Ташкенде басылған қазақтың 9 кітабы туралы...
04.12.2019 1787

ХХ ғасыр басында Қазақ оқығандары ұлт мүддесі жолында топтасып, ұлттық  саяси қозғалыс, соңынан ұлттық партия, ұлттық автономия құруға дейінгі кезеңді басынан кешірді. 1917 жылғы қос төңкерістен кейінгі Түркістан автономиясы мен Алаш автономиясының дербестікке ұмтылған қадамдары ұзаққа бармады. Кеңес үкіметі орнап, Алашорда ұлттық автономиясы таратылған соң Қазақ білімпаздары ұлттың қамы үшін жаппай ұлттық тілде  оқулықтар жазу ісі сен халық ағарту ісіне білім күшін аямады. Олардың бір тобы Мәскеудегі «Күншығыс баспасы», бір бөлімі Орынбордағы «Қазақ Мемлекеттік баспасы» айналасына, тағы бір легі Ташкендегі «Түркістан мемлекет баспасы» төңірегіне топтасты. Олар ана тіліміздегі оқулықтарды дайындауда, шығаруда, аударуда аянып қалмады.

Ташкент баспасынан авторлық кітаптары мен аудармалары, оқулықтар мен жыр жинақтары жарық көргендер арасында: Халел Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Дәулетбек ұлы Ғаббас, Баймақан ұлы Шәкір, Тоқтыбай ұлы Иса, Қожан ұлы Сұлтан-бек, Жәлен ұлы Кәрім, Есбол ұлы Мырзағазы, Рысқұл ұлы Тұрар, Басғара ұлы Жүсіпбек, Дивай ұлы Әбубәкір, Шайқы-слам ұлы Жүсіпбек, Жүсіпбек Аймауытов, Әуез ұлы Мұқтар, Омар ұлы Уалихан, Баймақан ұлы С, Нұрым ұлы Ғаббас, Мамытұлы Ахмет, Иманбай ұлы Рақым, Қапа келіні Сара, Иса Байзақов, Ғалымжан ұлы П, Байтас ұлы Әбдолла, Ысмайыл ұлы Қ, Ғалымажан ұлы П т.б. авторлардың түрлі саладағы  кітаптары кездеседі.

Ташкенттегі  баспадан 1922 жылы Әбубәкір Диваевтың қазақ батырлары туралы жинаған 7 кітабы жарық көрген болса,  Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы үшінші мәрте басылған. 1923 жылы Мағжан Жұмабаевтың «Бастауыш мектеп ана тілі», «Педагогика» оқулықтары мен «Өлеңдер жинағы» шыққан. Халел Досмұхамедовтың 10-нан астам еңбегі мен аудармалары аталмыш баспадан жарық көргені белгілі. 1924 жылы баспа тарапынан серия бойынша әр бірі 10 мың данамен басылған білім кітаптары болған. Ол кітаптар турасында құжаттар: «Бүтін Русия мемлекет баспасының Германия астанасы Берлинде орыс тілінде «Білім басы» деген атақпен басып шығарған кітаптарын Түркістан (енді Орта Азия болып аталады) мемлекет баспасы қазақ, өзбек, түркпен тілдерінде аударып 10 кітап қылып шығарды» - дейді. Ғылым кітаптарын тәржімалағандар:  Халел Досмұхамедов, Байтас ұлы Әбдолла, Ысмайыл ұлы Қ, Есбол ұлы Мырзағазы, Ғалымжан ұлы П, Әуез ұлы Мұқтар сияқты қазақ оқығандары еді. Төменде «Білім басы» саналатын кітаптар туралы сол кездегі газет-журналдарда жарияланған таныстырылымдарды топтастырып назарларыңызға ұсынып отырмыз.

1. Профессор Ю. Вагнер. «Ауа туралы әңгімелер». «Білім басының» бірінші бөлімі. Аударушы Ысмайыл ұлы Қ. –м. Ташкент. 1924 жыл. 77 бет. Бәсі 35 тиін.

«Бұл кітапша «Білім басы кітапханасының» бірінші бөлімі. Ю.Вагнер жазған кітапшалардың ең оңайы осы кітапша. Қазақ баласына ең бір керек кітапша. Бірақ бұл кітапша қазақшаға нашар аударылған...»./«Еңбекші қазақ» газеті. №307, 1925 жыл/.

2. Профессор Ю. Вагнер. «Су туралы әңгімелер». «Білім басының» екінші бөлімі. Аударушы Есбол ұлы М. Ташкент. 1924 жыл. 90 бет. Бәсі 30 тиін.

«Бұл кітапшада қазақ тіліне аударуға ең оңай кітапшаның бірі. Кітапшада жазылған білім жемістері адасқанға айдай керек. Бірақ, қазақшасының жібі түзу емес, жақсы жазылған жері таздың шашындай...».

3. Профессор Ю. Вагнер. «Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелер». «Білім басының» үшінші бөлімі. Аударушы Әуез ұлы Мұқтар. Ташкент. 1924 жыл. 96 бет. Бәсі 40 тиін.

«...бұл кітапта тау жыныстарын жел қағу жәйі, бұл ретте ауаның, судың, желдің әсері, жел қағудан не болатұны, жер үсті өте шабан болса да, бірте-бірте тегістеліп отыратұндығы әдемі жазылған. Одан кейін тас көмір, көмір-алмас, гранит, металдардың жаратылысы баяндалған.

Кітап қазақшаға өте әдемі аударылған... бұл кітапты әр бір хат білетұн қазақ, мұғалім, шәкірттер оқып шығулары керек».

4. Профессор Гейки. «Физикелік жағарапия». «Білім басының» төртінші бөлімі. Аударушы: Байтас ұлы Әбдолла. Ташкент. 1923 жыл. 204 бет. Бәсі 1 сом.

«Адам баласының көріп, естіп, искеп, тыңдап, татып білетұн дүниедегі нәрселер – көрініс физикеге жатады...

Бұл кітапта ана бес күзетші бақылап білетұн табиғат мүшесінің бәрі де қысқаша әдемі жазылған... .

Әбдолла жолдас орыс кітабын қазақшалауға шебер. Кітаптың сөзі хат білетұн қазаққа түсінікті. Бұл кітап мектеп сайын болғаны оң. Мұғалім қолына алып отырып балаларға сабақты әңгіме қылып айтуға жақсы құрал. Хат танитұн қазақ бұл кітапты оқу керек...».

5. Профессор Гейки. «Геологие». «Білім басының» бесінші бөлімі. Аударушы: Ғалымжан ұлы П. Ташкент. 1924 жыл. 231 бет. Бәсі 85 тиін.

«... жерді Иүнан-грек «гео» дейді.» «логие»сі білім дегені, сонымен геологие – жер білімі болады.

Бұл кітапшаның қазақшасы оқушыға түсінікті, беретұн білімі анық. Бұ кітапшаны жақсылап оқып, ішіндегі оңай тәжірибесін өз қолымен істіп көрген жастар жерді әліп-бидей оқиды, жер қызықты болып кетеді. Бұ кітапшаны қолға алып отырып мұғалімдер балаларға сабақ берсе, тауды, даланы, жолды, өзенді кезіп жүріп балаларды жер мен таныстырып баулыса, бұ тәрбиені басынан өткерген жастар, бәйгіге қосатұн аттай, білім бәйгесіне даярланады. Осылардан барып біздің қазақ білімпаздары шығады...».

6. Профессор Ю. Вагнер. «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзелуі туралы әңгімелер». «Білім басының» алтыншы бөлімі. Аударушы Досмұқамбет ұлы Халел. Ташкент. 1924 жыл. 104 бет. Бәсі 45 тиін.

«Біздің қазақ, мектептебіндегі баладан бастап шалына шейін, өзі мен бірге туып, бір өскен өсімдік, жануарлар өмірінен қабарсыз. Өсімдік, жануардың өмірін, бұл өмірдің өзгеріс-құбылысын тексеретұн білім жолын өмір білімі дейді...

Өмір білімі тәмәм білімнің қожасы, қарауыл қарайтұн төбесі, мақсатқа апаратұн ақ қасқа жолы. Өмір білімінен тысқары білім жоқ. Бар болса, шолақ: басқа тартса етекке, аяққа тартса кеудеге жетпейтұн қу көрпе...

Бұл кітаптың қазақшасы артықша түсінікті; бұл түрлі кітаптың алдыңғысы десек күнәлі болмаспыз. Жаңылыс басылғандары бар. Кітаптың кінәсі – осы ақ».

