Империяны күйреткен күш
28.07.2019 1897
Халықтың басым бөлігі мұсылманданып болды-ау дегенде Едігенің ұрпақтары Шыңғыстың тұқымынан біреуді хан көтеріп, өздері көлеңкеде отырып ел билеу дәстүрінен бас тартты

Алтын Орда, Ноғай, Моғол хандықтарының күйреуіндегі діннің орны

Шыңғыс хан құрған алып империяның бірер ғасырдан соң-ақ ыдырап кетуіне – дін себепші болды. Тарихшылардың бір парасы, осылай дейді. Иә, бәріміз білеміз. Шыңғыс – қандай да бір елді, жерді жаулап алса, ол жұрттың дініне тиіспеген деседі. Мұны қазіргі тілде толеранттылық деп жүрміз. Жиһангер ханның өзі кімге сенді дегенде тарихшылар бірауыздан Тәңірге табынғанын айтады. Тәңір – жалғыз. Ол тумады, тумайды. Жұбайы жоқ деп санаған. Алайда, сол сайыпқыран патшаның ұрпағы, кейін келе сан түрлі діннің мүриді болды. Бірі христианның несториан бағытын ұстанса, бірі мұсылмандықты құп көрді, енді бірі буддист болды. Бірақ, бастапқы жылдары – төрелер қай дінде болсын, олардың сенімі тақ иесі болу-болмауға еш әсері жоқ еді. Бастапқыда осылай еді.

Алайда XIII-XIV ғасырларда, төре тұқымдары енді өздерінің жеке басы тұтынатын сеніміне мемлекеттік мәртебе беруге тырысты. Мысалға, Алтын Орда ханы Өзбек империяның ресми діні Ислам деп жариялады. Тура сол уақытта Шағатай және Иран жеріндегі Ильхандар династиясы да ресми дін ретінде Исламды бекітті. Ал, Шыңғысханның атамекені болған Моңғол өлкесі болса XVI ғасырдың соңына таман, буддизмге басы бүтін өтті.

Бұл құбылысты жақсы һәм жаман деп екіұдай баға беруге болады. Жақсы тұсы – жергілікті халық өзінің ата-бабасының діні Исламның мемлекеттік мәртебеге ие болғаны, билік иесі ханның мұсылман болғанына қатты қуанды. Жаман тұсы – бұдан былай қандай да бір сұлтан  «хан тағын» дәмелі болса, бұрынғыдай тек Шыңғыстың ұрпағы болу аздық етті. Енді, әмірдің діні – билегелі отырған халқының сенімімен бірдей болуы керек еді. Бұқара мұсылман ба, тиісінше тек мұсылман төре ғана патша бола алады! Бітті!

Хан болу үшін мұсылман болуың керек деген талап Шыңғыс ұрпақтарының беделін біршама төмендетті. Осы уаққа дейін, мемлекетті тек төре тұқымы ғана билей алады деген шарт әлсіреп, өзінің ата-тегін Әли сахаба, мұсылман әулиелерінен тарқатып, осындай ұлы шежіренің иелері де хандық билікке таласа алады дейтіндер көбейді.

«Шыңғыс тұқымынан емессің!»

1390 жылдары Алтын Орданың соңғы рет демін аштырған әккі билеуші Тоқтамыс өмірден өтті. Ұлан-ғайыр дала иесіз қалған жоқ. Саясат сахнасына алғыр да ақылды Едіге әмір көтерілді. Бұл кісі Шыңғыс тұқымынан емес еді. Сондықтан да, тура Ақсақ Темір секілді хан титулын иеленуге құқы жоқ-тын. Бірақ, Ұлы Даланы басқарғысы келді. Амалын тапты! Ол Шыңғыс ханның шүпірлеген көп ұрпағының бірінен ойыншық хан жасап, соны билікке әкелді. Сырттай қарасаң, Орданы төре тұқымы билеп отырғандай. Ал шын мәнінде хан жай ғана образ еді. Бүкіл билік, шешім шығару маңғыт әміршісі Едігенің қолында болды.  Халықтан салық жинау, армия жасақтау және әр аудан, ұлысты басқарушы – билерді тағайындау ісі Едігенің ырқында еді.

