«Өмір мектебі» трилогиясының тарихи шындығы 3- бөлім.
09.04.2020 2658
Qazaqstan Tarihy порталының редакциясы қазақ совет әдебиеті классиктерінің еңбектерін талдауды әрі қарай жалғастырады

Кезекте – Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясының үшінші бөлімі. Бұл кітапта қазақ театрының қалыптасуы, оның алғашқы жетістіктері туралы, белгілі саясатшы, жазушы, актерлермен кездесулері туралы әңгімеленеді

Күллі совет халқы пролетарлық революция көсемі Владимир Ильич Лениннің қазасын аза тұтып жатқан кезде Сәбит Мұқанов ауруханада жатқан екен. Ауруханадан шыққанда оны Ғабит Мүсірепов күтіп алып, екеуі Сәкен Сейфуллиннің үйіне барады. Үй иесі оларды қарсы алып, үйінің бір бөлмесін ұсынады.

«Сол күні рабфактың шаруа бөлімін басқаратын адамнан сом темірлі кровать алып келдік те, Ғабит екеуіміз бөлмеге тағы орналастық. Бөлме тарлық істеді. Ең алдымен жатуға кровать тар, өн-бойында екі-ақ белдігі бар кроватьтың үстіне фанер төсейміз де, үстіне жұқа одеал ғана жабамыз. Жамылатынымыз да сондай одеал. Құшақтаса ұйықтаған шақта аунақши беретін болуымыз керек. Фанер ондай қимылды көтере алмайтын болу керек, шырт ұйқыдағы Ғабит екеуіміз талай рет шоңқия құлаймыз, оған қарамай төсекті дұрыстап қайта жатамыз».

Өмірінің осы кезінде Сәкен Сейфуллинмен көрші тұрған Сәбит өз естеліктерінде Сәкеннің сол кездегі кейбір қазақ зиялылары сияқты насыбайға үйір болмағанын, керісінше, соған үйірлерді мазақ қылғанын жазады. Ол темекі тартқанды да ұнатпаған, дегенмен де жазу үстелінің тартпасында темекі тартатын достары үшін папирос ұстаған. Тек анда-санда ғана Сәкен кішкентай рюмкамен қызыл шараптан ішкен. Сәбиттің айтуы бойынша таңғы асқа Сәкен қаймақ қосылған ірімшік жеп, сүтті шай ішкен, түскі асқа бір стақан ішіп, серуенге шыққан. Сәкен күніне екі рет: таңертең және жатар алдында жаттығу жасаған. Мұқановтың естелігі бойынша шенеуніктер мен бұрынғы байларға қатысты Сәкен өзін тәкаппар ұстаған, ал қарапайым халыққа кеңпейілді болған. Сәкен домбырада тамаша онаған. Тек кейде оның таза, жеңіл ойынын саусақтарының болар-болмас дірілі бұзар еді. Ол бұны атаман Анненковтың өлім вагонында өткізген үш айының салдары дейтін. Ленин өлгеннен кейін қазақ жастары сенімді тіректі Сәкеннен іздеді. Ол да олардың үмітін ақтауға тырысты.

Сол жылдары Сәкеннің үйінде қонақтар жиі жиналып, партия жауларымен күрестің тактикасы мен барысын талқылайтын еді. Сол кездері Сәкеннің басты саяси қарсыласы Сейітқали Меңдешев болатын. С.Мұқанов Меңдешевті жатқызатын садуақасовшылар тобы бара-бара партияның жолынан алшақтап, қазақ ауылдарындағы өзгерістерге қарсы шыға бастайды. Үшінші республикалық конференция (17-22 наурыз 1923 жыл) барысында конференция делегаты Алма Оразбаева Сәкен Сейфуллиннің «Азия» өлеңінде ақын азиаттар мен еуропалықтардың арасындағы таптық күрес мәселесін мүлде қозғамаған деген сияқты бірқатар ескертулер айтады. Оның сөзін РКП (б) ОАК мүшесі,  кейіннен – совет басшылығының дінге қарсы саясатының басшысы Емельян Ярославский қолдайды. Партконференция делегаттары олардың сөздеріне реніштерін білдіреді. Аалма Оразбаеваның уәжін Сәбит Мұқанов өзінше түсіндіреді. Оның ойынша Оразбаеваның бұлай етуіне жеке бас мәселелері себеп болған. Олай дейтіні, сол жылдары Алма обкомның әйелдер бөлімін басқарған және сол жерде тұрған.

Сол ғимаратта обкомның ұйымдастру бөлімінің меңгерушісі Абдолла Асылбеков те тұрған. Олар жиі кездесіп, дос болған, жұрттың айтуынша, үйлену тойы да алыс емес көрінген. Алайда, Абдолланың Ақмолада Бану есімді жұбайы болған. Сәкен Сейфуллинге Алма мен Абдолланың арасындағы қатынас туралы сыбыстар ұнамаған болуы керек, сол себепті де ол Бануды Орынборға шақыртып алады. Сәкеннің бұл қылығы Алманы ренжітті деп санайды Сәбит Мұқанов. Сәкен Сейфуллин ешқашан қателігін мойындамаған, сынды ауыр қабылдаған. Сол себепті ол сынды жеке өзіне айтпаған Алмаға ренжіп қалған. Сонымен қоса, ол Алманы ортаға шығарып, сын айтуға мәжбүрледі деп санаған, ал бұның бәрінің бастамашысы Сейітқали Меңдешев деп санаған. Осыдан кейін Меңдешев пен Сейфуллиннің ара қатынасы шиеленісе түсті.

Сәбит Мұқанов Қазақ ССР ОАК-нің бірінші төрағасы Ұзақпай Құлымбетовты жылылықпен еске алады. Ол жылдары Ұ.Құлымбетов Ақмола губернилық атқару комитетінің төрағасы болған. Мұқанов Құлымбетовпен оны Ашығушыларға көмек көрсету органының малын иемденіп кетті деп айыаталып жүрген кезінде танысқан. Кейіннен Сәкен Сейфуллиннің араласуымен айыпталу мен соттан құтылады. Ұзақпай Құлымбетов Ыбырай Алтынсарин мектебінің мұғалмі болған, ол оның сөзінен, жүріс-тұрысынан көрініп тұрушы еді. Ол ұстамды, сабырлы, ақырын ғана сөйлейтін адам болған. Осы кісінің арқасында Петропавлдағы Романовтар үйі педагогикалық техникумға берілген. Құлымбетовтың ары қарайғы өмірі туралыы Мұқанов былай деп жазған: «Ол ауыр қателіктер жібергенімен де, лениндік партия жолына адал болды».  Сәбит Мұқановтың жақын достарының бірі Молдағали Жолдыбаев болған. Сәбит онымен өзінің өлеңдері мен поэмаларының жинағын жарыққа шығармақшы болып жүрген 1920-шы жлдардың басында танысқан. Ол үшін Сәбитке сол кезде Республика ағарту комиссариатының Академиялық орталығының басшысы Жолдыбаевпен кездесу керек болған. «Жуан, ортадан биік денелі, жалпақ бетті, қалың ерінді, қою қасының жалпақтығы бір елі, бір көрмеге түсі суық сияқтанған бұл адам жас жағынан редакция қызметкерлерінің бәрінен үлкен (менен — мүшелге жақын), сондықтан оны біз «Молдекең» дейміз. Ол мінез жағынан барып тұрған кішіпейіл. Қызметіне, жасына қарамай үлкенмен де, кішімен де жампаңдай сөйлесіп, сырласа кетеді. Ол күлдіргі адам еді. Қазақтың, татардың, орыстың ол білетін анекдоттарында шек болмайтын» деп еске алады С.Мұқанов «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасары болып істеп жүрген кезіндегі Молдағали Жолдыбаевты. «Салт жағынан мейлінше салдыр-салақ та: өтектелмейтін кең шалбарынан қазақша дамбалының балағы шығып жүру, бәтеңкесін аяғына кейде баусыз сұға салу, немесе кендір, жөке, қайыс сияқты жіптермен шанди салу Молдекең үшін түкке де тұрмайтын... Ерекше мінезді адаммен жанасуға жаны құмар Сәкен Молдекеңді «Еңбекші қазақтың» редакторы орынбасарлығына қалап ап, өмір бойы дос болып кетті. Алматыда екеуі бір ағаш үйдің екі жағында көрші болып тұрды. Өзінің айтуынша, Молдекең «ертеден марксист». Бірақ, ұмытпасам, коммунист партиясының мүшелігіне 1920 жылы өткен. Тағы да өзінің айтуынша, туған-өскен жері Батыс Қазақстанда азамат соғысына араласып, қызылдар жағында болған. Салт жағынан мейлінше салдыр-салақ та: өтектелмейтін кең шалбарынан қазақша дамбалының балағы шығып жүру, бәтеңкесін аяғына кейде баусыз сұға салу, немесе кендір, жөке, қайыс сияқты жіптермен шанди салу Молдекең үшін түкке де тұрмайтын...

Ерекше мінезді адаммен жанасуға жаны құмар Сәкен Молдекеңді «Еңбекші қазақтың» редакторы орынбасарлығына қалап ап, өмір бойы дос болып кетті. Алматыда екеуі бір ағаш үйдің екі жағында көрші болып тұрды. Өзінің айтуынша, Молдекең «ертеден марксист». Бірақ, ұмытпасам, коммунист партиясының мүшелігіне 1920 жылы өткен. Тағы да өзінің айтуынша, туған-өскен жері Батыс Қазақстанда азамат соғысына араласып, қызылдар жағында болған». Сәбиттің өтінішін қуана қабылдаған Молдеке одан жинақты қалдырып кетуін сұраған. Алайда, Молдағали уақытының жоқтығын сөз етіп, бір апта жинақты қолға алмағанғ Сәбит екінші рет сұраған кезде: «Әрбір мекеменің өз тәртібі бар ғой, Сәбит шырақ,— деді ол аюдың ыңыранғанындай қоңырқай даусымен.— Ондай тәртіп біздің Академиялық орталықта да бар. «Көркем әдебиет» аталатын шығармалардың кітап боп басылуы үшін Ақаңның визасы керек...» Жолдыбаевтың Ақаң деп тұрғаны, Сәбит коммунистердің жауы санайтын - Ахмет Байтұрсынов. Ол өз жинағын оған беруге қарсы болып, жинақты алып, кетіп қалады.

Сәбит Мұқанов Мәскеуде бірнеше рет болған. өзінің алғашқы сапарларының бірінде ол сол кездегі «пролетарлық поэзия» өкілі Владимир Кирилловпен танысады, Владимир Маяковскийді көреді. «Сахна шымылдығының аржағынан Маяковский көрінді. Ол манағы тоны мен кепкасын тастап, шалбарының балағы пимаға сұғулы костюммен шығыпты. Оның кескінін енді айқын көрдім: ұрты салбыраңқы, сопақтау бетті, түйіліңкіреген қалыңдау қабақты, үші көтеріңкі ұзындау, мұрынды, қалқиған үлкен құлақты, алайған үлкен көзді, сирақтары да, қолдары да ұзын, ақ сұр адам. Ол трибунаға көтерілместен, президиум столының зал жағында адымын кең жаза, ұзын табандарын нығарлай баса, ауыр қимылмен, ойлы кескінмен бірер рет ерсілі-қарсылы жүріп алды да, кенет серги қап, сөйлеп кетті.

— Азаматтар!—деп бастады ол сөзін. Оның зор даусы арыстанның дыбыс бергеніндей гүр ете қалды, зал солқ ете түскендей болды.

— Мысалы,— деп тура бастап кетті сөзін ол,— үш кісіні кәсіпшілер одағы шақырса: бірі — Александр Пушкин болса, екіншісі — Валерий Брюсов болса, үшіншісі — мен, яғни — Владимир Маяковский.

— Oho!—деп дауыстап қалды, анадайдан біреу.

— Тишш!—деді әркімдер.

Шуласқан жұртты Демьян Бедный қоңырау қағып әрең тоқтатты».