7. Профессор Ю. Вагнер. «Жануарлар туралы әңгімелер». «Білім басының» жетінші бөлімі. Аударушы Байтас ұлы Әбдолла. Ташкент. 1924 жыл. 126 бет. Бәсі 50 тиін.

«Білім – шөпті, малды, адамды бір туысқан деп табады. Бірін де бір зәредей заттан шығарып, өрдіріп жаяды. Адам баласы көбі айналасында бірге жүрген, бірге өмір сүрген шөп болсын, балық болсын, құрт-құмырсқа болсын, затқа терең қарап, тексеріп бойламайды. Күн үшін, тамақ үшін сабылған өмір таласы мұндай ойға орын қоймайды. Көп үшін бұларды білім мергені, білім  шешені тексереді...

Табиғат жылжып-жымиып, өзгеріп тұрады... бұл кітапшада осы жазған бет дәлелденген. Дүние алты күнде жаратылған деген адасқан жол. Дүние қандай, табиғат қандай, соны жақсылап білем десең, осы кітапты оқып қара.

Әбдолла жолдас орыс кітабын қазақшалауға шебер, кітаптың қазақшасы хат білетұн қазаққа түсінікті. Бұл кітапша мектепте, мұғалімде болғаны оң. Мұны оқып алған мұғалім балаларға сабақ берсе, құрал болады. Орыс тілін білмейтұн жастар бұл кітапты оқымаса болмайды. Өзгеріс, құбылыс жолынан тысқары осы күні білім жоқ...».

8. Профессор Ю. Вагнер. «Денеміздің түзелуі мен жұмыс қылуы туралы әңгімелер». «Білім басының» сегізінші бөлімі. Аударушы: Досмұқамбет ұлы Халел. Ташкент. 1924 жыл. 128 бет. Бәсі 75 тиін.

«...біздің қазақ баласы – қой соя білмесе, жылқы етін бұза алмаса кісі санына кірмейді. Осы күнгі зерек ақыл жеңіп тапқан білімде адам да, жануар да бір атаға, бір тұқымға жатады. Малдың денесін ащы ішегіне шейін біздің қазақ баласы білсе де, өз денесіне шорқақ.

Бұ кітапшада қазақтың жақсы тілімен адам денесінің түзелісі жазылған... хат білетұн қазақ бұ кітапшаны алып оқыса, адамның дене құрылысымен танысады. Бұ кітап әсіресе мектепте балаға сабақ беретұн мұғалімге, оқудағы балаларға өте-мөте керек. Мұғалім бұ кітапты қолына алып отырып, балаларға сабақ беруіне өте жақсы құралы деп санауға болады. Бұ кітапты мектеп басы кітапханада сақтаған оң».

9. Профессор Роско. «Химия».

10. Профессор Кудрявский. «Арғы мәдениет». (Ертеде жұрт қалай тіршілік қылған). «Білім басының» оныншы бөлімі. Аударушы Есболұлы Мырзағазы. Ташкент. 1924 жыл. 211 бет. Бәсі 70 тиін.

Қазақ тілін оқу мен білімнің, өндіріс пен ғылым тіліне айналдыру үшін Алаш оқығандары қуғын-сүргінге ұшырағанға дейінгі санаулы ғұмырында өз азаматтық ұстанымдарымен әр салада жанталаса оқулықтар аударды және құрастырып жазды. Жоғарыда айтлған 10 кітап әр қайсысы10 мың тиражбен басылып жалпы 100 мың данамен Алтайдан – Астраханға дейінгі «Ұлы далаға» тараған миллиондаған қазақ тілді оқулықтардың бір бөлшегі ғана. Ұлттық сана мен тілдік тұтастықты қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан Алаш азаматтарының еңбегін дәріптеу мен қолдану аясында осы кітаптарды қайтадан басып, Республиканың әр кітапханалары, оқу орындары мен мектетептерге таратып берсе деген ой айтқымыз келеді. 2017 жылы басталған «100 оқулық» жобасы сияқты ХХ ғасыр басындағы қазақтың алғашқы оқулықатарына да арналған жоба жасалса - бабалар мұрасына құрмет, еңбегіне ізет болар еді...

Абай Мырзағали

Abai.kz