Хұндардың Қоқан ханы
28.09.2016 2324
Шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 45 жылдан бастап 10 жылдарға дейін хұн тәңірқұты болған

«Батыс өңірі аз ғана уақыт ішкеріге қарады. Хухание тәңірқұты қорған сыртында жалынышты болып отыр. Олардың жағдайын өз ырқымызға пайдалануға болады. Тәңірқұттың одан өзге амалы жоқ». 

«Ғибратнама: Шығыс Хань патшалығының 72 жылғы тарауы». 

І 

Біз адамзат тарихын шартты түрде екіге бөліп тастағанымызбен, Айса пайғамбар туғанға дейін де, туғаннан кейін де дүние көші үзіліп барып жалғанған жоқ. Сол бәз-баяғы қалпы сақталып, бірде көршісімен жауласып, бірде татуласып, жаңа бірлестіктер мен тайпалар пайда болып, кей халықтар өзгелерге сіңіп, аты өшіп жатты. Тіпті көне түркілер қасиетті Марияның ғайыптан жүкті болғанын, дүниеге Айса пайғамбардың келгенін білген де емес. Олар үшін Көк Тәңірінен асқан құдірет жоқ еді. Сондықтан да әфсанамызды шартты түрде екі дәуірдің жыл қайыруына орай бөлгенімізбен де, көшпелі елдің тарих керуені өзінің қиын да қасиетті болашағына қарай маңып бара жатты. Маңдайына не жазылса, соны бастан кешуі тиіс еді. Ендеше біз де әфсанамыздың үзілген тұсынан бастап, тарихи тұлғалар туралы әңгімемізді одан әрі жалғастырамыз. 

Әлқисса, хұндардың солтүстік қанатының соңғы тәңірқұты Шөже қаза тапқан соң осынау ұлы жұрттың басынан бағы тайды. Мүлдем құрып кетпегенмен де, сүргінге ұшырады. Ол сүргін ақырында бүкіл дүние халқын қайта қоныстануға мәжбүр етті. Осынау өліара тұста жылнамаларда аты қалған ұлы тұлға болмағандықтан да, тартысқа түскен ата-бабаларымыздың тағдырын қысқа қайыру жылнамашыларымыз үшін газетке айналған машық тәрізді боп кетті. Сондықтан да біз осы тұсқа сәл аял жасап, ағын судың соңғы сарқынын сүзгіден өткізуге тырыстық. Себебі, бұл жер бетінен талай тайпаның жоғалып, талай жаңа жұрттың пайда болған шешуші кезеңі еді. Ескерте кететініміз, біз қазақ даласына тікелей қатысы бар оқиғаларға ғана назар салдық. Басқа жақтан ауып келген немесе осы арадан ауып кеткен жұрттардың тағдыр көшін «олардың үлесіне қарай қарсы алып, еншісіне орай шығарып салуға тырыстық». Өткені мен келешегі хақында мағлұмат қана берумен шектелдік. Ал олардың қаны қайсымыздың бойымызда жүр, оны бір Алладан басқа ешкім де айтып бере алмайды. Сонымен Шөже тәңірқұтынан үзіліп қалған әңгімемізді жалғайық. 