«Маяковский қандай ақын екенін мен сонда ғана толық таныдым. Даусы зорлығының үстіне ол мейлінше оқығыш екен. Бұдан бұрын да, соң да талай оқығышты көре жүре мен өлеңді Маяковскийдей шебер оқушыны көрген емен. Өлеңді ол аузымен ғана емес, бүкіл бетінің, денесінің қимылымен оқиды екен және онысы кейбір олақ оқығыштардікіндей босқа қимылдау емес, оқып тұрған өлеңінің мазмұнымен, ырғағымен сәйкес келетін, әрбір өлі сөзге тірі жан бітіретін»,-деп еске алады Сәбит Мұқанов. Айта кетерлігі, С.Мұқанов Мәскеуге өз жинағын шығару мәселесі бойынша барған еді. Ол онда бірнеше күн болып, елдің Халық ағарту комиссариаты басшылығының жауабын күтеді. Шққан рецензия Мұқановты қуантқанымен, қолжазбаны Шығыс баспасын меңгеруші Нәзір Төреқұловқа беру оған үлкен сын болды. Бұл жерде Сәбит онымен өзара қарым-қтынасы туралы қысқаша айтып өтеді. «1922 жылдан бастап Москвада «Ұлттар» баспасы аталатын мекеме құрылды да, оның қарамағында қазақ тілінде «Темір қазық» атты журнал шықты. Баспаның директоры да, журналдың редакторы да Нәзір Төреқұлов. Осы журналдың 1923 жылы жарияланған І-санында Нәзір Сәкеннің «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағына сын жазып, түгелімен жоққа шығарды. Соның үстіне, жинақты ғана сынамай Сәкеннің қара басын да сынап, жұрт алдында масқара етуге тырысты. Нәзірдің осы мақаласына қарсы, мен Орынборда қазақ тілінде шығатын «Қызыл Қазақстан» журналының 23 жылғы 16-санында «Сынға сын» деген мақала жаздым. Ол мақалада, Нәзір Төреқұловта «объективтік көзқарас жоғын, оның мақсаты— Сәкеннің жинағын ғана емес, өзін құртуға тырысу екенін, Сәкен жинағының жақсы жерлерін көрмеуін, қате, нашар жақтарын теріп ап сынауын, Нәзір қанша жамандағанмен, Сәкен қазақ совет әдебиетінің бастаушысы екенін дәлелдедім. Содан кейін Нәзір маған қатты өшігін жүр деп естідім. Осындай адам менің жинағыма дұрыс көзбен қарай ма, кітап қып баса ма?»

Сұлтанбек Қожанов туралы сол кезде ол Түркістанның ұлтшыл сипаттағы коммунистерін басқарды дейтін. Ол Түркістан басшылығында Рысқұловты ауыстырған кезде, Ташкентте алашордашыл Мағжан Жұмабаевтың жинағы басылып шығады, жинақтың алғысөзін Қожановтың өзі жазған және Ахмет Байтұрсыновтың 0 жылдық мерейтойы өткізіледі. Оның үстіне бұрынғы құлап  қалған Алаш орданың басшыларының көбі сол жылдары Ташкенттен пана табады, бұны Сәбит Мұқанов сыни қабылдайды. Сәбит Мұқанов Қожановпен Орынборда танысқан. «Сұлтанбекті «өзімшіл, кекшіл, шамасы келсе қырына алған адамды оңдырмайды, қузаған адамының қыр соңынан қалмайды, құртпай тынбайды» деп естігем»,-деп еске алады Сәбең, бірақ жеке танысқан кезінде оның қарапайым адам екенін көреді. Сәкен Сейфуллинді қаншалықты қаралауға тырысқанымен Қожанов Сәбит Мұқановты мейлінше мақтап, жас талантты жазушылардың бірі деп атаған. «Сен, әрине, талапты жастың бірісің. Биографияңнан да хабарым бар. Сенін, әдебиетте де кедейшіл болмауға праваң жоқ. Өлеңдеріңнің көркемдігі жетіп болмағанмен, мазмұн жағынан өз бағытыңда жаман шықпайды. Көркемдік жағынан өсуге уақытын, бар,— әлі жассың. Қызыл езулікті қою керек те, шеберлену жағына күш салу керек. Бұл саған шын ағалық, адамдық жүректен айтып отырған сөзім»,— дейді Қожанов Сәбитке. Дегенмен, Мұқановтың Қожанов туралы пікірі өзгереді. Енді ол оны билікқұмар, бірақ, дегенмен де адами қасиеттерден де ада емес, қалжыңдай алатын, әдебиет пен өнерді сүйетін адам дейді. Сәбит Мұқановтың Әміре Қашаубаевпен, Иса Байзақовпен, Қажымұқан Мұңайтпасовпен жне Александр Затаевичпен бірге Ақмешітке съезге барғанын да айта кеткен жөн. Сәбит вагонда Иса мен Қажымұқан арасында болған керіс туралы атады. «Мен өз купеме кіріп орналаса бергенде, көрші купеден қаттырақ жуан дауыс естілді. Қажымұқан даусы екенін тани кеттім. Онымен жіңішке дауысты әлдекім жанжалдасып жатқан сияқты. Қарлыға, бажылдай шығуына қарағанда, бұл дауыс — Исанікі болу керек.

«Бұлар неге жанжалдасып жатыр?» деген оймен, неге екенін білгім кеп купемнен шыға бергенде, көрші купеден үрейлі кескінмен Әміре қашып шықты.

