Әріптестік көкжиегі кеңейді
27.05.2019 1377
Жұмыс тобының екінші отырысына Қазақстан тарапынан 9 және Ресей тарапынан 11 адам қатысты

2018 жыл барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты және Ресей Ғылым академиясы Жалпы тарих институты ынтымақтаса отырып, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы тарихшыларының Бірлескен жұмыс тобы форматындағы тұрақты ынтымақтастық алаңын ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарған болатын.

2018 жылы 27 ақпанда Астана қаласында Бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысы өткізілді. Аталған жиын барысында Жұмыс тобының ілгерідегі қызметіне негіз болған, «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы тарихшыларының жұмыс тобы туралы Ережеге» қол қойылды.

Жұмыс тобын құрушылар Ресей Ғылым академиясы «Жалпы тарих институты» Федералды мемлекеттік бюджеттік мекемесі мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Мемлекет тарихы институты» Мемлекеттік мекемесі болып табылады.

Жұмыс тобының Қазақстан тарапынан тең төрағасы - тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры Б.Ғ.Аяған; Ресей тарапынан - тарих ғылымдарының докторы, РАН профессоры, РҒА Жалпы тарих институтының директоры М.А.Липкин.

2019 жылдың 16 мамыры күні Қазақстан мен Ресей тарихшыларының Бірлескен жұмыс тобының жұмыс жоспарына сәйкес Ресей ғылым академиясы Жалпы тарих институтында (Мәскеу қ.) Жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Сондай-ақ 16-17 мамыр күндері «Еуразия жүрегінде: Ресей мен Қазақстан тарих тоғысында» тақырыбындағы бірлескен конференция ұйымдастырылды.

Жұмыс тобының екінші отырысына Қазақстан тарапынан 9 және Ресей тарапынан 11 адам қатысты.

Кездесу барысында Бірлескен жұмыс тобының осы кезеңге дейін атқарған жұмыстары қорытындыланды. Сонымен қатар тараптар түрлі ғылыми-зерттеу және білім орталықтарындағы Ресей мен Қазақстан қарым-қатынастарына қатысты жаңа жарияланымдар мен жобалар турасындағы ақпараттармен алмасты. «Тарих» электронды ғылыми-танымдық журналын бірлесіп шығару тәжірибесі оңды нәтиже бергені де атап өтілді. Аталған журналдың алғашқы саны «Ресей-Қазақстан: тарихтың негізгі кезеңдері» тақырыбымен (16 мамыр күні конференция алаңында ресми таныстырылды) шыққан болатын. Жауапты редакторлары: Липкин Михаил Аркадьевич, Аяған Бүркітбай Ғелманұлы, Котюкова Татьяна Викторовна.

Сондай-ақ осы күндері Б.Ғ.Аяғанның редакциялығымен шыққан ұжымдық монографиялар «Ұлттық тарих көкжиегі» және «Әбілқайыр Шайбан: Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі» кітаптарының таныстырылымы өтті.

ІІ отырыстың жұмысына Ресей тарапынан т.ғ.д., А.О.Чубарян, т.ғ.д., профессор РҒА корреспондент-мүшесі, РМГУ президенті Е.И.Пивовар, танымал профессор-ғалымдар, В.В.Трепавлов, Д.А.Аманжолова, В.В.Амелин, Ю.Почекаев, т.ғ.д., РҒА профессоры, Шығыс мемлекеттік музейі директорының м.а. И.В.Зайцев, РҒА Мұрағаты директорының орынбасары, т.ғ.к. И.Н.Ильина және ғылыми қауымдастықтың басқа да өкілдері қатысты.

Қазақстан тарапынан: Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор З.Е.Қабылдинов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі М.Х.Әбусейітова, Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары, т.ғ.д. Қ.Ш.Әлімғазинов, Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Ж.Н.Мақашев, профессор-ғалымдар С.И.Ковальская (Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ), З.Г.Сақтағанова (Е.Бөкетов ат. ҚарМУ), Е.А.Смағұлов (Ә.Х. Марғұлан ат. Археология институты) және Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, т.ғ.к., доцент Н.С. Лапин қатысты.

Ғалымдар кездесуінде алдағы уақыттағы ғылыми ынтымақтастық, жаңа тақырыптардың әзірленуі, ғылыми әдебиеттермен алмасу мәселелері қарастырылды.

Екінші отырыстың қорытындысы бойынша Жұмыс тобының 2019-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспары қабылданды:

1. 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы тарихы бойынша бірлескен оқу құралын әзірлеу (РФ мен ҚР архивтерінің құжаттары түріндегі қосымшаларымен);

2. Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығына арналған мектеп оқушылары арасында байқау жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу;

3. «Қазақстан және Ресей тарихтың жаңа белесінде» атты ұжымдық монографиясын жазу жобасын әзірлеу және оған материалдар жинақтау.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы тарихшыларының Бірлескен жұмыс тобының төрағалары Атқарылған іс-шаралар құжаттарына қол қойды.

Сонымен қатар 2020 жылдың мамыр-маусым айларында Алматы қаласында Бірлескен жұмыс тобының үшінші отырысын өткізу шешімі қабылданды.

 

Ж.Н. Жақсыгелдинов,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты

Ғылыми-ақпарат бөлімінің кіші ғылыми қызметкері,

тарих мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі