Күндерек. 26 қараша  - әлем және Қазақстан тарихында
26.11.2024 63

26 қараша  - Григориан жылнамасының 330-күні. Qazaqstan tarihy порталы бұл күні әлем елдерінде қандай айтулы мерекелер өтті, қандай тарихи даталар болғанын айтып өтеді. Сондай-ақ Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді.

 


26 қарашада дүниеге келген танымал тұлғалар

Бисенов Алдаберген – Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік еңбек ері. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Жауынгерлік ерліктері үшін І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Ол 1926 жылы жиырма алтыншы қарашада Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылық жылдарында өтті. Одан кейінгі өмірі Екінші дүниежүзілік соғыс майданында өтті. Елін жаудан қорғап, майдан даласында ерлік көрсетті.  Ұлы бабасы Малай би сыр өңіріне белгілі ел ағасы. Малайдың Ес деген ұлынан үш ұл тарайды. Соның бірі – Бисен. Алдаберген жастай еңбекке араласып, колхозда есепші болып жұмыс атқарады.Кейіннен әскерге шақырылып, Отан алдында борышын майдан даласында атқарады. Жеңіс күнін Германияның атақты Эльба өзені бойындағы Магдебург қаласында қарсы алады. Кейіннен шекара әскерлері қатарында қызмет атқарып, 1951 жылы туған еліне оралады. 1951-1952 жылдары Қызылорда облысы Тереңөзек аудандық байланыс жүйесінде қызмет атқарады. Сол жылы Қызылорда ауылшаруашылық техникумына оқуға қабылданып, техник-механик біліктілігін алып шығады. Оқу бітіріп, туған өлкесі Жалағаштың «Еңбек» ұжымшарында инженер-механик болып жұмыс атқарады. Өндірістен қол үзбей ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларын даярлау курстарын бітіріп, 1960-1962 жылдары Жалағаш ауданы «Жаңаталап» ұжымшарының басқарма төрағасы болады. совхозының директоры болды. 1972 жылдан бастап Тереңөзек ауданына қарасты «Қазақ КСР-ның 50 жылдығы» атындағы яғни қазіргі Нағи Ілиясов атындағы ауылдың директорлығы қызметін атқара бастайды. Ауыл халқының әлеуметтік жағдайының көтерілуіне ат салысады. Кеңшар орталығына жаңа үлгідегі тұрғын үйлер, мәдениет үйі, қонақ үй, сауда орталығы, әкімшілік және халыққа қызмет көрсету орталығы сынды нысандарды салдырады. 

Алдаберген Бисенов  1972 – 1988 жылдары «Қазақстанның 50 жылдығы» шаруашылығын басқарды. Осы жылдар ішінде ауыл еңбеккерлерінің тұрмысын биік деңгейге көтеріп, егіншілік ахуалды жақсарту жолында нәтижелі еңбек еткен. Мемлекет ісіне де белсене араласты. Қазақстан Компартиясының XIV съезіне делегат болып сайланды. Мемлекеттік «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталдыАлдаберген Бисенов өзі басқарған кеңшарларды облыстың озық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қатарына қосты. Оның басшылығымен шаруа қожалығы жыл сайын гектарына орта есеппен 60 центнер күріш жинады. Өнімдер Бүкілодақтық көрмеде ұсынылды. Қажырлы еңбектің арқасында 1988 жылы зейнеткерлікке шығып, 2002 жылы жиырма үшінші маусымда қайтыс болды. . Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамытқан қайраткер Алдаберген Бисенұлның есімі ұмыт қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 3 қазандағы нөмері 1021 қаулысымен туған ауылындағы №38 орта мектепке А. Бисеновтың есімі берілді. Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентіне қайраткердің есімі берілді, туған ауылы Аққұмда ескерткіш мүсіні орнатылды.  

