Науырзым қорығына саяхат
13.08.2018 3189
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген Науырзым қорығы Қостанай облысының аумағында орналасқан

Негізінде, өзім Қостанай облысының тумасы болғаныммен, Науырзым қорығына алғаш рет табан тіреп отыр екенмін.

Әрине, Науырзым қорығына Астана арқылы жетуге болады (өйткені Астана қ. тұрамын ғой), алайда жоспар бойынша облыс орталығы Қостанай шаһарына барып және қаланы аралап болған соң, өңірдің бас қаласынан шамамен 230 қашықтықтағы «Наурызым қорығы қайдасың?» деп жол тартып кеттім. Жолдағы елді мекендер мен жол бойының табиғатын бақылап келемін, біздің ең шұрайлы, өмір сүруге ыңғайлы жерлеріміз ғой, шынында адам көзі қызығарлық жерлер, кейбіреулер бекерге көз алартып жүрмеген шығар, бірақ ата-бабамыз қасықтай қаныммен қорғаған жерлеріміз ұрпағымыз үшін сақталып қалатынына өз басым қатты сенемін?!

Мен шөлді-шөлейтті жердің тумасы болғандықтан Торғай мен Арқалық арасындағы табиғи айырмашылықты қалай байқасам, Астана мен Қостанай арасындағы айырмашылық та сондай екен.

Сөйтіп, көптеген елді мекендерден өттік, кейін Қобыландының аты қайтарылған Щербаковка атты ауыл есімде сақталып қалыпты және атақты Аманқарағай жері де ерекше екен.

Бала күнімнен көп еститін Аманқарағай жері де туризмге сұранып тұр, қарағайлы орман, оның үстіне үлкен байланыс жері. Сөйтіп әп-сәтте, үш сағат ішінде (біз сияқты тәуліктеп жүретін саяхатшыларға 3 сағат деген не тәйірі?!) Әулиекөлден өткеннен кейін Науырзымға де жетіп келдік.

Мұнда келген туристер үшін барлық жағдай жасалған, сапар орталығы жұмыс істеп тұр.

Қорықтың қонақтарға арналған сапар орталығында Науырзым қорығы туралы мол мағұлмат алуға болады.

Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы туралы қысқаша ақпарат.

Қорық 1931 жылы құрылған. Ол ЮНЕСКО, яғни адамзат мұрасы болып табылады. Мұнда өсімдіктің 687 түрі кездеседі екен, ал оның 12 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Жалпы, Науырзым қорығы Торғай қолатының солтүстік бетінде орналасқан, табиғаттың ерекше керемет жері, ол – Қарағайлы Науырзым, Қарағайлы Тірсек және Қарағайлы Сыпсың деген үш экологиялық жүйеге бөлінген. Егер, қорық фаунасы 355 аң-құстан тұратын болса, аңның 45 түрі, құстың 294 түрі, жорғалаушылар мен қосмекенділердің 3 және балықтардың 10 түрінен тұрады екен. Айтқандай омыртқасыздардың 1500 түрі де кездеседі. Қорықта кездесетін құстың 44 түрі Қызыл кітапқа кіреді екен.

Жалпы, қорық шөлейтті жердегі орман аймағы десе де болады, оның үстіне тіпті құм арасында өсіп тұрған биік ағаштарды көргенде тіпті ерекше әсер етеді екен. Тіпті бір ағаштар Африка құрлығындағы баобабтарды еске түсіре ме өзі?!

Сөйтіп, қорық аумағын аралауға кірістік. Табиғаттың әсемдігін, ауаның кереметтігін, қысқаша айтқандай жер жаннаты іспеттес – Науырзым қорығын көрген де арманда көрмегенде арманда!

Әрине, қойнауы қазынаға, жері тарихқа толы, елі батыр, табиғаты керемет Науырзым жеріне Сіз де саяхат жасаңыз.