Ұлы Абайдың ізімен. Абыралы
23.08.2019 3279
Экспедицияның алғашқы бекеті Қарқаралыдан шыға салысымен көлік іші гу-гуге ұлассын. Әркім күні бойы көрген қызықтарын айтып тауыса алмаған. Сөйткенше болмай сәйгүлігіміз тізгін ірікті

Жоспар бойынша Қарқаралының қасиетті топырағынан шыққан қажырлы қайраткер, Алаштың бір арысы Мұстақым Малдыбаев жазығына аялдап, бой жазуға тиіс екенбіз.

Біз бір кең алқаптың тұсына тоқтаппыз. Қарқаралы кентінен қырық шақырымдай жер қоңыр топырағы көрінбейтін, шүйгіні бетіне шалқыған, шалғынына жата кетіп тұрғың келмейтін табиғат көркемі дейтіндей екен! Қанша қарасаң да көз тоймайтын сұлу жазық! Көздің жауын алғандай көрікті өңір! Тіліміздің бар байлығын төгіп жазсақ та тауысып суреттей алмайтын ұжмақ мекені екен. Мұндай жер асылын, табиғат сұлуын қалай ғана жатқа қиярсың!

Анығында Малдыбаев жазығы мұнан біршама алыс жатқан болып шықты. Білетіндер Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысының шектесетін нүктесінде деседі. Экспедиция құрамындағы ғалымдар тобының Мұстақым ғұмырымен таныстары нақты-нақты дәлелдер келтірген соң, уәж айтар жан болмады. Десе де келер, Абайдың тура 175 жылдығы қарсаңында жазыққа арнайы соғып, ескерткіш белгі орнатуды міндеттеп қойдық. Ал мынау көрікті мекенді қимай, суретке түсіп-түсіп алғанымыз да бір мерей.

Иә, ендігі сапарымыз – Абыралы аймағы! Азапкеш те асқаралы рухты Абыралы!

Біз «Абыралы» атын ең алғаш көркем фильм арқылы білдік. Мектептегі кезіміз-ау, көк жәшіктен көрсеткен «Жансебіл» атты кинокартинада қол-аяғы жоқ томардай шал мен оны шағын арбаға салып алып сүйреткен орыс кемпірдің теміржол бекетін кезе жүріп айғайлайтын шымыр сюжеттері есте жатталып қалыпты.

 «Абыралыға баратын кім бар?»

Көлік салонының соңғы қатарында отырған бізге фильмдегі жан тебірентер сәттер есімізге түсіп, оны әлденеше рет көргеннен бе, әрбір деталь сана саңылауына еніп, ойымызды ала берді...

Отызыншы жылдардың ойранынан тағдыры астаң-кестең болған жас Мұқатай ормандай орыстың арасында жалғыз қалады. Еліне жете алмай, пұшайман халге түсіп, шерменде күй кешеді. Тоталитарлық жүйенің қандықол жендеттері тепсе темір үзетін жас жігіттің аяқ-қолын шауып, деревньяға тастап кетеді, орыс қызы аяушылықпен қарап, аман алып қалады. Аман алып қалғаны аз, ол құдайдың бір рет берілетін өлшеулі ғұмырын қазақ жігітінің саулығына басы бүтін арнайды. Сондай тағдырлы, аянышты, бірақ қайсар рухты кинокартина!

«Жансебіл» фильмі осы аттас повесттің желісімен түсірілгенін кейін білдік. «Абай» кітап үйінде сарғыш тартқан қағаздармен басып шығарылған, сырты жасыл, ескілеу, кездейсоқ қолымызға түскен кітаптың авторы Жүсіпбек Қорғасбек болып шықты. Повесть «Сарыөзекке баратын кім бар?» деп басталатынын да оқығанбыз. Жұрт назарын қасіретті Семей полигонына аударуды мақсат тұтты ма, айрықша картинаның режиссері Аяған Шәжімбаев бас кейіпкердің аузына Сарыөзектің орнына Абыралыны салады.

«Абыралыға баратын адам бар ма?»

Біз, міне, тағдыры талайлы, тарихы толқымалы Абыралы топырағына беттеп барамыз. Алдымызда сайын даланы шығыс пен батысқа, күнгей мен теріскейге бөліп те, қосып та қара жол жатыр.

Жол, жол, жолдар...

Бұл шақта іңір иектеп, сол қанаттан алқызыл күн жалыны қызара батып, түн төне бастапты. Баяғы жарық жым-жылас жоқ, көліктің шамы түскен аз ғана жер қара түннің саңылауынан енген сәуледей. Білте шамдай сығырайған көліктің жарығы түгілі, ақ сүйріктей Sprinter-іміздің өзі қою түнге сіңіп, жұтыла берді.

«Жансебіл» – шарасыздық күйі, амалсыздық халі. Қараңғы түннің алдында біз де шарасызбыз. Құдайдың күні шықса, түні де батады. Заңдылықтан ешкім қашып құтыла алмайды. Енді бұған Кентөбеден кейінгі жолдың өте-мөте нашарлығы қосылсын. Ойдым-ойдым жолда біздің қамшы салдырмас Sprinter-іміз қара жерді таспадай тіліп зуламақ түгілі, тасбақаша ілбіп қалды. Жылдамдық өлшемін ең ұзағанда үшіншіге салады, ең құрығанда ол да ұзаққа созылмайды.

Нілдей бұзылған көңілімізді жас-кәрісі аралас әзіл-қалжың айтып өзіміз көтеріп келеміз. «Қазақ фольклорында қазіргі кезде айтылып келе жатқан өміршең жанр – анекдоттар» дегенді академик ұстазымыз Сейіт аға Қасқабасов айтатын. Біздің арамызда анекдот айтуда алдына жан салмайтындар бар болып шықты. Сұлтан Хан Аққұлы мен Алмас Тоқабаев екеуі елдің ішегін қатырады. Самаладай жарық шамы сөніп қалған үйдің әңгімесі жараспай ма, әзіл соңы ардақты аға-апайларды еске алып, сырласумен жалғасты. Абайтанушы, ақын Алмахан Мұхамедқалиқызы белгілі әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимовтың өміріндегі қызықты жайттарды көп біледі екен, журналист Думан бауырымыз (ол да Мұхаметқали) бар, әркім өзі білген, көрген, естіген күлкілі оқиғаларды ортаға салып, біразға дейін дуылдаттық.

Сапардың мақсаты біреу болғанымен, экспедицияның әр мүшесі өз жоғын іздеп келеді: біреу ата-бабасының басына тағзым еткісі келсе, біреуі ар алдында арылуды аңсайды. Енді бірі данышпан бабамыз айтқандай, толық адам болып қалыптасуды тілек етсе, тағы бірі жан тазалығын, рух бостандығын көксеп келеді. Бәрімізді тоғыстырған жалғыз мүдде бар: ол – қасиетті қара шал – Құнанбай баласы еді.

Ал біздің іздегеніміз – қазақтың асау күрескерлік рухы, еркіндік сүйгіш атойшыл мінезі, олардың даңққа бөленген асыл ерлері. Іздеген мұратымыз жол үстінен табылып тұр: сапар басталысымен Иман Жүсіп, алғашқы бекет Қарқаралыдағы Мәди, 1905 жылғы Алаш ұлт-азаттық күресі...  Кезекте Бақты ауылының тұсынан өтіп бара жатқанда ойға оралған Боқты көтерілісі.

Жол ауыр. Жол ауыр болған соң, ой да ауыр. Ой ауыр болса, жан ауырады, күйзеледі, күңіренеді.

Бақтыдан өткен соң, жол тіпті нашарлады. Кен тасыған КамАз-дардың шаңына көмілген көлігіміздің жүрісі мандымай қойды. Жол жиегінде төңкерілген ауыр сауытты КамАзды көрген көзіміз түгелде, құдай көтеріп, алға қарай құлшындырған әзіз көңіліміз бүтінде, әйтеуір түн ортасы қарт Қайнарға жетіп тындық. Енді небары 45 шақырым қалған Абыралыға салып ұрып жетіп барамыз ғой деген есек дәме боп шықты, қайдағы тұп-тура бір сағаттан артық уақыт жоғалттық. Түн ауып, жаңа күннің алғашқы сағаттары соға бастағанда Абыралыға іліндік-ау.

Біздің экспедицияны ұйымдастырушы жетекшіміз Ержан Еңсебай биыл туғанына 100 жыл толған атасы, ауылдың ардақты ақсақалы болған майдангер Нұрғали Еңсебайұлына шаңырағына әкеп түсірді. Осылайша тоқсан жасап өмірден озған қадірлі қарияның қарашаңырағына бас сұғып, дәм татып барып, жастыққа бас қойдық.

Жол қажытты ма, ой қажытты ма, әйтеуір салған бетте ұйықтап кетіппіз.

Оянсақ...

Фотосуреттерді түсірген Алтай ШОЛТЫҚ.