Қазақ жолға шығатын, той өткізетін және соғым соятын күндерін қалай белгілеген?
22.10.2019 1969

Бұрын қазақ халқы кез келген шаруаны бастағанда алдымен жұлдызға қарап жоспарлап алады екен. Кез келген іс-шараны мезгілін жұлдызбен болжау қағидаға айналған. Оны болжап отыратын арнайы адамдар да болған. Этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, бұрын қазақ аспан денелері мен табиғат құбылыстарын салыстыра бақылау арқылы, күнделікті ауа райын жақсы тани білген. Соның нәтижесінде малға жайлы өріс, халыққа құтты қоныс таба алады екен. "Бұрын қазақта жұлдызға қарап болжам жасайтын арнайы есепшілер болған. Бұрынғы қазақ есепшілерінің қойын дәптері бар екен, онда күннің сәтін, ауа райының өзгерісін, жылдың болжамын жазып жүретін. Олар аспандағы талай жұлдыздың сырын жақсы меңгерген. Оларға жарасымды ат қойып, орын қозғалысын, мезгілін жақсы түсінген", - дейді маман. Сары жұлдыздан қауіптенген Болат Бопайұлың айтуынша, қазақ кез келген бастамаға аспанға қарамай кіріспеген. "Қыстауға қай уақытта көшу, күзеуге бару, қой қырқу, егін салу, күйекті қошқар текеден алу, соғым сою, отау бөлу, енші беру, той жасау, бәйге қосу секілді шаралардың бәрін күннің сәтіне қарап таңдай білген", - дейді ол.

Маманның сөзінше, қазақ өз есебінде Сары жұлдызды ұстанған. "Баяғыда ата-бабамыз Сары жұлдыздың бағытын жақсы білген. Қазақ Сары жұлдыздың аууынан ауа-райы өзгереді, сол жақта кедергі болады, қауіп болады деп қараған. Сондықтан, қазақ халқы жолға шығардан бұрын әуелі Сары жұлдыздың орнын, ауу бағытын жақсы меңгерген. Түнде сапарға шыққанда, мал баққанда, жылқы күзеткенде, жорыққа аттанғанда Сары жұлдыздың бағытын байқаған. Сол Сары жұлдызды маңдайға келтіріп жолға шықпайтын болған. Себебі қазақ халқы бұл жұлдыздан қауіптенген. Тіпті, оны Шайтан жұлдыз, Пері жұлдыз деп те атаған", - дейді ол.

Жұлдыз шығыстан шықса, қыз ұзатылмаған Этнограф Сары жұлдызға қарап түрлі ырымдар жасағанын айтады. "Сары жұлдыз шығыс жақтан туғанда ешкім жолға шықпайды екен. Жалпы, бұл жұлдыз қай жақтан ауса, сол жаққа сапар шекпеген. Ал Сары жұлдыз қақ төбеден шығып тұрса, ауа райы өзгереді деп болжаған. Ал бұл жұлдыз ұясында жасырынып жатса, ойға алған істерінің бәрін кейінге шегеріп, бастамаған екен. Толған ай күні жұлдыз шығыс жақтан шыққанда қыз ұзатпаған жөн деп қараған. Ал жұлдыз жерге жақын жатса, ол күндері егін суармаған дұрыс деп сенген", - дейді ол. Болат Бопайұлының айтуынша, үйлену тойы, ұзату, құдалық секілді шаралардың бәрі де жұлдыздың орналасуына байланысты екен. "Той деген әр адамның бақыты, бағы деп саналады. Сондықтан той күнін белгілемес бұрын қазақ жұлдызға қарап есептеген. Той күні ауа райында өзгеріс болар-болмасын біліп алған. Бұрынғы заманда қыздар алыс жерлерге ұзатылған, құдалыққа барғанда да ұзақ жүруіне тура келген. Сондықтан, жұлдызға қарап, ауа-райының жақсы болуын біліп алуы керек", - дейді этнограф.

tengrinews.kz