Тұңғыш қазақ «Әліппесін» шығарған тұлға...
16.03.2021 3697
Биыл қазақтың рухани-мәдени өмірінде ерекше із қалдырған тұлға, қоғам қайраткері Қоңырқожа Қожықовқа 140 жыл.

Осыған орай  С.Сейфуллин атындағы  Қазақ агротехникалық университетінің  оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бауыржан Бердіқожаұлымен  осыбір  беймәлім  тұлға хақында  әңгімелескен  едік.

- Бәуке, Қожықовты зерттеп жүрген жас ғалымсыз ғой. Ол кісінің өмірбаяны мен жүрген жолдары  жайында  бір көсіліп сөйлесеңіз?

- Қоңырқожа Қожықов Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітірген санаулы түлектердің бірі. Түркістан өлкесінде жадиттік қозғалысты ұйымдастырушы, тұңғыш қазақ балаларына арнап әліппе жазған белгілі ұстаз. А.Байтұрсынов пен бірге, 1913 жылы «Қазақ» газетін ұйымдастырушы. «Иллиятия» (Көшпенді) ұйымының төрағасы, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депудаттыққа кандидат, Түркістан (Қоқан) автономиясы үкіметі министрлер кеңесінің жауапты хатшысы болған. Кеңес үкіметі кезіндегі Ташкенттегі Қазақ ағарту институтын негізін қалаушылардың бірі. Ағартушы-ғалым.  Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорын толықтыруға ықпал жасаған адам.

Қоңырқожа Қожықов 1880 жылы Перовск уезінің «Хан ағашы» деген жерде, қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы Қоғалы көл ауылындағы «Қожық» қыстауында дүниеге келген. Зерттеуші-этногроф Тынышбек Дайрабай «Қоңырқожаның нағашылары яғни, әкесі Қожық қожаның зайыбы кіші жүз ханы болған Әбілхайыр ханның ұрпағы Ерім төренің қызы, ал өзінің жолдасы Латифа атақты Лапиндер әулетінен шыққан»  дейді. Ал, Қоңырқожа Қожықовтың арғы тегі сонау орта ғасырда Орта Азиямен қазақ даласына дін таратқан  Қорасан қожадан бастау алады. Қорасаннан – Құрбан,  одан Көшек. Көшектен Әзқожа, одан Алтайбек ахун – Қожық. Қожықтан Қоңырқожа болып өрбиді.  Оның, 1930 жылы ОГПУ тарапынан тұтқынға алынып, сол жылдың 22 сәуірінде тергеушілерге берген жауабында шыққан тегін қазақта, қырғызда, өзбекте, түркіменде емес, қожамын» - деп көрсеткені елаузындағы шежірелік мәліметті нақтылай түседі. Сонымен бірге, Ұлттық қауіпсіздік мұрағатының тергеу ісінде оның ОГПУ басшыларының атына жазған өмірбаянында «үлкен әкесінің Кенесары Қасымұлымен  қызметтес болғаны, кейін Кенесары өлгеннен соң Сыр бойына қоныс аударғаны» баяндалған.  Ол, Ақмешіттегі 4 сыныптық орыс-бұратана мектебін, 1904 жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Ташкентте семинарияда оқып жүріп, саяси жұмыстарға белсене араласқан. Атап-айтқанда, Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарын бірлікке үндеп, жадиттік қозғалыстың көшбасында тұрған И.Гаспринскийдің идеяларына қаныққан. Әсіресе, патша үкіметінің білім беру жүйесін орыстандыру саясатымен ұштастырғанын, әрі түркі-мұсылман халықтарының талап-тілектерін ескермеу бағытындағы ұстанымын өткір сынға алған И.Гаспринскийдің «Русское мусульманство» атты еңбегімен танысқан. Сонда революционер Георгий Вяткинмен танысып, алғаш рет «Искра» газетін оқыған.  Семинарияны бітірген соң, сол жылы күзде Самарқан облысындағы Үргіт деген жердегі ауылға барып мұғалімдік қызметке орналасқан. Сөйтіп ол өмір жолын мұғалімдік соның ішінде жадиттік-ағартушылық қызметтен бастайды.

- Ағартушылық дегеніңізден шығады ғой, осы кісіні ең алғаш қазақ мектептеріне арналған тұңғыш «Әліппе» шығарған адам дейді. Осы сөз қаншалықты рас?

-Дәл солай. Қоңырқожа Қожықов Перовск, Әндіжан қалаларында, Қарнақ қыстағында жәдиттік мектептер ұйымдастырып, 1912 жылы Орынбор қаласында Фатих Каримовтың баспасынан қазақ мектептеріне арналған тұңғыш «Әліппе» шығарған.