Қабдығали Николаевич Ахметов – мемлекет және қоғам қайраткері, заң саласының қайраткері. «Құрмет» орденінің кавалері. Ол 1946 жылы жиырма алтыншы қарашада Ресейдің Саратов облысы, Дергачев ауданында дүниеге келген. Әке-шешесі қарапайым шаруа қызметкерлері. Қабдығали Ахметов Саратов қаласындағы Заң инситутын тәмамдап, заң саласының маманы біліктілігін алып шығады. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін Қазақстанға келіп, сол уақыттағы Талдықорған облысы Текелі қаласының қалалық прокуратурасына жұмысқа орналасады. Онда табан аудармай 5 жыл жұмыс атқарады. Кейін Текелі қаласы прокуратурасының тергеушісі,  Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының тергеушісі, прокуроры, Маңғыстау және Атырау облыстары прокурорының орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды.  2002-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Батыс Қазақстан облысынан депутаты, Заңнама және құқықтық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі, заңнама және құқықтық мәселелер жөніндегі комитеттің хатшысы болды. Кейіннен еңбек жолын ұстаздық жолға бұрып, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тарих және құқық факультетінің профессоры қызметін атқарды. 

Ермак Бидахметұлы Сәлімов – саяси қайраткер. Астананың 10 жылдығы медалінің иегері. Ол 1957 жылы жиырма алтыншы қарашада Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Шердіаяқ ауылында дүниеге келген. Қазақ саяси техникалық институтын бітіріп, тау инженер-маркшейдері мамандығын иеленген. Кейіннен Қазақ мемлекетік заң академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Ертіс полиметалл комбинатының Березовск кенішінде шахтаның жер асты кен шебері болып бастады. Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының, Зырьян ауданының, Семей қаласының әкімі қызметтерін атқарған.  

Ерлен Тоқтағалиұлы Жангельдин  - қазақстандық ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты. Ол 1959 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Еңбек жолында өзі білім алған оқу орнынан бастап, саяси-экономика факультетінің оқытушысы болды. Советтер Ғылым академиясының Шығыстану институтының аспирантурасында оқыған. Ұлыбританияның Лондон университетінің қаржы магистрі дәрежесін алған. 1998-2004 жылдары «Орталық-Азия ынтымақтастық және даму банкі» ЖАҚ вице-президенті, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, «Процессинг орталығы» ЖАҚ Басқарма төрағасы, «Ұлттық процессинг орталығы» АҚ президенті қызметтерін атқарған. Ғалым Ерлен Тоқтағалиұлы халықаралық экономикалық қатынастар мәселелері бойынша ғылыми мақалалар мен жинақтардың авторы.

26 қараша - Әлемде

26 қараша - Дүниежүзілік ақпарат күні (ағылш. World Information Day). Бұл атаулы күн - қызметі ақпараттық технологиялар мен компьютерге негізделген кәсіп иелерінің мерекесі. 1988 жылы негізі қаланған Халықаралық ақпараттандыру академиясының (ХАА) бастамасымен аталып өтеді. Аталған халықаралық ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік кеңесінде Бас консультативтік мәртебесі бар әлемдегі жалғыз академия. Әлемнің 140-тан астам елінде тіркелген, бірнеше ірі қалаларда штаб-пәтері орналасқан. Ақпараттық қызмет саласына байланысты іргелі және қолданбалы зерттеулер жасаумен айналысады. 1992 жылы жиырма алтыншы қарашада Бірінші Халықаралық ақпараттандыру форумы өтті. Ал атаулы күннің өзі 1994 жылы ЮНЕСКО органдарымен ресми түрде тіркелді. Бүгінгі таңда Дүниежүзілік ақпарат күні әлемнің көптеген елдерінде атап өтіледі. Ақпарат, кең мағынада, кейбір адамдар басқа адамдарға ауызша, жазбаша немесе басқа тәсілмен (мысалы, шартты сигналдар арқылы, техникалық құралдарды қолдану арқылы), сондай — ақ осы ақпаратты беру немесе алу процесінің өзі беретін ақпарат.  Ақпарат әрқашан адамзат өмірінде өте маңызды рөл атқарды. Ал ХХ ғасырдың ортасынан бастап әлеуметтік прогресс пен ғылым мен техниканың қарқынды дамуы нәтижесінде ақпараттың рөлі өлшеусіз өсті. Әлемдегі ақпарат көлемі үнемі артып келеді. Кейбір бағалаулар бойынша, соңғы 30 жылда адамзат алдыңғы үш мыңжылдықтағыдай көп ақпарат жасады. 