— Не болды?!— дедім оған.

— Ойбай, қарағым,— деді ол,— дүние бүлініп жатыр!..

— Не боп?

— Қажымұқан Исаны өлтірейін деп жатыр!..

— Неге?!

— Неге екенін артынан білерсің, бар да арашала, ойбай!

Түсі бұзылған Әміренің даусы қаттырақ шыққан соң, «жаман бірдеме бар екен» деген оймен көрші купеге кіріп келсем, алдымда керемет көрініс тұр: биік (192 сантиметр), жуан (214 килограмм) денелі Қажымұқан талдырмаш, орта денелі (50—55 килодан аспас) Исаны омырауынан қапсыра ұстаған қалпымен, төбесін вагонның потологіне тигізе көтеpiп тұр!.. Тегі, Иса аяқтарымен тепкілей бастаған ғой деймін, шалбарының екі балағын бір қолымен бүрістіре уыстап апты... Үнсіз түрде көзінің бақыраюына қарағанда, Иса қылғынып тұрған сияқты...

— Ойбай, ағатай, босат! — деп Қажымұқанның орта денелі адамның санына барабар жуан, ұзын қолына жармаса кеттім. Аузының үлкендігі табан қарыс, еріндері бір-бір кесек еттей аттың күрек тісіндей жалпақ тістері сирей біткен Қажымұқанның сөздері балпылдай, орашолақ шығатын және «ш» мен «з» әріптерін «с» ғып, «ж» әрпін «з» ғып айтатын. Сондай тілімен, қолына жармасқан маған, пілдікі тәрізді кішкене көзімен (Қажымұқанға ғана кішкене, қатардағы кісіге үлкен көз) сығырая қарады да, арыстандай гүрілдеген дауыспен, көтеріп тұрған Исаны сол қалпында ұстап тұрып:

— Мына зындыны сығарасыс ба, зоқ па?— деді. Иса «өлдім» дегендей қырылдай бастады.

Ойбай, шығарайық, босат!— дедім, жармасқан қолыммен қолын төмен түсіруге тырмысып. Түсіру қайда!.. Мендей тағы бір төрт-бес кісі асылса да илігер қол емес!...

— Шығарайық! — дедім мен, сонда да қолынан тартып.

— Ендесе босатайын,— деді де, Исаны ақырын қимылмен койкаға жатқыза салды. Исаның артистігі де болатын. Сонысы ұстап ойнауы ма, әлде шыны ма, талықсыған кескінмен койкаға құлай кетті... Не істеуге білмей қалған маған проводник жәрдемдесті. Қиялы ұзын бурылдау мұрты Тарac Бульбаға ұқсаған, бойы дембелше, жуантық бұл қартаң орысты, тегі Әміре жіберген болу керек және өзі Қажымұқанды білетін болу керек, шалалау білетін қазақ тілімен сөйлене кірді.

—Ох, ты, түйе одногорбный, — деді ол, тік тұрған Қажымұқанның кескініне бір қарап қойып,— сен,— деді ол, сұлап үнсіз жатқан Исаны нұсқап,— мына жагошкені11 үльтіреді!...

— Өлмейді, — деді Қажымұқан, — арақ берсем зазылады.

Ырас па дегендей Иса қимылдан қалды».

Әміре Қашаубаев ол кезде қырық жас шамасында болған. Әміре ортадан сәл төменірек бойлы, ақ сарғылт өңді. Оның таланты Совет елінде ғана емес, сонмен қоса бүкіл әлемге танылған тамаша әнші болған. Алайда, бұл оның бір қыры болса, Сәбит осы сапар кезінде оның басқа қырын таныған. Алдымен бала шағынан қалада өсе тұра, әрі орысша тілге өте шорқақ, әрі әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз. Жалпы білімін байқасам, әннен басқа дүниеден хабары өте аз сияқты. Сонымен қатар, Мұқанов Әміренің өте ақылды болғанын да атап өтеді: 1926 жылы Әміре Парижға барғанда, революция жылдары сонда қашып барған алашордашыл Мұстафа Шоқаев мейманханасына іздеп барып жолығады. Саясаттан хабары жоқ Әміре дүниеде бұндай кісі барын білмейді екен, сондықтан Мұстафа Шоқаев өзін таныстырып:

— Мені естіген боларсың?—десе, Әміре шынын айтып:

.

— О, қалай?! — депті Мұстафа,— әлде мені атамайтын болғаны ма жұрттың?