Соншама қуат-күшке ие болған хұн мемлекеті неге құлады? Бұрын да сан мәрте айтылғанымен, еске түсіре кететін және назарға іліге бермейтін бір жай бар. Ол – тектің тозуы, азуы емес, толуы. Лев Гумилев оны былай түсіндіреді: «Әскери жорықтар сәтті аяқталған кездері хұндардың күші еселей өсіп, ру көсемдерінің тұқымдары да көбейіп, нығая берді. Қытайдың жанкешті жазалау соғыстарының нәтижесінде хұндар, өлісі мен жаралысын қосып есептегенде, қатты шығынға батып, жүректері жасып қалды. Қарапайым қарашадан гөрі белсенді бек тұқымдарының қатары күрт сиреп кетті, себебі олар ел алдындағы жауапкершілігін сезінгендіктен де ең қауіпті шепте және алдыңғы сапта тұрып, жаумен шайқасты. Хұн сарбаздары өз елінің бостандығын сақтап қалғанымен, екі ұрпақтың өмірі жорық үстінде өткендіктен де тектік құрамды сақтап қалудың мүмкіндігі болмады. Ал қалың қараша бұл кезде Халханың жайлауында, қытай атты әскерлерінің қылышынан аулақ тыныш жерде өсіп-өніп жатты. Саяси тарих тұрғысынан алғанда хұн тегінің тарихы, өмірі ұзақ болмаған. Бірақ та бұған көшпелі өмірдің ғұмыры қысқа деген атышулы байбаламның шын екендігі емес, керісінше, қытай жаугершілігінен өзінің өмірін және елінің бостандығын қорғау жолындағы күресі себепкер болған. ...Егерде даналық ұрығы аналарының жатырында кеуіп қалмағанда, қанды қырғынға ұшырамағанда философия да, тарих пен дүниетану ғылымы да шырқап дамыған болар еді». 

Бұдан асырып айтудың өзі қиын, әрі оған қажеттілік те жоқ. Шапқыншылықта жүрген адамнан әскери дайындықтан басқаны дәметудің өзі де тексіздік. Miнe, Шөже тәңірқұтының бақталасы болған Қоқан – Хухание тәңірқұты сондай келеңсіз кезеңде туған ұрпақтың өкілі еді. Араға жік салып, халықтың бас бірлігін бұзған бұл тәңірқұттың көптеген жағымсыз істеріне қарамастан, оның тарихқа кіруге бір мүмкіншілігі болды. Ол кешегі хұн елінің мемлекеттік аты мен патша тағын және туы мен ұранын сақтап қалды. Сол үшін қалған жұрт соның айналасына бірікті. Сондықтан да біз осы тұлға арқылы әңгімемізді өрістете отырып, тудың да, тақтың да, мемлекеттің де мәңгілік жойылғанына дейінгі қасіретті кезеңіне шолу жасаймыз. Бұған қоса, үйсін мен қаңлы мемлекетіне қатысты жайларды да кіріктіре кетеміз. Өйткені олар жөнінде сақталып қалған деректер дербес әфсана жазуға мұрындық бола алмайды. Әсіресе кісі аттары сирек кездеседі. Ал адамсыз әңгіменің қызығы жоқ. Сонымен: «Шөже тәңірқұты қаза тапқаннан кейін Қоқан тәңірқұты әрі қуанды, әрі қатты үрейленді. Ол хань ордасына хат жолдап: «Тәңір ұлымен дидарласуды ойлап жүр едім. Бірақ дегенім болмай, батысқа қоныс аударған Шөже үйсіндермен жең ұшынан жалғасып, маған шабуыл жасай ма деп қауіптендім. Бұл пақырыңыз сол себепті хань патшалығына келе алмады. Міне, енді Шөже өлтірілді, сондықтан да тәңір ұлына аман-сәлем жасай барғым келетіндігін білдіріп хат жазып отырмын», – деп сәлем жолдаған Қоқан тәңірқұтының мазасыздығын түсінуге болады. 

Оның қуанғаны, басты жауы хань жаһангері емес, өзінің қандас туысы Шөже деп білгендігінде еді. Ол мақсатына жетті. Шөженің басын хань сарайының қақпасының алдына іліп қойғанын естігенде өзінің қателігін Қоқан сонда ғана барып түсінген сияқты. Кез келген сәтте дәл сол сырықтың ұшында мұның да шақша басы шақшиып тұруы мүмкін ғой. Ол үшін ұлы жойыт көршісінің бір ашуы жетіп жатыр. Екіншіден, тәңірқұтына сырттан төнген қатердің барлығынан Шөже тәңірқұты аман сақтап қалатын. Енді оның жалғыз өзі ғана не бітірер? Иә, мұны Қоқан тәңірқұты сәл ертерек ойлауы қажет еді. «Ханнамада» айтылған жоғарыдағы тілекті «тәңір ұлы» қабыл алған сияқты. Көрмеген, білмеген жұртқа жалғыз бармай, көршісі үйсіннің күнбиімен қол ұстаса сарайға еніпті. Ол туралы «Ғибратнама: Ай-ди патша бөлімінде»: «Юаншудың екінші жылы, көктемнің басына хұн тәңірқұты мен үйсін күнбиі патшаға сәлем бере келді. Екі айда елдеріне қайтты. Тәңірқұты ренжіп кетті», – деп мәлімет береді. 