 

Бұның өзі Қ.Қожықовтың өз мамандығын сүйген талантты ұстаз болғандығын аңғартады. Сонымен қатар, осы жылы аталған баспадан А.Қасымов, С.Жәңгіровпен бірге «Русие патшалығында Романов нәсілінен хүкіманлық қылған патшалардың тарихлары» атты еңбегі жарық көрді. Сондай-ақ ол  «Түркістан уалаяты» газетіне «Жаяу Қоңыр» деген бүркеншік есіммен бірнеше мақалалар да жазған екен.

Қоңырқожа Қожықұлының қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына тікелей 1905-1907 жылдары Ресейде болған бірінші орыс революциясы әсер еткен. Әсіресе, осы жылдары Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының мүддесін қорғау жолдарын қарастыру мақсатында үш бірдей мұсылман съезі өткізіліп, онда «Ресей мұсылмандары одағының» құрылуы Қоңырқожа Қожықұлына өз ықпалын тигізген. Сол кезде Қ.Қожықов түрік халықтарының бірлігі идеясын жақтаушылардың бірі ретінде Түркістан аудандық күзет бөлімінің қадағалауына алынады.

Оның ОГПУ басшыларына берген өмірбаянында «Столыпин кезінде қазақ жеріне Ресейдің орталық губерниясынан переселендер қайта-қайта үзіліссіз ағалып жатты. Қазақтар өзінің мекендеген жерінен аяусыз тақырға қуылды. Патша үкіметінің қазақ еліне жасаған қанаушылық саясатында ешбір шек болмады. Бұл жағдай әрине маған қатты әсер етіп, жергілікті әкімшілік орындарының үстінен көптеген арыздар мен петицияларды Петербургке қайта-қайта жолдадым. Соған байланысты мені бір уезден екінші уезге ауыстырып отырды. Әкімшілікке қайтсем жағамын деген оймен Романовтардың үй жайына көпшілікпен бірге қазақ тілінде еңбек жаздым. Бұл, әрине, мен үшін масқаралық жұмыс болатын. Себебі, еңбекте қазақ халқының патша үкіметіне бағынуы насихатталған еді. Бірақ мұнымен мен әкімшілік орындарының ықыласын өзіме аудара алмадым» - деп жазады.

1912-1913 жылдардағы Балқан соғысы кезінде патшалық Ресейдің түркі-мұсылман халықтарының зиялылары арасында Осман түріктерінің пайдасына орай қаражат жинауға Түркістан өлкесінің қазақтары да қатысқан. Солардың қатарында Созақ мектебінің ұстазы Е.Қасымов, тілмаш С.Өтегеновтермен бірге, Қарнақтағы орыс-түзем мектебінің оқытушысы Қ.Қожықовта тартылған. 1912 жылы 13 қарашада Түркістан аудандық күзет бөліміне келіп түскен мәліметте олардың жинаған қаражат көлемі 40 мың сомды құраған. Сонымен бірге, осы жылы Қ.Қожықов империя астанасы болған Санк-Петербургте мешіт салу ісіне тікелей араласып, ол Шымкент уезінің Түркістан бөлімшесіндегі жергілікті халықтан қаражат жинастыруда белсенділік танытады. Жалпы империя астанасы Санк-Петербургте мешіт салу туралы идеяны алғаш рет 1881 жылы Орынбор мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі С.Тевкелев тарапынан көтерілген болатын. Идеяны сол кезде император қабылдап, мешіт салу үшін қаладан жер телімі бөлінген еді. Осы мешіттің құрылысы Романовтар әулетінің билікке келуінің 300 жылдығын тойлау қарсаңында аяқталған болатын.

- Қазақтардан Мемлекеттік Думаға депутат сайлау мәселесі бойынша ең алғашқылардың бірі болып осы тұлға бой көрсетті емес пе?