— Сені атаған кісіні көрген жоқпын,— депті Әміре.

О қалай болғаны?! — депті Мұстафа,— большевиктер мені ататпайтын болған ғой, тегі?

 Білгілікті кісі болсаң неге атамасын, ешкім білмейтін біреу шығарсың,— депті Әміре.

— Неге білмейді...— деп Мұстафа революцияға, Совет үкіметіне қарсы болған қылықтарын айта бастағанда:

— Әй, доғар, әрі қарай сөзіңді!—депті Әміре жекіріп,— Бет-аузын, құрт тескен жапырақтай боп (Мұстафа қалың бұжырлы, кескінсіз, арық, талдырмаш денелі қара кісі болса керек), ілбиіп өлейін деп жүріп, өзің соқтыққыш біреу екенсің ғой. Не әкеңнің құны бар еді, әліңді білмей Совет үкіметімен жұлқысатын? Енді жұртта қалған күшіктей ұлы да жүр!..

— Ә-ә, солай болған екен ғой! — Мұстафа жылап шығып кетіпті.

Осы сөзді айтып келген Әміренің өзі. Соны тыңдап отырып, турасын айтатын Сәкеннің Әміреге:

— Апырай, сенен де бір ақылды сөз шыққан екен,— дегені бар».

Әміренің ең мұқият тыңдаушысы болған Александр Затаевич. Бұл сапарда ол елу жаста болатын. Толық, биік денелі, ақ бурыл сақал, мұртты, өте сабырлы. Ол зиялы полк отбасында дүниеге келген, пианинода шебер ойнайтын. Революцияға дейін Затаевич Украинада әлдебір генералдың үйінде музыкант болған, кейін тағдыр айдап Орынборға келген. Орынборға келген ол қазақ музыкасына қатты қызығады да, жинаушысы, зерттеушісі және жариялаушысы болады. Кәрі-жас ақындарды тыңдап, нотаға түсіріп, оларды «Қазақтың мың әні» деген үлкен жинаққа енгізген. «Міне, саған, Әміре!.. Мен мұның барлық әнін сарқып алдым деп жүрсем, беті ашылмағандары да әлі көп екен. Мұның әндік репертуары сарқылмайтын бұлақ. Оны ішіп тауысуға болмайды екен...»,-дейтін Затаевич. Иса Байзақов талантты, ақкөңіл, бірақ алаңғасар және томырық мінезді адам болған. Кедей отбасында дүниеге келген. Сәбитпен Иса 1922 жылы Петропавлда танысқан. «Оны менен басқа да іздеп барғандар бар екен. Бәріміз өтініп (Иса «пәлдену» дегенді білмейтін) айтқызып көрсек, өлеңді ол аузымен ғана емес, бүкіл бет бейнесімен, басының, денесінің, шапшаң құбылмалы қимылымен еліре, құтырына, екпіндете, қысқасы жындана айтады екен. Өлең айтқанда өз денесінде дамыл жоқ ол қолына алған домбыраға да дамыл бермей, бет тақтайын тарсыл-тұрсыл шерте, ойнақшытып тербет, аспанға сермеп бұлғай, төбесінен айналдыра, белдемесіне басып теріс жағынан тарта, шым-шытырық түрде ойнайды екен. Араб әрпімен хат білетін Иса ол кезде өлеңді жазып емес, ауызша түрде шығарады екен. Сөйте тұра, «тақырып» дегеннің не екенін жақсы түсініп, бұрынғы ауыз ақынындай өлеңге бөгде сөзді араластырмай, барлық сөзін алған тақырыбына байланысты ғана құрастырады екен. Не тақырып туралы айт десең де Иса іркілмейді және ол тақырыпты әдемі өлең түрінде орындап береді». Араққа ол ертерек үйір болған кісі екен. Өзі оның себебін былайша баяндайтын: «Мен молдадан сабақ оқыған кісі емен. Арабша хатты өз бетіммен үйреніп кеттім. Содан кейін, сөзіне түсінетін түрікше кітаптардың әсіресе қазақша қиссалардың қолыма түскенінен оқымай қалдырғам жоқ.

— Патша түскеннен кейін,— деп жалғастырады Иса сөзін,— Семейде, қазақ тілінде шыққан «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналын да қуып жүріп тауып ап оқыдым.