Алтын Орда билігі тұтастай қолында тұрғанымен, ноғай мырзасы Едіге өзін өле-өлгенше хан жариялай алмады. Себебін білесіз, хан тек Шыңғыстың тұқымынан ғана болуы керек! Бітті! Иә, Едіге әуелде досы, соңыра қас жауы болған Хан Тоқтамыстың қызы Жәнікеге үйленген еді. Хан әулетіне күйеубаланы моңғолдар Гурган дейді. Бірақ, Алтын Орда өлкесінде «Гурган» мәртебесі жай ғана «алтын ұрыққа» жақындау адам екендігіңді ғана әйгілейді, билікке келуге ешқандай басы артық шанс бермейді. Ал, Шағатай ұлысында күйеубалалар таққа таласа алатын. Ал Алтын Орда өңірінде мұндай тәжірие болған жоқ.

1405 жылы Едігенің үлкен ұлы Нұрад-Дин үлкен бір шайқастың үстінде Тоқтамыс ханды өлтіреді. Дала жұртында «ханның басын хан алар» деген аталы сөз бар-ды. Қарасүйектен шыққан мырзаның «алтын ұрық» өкілі ханды өлтіруі қалай деп, бұқара дүрліге бастайды. Осы кезде НұрАд-Дин былай деп мәлімдеме жасайды: «Менің шежірем Тоқтамыстан бір кем емес. Ол ата-тегін Шыңғыстан таратса, менің арғы бабам Баба Түкті Шашты-Әзіз. Ал, ол әулиенің шынжыры Мұхаммед пайғамбардың қайынатасы, мұсылмандардың алғашқы Халифі Абу-Бакрға барып байланады. Енді айтшы? Кімнің шежіресі қастерлі?»

Маңғыт билеушілері өздерінің шығу тегін пайғамбар Мұхаммедке барып тіреп, (әлбетте ойдан құралған шежіре) осы арқылы Чингиздтерден де аяулы, қастерлі көрінуге тырысты. Бірақ, халқың Шыңғыстан гөрі Мұхаммед елшіні ұлықтауы үшін жаппай мұсылман болуы керек емес пе?  Сол үшін Едіге батыр Орда жұртына қолындағы бар ресурсты пайдаланып, исламды насихаттады. Батыс және шығыс жылнамашылары жазады: Едіге империя көлемінде қалаларды көптеп салып, мешіт-медреселерді ашып, үлкен армияға жетеғабыл имам-уағызшыларды жасақтады деп. Азғантай уақыт ішінде Ұлы Далада мұсылман емес тайпа-ру қалмапты.

Халықтың басым бөлігі мұсылманданып болды-ау дегенде Едігенің ұрпақтары Шыңғыстың тұқымынан біреуді хан көтеріп, өздері көлеңкеде отырып ел билеу дәстүрінен бас тартты. Едігенің ұлы Нұраддин әкесіне «Өзіңді хан жарияла немесе өзім хан болам!» деп талап қойған деседі. Бұл жыр-аңыздағы әңгіме ғой. Ноғай билеушілерінің өзіне хан титулын иемдеуі 1537 жылы нақты құжат күйде тіркелген. Сол жылы Саид-Ахмад дейтін би Мәскеу кінәзіне жазған хатында өзі жайлы «я сел «во царево место» деп келтірген. Яғни шежіре бойынша қарасүйек саналатын маңғыт мырзасы өзін хан жариялап тұр. Ноғай биі хан мәртебесімен ғана шектелмей, тек Шыңғыс әулеті ғана иелене алатын басқа да билік лауазымдарын, ханның орнын басар «қалға», «бекляр-бек» секілді мәртебелерді де туыстарына бөліп беріпті. Алайда, Сайд-Ахмед бидің өзін-өзі хан жариялау авантюрасы сәтсіз аяқталды. Даладағы басқа мемлекеттер мойындамады. Ақыр соңында ноғай биі баяғынша, төрелердің әлсіз біреуін хан көтеріп, өзі соның атынан ел билеу тәжірибесіне көшті.

Сайд-Ахмедтің сол заман үшін тым қастерлі атау «хан» мәртебесін өзіне қорықпай қолдануы – Едіге бастап берген «пайғамбар ұрпағы» деген аңыздың әбден халыққа сіңгенін көрсетеді. Енді бұқара алыстағы Шыңғыстан гөрі пайғамбардан шежіре тарқатқан ноғай билеушілерін жақын көре бастады деген сөз ғой.

Не керек, уақыт өткен сайын, ноғай билеушілерінің Дешті-Қыпшақтағы абыройы арта берді. Едігенің ұрпақтарын халық ендігіде жай ғана «би» емес, «ұлы Би», «би Хәзірет» деп атай бастады. Орысшаға аударсаң, великий князь дегенге келіңкірейді. Шежіресінің қастерлі екеніне жұрт көзін әбден жеткізіп, сендірген ноғай әмірлері Қазан хандығын билеуге де дүркін-дүркін ұмтылып отырған.

