Тарихи шығарма жазудың ең басты талабы – тарихи шындықтан алыстамау
01.07.2015 3620
Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі айтулы оқиғаларды суреттейтін көркем туындылар көп емес.

Советтік цензураның тұсында атақты жазушы Ілияс Есенберлин тарихи тақырыптағы шығармаларды асқан батылдықпен жазып, мұраға қалдырды. Тарихи туындыларды жазу – шетел әдебиетінде аса қажетті тақырып болмаса да, қазақ әдебиетінің ең бір зәру, керекті дүниесі. Биылғы дүбірлі той қарсаңында жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Думан Рамазанмен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз. 

 

– Думан Әмірғалиұлы, биылғы Қазақ елі Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде атап өтіп жатыр. Дүбірлі той алда. Бұған шығармашылық ой өкілдері әркім өз қалауынша атсалысып, қатысып жатыр. Сіз «Керей – Жәнібек» пьесасын жаздыңыз. Бұл өз қалауыңыз ба, әлде тапсырыспен жазылды ма? 

– Менің хандар тақырыбын шиырлағаныма біраз жылдың жүзі болды. Алғаш Кенесары хан туралы роман жазғым келген. Осыған байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізе бастағанмын. Бірақ ол ойым жүзеге аса қоймады. Қаламгер нені жазам десе де, өз ықтияры емес пе?! Жүрегі нені қалайды, соған қалам тартады. Аяқ астынан драматургиялық шығарма жазуға тура келді. Романым пьесаға айналып шыға келді. Оған еш өкінбеймін. Кенесары мен Абылай хан туралы роман жазу әлі де арманым. Ол ойдан бас тарта қойған жоқпын. Бірақ тап қазір ол туралы кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймын. Бір Құдайға ғана аян. Содан не керек, 2010 жылы Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Кенесары – Күнімжан», ал 2013 жылы «Абылай ханның арманы» атты тарихи драмам сахналанды. Яғни, мен бұл тақырыпқа табиғи жолмен саналы түрде келдім. Өйткені біз өз тарихын ұмыта жаздаған халықпыз. Совет өкіметі кезінде хандарымыздың бәрі қанішер, батырларымыздың бәрі қарақшы деп оқытты. Қаншама ұрпақ осылай тәрбиеленді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл таным-түсініктің көбесі сөгілді, тоңы жібіді. Хандар, билер, батырлар өздерінің лайықты бағаларын ала бастады. Жас ұрпақтың санасына Абылайдың, Кенесарының өнегелі өмірі мен ерлік істерін сіңіру керек болды. Сондай бір тәрбиенің құралы әдебиет екені бәсенеден белгілі. Сондықтан «Керей – Жәнібекті» жазуым өзімнің жанымның қалауы екенін айтқым келеді. Қазақ хандығының қалай құрылғанын жас ұрпақтың зердесіне сахна тілімен жеткізе алсақ, мақсатымыздың орындалғаны деп біліңіз. 

– Драмалық туындылардың өзіндік жазу заңдылықтары бар. Оңай емес. Қазақ хандығының алғашқы құрылу кезеңін, алғышарттарын негіз еткен шығармаңызға кейіпкерлерді қамту ауырлық түсірді ме? Қанша дегенмен қазақ тарихының батыры да, биі де, ханы да, қарашасы да мол болған дәуір ғой. 

 

Керей хан

– Дұрыс айтып отырсың! Драмалық шығарма жазудың өз заңдылықтары бар. Оны білмей, оған бағынбай ештеңе шығара алмайсың. Қазақ хандығының құрылу кезеңі туралы драмалық шығарма жазу оңай емес, әрине. Өнер тілімен сол дәуірдің суретін, кескін-келбетін, тарихи оқиғалар сілемін көрерменнің көз алдына алып келуіңіз керек. Және соның бәрін шынайы жеткізіп, оған сендіре білуіңіз қажет. Егер олай болмаса, бәрі бекер. Міне, осы тұрғыдан алғанда таңдап алған әр кейіпкердің өзіне тән болмыс-бітімі мен іс-әрекетін, соған сай аузынан шыққан әр сөзін өздерінің бойына шақтап, тұлғаларына лайықтап бере білудің өзі қиыннаң қиыны. Мәселен, менің бұл шығармамда Дешті-Қыпшақ ханы Әбілқайырдың, Жәнібек пен Керей сұлтандардың, Асан Қайғының, Қазтуған жыраудың, Қотан тайшының, Ақжол бидің және Қобыланды, Қаптағай, Қарақожа, Бөрібай батырлардың көркем бейнелері бар. Осы дара тұлғалардың бәрін бірдей етіп суреттеп, бәрін бірдей етіп сөйлетуге әсте болмайды. Әрқайсысының өзіне тән болмыс-бітімі, мінез-құлқы, кескін-кейпі, өзіндік орны бар. Ханның өз орны, бидің өз орны, батырдың өз орны, қарашының өз орны бар. Бірі мен бірін шатастыруға тағы болмайды. Сондықтан тарихи оқиғаларды негізге ала отырып, қал-қадірімізше ханға хандық, биге билік, батырға батырлық образ беруге тырыстық. Біз қолымыздан келгенін жасадық, аянып қалғанымыз жоқ. Ендігі сөз – көрермендер мен сыншылардың еншісінде. 