— Сөйтіп жүргенімде,— дейді Иса.—«Алаштың» бір қуына кездестім де, ол мені жалшылықтан шығарып Семейге алып кетті. Онда «алашорда» есімді партия құрылып, «қазаққа қамқор боламыз» деп жүр екен. «Алаш азаматтары» аталатын оқыған қазақтар менің ақындық өнеріме қызықты да, қолдан қолға түсірмей, үйлеріне, жиналыстарына шақыратын болды, онда маған өлең шығарттырып тыңдайтын болды...

— Қандай тақырыпқа айттың?—деген сұрауға:

— Алаш тақырыбына болады да,— дейді Иса,— Совет дегеннің не екенін ол кезде мен біле ме екем? Алаштың өзінің не екенін біле ме екем?.. «Қазақ үкіметі» дейді, мақта дейді, мен мақтай берем. Ішкілікті де үйренуім сол кезде. Қонақ болса-ақ арақ болады және көп болады. Қонаққа жиі шақырылам. Өлеңге араластыра, «ал, кеп» ішеміз. Сөйтіп жүріп Исакең ішкілікке салынды да кетті...»

 Пойызда да Иса сол әдетін тастамайды. Не болса да Исаның отбасы құруына арақ кедергі болмады. Ол Шәрбану есімді қарапайым, ақылды қызға үйленеді, сауаты болмаса да, әртістік таланты бар ол Қазақ драма театрында бірнеше рөлдерді де ойнаған. Осы сапарда ұлы палуан Қажымұқан Мұңайтпасов Сәбиттің серігі болған. Сәбит Қажымұқанды алғаш рет 1918 жылы Қази Торсановтың үйінде кездестірген. Сол кезде атақты палуан 56 елде болып, 56 рет әлем чемпионы атанып, 56 рет марапатталғанын айтады. Қазидың өміріңде жеңіліп көрдің бе деген сұрағына Қажымұқан былай дейді: «Бір қыз болды,— дейді Қажымұқан,— Канада қызы. Жігіттік дер кезімде кездестім. «Күшті қыз» деп естіген соң: «әуелі ауырлық көтерісіп сынайын» деп, әрқайсысын он бұттан — жиырма бұт кірді аспанға кезек-кезек лақтырып қаршып тұрдым. Қыз менен кейін, он бес бұттан отыз бұт кірді қаршыды. Содан кейін «бұның күші менен артық екен» деп жорыдым да, «қазақ әйелмен күресуді намыс көреді» дегенді сылтау ғып, күреске түспедім». Қажымұқан да басқа саарластар сияқты саясатқа шорқақ, әдебиетті де онша біле қоймайтын. Дегенмен, Мұқановтан өзі туралы газетке бірдеңе жазуын сұраған екен. Жолда ол өзінің қалай әлем таныған палуан болғанын әңгімелеп берген: «Әкесі Мұңайтбастың бар өмірі қазақ байларында жалшылықта өткен екен, өзі де бала күнінен жалшылыққа тұрған екен, ересек бола кесіп іздеп Қызылжарға кеп бір бай татарға жалданыпты. Сол бай бір күні Есіл өзенінің алқабында үйілген маядан, бричкаға жеккен пар атпен шөп әкел деп жіберсе, қайтарында ауыр жүкті бричка сазға батады да, аттар сүйреп шығара алмайды. Соған ызаланған Қажымұқан аттың біреуін ағашпен басқа соғам деп өлтіріп алады. Содан кейін не істерге білмеген ол «тәуекел» дейді де, өлген атты көтеріп шеп үстіне салып, орнына өзі жегіліп саздан шығарған бричканы қожасының қорасына алып келеді. Қожа ұрсу орнына хайран ғап, үкімет орнына «осындай алып адам бар» деп мәлімдейді, үкімет Қажымұқанды цирктің оқуына жіберіп, содан цирк балуаны болады да кетеді. Оқуға кеткенде ол он сегіз жаста болады». Осы сапар кезінде Қажымұқан қырықты толық орталаған адам. Осы шақта салмағының түсіп жатқанын мұңая отрып атад екен. Сөзім  шын болсын дегендей ескі сурттерін де көрсетеді екен. Ақмешітке келген соң Сәбит Мұқанов Қазақ автономиялық республикасының тұңғыш астанасы туралы да естелік қалдырған. «Ол кездегі Ақмешіт — екі этажды үйі бірен-саран ғана, өзге үйлерінің