хан Асан атаны шақыртып алып былай деп сұрапты:

– Сен жеті жыл желмаямен жер шалдың, нендей жақсы жер, нендей жақсы су таптың? – депті. Сонда Асан ата:

– Мен кеткелі жеті жыл болды, өзіңіз не керемет жараттыңыз? – деп сұрапты. Хан өзінше марсиып:

– Иә, мен де қарап жатпадым, кереметтер жараттым, – депті. Асан ата:

– Не керемет жараттыңыз, айтыңыз? – дегенде, хан:

– Құладын деген құсты қайырып аққу алғыздым, сауысқанды қайырып түлкі алғыздым, – депті. Асан ата ханға:

– Кереметіңіз осы ма? – дегенде, хан:

– Кереметім осы, – деп жауап қайырыпты. Асан ата байыппен:

– Ой, ханым-ау, заман қысылтаяң кезінде адамыңның қорын хан сайлайды екенсің, патшалардың басын алады екенсің, құладын құстың құлы еді, тышқан жеп жүнін түлейді. Аққу құстың төресі, ен жайлап көлде жүреді. Сауысқан құстың өсекшісі, өсекпен жан бағады, түлкі жандардың өңдісі еді, өсекшінің сөзіне еріп түлкідей өңді адамның басын аласың, құладын қуды өлтірсе, өз басыңа келеді, құлың көп сені өлтірер, – деп Асан ата хан ордасынан шығып кетіпті. Сонда хан үнсіз отырып қала беріпті.

Асан ата еліне келіп төрт түлік малға жеті жыл аталық қоспай, төрт түлікті ту қалдырыпты, жеті жылдан соң:

«Кірсіз таза асыл тас,

Су түбінде жатады!

Мінсіз таза асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқыса шығады,

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқыса шығады!» деп, еліне түгел қос тіктіріп:

– Жаманшылықта үй мүлкін жұртыңа үйіп кет деп, үйді жұртқа тастапты да елін бастап ау көшіпті. Басқа қос тігу осыдан жалғасқан екен. Сүйтіп Асан ата бір жарым жылда Баркөлге келіпті. Баркөлде бірнеше жыл мекендеп тұрыпты. Сол заманда Баркөлдің айдынды өзені ағардан аса ағады екен. Өзеннің екі жақтан қайнап шыққан екі көзі болыпты, оның бірі – батыста бұғы арал болса керек, енді бірі- шығыста қара судың көзі «Шошан» екен. Осы өзеннің аяғы жіңішкеріп аққандықтан «Қылы» деп аталады екен, Асан ата «Қылдан» бір көпір салдырыпты. Ол көпірді Атан өгіздің терісінен жасалған тұлыпқа құм салып, нарға теңдеп жасаған екен. Көпір салып жатқанда өзеннің батыс көзінен бір айдаһар шығыпты. Сонда Асан ата:

– Суың тарылғыр, көз иесі айдаһар екен ғой, алдымызда жау жоқ, біз шығыстамыз, айдаһар батыста екен, – деп тұлыппен тасып төккен құм көпірден өтіпті де «бұл көпір екі мың жыл тұрады» деген екен. Баркөлден көшіп Тұркөлге барғанда Асан ата:

– Дүниеде қайрақ көрмедім, – деп көш тоқтатып қайрақ алыпты.

– Баркөлді басып өттім, Түркөлді түртіп өттім, – дейді. Бағыраштың шығыс тұмсығына барғанда:

– Енді бұдан ары өтпеу керек, оңтүстікке ойысып ел бетін, ат басын осылай бұрайық, құрғақ өлкемен ойыспасақ болмайды, – депті.

Асан ата сол жүргеннен сол жүріп, құтты мекеніне он бір жылда барған екен. Барғаннан кейін хан Асан атаны шақырыпты, Асан ата хан алдына барыпты. Хан:

– Неге аудың? – депті. Асан ата былай деп жауап қайтарған екен:

«Көлде жүрген қоңыр қаз,

Қыр қадірін не білсін!

Қырда жүрген дуадақ,

Су қадірін не білсін!

Ауылдағы жамандар,

Ер қадірін не білсін!

Көшіп-қонып көрмеген,

Жер қадірін не білсін!

Көшсе, қона білмеген,

Қонса, көше білмеген,

Айтқаныңа көнбеген,

Жұрт қадірін не білсін!». Сондықтан аудым, – депті. Сонда хан қатуланып:

– Өзіңнен кейін ел ауама, жоқ па? – депті. Асан ата:

– Өзімнен кейін үш рет ел ауады, – депті. Хан қаһарлана:

– Ауған елді қандай адам бастайды? – депті. Сонда Асан ата:

– Біріншісін сұңқар бойлы, қалың қасты, қоңыр қара адам бастайды, екіншісін орта бойлы, қыр мұрынды қара адам бастайды, үшіншісін орта бойлы, көккөз сары адам бастайды, – депті. Хан:

– Ауатын қазақ руының қайсысы? – депті. Асан ата:

– Үшеуі де керей болады, – депті. Хан:

– Үш рет ауған ел қандай күйде болады? – деген екен, Асан ата:

– Үшеуі де асқан қыран мықтылар әрі нысаналы жеріне басын жерде қалтырмай жетеді, – депті. Хан:

– Кеткен ел қайта келе ме? – депті. Асан ата:

– Бірінші ауған ел топтық аман келеді; екінші ауған ел азып-тозып адам шығыны көп болып келеді; үшінші ауған ел асқан қыран, сол жағадан алған жау да аса күшті болады, бірақ ел-жұртын аман-есен әкеледі, – депті. Сөйтіп Асан қайғы өз заманында ел қамын ойлап «Жер ұйықты» жалғасты іздейді.

Асан атаның келіні: «ата, ел-жер аралағым келіп жүр, бірге шықсақ», – деген соң мақұл болып ұзақ сапарға ертіп шығады. Бұлар Сауырға келген екен, жері жазықша, шөбі шүйгін кең даланы көргенде Асан: «балам, біз ел-жер аралап қайтайық, елдің ертеңіне шұрайлы мекен іздей жүрейік, сонда мына жер қандай екен?» – дегенде, келіні: «мынау аттың сауырындай аз жер екен, шындаса бір үйір жылқының сауырына қанша еліміз сияды» – деп жүріп кетеді.

Бұлар Алтай тауын сілемдеп келе жатып, Асан ата келініне: «артымызда ауыл талай жерде қалды, мына жерде сая болар тау, сағалайтын су бар екен, қандай?» – дегенде, келіні: «бұл жер алты ай жүрісі, алты ай қонысы бар жер екен» деп және аялдамай кетеді. Жолда Асан ата және: «артымызда екі өзен қалды, содан бекер ұзадық па», – дегенде, келіні тағы: «екі өзіннің арғысы қатты, ақ өркеш болып жатады екен, тебіні тентек қанды өзен болғай, үйткені қыранның төнген тұяғы сияқты екен, ал бергісі адамға берері мол болғанымен, жылып ағып қулығын арттырар түрі бар» деп Қыран өзені мен Қуертіс өзенін айтқан екен. Сонда Асан ата: «мына тұрған жеріміз асқары биік, арасы жыныс, мал мен басқа панасын болмай ма» – дегенде, келіні тағы да: «басын бәй тігіп, қашып-пысқандар мекендейтін жер екен», – деп, Бәйтік тауынан өтіп Асан ата көз ұшында тұрған қызыл тауды нұсқап: «анау тауға бара кетсең» – дегенде келіні: «ол тауды көрген де, көрмегенде арманда, қыс қонысы тым тар мекен көрінеді» – деп Арманты тауына бармай өте шығады да, Шырылдақ бұлақ бар жерге келгенде: «ал, мына жер-ші» – депті Асан ата: «мынау шырқырама бастаудың ақыры ойдым көрінеді, бұдан ары бармас та, ойпа жұтқан су бір жерден шығып, көл пайда болары қақ, сонда осы тектес бір көл бар болар» – деп Баркөлді меңзейді де, енді бір жотаға шыға көз ұшында жарқылдаған нәрсені көрсеткен Асан ата: «анда бір көл тұрма?», – дегенде, келіні: «иә, тұр, бір көл тұр» – деп содан «Тұркөл» атанып кетеді. Бұлар ұзақ жүрістен арып-шаршап құмды даладан жосып өтіп келе жатқанда: «мына жер недеген күдір жол еді?» – деген Асан атаның сөзіне келіні: «құбы-құбы жер екен, өзі де қиын болады ғой» – депті, «Құбының құмы» деген сөз содан қалады. Олар құмнан келе жатқанда Асан ата көз ұшында сар жазыққа соға кетсек дейді, сонда келіні: «болды ата, мынау есі кеткен шал, еңделген әйел жүретін жер-ғой, қарамай-ақ кете берейік» деген екен, «Қарамай» деген жер аты содан қалған дейді.

Тарихи оқиғалар кезеңінде халық өзінің бауыр басқан құт мекенін Асан әулие ұнатқан жер етіп, ал жайлы қоныс болмаған жерді Асан ұнатпаған жер ретінде артқа қалдыру дәстүрін де қалыптастырған. Қалай болған күнде де Асанның халқым деп қан жылап, соларға жайлы мекен іздеуі ақиқат болса керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Құрбанғали Халид «Тауарих хамса» еңбегі.

«Алаштың ардағы» Құрастырғандар: Е.Тілешов, Г.Әріпбекова. – Астана: Зерде, 2008 жыл.

Шоқан Уәлиханов шығармалары.

Қасымхан – қажы Құсайынов «Ақиқат» кітабы, Астана – 2019.

«Қазақ аңыз-әңгімелері» ҚХР ШҰАР.

Алтай қаласының ауыз-әдебиеті топтамалары.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,

Жазушы, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі