Кей жерін жетілдірсе, «үтірлі жобаны» қолдауға болады
27.10.2017 1961
Әліпбиімізді латын қарпіне көшірейік, бірақ мың өлшеп бір кесейік. Өйткені ол – ұлттың болашағы мен тіліміздің тағдырына қатысты аса нәзік те өзекті мәселе

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен қозғау салынып, қоғамда жаппай талқыланып жатқан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесі – әрісі еліміздің  тағдыры мен болашағына қатысты, берісі  жалпыұлттық өркениетке қатысты өзекті  стратегиялық шара. Сондай-ақ әліпбиді  латын қарпіне көшіру белгілі мағнадан алғанда, бүгінгі уақыт өзі талап етіп отырған қоғамдық прогресс екені де қаперде болу керек. Сондықтан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің қажеттігі туралы әңгіменің басы ашық. Оны жалпы халық толықтай қолдайды һәм қолдап да отыр. Ендігі әңгіме «латын қарпіне қалай көшеміз? Ұлттық төл дыбыстарымызға нұқсан келтірмейтіндей латынша  әліпбиді қалай жасаймыз» деген мәселелер төңірегінде өрістеп отыр.

Бұл ретте бірер айдың алдында негізгі жоба ретінде Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы (әрі қарай – Орталық)  ұсынған нұсқаның ҚР Парламентінде таныстырылғанын білеміз. Аталған нұсқа  қоғамда  біраздан бері жаппай талқыланды.

Жұртқа мәлім болғанындай, аталған нұсқада ұлттық төл дыбыстарымызды негізінен қосәріппен (диграф) беруге тырысқаны белгілі. Ондағы мақсат – компьютер тақтасындағы латын таңбасынан шықпау. Алайда «ң» (ng), «ч» (ch) секілді халықарада да жаппай қалыптасқан бірді-екілі диграф қолданылса, оның еш қиындығы болмас еді. Ал тілдегі сегіз бірдей дыбысты диграфпен беру уақыт өте келе тілді, нақтырақ айтқанда төл дыбыстарымызды бұзуы мүмкін һәм жазуды тым шұбалаңқы жағдайға түсіреді. Жақында бір ІТ маманы латынша бір дыбысты  бір таңбамен таңбалай отырып терілген 1000 беттік мәтінді  Орталық ұсынған жобаға қотарғанда, жаңағы 1000 беттік мәтін 1200 бет болып шыққан. Сонда Қазақ елінде бір жылда қанша бет кітап шығарылады? Мерзімді баспасөзге қанша бет жазба кетеді? Егер қазақ елі үкімет бюджетімен жылына 10 миллион беттік кітап шығарады десек, Орталық ұсынған жоба бойынша ол 12 миллион бет болады деген сөз. Оның үстіне біз латын қарпін бір-екі жыл қолданып тастай салмаймыз ғой... Сонда өмір бойы Қазақ елінің бюджеті және ел азаматтары жыл сайын жаңағы қос әріптен (диграф) туған артық  «2 миллион беттің»  қағазы үшін, оның бояулары үшін, теру ақысы үшін, корректор, редактор ақысы, басу ақысы үшін басы артық шығын тартатын болады.

Сондықтан мен өз басым ұлттық төл дыбыстырымызды латын қаріптерінің асты-үстіне дәйекшелер қойып әліпби жасаудан қашпауымыз керек. Дүние жүзінде, тіпті мынау өркениетті Еуропа елдерінің өзінде  ұлттық төл дыбыстарын латынша қаріптердің асты-үстіне дәйекшілер қойып жазып жүрген елдер аз емес. Бұл – бір. Екіншіден, ең бастысы, диграфтарды ұзақ уақыт қолдану ұлттық төл дыбыстарымыз белгілі деңгейде  өзгеріске ұшыратады. Тіпті кей дыбыстарымыз жойылып кетуі де мүмкін.

Сондықтан, мен өз басым соңғы ұсынылып отырған «үтірлі жобаны» қолдаймын. Дегенмен бұл нұсқаның да ептеп жетілдіруге тиісті тұстары бар. Мәселен, латын әліпбиі бойынша «Y» ол біздің  «Й». Сондай-ақ әлемнің дерлік барлық елдері ол таңбаны «Й» деп оқиды. Ал біз болсақ, орыстар латыншадағы «Y»-ды «Ы» деп оқиды екен деп, сол сарынмен кетіп қалғанбыз. Іс жүзінде орыс тіліндегі «Ы» дыбысы  сол ағылшын тіліндегі  «Y» дыбысына жақын. Осындай-осындай тұстарын қайта қарап, жөнге келтірсе, мына «үтірлі жобаны» қолдауға болады.

Қысқасы, әліпбиімізді латын қарпіне көшірейік, бірақ мың өлшеп бір кесейік. Өйткені ол – ұлттың болашағы мен тіліміздің тағдырына қатысты аса нәзік те өзекті мәселе.

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі, профессор