Не үшін қабағына кірбің түсті? Әрине, оның себебі көп. Төр мен босағаны, сый мен тағамды, құрмет пен күтуді ерекше саясатқа балайтын хань патшасының тақыстығы Қоқанға ұнамаған болуы керек. Алда ол өзінің жеке шаруасы және сарайға арнайы келген тәңірқұттың өзіне басыбайлылығын білдіруі үшін қосымша міндет жүктеуі заңды. Елінің қамы үшін қабырғасы қайысқаны анық, онсыз тәңірқұты бола алмайды. Ең бастысы, Қоқан адам ретінде ет жүрегі езіліп қайтқаны күмәнсіз. Жат мәдениет, жат пиғыл, жат көзқарас. Оны сағынып және табына күтіп отырған ешкім жоқ. Тек жеке мүддесі үшін ғана сырт пейілін беріп отыр. Мұны Қоқанның аңғармауы мүмкін емес. Ал оған қойылған шектеулер мен берілген нұсқауларда шек жоқ еді. Қоқанның қасындағы үйсіннің күнбиіне көрсетілген құрмет асып түсті. Нағашының аты – нағашы. Оның үстіне, Жие-ю ханымның алып кеткен немерелерінің де үстемдігі бар. Бәрі-бәрі жиналып, ол өзінің мазақ болғанын сезді және сездірді. Қоқан арқылы исі хұн жұрты хань әулетіне басын иіп еді. Сарайға қабылдаудың астары да сонда. Қоқан тәңірқұтының құр сүлдері ғана қайтқаны сол. Ал ел-жұрты жөніндегі бопсаларға келер болсақ, ол тәңірқұтына таңсық жай емес. Елдікті де, ерлікті де өз қолымен өшіріп тынған болатын. Сондықтан да Қоқанның ол туралы күйінуі жаныңды жылытуы мүмкін емес. Ал тәңірқұтының билігінің шектеліп қалғанын мына жайдан-ақ аңғаруға болады: «Ай-ди патшаның тұсында (біздің дәуірімізден бұрынғы 5 жылы) үйсін күнбиінің тоқалынан туған ұлы Би-Юан-жи оңқа қалың қолмен аттанып хұндардың батыс шекарасына жортуыл жасап, олардың малын барымталап, адамдарын өлтіреді. 

Бұл хабарды естіген тәңірқұты сол қол әскербасы Ойылды (Уилиңді) бес мың жасақпен үйсіндерге аттандырады. Олар бірнеше жүз адамды өлтіріп, мыңнан аса адамды қолға түсіріп, малын айдап әкетеді. Мұнан қорыққан Биуәнжи (Би-Юан-жи) баласын хұндарға кепілдікке береді. Тәңірқұты оны қабыл алады. Бұл жайды естіген хань патшалығы Жұнлаңжиан Дың-Иелинді, орынбасар Гүң-чинді хұндарға елшілікке жіберіп, тәңірқұты қатты жазғырып, оған Биуәнжидің кепілге берген баласын кері қайтаруды бұйырады. Тәңірқұт әміршінің әмірін орындап, оны еліне қайтарады» («Ханнама»). 

