Дэвид Моссоп: Абайды аударудың формасы аздап ескірген
22.02.2019 1923
Ол орыс тілін үйренгісі келмеген, бірақ тағдырдың жазуымен Совет Одағына келеді

Қазақстан аударма академиясының шақыртуымен аудармашылар үшін қосымша кәсіби білім беруші, аударма бойынша авторлық курс өткізуге доктор Дэвид Моссоп келді.

Анықтама: Доктор Дэвид Джеймс Моссоп – лингвистика магистрі, София университетінің лингвистика мен семантика PhD докторы. Лексикалық семантика теориясы мен ағылшын тілінен сабақ береді. Болгар және орыс тілінен ағылшын тіліне көркем әдебиетті аударатын аудармашы ретінде белгілі. 9 тілді еркін меңгерген (ағылшын, орыс, болгар, француз, македон, түрік, серб, хорват, поляк).

Босқындар ісі жөніндегі БҰҰ-ның Жоғарғы комиссариатында, Болгария Министрлер кеңесінде және басқа да халықаралық ұйымдарда аудармашы болып жұмыс істеген. Корольдік өнер қоғамының, Ұлыбритания авторлар қоғамының, Болгария аудармашылары қоғамының мүшесі.

Доктор Дэвид Джеймс Моссоп NDH порталына эксклюзивті сұқбат берді. Доктор – Қазақстанға алғаш келіп тұрғанымен, ССРО-да біршама уақыт тұрған, өмірлік тәжірибесі бай адам.

– Көп жыл бұрын мен КСРО-да Воронеж университетінің студенті болдым. Бұл үш бас хатшының кезі (күледі) 1984-1986 жж еді, қызық кездер еді. Кеттерингте (Оңтүстік Англия) мектепте оқып жүрген кезде орыс тілін оқиын деген ешбір ниетім болған жоқ. Мен үздік оқушы болдым, әсіресе, француз және латын тілдерінен. Тілдерді керемет оқытушы үйрететін, орыс тіліне жазылуды да сол ұсынды, бұған онша құштар болғаным жоқ (күледі).

Осылайша, 16 жасымнан бастап орыс тілін үйрене бастадым. Ол кезде Ұлыбританияда орыс тілін оқытатын мектептер аз еді, ал 500 университеттің ішінде тек 30-да ғана орыс тілі мен әдебиеті оқытылатын, қазір енді бұдан да аз. Мектептен соң мен орыс тілі мен әдебиетін оқыту бойынша ең жақсы орталық болып саналатын Бристоль университетіне оқуға түстім. Сол жылдары Ұлыбритания мен ССРО арасында халықаралық мәдени бағдарлама болған еді, сол бойынша үздік әрі жақсы студенттерді Совет Одағына жіберетін. 1984 жылы үш студент, олардың ішінде мен де бармын, стипендия алып, ССРО-ға оқуға ұшып кеттік. Осылайша мен Воронеж университетінің «орыс әдебиеті, мәдениеті және тарихы» мамандығына келіп түстім.

– Мұндай ұсынысқа қалай қарадыңыз?

– Ол кезде мен жас едім ғой, небәрі 21 жас ғанамын, маған бәрі өте қызық болатын!

– Сіздердің саяси жауыңыз болған елге келуге қорықпадыңыз ба?

– Мен қорыққан жоқпын, бірақ, анам қорықты. Мен халықаралық бағдарлама қамқорлығында болатынымды, еш проблема болмайтынын білдім. Егер бірдеңе болып қалса, ол жерде Британ Елшілігінің бары көңілге медеу еді. Ресейге кеткенде менің орыс тілінде сөйлейтіндермен ешбір байланысым болған жоқ, бұл бірінші рет еді.

– Кез-келген тілді үйреніп, түсінудің ең үздік тәсілі – тілдік ортаға ену екендігі белгілі.

– Иә, әрине, мен келген бірінші күні, 1-қазанда, жатақханада ешкім жоқ, мен алғашқы болдым. Мен орысша еркін оқи алдым, орысша газет, кітаптар оқитынмын, бірақ сөйлей алмадым. Мен ешкіммен ешқашан орысша сөйлескен емеспін. Көрші бөлмеде біреу қабырғаны тарсылдатып, жөндеп жатыр екен. Ұрған сайын қабырғаның сылағы құлап жатты. Көршіме қалай барам, не деп айтам, бөлмемде сылақтың құлап жатқанын қалай түсіндірем деп ойладым. «Сылақ» деген сөзді де білмейтін едім ол кезде (күледі).

Мен Толстойдың немесе Достоевскийдің пәлсапасын айтып бере алар едім, бірақ сылақты қалай айтатынын білгем жоқ. Міне, сондықтан да, тілді меңгеруде ең маңыздысы – сөйлесу.

– Бұл жағдайдан қалай шықтыңыз?

– Мен көршімнің бөлмесіне кіріп, оны қолынан жетелеп өз бөлмеме апардым да: «Не істегеніңізді қараңыз!» дедім. «Сылақ» сөзін осылай жаттадым.

Мемлекеттер арасында көпір салу кезінде тілді, әдебиет пен мәдениетті білу өте маңызды. 80-ші жылдары «қырғи қабақ соғыс» кезінде осындай көпірлер аса қажет болды. Бірінші кезекте мұндай көпірлер мәдениет пен әдебиет саласында салынып, кейін барып экономикалық және саяси байланыстар жүрді.

Тіпті Қазақстан үшін де  халықаралық байланыстарды қалыптастыру мен ел имиджін көтеру сәтінде ең бастысы – бұл Қазақстанның әдебиет, мәдениет және тарих салаларындағы мәдени көпірлер. Бұл өте маңызды!

– Қазір Қазақстан бұл үрдіске жіті көңіл бөліп отыр. Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанды әлемге алдымен әдебиет, мәдениет, өнер салаларында таныстыру қажет деді. Қазақстан тарихының тамыры тереңнен басталады, ол сонау сақ-скиф дәуірінен бастау алады.

– Мен болгар әдебиетімен, тілімен, мәдениетімен айналысамын. Мен болгар тілін үйрене бастаған кезде Болгарияда бақыланған желінің Орта Азия арқылы өтіп, осы жерде, Қазақстанда аяқталатынын байқадым. Өйткені, түркі мемлекеттерінің, Алтын Орданың тарихы Қазақстанда басталып, келе-келе кеңейіп, Еуропаға, Болгарияға, Венгрияға, Польшаға кетеді. Ел имиджін көтеру үшін тарихшылардың, мәдениеттанушылардың осы сала аясында күштерін жұмылдыруы керек деп Президенттеріңіз дұрыс айтады. Бұл өте маңызды!

– Болгар тілінде славян және түркі тілдерінің тіркесімі байқалады.

– Иә, шынында да. Мен болгар тілін үйрене бастаған кезде, бұл тілде түркі тілі сөздерінің көптігін анықтадым. Бұл тек тілде ғана емес, сонымен қатар мәдениетте, салт-дәстүрінде де көрінеді. Тіпті ұлттық тағамдарында да ұқсастық көп. Бұл мені түрік тілін үйренуге итермеледі. Болгар тілі славян тілі болып саналса да, түрік сөздері қосылған славян тілі. Көптеген сөздері қазақ тіліне де ұқсайды, мысалы болгарша «ат» сөзі қазақша да, түрікше де «ат».

– Түркі тамыры тек болгарларда ғана емес, батыс қыпшақтарының тұяқтары венгрлерде де байқалады, Польшада литвалық татарлар дегендер белгілі.

– Болгарияның тарихы Алтын Ордаға дейін біршама уақыт бұрын басталады. Орта ғасырда Жайық мен Еділ арасында Еділдік Бұлғария деген болған.  

– Қазір немен айналысып жатырсыз?

– Қазір университетте сабақ берем, бірақ көбіне синхрондық аудармамен, көркем аудармамен айналысамын. Ресей Жазушылар одағының жобасы бойынша Александр Лапиннің «Русский крест» топтамасындағы романдарын орыс тілінен ағылшын тіліне аударумен айналыстым. Қазір болгар тіліндегі романды ағылшын тіліне аударып жатырмын. Александр Лапин «Комсомольская правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі болған, қазір Ресейде тұрып, жұмыс істейді. Оның романдарында Қазақстандағы 60-шы жылдардағы ауылдың тарихы ашылады. Бірге тұрып, бірге өскен шешен, орыс, қазақ, неміс, армян және басқа да ұлт оқушыларының тағдыры 60-шы жылдан бастап тәуелсіздік алған 90-шы жылдарға дейін созылады. Алғашқы екі томы басылып шығып, Амазонда сатуға қойылды.

– Көркем аудармамен айналысқан сізге ұнай ма?

– Иә, көркем аудармамен айналысу маған ұнайды. Бұл қиын, өйткені, көркем аудармамен айналысатын адам екі мәдениетті де терең білуі керек. Бастапқы орыс немесе қазақ мәтінің мәдениеті туралы білу керек. Өз тіліңнің мәдениетін біліп, өз тіліңді жоғары дәрежеде білу керексің. Көп жағдайда аудармашылар өз ана тілін ұмытып кетеді де, ана тілінде жазған кезде өздері аударып отырған басқа тілдің құрылымы мен грамматикасы көрініп тұрады. Оларға өз ана тілі мен мәдениетімен тереңірек айналысу керек. Қиын, әрине, бірақ өте қызықты. Кітап болып шыққан өз аудармаңның нәтижесін көргендегі сезімді айтып жеткізу қиын. Адам осы мәдениетті дамытуға өз үлесін қосады.