Қазіргі уақытта ғаламтор адамдардың өміріне терең еніп, планетаның кез‑келген жерінен жұмыс істеуге, үйренуге, сөйлесуге және ақпарат пен медиа ойын-сауыққа қол жеткізуге мүмкіндік берді. Соңғы жылдардағы әлемдік үрдіс цифрлық технологияларға көшу, жоғары жылдамдықты Интернет пен ұялы байланысты дамыту арқылы телехабарларды жаңғырту жасалып жатыр.  Бұл үрдісті Қазақстан Республикасыда тұрақты түрде ұстаным келеді. Қазақ қоғамын ақпараттандырудың маңызды бағыттарының бірі – адам  өмірінің көптеген салаларында және жалпы қоғамда Интернет-технологияларды дамыту болып табылады.  Ақпарат – қазіргі  әлемдегі басты құндылық. Барлығы әйгілі мессежді біледі: «кім ақпаратқа ие болса, ол әлемге иелік етеді».  Сондай-ақ жаңа медианың қарқыны артып келе жатқан заманда ақпараттың рөліде маңызды болмақ. Бара-бара біздің қоғам цифрлы кезеңге аяқ басады. Ол уақытта ақпараттың әлеуеті, жеткізу жылдамдығы шапшаңдыққа ұласады. Ең бастысы ақпаратты шынайы ала білу, және қорыта алу керек. 

26 қараша – Халықаралық етікшілер күні. Бүл күн аяқ киімді жобалаумен, дайындаумен және тігумен айналысатын шеберлер мен қолөнершілердің, сондай-ақ осы өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлер мен аяқ киімді жөндеу жөніндегі мамандардың кәсіби мерекесі. Жалпы етікші мамандығы – ертеден келе жатқан кәсіптің бірі. Алғашында етікшілер немесе аяқ киім тігушілер аяқ киімнің барлық түрлерін қолмен тігуге мәжбүр болды. Сондықтан олардың кәсібі ең сұранысқа ие мамандықтардың бірі болған. Еуропада Сальваторе Феррагамо, Паскуале Фабрицио сынды әйгілі етікшілер болған. Олар қарапайым етікші болудан бастап, кейіннен аяқ-киім тігетін үлкен зауыттың қожайындарына дейін айналған. Паскуале Фабрицио атақты Мадонна, Анджелина Джоли, Рианна сынды өнер жұлдыздарының аяқ-киімдерін тіккен. Аяқ-киім таңдау – өте маңызды әрі қызықты іс. Себебі, аяқ киім иесі туралы көп ақпарат береді. Әр кез әдемі, ыңғайлы аяқ киім сәнде болған. Аяқ киім шығаратын компаниялар — былғары, ағаш, резеңке, пластик, джут, мата және тағы басқа әртүрлі материалдардан жасалған аяқ киім өнімдерінің алуан түрін шығарады. Қолөнершілердің қолмен аяқ киім жасауы бұл күндері біртіндеп жоғалып, үлкен компанияларға тиесілі болып қалды.  Дегенмен, аяқ киім өндірісіндегі машиналар мен операциялық желілердің артында еңбек адамының күші тұр. Яғни дизайнерлерден бастап, аяқ-киімді сатылымға шығаратын маркетинг мамандарына дейін осы саланы дамытуда. 

«Етікші» сөзі бүгінде сирек кездесетін сөз болса да, көбінесе – «аяқ киім тігуші» немесе «аяқ киім жөндеуші» мамандардың сұранысы артып келеді.  Сондықтан етікшілердің еңбегі барлық уақытта құрметті және сұранысқа ие болып қала береді. 

26 қараша – Абхазияда  Конституция күні. Жыл сайын жиырма алтыншы қарашада Абхазияда конституция күні аталып өтіледі. Бұл күні ел аумағында түрлі мәдени және ағарту іс-шараларын өткізуге орайластырылған мерекелік және демалыс күні болып белгіленеді. 1994 жылғы 26 қарашада Абхазия Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Егеменді, демократиялық, құқықтық мемлекет - Абхазия Республикасының Конституциясын» қабылдады. Сол күні елдің жоғарғы заң шығарушы органының депутаттары Тұңғыш Президент — Владислав Арджинбті сайлады, ол бұған дейін елдің Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болған. Абхазия Конституциясына екі рет — 2014 және 2016 жылдары өзгерістер енгізілді. Абхазия Республикасының Конституциясы (абх. Ал анисна А Ермәнқарра Аконституция) - бұл елдің негізгі заңы, бүкіл мемлекеттің өзегі. Осы негізгі құжаттың 1-бабында:  «Абхазия Республикасы (Апсни) — халықтың еркін өзін-өзі анықтау құқығы бойынша тарихи түрде қалыптасқан егеменді, демократиялық, құқықтық мемлекет» делінген. Абхазия Конституциясы күшті президенттік биліктің құқықтық негізі болып табылады. Сондай-ақ онда ел аумағының тұтастығы мен қол сұғылмаушылығы бекітілген, адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілген, азаматтық бейбітшілік пен келісім бекітілген. Абхазия – Кавказ аймағында Қара Теңіздің шығыс жағалауында, Грузияның солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан ел. Абхазияның құқықтық мәртебесі даулы болып саналады. Дегенмен Абхазияның тәуелсіздігін Қазақстан және көптеген халықаралық мемлекеттер мойындаған жоқ. Олар оны Грузияның аумақтық тұтастығының бөлігі ретінде қарастырады. 

26 қараша – Моңғол Республикасының мемлекеттік мейрамы - Республиканың құрылған күні.  1924 жылғы 26 қарашада  - Моңғол  Халық Республикасы құрылды. Яғни бұл күні Монғолияның Негізгі заңы қабылданды. Моңғолия Ұлы Хуралының (Парламент) 2023 жылғы №64 қаулысымен республиканың жариялануының және бірінші Конституцияның қабылдануының 100 жылдығын мерекелеу көзделген. Осы айтулы датаның басында тұрған тұлғалардың бірі - қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов. Сондай-ақ қандас коминтерн өкілі ел астанасын Ұланбатыр деп атауды ұсынғанда қолдау білдіріп қуаттаған, алғашқы парламентке Монғолиядағы қазақтар атынан өкіл болып барған азамат - Дәуітбай Тауданбекұлы болатын. Жүз жыл бойына Монғолиядағы қазақтар ел парламентінің (Ұлы Құрал) іс-қызметіне үздіксіз белсенді қатысып келеді. Ұлы Құрал басқарма басшысының орынбасары, хатшысы, вице-спикері қатарлы жауапты қызметтерді әр кезде абыроймен атқарған Жәмила Әпселеңқызы, Қашқынбай Мәлікұлы, Зардыхан Қинаятұлы т.б. қазақтардың жолын қазіргі парламенттегі қазақтың төрт жігіті, бір қызы жалғастырып отыр.  Қазақстан Республикасы мен Моңғол Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 22-інде орнатылды. Үстіміздегі жылдың 28-29 қазан аралығында Моңғолия Президенті Ухнаа Хурэлсухтың шақыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға мемлекеттік сапармен барып қайтты. Тараптар Қазақстан Республикасы және Моңғолия арасындағы достық қарым-қатынастар мен саясат, сауда, экономика, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, білім беру, мәдениет және туризм сияқты түрлі салалардағы ынтымақтастықтың кеңеюін, сондай-ақ  өңірлік және халықаралық алаңдар шеңберіндегі ыңтымақтастықты тереңдетуді құптады. Моңғолия жер көлемі бойынша әлемдегі он бес елдің қатарына жататын мемлекеттердің бірі. Онда екі жүз мыңға жуық қазақ тұрады. Оның басым көпшілігі Моңғолияның батыс бөлігіндегі Баян-Өлгей аймағында қоныстанып отыр. Қалғандары Моңғолияның басқа өңірлерінде өмір сүріп отыр. 

26 қараша – Үндістанда Республика күні (хинди-गततत््र, ағылш. Republic Day). Бұл тарихи күн Үндістан Конституциясының қабылдануының  және елдің 1950 жылғы 26 қаңтарда Британдық доминион мәртебесінен республикаға ауысуын атап өтетін Үндістанның ұлттық мерекелерінің бірі.  1949 жылы 26 қарашада – Үндістанның Құрылтай жиналысында елдің конститутциясы қабылданды.  Бірақ 1950 жылы 26 қаңтарда күшіне енді. Үндістан – Оңтүстік Азияда орналасқан халық саны бойынша әлемдегі Қытайдан кейінгі екінші мемлекет. Солтүстігінде Ауғаныстан, Непал, Бутан және Қытаймен, шығысында Бангладешпен, Бирмамен, батысында Пәкістанмен, Оңтүстігінде Үнді мұхитымен шектеседі. Астанасы – Дели қаласы. 1992 жылы жиырма үшінші ақпанда Үндістан мен Қазақстанда арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. 

26 қараша – Дүниежүзілік зәйтүн ағашы күні. 2019 жылы 26 қарашада ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 40-шы сессиясында Дүниежүзілік зәйтүн ағашы күні жарияланды. Сол жылдан бастап зәйтүн ағашы күні өткізіліп келеді.  Зәйтүн ағашы, әсіресе Зәйтүн бұтағы, ерлер мен әйелдердің санасында маңызды орын алады. Ежелгі заманнан бері ол бейбітшілікті, даналықты және үйлесімділікті бейнелейді.  Сондықтан бұл символ тек осы асыл ағаштар өсетін елдер үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі адамдар мен қауымдастықтар үшін маңызды. Дүниежүзілік зәйтүн ағашы күнінде көп нәрсені үйренуге, бөлісуге және атап өтуге болады. Осынау тарихи атаулы күнде  ЮНЕСКО барлығын пікірталастар, конференциялар, семинарлар, мәдени іс-шаралар, презентациялар немесе көрмелер сияқты түрлі іс-шараларға қатысуға шақырады. Зәйтүн – зәйтүндер тұқымдасына жататын мәңгі жасыл көп жылдық ағаш тектес өсімдік. Негізіне тропиктік, субтропиктік аймақтарда өседі. 80-ге жуық түрі бар. Ежелгі заманнан бері адамдар зәйтүн жемістерін жеп, одан зәйтүн майын жасаған. Зәйтүн ағашы емдік май жасау үшін қолданылатын әдемі жемістер береді. Дегенмен, зәйтүн өнімдері жоғары аллергенді тағамдарға жататынын ескерген жөн, сондықтан оларды балалар мен жүкті әйелдерге беру ұсынылмайды. Сондай-ақ, оларды теріс пайдаланбаңыз, әсіресе артық салмағы бар адамдар, өйткені зәйтүн көп мөлшерде тұзбен ашытылады, бұл шамадан тыс тұтынылған кезде ісінуді тудыруы мүмкін. Шикі түрінде зәйтүнді жеуге болмайды. Жемістерде ащы гликозид олеуропин бар. Ащы дәмді кетіру үшін зәйтүндер күшті тұзды ерітіндіге немесе сілтінің әлсіз ерітіндісіне малынған.

26 қараша - Дүниежүзілік тұрақты көлік күні. Тұрақты экономикалық өсуге, әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға және халықаралық ынтымақтастық пен елдер арасындағы сауданы арттыру үшін қауіпсіз, қолжетімді және тұрақты көлік жүйелерінің маңызды рөлін мойындай отырып, Бас Ассамблея 26 қарашаны Дүниежүзілік тұрақты көлік күні деп жариялады. 

Бас Ассамблея сапалы, сенімді және тұрақты инфрақұрылымды дамыту арқылы интеграцияланған интермодальды көлік жүйесін құру арқылы көлік байланысын арттырудағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті, автомобиль жолдарының, жолдардың өзара байланысқан желісін дамытуды оңтайландыру үшін озық тәжірибемен бөлісу, көшелер, темір жолдар, су жолдары, әуе компаниялары, көлік айырбастау/тасымалдау тораптары мен порттары және энергияны, жерді тұтынуды барынша азайту үшін көлік инфрақұрылымын салу мен пайдалануды жеңілдету және басқа ресурстар.