Демек, хань сарайына барғанда ол барлық дербестіктен айырылған. Жай ғана шекаралық өкілдің шеше беретін ісін Қоқанның шешуге құқысы болмаған. Әрине, тәуелдінің күні құрысын. Бірақ өзің сұрап алған не еліңе сатқындық істеу арқылы тілеп алған бодандықтың қорлығы – ең ауыр қорлық. Соны Қоқан тәңірқұты басынан кешірген. Тіпті кімді еліне қабылдап, кіммен араласуы керектігі де орталықпен шешілген. Біз бұл әфсанада Қоқанды күйінішті көрсету үшін әдейі осындай жайларды теріп көрсетіп отырғамыз жоқ. Керісінше, сол арқылы хұн елінің қалған тарихында болған оқиғалардың себебін аша кетуді мақсат тұттық. Жаңағы үзіндіден хұн мен үйсін елі өздері біреуге тәуелді бола тұрып, өзара қырғынды қоймағандығының бір дәлелін анық байқаймыз. Басыбайлылықтың бір мысалын төмендегі деректен де аңғарамыз: «Дәл сол кезде батыс өңірдегі Жемсары бектігі Жүйгу мен хұн еліне барып келген Уаң Танду екеуі шекаралық өкіл әкім Шиау-юге наразы болады. Шиау-юдің қатын-баласы, оған қарасты ел хұндарға қашып барады. Бас иеді. Тәңірқұт оларды қабылдап, сол қанаттағы Лули жеріне қоныстандырады. Сондай-ақ елшіден ордаға хат жіберіп: «Пақырыңыз бұларды өз еліне паналатты», – дейді. Орда кеңесшілері Хань Лүңді, Уаң Жиаңды, орынбасар бек Жин Фуды, атқосшы Шишаңды, су басқарушы Уаң Чиңды хұндарға елшілікке жібереді. Олар тәңірқұтқа: «Батыс өңірі ішкеріге қарады. Олардың адамын азаматтыққа алуыңа болмайды. Сен оларды қайтарып жібер», – дейді. Тәңірқұт: «Марқұм Шуан-ди, Юан-ди патшаларға бас иіп, солардың шешімін негізге алайық. Ұлы Қорғанның шығысы тәңір ұлына, терістігі тәңірқұтына тән. Қорғанға тиіскендер болса, хабарлау парызымыз. Тізе бүккендерді қосып алмаймыз. Пақырыңыздың әкесі Қоқан – Хухание тәңірқұт шексіз шапағатқа бөленген кісі еді. Бірақ ақтық сөзінде: «Орталық мемлекеттен пана сұрап келгендерді қабылдама. Оларды Ұлы Қорғанға апарып беріп, тәңір ұлының мейірім-шапағатына бөленіп, борышыңды өте» деген. Онан басқа елдердің адамдарын қосып ала бер деп еді», – деп уәж айтады. Оған елшілер: «Хұндар өз бауырластарымен өзара қырқысып, елін неше рет құртып жібере жаздағанда Орталық мемлекеттің мейірім-шапағатының арқасында ес жиып, ел болып, бала-шағасын аман алып қалып еді. Олар қазір өсіп-өрбіп отыр. Соның өзін қанағат тұтқан жөн», – деді. 

Тәңірқұт бұған бас иіп, кінәсі үшін кешірім сұрап, қолға түскен екі тұтқынды елшілерге қайырып береді». 