– Жазып шыққан материалыңызды ақырғы рет тексеріп қараған кезде ол әлі аяқталмаған сияқты болып көрініп, оны басқаша жазу керек сияқты сезім бола ма?

– Үнемі-үнемі. Ирландтық белгілі бір ақын өз поэзиясын ешқашан аяқтамайтындығын, ол оны қалдыратындығын айтқан. Мен кітап аударған кезде, оны бірнеше рет редакциялаймын. Егер мәтінді қайта-қайта қарай берсем, онда мен оны ешқашан өткізбеймін, аударма ешқашан таусылмайды, ол тек жалғаса береді.

– Сіз қазақ әдебиетімен таныссыз ба?

– Мен Абайды оқимын, тіпті оның орыс және ағылшын тіліне аударылған шығармаларын салыстыра да бастадым. Ағылшын тіліне аудармасы бірнеше жыл бұрын жасалғандықтан, формасы аздап ескірген.

Мен аздаған жаттығу жасадым: Абай шығармаларының орысша аудармасын қарап, жаңа аударма жасадым. Оларды салыстыра бастадым. Жалпы алғанда бұрынғы аудармасы жақсы, алайда, уақыт өте келе тілдің өзгеретінін, дамитынын бәріміз де білеміз. Бұл аударма өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарында жасалған, бұл уақыт ішінде тіл өзгерді. Абай өлеңдеріне жаңа аударма жасап, оларды бұрынғы аудармасымен салыстыру өте қызықты болмақ.

– Түпнұсқа қазақ тілінде жазылған, одан орыс тіліне аударылып, орысшадан ағылшыншаға аударылған. Бұдан мағынасы өзгере ме?

– Иә, сөзсіз өзгереді. Ең сапалы нәтижеге қол жеткізу үшін қазіргі уақытта қазақ тілінен тура аудару керек. Бұл үшін қазір жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттерден бастап аудармашыларды дайындау керек. Менің идеямның мәні – қазақ тілінен ағылшын тіліне аударма жасау үшін қазақтілді студенттерді даярлау.

– Ондай студенттер бар ма?

– Білмеймін. Мен интернет арқылы қандай қазақстандық кітаптардың аударылғанын барлаймын. АҚШ-та жүріп аудармамен айналысатын оқытушылардың аудармалары өте жақсы.

– Сіз Қазақстан аударма академиясының шақыртуымен келдіңіз. Мақсатыңыз қандай?

– Ең алдымен ауызша және көркем аударма бойынша тәжірибелік курстар өткізу.  Нәтижесінде, Қазақстанның аударма компаниялары мен Кәсіби аудармашылар қауымдастығындағы қазіргі және болашақтағы серіктестерімізге Қазақстандағы аударма саласын оқыту мен дамыту стратегиясын әзірлеуге көмек беру. Қазақстандағы аударма саласындағы кәсібилікті қалай көтеру туралы өте қызықты әңгімелесу болды.

Бұл үшін аударма саласында жұмыс істейтін барлық аудармашылардың Ұлыбританиядағы сияқты мемлекеттік аккредитациялары болуы керек, ол үшін аудармашылардың кәсіби стандарты мен этикалық кодексін әзірлеу қажет. Ұлыбританияда сот, алқабилер, медициналық аудармашылар бар. Олардың бәрінде лингвистер институты беретін аккредитациясы бар. Бізде бұл, мысалы сот аудармашысына аккредитация беруге өкілетті мемлекеттік институт. Бұл аккредитацияның болуы өте маңызды.

Қолында дәрігердің дипломы бар адам дәрігер болып жұмыс істейді, ал аудармашы үшін филологиялық білімнің болуы аса бір қажеттілік емес. Кейін аудармашы болып жататын техникалық мамандар, дәрігерлер бар. Олар үшін де аккредитация керек. Сондықтан да бұл аударма саласындағы маңызды мәселе болғандықтан, Қазақстанның аударма компаниялары мен Кәсіби аудармашылар қауымдастығы осындай мүмкіндіктерді қарастырса деймін.

– Қазақстандық аудармашыларға қандай үміт артасыз?

– Олар маған үміт артып отырған шығар (күледі). Олар курс жұмысына белсенді араласып, аударма саласында жаңа білім, жаңа дағды алып, шын ықыластарымен жұмыс істесе деймін.

– Рахмет, сізге ынталы әрі қабілетті тыңдаушылар тілеймін.