– Драма көркем туынды болса да тарихи шындыққа, фактілерге сүйенеді. Кімдерді зерттедіңіз, қандай тарихи еңбектерді қарадыңыз? Қалай сараптадыңыз? 

– Өте дұрыс айтып отырсың, тарихи шығарма болған соң, тарихи шындықтан ауытқуға әсте болмайды. Атақты тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидан бастап, бүгінгі Берекет Кәрібаев тәріздес ғалымдардың қазақ хандығына байланысты ғылыми еңбектері мен халықтық жыр-дастандардың барлығын сүзіп шықтық. Мақтанғаным емес, біздің назарымыздан тыс қалған дерек-дәйектер жоқ шығар, сірә. Бәрін қарадық, түгел ақтардық десек те болады. Онсыз толымды-толайым шығарма жазу мүмкін емес. Бұндай жауапкершілікті сезінбей, қолға қалам алудың өзі барып тұрған, ақымақтық болар еді. Көбіне көп сол бізге таныс белгілі жайлар баяндалады, бір дерек-дәйектің төңірегінде өрбиді. Шынын айтайыншы, қазіргі жазып жүрген ғалымдардың еңбектерінен аса бір жалт қарататын маңызды жаңалықты кезіктіре алмадым. Ілияс Есенберлин бастаған қаламгерлердің қазақ хандарына байланысты шығармаларын да тағы бір қайтара оқып шықтым. Сонда байқағаным, Ілияс атамыз да тарихи шындықтан онша ауытқи қоймапты, тарихи оқиғалар сілемімен жазып шығыпты. Риза болдым. Бірақ, «Керей – Жәнібекте» «Алмас қылыштағы» оқиғаларды қайталамауға тырыстық, өзімізше өзгеше өрнектеуге күш салдық. 

 

Жәнібек хан

– «Қазақ хандығы – Орта Азияда алғаш құрылған ұлттық мемлекет» деген сөзбен келісесіз бе? 

– Толықтай келісемін. Шындығы сол. Бұны біз мақтан тұтуымыз керек. 

– Қазақ батырларының ең бір мол шоғыры болған дәуірде олардың образдарын қайталамай қалай суреттеуге болады? Бұлай дейтініміз: ауызекі тарихи әңгімелер көп те, мұрағаттық материалдар қат. Осының жолын қалай табасыз? 

– Оның жолын табу онша қиынға соға қоймайды. Менің шығармамда көбінесе Қобыландының көркем бейнесі айшықталады. Ал «Қобыланды батыр» жырының бірнеше нұсқасы бар. Соларды оқып шықсаңыз да, Қобыланды батырдың тұлғасын толық көруге болады. Тарихи деректерде де Қобыланды батыр туралы аз айтылмайды. Қаптағай батыр туралы да, аңыз-әңгімелер мен дерек-дәйектер жеткілікті. Тек іздене білсеңіз, бәрін табуға болады. Ал Асан Қайғының халыққа жайлы қоныс іздеуін, әр өлке туралы айтқан қанатты сөздерін бәріміз бала кезден жаттап өстік емес пе?! Тек соларды орайымен пайдалана білу керек. 

– Қазақ хандығының тарихындағы қандай оқиға сізге қатты әсер етті? Эпизод несімен қызықтырды? 

– Қазақ хандығының құрылуының өзі керемет тарихи оқиға емес пе?! Қазақ халқының дербес мемлекет болып, жеке шаңырақ көтеруінен артық қандай маңызды оқиға болуы мүмкін. Осы бір оқиғаны тереңірек зерттеген сайын, бүге-шігесіне дейін білген сайын керемет бір әсерге бөленемін. Бір жерден екінші жерге қоныс аударып, іргелі мемлекет орнату түгілі, бір қаладан екінші қалаға көшіп көрші! Алдыңнан андағайлап қандай қиындықтар шығар екен. Керей мен Жәнібек сұлтандар бұнымен-де тоқтап қалмай, қырық жыл хандық құрған Әбілқайырдың тұқымдарын тізерлетіп, аз ғана уақыттың ішінде Дешті-Қыпшақтағы билікті өз қолдарына алды. Бұл айтуға ғана оңай. Осыдан кейін-ақ жаңадан құрылған хандық қанатын кеңге жайып, қазақ мемлекеті тарих сахнасына шықты. Өзің айтшы, шынымен де таңқаларлық оқиға емес пе?! Міне, біздің ата-бабаларымыз осындай мықты болған. Мына ұлан-байтақ жер жайдан-жай келген жоқ. Әр қарысында ата-бабаларымыздың төгілген қаны мен аққан тері бар. Біз осы қасиетті жеріміздің қарыстайын жан-тәнімізбен қорғауымыз керек. Ол үшін не керек? Үлгі-өнеге керек! Үлгі-өнеге, міне, біздің даңқты ата-бабаларымыздың ерлік істері. Біз неге кейінгі кездері тарихи шығармалар жазып кеттік. Еріккеннің ермегі дейсіздер ме? Олай ойласаңыздар, қатты қателесесіздер. Жас ұрпақ көрсін, білсін, сезінсін. Елге, жерге, ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімі оянсын, патриоттық рухта тәрбиеленсін! Біздің тарихи шығармалар жазып жүргендегі басты мақсатымыз да – осы. 

– Пьесаны жазу процесі кезінде жұртшылық назарына ілікпеген тың деректер таптыңыз ба? Хандықтың құрылған жылы мен құрылғанға дейінгі уақытты қалай түсіндіріп бересіз? 

– Әрине. Жазған дүниеңде жылт етер жаңалық болмаса, несі қызық?! Шығармама аса қажетті қызық деректер таптым. Өйткені, тарихи шығармада көп нәрсені ойдан қосуға болмайды. Қиялға да иек артудың қажеті шамалы. Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпалармен 1457 жылдың күзінде Шу өңіріне көшіп келген. Ал 1458 жылдың көктемінде Керейді хан сайлаған. Қазақ хандығының құрылу мерзімін 1465 жылдан бастайтындарды түсіне алмаймын. Кейбір тарихшылар қазақ хандығының құрылғанына Қобыланды батырдың Ақжол биді жазым қылғаны немесе кейбір сұлтандардың Әбілқайырдың ұлы Шаһ Будақты өлтіргені себеп болды деген деректерді көлденең тартады. Менің ойымша, бұлар жай ғана қосымша ықпал еткен жай-жапсарлар, негізгі себеп халықтың көшу туралы шешім қабылдап, осындай ұлы қадам жасауына өмірлік маңызы бар жағдаяттардың әбден пісіп-жетілгені. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің ағысы осыған өзі алып келді, бұл бір табиғи заңдылық еді. 

– Шығармашылығыңызды жұртшылыққа насихаттап отыратын қаламгерлердің қатарындасыз. Кенесарының тағдырын арқау етуден басталған драмалық шығармалығыңыз біздің есімізге Ілияс Есенберлинді түсіреді. Бұл кездейсоқ па, әлде мақсатты түрде құрылған жоспар ма? 

– Сәйкестік болар. Алдын ала ешқандай жоспар жасағаным жоқ. Алғаш Астана театры «Кенесары хан туралы пьеса жазып беріңізші!» деп өтініш жасады. Бар жұмысымды тоқтата тұрып, жазып бердім. Содан кейін Абылай хан туралы драматургиялық шығарма жазып беруімді өтінді. Биыл Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай хандықтың негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар туралы пьеса жазып беруімді сұрады. Бұндай тиімді ұсыныстан бас тартатын, ақымақ емеспін ғой! Айтқан уақыттарында жазып, өткіздім. Құдай бұйырса, күзде тұсауы кесілмек. 

– Тарихи драманы жазудағы қиындықтар қандай? Әдебиеттің басқа жанрларымен салыстырмалы түрде қарағанда жеңіл ме? 

– Мені кейінгі кездері бірыңғай тарихи шығармалар жазып кетті деп күстанаушылар да табылып қалып жатыр. Олардың кім екенін және қандай мақсатпен айтатындарын да білемін. Тарихи шығарма жазу оңай деп ойлай ма екен?! Біріншіден, тарихи шындықтан алыстамау керек, екіншіден, сенімді һәм нанымды болуы керек, өтірік қоссаң заматында-ақ білініп қалады. Үшіншіден, тарихи тұлғаларға істемегенін істетіп, айтпағандарын айттырып, қиянат жасауға әсте болмайды. Төртіншіден, әр тарихи тұлғаның көркем бейнесін өзіне лайықтап бере білу керек. Бесіншіден… алтыншыдан… айта берсе, тіл тиегі ағытылып кете береді… Бір сөзбен айтқанда көркемдік шындықтың өзі тарихи шындықтың қазанында қайнауы керек. Әр жанрдың өз ерекшелігі, өз қиындығы бар. Десек те, драматургия – өте күрделі жанр. Сондықтан да әркім батылы барып оның жалынан ұстай бермейді. Ұстағанмен де ол әркімге бір көндіге кететін жанр емес. 

– Ақтарыла айтқан әңгімеңізге рахмет!