Бірақ, Едіге ұрпақтары шежіреміз мұсылман әулиелерінен тарайды деп қанша насихаттаса да, хандық титулды біржолата иемдене алмады. Амал жоқ, бұрынғысынша қуыршақ хандарды  тағайындаумен болды. Бұрынғы тәсілге қайта көшу ноғай әмірлеріне екі артықшылық әкелді. Әуелгісі: егер қарасүйек маңғыт өзін хан жариялаған болса, Даладағы басқа хандықтар үшін Ноғай Ордасы бөтен, өгей жүйе болып көрінуші еді! Қазақ, Қырым, Қазан, Астраханды билеп отырған төре тұқымдарының нөмірі бірінші миссиясы – Шыңғыс ханның бұлжымас заңын бұзған Ноғай басшыларын жою болушы еді. Ал, Шыңғыстың ұрпағынан хан көтеріп, соның атынан мемлекетті билеуге қанағат етуі арқылы  ноғайлар көп Орданың бірі болуды жалғастыра берді. Әрі, маңғыт басшыларын басқа чингизидтер ешқандай айып таға алмады. 

Ұлы Далада ноғай мырзалары мұсылман әулиелерінің ұрпағымыз деген аңызы бәрібір хан атағын алып бере алмады. Ал, Даланың шығысында, Шағатай ұлысында бәрі басқаша болды. Мұнда Әлидің, Мұхаммед пайғамбардың ұрпағымын дегендер хан атанып, ел билеп жатты.  

«Қарадан шығып хан болған»

Моғолстан өлкесінде тұратын жұрт, Ұлы Дала көшпенділерінен қарағанда, мұсылмандыққа анағұрлым бет бұрған үммет еді. Бұған себептер көп. Жетісу өңірі – ең алғаш боп, исламды қабылдаған аймақ. Тиісінше, ислам аясында өмір сүру уақыты да көбірек. Одан қалды, Шығыс Түркістанға келген билеушілердің баршасы бұқараны тездетіп мұсылман қылуға жұмыс істеді. Сол тұлғалардың ішінде Тоғлық-Темірді ерекше атап өтуге болады. Ол бұл өңірге хан болуы үшін басқа сұлтандармен тайталасуына тура келді. Қарсылас тек төре тұқымдары ғана болған жоқ. Өңірде сопылық тариқаттардың күші алапат болатын. Әрбір пірдің кемінде 10 мыңдаған мүриді болды. Бір-ақ ауыз сөзбен үлкен аудиторияны ханға айдап салатын немесе қолдайтындай күші бар-ды. Осындай пірлердің қолдауына ие болу үшін тақтан дәмелі сұлтан өзінің діндар екендігін, саналы ғұмырын исламды жаюға жұмсайтынын паш етуі керек болды.  Тоғлық-Темір хан бұқараға да, пірәдарларға осы бағыттан көріне алды.

Ол билігін күшейте түсу үшін түрлі тариқат басшыларымен тіл табысуға тырысты. Мысалға, Нақшбандия ағымының белді өкілі Мұхамед Әмин және Мұхаммед Исхақ-Уәли атты ағайынды екі пірді сонау Бұқар өлкесінен Қашғарға шақырды.  

Осы кезден бастап пірәдарлардың Шығыс Түркістандағы әсері күшейе береді. Тоғлық-Темірден кейін билік еткен Әбді әл-Керім хан тариқаттардың тым қатты күшейіп кеткенін қауіп көріп, Мұхаммед Исхақ-Уәли қожаны қуып жібереді. Қатыгез әмірші өмірден өткен бетте мұрагер Мұхаммед хан әулиені кері Қашғарға шақырып, өзін мүридімін деп жариялайды.

Бұқардан Қашғарға екі қожа-пір келді дедік қой. Мұхаммед Әминнің ұрпағы-үмметі бұл өлкеде «ақтаулық қожалар» деген атау алса, Мұхаммед Исхақ-Уәлидің жақтастары «қаратаулық қожалар» деп аталып кетті. Әлбетте, бұл қос тариқаттың арасы уақыт өте бұзылып, билік үшін бір-бірімен шарпыса бастады. Бұл таласқа жергілікті халық та, сарай хандары да еріксіз араласты. Себебі халықтың бір бөлігі ақтаулық пірдің үмметі, енді бір тарапы қаратаулық әулиенің отары саналды. Хан-сұлтандарда бірі анау тариқаттың, бірі мынау ағымның мүриді еді. Қысқасы, халық екіге бөлініп, бір-бірін талаудың алдында тұрды.