басым көпшілігі бір этаждан, олардың басым көпшілігі шикі кірпіштен қаланған, күйдірген кірпіштен салынған аумақты үйлері азғантай, көшелері тар және қисық. Сол көшелерінің екі шетіне де тізілген ағаштар (әсіресе ақ теректер) қалың боп өскен, көшелерді жиектеп арық аққан. «Маркс пен Энгельс» аталатын екі көшесіне ғана тас төселген, өңге көшелерінің бәрі бұрқыраған шаң. Үйлерінің, төбелері тайпақ, әр үйдің қорасында жеміс бақшасы бар, Сырдарияның теріскей жақ қабағына орнаған Азияның шағын ғана провинциялы қаласы екен». Қала аралағанда Сәбеңнің көзіне ерекше бо түскені – осы жердің базарлары болады: «Бұл базарларда не көп,— өрік, мейіз, қауыншек сияқты кептірген жемістер көп. «Нишалла» аталатын аппақ бірдеме бар, дәмі қант татиды. Ол жүгерінің ұнынан жасалады екен. Ұнды орта қазан ғып салады екен де, үстіне су құйып, құмшекер сеуіп қайнатады екен. Көп былғай суы сарқылған кезде, қоймалжың аппақ тәтті бірдеме болады екен. Сол қалпында қазаннан алмай, ыдысын әкелген жұртқа ожаулап сатады екен. Біреулер дәмін көреді екен де, ұнатса алып, ұнатпаса кете барады екен. Оның үстіне, көшеде бұрқыраған шаң да қонып, басында аппақ нишалла, кейін қоқырланып, біраздан — қара-қошқылданып кетеді екен. Не деген ыластық!.. Сонда да надан жұрт ожаулап, қасықтап алып жатады!.. Неге десең, «басқа тәттіге әліміз келмейді» деп жауап береді...» Ақмешіт Сәбит Мұқановқа онша ұнай қоймайды: «Ақмешіт маған ұнаған жоқ. Менімше, сол кездегі күйінде, ол республикаға астана болу түгіл, губерния орталығына да әрең-мәрең жарарлық қана. Мұнымен салыстырғанда, мысалы — Қызылжар (Петропавл), Семей сияқты Қазақстан қалаларының астана болуға мүмкіншілігі әлдеқайда көбірек сияқты. Ал, Орынбордың Ақмешіт садағасы кетсін. Бұның қасында ол Москва қасындағы қыстақ сияқты көрінеді. Омбы ше?.. Орынбор мен Омбы соңғы екі ғасырда қазақ көпшілігінің саяси, шаруашылық, мәдениеттік орталығы болып келді». Неге дәп осы Ақмешіт астана болды деген сұрауға өзі жауап табады: «Сұлтанбек Қожанов. Бұл оның туған жері. Ата-бабалары – осы елдің қожалары. Революциядан бұрын ресми қағаздарда «Перовский» аталып келген қаланы, Совет тұсында «Ақмешіт» ататқан да сол. Енді, ертең ашылғалы отырған 5-съезде «Қызылорда» ататып, Қазақстан астанасы жасатпақ та, шамасы келсе әдемі қалаға айналдырмақ». Әңгімелеу барысында Сәбит Мұқанов бірқатар тарихи тұлғалардың атын атайды, олардың көбімен таныс та болған. Коммунистік басшылыққа қатты сенген С.Мұқанов Филипп Голощекин жұмысындағы асырасілтеушілікті де көрмейді, оны «еңбекқор, әрі көреген саясаткер» дейді, Әбдірахман Байділдинді «арам ойлы, әбігер, сүйкімсіз» деп, Ораз Исаевтың неге одан алшақтап кеткенін жазады. Ғаббас Исаевты бай баласы дейді, Тұрар Рысқұловқа сүйсінгені сонша, оның өмірбанын екі рет келтіреді. Сәбит Мұқанов Бейімбет Майлинді, Орымбек Бековты, журналистер Асқар Тоқмағамбетов, Қалмахан Әбдіқадыров, Әбділда Тәжібаев, Шашубай Қошқарбаевты, өнер қайраткерлері Қалибек Қуанышпаевты, Құрманбек Жандарбековты, Игібай Әлібаевты, совет мемлекетін құрушылар Хасен Мусинді, Елтай Ерназаровты, ғалымдар Әлкей Марғұланды, Василий Бартольд, Қаныш Сәтпаевты білген. Бұл оқиғалардың бәрі де – Сәбит Мұқановтың болашақ ұрпаққа жеткізген естелігі.