- 1907 жылғы патша үкіметінің «үшінші маусым заңы» бойынша қазақтар Мемлекеттік думаға депутат сайлау құқығынан айырылып, онда өздерінің талап-тіліктерін білдіре алмайтын деңгейге түскен болатын. Міне қазақтардың Мемлекеттік думаға сайлау құқығын қалпына келтіру бағытында ұйымдастырылған іс-шаралардың бел ортасында Қ.Қожықов жүрді. Ол ІІІ Мемлекеттік думаның жұмысы кезінде бұл мәселеге орай мұсылман фракциясына Түркістан халықтары атынан арнайы хат жолдайды. Оның хатында жергілікті халықтың жер, оқу-ағарту және дін мәселелеріне байланысты туындаған жайттар айтыла келіп, осыларды шешуге ықпал етудің бірден-бір жолы қазақтардың Мемлекеттік думаға сайлау құқығын қайтарып беру екендігі көрсетілген. ІV Мемлекеттік думаға сайлау науқаны қарсаңында Қ.Қожықов А.Байтұрсыновпен бірге Мемлекеттік думаға сайлау құқығы сақталып қалған Орынбор губерниясындағы татар халқының өкілдеріне арнайы мәлімдеме жасап, Орынбор өңірі татарлары атынан бір қазақ депутатын сайлау жөнінде өтініш білдірді. «Вакыт» газетінің редакторы Ф.Каримов бұл өтінішті өз газетінде жариялап, барынша қолдау жасайды. Қазақтардың депутаттыққа орын сұраған өтінішін Троицкідегі татарлар қолдап, Ж.Сейдалинге сайлауға түсуге ұсыныс жасайды. Бірақ-та мұндай талпыныс патша үкіметінің отарлық саясаты қарқынды жүргізіліп жатқан кезде нәтиже бермеді. Сонымен қатар, А.Байтұрсынов пен бірге, қазақ тілінде газет шығаруды да  қолға алып, нәтижесінде 1913 жылы «Қазақ» газетінің алғашқы санын жарыққа шығарды. Бірақ газеттің жағдайы қаржының тапшылығына байланысты тұрақсыз болды. Дегенмен Қожықовтың ұсынысымен «Азамат» атты ұйым құрылып, соның көмегімен Қазақ газеті 1918 жылдарға дейін шығып тұрды.

Ал 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Қ.Қожықов, С.Лапинмен бірге Түркістан өлкесінің Ресейден бөлініп, өзінше тәуелсіз мемлекет болғанын қалады. Қожықовтың бұл ойын Түркістан станциясының жандарм басқармасы біліп, Петроградтағы жасырын полициялық бақылау органының нұсқауымен үстінен қылмыстық іс-қозғалып, тергеуге алынды. Ол аталған тергеу ісінен тек 1917 жылғы ақпан төңкерісінен соң біржолата құтылды . Осыдан соң жергілікті халықтың тілі мен дәстүрін жақсы білетін, орысша сауаты бар оны Әндіжан қаласындағы мемлекеттік банктің филиалы өзіне ұсақ кредиттер бойынша инженерлік қызметке шақырып, онда 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін қызмет істейді. Осы қызметті атқара жүріп ол «Голос Туркестана» газетінің редакторы белгілі эсер В.Чайкинмен танысып оның өтініші бойынша газетке ауылдық жерлердің жағдайлары туралы жазып тұрады. Қ.Қожықов 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде патша үкіметінің Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтарды жазалау саясатына ашық қарсылық білдірді. Әсіресе оның ОГПУ басшыларына жазған өмірбаянында «генерал Куропаткинге жазалау отряды мен орыс мұжықтарының мейрімсіз және аюандық іс-әрекеттерін баяндап хат жазғанын, Ташкентте эсер В.Чайкиннің редакторлығымен шығып тұрған «Голос Туркестана» газеті редакцияның ұсынысына қосылып, Түркістанға Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының уәкілдерін шақырып, көтерілістен кейінгі репрессия нәтижесімен танысуды талап еткенін көрсеткен. Осыған байланысты Ташкентке 1916 жылы тамыз-қыркүйек айларында Тевкелеев, Керенский және Шоқаевтар келіп, Чайкиннің үйінде кездесіп, қолындағы бар құжаттарын тапсырғанын»  баяндаған.

- Осы жерде «Иллиятия» (Көшпенді) ұйымы турасында кеңінен айтып өтсеңіз?

- Қоңырқожа Қожықов 1917 жылғы саяси өзгерістер тұсында да қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып, Түркістан өлкесінің жергілікті халқының мүддесін қорғау бағытында ұйымдастырылған іс-шараларға араласқан. Әсіресе, осы жылдың алғашқы айларында орнаған уақытша үкімет Қоңырқожа Қожықовты Әндіжан уезіндегі учаскелік комиссары қызметіне тағайындайды. 1917 жылы 17 маусымда Әндіжан қаласында Ферғана өңіріндегі қазақтар мен қырғыздар бас қосқан жиналыс кезінде «Иллиятия» (Көшпенді) атты ұйым құрылғанда оның төрағасы болып Қоңырқожа Қожықов сайланды. Ұйымның мүшелері қатарында К.Достов, С.Келгенбаев, Б.Мейірбеков секілді жергілікті халық өкілдері кіреген.

Көрнекті тарихшы Сәулебек Рүстемов Қ.Қожықов және түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысы тақырыбындағы зерттеу мақаласында «Уақытша үкімет жағдайында қалыптасқан ахуалға сай Қ.Қожықов төрағалық еткен «Иллиятия» ұйымы Ферғана өңіріндегі жергілікті халықтардың саяси белсенділігін арттыру, тұрғындарды Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына әзірлеу, азық-түлік және жер комитеттеріне өз өкілдерін енгізу арқылы жергілікті халықтың мүддесін қорғау бағытындағы іс-шараларды жүзеге асыруға тырысты» - деп жазды.

Қоңырқожа Қожықов 1917 жылы 2-5 тамыз аралығында Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі қазақтары мен қырғыздарының съезінде «Иллиятия» ұйымының атынан қатысты. Бұл съезге қатысқан 82 өкілдің қатарында С.Асфендияров, М.Тынышбаев, И.Тоқтыбаев, Ә.Кенесарин, С.Қожанов, Е.Қасымов секелді қазақ қайраткерлері болды. Съезде Түркістан өлкесіндегі қазақтар мен қырғыздарды Уақытша үкіметке қолдау көрсетуге шақырған қаулы қабылданды. Бұдан өзге съезде Ресейдің болашақ мемлекеттік құрылысы, жер-су, халық ағарту ісі, сот, дін, баспасөз, Жетісудағы қазақ-қырғыз босқыншылығы, әйел мәселесі, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар белгілеу секілді мәселелер қарастырылды. Құрамында Қ.Қожықов бар делегаттар Түркістан өлкесіне аумақтық автономия берілуін жақтайтындықтарын танытты. Съезд орыс қоныс аударуышыларына деп алынған жерлер, орыс ақсүйектерінің меншіктеп алған жерлері қазақтар мен қырғыздарға тоқтаусыз, тез арада қайтарылсын; қазақтар мен қырғыздарға тоғайлар мен ормандар ішіне мал бағуға рұхсат етілсін; суару жүйелері жеке адамдардың қолынан «земство» қарауына өтсін; орыс қоныс аударуышыларының  Шу мен Сырдария өзендерінің суын тиімсіз қолдануға шектеу қойылсын; қазақтар мен қырғыздарды өлкелік азық-түлік комитеті күнделікті тұтыну заттарымен қамтамасыз етсін; оқу (бастауыш білім алу) жалпыға бірдей міндетті болсын; мектепте балалар ана тілінде оқысын; оқу кітаптары мен баспасөздер «Қазақ»  газеті қолданған емілемен жазылсын; орыс-түзем мектептері жабылсын; олардың орнына ұлттық мектептер ашылсын; өлкедегі қазақтар мен қырғыздардың өз алдына бөлек муфтилігі құрылсын; «Бірлік  туы»газеті қазақтар мен қырғыздарға ортақ басылым болсын; әйелдердің саяси құқығы ер азаматтардың құқығымен теңестірілсін; қалың мал жойылсын; 16 жасқа толмаған қызға және 18 толмаған жігітке некеге тұруға рұхсат етілмесін; өлкедегі қазақтар мен қырғыздардың ұлттық қазынасы құрылсын; Жетісудағы 1916 жылғы көтеріліскезінде Қытайға өтіп кеткен қазақ-қырғыз босқындарына мемлекет көмегі ұйымдастырылсын; елге оралған босқындарға орыс қоныс аударушыларының қысым көрсетуі доғарылсын; босқындарға ұлттық ұйымдар арқылы жылу жиналсын деген қаулылар қабылданды.

Қ.Қожықов 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен І жалпықазақ съезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депудаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Ол сондай-ақ 1917 жылы 26-28 қарашада өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше съезіне қатысты. Түркістан өлкесін автономия деп жариялаған бұл съезд 54 адамнан тұратын Түркістан уақытша кеңесін құрды. Оның құрамында Қ.Қожықовта болды. Түркістан уақытша кеңесі 12 орыннан тұратын Түркістан автономиясының Уақытша үкіметін бекітті. Оның төрағасы және ішкі істер министрі Мұхамеджан Тынышбаев, сыртқы істер минситрі Мұстафа Шоқай, Ішкі істер министрінің орынбасары Әбдрахман Оразбаев, министрлер кеңесінің жауапты хатшысы болып Қоңырқожа Қожықов тағайындалды.

(жалғасы бар)