1670 жылдары қаратаулық қожалардың өкілі саналатын Исмаил хан таққа отырды да, ақтаулық қожалардың пірі Хидаяталла мен оның жақтастарына қарсы қуғын-сүргінді бастады. Жұрт арасында «Аппақ Қожа» атымен танымал Хидаяталла өзін елден қуғандарға өштесіп, қалайда Қашғарды өзіне қаратуға барын салды. Қарсыластарынан үстем түсу үшін Аппақ Қожа Будда дінінің басшысы Далай-Ламаның құзырына бір-ақ барды. Мұсылман билеушілерінен аттап өтіп, кәпірдің басшысынан көмек сұрауын халық арасында ақтап алу үшін «Тариқат шариғаттан үстем тұрады» деп салды.

Бір қызығы, Далай Лама сопы әулиені өте жақсы қабылдағаны былай тұрсын, оған билікке қайта келуі үшін әскери көмек беретінін айтты. Сөйтті де, өзінің муриді саналатын жоңғардың әмірі Галдан Бошугту-ханға Аппақ Қожаны елден қуған Исмаил ханды талқандап, Қашғардың билеушісі етіп пірәдарды бекіт деген хат жіберді. 

Солай болды да. 1678 жылы Галдан ханның қалың қолы Қашғар өлкесіне барып кіріп, Исмаил әміршінің сарбаздарын талқандап, өзін Жоңғарияға тұтқын ретінде алып кетті. Босаған таққа Шыңғыс әулетіне еш қатысы жоқ Аппақ Қожаны хан етіп тағайындады.

Әлбетте, Нақшбандия тариқатының пірі Аппақтың хан атағын алуы әлемдегі күллі шыңғыс ұрпағына соққы болды. Хан болу үшін төре болу міндет емес деген месседж күш алды. Бір жағынан, осы заманда төре-сұлтандардың да өзі де, таусылып бітпейтін билікке таласып, халық алдындағы абыройы жерге түсіп кеткен еді. Іздегенге сұраған, осындай хаос кезінде шежіресін Али имамнан бастайтын әулиелер беделсіз сұлтандардан артық көріне бастады.   Ноғай, Ұлы Дала өлкесінде мүмкін болмаған жайт Шығыс Түркістанда жүзеге асты. Шыңғыстың ұрпағына еш қатысы жоқ, бірақ ата-тегін мұсылман әулиелерінен тарқатқан пір, ишандар «хан» атана бастады.

Айдаладағы біреудің «хан» атағын алуына жоңғар әміршісі Галдан-Бошогту мүдделі еді. Себебі өзін жоңғар ханы деп жариялағанымен, Галданның Шыңғыстың тұқымына қатысы жоқ еді. Былайша айтқанда, қалмақ билеушісі – «хан» титулын тек Шыңғысқа байлаған шартты жойғысы келді. Ол қолынан келді де...

Не керек, Аппақ Қожа Қашғарды хан ретінде басқарып қана қоймай, өз ұлдарын мұрагер ретінде тағайындай бастады. Бұл деген сөз расымен «хан» мәртебесі Шыңғыс ханның ұрпағына ғана қатыстылығы жойылды дегенді білдіреді. Аппақ Қожа өмірден өткен соң, билікке баласы Яхья «Қожа-Хан» мәртебесімен келді. Алайда әулиенің балаларының ішінде таққа талас жүріп, қырғын басталды.

Ақтаулық қожалардың династиялық дағдарысын сәтті пайдаланып, Моғолстандағы төрелер билікті өз қолына алмаққа талпынды. Ақбаш атымен танымал шағатай әулетінің соңғы өкілі Яркенд қаласын басып алып, Аппақ қожаның фанаттарын қырып-жойып, таққа отырады. Ақтаулық қожаларға қарсы күш ретінде – бұрын елден қуылған қаратаулық қожаларды пайдаланбақ боп, Даниел-Қожаны шақырады. Алайда соңғы сәтте тағы бір тариқатшыларды елге әкеліп, жағдайды ушықтырып алармын дейді де, Даниел пірге шекарадан кіруге тыйым салады.  

Ақбаш хан үлкен қателіктің бетін қайтарды. Бірақ, ол негізгі кемшілікті түземеп еді. Хан Қашғар өлкесінің астанасы Яркендті қаратсам, күллі өңір билігіме көнеді деп ойлаған. Бірақ, олай болмай шықты. Жергілікті жұрт Яхья Қожаның аман қалған үшінші баласы Ахмад-Қожаны хан көтеріп, өздерін соның муридіміз деп жариялайды. Іле билікте отырған чингизидті құлату үшін қырғыз бен қазақ руларын шақырды. Үлкен соғыс болып, Ақбаш жеңілді. Сөйтіп, Шыңғыстың соңғы тұяғы Қашғар өлкесінен қуылды...

Ата-бабасынан билік үзілмеген, жастайынан ел билеудің қыр-сырын меңгеріп ержететін чингизидтер мемлекет басқару ісінде, кіммен салыстырасаң да, оқ бойы озық еді. Ал, өздерін «хан» жариялаған қожа-әулиелер мемлекетті басқаруда көп қателіктер жіберіп, жағдай ушығып, ел қайтадан төрелерді «сағына» бастады. Сөйтті де, 1695 жылы жергілікті мырза-шонжарлар Қашғарды билеуге қазақ ханы Есімді шақырды. Алайда, хаос кезінде Шығыс Түркістанға келіп, азда болса билік дәмін татқан Даниел пірәдар тақты бергісі келмей, жұртты айдап салып, амал жоқ Есім еліне кетуге мәжбүр болды. Не керек, хан атағын келімсек Даниел Қожа иеленіп, Аппақ Қожаның үрім-бұтағын жоңғарларға ұстап берді. Бірақ, бұл пір-хан жоңғардың ойыншығы болып қалды.

Бірақ, жоңғар әміршілерінң қожа-пірлерді «ойыншық хан» етеміз деген жоспары адыра қала бастады. Мұсылмандану процесі аяқталған қашғарлықтар сол пірәдарларды расымен үмметтің әміршісі көріп, соның билігінің айналасына жиналды. Хан титулы бар әулие-пірлер халыққа рухани әсер етуші ғана емес, бұйрығы қалтқысыз орындалатын монарх, патшаға айналды. 1754 жылы ойраттар сопылық тариқаттардың күш алып кетуінен қорқып, Жахан Қожаны тұтқындайды. Бұл, жоңғарларға қарсы жаппай халықтық көтеріліске себепші болады. Қытаймен соғысып, қайта-қайта жеңіліп жатқан ойраттар үшін Қашғардағы көтеріліс арқаға сұғылған пышақтай болды.

Шығыс Түркістан өлкесінен моңғол-жоңғарлар қуылды. Бірақ, қазыналы жер иесі қалмайды. Қытайлар түрлі интриганы пайдаланып, Қашғарға кіріп алды. «Ақ қожаларды» «Қара қожаларға» айдап салып, билікке бірде анау топтың, енді бірде мынау тобырдың пірін қойып, елдің ішін бүлдірді. Біртұтас Қашқария майда-майда хандықтарға бөлінді. Әр қала-хандықты ақ қожалар, енді біреуін қара қожалар басқарды. Жау көрді. Қытай армиясы келгенде діни дүрдараздықтың кесірінен бір-біріне көмектеспеді.

Не түсіндік?

Ең әуелі: Ноғай мырзаларының тек төре тұқымдарына ғана тиеселі болған «хан» титулын иемеденуге тырысуы – тарихта салдарсыз қалмады!  XVII ғасырда сол ноғайды  XVIII ғасырдан бастап Қазақ жұртын өзіне қаратқан Ресей империясы ендігәрі көшпенділер бір ханның астына бірікпесі үшін «хан», «сұлтан» деген атақты майдалай бастады. Мысалға, кішігірім ру басшыларына, тайпа билеріне «аға сұлтан» атағын таратты. Сөйтті де, халықтың жадынан «сұлтан» ұғымын өшірді. Кенесары атойлап тарих алаңына шыққанда көптеген қарасүйек «аға-сұлтандар» өзінің өтірік билігінен айырылып қалмасы үшін ханға қарсы шықты. Орыстың жазалаушы әскеріне қосылды, жол көрсетті.

Шығыс Түркістан тәмсілі: Қашғар өлкесін Шыңғыс тұқымы билеп тұрғанда, «хан» мәртебесін тек чингизиздтер иеленген уақыттарда Шығыс Түркістан тұтас еді. Қалай шежіресін өтірік құрап, Пайғамбардың ұрпағымын деп жариялаған пірәдарлар билікке келді, солай «хан» мәртебесі деградацияланды. Хан біреу, қалғаны тіреу ұғымы жойылды. Кім көрінген өзін хан жариялай алатын деңгейге дейін құлдырау жүрді. Біртұтас бөлінді. Бөлінгенді бөрі емес, айдаһар жеді бұ жолы...