«Тарихнамадағы» бұл үзіндіден хұн тәңірқұтының толықтай тәуелді, басыбайлы, қуыршақ биліктің иесі болғандығы байқалады. Біз Шөжемен шайқасатын үлкен Қоқанның өлімін айтпай, бірден оның баласының басынан кешкен жайын баяндап кеттік. Өйткені бұл әкелі-балалы тәңірқұттардың арасында жас мөлшерінен басқа мемлекет басқару тұрғысынан алғанда ешқандай айырмашылық жоқ еді. Бірінің жүргізген басыбайлылығын екіншісі жалғастырып отыр. Екіншіден, кіші тәңірқұттың аты аталмаған. Сондай-ақ, осындай кейінгі бірер деректерде тағы да Қоқанның – Хуханиенің аты кездеседі. Ол аттас адам. Алайда өзге де мәліметтердің тапшы болуы салдарынан Қоқанның есімін пайдалана отырып, әфсананы жалғастыруымызға тура келді. Міне, жоғарыдағы елшілер хань сарайынан қайтқан соң хұндардың мемлекеттік билігіне тағы да тізгін салып, қуыра түседі. Әлгі тұтқындардың басын алған патша олардың кесілген басын батыс өңіріндегі хандарға көрсетеді де, мынадай пәрмен береді: «Орталық мемлекеттен хұндарға қашып келгендерді, үйсіндерден хұндарға қашып барғандарды, не батыс өңіріндегі елдердің хань патшалығынан шашақты мөр алған бектерінің ішіндегі хұндарға қашып барғандарды, ухуандардан хұндарға бас паналап қашып барғандарды тәңірқұттың қабылдауына болмайды», – деп үкім шығарды. Уан Жүң мен Уан Чаңды, орынбасар бек Жин Фуды, Уаң Сүнды хандарға жіберіп, төрт шартты тәңірқұтқа бергізді. Олар хатты тәңірқұтқа тапсырып тұрып, сол бойынша жұмыс істеуге әмір беріп, бұрынғы Шуанди патша кезіндегі келісімшартты қайтарып алады». 

Сонымен, біздің дәуіріміз басталар тұста хұндар толықтай қытайдың отарына айналды. Бұрынғы сыртқы билікті қойып, енді ішкі саясатқа араласа бастайды. Әркімге бір қарап жалтақтаған тәңірқұттың қандай қасиеті болсын. Ел ішінен іріп, ыдырай бастайды. Оған із тастап кеткен Қоқан – Хухание тәңірқұты мен оның аты белгісіз ұлы еді. Тарихтың аңғарын басынан бастап індетіп келе жатқан сіз бен біз үшін бұл жаңалық емес және солай болуы тиіс шындық-тын. Осыдан бастап хұндар мен үйсін туралы деректер өте сирек ұшырасады. Оның басты бір себебі, қытай сияқты қол әрі жазу-сызуы дамыған елде де Сыма-Цян мен Бань-Гу сияқты ғұламалар аз туатын еді. Екіншіден, өзге ұсақ ұлтты жұтып қою олар үшін оңай болғанымен де, өз ішіндегі қозғалыстарға келгенде өте икемсіз әрі ерекше қатыгез еді. Сондықтан да ішкі қақтығыстар өрттей қаулаған кезде патша хатшыларының іс жүргізуге мұршалары да келмеген сияқты. Әрине, өкінішті, бірақ ұлы елдің де қасіретін түсіну керек. Оларды да ұлы күйзеліс күтіп тұрды. 

Бұл хұндардың тарих сахнасындағы соңғы тұяқ серпуі емес еді. «Кеме келсе, қайықшы судан шығады» дегендей, ұлы халықтың өз ішіндегі топалаң мен аласапыранды пайдаланып, Орталық мемлекеттен іргені бөліп алудың ыңғайы Ғайса пайғамбардың тұсында келіп-ақ тұр еді. Бірақ ол үшін де елім деген ұл, береке-бірлік керек болатын. Өкінішке қарай, ондай бақытты көшпелілердің маңдайына жазбады. Үйсіндер өздеріне қолайлы саяси тоқмейілсуден арылғысы келмеді. Хұндар қатты есеңгіреп қалып еді. Кім мықты болса, соның сойылын соғып, әркімге бір емініп, әркімге бір телініп жүре берді. Қаншама тарихи оқиғалардың салындысына айналған көшпелілер өздерінің ең басты қасиетін жоғалтып алды. Ол «ел» деген ұғым болатын. Мұны Лев Гумилев дәл басып айтып: «Біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы I ғасырда өзара қырқыстың, қастандықтың, қоныс аударудың, тағы да басқа толып жатқан қырсықтардың салдарынан хұндардың ұлттық бірлік туралы ұғымы жойылды. Ұлттық бірлік ең әуелі «халықтың үстінен қарайтын мырзаларға» – жауынгерлерге керек еді, ал қарапайым малшы өз малын бет-бетімен өрбіте бергенінің зияны жоқ болатын. Сондай-ақ көпшілік қауым үшін де күшті үкімет керек-ақ болатын, өйткені олардың қауіпсіздігін солар қамтамасыз ететін. Әрине, сауатсыз бақташылар мен олардың әйелінен мемлекеттік мүддені көздейтін саналылық пен ұлы мақсатты талап етуге біздің құқымыз жоқ. Бірақ та қатардағы хұн өзінің қолынан келгенше еліне көмектесті, ал олардың мүмкіндігі өте аз еді», – деп мәселені екінші жағынан қояды. 

Шындығында да, бір халықтың не бір қолбасшының жеңіліске ұшырауын үнемі соғыс тәсілі мен оның өндірістік мүмкіндігіне қатысты әл-қуатынан іздейміз. Ал ұлттық бірлікті ұмыта береміз. Хань әулетінің көздеген максатының бірі осы емес пе еді? Тіпті олардың өзінің мұршасы болмай жатқан кезде де «жібек құртының сеуіп кеткен ұрығы» өлген жоқ, қайта қоза түсті. Сол құрт ақыры Қоқанның елін кеміріп жеп, ұлы бәйтеректі құлатты. Енді хань әулетінің «жібек құрты жайлап алған» екінші бір тұт ағашы – үйсін күнбилерінің жағдайына тоқталайық. 

 ІІ 

Екіжақты саясат жүргізудің нәтижесінде үйсін күнбилері сыртқы шабуылға ұшырамады. Тек хұндармен арадағы қақтығыстар ғана оларың тыныштығын бұзып отырды. Оңғай бидің өліміне байланысты ұзатылып келе жатып, жол ортадан кері қайтқан қытай ханшасынан кейін ұлы жұртпен андалық үзіліп қалды. Бірақ та сырттай сыйласқанмен де, Орталық мемлекетпен екі ортадағы байланыс әлсіреп, оның жібі үзілуге тақаған тұста тағы да бір Гың Гүң деген елші араласып дәнекерлік жасайды. «Кейінгі ханнамадағы» дерек бойынша: «Гың Гүң үйсіндерге жолдаған хатында хань патшалығының оларға деген мейірімін білдірді, оның ойынша, үлкен күнбиден бастап барлық адам шаттыққа бөленетін көрінеді. Бұған үлкен күнби де иланып, қуанғанынан атақты асыл тұқымды жылқыларын сыйға тартады. Сондай-ақ Шуаң- ди патша тұсында ханшаға төлеуге тиісті қалыңмалды және жасау-жабдықтарды береді. Туған баласын аманатқа жіберуге келіседі. Гың Гүң оларға алтын мен торғын-торқа тарту етіп, кепілге берген баласын алып қайтады». 

Демек, тәуелсіздікке қолы жете тұра тағы да Орталық мемлекеттің иініне көнеді. Егер де кіші күнбимен өштесіп, ағайынның алауыздығына себепкер болғандығын ескермесек, бұл саясаттың пайымдылығына еш күмән келтірмес едік. Алайда ондай бірлікті біздің ата-бабамыздың пешенесіне жазбапты. Қақ жарылған елдің қасіреті мен бірлігінен гөрі торғын мен торқа және алтын шашақ баулы мөр әлдеқайда үлкен биге қымбат көрінген. Дегенмен, өмірдің ағысы жиеншарлардың нағашыларына деген құрметінен күшті екені анық. Жаңа дәуірдің алғашқы ширегінен бастап, үйсіндер қытай ықпалынан мойнын ажыратып, енді көрші мемлекеттердің ішкі ісіне араласа бастайды. Сол кезде қытай өкілі тағы да тұзақ құруға ұмтылады. 78 жылы: «Бань Чау сарайға хат жолдап, әскер сұрайды. Жолдаған хатында ол: Ұзынтати, Жәркен, Қашқар, иұзи, үйсін, қаңлы елдері қайтадан бізге тәуелді болатын болды. Олармен бірге күш құрап, күшәрлықтарды жоюды ойластырудамын», – деп баяндады». 

Жоюдамын! Жоюды ойластырудамьн! Жойдым! Miнe, қытай елшілері мен әскербасыларының шекаралық өңірдегі өкілдерінің сөздік қорындағы ең сүйікті сөздер осылар еді. Бүгін күшәрлықтарға, ертең қаңлыларға, бүрсігүні хұндарға қарсы қол жиып, дегенін орындап отырды. Соның ішінде үйсіннің үлкен күнбиінің әскері міндетті түрде жүрді. Ал кіші күнби кейде қалыс қалса, кейде қандастарын қорғаудан тартынбаған. Үлкенді-кішілі ұлттың кез келгенін құртуға, жоюға арналған жорыққа қатысқан ата-бабамызды ешқашан да ақтауға тырыспаймыз. Өйткені оның барлығы елдің мүддесін емес, жеке бастың, тақтың, байлықтың, жағынудың қамын ойлаған, жағынудан туған жарамсақтық болатын. Өз тарихымызға өзіміз әділ пікірін айтпасақ, онда бүгінгі күнге үлгі бере алмаймыз. Өкініштісі сол, күнбилердің аты-жөні сақталмапты. Кезекті бір өзара қырқыстан кейінгі қытай елшісі орталыққа мынадай ақпарат берді: «Фан Жынды жеңгеннен кейін Бань Чау Күшәраға шабуыл жасауға ұмтылады. Ол үшін үйсіндердің аса қуатты әскери күшін пайдалануды ойлайды. Сөйтіп, сарайға мынадай мазмұнды хат жолдайды: «Үйсін – ірі ел. Олар 100 мың әскер ұстап отыр. Хань У-ди патша оларға ханшаны ұзатқан, ал Шуан-ди патша да олардың әскери күшін пайдаланған болатын. Қазір де оларға елшілер жіберіп, хал сұрасын, жөн білсін, әскери бағытта одақтас болуға болады» деген пікір білдірді. Патша оның бұл ұсынысын мақұл көрді. 83 жылы түтік бектік мансапқа тағайындалған Бань Чанга дабыл мен ту берді. Сүй Ган әскери қолбасылыққа тағайындалды. Оларға жасақбасы етіп Ли Инді қосып берді. Олар үйсін елшісін шығарып салуға аттанды. Үлкен-кіші күнбилерге торғын-торқадан тарту тартылды». 

Иә, бұл хұндардың да, үйсіндердің де шаңырағының шайқалуының басы еді. Кейін исі түркі халқыньң негізін қалаған осынау екі ұлы мемлекет өзінің есею жолында бір-бірінің бағын қатты байлады. Дау мен жанжалдың негізі ел мүддесі ме еді? Жоқ. Сол баяғы тақ пен бақтың тартысы еді. Екеуі де тарих атты құз жартастың жиегіне келіп тұрды. Ал қарапайым халық бұдан бір ғасыр бұрын бір-бірімен араласып, кірігіп кеткен. Хұн елінің аты тарихтан мүлдем өшіп тынатын 90-93 жылдарғы зобалаң туды. Оған бұл елді бір қадам жақындатқан үйсіндерге жаны ашып жүрген Гың Гүңнің сыбайластары еді. Ең басты жау терістіктен келді. 

ІІІ 

Сонымен, Қоқанның – Хуханиенің Орталық мемлекетке басын иіп берген халықтың тағдыры ақыры шешілді. Оған себепкер болған да хұн елінің ішіндегі алауыздық пен күшті билік иесінің жоқтығы еді. Ол бірлестік хұндардың солтүстік қанатының негізінде құрылды. Халха тауының етегінде қалыптасқан бұл одақ айналасын өрттей шалып, берекесі кеткен елді бірінен кейін бірін өзіне қарата бастады. Бұл сыртқы жау емес, сол хұндардың ішінен шыққан жаңа билік шаңырағы еді. Сижиған қолбасы ұйытқан мемлекет болатын. Міне, осы сәнбилер хұн тәңірқұтының тағын таптап, оларды жермен-жексен етті. 90-93 жылдардың арасында хұндар үш мемлекеттің әскерімен соғысты: Қытай әскері, үйсін жасағы және сәнбилердің қолы. Бәрінен де соңғы өз бауырласының қолы қатты батты. Бұл жөнінде «Ғибратнамада» қысқаша ғана қайырып: «Келесі жылы терістіктегі тәңірқұт Гың Гүңден жеңіліп, үйсіндерге қашып кетті. Қорғанның солтүстігі иен қалды. Қалған ел кімге бағынышты боларын білмей дағдарып қалды», – десе, келесі «Оңтүстік хұндар» тарауында: «Ешбір пана таппаған тәңірқұт киізге оранып, үйсін жеріне қашып барды», – деп нақтылай түседі.

Оранған киізі не екен? Көшпелілердің оқ өтпес үшін жамылған құрым киізі ме, жоқ, киіз үйімен қоныс аударғанын айтып отыр ма? Оны нақтылаудың реті енді келе қоймас, сірә. Сәнбиліктерден ойсырай жеңілген хұндар: «Төрт түрлі даму тағдырына ие болған төрт бұтаққа бөлінді. Олардың ішіндегі ең ержүрек, жаугер тобы Қазақстанның кең даласын көктей өтіп, жаңа қоныс – отан іздеп, Еділ мен Жайықтың арасына қарай беттеді. Екінші, неғұрлым қатты шабындыға ұшыраған тобы Тарбағатайға қоныс тепті де, Жетісуды мекендеп, кейін өзінің ерлікке толы жорықтарымен бүкіл Азияны таңғалдырды. Үшінші, ең алғыр тобы өз жерінде қалып, жеңген жауымен қоныстаса-қойындаса өмір сүрді, соның нәтижесінде сәнбидің тілі түріктеніп шыға келді. Ең соңында, төртінші топ Ұлы Қорғанның екі жағына, Шаньсиге, Ордосқа, Алашаньге ірге тепті. Хұндардың дәл осы тобы ұлы хұн мемлекетін қайта құруға қатты құлшынды, жағдайларының аса қиындығына да қараған жоқ... Тек хань әулетінің құлауы ғана оларға сәл- сәл мүмкіндік берді», – дейді Л. Гумилев ғұлама. 

Иә, тағдыр дегенің осы. Бір кезде мұқым Азияны дүр сілкіндірген хұндар осылай ақыры төртке бөлініп тынды. Біз соның алдыңғы үш тобын ғана назарға алып, келесі әңгімемізге көшеміз. Өйткені Ұлы Қорғанның маңындағы хұндардың жаңа мемлекеті дәуірлеп, Орталық мемлекеттің өзін дәргейінде ұстағанымен, олар барған сайын тіл жағынан алыстай береді де, ақыры сол елге сіңіп кетуге бет бұрады. Тамырымыз бір қауымның «ел айырылған» тұсы сол деп анықтама береміз де, хұндардың батыс қанатына қарай ойысамыз. Бұл әфсананы Қоқан – Хухание тәңірқұтының атымен байланыстырғанымыз жарасып тұрмаса да, дәл осы адамның хұн тағдырын екіге бөлуге себепші болғаны анық. Сондықтан да оған пәлендей айып тағылмас деп ойлаймыз. 

Келесі әңгіме үшінші топ, яғни сәнбилер туралы болмақ.

Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор